|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 47 страница– Қай жақтың адамы екендігі белгісіз, есік ашпайық, мұнда келіп өліп қалса, жаласы бізде қалады! – Сонда да кім екенін байқамаймыз ба? – Қорқамын!– деп жымиды Ақия. – Олай болса мен біліп келейін! – Болмайды, сен шықпа, дауалға шығып қарап отырған біреу болса, көріп қояды! – Ақия шығып клетті құлыптады да, өз үйіне барып кірді. Мен шырақты өшіріп, клет терезесінің пердесі мен портшканы аштым. Қақпа алдында жатқан адамның сыртынан біреу келіп, тергей бастағаны естілді. – Мен, мен.. Құлжан! – Ыңырсыған дауыс жауап берді. – Мен... мен.. осы үйдің иесімін! Тергеуші саңыраудың құлағын қос қолымен қоршап қатты айқайлап сұрады. – Олай болса мұнда неғып жатырсың?... Мұнда неғып жатырсың деймін? – Қатыным... қатыным есік ашпай... – Жаңағы қашқан жаудың жорығына қатынасқансың ғой?... Хұңисанссінің[109] жорығына деймін! – Маужуши де ағатай, Маужуши де!... Маужуши алдында қасам етейін, оған мен қатынаспаймын дегемін ғой, Маужуши!... Хұңисансі мені таңертең ерте айдап әкетіп, абақтыға қамаған. Содан бері тіпті кешеден бері... Тіпті алдыңғы күннен бері аш едім! Өзімнің... әй өзіміздің Зұңарсы[110] азат етті ғой!.. – Қайдағы сенің хұңарсың? Үш күннен бері үйіңе келіп тамақ іше алмаған себебің де түсінікті емес пе!... Жүр біздің штапқа барасың, тексереміз!... Ей, біздің штапқа барып жауап бер деймін! – Ағатай дедім ғой, ағатай, жүре алмаймын!... Аштан... аштан өлемін! – Жүре алмасаң мұнда қалай келдің, хұңисансі неге міндетпен қалдырды, толық әшкерелетпей қоя бермейміз сені, жүр былжырамай!... Ақия! –деп айқайлады тергеуші, бұл үйдің жайын білетін жігіт тәрізді. – Ақия апай! Ақия көше жақ терезесін ашып дауыстады. – Ақия мұнда! – Мына «кісіңізге» екі-үш күндік азық беріңіз, тексерілетін мәселесі бар, үйіне, кіргізбей әкетуге тура келді! – Ақияш-ау, әкешім-ау мына кісіге менің жөнімді... қамалып шыққанымды айтшы, өлетін болдым ғой, алып қалшы, алып қалшы!... Дауысы әрең шығып жалынып жатқан Құлжанға Ақия, қақпадан бірдеме шығарып беріп, құлыбын қайта салды. Айдаушы ысқырық тартты да ыңырсытып-шықынытып сүйрей жөнелгендей болды саңырауды. Құлжан қайта сүйрелгенді қойып, қазір өлсе де өзінің тұрмысына титтей байланысы жоқ іспетті, Ақия клетке сықылықтап күле кірді. Маған тақала келіп отырды да, коньяктен бір-бір рюмка құйып қағыстырып ішкен соң күрсінді. – Әлгі екі жесір Мақпал мен Күлән туралы ештеңе естімепті!