|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 43 страница– Міне сол қайғыңыз, ұйықтағаныңызда түс болып көрінген! Түс, өңіңізде ойлағаныңызды тіпті өсіріп бейнелеп көрсетеді. Мұндай сандырақ түсті өз тәжірибеңізден де көп көрген шығарсыз? – Мұның рас. Бірақ, анық түс пен танық түстің парқын да білуші едім. Осындай анық көрген түсім жазбай келуші еді. Түскер болатынмын. Мына сұмдық екі ретінде де анық көрініп, өзімді алжастырып жібере жаздады: бала-шағам бір жақта, өзім бір жақта тозып, мәңгі көрісе алмай жоғаларма екенбіз деп шошып қалдым, Биғаш!... Тоса тұр! Осы түсімде сол сұмдықтың дәлелі де көрінгендей болды. «Біз құйын емес үзілмей, мәңгі соғатын дауылмыз, киелі дауылмыз» деді ғой құйынның өзі!... – Біздің кешегі газеттен хауіптенген құйынымыз, бір ауыл емес, бір аймақ емес, бүкіл қоғамға келетін хауіп еді ғой. Сіз сонда өз ауылыңыз жөнінде көбірек хауіптенгенсіз де, түсіңізде бар пәлені өз ауылыңыздың үстінен ғана көргенсіз. Кең төскейдегі айранын ұрттап, қойын құрттап жатқан момын аулыңызда бұл құйынның жеке ойрандайтын ештеңесі жоқ. Ал, сіз өңіңізде көріп жүрген науқандардың «дауылмыз, үздіксіз төңкеріс жүргіземіз, бізді тоқататын ешқандай күш жоқ, киелі дауылмыз» демей келгені бар ма еді. Маузыдұң: «социализм дәуірінде үздіксіз төңкеріс жүргізіледі» дегеннен бері лекциялардың барлығы осылай емес пе!... Құйынбыз, алатынымызды қазір ғана алып өте шығамыз деп келген бірі бар ма!... Сана-сезіміңізге солай «үздіксіз» болып сіңген қаранауқандар, қиялыңызды хауіп жеңген күні түсіңізге шетсіз-шексіз қара құйын көрінбес пе!... Ал енді өз тәжірибеңіз бойынша «айқын түс» ретінде жорығанда да бұл оншалықты жаман түс емес. Сол құйынның сізді өз жайлауыңыздағы шұңқырдан жұлып әкете алмағанына қуаныңыз! Түсте көрінген өзіңіз, өз үйіңіз болады. Балаңыздың «әке-әке, бұқ-бұқ» дегені, аулыңыздың да бұққан күйі аман қалатындығын хабарлағаны. Бұл түстен ерекше хауіптенетін дәлеліңіз жоқ! Аз уақыт ойлана қалған Ысқақ серпіле күлді. – Әй енді сендірдің-ау Биғаш! Көкейіме осы екінші рет айтқан түсінігіңнің бәрі қонды, көп жаса!... Жынды деген жынды, құйын деген – құйын ғой баяғы, пәтуә барма, бәрінде де мәңгілікпіз деп төніп келе мәңгіріп қалып жатпай ма!– дегенінде борбаста сүйреп жүрген зілдей арбамыз жеңілдей сала берді. Айланасы отыз шақырым келетін осы су қоймасының жұмысында әлсіреп барып арбаға жаншылып, талай адам өлді. Жаңа жыл басталған шақта менің жіліктерім 62-ші жылдағыдай қайта шидиіп, сіңірлерім ғана қалып еді. Құйрығым қайта үңірейіп, шошыта бастады. Енді қайта ісітіп, өзім сүйреген арбаға өзімді жаныштырмақ қой!.. Қасымдағы қартым талтаңдап арбаға ілесе алмай қалды. Ана жылғы өзімше ісіп, умасы пұтына симай бара жатқанын мөлшерлесем де намыскер қарт айтпайды. Кадрларға мен бірнеше мәлімдеп дохтырға жіберте