Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 42 страница



Бұл реткі курс басталғаннан кейінгі екінші айда мектеп бастығымыз Үрімжіге бір барып қайтып, менімен басқа майдандардан келген үш ханзу оңшының «қалпына келетіндігін» ашық шыраймен жариялады. Мені бөлмесіне айырым шақырып апарып, қалпағымның алынғандығын бұл кісі де таңбалы қағаздан көрсетті де Үрімжіге, бұрынғы өз қызмет орныңа барасың, курс бітісімен осы мектептің өзінен жолдама қағаз береміз» деді. Ал, курс аяқтар шақта Үрімжіге екінші рет барған бстық күңгірт шыраймен төмен қарап қайтты. «Қазір бұл мектеп ешкімді төте құтқара алмайтын болғанын, босату мәселесін лаужяу майданының өзі басқарып, өзі шешетін болғанын» мүдіре сөйлеп ұқтырды. – «Егер майданның өзі босатпайтын болса, бізге мәлімдеп хат жаз!»– деді маған. – «Қалпағы жоқ адамды сақшы орыны ұстап отыра алмайды. Біз және ұсыныс жазамыз. Жоғары жаққа да жеткіземіз. Мұнан соң қайсысының болсаң да бізбен байланыс жасап, ахуалдарыңды ұқтырып тұрыңдар!»– деген жақын тілеулестігін жариялап жөнелтті. Бұл сөзден бірлік сап пен дектатура саласының біз туралы қайшыкез пікірде болып қалғанын түсініп, көңілсізденіп қайттым майданға.

Сау Хулаужяу майданы мені босату жөнін несиеге қалдырды: «майданымыздың қалған адамы мен мал-мүлкі түгелімен "шаяр Тарым" лаугай майданына өтті. Мұндағы ашқан егістігімізге ішкеріден келген көшпенділер орналасып жатыр. Басқа лаужяулардың да үйлеріне қайтарылатындары көп еді. Бәрі де сол Тарым майданының жолдауымен қайтарылатын болды. Сенің ісің де көшіп барған соң сол жерде шешіледі. Көбі өтіп азы қалғанда шыдай тұрмай қателесіп қалма!»– деп молынан үгіттеп шығарды мені.

Бұл майданнан әйелдер ғана қайтарылған екен. «Іле қазақ автономиялы облысына» қарасты үш аймақтан келген лаужяулардың бірін қалдырмай Шаяр Тарым лаугай майданына көшіріп жіберіпті. Тіпті Шығыс Шынжаңнан келген бауырластарымнан да ешкім қалмапты. Мен енді сол майданға тезірек жетіп, тезірек қайтуға асықтым. Лаужяу майданына қалпағы алынып құтылған адамды лаугай майданы ұстап тұрмақпа, барысыммен-ақ құтылармын деп асықтым.

Бірақ, бізге көшетін «өшірет тимей», «көлік жетіспей», сол 64-65-ші жылдың қыс маусымында сол орнымызда қыстап қалдық. Қыстағанда да бұрынғы үйлеріміз көшпенділерге өткізіліп беріліп, өзіміз қайтадан жер үй қазып қыстадық. «Тың жер ашып Шынжаңды гүлдендіру үшін келген» көшпенділерге сол қыста тағы да бес мың му[93] тың ашып беруге міндеттеліппіз. Әйтеуір Тарымға көшкен майдандастарымыздың сыбырлап ұқтырып кеткен жасырын қоймаларындағы астығы бұл еру қалған қысымызға еркін жетті.

Шаяр Тарым лаугай майданына біз, ол маңдағы халық коммуналарына «социалистік тәрбие» науқаны жүргізіліп жатқанда, таяқтың шектеліп, мылтықтың кезеліп тұрған шағында келіппіз. Қалпағымыздың жоқтығына қарамай, күндіз-түні автоматпен күзетіп айдап жүріп істететін лаугай әтіреттеріне бөліп-бөліп қоса салды.

Лаужяу жазасынан құтылудың орнына одан да ары кетіп, лаугай тозағына тасталғанымды енді білдім. Лаужяу қалпағымның алынғанын айтып, қайтаруларын өтінсем-ақ ренжиді кадрлары: «келе салып қайтуды талап ету деген – ұшына шыққан заңсыздық» деп заңсыздарды жазғырады да, заң білетіндері жөнірек жауап беріп жөнеледі. – «Майданның жұмысы жаңа басталды, делоларыңмен де танысқанымыз жоқ, тәлім–тәрбие бөлімі көріп болсын, күте тұр!» деп үміттендіреді. Қарашаһардағы саяси мектепке бұл майданның осылай бөгеп жатқанын мәлімдеп, арыз жазып жөнелттім.