– деді сонсоң. Іздеп-сұрастыра жүріп, бір дерек тапсақ, саған дереу жеткізелік деп қайтты. Тамақ жеші, бүгін жөндеп тамақтанбай қалдың!... Бұл әйелдер тосыннан сұрағанда білмей қалғанымен іздегенде жер астындағыны еститін сұмдар. Әрқайсысына осылай тапсыра берсек, таппай қоймайды!... Кел, бүгін мен де шаршадым, енді бір-бір рюмка алайық!.. – Сөйтіп, Гүлниса не бопты дедің? – Ол, асқан жүректі қыз екен. Мықты жігіттерден жиырма шақтысымен бірлесіп, үлкен қызмет істепті. Көшеге үкіметке қарсы көптеген ұран, тіпті бірқанша жарнама шығарып, «оңшылдар» мен «ұлтшылдарды» ақтапты. – Аттарын атап ақтап па? – Бұл өзі үш жылға созылған қозғалыс болды. Алғашқы кезде әрқайсыңды жеке-жеке атап жазып, қылмыссыздықтарыңды дәлелдеп жүргенін естігенбіз. Кейін жалпыластырып ақтап, үкіметті жендеттерімен қосып сындай берді. Халықтың қашан болса да кек алмай қоймайтындығын айтып, дереу босатуларын үздіксіз талап етті. Тобында баспахана наборшиктерінен де бірнешесі бар екен. Жарнамаларын басып көбейтіп, қолдан-қолға өткізіп тарата беріпті. Сақшы орындары тыңшыларын қаптатып жүріп, жігіттерді 63–жылы жазда қолға түсірген. Гүлниса солардың байланып жатқан үстіне барып өзін әшкерелеп, бірге байланыпты да бәріне жауап үйретіп болыпты: «бар қылмысты маған жауып, сүйем-тием дегеніме алданған болып құтылыңдар! Сендерге қолданған жазаны маған қолдана алмайды» депті. Тергеу басталғаннан жігіттер де қыз да осы жауаптан танбай қойған екен. Жігіттер екі ай-үш айдан қалмай, түгел ақталып шығыпты. Ал, сол әрекеттегі бар қылмысты өз мойнына алған Гүлнисаға не үкім шығарғанын білмедім. Тірілігінен ешқандай дерек жоқ. – Ақия сөзін осылай доғарды. – Әттегене!– деп қалдым, қатты түйіліп. Халықтың бірқанша азаматы үшін құрбандыққа жараған аяулы аруды қимай қиналдым. Жүрегіме бір кесек шоқ түсіп кеткендей сезілді. Жастыққа қисая кетіп дөңбекшідім. Дәл қазір оны ең адал ел батырынан неше жүз жігітке теңдестірмейтіндеймін. Қадір–қымбаты асып тұрған жас сұлудың сонау бір шақта бүкіл өмір қызығын, тіпті ар-намысын да маған арнайтындығын айтқанда, санасына көрсе қызарлықтың лап етпе жалыны қосылып кетті ме екен деп жорығаным бар еді. Адамсүйер күрескердің мұндай, еш қоспасыз алтын жүрегін толық бағалай алмаппын ғой!... Таңырқай қарап қалған Ақия, қазір мұндай қатерлі іспен қолға алынғандардың, ашық-жасырын өлтірілушілердің де көбейіп кеткенін айтқанда басымды көтеріп алдым. Тағы құйды коньякті, үнсіз қағыстырып іштік. – Гүлниса, егер өлсе де недәуір іс істеп, бірқанша азаматты құтқарып өлді. Көпшілік жүрегінде жасайтын ардақты қыз болып қалды ғой! –деп күрсінді Ақия аздан соң. – Ал, мен опасыз аталып, өз намысымнан ғана өлер шағымда сен келіп қалдың. Әйтпесе, арақкеш Құлжан мен Мақұлбектің арам бастарын мұжып өлуді ғана армандап жүргенмін! – Осы сасыған екі жемтікпен құның төленер ме еді сонда?