Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 49 страница



– Ал, болды, түс енді! – Әйелі домалата салып түрегелді.

– Ойбай-ай!... Үй, арақ бермей кетемісің енді!..

Мен сыбдырсыз басып қана кілетке барып алдым. Соңымнан Ақия ренжи кірді кілетке.

– Енді бұл иіс оңайлықпен кетпейді! – Босағадағы үлкен легенді әкелді де үстіндегі жаман киімін бұрышқа лақтырып тастап тыржалаңаш түсіп отыра кетті. – Қолым таза емес, шәугімнен су құйып берші жаным!– күліп жіберді. – Өзің жібердің ғой, енді өзің жуындырып ал керек болсам!... Көтерем тайыншаны бұлақ бойына айдап апарсам, судан қашып, жолайды деген не, желкесінен бассам, шегініп барып жағаға құлайды, ха–ха–ха–һа–һа...а.. сөйтіп, жерге жабысты да қалды. Мойынын созып апарып тұмсығын әрең тигіздім. Болған-біткені сол!

Бұл суреттеуінен жүзім қыза қалды менің. Бір шақтағы әдеп-ұятқа аса бай, сырбаз қыздың енді мұндай тантық қатын болғанын әнеу түндердегі үш көріністі комедиядағы істерінен көріп едім. Мына сөзі соның шыққан қайнары болды. Бірақ, жаным аши қалды өзіне: «болған-біткенім осы болды» деп жылайтынын көріп жүрмін ғой.

«Иә, мораль жағынан бәріміз де айырылып болып қалдық. Кешегі жас буындарды тәрбиелейтін бастауыш мектеп меңгерушісі бүгін кәсіптік жүлікке айналды. Кешегі жоғары мектеп оқытушысы болған тұтқын әйел мен маман педагог осы кілетте бас қосқаннан бері стиль азғындығының не қилы сұмдығын істеп болмады ма!... Бұл екеуіміз бұрын тіземіз тиісіп кетсе де қызара қалушы едік қой! Бұрынғы ерекше біткен нысап-ұятымыз қайда қалды? Бәрі де басымызға кейінгі түскен ұждан азабының дерті. Көкірегімізге симаған іш қысталықтың, құсаның кернеу күші. Жарылып кетуден сақтану үшін азғындық болса да қисыны табылған ойынға бой ұрып, жадырағымыз, іш кеңіткіміз келеді. Ал, білім иесі аталған біз, кепкен ішімізге дару таба алмай, осылай «құйрығымызға қол сұғып күліп» жатқанымызда басқа орайын тапқан, тұсауы кеңірек жұртшылық не істемей жүр дейсің!»

Алдыңғы жағын қайталап сабындап жуып тұрған Ақия күле берді. Мен арқасын, «еберестінен» де ештеңе қалдырмай ысқылап жуып болып, желкесінен сүйіп алдым.

– Үйбай ғалымым!– деп тағы күлді Ақия. – Сасық шығар әлі!

– Күле бер тантығым, күле бер, ішіңді кеңітіп ал сөйтіп!

– Мен тантықпын ба?– Ақия тұла бойымен бұрылып құшақтай алды мені.

– Жоқ, жоқ, тантық емессің!– көтеріп апарып кілемге тұрғызып аймаладым.

– Тоса тұр, дизенфекцилап алайын! – Иісмай насосын қуыс-қалтарыс қалдырмай жүгіртіп шықты да – ал, енді түгелімен сенікі болдым! –дей сала ақ сазандай бітіммен көрпеге шалқасынан түсті. – Кел, жат қасыма, әнеу күнгі бір айтқан, «өмірлік жігер-қайрат беріп тұратын үш жеңіс» дегенімді енді сөйлеп берейін!... Бірінші, Құлжандағы кегімді сол үш көріністі комедиямен негізгі жағынан алып болдым. Оған сол көрген «түстері» арқылы рухи азаптың өлтірмей қоймайтын уын ішкіздім. Екінші, тұңғыш перзентім алғашқы сүйгенімнен-көкейімдегі құштарымнан пайда болды да жүрегімді бақытқа бөледі. Үшінші, кейін танысқандығымнан айрылып қалған арманыма, уақыттық болсаң да жартылай болсаң да жетіп болдым!