Лаугайлармен бірге автомат астында істеп жүрсем де деломды көріп жауап беруінен үміттене жүрдім. Мен қосылған әтіретте 62–жылғы Іле шекара оқиғасынан лаугай болып сотталып келген қазақтар көп екен. Менің семьямнан хабарлары болмаса да көбі ісімді білетін, орта мектеп бітірген сауатты жігіттер. Менімен тез іштесіп, сырласып кетті. 62–жылдан басталған оқиғаның жай-жапсарын солардан қанықтым.

Совет Одағының Іледегі бұқаралары 60–жылы ашаршылық басталысымен–ақ Отанына қайтуды талап еткен екен. Үрімжідегі Совет елшілігі де кірісіпті бұл іске. Бірақ, Жұңго үкіметі сөз бұйдалап, кейінге соза беріпті. Ашаршылық күшейген сайын өлім-жітім көбейіп, өлушілер көбейген сайын кетушілер талабы да күшейіпті. Бұрынғы Совет бұқарасының паспортты-паспортсыздары түгел шулапты. Совет одағындағы туысқандары Шынжаңдағы ашаршылықтың қырғын апатқа айналғанын естіп, мұндағы туысқандарына түгел виза жіберіп, қайтарып ала алмаған соң олар да шулапты.

Совет компартиясының бас секретары Н.С. Хрущев депломатиялық жолмен неше рет сұратып, Жұңго үкіметін көндіре алмапты. «Иә, астықпен қамда, иә, өзімізге қайтарып бер!»– деп Совет үкіметі, «иә, бізді тамақпен қамда, иә отанымызға қайтар!» деп халық, үш жыл бойына қойған талаптан ештеңе өнбепті. Сол талаппен халық жағынан Құлжада көтерілген ереуілді «халықазаттық армия» плимотпен қырғындап жаныштапты. Мұны естіген Совет үкіметі шекараны үш тәулік ашатындығын тосыннан  жариялап, тосыннан аша қойған екен. Мұны уақытында естіген шекараға жақын қала-қалашық халқы мал-мүлкін, қора жайын тастап, аш-жалаңаш жандарын ғана ала қашып үлгеріпті де, нақтылы Совет бұқарасының алысырақ райондардағы көпшілігі естіп, жиылып-түйіліп жеткенше белгіленген уақыты бітіп, шекара қайта беки қалыпты. Үш күн ішінде өтіп кеткендерінің дені Жұңго бұқарасы екен.

Сөйтіп, екі елдің сол тұстағы халқы тұтасымен сорланыпты: бірінің ата-анасы мен туысқандары өтіп кетіп, соқа басы мұнда қалған. Бірінің өіз өтіп, семьясы мұнда қалған. Бірінің шеше, иә, әкесі өтіп кетіп балалары қалған. Кей семьялардың жарымы кетіп, жарымы қалған. Көбінің оқудағы балалары қалған.... Шекараның арғы беті мен бергі беті түгел зар, ұлар шу болыпты да қалыпты.

Халық үркіп бара жатқанда қолдарын артына қайырып күліп тұрған қытай сақшылары шекара қайта жабылысымен алдырып-тонатып қойғандай сақылдай жөнеліпті. Бөрідегі өшін қояннан алғандай кетпей қалған халықты кесірлеуге кірісіпті. Қазір тіпті қатал жазалап, қамап, жер аударып жатыр екен. «Кішкене балалар кетіп жатқан жолдан текедей бақырайып сен неге қалдың?», «Шужыңжуий елінде танитын ешкімі жоқтар кетіп жатқанда нағашың сол жақта тұрған сен неге қалдың?», «Совет Одағында жерлерің, туысқандарың бар тұрып, сендер мұнда не міндетпен қалдыңдар?», «Совет шужыңжуий сендерді не міндетпен қалдырды?», «Қай уақытта жарылуға міндеттеліп қалған бомбасыңдар?», «Кімнің миына қадалуға қалған шегесіңдер?», «Кімді байлауға қалған қазықсыңдар?» осындай тергеулермен қамай қинайды екен.