алмай қойдым. Ал, бала-шағасынан анда-санда келетін майын көп көтеремге қалақтап тасып, лезде тауысатын өзі де бір «жомарт» шал болды. Лаугайлар арасындағы қалпақсыздармен кесімді мүддеті біткендердің талабы күшейгендіктен жаңа жылдың январы соңында «түрмеден шығу әтіреті» дейтін бір әтірет құрыла қалды да мен соған алдымен баратын болып тізімделдім. Ауру Ысқақ қартқа бір жеңілдік әпере кеткім келді. Қолтықтап-сүйемелдеп апарып әтірет штабына кіргіздім. – Баугау дүйжаң!... мына қартың енді екі жылдық мүддеті бар, үш жылын әрең өтеді. Егер ауруханаға қабылданбаса екі айлық өмірі де қалмады. Советке қашады деген күмәнмен ғана нахақ қолға алыныпты. Жан біткенге жан ашып алданғанынан басқа жазығы жоқ момын шал еді! –дегенімде көзімнен жас ыршыды. Бұл әтіретте қазір біраз абырой өндіре бастаған кезімдегі мына жыласыма кадрлар үңірейе қарады. – Ысқақ, «ауруын жасырғанды өлім әшкере қылады» деген. Мына кісілерге көрсетіңіз! – Ұйбай-ау мынау не дейді?– деп Ысқақ қарт талтаңдай жөнелді есікке қарай. – «Ұят бар жерде иман бар» ғой!... Ұстай алып дауалға қараттым да екі қолын қоса құшақтап, бір қолыммен штан бауын шештім. Ұжмаққа жеткізетін иман умаңыз да болса да көрсет!... Қане, зыдауян, дүйжаң, көрмей сенбейсіздер, көріңіздерші мынасын! Сөз ұғатын ұлттық кадрлар күліп жіберді де бір-бірден келіп қарады. Төрде бажырая қарап отырған зыдауянға ым қақты, көріп қайтқан біреуі. Ол келіп үңіле қарады да шәугімдей болған уманы закүн таяғымен астынан көтере қарап қайтты. – Тездетіп емдетпесе бұл ісік жүрекке енді екі-ақ күнде жетеді де өлтіреді!– деп зыдауянға ханзуша сөйлеп ұқтырдым. Зыдауян екеумізді суық қана ымдап қайтарды. Күбірлесіп сөйлесе бастағанын ести шығып едім. Түскі демалыстан жұмысқа шығар шағымызда. – Ысқақ Абдолла!– деп шақырды бір ұйғыр кадр. – Киініп, таза көрпеңді ала кел! Ауруханаға жатқызуға апаратындығын біліп, қолтықтап апардым алдына. Қолында әтірет таңбасы басылып, зыдауян қолы қойылған ханзуша қатынас қағазы тұр екен. Отыншының арбасы жетіп келіп, қартты арбаға жайлап отырғызды да жылжи жөнелді. – Бұл қайғымнан да құтқаратын болдың Биғаш, бата-тілегім сенің соңыңда болар!... Басқа әтіретке ауысып кетсең, аман бол!– деп өксіп қалды қарт. – Сонда да көрісіп тұрамыз, қашан жазылғанша қамсыз жатыңыз, үйіңізден хат келсе, жеткізіп беріп тұра алатын біреуіне тапсырып кетемін!... Содан екі күн өткенде түрмеден шығу әтіретіне сол арбамен көшіп мен де кеттім. Түрмеден шығу әтіреті де Қарашаһардағы саяси мектепше «қуаңшылық апаты» мен «шужыңжуидің қылмыстарын» оқытты. Бұл курстың мүддеті де үш ай екен. Лаугай әтіретіндегіше күндіз тыным таптырмай, тіпті жауынды күндерде де тың жер ашқызып, ыңғай түнде «оқытты». Әйтеуір еңбек майданында лаугайдағыдай автоматпен айдап жүрмей, еңбекпен өзгергендігімізді сынау сылтауымен