Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 45 страница



– Ақияны енді басқа ешкімнен сұрамай-ақ қойыңыз, мен тауып беремін!... Осы жерде сәл күте тұрыңызшы! – Осы сөзбен Ақия аяғын тездете басып жүріп кетті де, сол Биғабілдің бұрынғы өзі тұрған үйіне барып кірді. Бұрынғыдан жалғыз-ақ парқы, көше жақ терезелерін дауалмен қоршап, бұрынғы қақпа орнына кішкене ғана темір есік орнатып алыпты. Кейінгі науқандар да қызыл жасақтардың шарлауы көбейіп кеткендіктен қала тұрғындарының көбі есік-терезелерін осылай бекітіп алған екен. Әр семья өзді-өз алдыларына бір-бір жамбыл сияқты. Күндіз-түні құлыптап, ілгектеп, өздері де сыртқа бейсауат шықпайтын, үйлеріне бейсауат адам кіргізбейтін әдет қалыптастырып алыпты. Ақсақ шалдың екі аптадан бері таныс ешкімін таба алмай, иә, тексеріп бітіре алмай жүрген себебі осы болатын.

Пальтосын тастап, жеңілденіп шыққан Ақия жан-жағына қарап тұрды да ақсақ шалға қол бұлғап қалып, кішкене есігіне суырша сүңгіді. Қарт бүкшеңдеп балдағын тақылдата жеткенде есік ашыла қалды. Есік далдасынан көрінген Ақия ымдап клет үйіне кіргізді шалды. Кішкене флиталы ошағына от жағып қойыпты. Ұйғырша шала тілмен «хапа болмай осында отыра тұрсаңыз!» деп күлімсірей күбірлей шығып бекітті есігін. Бұл кілет Биғабілдің бұрынғы жатын үйінің қарсы жақ бұрышына салынған екен.

– Ақия, Ақия!– деп шақырған Құлжанның дауысы терезесінен естілді. Өле мас сияқты, тілін шайнап жыламсырай шығарды үнін. – Қайда жүрсің? Қайдасың?... Неғып жүрсің?

– Ей, мен мұнда, бірдеме жеп кетті деп пе едің!

– Арағым қайда, арақ, арақ!...

– Мә!...

– Ой... ой айналайын-ай, осының, осының ғой сенің!...

Кілетке термос пен дастарқан көтере кірген Ақия ескі киіз үстіндегі аласа столға шай құя отырып, мас болғанда шатақшыл болып кететіні бар. Сізді үйге бастай алмадым, кешіріңіз! – Қарай берді шалдың жүзіне. – Биғабілдар қайда тұр екен?... Айта беріңіз, Ақия дегеніңіз – мен!

– Шаярдың Тарым лаугай майданында. Біздің мәліге хошна, жақын тұрады.

– Лаугай ма?

– Лаугай емес, оңшылдық қалпағы да алынған. Сол майданға уақытша орналасып қалды. Сізге сәлем айтты, бала-шағасының қайда екенінен хабар ала алмапты. Сіздің білетініңізді айтып, анықтап сұрап біле келуімді өтініп еді!

– Осы маңайдағы ешкімнен сұрамадыңыз ба?– Аңди қарап сұрады Ақия.

– Сізді сұраған адамдарым білмейміз деп қайтарды.

– Иә, бір көшеде отырғанымызбен араласпаймыз. Біз басқа жақтан жақында көшіп келгенбіз. – Ақия бұл жолы әдейі өтірік айтты. Осы кісінің өзі Биғабіл болса өтірікке қарсылығымен-ақ сездірер дегендей көз астымен қарай берді. Өзін сынап-тексеріп отырғанын ақсақал шал да сезіп, сыр бермеуге тырысты. Ақия меймандостық көрсеткенси өтінді сонсоң. – Бас киіміңізді алып жайланып отырып ішіңіз!