«Кеткенімізді «жау», кетпегенімізді «бомбы» десеңізде, қайтып тіршілік көрмекпіз, соны ойлап қана бізді өз қолдарыңызбен өткізіп берсеңіздерші, жарылу түгіл пыс етпей-ақ кетелік!» деген бір шалдың тілін қолға түсіре алмай, сақалын жұлып алыпты...

Маған осындай екі жүз шақты трагедияны сөйлеп берген он жігіттің төртеуі, кейінірек қашып, бекітілген шекараның бер жағынан қайтқан жігіттер екен. Бес жылдан кесіліпті. Алтауы нағыз «қызылтабан қылмыстының» дәл өзі: шекарадан ұрланып өтіп, кепіл боларлық туыстарының адрестерін таба алмай, «қытай шпионы» деген күмәнмен ұсталып, шекарадан қуылып қайтыпты. Бұл жақ оларды «шужыңжуйдің шпионы» деп ұстап мылжалапты. Зақымдалған сүйектерін жамап-жасқап, он-онбес жылдан кесіпті де осы майданға жіберіпті.

Ал, Советке қашқалы жүр деген жаламен қолға алынғандары тіпті көп екен. Олардың «қашпаймын, астық сатып беріңдер!» дегендері сотталыпты да, «аштан өлсем де қашпаймын» деп ант еткендері ғана кесілмей, жоңғар шөліндегі бір лагерге жер аударылыпты. Олар да Такламакандағы осы майдан сияқты еріксіз еңбекке салынып, тың игеріп жатыр екен. Совет одағында туыс-туғандары бар халықтың көбі шекарадан алыс құмдағы сондай лагерлерге қуылып, бұрынғы мекен, дайын қора жайларына ішкері жақтан келген көшпенділер мен әскери семьялар орналасыпты.

Әділетті тергеушім, сол үркіндегі ең қандыбалақ қылмысты әрине қашпай қалғандар. Олай болатыны, кесімсіз-мүдесіз, аштан өлсе де қашпайтын лаугай болулары соның дәлелі ғой. Екі үкімет арасындағы бітпейтін бедеу дау құлындағанша жазаланатын шығар. Олардың өздеріне қойылған «көмілген бомбы» деген құбыжық атауды естісімен қорқып қашқандары, сөз жоқ, екі дүниенің де қара жүз қылмыскері. Олай болатыны, екі елге де шпион аталулары соның дәлелі. Оларды енді Құдай тағаласы да шпион санап, «бақи дүниесіне» жолатпай қоюға хақылы шығар. Ал, осыларға лаужяулық қалпағым алынған мені әкеліп қосуларыңыз тіпті даусыз әділет. Олай болатыны, менің де сіздерден осыларша безініп қашудан басқа тіршілік жолым қалмағандығы әрине соның дәлелі...

Сөйтіп, бізше тіршілік үміті кесілген көпшілік қамалып таусылғанда осы әділеттеріңіз әрине өздеріңізге ауыз салады. Олай болатыны, бұл әділеттеріңіздің зор секірмелі жыннан туғандығы соның дәлелі ғой. Соңында қалған өздеріңізден басқа кімді соғар. «Ит құтырғанда иесін қабады» қылмыс жолының ақырғы бекеті сол емес пе!

 

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

 

ХИКМЕТТІ ҚАРА ҚҰЙЫН

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Кесіммен жазаланған лаугайлармен қосақталып, мылтықпен қоршалып істеп жазды өткіздім. Биіктегі автоматтан айқайлап рұқсат сұрап, қосағымдағы лаугайдың арт жағына ғана дәреттенемін де, мәселені ап-аман шешкендігімді тағы да айқайлап мәлімдей түрегелемін. Дәретте не «туғаныма» дейін мәлімдегендей адалдықпен істеп күзді өткізсем де қайту мәселемнің не болғандығынан жауап шықпады. Он мың лаугай жиылған бұл майданның басшылары тіпті нән екен. Іштеңе білмейтінсіп жауап бермей талайы өтті. Мен тұрған су құрылысы әтіретіне, лаугайлар мақтап жүретін, майдан штабының бір ұйғыр кадры келгенін естіп жүгіріп, соған барып шағындым. Менің ісімнен хабары бар сияқты.

– Білеміз, бірақ қазір бүкіл қоғамда социалистік тәрбие жүргізіліп жатыр,– деп түйілді ол. – Бұл науқан уақытында қалпақ алудың нұсқауы жоқ!

– Менің қалпағым жоқ, қалпағы жоқ адамды жазалау орнында ұстап тұратын принцип те жоқ қой, осыны жазып қана бұрынғы орныма қайтарып беріңіздер!