істетеді екен. «Жақсы істесек, үйлерімізге қайтарар» деген үміттің мылтықтан артығырақ қузайтындығын білетін қу әтірет болып шықты. Үш ай бітісімен қайғы бұлты қайта торлады басымызды: «жоғары жақтан жаза майдандарына жаңа бұйрық түсті»– деп жариялай қойды жаңа сұмдығын. – «Кесім мүддеті біткен қыылмыстылардың ешқандайы үйлеріне қайтарылмайды. Өздерін өзгерткен майдандарына «кәсіпке орналасушы» болып істеп тұрсын, толық өзгермегендерінің қалпағы алынбайды. Ал, лаугайлықтан шыққандықтары айқын түсіндіріліп, шынсың[95] әтіреті болып құрылсын!...»– деген жарлық екен. Сөйтіп, «түрмеден шығару әтіреті» лаугай әтіреттерінің зыдауяндарын шақырды да тізім бойынша бөліп-бөліп, алдыларына қайта салып жөнелтті. Мен де «кәсіпке орналасушы» деген «лауазыммен» су құрылыс әтіретіне қайтарылдым. Іле-шала Үрімжі маңындағы түрмелерден шыққандар келген соң лаугайлардан «шынсың әтіреті» болып бөліндік. Бөлінсек те бәрі-бір лаугай миқынаты. Ерте шығып кеш қайту, түнде істеп «зор секіру» жақтарынан одан қиынырақ тиді бізге. Айлық еңбек ақы ретінде беретіні, лаугай-лаужяу уақыттамыздағы тамақ пен киім расхоты ғана. Үкіметтен одан артық ешқандай қаражат шықпайды екен. Сөйтсе де арқамыздан автомат төндіріп әскер айдамай, өзімізді өз арамыздан сайланған группа бастықтары басқарғаны, біраз еркіндік болып сезілді өзімізге. Мен тіпті де жаза майданынан жаралып «жаңа туған» емес екендігімді дәлелдеп арыз жаздым. Қылмыссыз адам қылмыс қалпағын кимейтіндігін, бұрыннан қылмыссыз, төңкерісші кадр қатарынан жаламен лаужяу болғандығымды, одан 64–жылы ағарған хабарым Қарашаһардағы саяси мектепте ұқтырылғандығын, бұрынғы қызмет орныма қайтар шағымда Сауху лаужяу майданы жабылып қалғандықтан Тарым майданынан жолдау қағаз алу үшін келіп қалғандығымды, лаугай әтіретіне заңсыз қосылып, солармен бірге тағы бір жыл ең жапалы жағдайда миқнаттанғандығымды баяндап арыз жаздым. Жоғары орындарға жолдағаным тағы да үнсіз жоғалып, осы майдан басшылығынан ауызша «жұп-жуас» қана жауап шықты: «пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі басталып кетті. Бұл төңкеріс аяқтағанша арыздарыңа жауап қайтаратын және сендерге бізден басқа ие болатын ешкім жоқ. Қоғамда қазір ешкімді ешкім танымайды. Бар жерде буржуазияға қарсы аласапыран күрес болып жатыр. Осы майданның сыртына шықсаң-ақ жанышталасың. Төңкеріс толық жеңіске жеткенше соңын күтіп, тып-тыныш істеп тұр!» деді. Енді білдім, былтырғы Қарашаһардан Үрімжіге қайтуыма жол ашпақшы болған орын «оңшыл оппортонизм» екен де, ал, қайтармай алдап әкеліп Тарымға қамаған, осы науқанға даярланушы әсіресе солшыл күш екен... Ысқақ қарттың түсі дәл келе қалғанына таңдандым. Қызы, «әке, бұқ-бұқ» деген ғой! Мен де «бұғып» еңбектеніп, соңын күтейін десем, «жаңа өмірге шығушыларға» беретін жиырма юан айлығы киім түгіл тамағыма да