– Рахмат қызым, ішіп болдым!.. Биғабіл әфәндінің бала-шағасының тұрағын айтып берсеңіз, ертерек тауып біліп қайтсам!... Жатқан үйім алыс!

Ақия ойлана кідіріп, шалға қарай түсіп жауап берді.

– Олардың қазір қайда екенін мен де білмеймін. Әйелінің қалпағы бар, мұғалім еді. Тұрпан жаққа төменге түсіріп жіберген. Баласы Күлән дейтін әпекесінің қолында қалып еді. Алдыңғы жылы социалистік тәрбие жүргізілерде ол да бір жаққа көшіп кетіпті. Содан бері оның да қайда кеткенін білмей қалдым! – Осыны айта отырып, шалдың өңі бұзылып сақалы дір ете түскенін көрген Ақия тосыннан жылап жіберді де таза қазақ тілімен сөйледі. – Маған сенбейтін де жөнің бар ғой! Бірақ, қанша азғын болсам да дәл Биғабілдің ардақты басына қастық істермін бе!... Бір көруге зар болып жүргенімде... Әрең келіп көрініп отырып, осындай оңашада неге жасырынасың менен?... Қаншалық ұйғыршаласаң да түсіңнің жаңағы өзгерісінен бұрын-ақ көзің мен мұрныңнан танып отырғанмын. Ант атсын қас қылсам! – Шалдың баса киген тері бөрігін басынан жұлып алды осы сөзбен. – Міне дәл өзісің!– деді де асыла құлады шалдың мойнына. Үн сала еңіреді.

– Ақия, Ақия!– деп бар дауысымен Құлжан шырқырады үйінен. Ақсақал шал жауының Ақиясын серпи түрегелді.

– Ит ұлып жатыр, абыржымай-ақ қой!– деді Ақия да түрегеліп, көз жасын сүртті. – Баяғы өзіңді қапқан ит болғанымен қазір жөндеп үре де алмайды. Мен барып келейін, бейғам отыра бер!... Не болды, не болды!– деді үйіне кіріп барып.

– Арақ, арақ!... арақ!

– Үй жаңа ғана беріп едім ғой!

– Ол ма, ол... мысықтың сідігі!... Арағымды басқа ыдысқа.. құйып алдың, қаншық!... Бөтелкені иіскетіп кеттің!... Ана үйге апарып қай байыңа құйдың, кері төңкерісші жалап?

– Дәл қазір өлейін демесең, тарт тіліңді!...

– Қойдым, қойдым, Ақа...а...а!– Құлжанның дауысы қырылдап әрең шықты. – Ақа, ақа... ағатай, қыспашы тамағымды, қойдым, қойдым!... Хы–хы–һы–һы... арағымды берсең болды!

– Мә, өзің-ақ іш уыңды!

– Ә, міне, бар екен ғой!... Бар болды!... енді сендім!... Әлгі... Мақұлбектің қатынына... беріп қойды ма десем, бір жұтып алғандай тамағын қырынып, бір лоқсып қалған Құлжан тағы бір әуенге көшті. – Қарама маған, қарама!... Маған ерегесіп... бәрін бір-ақ ішіп... алайын деп тұрсың ғой!... білемін ол қулығыңды!... Көшеде арақ жоқ... бар бара бер өз жұмысыңа!...

Ақия күлімдей кірді кілетке. Баяғы жуан құйрық байландидың бір бөтелкесін, екі рюмкасымен әкеліп дастарқанға қойды да, «енді ешқайда баруға асықпай-ақ қой, әңгіме шертеміз!» дей сала көмір алып шығып, клет есігін тағы құлыптай кетті. Лезде шағын кілем мен көрпе-жастық ала кіріп, қонағының астына жайды. Шалдың қисық аяғы түзеліп, жеп-жеңіл түрегелгеніне күле шығып, тағы құлыптады.