– Социалистік тәрбие дегеннің не екендігін түсінемісің өзің!– деп, менің «надандығыма» қынжылды жез түймелі кадр. – Бұл, социализм мен капитализмнің парқын айырып, тап жауларына пролетариат дектатурасын жүргізетін науқан. Қиянат, ұрлық, көп ішіп, көп жеу мәселелерін анықтайды!... Кедейлер мен төмен орта шаруаның бірлескен қосынын құрып, таптық күресті барлық істің арқауы етеді. Сөйтіп, таптық күрестің қақпағын ашады... Дәл қазір қайтып барсаң, алдымен сен көресің көргілікті!..

– Таптық күрестің қақпағы «енді ашылса» тіпті жақсы. Көргілікті енді мен емес, таптық жаулар көреді!– деп осы түсінігіне қасақана жармаса түстім. – Ол қақпақты буржуазия жалпақ құйрығымен басып отырғанын партиямыз анық білген болса... менің барлық тілеп жүргенім осы еді, кожаң[94]! Обалыма қалмай, дәл осы кезеңде қоя беріңіздерші, осы науқанға қатынасып, бар мұңымды айтып алайын!... Кедей іздесе ең кедейі де, адал іздесе, осы қоғамның ең адалы да мен едім. Дектатура астында помещиктер мен буржуазияның жаласымен ғана түскенмін. «Пәле-жаланың бәрінен партия құтқарып», қалпағымды 64-ші жылы алды. Қоя берсеңіздер социализм үшін ең пайдалы қызмет істеп бере аламын!

Кадр күліп жіберді бұл сөзіме.

– Сен атағы бар оңшылсың, дәл қазіргі кезеңде осы майданға аман-есен келіп алғаныңа ғана қуан!– деп тағы күліп алып, тыжырына сөйледі. – Қоғамнан мүлде артта қалыпсың!... Азаттықтың алғашқы жылдарындағы, жер реформасындағы белсенді қызмет көрсетіп жуапты кадр дәрежесіне көтерілгендердің қазір қызметтен түгел тоқтатылып, социалистік тәрбиенің күрес нысанасына айналғанын білемісің?... Олармен салыстырғанда сен кім?... Оңшы, жерлік ұлтшыл аталып қалған сендер қазір ең алдыңғы күрес объектісіңдер!

– Мен енді оңшы емеспін, деломды көрген кадр маған мұны қайталап айтпайды. Ал, азаттықтың алғашқы кезеңінде партия қатарына тартылып, лауазымға ие болғандардың көбі алдамшылықпен кіріп алған орайшылдар болатын. Қазіргі көріліп жатқан қиянат, ұрлық, сырапшылдық солардың қылмыстары екендігінде сөз жоқ. Социалистік тәрбиенің бұл қызметі де мені қуантатын игілікті қызмет!...

– Сендер, шіріген жұмыртқасыңдар!... Қазір ауыздан не шықса да баспен жауап беретін уақыт, біліп қой!

– Білемін, мен де өзіме сеніп сөйлеп тұрмын. Ақиқи социализмге мен ешқашан шіріген жұмыртқа бола алмаймын! Қате сөйлесем басым міне, дап-дайын тұр! Тезірек қайтып, социалистік тәрбиеге қатынасуы ма, барлық мәселені ашып тастауыма рұқсат етіңіздер!

– Қоғамда соғыс дайындығының жүріліп жатқанын түсінемісің?... Соғыс дегенің сөйлесу-дауласу емес екендігін түсінемісің?

– Мұндай істеріңіз болса да түсіндіру міндеттеріңіз бар. Мұндай соғысқа менің титтей де іліктестігім жоқ. Сондықтан дауласатын хақым бар!... Қазір мен қалпақтан, жаладан құтылған соң лаугайға қосылған себебімді тіпті де түсінбеймін. Бұл Жұңхуа халық республикасының заңында жоқ!

– Сенің бұл ахуалыңды шындығында біз де түсінбейміз,– деп кексе кадр қайта жұмсара қалды. – Сұрастырып жатырмыз. Бірақ, жоғарыдан қайтару бұйрығы келмей жатыр. Қазірше тып-тыныш қана істеп тұр!– деді де, түсінік беру орнына қолындағы газетті беріп қайтарды.

