Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





БАСТАУ. БІРІНШІ БӨЛІМ. Бірінші сурет



БАСТАУ

Сахна ашылмас бұрын көрермендердің ортасында отыр- ған Бастаушы жігіт орнынан тұрады да, сахнаға шығып сөй- лейді.

 

Баст а у ш ы ж і г і т . Қымбатты көрермендер! Міне, сіздер тағы бір тағдырмен – қарапайым ғана адам өмірімен танысқалы отырсыздар. Аты – Ақтан. Менің əкем. Орман шаруашылығының қызметкері. Енді бірер күнде алпысқа толып, пенсияға шығады. Бүкіл саналы ғұмырын табиғат- ты көздің қарашығындай қорғауға арнады, ешкіммен ұрсы- сып-таласқанын көргенім жоқ, сол сияқты бақайдан шалып,


тірсектен қағар дұшпаны, тонның ішкі бауындай досы, «ой, бауырымдап» ат қойып келер ағайыны барын да естіген емеспін. Бар ғұмырын сан соғар өкініш-уайымсыз, мұңсыз- қамсыз, тып-тыныш өткізді-ау деймін. Ал, бүгінгі мінезі адам ұғып болмайтын төтенше болды. Сонымен, құрмет- ті көрермендер, тағы бір шындықтың шымылдығын ашуға рұқсат етіңіздер.

 

Бастаушы жігіт шымылдықты жайымен ашып, орнына қайта отырады.

 

БІРІНШІ БӨЛІМ

Бірінші сурет

Сахна ашылғанда тау өзенінің үстіне елебестіре салынған ескі көпір көрінеді. Айнала орман, тау-тас. Кесіліп, құлатып тастаған ағаш. Сол ағаштың кейбіреуіне балта шабылған. Салынып келе жатқан үлкен жолдың қарбаласы аңғарылады. Анадай жердегі кесілген қарағайдың үстінде қолында егеуі бар, балта қайрап Делқұл отыр. Ал, бастары бурыл, алпысты алқымдап қалған екі адам əлгі ескі көпірдің екі жағынан бір- біріне қарсы жүреді. Олар Ақтан мен Қаратан. Сосын екеуі де сүзісердей бетпе-бет келеді де, бұрылып жол беріседі.

 

Қ а р а т а н (иіліп). Өтіп кетіңіз... Ақт а н . Жоқ, сіз өтіп кетіңіз...

Қ а р а т а н . Апыр-ау, енді сіз менен гөрі үлкенсіз ғой, жол сіздікі.

Ақт а н . Өте беріңіз, өте беріңіз. Мен жол беруге ғана жаралған жанмын.

Қ а р а т а н . Біз жасы үлкен кісіні сыйлап өскен жұртпыз ғой. Жоқ дегенде, менен он жас үлкендігіңіз бар-ау, өтіңіз.

Ақт а н . Иə, иə, шашымның ағына қарасаңыз, біраз жас бересіз. Дегенмен, мен сізді бір жерден көрдім-ау деймін.

Қ а р а т а н . Мен де шырамытып тұрмын. Ақт а н . Сен... сіз Қаратансыз ба?


Қ а р а т а н . Сен Ақтан емеспісің? Құдайым-ау, қалай қартайғансың.

Қ а р а т а н . Аманбысың, достым. Ақт а н . Есенбісің, достым.

 

Құшақтасады. Құлаққа жолшылардың дабыры, моторлы араның, ағаш жыққан балтаның үні еміс-еміс естіледі. Жа- рық сөніп, қайта жанғанда екі дос көрісіп тұрады.

 

Ақт а н . Екеуміз көпір үстіндегі текетірескен қос теке секілдіміз: сүзісеміз келіп, сүзісеміз келіп. Ешқайсымыз жол бергіміз келмейді. Бірақ... біз бейбақ суға екеуіміз құлары- мызды білдік пе?..

Қ а р а т а н (күліп). Құлаған мен емес, сен ғой...

Ақт а н . Жо-жоқ, жарқыным, сен де бірге құлағансың... иə, иə, құлағансың, тек... үстіңе су жұқтырмадың...

Д е л қ ұ л (балтаның жүзін бармағымен ұстап көріп). Баяғыда, ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, қой үстіне боз- торғай жұмыртқалаған мамырстан заманда, бойы бір қарыс, сақалы сала құлаш шалдың жалғыз өгізі болыпты. Бір күні əлгі шал өгізіне: «Өгізім, өкпелеме, көзіңе айтамын, мен сені соямын», – деген екен... Ха-ха-ха... (Өз-өзінен мəз болып, ра- қаттана күледі).

Үнсіздік. Əлдеқайдан, алыстан Айгүлдің өзгеше мұңды даусы талып естіледі. Ақтан мен Қаратан томсарған жүзбен бір-біріне тесіле қарайды.

 

Ақт а н . Сонымен, Сұлушоқыны қашан қопармақсың- дар?

Қ а р а т а н . Ертең.

Ақт а н . Тым асығыс екен.

Қ а р а т а н . Ғасырдың өзі асығыс қой.

Ақт а н . Сондықтан да қателікті көп жібереміз.

Қ а р а т а н . Сенің ойыңша, қателесіп отырмыз ба?