– дегенімде күліп жіберген Ақия алдыма құлай кетті. – Мені сол екі жауыңды өлтіріп өлуіме де қимайды екенсің!.. – Солардың өлгенінен осылай ғана «тірі жүргені» жақсы емес пе!... Мұнан соң Құлжанның күтімін біраз жақсарт, шегіне жетіп қапты! – Мақұл, арақ жағындағы күтімін толықтайын, хы–хы–хы–һы–һы–һы... – Жоқ, тамақ жағынан толықта! – Тамақ жемейтін өзі! – Тамақ жемесе, арақ бермейтіндігіңді айтып шарт қоймаймысың! – Жаным-ау енді осы жалақорыңа да жаның ашып отыр ма!... Иә мені, азабын тарта түссін дейсің бе? – Ақия мойныма асыла түсті. – Жоқ, екеуі де емес!... не қалды енді бұларда, зиянын енді тигізе алмайтын болған соң тез өле салуына себеп болудың қажеті не!... Тіріліктеріндегі өз «еңбектерінің» жемісін жеп, көргісі келген қызықтарын көрсін де! – Бұл жөніндегі үкім өзімнен-ақ шықсын, сен араласпашы! – Дәл осы кезеңде өліп қалса, алдағы ісімізге кесірі тимей ме! – Тимейді!... Мұны мен де өз қолыммен өлтірмекші емеспін. Бірақ ата-бабасы көрмеген «рахатты» көрсетемін. Оған сен іш жиюшы болма!... Мақпал екеуіңнің табысуыңа титтей де бөгеті болмайтын менің бұл ісіме сен де бөгет болма жаным, мақұл ма!... Жүр, менің кереуетіме барып жатайық! – Анау итің жатқан төсегіңе жатқызбақпысың? – Жоқ, оны өз кереуетіме бір рет те жатқызып көрген емеспін!... Жүре ғой, бүгін қауіптенетін мәселе де жоқ!... Бұрын өзім қонақ қабылдайтын ісханама кіріп, Ақия жайған төсекке шешініп жаттым. Иіс майын шашып, іш көйлекпен ғана келіп кірді ол. Лебімен де, бәдән нұрымен де, ырықтылығымен де Мақпалымды елестетіп бейғам алқына, күле кірді қойныма. Бірақ темір қақпа сол сәтте тықылдап, жат төсек екендігін жарқ еткізгендей болды. Селк ете түсіппін. Ақия шырақты өшіре қойып, «жата бер!» дей түрегелді. Портушка ашып қойып тыңдап, темір қақпа үшінші рет тықылдағанда зейіл үнмен дауыстады. – Бұл кім? – Мен, Мақұлбек!... Аш есігіңді! – Ашпаймын, Құлжан жоқ, сұраққа әкеткен! – Не сұрақ?– Мақұлбектің дауысы қалтырап, тым бәсең жалынышпен шықты енді. – Ащы, ағатай, қарызға жарты бөтелке ғана арақ шығарып берші, кетейін! – Арақ жоқ, жоғал әрі, арақ дүкені емес бұл! Қай уақытта келіп тұрғаныңды білесің өзің, дереу қайт! – Ей Ақшы, ей, тыңдашы! Мен жаңа шықтым сол сұрақтан. Құлжанды қамап қойғанын хабарлап парткомға телефон бере қойсаң, дереу босатады, ұқтың ба біздің кім екенімізді! Ей Ақшы, ей, осы жақсылығым үшін!... Тым болмаса бір рюмка әкеліп берші, үш күн болды татпағаныма, ағатай, өңешім қатып қалды!.. Ағатай дедім ғой, ағатай! – Үй кет деп тұрмын мен саған, бұл тілемшілігіңді қазір барып хабарласын демесең, жоғал! – Мақұл-мақұл, ит қатын болдың ғой сен де!–Мақұлбек осы сөзбен жоғалды. – Менің адам болатындығымды мына мақұлықтың осы қарғауынан да түсінген шығарсың! – Қойныма тығыла кіріп күлді Ақия. – Қапияны жындандырған соң мұның алғаны қандай әйел болды?