Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 41 страница



– Күндестеріңе келген қонақтың құйрық жықбыларына дейін көріп жүріп, олардың бергенін «білмейтінің» ғажап екен!– деп бетін қатты шымшып қайттым.

Астық қоймамыз жетерлік болғандықтан біздің группа биылғы ашаршылықтан аулағырақ еді. Басқа группадағылар міндеттерінің жарымын бітіре алмай отырып қалғандарында біз үштен екі үлесін бітіріп тастап, түстен кейін өз кәсібімізге бірден-екіден сытылып шығып кетеміз.

Бірақ, аш қасқырлардың аңдуына түсіп, қоймамыздан астық алып келуде қиындап қалған. Қай төбеге барғанымызды көздері шалып қалса-ақ таң атқанша сол төбе ойрандалып, астығымыз қап-дағарымен жоғалады. Ал, бір төбедегіні бір-ақ тасып әкетсек, кадрларға білініп қалады да олардың тауықтары мен үйректеріне жем болып кетеді.

Сарытеке, қалың төсеніш қамыстарымыздың астынан қазып алған кішкене-кішкене ұраларымызды да көріп алыпты. Соған дәнігіп, күндіз бізді аңдуды қойды да сол ұрашықтарымызды аулайтын болды. Жұмыстан біз қайтып келгенше төсек-орнымызды тінтіп қорыс-қопасын шығарады. «Бидайды қайдан алыңдар?» деп кешінде бақылдай жөнеледі сонсоң. Біз, бір-екі рет, «тышқан індерінен қазып алғанбыз» деп құтылдық. Даладағы қоймаларымыздың маңына бармай, содан бастап шынымен тышқан інін қазып күн көре тұруға кіріскенбіз. Түстен кейінгі кәсібіміз осы.

Тарақ құйрық қызғылт сұр жануарлардың сырын біле келе мұның да өнімді кәсіп екендігі көрінді. Бірақ, мұны да адал кәсіп деуге болмас еді: тарақ құйрықтар семьялы, бала-шағалы жан иесі. Егіннің жиым-терім кезінде бұлар да ұйқы-күлкіден безіп еңбектенеді. Атыздан індеріне қалай жеткізетіндігін білсеңіз, тым жапалы – жан ашитындай миқынаттанады екен. Құрғақ дөңдегі індеріне бір-бір бастан тасудың өнімсіздігін бұлар да біледі. Бір-екі балапанын шалқасынан жатқызып, бас бидайді бауырына айқастыра тиейді де үлкендері алдыңғы екі аяқтан тістеп, шанаша сүйретіп апарады. Қауызды бас бидайды клеттеріне кіргізіп, тағы да айқастырып саңлау қалдырмай, тығыз тізеді де ұрттарымен әкелген жалаңаш бидайды соған орап қымтап, дымданудан сақтайды.

Ал, ін құрылыстарының өзінде де адам таңданарлық мамандық бар: су шықпайтын құрғақ дөңдерден қазғанда жатын орындарын теріскей жағынан, астық клеттерін ыңғай күнгей жағынан қазады. Жатын орындарынан айланып келетін жасырын коридордың екі бүйірінен қатарлап бөлек-бөлек бөлме етіп қазылған клеттері кең және теп-тегіс, таза жасалады. Дәрет орындары бұдан мүлде алыс, ауыз жақта болады. Бұл да жемін дымнан, былғанып, бұзылудан сақтаудың ең түйсікті амалы.

Екі-үштен артық бала өсірген үлкен семьялылары 20–30 килодан артығырақ астық жия алады екен. Ондай қорлы-қордалы семьялар бізге сыртынан қарағанда-ақ танылатын болды. Атыз маңынан арқан сүйреткендей іздерін қуып барып та табатын болдық. Ол, сүйретілген тышқанның жонының ізі. Арқаларын аяп және жеңілдік табу үшін де ыңғай сол бір ізбен сүйрететіндігі белгілі.

Біз олардың архитектуралық өнерлерін жете түсінген соң ін қуып қазып қиналуды қойдық. Кетпенді склатының дәл үстінен салып, астығын жарқ еткізетін мамандыққа жеттік.

