Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Екінші көрініс



Екінші көрініс

Шалдың үйі. Бөрене қабырғаға аңның терісі, бұғының мүйізі қағылған. Мылтық жəне аңшының керек-жарағы ілу- лі тұр. Қалмақ бет, қысық көз шал май шам жағады. Үш жі- гіт темір пеш жақ іргедегі ұзын орындыққа қаз-қатар тізіліп отыр. Үнсіздік. Жалаң аяқ, жалаң бас шал темір пешке отын салып жігіттерге назар аудармайды. Үнсіздікті Аманжан бұ- зады.

 

Р. S. Біз бұдан былай үш жігітті тек басқы бір əрпімен атағанды жөн көрдік.

 

А (жөткірініп). Һ-м. Һ-м... А-а-та! Су бар ма екен бұл үйде, шөлдеп отырғаным...

(Қоңқай шал үндемейді. Қаттырақ). Ата! Оу, ақсақал!

Қ о ң қ а й ша л . Саңырау емеспін, неге айғайлайсың? Үсіп өлейін деп отырып, шөлдесең қар же... есік алдына шығып ал да, көсіп-көсіп асай бер.

 

Тағы да үнсіздік. Шалдың темір пеш үстіне қойған шайы шəугімнің қақпағын селкілдетіп қайнай бастайды. Ыстықта- ған жігіттер сырт киімдерін шешеді. Бақытжан қалғып отыр.

 

Н (шалға). Ата, жол соғып шаршап келіп едік, жатып дем алсақ...

Қ о ң қ а й ша л . Пажалыста.


А (шамдана). Қайда ұйықтаймыз? Жөніңізді айтпайсыз ба? Əлде осылай үндемес ойнап отыра береміз бе?

Қ о ң қ а й ша л . Неменеге кергисің-ей, жігітім. Отыр- ғың келмесе есік, əне, сыртынан жап – жөніңді тап... Менің шөбіме баратындай бұлданасың ғой. Əлде құс төсек салып берейін бе? Жата беріңдер отырған жерлеріңе.

А (Нұржанға сыбырлап). Мынауың бір ит шал ғой. Шал естіп қалады.

Қ о ң қ а й ша л . Не болтай! Осы күніңнен айрылып қа- ларсың.

 

Шал шай құйып, жалғыз өзі іше бастайды.

 

А. Шайға шақырмайсыз ба? Таңертеңнен бері нəр татқан жоқпыз.

Қ о ң қ а й ша л . Əкеңнің үйіне келе жатқан жоқсың, жол азығыңды ала шықпайсың ба?

А. Ер азығы мен бөрі азығы жолда деуші еді атамыз қазақ.

Қ о ң қ а й . Ал, мен... тіпті қазақ емеспін. Жалпы, менің ұлтым жоқ.

А (кекете күліп). Оны өзім де сезіп едім. Н. Қызық, ұлты жоқ адам бола ма екен...

Қ о ң қ а й . Сезсең – сол, шырағым. Егер осы үйге түнеп шыққыларың келсе... кісі басы бес сомнан ақша төлеңдер.

А (ысқырып). Мəссаған безгелдек. Құдайы қонақтан жам- бас ақы алған жаман ырымды қай қазақтан көріп едіңіз?.. Бес сом... Ым...

Қ о ң қ а й (шайды сораптай ішіп). Мен қазақ емеспін, тіпті қазақ болсам да – емеспін қа-з-зақ! Так что, гоните по пять рублей.

Н. Қазақ болмасаңыз да – əйтеуір адамсыз ғой. Шөп əке- луге кетіп бара жатқан біздерде көк тиын болушы ма еді? Қинамаңыз, ақсақал, тұрған бойымыз осы.

А. Қуаласаңызда, құмалақ түспейді біздерден. Өйткені біз таң атқалы ашпыз.


Қ о ң қ а й (Нұржанға). ...Ендеше, аяғыңдағы пима су жаңа екен, соны шешіп бер.

 

Жігіттер таңғала бір-біріне қарайды.

 

А (ысқырып). Мəссаған безгелдек! Ақсақ иттің көңілі ар жақта...

Қ о ң қ а й (шайды қойып, көзі шатынап). Подонок!

Тілің тым-тым ұзын екен, тегінде жартысынан айрылып қалып жүрме.

А (орнынан атып тұрып). Мен саған подонокты көрсе- тейін, қақбас.

