|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 50 страницаҚұлжанның қызыл документтерін алдымызға түгел жайып, екеу ара талқыға салдық. Тауға Құлжан болып шықсам, ең қолайлы жері, оның туыстары Іледе, тапалтақ шұбар екендігін бұл тауларда көп адам білмейді. Бірақ, оның атына өшігіп жүргендердің маған қас қылып, өлтіріп тастауы да мүмкін сияқты. Ал, Ақияның өз ата-анасы мен туыстары Боғданың теріскейінде, демек, бұл тауда Құлжанға қайын жұрт болып қорғайтын да ешкім жоқ. Бір тәуірі, Ақияның бұрынғы сабақтастарынан, оқушыларынан бірнешеуі бар екен. Солардың аты-жөнін жазып алып, жай-жағдайларымен таныстым. Түгелімен менің өзімді жақсы көретін бауырлар екен. Оларға шындығымды айтып паналауыма болатындығы қуандырды. Екі-үшеуіне Ақия хат жазып тапсырды мені... Соғыс пен қарақшылық қайнап жатқан көшені бұрынғымша ұйғыр қарт болып шойнаңдап кездім. Екі жағынан қарсы атыс болып жатқан көшелерде қараңғы базардың қатқан зағырасын қасақана кеміріп, қайыршы болып та өттім. Тоқты Баситқа бір апта бұрын тапсырғаным табылған хабары үлкен көпірде естілді: мен мініп кететін атты Сәнпакудың сыртындағы бір хұйзу қоржасынан тапқан екен. Сол күні кеш түсе Тоқты Басит үш мықты серігімен барып, тоқтам бойынша Қаражамбы өткізді де қазақ ертоқымымен ерттеп алып шығып мінгізді маған. Айтулы жүйрік екендігін серіктері біледі екен. Тау қазақтарына бөтен көрінбейтін көнелеу малақай мен тоқыма жағалы жартылай пальто шапанды кенеп қоржынға салып, қанжыға майлады. Балдақты тақымыма қысып, бамбук таяқты қолыма алдым да, бар ыразылық алғысымды төртеуіне жаудыра қоштасып, Тоқты Баситтің қолын қатты қыстым. Былай шыға бергенімде соңымнан екі атты көрінді. Апрелдің бас кезі, Жон таудан басқа жерде қар қалмапты. Желемікті салқын түн сондада ызғар байқатады. Жалтақтап арт жағыма қарай бердім. Екі атты, қаладан бірге шыққан Еренқабырғаның екі районының адамына ұқсап екі жаққа бөлініп кетті. Жем жеп тұрған тоқ атты әлден ұрындырып алмау үшін желе аяңдатып қана жүрдім. Басымда Тарым ұйғырларының тері бөрігі. Қартайып біткен ақсақалды баяғы ақсақ. Түнқатып жүрген мұндай жақсы аты бар жарымжан шалды басыну, әркімнің қолынан келсе керек қой. Әлгі бөлініп кеткен екі аттының күншығыс беталысымен кеткені жақындай берді маған. – Жол болсын, екеуміздікі жол бір екен!– деп қаудырлады. Дүңген екен. – Сіз қай гүңшеден? – Үңіле қарадым жүзіне. Жуан қара сұр жігіт, мен сатып алған аттың, жолдан қайта тартып әкетуге шыққан иесі екендігін мөлшерлеп үңілдім. Сол мақсатпен шыққан болса, «ақсақ шалды» тірі қалдыруы мүмкін емес, бұрынырақ қамтымасам өлгенім!... Ол да қатарласып үңіле бергенінде бамбок таяқтың қалың темір қапталған жер тірерімен шекеден ала шақ еткіздім. Ол да жең шоқпарын ыңғайлап келеді екен, «әйя!» деп бақ ете түскенінде