Маңайымызға қарай тұрып, қайдан шыққаны белгісіз, пұта араларынан дірдектей қарап тұрған сол еңбекшілерге жанымыз ашиды. Бұлар да миқнатпен тапқан азығынан бізше айрылып, бізше аштықтан қырылатындығына қабырғамыз қайысады. Бірақ лаж не, теке сарының жауыздығынан тараған жауыздық бәрі де!... Жаздай сүйретіліп жауыр болған сорлыларын көргенімде көзімнен жас ыршиды менің. Бигелді, Биғазы ағаларымның да өткендегі дәл осындай халдері елестейді. Бидай шашсам, ақыры азықтарынан ауыз тимей жөнеледі зәтте жанды сорлылар!...

Сөйтіп тараққұйрықтармен бірге қалтылдап, бірге жылай жүріп тапқан бидайымызға жау тағы төнді. Текесары бір түнде жатағымызға әскер ертіп кіріп, аямай тонады. Төсегімізден жалаңаш қуып шығарып, түнгі аязда сол тышқандарша дірдектетіп қойып тонады. «Ұямызды» көзбе-көз ойрандап, еденге дейін қопарып, талқандап кетті.

Таң атысымен сол бидайымыздан ши аяқ тәйтәйі тегенелеп алып шығып, тауығы мен үйректеріне шашқанда шырайымыз қатты бұзылды. Дәмелқанның мұрты жыбырлап, менің тісім шықырлады. Мұны көріп Еділбайдың танауы ұраға айналды да Заман жорғалай жөнелді. Соның екінші түнінде кадрларды отынмен қамдап жүрген екі атан өгізінің көзге түсіп жүрген ең семізі жоғалды. Үшінші түні оның сыңары да жоғалғанын, біздің группа естімей де қалыпты. Тауықтары басқа түндерде таусылып, үйректері қырқылдап жүріп тапа тал түсте ғайып болды.

Алдыңғы өгіз, жұмыс майданымыздың сырт жағындағы қалтарыс бір кішкене шағылға мүшеленіп көміліп, бізді майла ет-сорпамен далда қалжалап жатқаны, өз группамызға ғана аян. Ал, тауық-үйректердің ізі, басқа аш группалардың бет шырайларына түсті. Екінші өгіз Тоқты Баситтің алыстағы шағылына кетті. Ізі солай беттеп барып, бұлтарып, солтүстікке кеткен болып жоғалды.

Зыр жүгіріп Сарытеке жүрді. Адам қанымен борланған көп құсының бұл маңнан бір тал түгі де табылмауы, лақ тастаған кәрі ешкідей жүдетті өзін. Тексеруші-тінтушілері қызметтерін біздің жатақтан бастап, әтірет маңындағы өліктердің көрлік ұраларына дейін ақтарып тінтіп, ештеңе таба алмай торықты. Тәйтәйі тайынша-құнан өгіз жегілген отын арбасынан, жақындағы жас жыңғылдан басқа құрғақ отын таба алмай бықсып, мұрнының суын жия алмай қалды. Енді өзіміздің арқалап әкелген отынымыздың конфескациялануынан сақтану үшін артық отын көтере келуден біз де тиылдық.

Ең жақсысы, Текесарының інінен қазып әкелген астығымызға осыдан соң сұғын қадай алмай қалғаны болды. Тауық-үйрек атты көп тажалы жойылған соң, өздеріне кілеттегі біздің нормамыздан еленген шаңмяндары[91] тұрғанда тышқан аузынан шыққан бидайдің қажеті не.

Жазға салым «зор секірудің» құтырығы қатты қозатыны белгілі. Ашаршылық пен ауыр жұмыс басқа группалардағы тәйнилерді де күйретіп жатқанда қоймамыздағы астықты «тышқан інінен әкелген» болып жей бердік. Лопнорлық деп аталатын аса адал халықтың аты-жөндері мен тұрақтарын білмесек те есекпен тиірменге кетіп бара жатқанын көрсек болды, бидайымыз солар арқылы тирменнен майда ұн болып та келіп жатты. Олар бізді дін жолымен «мүсәпір» атайды да, мүсәпірлерінің бір түйір дәніне қиянат қылмай ұнға айналдырып, іздеп жүріп әкеліп береді. Ал, күріш ақтауға өзіміздің бөтелке шактасымыздан шебер тиірмен жоқ.