Шал да атып тұрып, өзіне ұмтыла бергенде, Аманжанды шықшытынан бір періп құлатады.

 

Н (оянып, аң-таң). Бұл не шу, əкри. Ұйықтатпадыңдар ғой.

 

Шал ілулі тұрған қос ауыз мылтықты алып, жігіттерге ке- зенеді.

 

Қ о ң қ а й . А ну-ка, не двигайтесь с места! Шүріппені басып қалсам, шүрегейдей тыпырлап қаласыңдар. (Нұржан- ға). Шеш пимаңды!

 

Аманжан «əкеңді» деп тағы ұмтыла бергенде, Нұржан иығынан басып тоқтатады.

 

Б (жыламсырап). Ата... тойст, ақсақал, менің пимамды да қоса алсаңыз қайтеді. Тек шыбын жанымызды қалдыра көріңіз...

 

Аяғындағы бірі – ақ, екіншісі – қара пиманы шеше бас- тайды.

 

Қ о ң қ а й . Сенікі... тозған сиырдың сирағына кигізуге де жарамсыз.


Н. Ақсақал, ақылға келсек, қайтеді?

Қ о ң қ а й . Маған ақыл керек жоқ, пима керек.

Н (абыржып). Өзіңіз ойлаңызшы, мына түкірік жерге қа- тып түсетін сар аязда жалаң аяқ трактор айдау мүмкін бе? Бұл дегеніңіз бұрынды-соңды болмаған жазаның жаңа түрі. Қинағанша, атып өлтіре салыңыз. Сіз қызығып отырған пима тіпті де менікі емес.

Қ о ң қ а й (сөзін бөліп) ...Бір үлкен бастықтікі екенін өзім де біліп отырмын. Сендерге мұндай байлық қайдан келсін. Жалаң аяқ қаламын деп қиналма, ескілеуін тауып беремін.

 

Мылтығын оқтаған күйі бұрыштан көнетоз, табандалған пима тауып алып, Нұржанға лақтырады. Нұржан өз пимасын Шалға лақтырады.

 

А (қиқарлана). Енді не аласыз, а-а-сақал?! Қ о ң қ а й . Сенің сағатыңды...

А. Мə! Мынаны аласың. (Қолын шығарады).

Б (безектеп). Бер, бере сал, ойбай, бастан құлақ садақа!

Үйге барған соң өз сағатымды мен берейін саған.

Н. Бере сал.

А. Өй, өңкей ғана су жүрек. (Сағатын шешіп, шалға лақтырады). Итке де темірдің керек болғаны да... (Нұр- жанға) трактордың суын ағызбайық деп айттым бағана. Енді, міне, жалмауыз шалдың тұтқыны болып, аждаһаның алдында көжектей жаутаңдап отырғанымыз. Бұл дегенің – нағыз ляуқұй!

Қ о ң қ а й (мырс етіп). Шырағым, «Ляуқұй» деген сөзді қайдан білесің!

А. Шешем айтып отыратын. Ішкері жақта «ляуқұй» шал тұрушы еді деп...

Қ о ң қ а й (елеңдей). Шешеңнің аты кім? А. Онда сенің шаруаң болмасын.

Қ о ң қ а й (ойлана). Ым... «Ляуқұй шал тұрушы еді», – деп айтқан... Қызық... Дегенмен, мен үйге кіргізбегенімде, баяғыда қиларыңмен қатып қалар едіңдер.

А. Тамақ ішпеген адамда тезек болушы ма еді...


Үнсіздік. Бақытжан əлі қалғып отыр. Нұржан ауыр ойда.

Оның көз алдында Қар қызының бейнесі елестейді.

 

Қ а р қ ы з ы н ы ң д а у с ы :

 

Ыстық күнде жаураған, Мынау қарлы өлкеде Өлігі кімнің қалмаған...

Бұл көрініс біртіндеп жоғалады. Н (шалға). Ата, сіз кімсіз?!

А. Сіз кімсіз, ақсақал?!

Б (оянып). Ол кісі – икс, яғни: «Ол бір жұмбақ адам ғой, оны да ойла», – деп атамзаманда предупреждение жасаған Абай ақсақал.

 

Шал алдына өңгере ұстаған мылтықты қабырғаға қайта іледі. Темір пешке отын тастайды.