Ақт а н . Жоқ, əзірше қателескен жоқпыз, бірақ қателе- суіміз мүмкін... Сен үшін бəрібір ғой иə, (ойлана) бəрібір...


Қ а р а т а н (ойланып). Иə, бəрібір... дедің-ау... сен. Менің қайран қалатыным, адамдар өзінің, өз ісінің əділдігін дəлел- деу үшін міндетті түрде басқа біреуді қорлауы керек, ə? Неге? Мəселенки, қасқыр жазғанды қу өңеш – жемін тауып жер тір- лігі – қойға шапқаны үшін жазғыруға болар ма? (Күліп). Қас- қырдан қой жасау бекершілдік. Жо-жоқ, жарқыным, адам- затты қойып, жан-жануар, құрт-құмырсқа да өз принципі, өз білгенімен тірлік кешеді. Сондықтан да, өмір сүру формамыз əр қилы екен деп, табиғат та, бар болса, Құдай да жазғырмас болар. Ойлашы өзің, бүкіл итшілеген ғұмырыңды сарп еткен əділет, шындық, жақсылық деген атаулардың мəнін, қадір-қа- сиетін мына мен түсінбейді дейсің бе... Ендеше...

Ақт а н (сөзін бөліп). Ендеше, неге түйешелеп кері шап- тырасың?!

Қ а р а т а н (күліп). Табиғат түйе екеуімізді солай жарат- қан. Оны түзеу сені қойып, Құдайдың да қолынан келмейді. Ақт а н . Ал, мойындадым. Бірақ, жер жаралғалы – адам баласына ес кіріп, етегін жапқалы жас балаша саусағын жа- йып тек қана жақсылыққа, ізгілікке талпынбай ма? Тіпті дəурені өтіп, уақыт тұяғының астында қалған Будда дінінің

негізгі қағидалары жақсылықты уағыздамаушы ма еді.

Қ а р а т а н . «Бұл өмірдің» үзері əр жұмыр басты пенде- нің жер басып қалт-құлт етіп жүргенінде ғой. Өлген соң қай- тып оралған адамды көрсем – көзім, естісем – есім шықсын. Егер о дүниеден құдіреттің күшімен, қолтығына қысқан ол- жасы бар бір аруақ тіріліп келсе, бүкіл жұрт жапа-тармағай көрге, тезірек көмілуге жүгірер еді. Əрине, олжа үшін...

Ақт а н (мысқылдап). Сонда жұрттың ең алдында қақ- шаңдап бара жатқан сені көрер едім...

Қ а р а т а н . Иə, сен ол топқа да қосылмайсың, өйткені сен жазған əлдеқашан, мұнан отыз жыл бұрын, өлген едің. (Мысқылмен). Аңдар біріне-бірі қатты қысастық жасаған кезде біздің «зверство» дегеніміз іспетті өзді-өзін олар «че- ловечество» деп талақ етеді-ау деп ұялам, бүкіл адамдар аты- нан ұяламын. Дегенмен, сен айта беретін ізгілік, жақсылық атаулыдан мен де жұрдай емеспін, мені де пір тұтар пенде бар, өйткені əркімнің өз Құдайы өзіне...


Д е л қ ұ л . Ерте, ерте, ертеде ешкі жүні бөртеде бір атақ- ты шопан тапқан-таянған ақшасын қалтасына басып алып, Алматыға аттанған екен. Қойға бас-көз боп əйелі Мағрипа қалады. Содан əлгі атақты шопан зоопаркке барады. Бүкіл аң-құсты тамашалай тамсанып, маймыл тұрған торға келген- де есі шыға айғай салыпты пəтшағар: «Ей, Мағираш, – де- ген екен əлгі бейбақ шопан – сен мұнда қашан келдің? Мал- жанды кімге тастап кеттің?» Ха-ха-ха.. пəтшағар маймылды əйелі екен деп қалса керек. Ха-ха-ха.

 

Үнсіздік.

 

Ақт а н (шаршай). Бала кездегі достығымыз есейе келе балта сілтер қастыққа айналса адалдығымыздан, тіпті адам- дығымыздан не пайда. Құлағыңды жымып қанша ұмтылсаң да, не қаппай, не қаптырмай алпысқа келдің. Енді, міне (күр- сініп) енді, міне, қартайдық, қайғы ойладық дегенде, ағаш көпірдің үстінде текетіресіп тұрғанымыз. (Езуіндегі жалғыз тал бидайықты тістелеп, алысқа ойлана көз салады).

Қ а р а т а н . Рас, достым, екеуміз де өз бақытымыз үшін күрестік, бірақ күрес жолымыз əр түрлі еді. Сенікі – қысқа, қысқа болса да – ұзын, менікі – ұзын, ұзын болса да – қыс- қа. Демек, мақсат тауына сенен гөрі тезірек жеттім, демек, сенен гөрі бақытты ғұмыр кештім. Сол үшін жазғырар да едің... достым. Қайта, өз талантын өзі жерлеп, ағаш арасын- да адасып жүрген қылығыңның – өз баласын өзі алдырып тастаған қатыгез қатын ісінен айырмасы бар ма? Жо-жоқ! Біздегі сорақылық сол – мал іш тастаса, қойшыны жауапқа тартамыз. Ал, əйелдің іш тастауына жағдай жасаймыз.