– деген сауалым Ақиямен бірге бүктетіліп қалып, екі-үш минуттан соң жауабын әрең тапты. – Әлгі бір... мектепті Қапиялардан бір жыл кейін бітірген... жуансары келіншек,– деді Ақия, есіне әрең келтіргендей үзіп-үзіп, ентіге сөйледі. Сол шақта... Көрген де шығарсың... Қазір борсықтың дәл өзі... Бір ерден шығып келіп оқыған.. ол да «қып-қызыл аптық» болатын. Мақұлбекке шексіз разылығымен тиіп еді. Шексіз сорға батқанын алғашқы айында-ақ біліп, «сүйіктісінің» басын арақ бөтелкесімен жарды. Содан бері күнде төбелес. Бір күні бірінің жүзі, бір күні екіншісінің жүзі, кейде екеуінің жүзі бірдей көгеріп шығады. Ол екеуінің мына құл екеумізден бір ғана айырмашылығы – екеуі тең мас. Мақұлбектің көрсеткен «рахатына» шыдамай, қысаспен ішіп жүріп, ол да маскүнем болып кеткен. – Құлжаннан сенің де тартып ішкен күндерің болыпты ғой. Ал, ұрысқанда қайсының көбірек жеңдіңдер? – Алғашында мен онымен теңдескім келмей, жабатын даяр жаласы болғандықтан қорқып жүрдім. Әйтеуір арақпен алдап қана алысырақ жасап келдім. Сонда да таяқты аз жегенім жоқ: арақ, иә шай сұрап шақырғанында қарсы үйден тез шыға алмасам-ақ басыма таяқпен шақ еткізеді. Шашымды қанға бояп талай рет жарды. «Қай байыңның құшағынан шыға алмай қалдың» дейтін айыбын ұрып алып тағады. Сонысынан жаным күйіп, мен де бассалып буындыратын болдым. Оқыс ұрғызып алмаудың әдісін тапқанымнан соң ғана буындыруым азайды: жатын орнын тінтіп, таяқтарын жиып алып, үйіне, көсеу де қалдырмай кететін болдым. Кейін қойнына жұдырықтай-жұдырықтай тас алып жататын күндері де болды. Байқаусызда сол құралымен де екі-үш рет ұрып алды. Одан сақтану үшін қолшырақ жағып кіремін де сұрағанын, қолын көтертіп қойып беріп шығамын. Бірақ, ең сенімді әдіс, мағдырынан айырып, мас қып тастау екен. Қазір жиырма–отыз грам ақпен-ақ есеңгірейді. Ол болмаса қатерлі. Ал, арақ көбірек берілсе тіпті әуре. Алды-артынан жіберіп, маңайын түгел былғайды. Сондықтан, өзі әкелген арақты мен де ішкен болып алып кететін болғанмын (оның «арағымды тартып іштің» дейтіні сол). Таңертең сыртқа шығарында оның қалталарында тиіннің тегершігі де қалмайды. – Бұдан құтылу жолын іздемедің бе? – Мұнымен тұрмыс құрған күнімнен бастап менің мінез-құлқым кектің үстемдігінде ғана қалған. Бірақ, өлтіріп құтылуға да, ажырап құтылуға да жағдай туылмай келеді. Ең тынышы, көшеде өлсе еді!... алғашқы кезде өзімді өлтіруге де оқталып көрдім. Өзімді өлтірсем, кек үстіне кегім қалады екен. Ал, «сасыған етке борсыған май» болайын деп жаман стильге ауыссам жұрт алдында, оқушыларым алдында масқара болу тіпті қорқынышты!... – Менімен бұлай жатуың жаман стиль емес пе? – Сенімен менің қазіргі жағдайымыз да бұдан үлкен бақыт жоқ!– Ақия құшырлана аймалап алып, ойнақы қуанышты үнімен жалғастырды сөзін. – Уақыттық болса да мен үшін өмірлік жігер бағыштайтын үш түрлі жеңіс қалуы мүмкін! – Қалай?... Қандай жеңістер ол? – Қазір айта алмаймын!