 

Қ о ң қ а й . Көріп отыр емессіңдер ме, екі қол, екі аяғым бар, көзім көреді, құлағым жақсы естиді, бəлкім, кісіге ұқсамайтын шығармын.

А. ...Жүрегі ғана жоқ...

Қ о ң қ а й . Жүрек дегеніміз, қол басындай ғана бір кесек ет қой. Шын жүрек ешкімде де болмаған.

А Сондықтан да сандалып, жар басындағы жапалақтай

жападан жалғыз қалады.

Б. Моласындай бақсының...

Қ о ң қ а й . Күшпен ала алмаған соң, қыңыр сөзге ауыс- тыңдар ма? Қызыл тіл бір кезде менің де мініскер атым бол- ған. Орысша араластырып сөйлеген соң, қазақшаға шорқақ деп ойлайсыңдар-ау.

Н. Ендеше...

Қ о ң қ а й (оның сөзін бөліп). ...Ендеше, неге қазақтың ырым-жырымын білмей, қорқытып-үркітіп аяғымыздағы пиманы тартып алдыңыз дегің келеді ғой.


Н (батылдана). Иə, дəл таптыңыз, солай дегім келеді, ақ- сақал.

Қ о ң қ а й (жақтырмай). Осы бір «ақсақал» деген сөзді естісем, төбе шашым тік тұрады. Какой я ақсақал. Ложное уважение. Содан соң, қазіргі заманда: «Адам болғың келсе – адал бол», – деген жаттанды сөз ерғашты болып бітті. Шы- нымды айтайын, осы сөзді естісем – құлағыма қоңыз кірген- дей тітіркенемін. (Көзін ежірейте, қолын сермей). Айтың- даршы, ағайын, адалдық деген не?!

 

Жігіттер ошырыла біріне-бірі қарайды.

 

Б. Адалдық дегеніміз, ақсақал... ой, извените, бұл сөзді сіз ұнатпайды екенсіз ғой. Адалдық дегеніміз. (Желкесін қа- сып ойлана). ...Оқ, таптым. Адалдық дегеніміз, ақсақ... тойст, қарасақал – честный болу.

 

Кішкене қозғалыс. Күлкі.

 

Қ о ң қ а й . Адам болмайтын кісі ғана – адал болады. Со- нан соң өмір бақи запа шегіп, өз адалдығы өзін азаптап өтеді.

А. Рас-ау, əкри...

Н. Чтобы от скорби сердце не страдало В твоей груди,

Ты чье-то сердце от беды сначала

Освободи. (Шалға.) Сонда мына философия соғып отыр- ған сіздің бізге жасаған қысастығыңызды қандай ұғымға сыйдыруға болар еді?

Қ о ң қ а й (сақалын саумалап). Айырбас ұғымына. Дү- ниенің бар үзірі осы заңдылыққа бағынған. Жер жаралып, адамға ақыл, сана кіргелі, айырбас, яки бүгінше айтсақ:

«Ты мне, я тебе» принципінде ғұмыр кешіп келе жатқан жоқ па?..

Аманжан ысқырады. Б. Ол да рас-ау, əкри.


Қ о ң қ а й . Біздің ата-бабаларымыз, тіпті алғашқы қа- уымдық құрылыс, ерте дүние тарихында: «Мен саған бал бе- рем, сен маған балта бер», «астық берсең, жастық берем», – деп таза айырбаспен күн кешті. Кейін келе, тіпті қазірдің өзінде, бар болғаны сол айырбас масқара дамып, жан-жақты жетіліп формасын өзгерткені болмаса, мазмұны сол қалпын- да қалды. Қазіргі мемлекет пен мемлекет арасындағы қа- рым-қатынастың негізі сол – сауда-саттық, бəлкім рухани, тіпті делегаттық, туристік сапар алмасуында жатқан жоқ па? Сайып келгенде, айырбас дегеніміз, – адамзат дамуының бірден-бір қозғаушы күші.

Шал қолын артына ұстап ілгері-кейін теңселіп жүр. А. Сіз нешедесіз, ата?

Қ о ң қ а й ша л (кілт тоқтай). Жетпістің желкесіне

міндік.

 

Аманжан ысқырып жібереді.

 

Б (есінеп). Ол да ғажап емес, əкри. Қазір еркек босанып, есек есеп шығарып отыр десе, таңданудың қажеті жоқ.

Н. Сіз кімсіз, ата?!