Ақт а н (кекете). Баласын жетім, əйелін жесір тастау, басқаны қайдам, саған таңсық болғанына таңым бар. Өз жұ- мыртқасын өзгеге бастыратын көкек едің, енді, міне, елден кеткен отыз жылдың ішінде көсем болып тұрғаның. Бірақ қандай да дана туған жерінен бала болып кетіп, бала болып оралмай ма?

Қ а р а т а н . Ол да рас шығар, достым. Десек те, көкек жазғанды жазғырып керегі не, жазғырып керегі не. Өзі бас-


сын, өзгеге бастырсын, ұрпақсыз қалмайды. (Мысқылдай кү- леді).

Ақт а н (жалт қарап). Мылтығыңның аузын тағы да маған өңештедің-ау... Ұрансыз ұрпақ – ол да бір шіріген жұ- мыртқа... Бірақ о дүниеде де қадетіңде болсын, сен қаңғы- тып, мен тəрбиелеген ұлдың бойында зəредей де зəлімдік, қабықтай да қарамдық жоқ... Ол мүлдем басқа, басқа жолмен шығады мақсат тауына...

Қ а р а т а н . Баламды бағбан болып бағып-қаққаныңа рақмет... достым. Əйткенмен, өзін бір рет көрсете алар ма едің маған?

 

Үнсіздік.

 

Ақт а н . Жаңа сен əрқайсымыз өз бақытымыз үшін – əр- түрлі жолмен күрестік дедің-ау... Жо-жоқ, жарқыным, мен тіпті де сол алдамшы бақыт үшін бұл өмірден бақытты бо- лып өту үшін күрескен емеспін. Мен үшін ең үлкен бақыт – жұрттың бақыттылығын көру, солардың өз бақытын табуға көмектесу.

Қ а р а т а н . Бақытты болудан қорқу – күннің қызуы, ай- дың жарығынан шошу секілді, қайбір жетіскен қасиет дей- сің.

 

Сəл үнсіздік.

 

Ақт а н . Мен сені жазғыра алмаймын. Өзімді ғана... өзімді. «Болам-болам» деп жүргенде, болатым қайтты.

Қ а р а т а н . Ендеше, достым, айтысып тұрғаныңа жол болсын.

Ақт а н . Мен ешкіммен айтысқан емен, өзіммен-өзім ай- тысып-тартысып келемін. Бірақ, сенің жаңағы сөзіңе таңым бар. Баяғыңнан өзгермепсің. Сондағы айтпағың не? Биік мансап – биік жартас, қалықтай ұшып қыран да, ерінбей ең- бектеп жылан да шығар дегенің бе? Сонда ар-ұяттан аттап... Қ а р а т а н (сөзін бөліп). Иə, айырмасы, қане, қымбат- тым? Сол жартасыңа шықса болды да. Ал, кімнің қалай, қан-


дай жолмен шыққанын тергеп, тексеріп жатар уақыт өткен. Мұның бəрі бекер сөз, ойыңды қазық баулай бермей, көке- йіңдегіні ашып айтпайсың ба, достым?

Ақт а н (күліп). Неге екенін білмеймін, «дос» деген сөзің

«қас» деген сияқты естіледі. Ашып айтсам да, қасып айтсам да, безгегің ұстағандай ырық бермей тұрсың-ау. Қиядағыны қиялмен түсірмек болған балалық шақта мынау екеуміз үс- тінде тұрған ағаш көпірді жұлып тастап темірден салмақ болып едік: анау бүк түсіп, бүрісіп, жетім балаша бұйығып жатқан Ақшалыға зəулім үй тұрғызып, үлкен шаһармен жал- ғар темір жол салмақ болып едік; сонау көк тас, көк өрім орманды күн жауғанда қойнымызда, күн шыққанда мойны- мызда болар асылымыздай аялап едік.

Қ а р а т а н (мұңая). Несіне қазбалай бересің, досым, бəр-бəрі де есімде, бəр-бəрі де баяғының садағасы – аузын тырнаса, қаны сорғалар ескі жара да. Анау Қара шоқының ұшар басына шығып, топырақ жеп, мынау көк көпірдің үс- тінде тұрып тас алысып, дос болуға ант бергеніміз есімде.

Ақт а н (жалт бұрылып, буырқана сөйлейді). Ендеше, осыншалық тас жүрек – суық сезімді қайдан таптың? Қайда, сол асыл арман? Қайда сол боз қасқаның қанымен анттасқан алаңсыз достық, алаңсыз көңіл?

Қ а р а т а н (езуін тарта). Иə, досым, арманның арбасы қайда апармады. Тəйірі, тасты айтасың, одан бері бастың та- лайы жоғалмады ма.

 

Ақтан басын ұстап, маңдайын уқалап көпірдің үстінде əрі- бері жүре бастайды. Алыстан Айгүлдің əні талып естіледі.

 

Ақт а н . Миымды мың-миллион құмырсқа талап жеп жатқандай.

Қ а р а т а н . Сенемін оған. Мен қайыңның қабығын ар- шығанда да, өз теріңді сыпырғандай төбе құйқаң шымыр- лайтын жазған едің...