Екеуіміз қатар күлдік. Іш киімінен бастап киіндіріп болғанымды енді білдім. «Тентек тоқал» құшақтап сүйіп-сүйіп алды да ыршып тұрды. Қолыма су құйып дастарқан жасады.

– Сен арақ ішсең іше ғой, мен мұнан соң баламыз емшектен шыққанша ішпеймін!

– Араққа жерік болсаң қайтесің?... Мақұлбектің қатынына қосылып аламысың?

– Айтпақтайын сол қатынымен іштесіп, Мақпалды содан да сұрайын ба?... Қайда екенін Мақұлбек білуі мүмкін ғой!

– Міне, міне, ақылды енді таптың! – Құшақтап алдыма алдым да күйшіл миығынан обына сордым. Дастарқанды бір қолымен қайыра салып, көрпеге қисая берді.

Ертеңіне оған, жұмыс істемей тынығып алуды тапсырып, өзім радио қабылдағыш пен термос алып, үңгірге түсіп жаттым. Үкімет радиосы әр қаладағы құралды қақтығыстарды тоқтата алмай әлі бажылдап жатыр екен. Үрімжі мен Шихаңзыдағы шайқас тіпті қатайып кетіпті. Бір жағы Уаңынмауды, бір жағы Угуаңды жоймақ болып, қан төгісіп жатыпты. Ішкеріде Люшяушиге таласқан жаңжал тіпті қатал көрінеді. Сондай қиқулы хабарлармен кеңірдек жыртысқан ұрандарды тыңдап жатып ұйықтап қалыппын.

Кешкі сағат үште үңгір қақпағы тақылдағанда ояндым. Ақия тамақ әкеліп, «хантеңгірлерін» көкірегіме арта қойды. Үйге Мақұлбектің қатыны шақырылмай-ақ келіп отыр екен. Онымен әңгімесін Құлжанға естіртіп алмау үшін клетке ертіп келіп сөйлеспек екенін айтып, дыбыс шығармай жатуымды тапсырып шықты.

Кілетке кірген дыбырларын естісімен түрегеліп, үңгір аузына бардым да қақпақтың сәл ашық қалған саңлауынан тыңдадым.

– «Сыпайы сырын жасырмайды» Ақияш, бүгін осы үйден араққа бір тояйын деп келдім!– деп саңғырлады Мақұлбектің «мәтіні». – Тығып қойған арағымды анау маскүнем қоймайтын болды!

– Менің маскүнемім де нысапсыз болған соң қараңғы базардан аз-аздан әкеліп жүрмін. Бар-жоғы міне, өзім ішпейтін болдым. Ертеңдер бір бөтелкені бұзбай саған-ақ сақтайыншы!

– Сөйтші жаным!... Сенің мынауың тіпті бас көтере алмайтын болып қалған ба?.. Әжетіңе жарап жүр ме өзі, сылаң қағып құлпырып алыпсың?

– Бәле, түніміз құр емес, қанды кенеше қадалады! –деп күлді Ақия. – Содан жүдеп бара ма, қоя тұр десем, ерегесе түседі! Сенің дәуің қалай?

– Бізде не қызық қалды дейсің, шуын жеп қойған сиырша, бір жолата суалды!– күрсініп жіберген абысын қонақ, арақтан ыстық шайша бір ұрттап қойып, абиыр дертін тіпті ақтара төкті. – Шандырын қанша тартсам да дым шығар емес. Сонысына жарай үстімнен түспейтінін қайтерсің! – Ақияның сақылдап күлгеніне мырсылдап қойып, тұлғалай түсті сөзін. – Құрысқан бүйенін қарныма жайып тастап қорылдайды келіп!