қолынан түсіп кетті. Басы бұлғаңдап, атынан ауа берді. Тізесінен едел-жедел екі соғып жіберіп құлаттым да шаба жөнелдім. Құстай ұшты қаракер. Күнбатыс жаққа кеткен серігі, құлаған мықтысының дауысын ести қойыпты, тасырлатып солай қарай шапқылады. Мен қара үзіп, түн қараңғысына сіңіп кеттім. Беталысымнан бұлтарып, күнбатысқа қарай біраз зымыраттым да хұйзулардың соңыма қайта түспегендігі анықталған соң тізгін тартып, бұлаңқұйрыққа қайта ауыстым. 45–жылдың күзінде гомендаңнан қашқандағы жолым, таң ата тау бөктеріне жеткенімде танылды. Сондағы біздің мылтықты кетік сары тонаушы келіп тапқан жарлы бұлақтан өтіп, біраз өрлеп барып айқынырақ бір сүрдек жолға түстім. Көрінген далдалы тұйық сайға дамылдап, ат терін құрғатып алғым келді. Енділікте мен оңтүстіктің ақсақалды шойнақ шалы емес, сақал-мұртсыз, мәдениеттірек құлақшын, палшопкалы, сылти басатын, қысқа таяқты ғана қазақ болуым қажет. Балдақ пен артық киімді сақал-мұртыммен қосып белгілі бір тастың қуысына тыға салдым. Қызыл знактар ескі шапаннан жағалы сары палшопканың омырауына көшті. Жараса кетті кеудеме. Құралды қызыл қорғаушылар кездессе, атым Құлжан. Ауыл жасақтары кездессе, ақуалға қарап, иә, Құлжан, иә басқа біреу. Адамға кездескенімді білгенімде Биғабіл бола салады. Күн жайыла жолға түстім. Жазып алған тізім мен ауыл мектептерінің жол планы қолымда. Әр мектептің тұстарына мөлшермен сызылған адыр–жоталарды таудың өзінен іздеп үңіле бердім. Күн түске көтерілген шақта коммунаның өзім нысалаған бір әтірет мектебінің тұсына жеткенімді мөлшерледім. Төмен құлдайтын сүрдікке бұрыла бергенімде алдымдағы кезең үстінен біреу айқайлап бұйыра шақырды. – Ей жолаушы, мұнда кел, мұнда! – Нақтылы тау қазағынан қойылған қарауыл екендігін байқай сала салмақпен дауыстадым. – Ей жолдас, «халық үшін істелік!» екінші әтірет осы тұста ма? – Маужуши түмен мың жасасын! Сол тұста, бел астында ғана! Рахмет айтқандай таяғымды көтере сала жөнеле бердім. Белден асып, жайдағырақ сайдағы тас үйлі қыстауға құлдадым. Әр тұстан жаяу-жалпы шұбырған адамдар келіп жатыр. Зор жиын үстінен түсетіндеймін. Қауіптеніп тұра қалсам да лаж жоқ, көрініп қалдым ғой, енді бұлтара жөнелсем-ақ күдікті жолаушы боламын да соңыма қуғын түсіремін! Кідірмей-мүдірмей кіріп, араласа кетуге тәуекел еттім. Сыртқа асылған тайқазан маңында тақтайға сақылдатып бірдеме турап жатқан әйелдер недәуір көрінді. Наурыз көженің уақыты өтіп кеткен. Той, иә, ас үстіне түстім бе?... Мына турап жатқандары қаншалық кепкен сүр ет болса да бұлай шақылдамаса керек еді. Темір рудасын ұсатып жатырма десем, докт пышақпен шапқылап, су қайнатқан тайқазанға салып жатқандай!... Күнбатыс жағымнан қиыстап, бір атты түсіп келеді екен. Жаңағы кезең тосқан қарауылшы болса керек. Жеңіндегі қызыл шүперегі сескендірді. Мені