 

Ақтан Қаратанның жанына оқыс тоқтайды.


Ақт а н (иығынан тартып, өзіне қаратады). Сен мына, сен ағаштың жылағанын көрдің бе?!

Қ а р а т а н . Ағаш түгіл, адам жыласа да, бүйрегім бүлк етпейді. Өйткені, оларды табиғат жылату үшін жаратқан.

 

Осы кезде сахнаға қолында қағазы бар Қыз шығады.

 

Қ ы з . Ағай десе, енді не істейміз? «Рахат» арасанына ба- рар жолды қай жерден өткіземіз? Аршалыны басып па, əлде Сұлушоқы арқылы ма? Егер шоқы арқылы болса, онда қо- парғыш заттардың сақадай-сай екенін хабарлағалы келдім.

 

Үнсіздік, Ақтан мен Қаратан бір-біріне арбаса қарайды. Қ ы з . Неге үндемейсіздер?

Қыз иығын қиқаң еткізіп көтереді де, таңданған қалпы шығып кетеді. Делқұл балтасын қайрап əлі отыр.

 

Д е л қ ұ л . Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде ищəй деспей ғұмыр кешкен екі дос, яғни екі шал болыпты. Күндер- дің күні екеуі мына секілді тар көпірдің үстінде қарама-қар- сы жолығысып қалса керек. Бірі: «Арбаңды сен бұр», – десе, екіншісі: «Жоқ, сен бұр», – дейді. Сөйтіп, таңертеңнен кешке дейін жол бермей балағаттасады. Бір-бірінің əке-бабасынан, арбасынан, жүгенінен, доғасынан, қамытынан, қамшысы- нан, киім-кешегінен түк қалдырмай сыдырып, боқтау тау- сылған соң шаршап, бұрылып жол беріседі. Бірі анадай жер- де салдыр-гүлдір етіп бара жатқан досының артынан жалт қараса, арбасының артына май құйып байлаған шелекті кө- реді. – Əй, – деп айғайлап, жұмысы бардай тоқтатып алады.

– Жаңа көрмей қалыппын, май құйған шелегіңді ұра- йын, – деген екен. Ха-ха-ха. (Ешкім күлмеген соң, өзі жұмы- сына қайта кіріседі).

Үнсіздікті Ақтан бұзады.


Ақт а н (көпірден ерсілі-қарсылы жүріп). Əр түп ағаш – əр адамның тағдыры сықылды еді. Сондықтан да Аршалы- дан ұзамай, алпыс жыл осы жердің аң-құсын, орман-тоғайын бағып келемін. Əрине, сен «командировать» етіп жіберген жиырма жылды алып тастасақ... Ал сен болсаң, сол туған жеріңнен жеріп, бақ-дəулет қуып кеттің. Кетсең кет, тым болмағанда зияныңды тигізе көрме деп тілеп едім. Құдай ол ойымды да көп көрді, шашыңды ақ шалғанда жатырына шапқан жаман айғыр болып тұрған түрің мынау. Анау салып келе жатқан тас жолың Сұлушоқыны басып өтпесе, ұшынар ма еді. Кеше ғана құлын-тайдай ойнақтап өскен кіндік жұр- тыңды, құлағынан тартып жүріп еккен балапан шыршала- рымды талқандамай, айналдырған 600 метрге бұра салсаң... Қ а р а т а н (ашу шақыра, сөзін бөліп). Аса  қымбатты, ұлы мəртебелі достым! Бұра салынбайды! Бұл жол – ауылдың көрбілте соқпағы емес, мемлекеттік маңызы бар үлкен құры- лыс! Ғасырлар бойы ат ізі ғана тиген жеріңе тас жол келсе жаңалық та, жаңа өмір де келмей ме, өлі тауыңның өңі кіріп, ұмытылған ұры өмірден құтылмай ма? Немесе жұтап жатқан ескі жұрт пен гектар жерге еккен ағашың дəрі болып па! Бізге жолдың тез əрі аз шығынмен біткені керек. Ал, сен айтып тұр- ған көпір тұрғызу жайы тіпті де біздің міндетімізге кірмейді.

Құдай, мынау (көпірді тепкілеп) кетеуі кеткен ағаш көпіріңе

қуат берсін... Сайып келгенде, жоспар керек! Жоспар!

Ақт а н (басын шайқай сыбырмен). Жоспар, жоспар... Сол жоспарың адамды жасамайды, қайта адам жоспарды жа- самай ма? Экономикалық тиімділіктен де, рентабельділіктен де, мерзімінен бұрын артығымен орындалатын міндеттеме- ден де биік, ардақты, мəңгілік ұғымдар бар емес пе. Жарқы- ным, сен көпір тұрғызуға емес, көпірді бұзуға жаралған жан- сың. Баяғыда, есіңде ме?.. Жə, оны да қойшы, егер «Рахат» қайнарына тартылған жолдың басын мəңгі қар жайлаған Сұ- лушоқының кеңірдегінен емес, судың арғы жағындағы Ар- шалы ауылы арқылы салсаң, мынау Бұқтырманың үстінен темір көпір түсер еді. Өрнек пен Аршалы үлкен өмірмен жалғасар еді. Анау жайқала өскен шырша, ата жұртымыз астан-кестені шықпай аман қалар еді. Немесе Сұлушоқыны


орнынан аммонитпен аударып тастағанда, табиғатқа келер зиянды бағамдап көрдіңдер ме? Егер сол жойқын дүмпуден сонау Сұлушоқының басындағы сіреу мұздың кебесі сөгілсе ше?.. Ел мен Жердің басына туар одан асқан апат болар ма еді. (Толқып). Тым болмағанда... тым болмағанда, Айгүлдің аруағын мазаламасаң етті...