– Ақия сықылық қақты, аймалай түсті. – Мұным үшін... мұным үшін жалғыз-ақ, аяулы Мақпалдан кешірім ала алсам болғаны!... Арман деген де әр түрлі жолмен орындалады екен ғой!... Таңертеңгі шайды кілетте іштім де Тарымнан келгендегі сиқыма қайта келіп, бір балдақ, бір таяқты қолыма қайта алдым. Ақия қақпадан шығып барлап тұрып ым қаққанда шойнаңдай жөнелдім. Ол сық етіп күліп жіберді де, суырша лып етіп кіріп, қақпасын жауып ала қойды. Мен Тарымнан келісіммен Тоқты Баситтің үйін екі күн паналап, Асқар туылған шақта қолғабысшы болған ұйғыр кемпірдің шет көшедегі үйін тауып алғанмын. Бүгін сонда қайта шойнаңдап бардым. Кемпірдің Мақпалдан хабар таба алмағандығын білген соң жетерлік ақша беріп, екі міндет тапсырып шықтым: бірі, Гүлнисаны автоном райондық бірінші түрмеден іздеп, табылса, немерелес әпекесі атымен тамақ кіргізу. Одан Мақпалды сұрау. Екінші міндет, Мақпалдың қайда екенін Гүлниса білмесе Санжы, Құтыби аудандарындағы еріксіз еңбек майдандарынан іздеу. Түс ауа ол үйден шығып, Тоқты Баситтің үйіне бардым. Ол, аңдушылардан секем алып, бала-шағасының қасына ел жатпай келе алмайтын болыпты. Атымды атамай жазып кеткен қысқаша хатын оқыдым. Ақша керек болса, әйелінен тартынбай, керегімше сұрауымды ескертіпті де қазірше үш аймақ жаққа жүрмеуімді қатты тапсырыпты. «Үлкен жол түгіл, басып өтер жер жоқ» екен. Күнбатыс жаққа беттеген жерлік адам сөзсіз қолға алынсын деген бұйрық, коммунаның кіші әтіреттеріне дейін қатал тапсырылпты. Үрімжі сыртындағы халық жасақтарының негізгі міндеті сондай саяқтарды іздеу екен. Егер біреуін қоя берсе, Совет шужыңжуйына байланысқан сатқын ретінде қолға алынып, шпион қолға түсіргеніне мол сыйлық берілетін болыпты. Тоқты ахұнның өзінің күн көру ахуалын сұрағанымда «жақсы» деп күлімсіреді әйелі. Бірақ ерінің қолға түсіп қалуынан қорқатындығын жыламсырап күбірлеп қана айтты. Осы райондағы бастауыш мектептің бұрынғы ғылыми меңгерушісінің қазір кәнігі ұры болып жүргені, хатынан да әйелінің қаупінен де айқын байқалды. Өзіне мен де қысқаша хат жазып, бала-шағамнан әлі де дерек таба алмай жүрген ахуалымды баяндадым да менің тұрмысыма қазірше қаражаттың қажетсіздігін айтып, өз әрекетіне сақтықпен қанағатты бекем ұстауын екі рет қайталап тапсырдым. Заулығалам өзімен күндіз сөйлесуім қажет бола қалғанда қайдан іздейтіндігім де сұралды. Ол үйден шығып қиралаңдап барып үлкен көпірден өттім де төрт көшені айлана шойнаңдадым. Бүгін аяз сынықтау болса да сұрланып алған аспанның жалғыз көзі қызарып, қыдырстана қарайды. Әлде кімде айықпас кегі бардай, тым ашулы сияқты. Аспанның сол райынан қорыққаны ма екен, үлкен көшеден адам сирек көрінді. Олай-бұлай өткендерінің көбі Маузыдұң знагын омырауларына мен сияқты самсытып алған шал-кемпір. Сол құдіреттеріне сиынып шыққандай. Көрінгеннің бәріне үзінділерін сәлем бергендей иіле оқып, жалбарақтай өтеді. Жеңдеріне қызыл шүперек киіп алған жасақтары жүгіріп өте шығады да лезде ғайып болады. – «Халық үшін істелік!» жақсы махорка бар, керек болса соңымнан еріңіз!