көріп мектеп алдына мұғалім сындас ретті киінген екі-үшеуі шығып тұра қалды. Қызыл жеңді пәле келіп, менің аты-жөнім тергелгенше осылардың «мәдениет төңкерісіне» болған позициясын байқауым қажет көрінеді. Атымды қузап жеделдете аяңдадым. Сәлем беру орнына айтатын үзіндім, қазіргі позициясын да, санасын да байқататын дөрекілеу үзінді болсын!... – «Бірінші қиыншылықтан, екінші өлімнен қорықпалық!» –деп айқайлап тұра қалдым алдарына келіп. Кекселеу қалың мұртты жуаны мырс ете түсті де, жіңішкелеу мұртты сұңғақ бойлысы езуін әрең жиып, зорланып томсара қабылдады «сәлемімді». – «Халық үшін қызмет қылайық!» – Маужуши мың-мың жасасын! – Екеуінің мұрты да ойнақтап кеткендей болды. Аттан түсе қалдым. – Маужуши мың миллион жасасын!– деп жастау семіз сарысы қалжыңын ашық байқата дауыстап жіберіп ұстады атымды. «Сәлем алған» үшеуі де жылы ұшырай қалды. – Біздің үйге, біздің үйге баста!– Кекселеу жуаны екіншісіне осыны күбірлей сала қол алысты менімен. Амандық-саулықты сұрап қатарласа аяңдады. Таяғыма күш сала сүйеніп, аяғымды сылти бастым. Қызыл жеңді қарауылшы менің қасыма келе алмай қарап тұрып қалды. Қазақтың сыйлау салты бойынша бұл жерде ешкімнің ат-жөнімді асығыс сұрамауы қуандырып еді. Үйге кірген соң үлкені бәйбішесіне көрпе төсетіп, қатарыма отырғанда да ол жөнінен ауыз ашпай, жақын танысынша қарап күлімдеп, аулының жөнін сөйлеп кетті. Бүгін гүңшенің үлкен әтіреті бойынша зор жиын ашатын күн екен. Бұрынғы таптық зұлымдық үстінен шер төгіп, помещик пен бай шаруаларды күреске алуға дайындалып жатыпты. – Көне қоғамдағы кедейлердің тарихи тағамын бізбен бірге жесуге келгеніңіз, қуанарлық іс болды!– дей салды да, бірге келіп отырған екеуін қузады. – Ал, жолдастар сендер жұмысты орналастыра беріңдер, біз қазір шығамыз! – Екі мұғалімді сол сөзбен жолға салып оңашаланған соң малақайымды басымнан алып қоя сала қолымды қысты. – От жанып тұратын мейрімді көзіңнен таныдым Биғабіл жолдас! – Солқ ете түсті де, ыршып кеткен көз жасын сүрте қойды. – Айдалып кеткеніңнен бері есімнен бір де шыққан жоқсың. Мен бұрын осы мектептің бастығы едім. Үрімжідегі оқу–ағарту жиындарында үш рет көріп, сөзіңді тыңдағанмын. Коммуна құрылған соң мені осы өндірістік үлкен әтретіне дадүйжаң етіп сайлаған. Атым Омар... Есен-аман жүрдің бе, қашан қайтып келдіңіз? – Ол жөнімді кейінірек сөйлеп берейін. Ал, әлгі екі жігіт кім? – Мұртты үлкенірегі менің орныма мектеп бастығы болып сайланған, Әнуар дейтін мұғалім. Сізді тануы мүмкін. Күрсіне ескеріп жүретіндердің бірі сол. (Ақияның хат жазып берген сабақтасының бірі осы Әнуар екенін таныдым.) Ал, анау жас жігіт 61–жылы ашаршылықта шыққан мұғалім. Сауат жөнінен де сол шыққан жылы байқалып тұрады. Атыңызды қазірше кім деп атайын? – Қазірше Құлжан. Құлжанның кім екенін білесіз