Қ а р а т а н . Ашу шақыруға рұқсат ет, достым! Айтқанға бəрі оңай, қит етсе қирап қалады деп өз көлеңкемізден өзіміз қорқамыз. Біле білсең, адам дүниені бүлдіру үшін жасайды. Əйтпесе біздің дəуірімізге дейінгі үйлер əлі тұрмас па еді... Оқтай атылған түзік жолдан орман, бұта-қараған бүлініп, қирап қалады, таудан көшкін ағады деп қиғаш тартуға қи- сын, кəне? Тіпті, оны былай қойғанның өзінде, қопарылыс- тан туар толқын шың басындағы қарға жетпейді. Өтің жа- рылып кетсе де айтайын, Бұқтырманың үстіне көпір салуды міндетіме алған жоқпын. Одан да осы ағаш көпірдің лекерлі- гіне тəубе жасаңдар... Ал... Айгүл аруағын қанша ардақтасақ та, бəрібір тіріліп келе алмайды ол жазған.

Ақт а н . Апырмай, туған жеріңе өзің-өз болып септігің тиер деп едім, ол үмітіме де сауысқанша саңғыдың-ау. Бүкір- ді көр түзейді деген тегі рас екен. Бала кезіңде анау Аршалы- ның мұқым терезесін сындырып шығып едің... (Өкініп). Əт- тең, өлгендер тіріліп келмейді, егер өлгендер тіріліп келсе, жер бетіндегі сандалған сұмдықтың бет пердесі ашылар...

Қ а р а т а н (булыға сызданып). Сондағы екеуміздің айырмашылығымыз не? Адалдық пен арамдық па? Ақ жү- рек болғандағы алған сыйың не? Қара жүрек болғанда, жү- зімнің қарайғаны, қане? Жо-жоқ, достым, көрмегенді көріп, көн тулақты киіп сен келдің алпысқа, жалғанды жалпағынан басып, жағам жайлауда мен де келдім алпысқа... Сен жалғыз аяқ қиыр-шиыр соқпақпен, ал мен оқтай атылған тақтақ жол- мен... Тəңірім кейінгілерге сенің қырсықтығыңды бермесін де. Мен бұл жолды кейінгі ұрпақ – жас өскін сенің көрбілте жолыңа түсіп кетпес үшін салып жүрмін, жарқыным. Иə, иə, сенің тағдырыңды қайталап алмас үшін...

Ақт а н (жұмсақ үнмен). Адамды маймылдан азды де- генге сенбеймін: бірі – қасқырдан, бірі – қояннан, бірі – түл-


кіден, бірі – жыланнан, енді, бəлкім, бұғы мен маралдан не- месе монтаны қоңыздан азған шығар-ау.

 

Анадай жерде ағашта шаншулы тұрған балтаны алып, қо- лына салмақтап ұстап тұрады. Қаратан оның оқыс қимылы- на сескене қарайды. Осы кезде манағы Қыз қайта келеді.

 

Қ ы з (Қаратанға). Ағай десе, бір шешімге келсеңізші енді. Жолды қай тұстан өткізуге бұйырасыз. Сұлушоқыны жарамыз ба?

 

Дəл осы кезде сахнаның арғы түкпірінен басына қара жамылған кемпір шығады да, бұларға көзінен от шаша қа- райды. Тыныштық. Бəрі үнсіз. Сілейе қатып қалған. Мылқау кемпір кетеді. Қозғалыс қайта жалғасады.

 

Қ а р а т а н (ашуын əлі де баса алмай). Осы күні жұртқа жағу үшін тез өлу лəзім. Əйтпесе, көзіңе көк шыбын үймеле- тіп, қызыл табан қылып, алдына салып айдап, екі қолы жал- ғанда да жағаңда кетеді. Мұрын болмаса, екі көз бірін-бірі шұқыр еді деген тегі рас та, тəйірі, рас та. Əттең, ескі жара секілді жүрегімді сыздатып, көңілімді мұздатып тұрған сол достықтың бірге өскен ала жібін аттамау. Əйтпесе, салғыла- сып нем бар, құдайым-ау,.. сен кімсің маған, қандай өкілді- гің жүреді? Қолыңнан не келеді-ей? Əмбе сен айтып тұрған қыңыр жолды мемлекетке қаншама шығын келтірерін біл- сеңші...

Ақт а н . Егер сенің адамдарға келтірген рухани шығы- ныңды айқындайтын машина ойлап табылса, жүзің айдай болар еді-ау. Өкінішке орай, ондай шығынды есептер маши- на жасалған жоқ...