Бұл газетте социалистік тәрбие қызметінің жоғарыда айтылған міндеттерінен сырт мен естімеген қызметтерден «жер асты үңгірлерін терең қазу», «су қоймаларын жасау», «үшті көтере беру» дейтін сөздер ғана бар екен. Сырластар ара сыбырласып талқылай келе «жер асты үңгірлерін терең қазу» дегені, соғыс дайындығы, яғни, өздерінің тығылатын үңгірлері екендігін айқын түсіндік. «Су қоймаларын жасау» дегені – жерді көтереге беру, өндіріс құрал-жабдықтарын көтереге беру, мал мен жайылымды көтереге беру деп, қоғамнан жаңа келген бір лаугай ұқтырса да мұның кімнен, қалай шыққанын түсіне алмадық. Өйткені, бұл көтереге берулер «үш қызыл туды», оның ішінде әсіресе халық коммунасы мен зор секіріп ілгерлеуді керексіз ететін, қарама-қарсы шара. Өндірісті қалпына келтіріп, апаттардан құтылуға тиімді шара болғанымен мұны Маузыдұң қабылдар ма!... Ішкерілеп талқылауды да тоқтата салдық сөйтіп. «Үш қызыл туға» шек келтіру, бұл шақта мұсылмандардың құранға-иманға шек келтірсе, кәпір қауымында кетеді дейтіндей ең қорқынышты кері төңкеріске жататын сөзге айналған. Бұл көтереге берулер, қалай да қазіргі «оңшыл оппортонизмші» аталатын саналы коммунистердің ісі деп ішімізде ғана сақтадық. Бұлардың орталық комитетте жасырынып қалып, саясат белгілеуге қатынасып отырғандары әлі де недәуір санға ие сияқты. Мұнымен социалистік тәрбие қызметінің де баянсыз-тиянақсыз тоқтап қалып, тағы бір аласапыран ауыр тергеуге қалдыратындығын мөлшерлегендейміз. Өйтетіні, бұл науқан қызметтерінің арасындағы өзара қайшылық ашық көрініп тұр. Орталық комитеттегі әскери зорлық күш пен саналы саяси күш иық тіресе қалғандай. Мұндайда өз бөгетіне мүйіз шайқамай қара күші қояр ма!... Осы көтереге берулер арқылы коммуналардағы тажал тайқазандарын шақырып қояр ма екен?

Осындай қайшылықтарды ойлап жатып, көзім таңға жақын әрең ілініп еді. Бір жағымда қатар жатқан Ысқақ атты қызай шал «астағыпралласын» күңірене шұбыртып көтеріліп оятып жіберді.

– Ұйықтаңыз Ысқа, әлі ерте!– дедім. Сырттағы күшті шырақ жарығынан ұзын қызғылт сақалы мен көзін жауып тұратын ерекше мол қасының дірілдеп тұрғанына көзім түсті. Үңіле қарадым. – Не болды, түсіңізден шошыдыңыз ба?

– Оятып қойдым ба Биғаш, ұйықта, ұйықта, кейін естірсің, ұйықтап ал! – Қамқор қарт, ашылып қалған көрпемді түзеп жауып, қымтай сала түрегелді де сыртқа шығып кетті. Мен қайта ұйықтап қалыппын. Даладағы жуан тораңғыға асылған жартыкеш қазан ломмен ұрылғанда ыршып тұрдым. Тұру қоңырауы еді бұл. Ұйқыдан тұруу мен еңбекке шығудың арасында белгіленген мүддет жоқ еді. Киімімді апыл-құпыл кие сала сыртқа шықтым. Күз соңының елең-алаңдағы суығы бет қариды. Екеуіміз сүйрейтін қол арбаны Ысқақ шал жыңғыл қоршау қақпасының алдына апарып, әтірет түгендеуіне тізіле қалған екен. Артына барып тұра қалып жоқтамадан өттім де арбаны мен алып сүйредім.

Қалың жыңғыл қоршаудың төрт бұрышының сыртындағы төрт мұнара үстінде құрулы төрт пулемот астынан шыққан соң ғана сөйлесе алатынбыз. Ұзыннан ұзақ тізбекті айдайтын әскерлер, сыртқа шыққан соң бізден алыстап, оқшау жүретін. Ысқақ шал бүгінгі шошытқан түсін сонда ғана сөйледі.