бе? – Ол итті білемін ғой. Соның жаман атын жамылмай-ақ қойсаңыз қайтеді?... Рас сол екен деп сізге жаңсақтан қастық сайлап қоятындар шығып қалар! – Қызыл қорғаушылармен армияның шарлаушылары келіп қалса, оның ес қататын белсенділік кнешкелері менде еді! – Япырай, ә!.. Ондай шарлаушылардың тыңшылардың тыңшылары да бар осында!... Қазіргі жиынды басқаратын кедей, төмен, орта шаруалар Жуши – сол ноғандардың бастығы. Сізді оқу-ағарту шарлаушысы деп соған мен таныстырып қояйын, сіз үндемеңіз. Оның түсінігінде ағарту деген – буржуазияның қызметі. Құлжанды, ол қадағалап жөнін сұраса ғана айтарсыз. Ал, мектеп бастығынан шын жөніңізді жасырмай-ақ қой! Ол, мықты азамат. Тым болмағанда қастықшылардан қорғай тұруға пайдасы тиер. Ашаршылықта туған әлгі сары да соның қолында ғой. – Ие, Әнуарға бір сабақтасының жазып мені тапсырған хаты да бар, соны беріп қойярмын... Осылай келісіп алып, жиын ашылғанын естісімізбен мектепке қарай аяңдадық. «Қазіргі ішетін көжемізге жиркеніш көрсетпеңіз, бұл идея сынайтын, сойқанды көже!» дегенін Омар күбірлеп қана ескертті. Екі жүз шақты адам сиятын жиын залының іші-сырты адамға лық толыпты. Бір-бір тостаған «көжені» өздері тайқазаннан құйып әкеліп, тақыр жерге алқақотан отырыса қалған екен. Омар дадүйжаң мені сол отырғандардың арасынан өткізіп, жиын залына кіргізді. Қолымнан және жетектеді. Төрдегі жалғыз үстел, жалғыз орындықта көже ішіп отырған жалпақ бет, божбан қара жушидың бізге қарауға пәлендей әуесі жоқ сияқты. Әркімге сығалай қарасынан, биіктеп «қызмет бабымен» отырғанын түсіндім. «Ата-бабасынан қалған мұра көжені» терлеп-тепшіп, қомағайлана тартып отырған да өзі екен. Омар екеуіміз екі терезенің арасынан мектеп бастығы ашқан орынға жетіп, құрғағырақ жерге орналастық. Семіз сары мұғалім біздің алдымызға да екі тостаған көжемен, қасық орнына бір-бір пұта ұстатты. Әлгінде келе жатқанымда әйелдердің шақылдатып шауып, тайқазанға салып жатқандары осы көженің «қоюы» болып шықты: былтыр күздегі жиған жүгерілерінің қатқан малдегі. Оны қайнатып, өңештен өтетіндей жұмсартыңқыраған тұнық сарғылт суға жүгері үннің кебегін сеуіп лайлап, көже сиқына келтіріпті. Басқа дәм-тұздан таза-тақыр, жып-жымышы. Ал, осыны ішіп отырған көпшіліктің таңдайлары тақылдап, малдек қиындыларын қарс-қарс шайнайды. Неткен тәтті дескендей тамсансып, обыға жұтынады. Жиылған осы бес-алты жүз адам бір-біріне қарай алмайды. Сол «тағамнан» басқаға көңіл бөліп күбірлеген ешкім жоқ. Жым-жырт ауыздарды жұп-жуан малдектер керіп, бұлт-бұлт, бырт-бырт, күрт-күрт етеді. Егер мұны осылай «құмартып» ішпесе, кедей таптарға қарсы помещик, бирократ буржуаз, шужыңжуий, жиянгерлердің жалданбалары болып күреске тартылатындығын білген соң мен де әдейілеп «құмарта» түстім. Кешеден бері ыстық тамақ татпағанмын. Асқазанымнан қайтар деп қауіптенерлік ештеңем жоқ еді. Терлеп – бұлаулана оуып, үшінші тостағанды алдырғанымда Омар бұға қарап жымыңдады. «Кедейлер жуши» да биіктен қарап қойып отыр екен. Осы көженің нағыз мұрагері – кедей, төмен орта таптардың бірлескен қосынның төрағасы бір тостағанын әрең тауысып, сөзге айналыса бастады. – Бұл кісі кім еді, таныспаппыз ғой?