– Өзің де ұйықтайтын шығарсың, һа–һа–һа...а..

– Бір тонна балшық басып жатқанда ұйқы қайда, аударып тастаймын!... Төбелесіміздің басы осыдан шығады. «Еріңді қадірлегенің осы ма!»– деп ол, –еркек болғаның осы ма!»– деп мен зекіремін. –«Мұнан да қатын болдым деп мойындасаңшы, басқа бірдеме тауып алайын!»– деп күйіп кетемін тіпті!... Осындай тілімнен қорланама екен, кейде бірдеме қып шала-шарпы тіріле қалады. Бірақ, жылы орынға барысымен тағы ұйықтайды, ал, қайтып оянсашы!... Дым да жоқ, қымыр да жоқ!.. Тым болмағанда кіші дәреті тамсашы!... Өсти берсек, ұрпақсыз құрығанымыз емес пе!

Ақия сақылдап күліп отырып, соңғы мұңына келгенде томсара сұрады.

– Оған не болған сонша?

– Безін спирт күйдіріп тастаған да баяғы!

– Ал, сен де арақты қалыспай сілтеп жүрсің ғой, өзіңнің жайың қалай?

– Мен арақты оған ерегесіп, кейіннен бастадым ғой, жайыным тіпті жалаңдап тұрады, лаж не, жаман атқа қалмайын деймін!... Ал, бұл жойт араққа мен туылудан бұрын-ақ дәнігіпті. Денесінің жуандығына мақтанып сілтеп жүріп, өртеніп біткен!...

Екі тантық ұзаққа созды әңгімесін. Қоғамдық пікірге, саяси жағдайға аяқ басар емес. Бұрыннан қалған идеялогиялық сыз, аңдысу бар сияқты араларында. Ақияда өзінің қортығының «өнерін» айтып күлдіріп қояды. Әлдеқашан ымырт түсіп, өздерінің шам жаққандарын да ұмытқандай. Арақ соңынан шай құйып, сораптай отырып тантысты. Күлкі құмарларынан әбден шығып, күрсінісіп алып, клеттен шығар кезінде ғана Мақпалдың жөнін сұрады Ақия. Семіз қатынның ол жөнінен бейхабарлығын естіген соң жалына өтінді.

– Мақпалдың менде қарыз ақшасы бар еді, Алтынгүл. Сонысын жіберіп берейін десем, адресін таба алмай жүрмін. Дәуіңнен сұрап анықтап берші жаным!

– Мақұл, мақұл, ол білсе, бұрынғы құмыралардың жұғынын шайқап беріп-ақ айтқызып аламын ғой. Әлгі маған беретін бөтелкеңді сен де ұмытпа! Ертең түс уақытына дейін-ақ сұрап біліп келейін!... Ал күлдіретін әңгімем әлі көп. «Халық үшін істейік», сау тұр!– деп шықты арақ бөшкесі. Ол шығысымен үңгірден мен де шығып, терезеден қарасам, бұлтты түнек қараңғы түн екен. Сонда да буаз жайындай жайқалып көрінеді Алтынгүл. Ақия оның қасында шабақ қана сияқты.

Ақия қақпасын құлыптап қайтып, үйіне, кірді де қортығына зекіре жөнелді: «тұр, өзің жу анауыңды!» дегеніне қарағанда, қортығы «төңкерістік жұмыстан» недәуір «міндет» орындап болған көрінеді. – «Сен менің кішкене балам емессің, осыдан бастап, мұндайыңның бәрін өзіңе тазалатамын. Егер тазаламасаң, көше бастығын шақырып әкеліп көрсетемін де некеден ажырауға куәлікке тартамын!... Ұқтың ба, серт осы!»– деген кесіммен «байын» шырқырата жалынтып тастап шықты да кілеттен шлапшын, шаугім апарып кіргізіп қайтып дастарқан жасады.