– деп бір шал алдымнан теңселе өтті. – Маужуши түмен мың жасасын! Килосы қанша? –деп мен сұрадым. – Арзан, жетпіс юан ғана! Бір жарым юандық темекінің жетпіс юанға шығып алып, «арзан» аталуына ызаланып келе жатқанымда одан да сұмдығын көрдім: бір кемпір артымнан қуып жетіп қойнына қағаздарын жұқа алақандай ғана ақ нанды жылт еткізді. – «Жекелікке қарсы тұрып, шужыңжуиді сындалық! Сатылатын наным бар, қазір басқа жерден табылмайды. Әнеу бұрылысқа барып алыңыз!– деді. – «Бірінші қиыншылықтан, екінші өлімнен қорықпалық!» бағасы қанша? – Базар бағасынан да арзан. Ақ нан он юан, жүгері наны бес юан ғана!... – «Жекелікке қарсы тұрып, шужыңжуйді сындайтын адам бір жапырақ нанды мұншалық қымбатқа сата ма?– деп сынай қарадым кемпірдің жүзіне. – Дада, осы баға да табылғанына да тәубе деңіз!... Мына жақта атылып жатқан мылтық дауысын естімедіңіз бе? Ашаршылық үстіне соғыс болып жатқан қалада мұнан арзан нан таба алмай аштан өліп қаласыз, алыстан келген мүсәпір ұқсайсыз, табылғанын алып кетіңіз!... Алпыс неше жастағы кемпірдің «дада» деп атағанына қуана шойнаңдадым. Қаланың батыс–солтүстік жағында атыс үдей түскендей, енді анық естілді. Оңтүстік дарбазаға жақындай бергенімде елу шақты ұзын қалпақтыны қызыл қорғаушылардың сартылдатып сабап қуып келе жатқаны көрінді. Көбі ханзудан шыққан «оңшылдар» көрінеді. Денелеріндегі жарақаттарының қаншалық екенін, найзадан қипақтап, жан ұшыра жүгіріп келе жатқан бейшаралардың өздері білер, жүздеріндегі қызылала, көгала таңбалар адам баққысыз. Оларға ілесе алмай жығылған біреуін екі қызыл қорғаушының тепкілеп-жұлмалап тұрғыза алмай жатқаны көрініп еді. Мен шойнаңдап жақындай бергенімде жатқан қалпақтыны сүйреп, оңтүстік дарбазаның бір қалтарысына апарды да мұрнына паужаңзы[111] тықты. Біреуі шақпақ шағып, білтесіне от тұтатты. «Енді түрегелмегеніңді көрейік!» деп от тұтатушы шегіне бергенінде тарс ете түсті паужаңзы. Недәуір қатты дауыспен жарылды. Шалқасынан жатқан қалпақты бір түрлі аянышты үн шығарып ыршып тұрмақ болды да ауызын жалғыз-ақ ашып жан үзді. Кектері енді қайтқандай күлкімен бірдеме дескен екі қызыл қорғаушы маған бір-бір қарай сала әлгі тізбектің соңынан жүгіре жөнелді. Өлген қалпақты бір қозғалып қалып жан үзгенде мен ышқынып қалыппын. Сол қылмысым үшін өлікке қарамай, жеделірек шойнаңдап, оңтүстік дарбазадан алыстап кетуге асықтым. Өз қылмыстарын жасыру үшін екі қанішердің мені де өлтіре кетуі қиын ба!... Жеңдеріне қызыл белгі тағып, қызыл қорғаушы сиқына