«Әке, әке, жүй-жүй-жүй!» деген Асқардың ауық-ауық естіліп, жүректі езетін шырылы құлағына тым жақыннан естілген шал елеңдей қарады жан-жағына. «Бізге алаң болма, өз денсаулығыңды күт!» деп қалды аяулы жар. «Өз денсаулығыңды ғана.. өз денсаулығыңды ғана...» – Күміс қоңыраудай тұнық-таза үн өздіксіз сылдырады құлағына. Жас парлай жөнелді шал көзінен. Құшағын кең жайып еңіреп жіберді. – «Мақпалым!...Нұрияшым – күн жүздім, бармысың?... Қайда жүрсің?»– бар дауысын сол Асқарынша ағытып жібере жаздап, тына қалды...

Сақал-мұртын сыпырып алып, көз жасын ағыл-тегіл үнсіз ағытып отырғанда кірді Ақия. Қолындағы ыдыс-аяғын қоя сала ол да еңірей келіп құшты қонағын. «Табылды Биғашым!... Бақытты Мақпалың аман табылады асылым, алтыным!»– деп бастап еңіреді ол. – «Мендей опасыз емес қой ол! Сенің жолыңда еш қатерден тайынған емес, әлі де тайынбайды, табады, қайтсе де табады, табылады! Өлді деп естілген сен табылған соң бәрі де табылады! Жалғыз-ақ Құмар ғана табылмасқа кетті!...»

– Оған не болыпты!– деп шал басын көтеріп алды да, Ақия солқылдап егіле түсті.

– Мен опасыз болған соң... ол... қарайма маған. Тоқсұнға барған соң бір....бір... ұйғыр әйелмен үйленіп алыпты!

Шал енді күліп жіберді. Өзі опасыздық қып тастап кеткен сүйгенін мына жоқтаған жоқтасына Ақияның өзі де күле түрегелді. Сабын, құмған әкеліп, «тірілген шалдың» ақ бурыл шашты басына су құйып, өзі тазалап жуды да, жаңа орамалымен өзі сүртті.

– Ағарса да бұп-бұйра!... шашың тіпті жарасыпты!

– Соры мол шаштың жарасқаны не, жараспағаны не, бәрі бір!– деп күрсінді шал.

– Шыда Биға!... Сабырлы едің ғой!– Ақия ошаққа көмір сала жүріп сөйледі. – Мақпалыңның бар тілегі, сенің амандығың ғана болатын. Енді ол шексіз бақытты. Өзіңді қайғыға бермей, мұқалмай шыдап тұр, табылады!... Ол маған өкпелі еді, сені оған.. аман болсаң, әлі де гүл жайнатып табыстыруға тырысамын!... Енді...

– Ақия, Ақия!... Бармысың, қайдасың!– Құлжанның дауысы тағы да шыңғыра шықты.

– Бармын!– деп дауыстады Ақия. – Бірақ, сен жарымеске жоқ сияқтымын, қазір! – Күліп жіберді өзі. – Арақ иісі бар су ғана беріп шығып едім, енді сірестіріп келейін!...

– Таңдап тапқан «төңкерісші» байыңды өлтіріп алып жүрме!– деп қалған шалға Ақия қайрыла қарап күлімдей шықты. Көшеде кемпірше құрсиып, түнеріп жүрген жүзі осы бірер сағатта-ақ нұрлана қалғаны байқалды. Әлдеқандай бір мол қуанышқа бөленгендей.

– Қайда бардың Ақа, арақ-арақ!– деді Құлжан, әйелі кіріп барғанда. – Әкеңнен қалғандай жарытпайтын болдың ғой!

– Әкеден садаға кет, арақ жоқ енді саған!

– Айналайын Ақашым, бірдеме табушы едің ғой осындайда!.. Табаныңды жалайын дедім ғой!

– Мә, мынаны іше тұр, қалғаны осы! Үлкен көшеден арақ іздеп келейін, айқайламай тыныш жат!