Мен осындай күйлі шағымда күріш егісінің лайсаңына түсуден бұрынырақ кетіп қалуға асықтым. Бұл жердің күні жылынғанымен солтүстіктің қары кете қоймағандығы ғана кідіртіп жүр еді. Қалпағымның бір жақтылы болған хабары дәл осы кезеңде жетіп келді: Мәт сопы бір күні таңертең әтірет штабына шақырды да таңба басылған қалың қағаздан «Биғабіл Жаппардың қалпағы оңшы, басқа қалпағы жоқ, блок-ұйымсыз дара оңшы» деген сөзді анықтап оқып берді. Ханзуша, ұйғырша екі тілде жазылған екен. Орнымнан секіріп тұрдым. Бір ғана қалпақ жеп-жеңіл сезіліп еді. Мәт сопы оны да жеңілдете түсті.

– Оңшы, жерлік ұлтшылдардың қара шаһардағы саяси курсы биыл күзде және ашылады. Оған дейін қателесіп, мәселе өткізіп қоймасаң, енді бұл қалпағыңның да алынуы мүмкін!– деді.

Өткен жылдың күзіндегі курста екі-ақ оңшының қалпағы алынып, басқасы жыл соңына таман түгел қайтып келген болатын. Бұларды «тәрбие майданында стиль мәселесін өтркізген», «қашқан» деген сияқты түрлі сылтаулармен қайтарыпты. Ал, мен, Тылла қыздың кесірінен ғана аман құтылсам, қолға ілінерлік басқа мәселе сездірмегенмін, өшкен үмітім қайта жылтырай қалды. Қалпақтан құтылып шықсам, мына бауырларымның «бұзық элемент» емес екендігін де түсіндіріп ақтай аламын ғой!... Қашып шығу ойымды шектеп қойдым да күріш көлінде белшеден батпақтап істей бердім. Дірдектей жүріп, Тылла қыздан төнетін пәлені де тұншықтырып тастаудың амалын ойластырып болдым.

Бірақ, күріш егіліп бола бере аспаныма тағы бір қара бұлт қаптап шыға келді. Бұлт болғанда да менің көңіліме ғана емес, соқыр солшылдықтың бүкіл қоғамға төндірген найзағайлы бұлты болып шықты. Өзімнің үлкен-кіші екі самайым да сондай қатер астынан елестеді: Іле, Тарбағатай аймақтарының шекараға жақын халқы ашаршылық салдарынан Совет одағына үркіп кетіпті. Шекара екі тәулік қана ашылып, үшінші күні бейіш қақпасындай тас болып қайта беки қалыпты. Енді ашылмастай мықтап, «мәңгілікке» бекіпті. «Сол жаққа енді жақындаған адам, табанда атылады. Атылмай қалса қатал сотталады екен» деген үрейлі хабарлар гуледі.

Шешемнің басшылығындағы үркіп үйренген үлкен семьяның бұл үркіннен қалмайтын мүмкіндігі есіме түсті: «Биғабіл бүйтіп қорланғанша өз жерімізге қайтып кетсін. Біз соңынан тауып аламыз» деген пікірі барын естігенмін. Менің тапсыруым бойынша Дөрбілжінге қайтқан болса Мақпал мен Асқар да солармен бірге кетті. Олардан тым болмағанда бір хаттың маған жетпей қалуы, жазған хаттарында осындай сөздері болғандығынан шығар деп те жорамалдадым.

Бірақ, мен енді қашып мәселемді қайта қағындырсам болмайды. Өзімді ғана емес, менімен қосақталған бауырларды да, әсіресе Ынтықбай мен Күләнді енді «шужыңжуишы» дегізіп күйдірейін бе!... «Қалпақтарымыз түгел алынып болғанша, шекара жағдайы босаңсығанша тапжылмай күтуім қажет» дегенге беки түстім.

Майдан басшылығы бұл хабарды бізге «тағы да қуаңшылық апатына ұшыраған» астығымыздың тамтығы пісіп, аштық азабынан біраз құтылған шағымызда жариялады. Ендігі қашқандар аса қатал жазаланатындығын бірқанша статьямен ұқтыра жариялады. Хрущевты тілдеген тілдесі де, бізге көрсеткен ызғары да аса құтырық. Іле-шала «қылмыс әшкерелеу» науқаны жүргізіле бастады. «Советшілдер, Совет одағына қашу ниетіндегілер өзін-өзі әшкерелесе кешіріледі. Басқалар жағынан әшкереленсе қатал жазаланады. Оларды әшкерелеушілердің қалпағы алынады. Ең болмағанда заттық силыққа ие болады...».