 

Үнсіздік. Шал жүрісін тоқтатып, əлдене есіне түскендей далаға шығып кетеді.

 

Б (ұйқылы-ояу маужырап). Бізге тамақ бермей ме, əкри.

А. Атаңның басы! (Бақытжанның созып жіберген аяғын теуіп қалады). Ары тартшы шуаш сасытпай! Тышқан ініне кіре алмай жүріп құйрығына...

Б Ар жағы түсінікті. Таз ашуын тырнадан алады. Жет-

пістегі жетім шалдан жеген жұдырықтың есесін менен ала- йын деп пе едің, əкри.

А. Мен саған «əкриді» көрсетем ляуқұй!

Н. Ей, «əкри» мен «ляуқұй», ырылдаса бергенше, не іс- тейміз, соны ойластырсаңдаршы.


Б. Артты қысқаннан артық айла жоқ.

А. Оу, өңкей ғана су жүрек. Сендермен сергелдеңге түсір- ген, ай құдай... Алжып өлейін деп отырған шалға сойталдай үш жігіттің шамасы жетпеу деген не сұмдық.

Б. Осы күнгі əр шалдың қуаты жүз аттың күшіне тең. Өйт- кені олар мына біздер секілді шыбық тимей шыңқ етер бос белбеу емес, өмір көрігіне суарылған – қатып-семген көнте- рілер. Үндемей отырып-ақ үніңді өшіре қояды.

Аманжан орнынан қарғып тұрып мылтыққа ұмтылады. А. Олай болса, мен ол Қоңқай емес, қыдыр болса да ше-

келіктен көздеп, кепештігін зың еткізіп ұшырып жіберейін.

Б (азарда-безер болып). Сотталамыз, ойбай! Осы күні адамды қойып, аю атсаң да штраф салады.

А. Бұл жерде сот жоқ. Жымын білдірмей сүйегін қарға көміп тастаймыз.

Н. Сабыр түбі – сары алтын деген. Сот – қайда да сот. Се- ніңше, заң дегеніміз қыстың күнгі аю секілді ұйықтап қала ма?

Б (құптап). Соны айтамын-ау. Қайдағы бір қайыршы шал үшін көзіміз көгеріп түрмеде отырсақ... Құрысын, жатқан жыланның құйрығын баса көрме.

А. Бұл бір пиғылы жат, қоғам үшін керексіз адам. Қолқа- сын суырып қолына ұстатсақ, қоғам бізге сыйлық беруге ке- рек. Қасқыр атсаң да, 50 сом сый-сияпаты бар, оның қасында бұл – адам. Адам болғанда да, бақа-шаян емес, нағыз дəу перінің өзі. (Ойлана). Бірақ... өзін бір жерде... қай жерде... білмеймін көрген сияқтымын.

Н. Пиғылы жаттың бəрін ата берсең, адамдарды азайтып аламыз...

Б (таңғала қуанып). Құдайдың құдіреті! Не деген ұқсас- тық. Ей, Нұржан, мен бір ұлы жаңалық аштым, қарашы – Аманжанның сақалы бар деп көз алдыңа елестет те, əдейілеп тұрып қарашы... Айнымаған атамыз...

Н. Қайдағы атамыз?..

Б. Қоңқай атамызды айтамын. Керемет ұқсайды емес пе.


Н. Расында да... Сойып қаптап қойғандай.

 

Бұлқан-талқан ашуланған Аманжан мылтықты екеуіне кезейді.

 

А. Оттапсыңдар! Егер ондай ұсақ-түйек ұқсастықтың бə- рін жіпке тізе берсек, онда сен, ей ляуқұй (Бақытжанға). Сен... сен... Упрайға, яғни бөлімше басқарушысының аузы- нан түсе қалғандайсың...

Б (көзіне жас ала ызаланып). Кім? М-ен бе? Тапқан екенсің. Мені таптырған адамды!

 

Екеуі бір-біріне ұмтыла бергенде, Нұржан айырып жібе- реді.

 

Н. Жетті! Балапан əтеш құсап боларға да, болмасқа да қо- қиланып, екі қанаттарыңды сабалап шыға келесіңдер ғой. Кім-кімге ұқсап, кім-кімнің баласы болмай жатыр. Мынау жалғанда. Өттерің жарылып кетсе де айтайын: үшеуімізде де шикілік бар. Бұл шикілік соғыс жылы, соғыстан кейін ту- ғандардың бəрінде бар. Айтыңдаршы, əкеміз соғысқа қай жылы кетті?