– Өлтірді, өлтіріп кетті!– деп шаңқылдаған әйел дауысы естілді осы шақта. Көшені бір-ақ көтерді басына. – Құдай үшін шығыңдар, ағатайлар, шығыңдар, Мақұлбекті өлтіріп кетті!... Өлтіріп кетті, Мақұлбекті, Мақұлбекті!

– «Мақұлбекті өлтіріп кетті» дейді, әлгі Алтынгүл! – Ақияның көзі шоқтай жайнады маған қарағанда. Жүрегін қолыммен басып, сипалай түстім. Алтынгүл шаңғырлай жүріп, көрші қақпаларын сақылдата жүріп, осы қақпаға жақындады. Ақия мені үңгірге түсіріп, қақпағын көмірмен бастыра сала жөнелді.

– Байқа, қараңғыда шошынып қалып жүр ме!– деген сақтықты әрең ескертіп қалдым.

Оқиға жайын Ақия маған түн ортасына таман қайтып кеп жеткізді. Алтынгүл мен қорадан шығып өз қақпасына жеткенде Мақұлбектің біреулерге өз жатқан үйінен дауыстап сөйлеген сөзі естіліпті: «жігіттер қанша өзгеріп келсеңдер де танып тұрмын, алған нәрселеріңді тастап кетіңдер!»– осы сөзінен соң-ақ бақырғаны естіліпті. Ішінен бекітілген қақпаны тепкілей берген Алтынгүл бір топ жігіт қаулап шыға жөнелген соң ғана жүгіріпті үйіне. Кіріп барса, мойны қайрылып, екі пұты екі жаққа айрылған Мақұлбек сұлап жатыр екен...

Ақия жеткенде көршілерден екі-үшеуі ғана құралып, аңыра қарасып тұрыпты. Сақшылар мен қызыл кресті машина жетіп, өлікті тексеріпті де дереу ала жөнеліпті. Жүрегінен білінер-білінбес қыбыр байқалған екен.

Көреген тергеушім, осындай «төңкеріс» жүргізгендіктеріңізге не деп алғыс айтарымды білмей қалдым. Әсіресе мұны «пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі» деп атағандықтарыңыз неткен данышпандық! «Атым – Маржанбүбі, пұтымда штан жоқ» дейтін бикештің қойған аты шығар-ау!... Қоғамды ең озық төңкерісші таптың мәдениетіне бөлеп, қазірдің өзінде-ақ ұжмаққа айналдырып болмадыңыздар ма!... Дүниежүзілік коммунизм қозғалысының жеңісі үшін қосқан бұл данышпандық үлестеріңізге марксизм қаншалық сүйінер екен!... Иә, бұл таланттарыңыз бүкіл адамзатты қылмыстан құтқарар-ақ!

 

IV

 

Ақия Ұланбайдағы қалпақсыз тұтқындар лагеріне екі рет барып, үш-төрт әйелден «хал сұрап» қайтыпты. Бұл лагердегілер, өздерінен үкіметке қарсы ешқандай қылмыс табылмағанымен желкелеріне ешқашан қылмыс жасамайды деген күмәннің сұрау белгісі қойылған қылмыстылар еді. Жақыннан бері қолға алынып, күреске тартылып жатқан «құқық иелерінің» қызметтегі әйелдері де осы лагерге айдалыпты. Бұлар, ақ-қараны, айыра алатындай оқыған әйелдер болғандықтан ерлерін ақтау жөнінен әрине «ешқашан қылмыс жасамаулары» мүмкін ғой.

Өзі сөйтіп некеленген жігітін тастап, жалданба жендетке тиген Ақияға бұл әйелдер күмәнмен қарап, жөндеп әңгімелеспей қойыпты. Тіпті апарған тағамдарын да арамға санағандай, «қазіргі қараңғы базардан да табылмайтын жарықтықтарды сенің «қолыңның ұзындығы» арқасында таттық-ау, рахмет!» деп мысқылдапты біреуі. Сөйтіп, күмән астындағылардың өздері күмәнмен қарағандықтан Мақпал мен Күлән жөнінне сөз шығара алмай, тым көңілсіз қайтты.