жетпейді. Оның үстіне бала-шаға, туыс-туғанымнан дерексіз айрылуым, басыма тыныштық берер емес. Жындандырып, өзімді-өзіме жұлғызып жейтіндей. Не істеуім керек?... «Ешкімді ешкім танымайтын» осы қарақұйын астында «бұғып жатып», тұншығып өлуім қажет пе?... «Жоқ, жоқ, тым болмағанда семьямның дерегін білуім қажет!... Қоғам жынданғанда мен сап-сау тұра алармын ба, әйтеуір одан бәсеңірек жындансам болмады ма! Табылса, семьямды тауып, табылмаса соны іздеп мүлде жоғалмай, нерві азабынан құтыла алмаспын, кетуім дұрыс!...» Менімен бірге «жаңа туылған» Тоқты Баситпен келістім де группа бастығымыз болып сайланған Қапас арқылы мұндағы аға-бауырдың бәріне сәлем жолдап, хош айттым. Зытамыз деген уағдалы түннің іңірі түсіп, киімімді ауыстыра бастағанымда әтіреттің солтүстік жақ тұсындағы Шаяр жолынан мылтық атылды. Сол-ақ екен, жақын іргедегі лаугай әтіретінен әскери бұйрық үні сақылдап, тапыр-тұпыр жүгірген аяқ дыбысы естілді. «Қашты! қашты» деген дыбыс көтерілді өз әтіретімізден. Тораңғы, жыңғыл пұтақтарымен жабылған балағандарымыздан үдере шықтық сыртқа. Кадрлар ақырып қайта қуып тықты. Дүрліктірген мәселені жасыру үшін, кешкі үйреніс уақытын сырап қып қойғанымызды жазғыра ақырды. Тоқты Баситті бүгін-ертеңгі жүрістен әрең тоқтатып қайтып, жатаққа кіргенімде қыли зыдауянымыз қуа кірді соңымнан. – Үйренуді бұзып сыртқа бастап шыққан кім? – Ешкімнен жауап шықпаған соң группа бастығымызға сыртқа ең алдымен шыыққандарын жазып беруді тапсырды да қатарымыздағы группаларды аралай жөнелді. Бәрінен де сұрап, тапсырып жүргені осы екенін ести отырдық. Жасалып жатқан су қоймасының солтүстік қасы жақтан бірнеше мылтық қатар атылды да шырылдаған бірнеше адамның жан дауысы естілді. Бір жағында «зәнжу!... зәнжу»[96] деп зекірісіп әскерлер әлі қуып бара жатқандай. – Біздің әтіреттен қашқаны үшеу ғана деп еді, мыналар көп сияқты ғой?– деп күбірледі. Бір ұйғыр сырттан. Оған тағы бір күбір жауап қатты. – Мына су құрылысы әтіретінен қосылған лаугайлар бар ұқсайды! – Ей ағайындар, өз жатақтарыңа барып сөйлесіңдер!– деп дауыстап Қапас қуып жіберді оларды. Шырылдаған дауыстар жақындай түсті. Сүйретіліп келе жатқан сияқты. Үзіліп-үзіліп естіліп жақындады да, бірден-екіден өшіп, лаугай әтіреті жаққа өткенде біреуінің ғана шыңғырғаны естілді: «бұлай қинағанша жүректен атыңдар!» деген ұйғырдың үні, күрс еткізіп тепкендей бір дыбыстан шорт тоқтады. – Өлді!