А-Б (жарыса жауап беріп). 1942... жылдың күзінде.

Н. Өте жақсы. Ал, енді біздер дүниеге қашан келдік? (Екеуі ұяла ойланып қалады). Ə, үндемейсіңдер ме? Олай болса, мен айтайын сендерге, мың да тоғыз жүз қырық ал- тыншы жылдың күзінде... Келіпсіз осынау дүниеге... Өлім мен өмірдің ортасында отырғандаймыз ғой, қане, ағымыздан жарылайықшы, сонда біз əкелеріміз соғысқа аттанған соңғы үш-төрт жылда қайда жүрдік?...

Б. Сендерді білмеймін, өзім əкемді алып кеткенде іште қалғанмын... шешем солай деген...

А (қарқ етіп күліп). Ляуқұйым, төрт жыл шешеңнің ішін- де жатқан екенсің ғой...

Н. Ал, енді, осыған... осы трагедияға біз айыптымыз ба, жоқ болмаса қандайда бір əрекетпен бізді жарық дүниеге əкелген анамызды кінəлар ма едік... (Сұрлана дірілдеп). Жоқ,


жарқыным, соғыс кезінде немесе соғыстан соң туғандар бір- біріне ұқсап жатса да, біздер кінəлі емеспіз, ендеше ешбір қорланудың да, ұялудың да қажеті жоқ. Əлбетте, жаныңа ба- тып, шамыңа тиер, соның есесіне біз заманымыздың заңды перзенттеріміз.

А. Ұрлықтан болса да, ұрпақ қалды деші...

 

Осы кезде Шал кіреді. Құшақтаған отыны бар. Аманжан мылтытығын көздеп тұр.

 

Қ о ң қ а й . Оғы жоқ мылтықты оқтанып қайтесің. Егер мені шын атып өлтіргің келсе, мə, патрон. Оқтап ал. (Шал ұзын ақ көйлегінің етегін көтереді де, ышқырына шандыған белбеу-оқшантайдан патрон алып лақтырады). Əй, сенен ондай ерлік шықпас. Мені көздеп тұрып, анау өз жолдаста- рыңа тигізіп аласың ба деп қорқамын.

А. Сен секілді адам атып үйренбесем де, аң атып көрейін.

(Қос ауыз мылтыққа патрон салып, шалды ұзақ көздей- ді. Қоңқай елең құрлы көрмейді. Нұржан мен Бақытжан за- резеп). Ей, су жүрек сұр көжектер, егер орындарыңнан қоз- ғалсаңдар, анау шалмен арғы дүниеге бірге аттанасыңдар.

 

Екі жігіт, шынымен сасқалақтайды.

 

Қ о ң қ а й (мысқылдап). Ең алдымен қоян атып үйренсең еді, ұлым.

Б (жалынып). Ерегестірмеңізші, ата, ашуланып атып жі- берер, мінезі шатақ еді...

 

Шал қаперсіз трубкасына темекі толтырып, жайбарақат отыр.

 

Н (тістеніп). Ойлан, Аманжан, ойлан. Адам ату оңай емес.

А (долданып). Азамат соғысында, Ұлы Отан соғысында бір-бірін қалай атты? Немене, сонда ондай ерлік біздің қол- дан келмей ме екен? (Шалды ұзақ көздейді. Бірақ қолы қал-


тырап шүріппені баса алмайды. Сонсоң мылтықты нардың үстіне лақтырып жібереді). Осы қақбас шал маған өте та- ныс адам секілді. Бір жерден көрген кісім... тіпті туысым секілді, жүрегім дауаламайды, батылым бармайды... Неге?! (Тісін қайрап, өз тізесін өзі ұрады).

Н (шалға). Сіз кімсіз, ата?!

Шал трубкасын саспай сорып отыр. Қ о ң қ а й . Мен Қоңқаймын.

Н. Аты аңызға айналған қырсық шал осыдан отыз жыл бұрын жер жастанбап па еді...

Қ о ң қ а й . Ол – үлкен Қоңқай, ал мен – Кіші Қоңқаймын.

Біздің ұрпақ ешқашан құрымақ емес.