–Леген әкеліп, мені сүйеп жібер олай болса, сиіп алайын!– Осы талабы орындалған соң болса керек, –күннің батуына қанша қалды?– деп сұрады аз кідіріп. – Әйтеуір күн батпай кел. Қараңғыға қалсаң бір жүлік тоңқайтып кетеді.

– Күн жаңа ғана шықпады ма! – Ақия шырақ кнопкасын ашып қап айтты бұл жауапты. Расында күн батқан шақ еді. – Мына термоста шай бар. Мынау сәй, мынау нан, мынау қызыл бұрыш, ішің күйіп бара жатқанда осыны же!...Есікті құлыптап кетемін!

– Әйтеуір арақ таппай келме Ақа, ол болмаса... білесің ғой жайымды!...

Кілет терезесінен тыңдап тұрған шал қолын артына қайырып арлы-берлі жүріп кетті. «Мұның ішкенін еркіндік уы деп атаса болады екен!»– деп ішінен. – «Ұстай алмаған шоқпар басқа да көтке де тиеді. Оңшыл–ұлтшыл деп сатқандарының бодауына тапқаны осы у болғаны ғой!... Алқагулікке айналдырып түбіне жетіпті. Бұдан енді кек алудың қажеті не!»– күрсініп жіберді. Борышы сәл жеңілдеп қалғандай сезілді өзіне.

Жасаған тамағын клетке сыбдырсыз ғана тасыған Ақия каресін лампы жағып, кішкене терезесін саңлау қалдырмай жапты. Коньяк бөтелкесін ашып, толтыра құйды екі рюмкіге.

– Сен режимге алынғаннан бері жадырағаным осы-ақ шығар, келші, аман қайтқан қуанышың үшін ішелік! – Тауыса ішіп, кең тыныстап алып сөйледі. – Бір оқушым күзде таудан әкелген жамбас еді, саған бұйырыпты! –Ақия өзі тураған майлы еттен алдымен қонағына асатты. – Бұл үйден хауіп жоқ, қамсыз жат! «Ұлы төңкерісшінің» үйі ғой, қуалаған ит те кірмейді. Егер қызыл қорғаушылар келіп тінте қалған күнде де сені таба алмайды!...Әнеу үлкен көмірдің астында жерасты үңгірі бар, ішінен түйе де табылмайды. Соғыс дайындығы деп қаздырған. Тамақ ал Биға!.. Көп-көп жеші!...

– Күләннің денсаулығы қандай еді?

– Өте жақсы. Күреске қанша көп түсіп, қалпақ кисе де бүйрегі әлі де бітеу қалпында болатын. – Ойына күлкілі бір іс түскендей сық етіп күліп жіберген Ақия, күрсіне жалғастырды сөзін. – Күләш, көп сыннан өтіп көніккен, аса шыдамды әйел ғой!... Ал, Нұрияшыңның денсаулығы да Тұрпанға кеткенше қаз-қалпында еді. Оны жау көп айландырды. «Шекараңды оңшыдан айыр» деп күреске көп тартты. Соңына жүні түзуірек жігіттерден де бірнешеуін салды. Нұрияш жауабынан танбады да тайсалмады. Оның бір ерекшелігі, ешкімді ерегестірмей-шамына тимей-ақ, өзінің тура сөзіне мойындатады екен!... Кел, соның денсаулығы, аман қайтуы үшін ішелікші!...

– Ол, төменге қай уақытта түсті? – Қонақ ұсыныс етілген тосты бөгелмей алып жіберіп сұрады.

– 62-жылы 2-айда. Үш аймақ халқының Совет одағына қашуынан екі ай бұрын түскен.

– Ал, Күләннің көшіп кеткені қай уақыт?

