|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 46 страница– Иә, сен жылай бердің де қайтсем уатамын деп от басып алғанымды мен де сезбей қалдым!... Өліп қалдым дегеніңе қарай әйтеуір тірі кезіңнен де тірі екендігің белгілі болды. – Екі таяқпен шойнаңдап әрең келген шалдың мұндай екенін қайдан білейін! – Ақия сықылық қақты да қонағының кеудесіне бұрымы қырқылған келте шашты басын сүйей күрсінді. – Менің алғашқы бірден-бір арманым сен болатынсың. Өліп қалды деп естігеннен бері жанымды жеген ең рақымсыз қасіретім де сен болғансың!... Бір ойдан мұны опасыздық деп өкінудің орнына мың шүкіршілік айту дұрыс екен!... Мені мен сенің ғана емес, бұл итте Мақпалыңның кегі де өлшеусіз зор ғой. (Некелеріңді бұзуға басқаларды қайрап жүрген осы ит болатын.) Сондықтан Нұрияшым кешіреді бізді! – Құлжанның қазіргі халін білген соң бұдан кек алудан өзімді тоқтатқан сияқты едім. Сенің зарың мен қызуың сабырымды құйындай өшірді, кешір! – Сенің қайғыңа ортақтасып, көңіліңді көтере алсам арманым не!... Мақпалың келгенше алданыш бола алатын сияқтымын ба?... Иә көңіліңдегідей бапшы бола алмай, ішіңнен жүдетіп қоярмын ба! Қонақ, баптаушы болғысы келген қамқорын жұлып алдына алды да көтере түрегелді. Сүйе берді алқымы мен ернінен. Екі білегіне қондырып шыр айналдыра сүйді. Мойнына жабысып алып Ақия да шөпілдетті... – По, жеткіздің ғой опасыз қатынды! – «Ғарышқа шығып», етегі желбірей түскен Ақия қолын жуып еді. Тамақты ысытуға бейімделгеніне қонағы білегінен ұстай алып, тағы тартты қасына. Баптаушысы енді әдейілеп шешініп жатты... Бір аздан соң ет плитадан қайта түсіріліп, коньяк қайта құйылды. – Сенімен алғаш танысқаныма міне 14–15 жыл өтіпті,– деп күрсінді Ақия. – Сенен... түсіне алмай қалған бір жайым бар еді. Өзіңнен сұрап түсінуге ол шақта бетім шыдамаған. Енді сұрайын, шынын жасырмай айтшы! – Қонақ аңыра қалды бұл өтінішке. Ақия сөзін қызғыш тарта күлімсіреп жалғастырды. – Есіңде қалмаған сияқты. Мен әліге дейін өзімнен-өзім сұраумен келемін. Сол шақта менен қандай кемшілік таптың?... Ол кез, Мақпалың жоғалып кетіп, Үрімжіге одан мүлде түңіліп келген кезің болатын... Саған мені Күлән ертіп апарып таныстырған. Осындағы ең таңдаулы қызымыз деп көрсетуге апарғаны мәлім. Маған сені де солай деп мақтаған болатын. Сен де, мен де қуанышты шыраймен танысқанбыз. Мұны қазір бетіңе басқаным емес, сол пәк – таза қыз кезімнің өзінде де саған жақбайтын әлдеқандай бір кемшілігім бар болса керек. Соны білуді әлі де арман етемін. Олай болатыны, сол танысқан бірнеше күннен соң, жеңге рөлін атқарып екеумізді қосуға баулып жүрген Күлән тәтенің өзіне жабыстың... Жап-жас мен көзім қызарып, ескерусіз қалдым. Күлән онда екі-үш ерден айрылған әйел еді ғой?... – Иә, есіме түсті, солай болған. Бірақ, ол жайым, сенен сол шақта бірер кемшілік тапқандығымнан емес... Күләш менің құрдастарымның ішіндегі бірден-бір жан досым. Ол жетімдік жағдайымен тұрмысқа тым ерте мұқтаж болып он үш-он төрт жасында бір жігіттен алданған. Екінші рет уәделескен жақсы жігітінен оның өлімі арқылы сорланған. Үшіншісінен мүлде қара күш арқылы зорланған. Қалай да үш ерден қалғаны рас. Соңғы зорекерден бір бала тастағанын да білетінмін. Бірақ соның бәрінде де өз басынан өткен біттей де қателік жоқ. Сондықтан ол жағдайларын мен кемшілікке санамаймын. Және бұрыннан қызығатынмын. 