Сөйтіп, ендігі жұғуы мүмкін болған жаладан да, соғуы мүмкін болған пәледен де құтылып, аман жүре тұруымыздың қажеттігі толық айқындалды. Жалғыз-ақ, келуі мүмкін болған қазадан сақтайтын» заңды ұрлығымызға» Тарбағатай халқынша басқа жаққа ауып кеткен екен. Ізі түгіл індері де өрмекші өрмегімен торланып, желдің үрдесінімен бітеліп қалыпты. Одан да үміт үзілген соң жан сақтайтын ұрлықты жоюға бола ма!...

Тылла қыздың көңілін қалдырудан сақтана тұру үшін «дүкеніне» уәделі уақытында барып көрініп тұрғанмын. Осы пәледен енді неғұрлым тез құтылуға асықтым. Айғақ үшін бір-екі жігіт ертіп апарып, түнгі қонағымен бірге ұстап қатты қорқытсам, өзіме ауыз салудан мүлде тиылар деп межелегенмін.

Ертең «үлкен жексенбі» деп жарияланған бір күні кешке жақын Қапас пен Еділбайды ертіп шығып, автомобиль балонынан жабысқан қырсық пен одан құтылу жолындағы осы амалымды түсіндірдім. Жын ойнаққа күн бата жетіп, қашатын жолдарына жақын далдаларға бөлініп бекіндік. Іле-шала Тылла қыз дедек қағып кеп, «дүкеніне» кірді. Екі-үш минут өтпей, біздің әтірет жақтан жолмен келген бір мейманы төбеге шығып жата қалды да, шиық ете түскен бір дыбысты естіп, «дүкенге» қарай домалады.

Ұстауға ыңғайланып енді түрегеле бергенімде Еділбай бұқпантайлап маған жақындап қалған екен. «Жата тұр, тағы біреуі келе жатыр, бәрін ұсталық!» деп сыбырлай сала қайта қайтты. Айтқандай-ақ күншығыс жақтан пұта сыбдыры естілді. Бірінші мейман шұңқырдан баспалай шығып, жолына түсе жөнеліп еді. Қапастың қолына түсіп, отыра қалғанын байқадым.

Күншығыс жақтан келген екінші мейман асығар емес, төбе бауырына келіп тоқтап, қолсағатына қарағаны көрінді кездесулері сағатқа бағынатындығын түсіндім. Баспалай қарап өрлеген бұл майман да төбеге шыға сала құлап жата қалды. «Дүкен» иесінен дыбыс жоқ. Мен де қарадым сағатыма. «Ғашықтар» минут көрсеткіші он екіге ілінбегендіктен көріспей жатыпты. Бұл сайқалдың шып-ширақ азаматтарды минут тәртібіне қалай бағындырып қойғанына таңдандым.

Тылла қыздың шиқылы сағат толысымен естілді. Несін шиқылдатып жатқанын білсем бұйырмасын. Екінші мейман да домалап түсіп, еңкеңдей жүгіріп барып кірді «дүкенге». Енді бір сағатсыз шықпайтындығын мөлшерлеп Еділбайдың қасына бардым. Түн аспаны күнбатыс жиекке енді жетіп, ымырт үйріле бастады. Қапас пен бірінші мейман да түрегеліп, біздің қасымызға келді. Ол, бізге жақын жүретін «жерлік ұлтшыл» қалпақты ұйғыр жігіт екен. Күлісе қол алыстық. Қастық істемейтіндігімізді Қапастан түсініп, мына сиқырдың сырын білуге келісіпті.

Сыбырласып отырғанымызда Тылланың қатқыл үні естілді.

– Әй, тоқтап тұрыңыз!... Пұл қане, пұл![92]– деді. Шұңқырдан шығып, қайтуға беттеген екінші мейманына дауыстапты.

Ертең бәр пұлды бүтін бермеймін бе, парша пұл жоқ!