– деп күбірледі Зарықбек. Қапас маған қарап күрсінді. Қаны қашып, сұрланып алыпты. Жақан, Ақбай, Асылбек те жалтақтайды. Жасаураған көздерінен «сіз қашпай тоса тұрыңыз!» дегендей қимастық жалынышы байқатады. Барлық зілмен басқан ауыр қараңғы түн, лашығымызды тұншықтырып өлтіргендей, жым-жырт. Қалың масаның ызыңы мен жын шырағымыздың жылтылы ғана қалғандай. Тыңдап байқасам, «жаңа өмірге шығушылар әтіреті» түгел қырылып қалғандай жым-жырт. Соңғы шырқырап барып, үні шорт өшкен адамның осы әтірет «шынсыңы» екендігін осы тұншығуларынан білдім. Лаугай әтіретіндегі дәретке шыққандардың «баугауы» мен постағы әскердің одағай-оспадар зіркілі ғана естіліп жатты. Майдан штабы жақтан келген автомобильдің гүрілі естілді бір шақта. Тоқтағанда да маторы өшпей гүрілдеп тұрып, біраздан соң борбасты жолда қайта бырылдай жөнелгеннен әлгі қашқындарды әкеткені сезілді. Бұл іңірде шінсіңнің үшеуіне үш лаугай қосылып қашып, екеуінің өлгені ертеңіне анықталды. Басқалардың жүрегін алып, қашудан тию үшін, қолға түскен соң өлмейтін жерлерінен бәрі атқан екен. Мойындарына арқан салып сүйреткенде екеуі жолда өліпті де, төртеуі өлміші болып, жансыз қайтыпты. Зыдауянымыз, «оларға қашып бара жатқандарында оқ тиді» деп жариялады бізге. «Тоқта дегенде тоқтамағандықтан бәрінің сирағын шағып ұстапты» деді. Сөйтіп өздерінің барлық ісін заңдастырып қорқытып, екі сағат сөйледі. «Өлгілерің, иә, өлімтік, мәйіп болғыларың келмесе қашпаңдар!» деп зекірді сонсоң. «Қазір аспанға тор, жерге қақпан құрылып болғандығын», «ешкім қашып құтыла алмайтындығын» дәлелдей берді. Осы сөзін талқылап, қашу мақсатындағылардың өздерін-өздері әшкерелеп, кешірім алуға екі күн уақыт берілгендігін, жасырушыларды әшкерелеуге екінші сатыда рұқсат етілетіндігін жариялады соңында. «Қашпақ болып жүргендерің бізге әлдеқашан мәлім болған. Енді өздеріңді-өздерің әшкерелеп тәубаға келулерің, өздерің үшін ғана қажет!»... «Жаңа туғандардың» аса қуланып, берік ынтымаққа келіп алғандықтары осы жиында көрінді. Әшкерелеудің орнына басшылықтың өзіне талап қойды: «партияға бірқанша жыл жұмыс істеп берген аяғымызды жаза ажырғысынан енді құтылғанымызда шақтыруға разы емеспіз. Өзімізге-өзіміз қас қылмаймыз. Бірақ, үйімізге барып, амандығын біліп қайтпай көңіліміз орнығар емес. Ет жүректі адамбыз, сағындық. Кесімді мүддетіміз біткенше үйге барып қайтуға рұқсат сұрау заңсыздық еді. Міне енді бітіріп, «жаңа өмірге» шықтық. Заңды рұқсат алу құқығына ие болдық. Үйге бір-бір рет қана барып, көрініп қана қайтып келеміз. Рұқсат ету сіздерден, қайтып келу бізден!» десті. Осылай жұмсақтап қана шарт қойды да, бірге кетуге уәделескендер өзара сыбырласа берді. Совет одағына қашып өтіп қуылып қайтқандар жеке-жеке келіп, менімен сөйлесті: шекарадан өткенде ол жаққа атағы бар, кепілдікке жарарлық тамыр-танысы көп адамды қумайды екен. «Биғабіл қайда» деп арғы беттің шекара күзетіндегілердің бірнешеуі өздерінен сұрапты. Соны айтып, әрқайсысы мені бастап әкетуге тырысты. «Ол жаққа өткенде өз иемізді тауып алғанымызша сіз ие бола тұрсаңыз қуылмас едік!» деп бәрі жалынады. Екі рет, үш рет өтіп барып қайтарылғандар мені ешқандай көз түгіл дүрбіге іліндірмей, ап-аман өткізетіндіктеріне қайталап-қайталап ант айтып өтінді. Егер ол