51–жылы жазда көшеде саған қатарласып келе жатып, өзіне ынтығатынымды білдіргенімде ол сені айлана қашқан ғой... – Сонда мен ішімнен қатты намыстанғанмын!– деп қосты Ақия. – Ең ғажабы сол, Нұрияштардан айрылғаннан кейінгі дүниеде сол кемпірден сұлу қыз бар дегенге сенбеймін!... Оны Мақпал да солай қасиеттейді! – Мақпал, сенің оны теңдессіз көретін райыңа қарап жақсы көретін шығар! –Ақия күрсіне сөйледі. – Ал, сен өзің оны неліктен соншалық жақсы көріп қалғансың, осы жайыңды анықтап айтшы!...Сонда оның несі артық көрінді менен? – Ерлерден көрі әйелдерге сыншырақ сияқтымын ба қалай? – Қонақ күліп жіберіп, көңілдене жалғастырды сөзін. – Сол кемпір әйтеуір маған қашан да керемет сұлу көрінеді де тұрады. Ол, менің алғашқы махаббатымның ең жақын қормалы болатын. Бір құрсақтан шыққаннан да жақын әпекесі сияқты. Сол арқылы маған тіпті күйінішті қамқор қайынбике болған. Содан бастап екеуіміздің жүрегіміз қайнасып біткендей. Оның мен анық білетін ең жоғары қасиеттері – өзінің жақсы көретін адамына жүрегін де жұлып беруге дайын тұратын адал жандылығы, мінезі мен санасы. Ол мені алғаш көрген күннен бастап іштей сүйе жүріп-ақ, сол кезде келіншек болып қалғандығынан өзін маған лайық көрмей, пәк сұлу Нұрияға қосылуыма бар ниетімен тілеулес пана болды. Кейін маған тіпті күйе жүріп-ақ, өзін әлдекімнен қалған кемпір санап, жас сұлу саған қоспақ болды. Көңілім өзінде екендігін сездірсем де саған итермелей берді. Мақпал табылғанда бар қуанышымен той жасап қосты. Басқаның бақыты үшін өз бақытын құрбан ететін осындай жүрек қанша адамда бар? Күләнді сол үшін теңдессіз әйел деп білемін. – Енді түсіндім. Мен сондағы сенің сыныңа толмай қалған қалысымнан-ақ кемсініп, дертке шалдыққанмын. Мына себептеріңді сонда білсемші!... – Су–су!... Ақия, Ақия!– деген Құлжанның шала жансар дауысы шықты осы шақта. Іш көйлекшең ғана жайнаңдап отырған ақ сазандай Ақия, сол жексұрын дауысты түнере тыңдады да, ауырлай түрегелді орнынан. – Тымау тиер, киініп барсаңшы! – Қарсы үйдегі кереуетімнен тұрған болып кірейін, сол халіне қарамай өзі асқан күмінқор, қызғаншақ ит! – Есік сықырын білдірмей шығып кетті. Көшеден шу көтерілді ол шығысымен. Тарс-тұс мылтық атылды. Ақия жүгіріп қайта кірді клетке. – Киін, киін, жер астына түсіп ал! «Бірінші» мен «үшінші» жеңіп, қуып келеді. Армия құралдандырып, көмектескен екен! «Екіншінің» адамдарын іздеп енді бар үйді тінтеді! – Ақия, Ақия!.. Мені жеткіз үңгірге тез жеткіз!– деп тілін шайнай ышқынған Құлжанға әйелі мұрнын тыжыра күлді. – Мені өлтіреді ғой Ақияш, өлтіреді ғой енді, тез әкет құлың болайын! –деп кемсеңдегеніне тіпті күлді. Қонағы киіне сала сақал мұртын жанқалтасына салып, екі таяғын ала ұмтылды үңгірге. Қол шырағын қонағына беріп, кесек көмірді аудара сала Ақия, үңгір аузына қойған қарақожалақ темір қақпақты жұлып алды. – Баспалдақ бар, домалап кетпе, үшінші тармағына кір!