– деп сұрады Омарға қарап. – Бұл кісі мектеп шарлаушысы, Үрімжіден осы тау мектептерінің мына босап қалған шағында бұзылып, отын болып кетуінен сақтандыру үшін шығыпты. – Бәсе, пратолдық үкіметіміз кімді қызметке қоюдың қажеттігін біледі!– деді жуши. «Пратолдықтың» пролетарлық деген сөзі екенін түсіне тыңдадым. – Көрдіңдер ме жамағат, бұрын күні үшін қол малай болып көрмеген адам бұл тағамымыздың қадірін білмейді. Біз осы тағамнан ғана күш алып, өсіп-өніп келгенбіз. Мына байлар қазы-қарта асқан қазандарының жуындысын да иттеріне беріп, бізге осыдан басқа нәр татырмайтын. Біз бұлардағы кегімізді тағы да осы тамақпен аламыз! Қазір Жолдыбай жолдас мына қожайындардың үстінен шер төгеді! «Мына қожайындар» деп жуши нұсқаған босағада бас киімдері айналдырылып теріс кигізілген бір топ отыр екен. Тостағандай көжелерінен бас алмай тұқырысып алыпты. Жолдыбай аталған салпаң құлақ ескі тымақты көсе шал, жушидың оң жақ қатарына шығып тұра қалып, еңкілдей жылады. – Братолдық жолдастар!... Біз не қорлық көрмедік... Бұл шошқалардан!... Осы тамақты иттің де ішпейтіндігіне арғы қолдарыңды бері әкеліңдер!... Кебегін молырақ салмаса тері илеуге де жарамайды! Осыны бізге осы байлар өз қатындарымызға зорлап қайнатқызып беретін!... Ей Бақберген, тұр орныңнан!... тұр! Осыны маған сенің бергізгенің рас па, өтірік пе?... Құдайшылығын өзің сөйлеші қане! – Жолдыбай «құдайшылық» деген сөзінен қатты қателескенін сезіп, көзі бағжаң ете түсті. – Астапралла қайда кетіп барамын өзім!... Маужушилық жөнін өзің сөйле қане, Бақберген! Күлкіден қысылған көпшіліктің бет-ауыздары бүлкілдеп, қас-қабақтары дірілдеп кетіп еді. Бір-екеуіне зекіп қалған жушидың дауысынан тамаққа тиіп қойған мысықша жерге жабыса қалғандай бұқты көпшілік. Бақберген аталған шал аппақ сақалын дір қақтырып, қусырыла түрегелді орнынан. – Рас, рас қой шырағым!... Бірақ, ол заманда мұндай қатты ағашты кім шапқылап, қайнатып әуре болған дейсің. Жақсы етімізді жалшылардан аяп, ішек-қарын, өкпе-соқпа беретініміз рас болатын, соған қарағанда рас қой, айтқандарыңның бәрі рас қарақтарым! – Ей қақпас!– деп ақыра түрегелді бір әпербақан. –Ей қақпас, қатты ағаш қайнатқызып бермей, ішек-қарын, өкпе-бауыр, бас-сирақ, май сорпамен бағып келдім деп тұрмысың бізді! Маужуши мен біз саған жала жауып тұр екенбіз ғой, солай ма! Осындай қара көже жасатып бергенің өтірік екен ғой! Ей сақалды ит, ей, иттің тісі батпайтын мына қақ сүйекті кім кеміртіп еді бізге! – Сырттан әкеліп жамбасына басып отырған сиырдың кәрі жілігімен кеудеден періп кеп жіберіп, шалқасынан түсірді шалды. Қалпақтыларға кіжіне түрегелген бірнешеуді кедей жуши қол ишарасымен тоқтатты да Жолдыбайға адырая қарады. «Кері төңкерісшілерден жөн сұрап, келіндерінше иілуді қашан қоясың!»