Қ ы з (Қаратанға). Ағай десе, Ақтан ағай ұсынған жос- пардың біз үшін де кереметтей тиімділігін есептеп шығар- дың. Міне, қараңызшы... (Қолындағы қағазын жайып, көр- сете бастайды). Міне, қараңызшы, осынша текше метр ағаш аман қалады, сосын Өрнек пен Аршалы ауылына күре жол тартылады...


Қ а р а т а н (жақтырмай). Шырағым, бұл жолдың жо- басын сіз бен біз жасаған жоқпыз, сондықтан басымызды ауыртпай-ақ қоялық.

Қ ы з . Жобалаушылар көптеген мүмкіндікке көз жұмбай жасап, атүсті асығыс есептеген. Жер жағдайын, белес-беде- рін, сонсоң тұрғындардың хал-қамын ескермей – оқтай түзу етіп тартып шыққан, о баста жасалған жоба – тікелей іске, өмірге көшкен сайын қателікке ұрынып отыр. Ал, сол қате- лікті дер кезінде асқындырмай түзеу, біздің құрылысшылар- дың міндеті.

Қ а р а т а н (бұлқан-талқан ашу шақырып). Əй, шыра- ғым, қарғадай болып қыңыр жолға неге əуессіңдер осы, а... Жүз рет өлшеніп, бір рет пішілген, қаралмаған, зерттелмеген жері қалмаған жобаның жағасына жармасатын сен кімсің? Біле білсең, сіз бен біз жел қуған қаңбақпыз бастықтардың алдында.

Ақт а н (сөзге араласып). Дегенмен, цирктегі аю емес- сің, аузыңа қант салса билейтін, өз пікірің, өз ойың болмай ма? Өндірістік жобаны жоғары жақта жасай бермей, жергі- лікті білікті маман, байырғы жұмысшылармен кеңесіп жасау жөнінде қаулы бар емес пе еді.

Қ ы з . Шынында да, өз ойымызды айтқанның айыбы не? Қ а р а т а н (түтігіп). Айыбы сол – мына сен (Ақтанға),

...сен секілді айдалып-байланып кеткіміз келмейді.

Ақт а н . Өз ісінің əділдігі үшін азап шегу де бақыт-ау...

Қ а р а т а н . Ендеше, сол бақытыңды езіп, ішірткі ғып іш...

Қ ы з . Я ничего не понимаю, почему... кешіріңіздер... Неге біз жоғарыдан бекітіп берген жоспарды – аксиома – жетілді- руді, түзетуді қажет етпейтін программа деп қабылдаймыз? Жо-жоқ, жоспар да жоба құрылысшылар үшін қатып-семген дүние бола алмайды. Айталық, бір адам екі баста қателік жі- береді екен деп, жүздеген адамның жапа шегуіне жол беруге бола ма? Жоспар дегеніміз, сайып келгенде, қиялдың біртін- деп творчестволықпен байсалды жүзеге асуы ғой.

Қ а р а т а н . Шырағым, қайдағы қателік? Айтып тұрға- ның не?


Қ ы з (қызулана). Қателігі сол, «Рахат» қайнарына салы- нар жолдың жобасын жасаған адам бір жақты кеткен, жергі- лікті еңбеккерлер үшін сол жолдың пайдасын мүлдем ескер- меген, демек, аз шығынмен, тез бітірудің салқыны тиген... Осыдан барып, ешкімге керегі жоқ дүлей орман, жақпар тас- тың қақ ортасынан оқтай түзу тас жол салмақ болған. Мың- даған, жүздеген жыл бойы осы күре жолға зар болып үлкен өмірмен қоян-қолтық араласа алмай отырған қойнау-қойнау- дағы ауылдар ұмыт қалған. Демек, қала адамдары «Рахат» арасанында дем алу үшін жеңіл машинамен зыр етіп, екі-үш сағатта баратын жол саламыз, ал бұл шақта Аршалы мен Өрнек, тағы басқа ауылдар мына Бұқтырмадан өгізін өткізе алмай əуре-сарсаңы шығып азаптанып жүреді. Содан барып біздің сəулетті доғамымыздың екі түрлі адамын не бары метрлік қашықтық бөліп тұратын болады. Сайып келгенде, адамдардың арасын жақындататын осындай сүре жол, тіреуі мықты көпір ғой.

Ақтан қызға сүйсіне қарайды.

Ақт а н (қызға). Жақсы айттың, қызым. Ең əуелі адам- дар жүрегіне жол салуды үйрену керек.

Қ а р а т а н . Түк те жақсы айтқан жоқ. Ол ең негізгісін ескермей тұр. Ол – осы жолды екі айда бітіру міндеті, сөй- тіп...

Қ ы з (сөзін бөліп). Сөйтіп, атақ алу, сыйлыққа кенелу...

Қ а р а т а н (жекіп). Болды, таңдайыңды тақылдатпай шаруаңа бар, тəйірі! Пікіріңді менің орнымды алғанда ғана ашық айта аларсың...

Қ ы з (мысқылмен). Сіздің орын соншалықты кісі қызы- ғарлық емес-ау, аға.

Қыз иығын қиқаң еткізіп шығып кетеді. Тағы да үнсіздік. Ағаш кескен адамдардың дабыры естіледі. Делқұл балтасын əлі қайрап отыр.