Н. Үлкенінен тұқым қалған жоқ. Өмір бақи жападан жал- ғыз өтті деп естігенмін...

Қ о ң қ а й . Қоңқайлар ұлын жасырып өсіреді. Өйткені ұлы қахан Шыңғысханнан қалған ендігі тұяқ – біздерміз.

А. Сенің қубас болып, баласыз қара басың қалғаны қан- дай абырой болған.

Қ о ң қ а й . Оны уақыт көрсетер... Айыртаудың екі өрке- шін – Ата Қоңқай, Бала Қоңқай деп атайды бұл жақтың елі... Иə, шырақтарым, солай. Текті тұқымынан қалған бір мұң- лықпыз... Өзім де қара жаяу емеспін: көзім ашық, көкірегім ояу. (Орнынан тұрып барып, транзисторды іске қосады). Латынша, арабша, бүгінше хат танитын қауқарым бар. Сол іспетті қалмақ, орыс, қазақ, қытай, моңғол, тіпті кержақ тілін бес саусағымдай білемін десем де болар... адасқанды жолға, алжасқанды жөнге саламын...

А (ысқырып). Ой-бой... атом ғасырының абызы қайда қаңғып жүр десем...

Н (досының сөзін бөліп). Тұра тұршы-ей, лаға бермей. (Шалға). Ақсақал, дүниенің төрт бұрышында не болып жат- қанын біле, сезе отырып, осыншалық саяқ, оңаша тірлік ке- шуіңізге не жорық?..

Қ о ң қ а й . Өйткені мен адамдарды иттің етінен ары жек көремін.


Н. Неге? Себеп?

Қ о ң қ а й . Өйткені мен (сөніп қалған трубканы қайта тұтатып), өйткені мен... Өзімді-өзім жек көремін.

Б (есінеп). Ондай болса, өліп қалу керек қой... Н. Түсінбедім.

Қ о ң қ а й . Өзімді-өзім жек көрмесем, жапан дүз, өлі тау- лардың тұтқыны болып, өз-өзімді жазаламас та едім. Бұл жа- заның ең ауыр түрі. Бұл – екінің бірінің қолынан келер ерлік емес.

Н (таңдана). Қызық. Сіздің сөз саптауыңыз бен ойлары- ңыз – жасыңызға сəйкес келмейді, қарама-қайшы, жетпісте емес, отызда секілдісіз.

 

Шал əр толқынды бір ұсгап əуреленіп отырған транзис- торды бұрышқа апарып қояды.

 

Қ о ң қ а й . Оған несіне таңданасың. Мен... сендерге тү- сінікті тілде сөйлеп отырмын. Егер өзіммен замандас біреу келсе, мақалдап-мəтелдеп, желдей есу қолдан келер. (Аман- жанға). Сен неғып əкең өліп, шешең байға тиіп кеткендей тұлан тұтып отырсың?.. Сенің жүзің де маған өте таныс.

А. Сені қалай өлтірудің амалын ойлап отырмын. Сонда ғана жер бетінен Қоңқайлардың түтіні мүлдем өшіп, тынар еді.

Қ о ң қ а й (мырс етіп). Ойыңды ашық айтқаның, сен ту- ралы пікірімді өзгертейін деді. Көзіңнің түбінде жылтылда- ған от бар – маған өте таныс от (Ойлана трубкасын қаққы- лап). Жоқ! Ұлы Қоңқай жаққан от ешқашан да сөнбек емес! Ол – ұлы қахан Шыңғысхан жаққан от! Білгілерің келсе, Қоңқай жер шарының түкпір-түкпірінде, Қоңқай... əркімнің қарақан басында! Тек қана жасырады, əшкерелегісі келмей- ді. (Түтігіп). Қоңқай дегеніміз мына – Сен (Н-ға), мына – Сен (А-ға), мына – Сен (Б-ға)!! Ауыздарыңнан ана сүті кет- пей ақсақалмен алысасыңдар! Елу жыл бойы осы Айыртау- да – арыстандай айбат шегіп, ошағымның отын сөндірмей отырмын... ешкім де қолымды қағып, бетімнен алып көрген жоқ.


Нұрлан Шалдың сөзін бөледі.

 

Н. Бірақ, сіздің ошақтан жалғыз-ақ түтін ұшпай ма?

Қ о ң қ а й . Жалғыз түтін де – түтін. Мені, əйтеуір, бір күні бір Қоңқай келіп табады. Соны тосып жүрмін.