– Ауылдары жайлауға шыққан шақ екен. Осы майданнан қайтыпты. Өзіне таныс асулардан не түрлі машақат қиыншылықпен жаяу асып, ауылы енді көрінгенде бір түрлі түтек қараңғылық төңірегін қоршай қалыпты. Байқаса бұлт емес, түн түнегі де емес, қап-қара қою шаң үйріліп көтеріліп, күн жүзін қаптай бастапты. «Япырай, біздің тауларда мұндай тозатын топырақ жоқ еді ғой, қайдан келе қалды?» дегенінше қара құйын киіз үйлерін жұлмалап көтере жөнеліпті. Кенже қызы ұшып бара жатқан үйден шыға жүгіріп, әкесінің ерттеулі атына міне шауыпты өзіне қарай. «Әке, әке, бұқ-бұқ! Жата тұр сол жерде, мынау тажал құйын!» дей сала ғайып болыпты. Сұрапыл қара құйын қызын ғана емес, бүкіл жайлауды жұтып ала қойғандай, дүлей қараңғылығымен ешнәрсе көрсетпей тастапты. Ысқақтың өзі де тұншығып, бір шұқанаққа етпеттей құлаған екен. «Біз құйын емес, мәңгі соғатын дауылмыз!», «біз, бұрынды-соңды көрілмеген киелі дауылмыз!» десіп сақ-сақ күліп, тұс-тұсынан үйрілген құйын құтыра жұлмалапты. «Құрыдық, құрыдық!... Қырылдық!» десіп шу көтеріпті төңірек. Сол шуыл ішінен бала-шағасының аянышты дауысы анық естілгенде ыршып түрегелген Ысқақ қайта құлапты!...

Осы түсті екінші рет көріп, тағы да шошып оянған соң қайтадан ұйықтай алмапты. Сөйлеп болып, жалтақ-жалтақ қарай берді маған. Жору сұрағандай. Оқымаса да сезімі аса сергек шалдың көп адамға бітпейтін өскелең қасы мен ұзын сақалы түсінде көрген сол құйыннан әлі де ұйтқып келе жатқандай туталақай, арық сарғыш жүзі сұрланып алған.

Адам біткенге мейірімді, қолында барымен қормалдық істеп, өзі аш қалса да басқаны құтқарғысы келіп тұратын осы аяулы қартқа мен де аянышпен қарай бердім. Мына қорқынышты түсінен қобалжытпай, сендіріп, сезімін әлдилейтіндей жақсы жору тапқым келеді. Өз тәжірибесі бойынша жорысам, сирек көрінетін сұмдық түс екендігі анық. Тынштандырарлық пәтуә таба алмай көп ойланып қалдым.

Зор су қоймасын жасауға екі аптадан бері алыстан сорсыз топырақ тасып, қас жасап жатқанбыз. Арбамызға басқалармен таласа-тартыса топырақ бастық. Төпелеп ұрып төбедей үйме етіп баспасақ, айдаушымыз жүргізбейді. Тізіліп жүретін көп арбаны тоқтатып қойып пәлеге қамау үшін тілегенінше тиедік те, екеуіміз қосарлана жегіліп, сүйрей жөнелдік. Менен әлі де жауап шықпаған соң қосарымдағы қарт тіпті жүдеді. Салалы қасы көзін мүлде жауып алыпты. Мені ойлату үшін мықшия сүйреп, арбадағы зілді маған түсірмеуге тырысып келеді. Мойнындағы арқаннан тамырлары адырайып, атылып шығуға айналғандай. Дәл қазір бала-шағасының амандығы жөнінен дәтке қуат жауап табу үшін осы зәл арбаны сүйреуден мойны үзіліп кетсе де дайын сияқты. Жаным ашып барады. Бұл қиналыстан қартты қазіргі ғылымның түс көру жөніндегі шешімі бойынша азат ете тұрғым келді.

– Өрге шығарда болмаса, сіз күшемеңіз, Ысқа!... Бұл көрген түсіңізде шошынарлық түс емес екен, жоруын таптым!– дегенімде жадырап, үміттене қарады маған. Арбаны өрден-өрге ұзақ сүйреп әкеліп, кешегі үйілген топырақтың үстіне шығарып төңкердік. Көзімізге құйылған ащы терді сүртіп, бос арбаны қайта сүйрей жөнелгенде ғана сөзге келдім. Сұрау қойдым қартқа.

– Кешегі газетті оқып талқылағанымызда не түсінік алып едіңіз?

– Апаттар «енді тіпті ерегесіп, қан жаудырар ма екен» дегендерің маған қайғы түсіріп еді. Ұйықтауға жатқанымда сол қайғы қайта шырмап, аунақшып жатып әрең ұйықтағанмын.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.