– 62-жылы үшінші айдың орта шені. Айтпақтайын Мақпал Тұрпанға түскен соң кешікпей... 62-жылы үшінші айдың ақырғы кезінде ғой деймін, Күләннің үйіне бір келіп қайтқанын естігенмін. Бірақ ол кезде олар маған қатты өкпелі болғандықтан араласа алмай қалғанмын. Тұрпанға анық қайтқан-қайтпағанынан хабарым жоқ!

Ақияның бұл сөзінен «Мақпал дәл сол шақта Асқарды алып, Дөрбілжінге қайтқан шығар» деген үміт жылтырай қалды, шалдың көңіліне. Олай болғанда Қазақстанға үлкен үймен бірге аман өткен болар еді!

– Кел, тағы бір алып жіберелік!– деді Ақия, тершіп, рахаттана қалған екен. – Есіл достарым, Биғаным!...

– Мен біраз демалып ішейін! – Шал бір ұрттап қана жастыққа шынтақ тірей қисайды да, Ақия қолындағысын ішіп жіберіп күлді.

– Ішуге де бүгін құмартқандаймын!... Жұртта қалған күшіктей болғаныма қанша заман өтті! –Күрсініп жіберіп, қонағына таяулап келіп отырды да оның кең маңдайын сылады. Денсаулығының бар жайын айқындап сұрады. Қапастың жайын сұрады сонсоң. Қонағы оның ахуалын қысқаша баяндап бола бергенде Ақия жылап жіберді. Қапастың Қапиясы есіне түсіпті.

– Қапия жынды боп кетті!– деп үн салып жіберіп, аузын баса қойды өзі. Үйіне сол жынды күйінде қайтарылғандығын әрең сөйледі. Көз жасын сүртсе де мол омырауы солқылдай берді. – Онан соң одан да хабар ала алмай қалдым!... Соның жындануы да адамгершілік жөнінен менен әлдеқайда жоғарылығы екен!.. Мақпал осы жайды да маған ақыл етіп айтқан. «Бұл жындану, әрине шыдамсыздық-күйректіктің ісі. Бірақ, махаббаттың ерекше бір қасиеті болғандықтан оны кінәлауға болмайды. Дүниедегі ең-ең оңбаған іс – опасыздық!»– деген болатын. – «Мұндай кезеңде адамның нағыз адамдығы өз тілек-арманына, махаббатына, опалылығынан ғана көрінеді!»– деп неше рет кеңес берді маған. Осыны ести жүріп-ақ.. қорқақтығымнан... осы итке қаншық болып кеттім ғой! – Ақия тағы да еңіреп жіберіп құлады қонағының қатарына. – Сол абысындарымнан алабөтен жексұрын болып шықтым ғой!... Құмар қайтып қайрылмақ маған!

– Жылама Ақияш, жылама! Бұл сәтсіздікті де сәттілікке айналдыруға болар! Енді жете түсініпсің!

– Маған түсіндірмей қояма бұл ит!... Сол 60–жылы тұрмыс құрған кештен бастап неменемен некеленгендігімді үздіксіз көрсетіп келеді. Өз шындығымды айтсам тіпті құтырады!

– Балалы болмадыңдар ма?– деп сұрады қонағы. Ақия азарда-безер болғандай түсін бұза бас шайқаған соң сыпайы қонақ күлімсірей айтты ақылын. – Тиерің тиіп болдың ғой, бір бала тауып беріп мойнына мінгізсең, айтқаныңа көндіріп, сәл түзетіңкіреп әкетуің де мүмкін еді.

– Осыдан бала туып, дүниеге тағы бір қап у шашып, адамзатқа тағы бір қырсық қоспақпын ба! Құдай сақтасын мұның ұрығынан!

– Енді қалай семья болып күн кешіріп жүрсің?