жаққа өз семьяларым түгел өтіп алғандықтары анықталса, осы зарланған панасыз сорлыларға түгелімен-ақ ие болып әкетуге уәде берер едім. Амал не, кеткендіктері жаңсақ жорамал болып, Мақпал мен Асқарды тастап қашсам, ол жақта тірі жүруім мүмкін бе!... Осындай жіпсіз байланып отырған жайымды түсіндірдім оларға. Мені шекара сыртынан сұрастырушылар барын ауыздарынан шығармауларын өтініп, өздеріне жалындым. «Шужыңжуйшылар»[97] жоқтап жүргенін мына «төңкерісшілер» естісе жоқтауымды асырмай ма! Шынжаңда кімімнің қалып, кімімнің кеткенін білмей шекара аттамайтындығымды бәріне айттым сөйтіп. Жасырын радио тыңдайтындар бір стансаның мені аштан өлді деп аза тұтып жариялап жатқанын айтып келді. Бұл жайт тіпті тынышсыздандырды мені. «Бұл хабарды естіген шешем мен Мақпал өлмей ме! Туысқандарым қандай күйге түсті екен?... Бәріне әаянышты ауыр қазаның күйігін артып, ажалдарынан бұрын өлтірмек болғаны ма, мына стансаның!... Қастығы ма, достығы ма?... Жаза майданында әрең тірі тұрған адамды жауларына «жауың әне» деп жар салып әшкерелейтіндей, естері дұрыс па өздерінің!» –осы ызадан жынданып кете жаздадым. Тоқты Басит екеуіміз ақылдаса сала қашуға дайындалдық. Әшкерелеу жиынының мүддеті бітісімен әтірет зыдауянынан үйіме барып амандығын біліп қайтуға қасақана ресми рұқсат сұрап едім, құйрығына шоқ басқандай тулады. – Осындай бұрынды-соңды болып көрілмеген «ұлы төңкеріс» уақытында рұқсат сұрайтындай жындымысың, ақымақпысың?– деп зекірді. – Жынды да ақымақ та емеспін зыдайуян, сіздің нағыз коммунист екендігіңізге сеніп сұрап тұрмын. Коммунистер қол астындағы басқа адамның басына түскен қиыншылыққа өз басындағы қиыншылықтай қарап, қамқорлық етеді! Егер өз үйіңізден бірнеше жыл хат-хабар келмей қалса, өзіңіз де барып көріп қайтқыңыз келеді, күндіз-түні ұйықтай алмас едіңіз! Зыдауянның екі көзі бір-біріне қайшы болғанымен, өзін «нағыз коммунист» деп сенетіндігімді білдірген соң сәл жұмсарып, шешіле түсіндірмек болды. – Қазір ешкімге рұқсат берілмейді. Мен рұқсат еткеніммен майдан басшылығы рұқсат етпейді. Майдан басшылығы рұқсат етсе, одан жоғары үкімет рұқсат етпейді. Үкімет орындары қазір Маужушидан басқа ешкімді танымайды. Пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі басталғаннан бері осылай. Бұл төңкеріс, тап жауларын әр бастың өз ішінен тауып жоятын төңкеріс, түсінемісің?... Бірден-бір ұлы көсеміміз «буржуазия слиңбуын[98] зеңбірекпен атқылау» жөніндегі ұлы бұйрығын жариялағаннан бері осылай қатал тәртіп орнатты, түсінемісің?... Төңкерістік жеңіспен аяқтағаны жарияланғанша ешқайда шығамын деп сұрап басты ауыртпаңдар! – Зыдауян, «қазір ешкімді ешкім танымайды» дегенсіз ғой, осы кезеңде ғана ешкімге білдірмей ғана барып келе қояйын, өзіңіз басқаларға жарияламай ғана, тек өзіңіз ғана, бір рет қана, тек бір рет қана рұқсат ете қойыңызшы! – Бар жұмысыңа!