еніп алған сары киімді жастардың көбі ұйымдасқан ұрылар екен. Күндіз жалғыз-жалғыздан ғана жортып жүріп, кеште жаратын сауда дүкендері мен склаттарды барлайтын сияқты. Үлкен көшемен өрлеп бара жатып, сондай жортуылшылардың бірнешеуінің әрекетін көрдім. Әр көшемен жүгірісіп келіп, бір түйілісте ұшқаса қалады екен де. Тонамақ орындарын бір-біріне көрсете кетеді екен. Ақша – қазыналы, мүлікті жеке семьяларға бәрінен осылар қатерлі көрінді маған. Өйтетіні, өздерін танып қалған адамды өлтіре кетуді қарақшылар ұмытпаса керек қой. Ал, халыққа жаманатты болып қалған Құлжан тәріздестердің үйлерін не оңдырмақ!... Ақиямен ақылдасып сақтық үшін кеште ыңғай үңгірге түнеуді ойлай қайттым. Уәде бойынша ымырт үйрілісімен жеттім қақпаға. Хауіптенбей кіре берудің белгісі ретінде сәл ғана ашып қойыпты. Ептеп басып барып, клетке кіріп алдым. Ақия жуынатын суды да жылытып қойған екен. Қақпаны қайта құлыптап кіре сала сақал-мұртымды сыпырып қолыма берді де шешіндіріп жуындырды. – Шала өлігім түс уақытында келген. Тамақтандырып алып қайта өлтірдім, қауіптен бе!–деп күлді Ақия, киімімді ауыстырып жатып. Өзі бүгін толық жасанып-безеніп алған екен. Қыз кезіндегі өңіне келгендей құлпыра түсіпті. Сол кездегі кофта-юпкасы қазіргі толық денесіне тарлық етіп тырсиып тұр. Сайлары – сайша, дөңі – дөңше, бар-мәзірімен көрінді көзіме. – Қалай, бұрынғы Ақия танылама екен?– деп күлді. Қарай бергенімнен қымсына сықылықтады. – Танылғанда қандай, жүзіңнің бұрынғы шырайын тапқанына қуаныштымын! Жалғыз-ақ, омырауыңа қос Хантеңгір[112], құйрығыңа Эверест орнағандай ғана парқы бар екен! – І...і!– деп еркелей асылды мойныма. Құшағыма тарта бергенімде бұлқынып қайта шегіне қойды. – Шатақ шығарасың, тамақ ішейік!... Кейінірек!... Тойымда көрмеген қызықты енді көре түсейін дегенім қате емес шығар? Жаралы жүрегімізді осылай жамай тұрайық та. Сен әлі де жігіт қалпыңда екенсің!... Бүгін үш «жесірді» шақырып сөйлестім. Мақпал жөнінде бұлар да хабарсыз екен. Оларға да мықтап тапсырып қайтардым. Қонақтарды жөнелткен соң Мақпал келгенше сенің көңіліңді қайтсем жүдетпей сақтармын деген қаммен осылай жасандым. «Еберест» пен «Хантенгір» ауасы таза таулар ғой, оның әйелге орнағаны жаман емес болса керек, әйтеуір шалшық көл орнамағанына сенімім толық. Солай шығар? Бұл сөзіне қарқылдап күліп жібердім де үйіндегі Құлжан есіме түсіп аузымды баса қойдым. – Сен «мәпелеп» осылай тап-таза қалпыңда көрістірген Құдайға да, Құлжанға да рахмет! –дегеніме Ақия сақылдады. – Менің көңілімді көтеремін деп көп жұмыс таба берме, Ақияш!... Өңім түгіл түсімде көруді қаламайтын құртты көлді Тарымнан көріп келгенмін. Ал, сен деген безенбесең де ертегідегі перизаттайсың. Көзіңе мақтағаным емес.. әлі де ерге тимеген сияқтысың!
|
|||
|