– Асылқан аға да сол лагерде екен!– деді маған жыламсырай қарап. – Сенің менен Мақпалдың әдіресін сұрап, «Тарымнан жазған» бір хатың болса, соны апарып көрсетсем, Асылқан менің тыңшылықпен жүрмегендігіме сенер еді. Күлән мен Мақпалды бұл лагерде кім білуі мүмкіндігін содан сұрайын!

Ақияның бұл ақылы тағы да қона кетті көкейіме. Ертең Асылқанға барып жолығып қайтуы үшін «Тарымнан» дереу хат жазып бере қойдым. Өз достарымның арасында Ақияның сенімін қайта қалпына келтіретін документ ретінде жазылды.

«...Қадірлі Ақияш, стиль түзету әрекетіндегі Құмардан бет бұруыңа сенің тек сол шақтағы қорқуың ғана себеп болғанын білемін. Ақыры батырға айналатындығыңа, жалақор итке әйел болмайтындығыңа сенімім тіпті толық!» деген сөзді амандық баяндап келе қостым да Мақпал мен Күләннің қазіргі хал-жайы мен әдрісін сонан соң сұрадым.

«Биғабіл бұл хатты Тарымнан доқтырға келген бір ұйғыр кәрия арқылы жіберген екен дей сал!» деп тапсырдым Ақияның өзіне. Менің бұл хатым арқылы достар арасында өзінің де жүзі жаритындығын байқаған «ерке тоқал» мені тағы да жылай күліп құшты. Ертеңіне жер астындағы маған дастарқан жасап, үйіндегі «еріне» итаяқ қойды да, қақпасын сыртынан құлыптай сала жөнелді.

Асылқан ақын, шағын ғана арақ завотының сасық қоқсығын қол арбамен сыртқа шығарып төгіп жатқанда жетіпті Ақия. Завоттың алдыңғы жағынан өтетін жалғыз аяқ жол үстінен дауыстаған екен. Асылқан, арт жағындағы жылғалы ойпатты көрсетіпті. Қалтарыс ойпатқа айланып барып түскен Ақияға ол да үдірейе қарапты.

– Е, кезбе қарындас, қайдан жүрсің?

– Амансыз ба, Асаға, денсаулығыңыз жақсы ма?–Ақия жалбарақтай амандасып ұсыныпты менің хатымды. – Сүйінші, Биғабіл аға тірі екен, хат келді, Шаяр Тарым майданында екен!

– Рас па?– Қапелімде қуанышын жасыра алмай, далбарақтай ұмтылған сақ Асылқан, «тыңшы жендеттің әйеліне» аңыра қарап тұрып қалыпты. «Биғабілдің тірлігіне қуанғанымды мына опасызға білдіріп алдым-ау» деп шошынғанын, жүзінің сұрғылт тартқанынан сезіпті Ақия, жылап жіберіпті.

– Асаға, итке тигендігіммен ешкімге иттік істегенім жоқ! Араларыңызда өсіріп едіңіздер, қастық істесем дәм-тұздарыңыз атсын, менен қауіптенбеңіз!– деп ұсынған хатты Асылқан күреңіте оқып шыққан соң сұрапты. Биғаң бала-шағасынан дерек таба алмай қалған екен. Осыған жауап жазып жіберейін десем, өзім де білмеймін, сізден көмек сұрай келдім!

– Мен де білмеймін ғой шырағым!... Ие, ие, тоқтап тұр, білсе осында бір адам ғана біледі!... парткомның саяси–заң бөліміндегі Әлібек жақында «құқық иесі» қалпағымен қолға алыныпты. Соның әйелімен таныстығың барма еді?

– Айтолқын апай ма?... Білемін!