– Қойшы, қыртыспайықшы Биға!... Сен екеуміз... Күләніңнің кейінгі осындағы ең көне, ең силасымды дос едік қой, есіңде ме? –Ақия басын көтеріп арақ құйды. – Кел, бір-бір рюмка ішейік!... Әсіресе сенімен бірге жүрген күндерімді қатты сағындым!... Өлді деген бір жаман хабар естіп зар шектім!... Тамақ же!... Көбірек жеші!... Қане, өзім бір асатайын!...

– Мына «сүйіктіңді» қол-аяғынан айрып жатқызып қойғаннан саумысың?

– Айрылып жүрген өзі, аузынан арақ кетпейді!... Қазір қызмет те, мектептерде оқу да жоқ. Сенің жасаған оқу құралдарыңды өртеп жіберген мынаның қолынан дәретханаға апаратын, отқа тамызық ететін сабан қағаздар ғана шықты. «Төңкеріс» деп аталатын бұзып-шағу мен өртеу, бірін-бірі ұрып-соғу ғана қалды. Менің мына қортығым мен Мақұлбек төбет «қызыл бірінші жасаққа қосылған болатын. Сондықтан «қызыл екінші» өлтірмек болып соңына көп түсті. Неше рет өлімші етіп сабады. Бұрынғы қылықтарына қарап әлдеде өлтіру ниетінде жүргендер көп. «Қызыл екінші» әсіресе солшылдыққа қарсы идеядағылар билейді. Мынау оларға жалынып-жабарынып кешірім сұрап, жау жағына қосылмасқа ант беріп үйде жатыр. Ал, бұларға қосылса «қызыл бірінші мен үшінші» өлтіретін көрінеді. Олар екі двизиядан құралғандықтан күші көп. Үкімет армиясынан жасырын құрал да алып тұрады. Сондықтан Құлжан батыр үйден шыққанды қойды. Арақты бұл ішіп, мұндай арақ ішіп... Құдайға шүкір қазір екеуі де таусылып қалды! Мақұлбек те солай. Бүгін көшеге шығып кеткен екен. Балалар итше тепкілеп айдап бара жатқанын көрдім.

– Осы соғысушы екі жақтың негізгі таласы неде?–деп сұрады қонақ.

– Сен бір кезде «қабанға ерген балшыққа аунайды» дегенсің ғой. Ірі жалданба жағымпаздардың әрқайсысына он мыңдап ілесіп, «балшыққа аунап» жатыр! – Жауабының жалғасын ойланған келіншек құрметті қонағымен бір жастыққа бас қойып, бірге жатқанын сезінер емес. Шығыңқы омырауы қонағының кеудесіне тиіп-тиіп кетеді. Бұрынғы жақын достықтың неше жылдық сағынышы ішек–ара сақтауды ұмыттырғандай. Толық ақ білегі де оның арғы иығына артыла түседі. Жұмсақ алақанымен маңдайын, арқасын сипалап қояды. Ой билеп жатқан қонақ та түйсінбегендей. Мына, соңғы сөзіндегі теңеуге күлімсіреп, ол да сылап қойды нып-нығыз әйел жонын. Ақияның жауап сөзі үзілмей жалғасты. – Сөйтіп, неше түмен жарымес «төңкерісші» бір-бір мәнсаптының ғана құрбандық лақтарына айналғандықтарын білмей де қалды. Төңкерісші аталғандықтарына мәз. Төңкерісші атап мастандырған сол бастықтарының тақтан түсіріліп, күреске тартылуынан бір жақ қорғайды да ол бастыққа қарсылау пікірдегі бастықты екінші жақ қорғайды. Жан қиятын арман-мұрттары сол бір-бір мәнсаптылары ғана. Сол жеке мәнсаптылардың ым-ишарасымен қырылысып, қан төгісіп жатыр!... Бізді ардақты армандарымызбен махаббатымыздан айырып, халықты тоздырған бастықтары үшін ғана қырылмақ!