Д е л қ ұ л . Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде біздің ауылда сарай ақыны болыпты. Соның бір ауыз өлеңі əлі


есімде. Қалай еді жазған. (Ойланады). Е-е, есіме жаңа түсті. Иə, былай: Кім данышпан, кім жынды – айырып көр, жарқы- ным, артық бір сөз айтуға тіреуі жоқ артыңның... ха-ха-ха...

 

Жалғыз өзі тауды жаңғырықтыра күледі.

 

Ақт а н (өз-өзінен). Мүмкін, бəріне де кінəлі өзім шы- ғар. Ең əуелі өзімді іздеп таба алмаған шығармын. Өзім не істерімді білмей тұрып, өзгеге ақыл айтқаным қалай? Со- сын, сорлыға сойыл бұрын тиеді. Əне, мыңның намысы емес, қара басының табысы үшін жанталасқандар... Сонда деймін-ау... балалықтың бар базары тарқағаны ма? Сонда деймін-ау... бəр-бəрі де адыра қалғаны ма? Жастық арман, жайқалған көңіл қайда? Қайда кешегі сыңсыған орман, сы- нық шалмаған бейбіт тірлік? Күні кешегі Қаратанға деген ке- сапатты кек, кермек татыған ашу, бордай езіліп кеткені ме?..

 

Ақтан өз ойымен арпалыса күбірлеп, лағып бара жатқан.

Қаратан оның артынан қарап қалады.

 

Қ а р а т а н (басын шайқап). Ауыра бастаған екен. Де- генмен, жолды Сұлушоқы арқылы өткізбеу керек деген пі- кір тым негізсіз емес. Əттең, таланты ерте тапталған-ақ жігіт. Бейшара қор болғаны осы да. Миы қандай істеуші еді. Мұның жанында мен жіп есе алмаушы едім. «Əр түп ағаш – əр адам- ның тағдыры» секілді жар салған күйі жан тапсырар... Бірақ, оның көзінен: «Осының бəр-бəріне сен кінəлісің», – деген айып үкімін оқыдым емес пе? Иə, иə... «Мен ешкіммен ай- тысқан емеспін, өзіммен-өзім айтысып-тартысып келемін», – дейді. Жарты ғасыр өз тізесін өзі кемірген сорлы... сорлы... сорлы болмасаң, қырық жыл артыңа шам алып түскен ата жа- уыңды сойылға жықпас па едің... (Тез басып шығып кетеді).

Сахна қараңғыланады да, əуелгі көрініс жоғалады. Жал- ғыз көпір, сол көпірдің үстінде шекесін сығымдап Ақтан отыр. Ағаш кесіп, ызылдаған ара мен балтаның үні сай-сү- йегін сырқыратады. Алыстан Айгүлдің əні естіледі.


Ақт а н . Неге оның алқымынан алып: «Өзгенің жоғын өлең айтып жүріп іздеген сұмырай», – деп көзге шұқымадым. Бірақ, оған дəлел, айыптайтын дерек, қане? Өзі шығар тау- дың биіктігі үшін жан досын оққа байлап берер пенденің бəрін қырып-жоя берсек, азайып-ақ қаламыз-ау... Алып та, жауыз да халықтан тумаушы ма еді... Құдай-ау, Айгүлдің аруағы ше... Егер «Рахат» арасанына салар жол Сұлушоқы арқылы өтсе, мына ескі көпірдің де, анау ескі жұрт, сол жұрттағы Айгүл қабірінің де күлі көкке ұшпай ма. Тіпті, оны былай қойғанда, тау басындағы сүрі қардың етекке жылжу қаупі ше. Ал, Сұлушоқының басынан көшкін түссе, етектегі елдің тағдыры не күйде болар? Онда мынау қасиетті жол – қасіретті жолға айналмай ма?.. Апыр-ау, Қаратанның əкесі баяғыда дəл осылайша қателесіп, сотқа тартылды емес пе. Иə, иə, таудан көшкін құлаған...

 

Сахнаның қараңғы түкпірінен Ақтанның Бірінші ойы мен Екінші ойы шығады. Бірі – қара, екіншісі – ақ киінген, пе- ріште мен сайтанды елестетеді. Қолдарында шпага.

 

Ақт а н 1. Өзі жығылған өкінбес, несіне басыңды мəң- гіртіп ойлай бересің, өткінші өміріңнің баянсыз қызығын. Ұшқан құс, жүгірген аң – қай-қайсысы да қайғы-қасірет де- ген ұяның балапандары.

Ақт а н 2. Сен тағы да менімен текетіресті бастадың ба? Міне, аттай зулап алпыс жыл өтіп барады. Түлкі қуған тазы- дай соңымнан бір елі қалмай кеңірдектесіп келесің?

Ақт а н 1. Адамның өз басындағы қайшылық тек о дү- ниеге аттанғанда ғана бірге өліп, жаны жай табады. Сондық- тан да дүниедегі ең сұмдық тартыс – пенденің жұмыр басын- да туындап, жұмыр жерге уытын жаймақ.

Ақт а н 2. Оның рас та шығар. Дегенмен, сен үйреткен көрбала ақылдан азап шегуде емеспіз бе? Дүниедегі жаман- дық атаулыға табынасың. Жасасын, жарамсақ өмірі! – деп ұран тастайсың.