– Болмайды, менің несиеден тәлейім жоқ!...

Ақша мәселесінің қалай шешілгенін ұға алмай қалдық. Екінші мейман шұңқырға қайта түсіп шықты. Біздің отырған жерден қиыстап өте бергенінде Еділбайдың қолына түсіп, сыбырлы әмір бойынша үнсіз отыра кетті. Енді кетер деп жезөкшенің жолын тосуға ұмтылған Қапас, бір түп жыңғылды далдалап жата қалғанда біз де бұға түстік. Тылла қыз енді дөңге шығыпты. Өз әтіреті жаққа қарап біраз тұрды да отыра қалды. Әйелдер әтіретінің ар жағында ханзу әтіреті бар еді. Сол жақтан біреуінің келе жатқанын көріп отырғанын сездік.

Іңірде екі кедей қаридарын жолға салып, тұтас түндік мейманын масасыз дөң үстінде қабылдауға шыққаны екен. Бұл мейманы ентіге жетіп, төбеге шығысымен Тылла қыз енді ханзуша әуенмен сөйлай жөнелді.

– Әйя, мені соншалық күттіріп қойып қайда кеттің?... Тоса тұршы жүзсіз, шұм!... Қоя тұршы өзім, өзім!... Әйя, әйя, әйя..а...

Екі «бажама» тура қарай алмай тұқыра түстім, қорланып барамын. Бірінші «бажа» күліп жіберді де, екінші «бажа» пышағын суыра ұмтылды ашнасына. Еділбай екеуіміз екеулеп ұстап, пышағын алдық та, қол тигізсек қателесетіндігімізді ұқтырдық.

Жер тыңдап өскен сайқал бұл дыбысымызды естіп қалыпты. Үстіндегісін көтере түрегелгенде менен өзге төртеуі төрт жағынан шығып тұра қалды. Зыта жөнелмек болған үшінші мейманды ұстай алып, қолын қайыра қойды бірі.

– Қайырма қолын, бұл, менің ерім!– деп қарсы шыға келді менің «әйелім».

– Жалап, қашан тиіп едің қытайға?... Жаңа ғана менің...

– Уағдамызды пысырып қойғанбыз, қалпағымыз алынысымен той қылмақшы!... Ей, ұрма сен, не хақың бар біздің махаббатымызда!... Ұлттар ара қосылуымызға қарсылығың бар ма!... Ұлтшылдықтарыңды қашан қоясыңдар?.. Ханзуға тиемін, қане, не қылмақсыңдар!

Имам хазіреттің молла қызы серіктерімнің қорқатын жан жерінен ұстап, бүре түскендей болғанда қарқылдап күле шықтым төбеге.

– Үй, Тылла қыз ба, сіз? Не болды, мыналар басқыншылық істеді ме сізге?... Әлгі сөзіңіз не сөз, қайтадан айтшы? – Бетін басып еңіреп жіберген салдақы, сытыла жөнелгенде ұстай алдым. – Сөйлеңізші, бәрі де өз ерлеріңіз сияқты ғой, таласып тұр ма?... Жүріңіздер, қазірше көрінбейтін жерде сөйлеселік! – Тартып түсірдім «дүкеніне» қарай. Шұқырға шөмшек апарылып, от жанып та үлгерді. – Төрлетіңіз сүйіктім, төрге отырыңыз! –бетін жаулығымен басып алған жезөкшені иығынан басып отырғыздым. – Жә, сөйлеңіздер, не талас?... Қапас, сен жаз, бір сөзін де қалдырмай жаз! Ұлтшылдық мәселесі болса, майданның тәлім-тәрбие бөліміне тапсырамыз, құйрық сату мәселесі ғана болса... өз мойындауларына қарап көрелік, ақырын сөйлеңдер!..

Сөзді біріншісінен бастап, үшіншісіне дейін сөйлеттім. Бәрі де Тылла қыздың өзінің тоқтатқан уақыты бойынша келіпті. Алдыңғысы тоқтамды елу тиын өтепті де, екіншісі бір сом беріп, ертеңге қарыздандырып қойыпты. Үшіншісі үлгере алмапты да ақысын өтей алмапты.