– дей сала құшақтап, қонақ, үй иесі айтқан үшінші бұрмасына кірді. Расында да жау қорқарлықтай үңірейген көп ұялы үңгір екен. Түп жақтағы бір далдасына төсеніш салыныпты. Сенімді жай тапқан қонақ біраздан соң ұйқыға кетті. Үңгір қақпағының тақылдағанына оянып, сағатына қараған қонақ, уақыт күндізгі онға кеткенін бір–ақ көрді. Тамағын кенеп дыбыс бергенінен Ақия келгенін біліп, қайта құлады орнына. Ақия сипалап келіп тауып, кеудесіне құлай кетті. Аймаласа түсті де бойын тез тартты. – Мұнан соң нысаптырақ болуды ұмытпайықшы!... Мақпал келгенше сені жап-жас жігітке айналдырсам!... – Мына үңгірді кім жасаған? – Қонақ құшағына қайта тарта сұрады. – Халық алдында қылмыс көп жендеттер бірлесіп жасаған!– деп күрсінді Ақия. – Мына жалақорлардағы кегін бізден алады деп қорқып әйелдері тіпті қатты істеді! – Түнде мен мұнда түсіп алған соң не болды?.. Жасақтар келіп тінтті ме? – Тінткенде де қандай, бірақ, бұл үңгірді олар білмейді. Анау қортықты тағы да тепкілеп кетті. «Сен осылай құсып-тышып жатып төңкеріс істемекпісің», «штапқа неге бармай қойдың», «екіншімен байланысыңды айт» десіп тепкіледі де, жауап бере алмайтын халін білген соң маған тиісті: «бұған неге арақ бересің, буржуазияша шіріктестіріпсің» деп зекіді. Мен оларға итімнің үстінен шағым айттым. «Бұл маған феодалдық үкім жүргізеді, арақ бермесем ұрады!» деп шағындым. Енді арақ бермеуімді, ұрса штапқа барып мәлімдеуімді тапсырды. Құлжанға таңертең ерте баталион штабына барып жауап беруін, екі құлағын жұлып тұрып ұқтырды. Қасына таңертең кірсем, саңырау болып қалғандығын айтып жылады! – Ақия қуанышын жасырмай сақылдап күліп айтты бұл хабарды. – Саңырау ғана емес мүлде керең болғанын, сөзімді айқайлап ұқтыра алмағанымнан біліп қуандым. Сүйрелеп тұрғызып, суық шай бердім де таяғын ұстатып әрең шығардым қақпадан. «Сен ертіп апар» дейді ха–ха–ха–һа...а... Осында шешіне ғой,– деді сонсоң Ақия. – Жаңа киім дайындап қойдым, кілетке шығып жуынып ауыстырайық! Қонағын толық шешіндіріп, жаңа көйлек-штанмен ғана шығарды клетке отты мол жағып, су жылытып қойған екен. Үлкен легенге жалаңаштап түсіріп жуындырды да, сонсоң өзі жалаңаштанып жуынды. Қонақ та білегін үй иесінше сыбанып, өзінше сабындап, ысқылап жуындырды. Екеуінің бар әрекеті ләззәтті күлкіге айналды. Ақия көзінен қуаныш жасын парлатып жіберіп күлді де, қонақ күрсіне күледі... – Саған қазірше мынадай ықшам киім лайық!– деп мақталы сары бешпет-сым кигізді Ақия. – Бүгін-ертең ешқайда шықпайсың. «Бірінші–үшінші жасақ» қуылғанша шықпағаның жақсы!... Олар қазір осы маңды түгел қоршап алды. Ұйғыр мен қазақ көрсе қатты тексереді. «Екінші жасақтың» негізгі көпшілігі институтта қорғанып соғысып жатыр екен. Оларда құрал тапқан сияқты. Басқа райондардағы көмек күштерін келтіріп, мыналарды қала ішіне қайта қуып тастай алса, солардың құпия белгісімен де сақал, балдағыңмен де шығып тұруыңа болады. – Оғанға дейін Мақпалдарды іздемейміз бе? – Оларды мен іздеп-сұрастырамын, бейғам жата бер!