Н. Бірақ, ол қандай түтін...

 

Күйініштен көк түтін Жалын болып лауласа, Күн жоғалып, тіршілік Болар еді далбаса.

Күн жоғалып, тіршілік

 

Б (есіней керіліп). Баяғыда біздің ауылда бір шал айтып отыратын: «Қазаққа «ассалаумағалейкум» деп сəлем берсең, бір самаурын шайың кетеді», – деп,.. жарықтық ағайынын көрсе, ат тонын ала қашады-ау. Ол өлгенде үш-ақ адам то- пырақ салды.

 

Шал бұрыштағы абдыраның аузын ашып, неше түрлі ба- ғалы асыл терілерді шығара бастайды.

 

Қ о ң қ а й . Міне, мыналар барда мені жерден шұнай, көктен құдай ала алмайды. Білгілерің келсе, Сіздің ауылдағы Упрайдың басындағы құндыз бөрік – осы сандықтың ішінен шыққан.

А (ысқырып). Түсі-нікті-ті... Пара деші... пара... Шал терілерді сілкіп-сілкіп қайта салады.

Қ о ң қ а й . Иə, пара. Шырағым, (А-ға) шаужайыма жар- маса бердің-ау. Мейлі, аузың қандана берсін. Бергенді, ал- ғанды кім жек көрер.

Б. «Сен – маған, мен – саған» ғой баяғы...

Қ о ң қ а й . «ХІХ ғасырдың орта кезінде Көкшетау дуа- нының аға сұлтаны болған Зілқараның Əлібек есімді баласы қылмысты болып абақтыға түссе, ағасы Тұрлыбек Петер-


борға барады да, ақ патшаға жолығып, сұлулығы сүліктей, меңсіз қара қырық сəйгүлікті параға өткізіп, інісін ит жек- кенге айдаудан аман алып қалған екен. (Ойлана). Иə, ол кез- де ашық еді... қазір жасырын жасалады... иə...

Б. Сонда бізден алғаныңыз да пара ғой?

Қ о ң қ а й (күліп). Баламысың деген, менің алғаным – жамбас ақы. Өкіметтің қонақ үйіне де төлемейсіңдер ме... Егер осы Кіші Қоңқайда жалғыз үй – мен отырмасам, баяғы- да үсіп өлмес пе едіңдер. Өрімталдай өмірлерің үшін пима мен сағатты даулап отырсыңдар, білімділіктеріңе болайын. (Орнынан атып тұрады да, сағат пен пиманы жігіттерге лақтырып жібереді). Мə, өздерің алыңдар, аттың құны, атан- ның жүгі болса. Оттай бермей жатыңдар, отын таусылып ба- рады. (Күрсіне күбірлеп). Иə, иə, мені де сағынар күн туар...

А. Қайтқан малда – береке... (Сағатты қолына тағады). Б. Адамзаттың бүкіл тірлігіне қайран қаламын, əкри. Əл- денеге асығады, басын қатырып əлденені іздеп келіп жүрге- ні. Сонда деймін-ау, қайда асығамыз, қайда бара жатырмыз?

Неменені тіміскілеп итше іздейміз?

Н (реніш білдіре). Жұрттың бəрі сен сияқты ұйқылы-ояу өтуі керек пе екен, бұл өмірден.

Б. Əй, қойшы (Қолын сілтеп). Бозамық, дүние, ақ қар, көк мұздың бетімен бос, қаңсыған, итаяқ болып қалған ағаш ша- наны сүйрегеніңе мəз боламысың. Бос шана сүйрету үшін ешқандай ақылдың, философияның қажеті жоқ.

А. Мынаның тілі шығайын деді-ей.

Б (басын көтеріп). Оған енді менің миым жетпеді, ляуқұй екенмін... өздерің айтыңдаршы, қайда барамыз осы? Ау, аға- йын, қайда қаңғып барамыз, əкри?

Н. Шөп əкелуге...

Б. Ал, əкелдік, тойст, апардық аман-есен делік. Содан соң?

А. Содан соң... тағы да шөпке. Қысқасы, совхоз қайда жұмсаса, сонда.

Б. Ə, солай ма... өзің де білмейсің қайда барарыңды. Өзге біледі. Қалай айдаса, солай жосимыз. Қалай жетелесе – солай ереміз. Соқыр ботадай. «Адамның басы Алланың добы», – деуші еді бұрынғылар.