– Әлібек қолға алынған соң Айтолқынды осы лагерге әкелген. Шошқа қорада істейді. Бұрын Күләнмен қызметтес болатын. Ал, Биғабілмен де Мақпалмен де жерлес. Биғабіл оны «Ақмарқа жеңеше» деп өте жақсы көретін. Содан сұрашы!... Істеп жүрген жерін көрсетіп жіберейін, бірақ, мен айтты деме!...

Ақия, алыстан ыбырсып-үңірейіп көрінген шошқа қораның сырт жағынан барыпты. Күн жылынып қалған лайсаң шағында мұның сасығына сырттан келген мұрын беттейме. Бір шарбақ қораның ішінде аса мұңлы әнді бәсең ғана сызылтқан Айтолқынның үнін әнші Ақия тани қойып сығалап, жалғыз тазалап жүргенін көре дабыстапты.

– Айтолқын апай!

Қора сыртын айлана жүгіріп шыққан Айтолқын Ақияны тани сала тосырқап түйіліп тұра қалған екен. Бауырмалдығымен өзінен кішілерді баурап әкететін көсем әпекесінің мынадай қорлықта жүргеніне ашына еңіреп жіберген Ақия құшақ жая кеткенде кеудесінен итеріп қалыпты Айтолқын.

– Тарт әрі арам құшағыңды, опасыз қаншық!

– «Опасыз қаншық» болғанымды сол шақтың өзінде-ақ мойындағанмын, әпекетай!– Ақия енді жүгініп отыра қалып еңірепті. – Әйел арының ең қатал сотына содан бері арнап келдім өзімді!.. Бүгін... бүгін... батылым бүгін ғана жетті сізге көрінуге!.. Бір аяулы досымның хабарын әкелдім!... Ол үшін сізден сұрап білейін дегенім бар!...

Жанқалтасынан менің конвертті хатымды шығарып ұсыныпты. Потшеркіме үңіле түсіп қолына алған Айтолқынның жұқалаң ақ жүзі қызғыш тартып, сырт айлана оқыпты. Көзін қолымен сипап жіберіп, қайта үңіліпті. «Есіл азаматым!» деп күбірлегені естіліпті Ақияға. – «Осындай азғындарды әлі де түзеп, адам қатарына қоспақ, әлі де ұстаз қалпы!» –деп күрсініпті.

– Тұр орныңнан, жүр бері! – Ерте жөнеліпті Ақияны жатағына қарай. Шошқа қораның өр жағына – бөктерге салынған аласа екі үйдің біріне кіргізіпті. Бір үйде ханзу әйелдер тұрады екен, түрлеріне қарағанда олар да «құқық иелерінің» әйелдері сияқты.

– Мұкарама, сіз бара тұрыңызшы менің орныма! –Айтолқын үйдегі семіз әйелді өз жұмыс орнына жіберіп сөйлепті Ақияға. – Сен Биғабілдің өзің туралы берген бағасына қарап, қылмыстан жеңілдеп қалдың ба?

– Жоқ әпекетай, дүниеде қорқақтықтан үлкен қорлық жоқ екен. Өзім де адам айтқысыз қорлықты көріп болғанмын. Менің көргенімді көріп тірі жүруден, өлімнің өзі жақсы екен!... Тек... мағынасыз өле салу да оқыған әйел үшін... дұрыс үлгі емес қой!