– деді де қонағының мойнына асылып маңдайынан сүйді. Оның түндегідей ырқына көне қоймады бірақ. – Мен қазір сенен де бетер, күліп жіберді. – тіріліп кеттім. Сөйтсе де уақытқа бағынайық! Мұнан соң сенің арнаулы доқтырыңмын, біліп қой! – Олай болса, мақұл!... Ал, сен оларды қалай іздейсің, кімнен сұрастырасың? – Қазір құлағы ұзін жесір қатындар көп, айдалып кеткен «оңшыл-ұлтшылдардың», жақында қолға алынған «құқық иелері» мен «кері төңкерісшілердің» әйелдері. Бұлар бұрын менен тыңшы деп қорқатын. Менің жайымды жақыннан бері бір-бірінен естіп, түсініп қалғанын білдім. Құлжанға орнатқан «бақытымнан» түсінген сияқты. Бүгіннен бастап соларды шайға шақырамын. Бәрі арақ ішетін болған. Олардың жоғарырақ білімділері қазір Ұланбайға бақылау астында алынып, шошқа, сиыр бағып жатыр. Оларға да өздері аңсайтын бір нәрселер апарып, көңілдерін сұрап қайтамын. Нұрияшың мен Күләшіңнің қайда екендігін солардың бірі болмаса бірі білмей ме!... Дұрыс па бұл әдісім? – Осы ақылың үшін, әкелші бір сүйіп алайын! – Міне жерімнен ғана! – Ақия маңдайын еркелей нұсқады. Қонағы құшақтап тартып алды да миығына сап ете түсті. – Әне, әне!... Сенің ернің... асқан бұзық екен!– дей сала «доқтырдың» өзі де жабыса кетті. Естен тана жабысты... Таңертеңгі тамақ екеуінің естіне сонан соң түсті. Ақия екі шыны шайды асыға ішіп түрегелді. Жер асты үңгіріне түннен қалған еті мен коньякты, радио қабылдағыш пен көрпе-жастығын, тіпті дастарқан мен термосын да тасыды. – Ал, сен сонда барып асықпай іш! Шам жағып қойдым, сырттан басқа дыбыс естілсе өшіре сал! Қақпаны сыртынан құлыптап кетемін. Әлгі маскүнемнің бара салып қамалатыны белгілі! – Тоқтай тұр, жоғымызды табуға ақша да ес қатып қалар, шіріктескен шақ қой, қанша пара болса да тартынба! – Қонақ жаңа киім қалталарын сипап қойып, үңгірге қарап ұмтылып еді, Ақия ұстай алды. – Ақша ма?... Өзіңде тұрсын, кейін керек!... Үрімжі базарында қазір еш нәрсе жоқ. Сақтық үшін бәрін де бұрын алып қойғанмын!... Ал түс, үйренген зынданыңа! Мен тез қайтып кеп, дастарқан дайындаймын! – Гүлниса дейтін әнші қызды білесің ғой, табылса соған мені жасырмай айт, келіп көрісуінен қауіптенбе! – Ол қолға алынған, қазір ең қиын түрмеде... Оның оқиғасын кейін айтайын! Қонақ, Гүлниса жөніндегі мына хабардан ауыр күрсініп түсті үңгірге. Ыңғай жаңа төсеніші салынған орнына келіп құлай кетті де, радио қабылдағышты айландырды. Белгісіз бір станциядан түндегі оқиғаның хабары беріліп жатыр екен. Бір жуан дауысты ұйғыр үкіметке ашық қарсы, ауыр наразылық жариялады. «Төңкеріс шебіндегі екі көзқарасты бірлікке келтіріп тыныштандырудың орнына бір жағына әскери құрал беріп, екінші жағын қырғындатты. Өздері жариялаған «қалам күресінің» орнына «әлем күресін» жүргізіп, ішкі соғысқа от тұтатты. Сөйтіп бұл ретте де қанды қырғынды бастаған үкіметтің өзі! Екінші көзқарастағы жастар да құралдануға мәжбүр болды. Қырылған, жараланған төңкерісші саптастарының адал қанына қан, жанына жан алуға аттанды. Жолдастар, достар, жалпы аттанысқа келіңдер, соғысқа соғыспен жауап бермей, бұл қырғын тоқтамайды. Құтқарыңдар бауырластарыңды!»... «Өздеріңізге мәлім, біз бұларға ешқашан қорыққандығымыздан бағынған емеспіз, коммунистік партияның құрметіне бас игенбіз. Бұл диктаторлардың коммунистік көзқарастан айнып, азғындағаны бүгін ғана емес, саптастар жағынан әлденеше рет ескерту айтылған. Коммунизм әрекетін Маулармен Уаңдарды сыннан қорғау деп қана танитын көзқарасты ұрыңдар тұмсыққа! Бұл маркстік–лениндік көзқарас емес! Сыннан қашатын «коммунизмші», «коммунизмші емес!...», «біз өз отанымызда ақиқи социализм мен коммунизмді ғана қарсы