– деп зекіріп қалды да Маузыдұңның үзіндісін ой жота саудырлата жөнелді. – «Төңкеріс деген қонаққа шақыру емес, әшекей сызу, кесте тігу емес. Төңкеріс деген қозғалаң, бір тапты бір таптың... қысқасы, тақымға басып, додаға салуы». Жаңағы Дүйсен жолдастың, баяғыда өзіне Бақберген кемірткен сүйекпен өзі ұруы заңды іс болды. Төңкеріс қылуды Дүйсен жолдастан үйреніңдер! Сөйтіп, «Дүйсеннен үйренушілер» шу көтеріп ұрандай түрегелді де қалпақтары алқымдап, тас дауалға жаныштауға кірісті. Ию-қию айқай, бірін-бірі тыңдар емес. Аяқ астында қалатын болған соң Омар мені жетектеп сыртқа шығарып әкетті. – Әтіретіңіздегі адамдардың амандығына жауап беретін болған соң сіз «қалам күресін» айтып баспайсыз ба мыналарды?– деп күбірлеп едім, күрсініп жіберді Омар. – Бар құқық қазір, осы маңдағы әскери қызыл қорғаушы комиссары «ортеке»[113] етіп ойнатып отырған осы «жушидың» қолында. Әкімшілік «кедей – төмен орта шаруалар қосынына өткізілген. «Төңкерістеріне пікір айтсам-ақ «құқық иесі», «кері төңкерісші» деген қалпақ өзімді бассалғалы тұр!... «Құқық иесі» деп аталатын «қылмыстардың» қайдан шығып жатқанын енді толық түсініп, қоя қойдым. Алқылдатып құса жөнелісті даладағылар. Алдымен залдағы жүрегі қозғалған қалпақтылардан басталған «құсу науқаны» іле-шала көпшілікті түгел шабыттандырды. Дүние лақ-лұқ, сар-сұр болды да кетті. Ауыздардан малдек атқылақтап, сары өзен таси жөнелді. Тұла бойлары құсыққа малшынған «кері төңкерісшілер» де, тізелері мен етектері ғана баттасқан «төңкерісшілер» де сұп-сұр болып шықты сыртқа. Енді құсу үшін емес, қалған-қатқанын құйрықтарынан ағызу үшін шыққан іспетті. «Бізге берген тамақтарың тәтті ме екен?» –деп жуши бастап ақырды да «төңкерісшілері» қостап, «жоғалсын-жоғалсынның» астына алды. Қалпақтыларды қамшылап шықпыртып қуалай жөнелді сонсоң. Жуан жуши азғана жерге бірге қуаласып барып тоқтап қалды да басқа қуушылар бел асырып әкетті. Жушидың ендігі міндеті, белге шығып, қай жерге дейін қуалап соққанын бақылап тұру екен. Қызыл жең белгі тағынған жігіттерден екі-үшеуі жалбарақтай келіп қол берді маған. Бұлардың бұлай бірлесіп келіп «жалбарақтауының» түбі жағадан алуға саятындығын түйсіне қалғандаймын. – «Халық үшін қызмет қылайық!» таптық туыс, атыңыз кім болады?