Ақт а н 1. Біздің бұлайша азап шегіп өтуімізге тіпті де мен емес, аузын ашса жүрегі көрінер: ақ пейіл, ақ көңіл, ақ


ниет, ақ жүрек – сен кінəлісің, білдің бе? Сондықтан да бұл жалғаннан Қаратанды жеңе алмай, көзіне қамшы тиген бота- ша боздап отыр, əне!

Ақт а н 2. Сонда сенің пəлсапаң бойынша, Ақтан бар саналы ғұмырын қулық саууға арнау керек пе еді, ешкімнен қорықпай-үрікпей, безерген бетпақ күйде өмір сүру керек пе еді?.. Онсыз да қазіргі балалардың бойынан қорқыныш сезі- мі жойылып барады.

Ақт а н 1 (мысқылдап). Адам бойындағы қорқыныштың жоғалғанының несі айып, «құдай» деп қорықты, «құран» деп қорықты...

Ақт а н 2. Ей, жарқыным, сен мынаны түсін: адам бо- йындағы қорқыныш сезімінен адыра қалса – адамдық қасиеті де біржола жоғалғаны. Есіңде ме, Асан шалдың ертегі-аңыз- дары. Аршалының іргесіндегі көк жазираны жапыра отыр- ған тамам балалар орталарындағы шүйкедей шалдың əң- гімесін ауыздарынан су ағып тыңдаушы едік. Асан шал дүниеден қайтқан соң ол ауылдың əңгімесі де, ертегі-жыры да, өтірігі мен тарихы – барша шежіресі, бар қарттығы – кел- меске кеткен, мəңгі келмеске кеткен еді мəңгі сөніп, мəңгі өшіп, аңырап, иен үйдей жел кеулеп, боздап қалғандай еді... Ол ауылдың баласы бұдан соң ертек тыңдап, ермек қылатын шал таба алмай, бал-дəурен – базарлы шағымен – ерте қоштасқан, жасына жетпей, шау тартып, сандалған еді...

Ақт а н 1. Бірақ сол ертекті Ақтанның досы Қаратан да

тыңдаған. Тыңдап отырып, сене алмай: «Бəрі жалған, бəрі бе- кер – Асан шалдың шатпағы» – деген. – Реті келсе, осы шал- ды сабап алайық», – деп жұртты азғырған. Бүгінгі ұрпақты ертекпен емізе алмайсың ғой. Бəлкім, Қаратанның былайғы өмірі біздікінен гөрі бақытты өтсе, сол ештеңеге сенбейтін сергек сезім, суық қайратқа суарылғандығы шығар-ау... Қы- сыр қиялдың құрбаны болған жалғыз біз бе? Айтшы өзің, біз ғана ма?

Ақт а н 2. Иə, осы күні балалар сен мақтаған Қаратан- ның жолын қуып кетпесін де... Осы күннің балалары əлде өтірік, əлде шын əңгіме айтып, бейуақытта жас қиялын тер- бейтін өтірікші шалдар азайған сайын қатыбастанып, хатқа


жүйрік болғанымен, жаны күйрек болып барады-ау. Қазіргі балаларды біз білімге үйретеміз, бірақ табиғи сезімдерге тə- лімдемейміз. Сондықтан да ой-өрісі өсіп, сезім түйсігі бық- сып барады. Сондықтан да қатал, аяушылық, аялаушылық қасиеттен жұрдай. Адам еш нəрседен, ешкімнен қорықпа- са – кісі өлтіру ғана қалмай ма? Бойынан адалдығы, адамды- ғы жоғалмай ма?

Ақт а н 1. Ертектің етегіне қаншама жармасқаныңмен қазір сол қиял-ғажайыптың жүзеге аспағаны бар ма. Шыра- ғым, түнде түс көрсең – соны күндіз өмірден, кешке телеви- зордан көресің. Қазіргі ұрпаққа тек қана ғылым, білім қажет. Ал сезім, қорқыныш, желдің ызыңы, шидің сыңсуы, шөптің тербелуі, өзеннің сылдыры, құстың сайрағаны, жас баланың жылағаны – бəр-бəрі кино мен театрдан артылмайды...

 

Жарық көпірдің үстінде сүйеніп тұрған Ақтанның өзіне түседі. Құлақ тұндырар үн – ағаш кескен, тас қопарған жол- шылардың даусы естіледі.

 

Ақт а н н ы ң ө з і . Миыма шеге қағып жатқандай.

(Жоғалады).

Сахнадағы екі ой қайта айтыса бастайды.

 

Ақт а н 2 (толқи сөйлейді). Адам не нəрсені де балалық шағында алып қалмаса, ұлғайған соң күнделікті тіршіліктің қамымен кетіп, маңайындағы болмыстың сырын ұға алмай айрылып қалады. Сондықтан да басыңа қиын іс түсіп, та- баның мен маңдайыңнан ызғар өткенде баяғы балалығыңды сағынасың, іздейсің... Бірақ, ол мəңгі бақи да табылар ма, мəңгі бақи оралар ма... Балалық шақтан шығар жол бар, бі- рақ сол балалық шаққа қайтар жол жоқ... жоқ!



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.