аламыз! Жоғалсын жаңа заман феодалдары!...» Осындай жалынды сөздер радиодан сөйленіп жатқанда үңгірдегі жасырын қонақ мыти берді көкірегін, аунақши берді. Арақ та жұтты, ыстық шай жұтып жіберіп, өңешін де күйгізді. Бір шақта бұл радио өше қалды да, соның дәл қасындағы тошкыден үкіметтің әшкере радиосы ұрандата жөнелді: «теңдессіз көсеміміз Маузыдұң жасасын! Құқық ақиқи Маузыдұңшыларға ғана тән!... Үкіметсіздікке соққы берелік! Барлық кері төңкерісшілерді, барлық кертартпа күштерді, тап жауларын жоялық!» деген ұрандары естіген қонақтың бет-аузы бырыса қалды. Радио қабылдағышты өшіргенше, «шужыңжуйшылар» мен «оңшыл оппортонизмді» де сыбап үлгерді легалды радио. Қонақ, үңгірдің қақпағы ашылып, Ақияның үні естілісімен ұмтылды жер бетіне. «Бүгінге екі жесірді ғана шақыра алдым. Соғыс қызып барады!»– деп Ақия құшақтай алды. – «Тыңда, тыңда!» деді сонсоң. Екі жақтың электрлі кернайлармен иянаттасып, айтысып, бейберекет шуласып жатқаны естілді. Ақия клеттің терезе портошкасын ашып қойып, естіп келген хабарын қысқаша сөйледі қонағына. «Қызыл екінші жасақтың» көрші аудандардағы әтіреттері келіп жатыр екен. Тіпті таудағы қазақтардың атты әтіреттері де келіп қала сыртына орналасыпты. Толық құралып, «қызыл 1, 3» бүгін түннен қалдырмай қуып салудың дайындығында екен. Мына кернайларын сол дайындықтары үшін ғана айқайлатып айтыстырып қойыпты. – Сондықтан қазірше ешқай жақ халықты тінте алмайды. Сен осы жерден тыңдап тұр, менің жұмысым бар! – Ақия клетті сырттан құлыптап тастап үйіне жүгірді. «Құрал тастап, қол көтеріп шығыңдар!», «құтылар жолдарың қалмады, берілмесеңдер түгел қырыласыңдар!»– деп айқайлады «бірінші, үшінші» бұл жақтан. – Қоршауда қалған біз емес, сендерсіңдер, «тарихтың жаратушысы халық»[104] болса, қанішер бұзақыларды жоюшы да халық болмақ!»– деп институт жақтан «екінші» айқайлады. – «Кім де кім төңкерісші халық жағында тұрса сол төңкерісші, кім империялизм, феодализм, бирократ капитализм жағында тұрса ол кері төңкерісші»[105], жеңімпаз Маузыдұң идеясына қарсы тұрып, арба дөңгелегіне жабысқан тәуетше жаншылмаңдар! – Осы нұсқауды өздерің оқыңдар жалдан ба иттер! Феодал бирократ құқықтылардың айтағымен арсылдағанша өтіңдер халық жаққа! – Ей жын-шайтандар, халықтың кім екендігін әліге дейін түсінбейсіңдер ме! – «Халық» дегендерің – өзін халық деп атап, халықтың құқығын тартып алған бирократ феодалдар ма! Ей соқырлар, халық оның бүтіндей қарсы жағында, міне біз жақта тұр! «Қызыл екіншінің» осы жауабына «қызыл бірінші мен үшінші» оқтан басқа қару таба алмай қалғандай, автоматтан оқ жаудырды. Кішкене қақпа да автоматша тақылдағанда Ақия жүгіріп шықты үйінен. Кілет терезесіндегі қонағына басылып отыр дегенді қолымен ымдай жөнелді. Үйінің көше жақ терезесінен әйелдердің сасқалақ дауыстарын естіген екен, шақырдым деген «екі жесірі» қақпа ашылысымен сып-сып ете түсті. «Жаңа дәстүрмен дауыстап «сәлем бере» кірді үйге. – «Халық үшін істелік!»[106] – «Белді бекем буып, құрбан болудан қорықпай, үздіксіз жеңіске жете берейік!»[107] – «Бірінші қиыншылықтан қорықпайық, екінші өлімнен қорықпайық!»[108]– деп үй иесі «сәлем алды». Өздерінің сәлемдескен болмыстарына үйге кіре сала сақылдап күлісті өздері.