– Ал, тыңда, ол есебіңді кейін көреміз! Кеше, алдыңғы күнде осында келіп жүргеніңді сиыршы ханымдардан естігенмін. Биғабілдің сұрағанына жауап жазуға асығып жүргеніңді енді ұқтым. Мақпалдың қазір қайда екендігін біз де білмейміз. 62–жылы мартта Тұрпан жақтан Күләннің үйнде қалған баласына бір келген. Бірақ, біз де аңдуда едік. Бармай, амандаса алмай қалғанмын. Содан іле-шала Құлжа оқиғасы, үш аймақ халқының Совет одағына қашу оқиғасы туылды. Сол аралықта Мақпал, баласын алып Дөрбілжіндегі үйлеріне кетті ме, иә, өзі Тұрпанға қайтып кетті ме, білмей қалдық. Биғабіл сезгір еді, егер шекара ашыла қалатын жағдай болса, маған қарайламай үлкен үйлермен бірге кете бер деп ескерткен болса, Мақпалдың сол оқиғада кетіп қалған болуы мүмкін. Өйтетіні, содан бері Мақпал жөнінде ешқандай сөз жоқ. Ал, Күлән, Ынтықбайдың Такламакандағы Ділбар дейтін лагерде 61–жылы өлгенін 63–жылы естіген. Содан бастап оның таудағы жалғыз бауыры тіпті жиы келіп тұрды. Үй мүлкінен бөліп-бөліп тастып әкетіп жүргенін де сезгенмін. Күләннің өзі төменге айдалатындығын білетін. Құмылдағы бір еңбек майданына әкететін болғанын естіп, бір күні іңірде қош айтайын деп барсам, тұрған үйінде ештеңе қалмапты, қызы мен өзі де жоқ. Тауға шығып кеткені белгілі болды. Бауырының аты Ыбырай, Еренқабырғаның Санжы жақ тұсындағы Қостай дейтін ауылда тұрады екен. Соны аудандық үкімет арқылы біліп, соңынан қуып барғандар Ыбырайдың үйін де таба алмай қайтыпты. Қайда кеткенін ешкім білмейді. Меніңше Күлән табылса, Мақпалдың да дерегін табуға болады. Ол екеуінің шығарда жаны ғана басқа болатын... Биғабілға хат жазсаң, абыржытпай, бала-шағасының амандығынан-табылатындығынан толық үміттендіріп жаз! Неғұрлым, Мақпалының үлкен үйіне дер кезінде жетіп, солармен бірге кеткендігіне сенсе ғана тынышталады ол.

– Күләнді мен іздесем таба алармын ба? Сіз оны қайда кетті деп мөлшерлейсіз?

– Егер сенімді жол бастаушы болса, ол да Қазақстанға өтіп кетті. Болмаса, осы ұлы таудың бір қуысында, қалай да бауырымен бірге!... Меніңше Ыбырайдың қайда кеткенін ауылдастарында білетінде жоқ емес. Жіңішкелеп сұрасаң табылады. Маңайына аса жұғымды-сіңімді жігіт көрінген...

Ақия үйіне кеш бата қайтып кеп, Айтолқынның аузынан шыққанын түгел жеткізді маған. Ынтықбайдың өлімі ішімнен қатты мұжыды. 61–жылы Сахуда болған ашаршылықтың Ділпарды түгел жұтып кеткені соңынан естіліп еді ғой, соның арасында Ынтықбай да кетіпті-ау, есіл сабазым!... Тағы да жетім-жесір болып қалған Күләннің иен таудағы халі көз алдымнан кетпей қойды. Ал, Мақпалым қайда, Асқарым қайда?... Менің айтқаным бойынша үлкен үйге уақытында қайта алды ма, иә, жете алмай бір қырсыққа ұшырап кетті ме?... Тездетіп осы тауда Күләннің бар–жоғын анықтауым, халін білуім қажет! Одан Мақпалдың бағдарын біліп алып жортуым керек, енді не көрсем де тәуекел!...

Күләнді алдымен Ақия шығып іздеп көруді айтып еді. Оған мен көнбедім: өзі екі қабат қой, оның басқарып ұстап отырған мына қоражайы тіпті «төрт қабаттан» да қиын жағдайда. Екі бүйірінде өмір-бақи отаса алмайтын «екі бай» жатпай ма!... Мен шығып кетіп күн көре тұруыма болар еді. Өлімтік байы өліп қалады да Ақия зор тергеуге-саяси құныкерлікке қалады!...



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.