Ақия күрсіне тоқтатты сөзін. Қонақ бірге күрсініп, ойланып қалды. От тұтаған өткір қара көзіне жас іркіле қалды қонақтың. Ақия орамал алып, оның маңдайын, көз жасын сүртті. Жас баласын уатқандай, әлдилегендей қақты арқасынан.

– Енді жыламайықшы Биға! Мақпалың табылады!... Мен кейінгі кезде мына иттерден қатты қорқуым арқылы сол аяулы досымнан қашқалақтап, бетіме кетпес күйе жағып алғандай болып жүр едім. Енді сол күнәмді, жан-сүйгенін өзіне аман табыстыру арқылы жуа алатын орайға ие болдым!... Сені енді ешқайда жібермей сақтаймын. Бұрынғы күтіміңмен бұрынғы күйіңе толық келтіріп көрістіремін!

– Бұл ниетіңе мың рахмет! Бірақ мына заман, қияметқайымның дәл өзі болды ғой, аман табысу да қиын-ау. Сумаңдап сансыз жау жүр маңымызда, жүрегіміз ауыр жараланған, кең уымен менде қатты уланған жүрек. Бұл да балағымыздан алатын жау ғой!

– Менің жүрегімде тамтық қалған жоқ!– енді Ақия жылады. – Өмірден өз теңдесімді іздеп сонша жыл сандалғанда еншіме осы ит тиіпті! – Тығыла түсті қонағының бауырына. – Ар-намыс дегеннен аяп-қорғайын дейтіндей ештеңем қалған жоқ. Өзімнен де ерден де әлдеқашан түңіліп болғанмын. Соның қасына жатудан дәретханаға түсіп өлуді жақсы көретін болғанмын. Соншалық жиіркенемін. Некеленген әйелі барын әлдеқалай ескере қалғанда кішкене балаға конфет ұстатқандай арағын ұстата салып, өз керуетіме жөнелемін. Ал енді қартаяр шаққа да жетіп қалыппын. Алданшы етер бала көргім келеді. Бірақ, бұл некеден тағы бір қырсық өндіру-ұрпақсыз өлуден де азапты өлім ғой!

– Жаңағы «енді қалай күнелтіп жүрсің» дегенім осы емес пе!– деп жымиды қонақ.

– Сенсең де сенбесең де көріп келе жатқан күнім осы. Сырт көзге ерім бар, көрер қызығымды әлдеқашан көрген, кексе әйел сияқтымын. Іс жүзінде көрмей жатып-ақ түңіліп солып болған кемпірмін. Отыз жастан енді ғана асыппын. Көңілім өліп, санадан солғаныма бес жыл болып қалды. Демек, жиырма бес жасымда-ақ өліппін. Енді осы дүниеден көрдім деп өтпекпін?... Осындай масқара сырын айтып жатқан әйелде ар-ұят бар дегеннен сен де түңіліп-жиреніп жатқан шығарсың! – Ақия осыны айтып көз жасын бұлақтата жөнелді. Қонағы аянышпен тартты бауырына.

– Жоқ, жоқ Ақияш!... Дәл осы итке қосақталып қалғаның болмаса, сен, бұрыннан, тіпті қазір де көп жігіттің маңдайына біте қоймайтын ең таңдаулы әйелдің бірісің! – Ақияның ерніне ернін баса қойды. – Әлі де көз тартарлық сұлусың!... Ақылың мен көркі тең нұрланған жан болыпсың!...

Алғашында көзін жұмып, үнсіз қалған Ақияның ерні де жабыса кетті. Құшырлана жабысты...

Сәлден соң екеуі киімдерін түзеп, қайтадан қатарласып отыра қалды орындарына. Бір-біріне жалтақ–жалтақ қарасып, қызарақтаса күлісті.

– Мен михұла Мақпалға арналған антымды жариялай салып, оған да опасыздық істеп қойдым ба!– деп Ақия бетін басты. – Өзімнің ішкі мұңымды саған арыз қып айтып жылай беріппін ғой!..



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.