Данышпан тергеушім, сіздің «халық» атты ойыншығыңыздың сыры, ертегідегі «ұр тоқбақтан» да қиындап кетті. Мына шулап жүрген пенделеріңізде жарылмаған бас, шықпаған көз қалмай барады. Өзіңіз қамқорлық етіп, жалғыз құйрықты айқын түсінік бермесеңіз менің басым быт-шыт болғаны ғой. Олай болғанда жаныңызға жағарлық қылмыс тауып бере алуым мүмкінбе!... Баяғыда бір мәнсапты халыққа тән барлық құқықты құрал күші арқылы шатына жиып алған екен. Сол мықты, «халықтың ең құқықты қожасы – мен, сондықтан мені мен менің сойыл соғарларым ғана халық» депті. Ал, сізше?... «Халық» деген сондай сойылдылар ғана ма, иә осы елді өз сәнімен құрап, күшімен асырап отырған көпшілік еңбекшілер жұртшылығы ма? Егер сол мәнсаптының үкімі дұрыс болса, «халық жауы» деген кім болмақ? Әділетті айтқысы келетін төрешінің осы жөніндегі қылмысты айырудан басқа пәлендей қажеттілігі жоқ болса керек қой!
ІІІ
Институт жақтан кеш түсе мылтық атысы жиылей түсті. Соғыстың қайта күшеюінің дерегі еді бұл. Әйел қонақтар шыға жөнелді. Бірге шығып есігін құлыптаған Ақия үйіне қайтып келіп кіргенде институттың тұс-тұсынан көп қолдың қарама-қарсы атысы басталды. Атаканың ұранымен бірге звес гранаттар да жарылды. «Бірінші мен үшінші» шабуылға өтті!» деп Ақия келді клетке. Іле-шала бүкіл қала көтерілгендей, алыс-жақын, батыс-шығыс, түстік-терістік түгел атака шуын көтерді. Маңайдағы көшелер тасыр-тұсыр жүгіріс, ат шабысы, айқай-ұранға толды. «Сырттан қоршаған әтіреттер шабуылға өтті!» деп Ақияның күлімсіреген шырайы пулемотпен автомат тақылдағанда өше қалды. Мені құшақтай алып ышқынды. «Екіншінің» сырттан келген көмегіне «бірінші мен үшіншінің» ашқан қырғын оты екендігі белгілі еді. Оқ тигендердің жан дауыстары шыққанда атака үдеп, араласа кеткендей болды. Тасыр-тұсыр, сарт-сұрт сойыл-шоқпарлардың, кіжінген боқтықтардың үні күшейіп, жақындай берді құлағымызға. «Қуып келеді «екінші» жеңді, жеңді!» деді Ақия. – «Міне, осы көшеге де келіп қалды. Үңгірге түспей тұра тұр, өтіп кетер!» – Әлем күрес тоқтатылсын!– деп дәл осы шақта күшті микрафон саңқылдай жөнелді. – «Жазалаушы армия шықпай тұрғанда» екі жақтың да құрал тапсыруын, қалам күресінен басқа күреске жол қойылмайтындығын қайталап-қайталап жариялады. Оған қарсы «екіншінің» электрлі кернайы айқайлады көшеден. – Қалам күрес естеріңе енді түсті ме! Біздің төңкерісшілердің қанын төккен құралдар кімдікі?... Жолдастар, достар, тыңдамаңдар оны! Шабуылқор құралды жаудан кегіміз қайтқанша тоқтамаймыз! Қуыңдар, соғыңдар!... Шапқан қасқырды соқпасақ, қасқыр қайта шабады, шағыңдар қол-аяқтарын!... Осы көшеге «екіншінің» звес бөтелкесінен үшеуі түсіп жарылды да уралап қуғандар тасырлатып өте шықты. Ендігі бір сәтте соғыстың бізден алыстаңқырап құлдап кеткенін ұқтық. – Бұл көшеде үрейлі қараңғылықтан басқа ештеңе қалмағандай еді. Тамаққа енді отырғанымызда ыңырсыған үн естіліп, қақпа әлсіз ғана қағылды. – Соғыста ауыр жараланған біреу шығар!– дедім мен. Ыңырсыған үн тағы естіліп, қақпа тағы да әлсіз қағылды. Ақияның көзі жалтақтай түсті.
|
|||
|