–ақырып қалған зыдауянның екі көзі бірдей ағарып, қарашықтары кеңсіріктің астына кіріп кеткенде шыға жөнелдім. – Сөз ұқпайтын неткен ақымақ!– деп кіжініп қала берді. «Сылиңбуды атқылау» туралы мен жаңа естіген сөзін толық ұқпасам да қайталап сұрамай, білмей-ақ кетуге тырыстым. Өздерінің «оңшыл оппортонизм» атаған жауларының үлкен басшылары мен оның ордасын атқылауға кіріскені, бұл соғысты «мәдениет төңкерісі» желеуімен бастағаны жалпылық жағынан белгілі болды. Мұны анықтап сұрап, түсініп алып қашсам, жазатайым қолға түсе қалғанымда кері төңкеріс мақсатымен қашты деген зор қылмысқа қалармын деп сақтандым. Тоқты Басит екеуміз сол күннің ақшамында зыта жөнелдік. Қашатын бағдарымыздан адастыру үшін, керісінше, Тарым өзенінің оңтүстік жағына өте шықтық. Майдан малынан ептеп жиған жол расхоттық малымызды да, жолға керекті мүлкімізді де Тоқты Баситтің сол жақтағы ұры достарының үйлеріне жіберіп қойғанбыз. Сол жақтағы қалың жыңғыл мен тораңғы орманына ішкерілеп барып жаттық. Малшы достардың айран-шалабымен сусындап, қой сойып сорпаландық. Қалаға да, сахараға да бөтен көрінбейтін, ұйғырша көне тоз киімдер тауып, айырбас жолымен мықтысынан екі есек алдық. Артылған малымызды ақшаға айналдыру ісіне бір спор саудагер жүріп тұрды. Ең қызығы, Тарым дәриясының екі жағы екі дүние екен. Такламакан жағы аса бейпіл. «Мәдениет төңкерісінің» жын ойнағын алыстап көріп, «аятул күрсіні»[99] оқып қана қоятын тәрізді. «Хұңуй бең», «ху шяубең»[100] аталған ағаш мылтықты, найзалы жасақтардың ізі де түспепті. Әр түкпірде бір шарбақ үй. Мал жайылымына қарай қоныстарын жиі ауыстыратындықтан, тіпті баспанасыз тораңғы түбінде де жата береді екен. Ал, сондай бола тұра радио қабылдағыш арқылы бәрін тыңдап, бәрін біліп жатыпты. Маузыдұңның бас суреті сызылған знакты омырауларына төрттен-бестен қадап алып, қаперсіз жүре береді екен. Тек, коммунаның әтірет бастықтары сияқты кадрларымен кездескенде ғана «мәдениет төңкерісінің» дәстүрі бойынша «сәлемдесетінін» жыңғыл арасынан сығалап жатып көрдік. Сәлем беруші сәлем орнына «Маужуши жасасын!» деп ұрандайды да сәлем алушы әлкі алу орнына «мың-мың жасасын» деп қостайды. Мұнан соңғы хал-жай сұрасу орнына сыпыра Маузыдұң сөздерінен жаттаған үзінділер оқылады. «Халық үшін істелік!» деп бірі, «белді бекем байлап, құрбан болудан қорықпай, барлық қиыншылықты жеңіп, үздіксіз жеңіске жете берелік!» деп екіншісі зулатады. Қысқа үзінділер ауыздарына түспей қалса, амандасушылар тіпті аянышты халге түседі екен. Ондайда, әрең жаттаған ұзақ мақаласын былдырлата жөнелуден басқа лаж жоқ. Оны тыңдамай кетуге қарсы жағында құйрық та жоқ. Сөйтіп жан терлерін сорғалатып әрең құтылады бірінен-бірі. Екі «саясатшы» иенде кездессе де өзара сеніспей аңдысады. Бұл дәстүрден жаңылса, кері төңкерісші болғаны.
|
|||
|