А (мысқылдап). Ей, ляуқұй, сен осы үйде қалсаң қайтеді, пікірлерің бір қазанда қайнай алады екен.

Б. Сендердің қалғыларың келмей отырған шығар. Қарын- дарыңды нығырлап бір тойдырса, сүйресе шықпас едіңдер бұл үйден. Ақсақал, айтыңызшы, біз осында мүлдем қалып, балаңыз болсақ, қалай қарар едіңіз?

Қ о ң қ а й . Аллам сақтасын! Осыдан үш жыл бұрын қас- қырдың үш бөлтірігін асыраймын деп, жалғыз сиырымды жарып кеткен.

Б. Жарып қана емес, жеп кеткен шығар-ау. Ақсақал, айты- ңызшы, жетпіс жасаған сіз осыншалық мол қуат, тепсе темір үзетін қайратты қайдан алдыңыз?

Қ о ң қ а й . Табиғаттан. Төсегін сала бастайды.

Б. Ал, біз... турникке алысамыз келіп, тыртыңдап жүгі- реміз келіп, гимнастика жасаймыз. Аяғы, міне, төрінен көрі жуық сізден таяқ жейміз.

 

Шал күледі.

 

Қ о ң қ а й . Марал корень, золотой корень, женшень, бұ- ғының еті, мүйізінің қаны – міне, осылар менің гимнастика- ларым.

А. Ей, шал, сол қормыңнан бізді де кормит етсең қайтеді.

Сағатымды берейін.

Б. Корм емес, ақымақ, ко-о-рень... қазақшасы тамыр. Ал, сен жем жегің келеді.

А. Какая разница. Жейтін нəрсенің төркіні бір. Б. Ендеше, бүгіннен бастап шөп же.

А. Совхоздың малына жетпейді, əйтпесе жер едім. Н. Жə, жетті. Іштей ірімейік.

Қ о ң қ а й . Бір-біріңді жеп қоймасаң болды да... (Үнсіз- дік. Қоңқай шал мылтығын жастанып, ағаш нарға жата бастайды). Адамдар мінез-құлқына мен де қайранмын, шы- рақ. Солардан, ұлардай шулаған аламаныңнан, қанша жан


ұшыра қашсаң да, қыр соңыңа түсіп тауып алады. Тып-ты- ныш оңаша өміріңнің айдынына тас лақтырады. Айталық, мына сендер маған өздерің келдіңдер емес пе, мен сендерді іздеп барғаным жоқ. Келіп алып, кергисіңдер... Мен өзіммін, ендеше өзімше өмір сүріп, өз мекенімді, яғни өз мемлекетім- ді, құрғым келеді. Мынау қараша үй – менің кішкентай ғана мемлекетім, қара басымның жалғыз еркіндігі. Бұл – Кіші Қоңқай мемлекеті, түсіндіңдер ме! (Басын көтеріп, ақыра сөйлейді). Сол мемлекеттік қауіпсіздігін көзімнің қарашы- ғындай күзетіп, суверенитетін сақтау үшін жыл алысқан- мен – алыстым, атысқанмен – атыстым. (Қолы дірілдеп, денесі қалшылдап кетеді). Бұл – менің жанымның (кеудесін ұрады), рухымның, жүрегімнің, тіпті бүтін адамдарымның отаны. Ал, сол титімдей мемлекет, от жаққан отанның шекара-та- балдырығынан аттаған екенсіңдер, артты мықтап қысып, таң жақын қалды, былшылдай бермей ұйықтаңдар. Таңертең Айыртаудан асатын төте жолды нұсқап жіберем... (Шал қай- та жатады. Əлденені күбірлейді). Мені де сағынатын күн туар... Қоңқайлар ұрпағы өлмек емес, мəңгілік жасайды. Өйткені Қоңқайлар адамзаттың өздері үшін керек...

 

Үй қараңғылана береді. Қар қызының қияли аппақ бей- несі пайда болады. Сыңсыған мұңлы əуен. Ол – қар басқан трактордың үстінде отыр.

 

Қ а р қ ы з ы (əндетіп).

Адамдар бірін-бірі қимайды, Сондықтан, бірін-бірі қинайды. Ыстық күнде жаураған,

Мынау қарлы Қоңқайда Кімдер үсіп қалмаған...

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.