– деп сұрады біреуі. – Бұл кісінің аты Құлжан, – Омар менен бұрынырақ атап қалды. – Қане танысып қойыңыздар! –Олардың да аттарын атап таныстырды да менің «қыр мектептерінің амандығын бақылау үшін» Үрімжіден шыққанымды айтты. – Ал жігіттер, бұл кісі келгелі шай да ішкен жоқ. Әңгімелеріңіз болса, біздің үйге жүріңіздер! «Тарихтық азап тамағынан» асқазандары азаптанып тұрған жасақтар өз жұмыстарын сылтауратып, үйлеріне жөнелгенде біз де Омардың үйіне беттеп едік. Мені Құлжан деп естігеннен-ақ үдірейе қараған семізше сары мұғалім үнсіз бөлініп үйіне кетті. «Әне!»– деді Омар мырс ете түсіп, «Әнуарға айтып қой» дегендей ымдап, алдыға түсе жөнелді. Мектеп бастығы екеуміз қатарласа аяңдадық. – Әнуар бауыр, менің шын атымды сіз ғана біліңіз! –Ақияның хатын ұстата қойдым. «Сіз ғана» дегенді баса айттым әдейі. Кейінгі кезде Биғабіл екендігім ашылып қалса, жаңағы Құлжан деп жариялаған Омар дадүйжаң қашқын жасырған болып күймеуі үшін, «ол мені Құлжан деп жаңсақ танып қалыпты» дей салуым қажет болатындығын ескердім. – Өзім де шырамытып едім!– деп жымиған Әнуар қатты оқып шығып, басын изеп-изеп қалды. – Қолымнан келгенінше көмектесейін. Күлән мен Ыбырайды іздесіп берейін! Бірақ, сіз... қалпағыңыз жоқ екен ғой, бұл жерде оншалық жасырынбасаңыз да боларма екен. Қазір басында миы бар жұртшылық сізден көрі Құлжанға өш! Мына үздіксіз жүргізіліп жатқан төңкеріссымақтарына түгел өш. Тек, әркім өз бастарын аман алып қалуды ғана ойлайтын ақымақтықтарымен ғана өстіп жүр! – Ие, дәл солай. «Әркім өз бастарын ғана ойлайтын ақымақтық», осы қоғамдағы барлық ақымақтықтардың анасы. Бұдан әлі талай жаңа ақымақтықтар туыла береді ғой. Мені үздіксіз сорлатып келе жатқан әлеуметтік осы ақымақтық, бұл сапарда Құлжан бола тұруыма мәжбүр етті! Бұл сөзіме қарқылдап күліп жіберген Әнуар күрсініп алып айқындады өз жайларын: – Біздегі бұл ақымақтық қазірше қастық дәрежесіне көтеріле қойған жоқ. Тек шын сөзден ғана қалдырып тұр. Мәселен: Осы ауылда маған ең жақын дос – Омар ақсақал өз сырын маған айтпайды да мен оған айтпаймын. «Ашылу–сайрау» науқанынан бергі тағдыр бізді өстіп түгел зымиянға айналдырып барады! –деп күлді. Мен де өз ойымды айқындап түсіндірдім. – Жұртшылық арасында Құлжандарға өш адам көбейген екен деп, бүтіндей Биғабіл болып жарияланбауым қажет. Биғабілдің қалпағы жоқ болғанымен қазір сол атының өзі зор қалпақ. «Қашқын қасқыр» етіп шығаратын қалпақ! – Биғабіл әшкереленсе, мәселесін қайта тексеріп анықтауы мүмкін. Ал, Құлжанды, жалақорлығын естіп ашынып, қаны қарайған әрқандай азамат, тексеріп–тектемей-ақ жасырын жайлай салуы мүмкін. – Менің өз ойым, әлгіндей бақылаушылар алдында Құлжан болсам, оның кінешкелері менде, оңай құтыламын. Ал, басқа жайды өздеріңіз біліңіздер! Мен Тарым майданында қалпақсыз, уақытша кәсіпке орналасып тұрып, хат-хабары болмай кеткен бала-шағамды тауып қайту үшін ғана қашып шыққанмын. Күлән мен Ыбырайды іздеп жүрген мақсатым да сол. Семьямның қандай жағдайын болса да Күлән білетін.
|
|||
|