– Сен мұнымен үйленбекші ме едің?– деп ханзу жігіттен сұрадым. Азарда-безер болды ол: өзінің үш баласы мен әйелі алыста қалғандығынан ғана ермек үшін жүргені екен. Тылланың бетіндегі орамалын жұлып алып сұрап, жауап ала алмадым.

– Жауап бермесең жүр! Бәжі төлемей істеген осыншалық қалаймақан саудаңмен ғана қоймай, не үшін саяси жала жабасың бәріне!

– Сөйлейін, сөйлейін!... Жассыздар ғой, кешіріңіздер мені! – Тұқырып алып үн сала жылады жезөкше. – Бір жолға кешіріңіздер!... Мұнан соң қоямын, ешкімді шақырмаймын, ешкімге жала жаппайын!... Осы антыма опасыздық істесем, не қылсаңыздар да... өлтірсеңіздер де обалым жоқ!... мен сияқты әйелдерден мына жақтағы мына жыңғыл ішінде дәл қазір екеуі жатыр, түс уақытында да, кеште де... мына жақтағы, тораңғы түптерінде, анау дөңдерде бірнешеуі жатыр!... Бәрі солай болған соң... және ерсіз болған соң осылай болып кеткенбіз!... Мен қоямын, бірақ идеямды басқа жалаптар бұзады. Бірақ енді мүлде қойдым. Мұнан соң ұстап алсаңыздар аямаңыздар, осы жолы ғана кешіріңіздер!...

Осы антының аяғына анықтап жаздырып қол қойғыздым. Тыңдап отырған куәлардың аттары да тізілді. Жезөкше екінші қонағынан несиеге қалған елу тиынды жібек байпақ қонышынан алып, иесіне лақтыра салғанда бәріміз күлдік. «Мұнан соң Тылла мұндай пәле-қазалы жүрістен тиылып-түзеліп кетсе» бұл қылмысын жауып тастайтындығымызға біз де уәде айттық.

Әлияның пірісінен келетін хауіп-қатерді осылай жеңіп – жеңілдеп қайттым.

Мен үміт күткен саяси мектеп биыл ашылмай қалыпты. Өз әтіретіміздегі қыстық тәлім-тәрбие сақылдай жөнелді. «Шужыңжуйға» және оның ел ішіндегі тілеулес «оңшыл оппортонизмге» қарсы науқан ретінде сақылдады. «Шужыңжуидің» жеті атасын жездей қақтайтын қара материалдары қайта-қайта оқытып талқылатты да соларға өзіміздің ұқсайтын қатысты-шатысты мәселелерімізді иіскелеп іздеп, өзімізді–өзімізге тінткізе берді. Сөйтіп тағы да қорқытып, тағы да шошытып алып салды жұмысқа...

Сонда да өндіріс артқа секіре берді. Өнім тағы да құлдырады. Бұл қылмысты тағы да «қуаңшылық» атты жаратылыстық апатқа артып, қалғанын «Совет шужыңжуий» мен «оңшыл оппортонизмге» теңдей салды.

«Осы жұмыс бітісімен бағалау жүргізіп, еңбекте, идеяда шарт толтырғандарыңның қалпақтарыңды аламыз» деп кадрларымыз тағы да алдады. Біз тағы да «секіріп өрлеп» ұрлай бердік.

Нақтылы өз мәніндегі «зор секіріп ілгерілеу» шекаралардан ғана естіліп жатты: миллиондаған әскер тасқыны алдымен Үндістан шекарасында сүзісіп, онан соң Ветнам шекарасында басқындап, қанды көбік бұрқыратып еді. Кереметін биыл одан да үдетіп, Совет шекарасында буырқанды. Былтырғы ашаршылық үркінінде «шужыңжуийға» қашып өте алмай қалған халықты «шеттің шекесі», «жаудың көміп кеткен минасы» деп соққылауға кірісті.

Бұл сынды қарайғанның барлығын жау санап, өз құлағын өзі жұлып, өз көзін өзі шұқып құтырған жағдайда біздің қалпағымызды алуы мүмкін бе!... Қарашардегі саяси мектептің қызметтен тоқтап қалған себебін де осыдан таптым.

Бірақ, 64-ші жылдың жазғытұрымына келгенде тағы да күтпеген кезеңде ашыла қалды сол мектеп. «Оңшылдар» мен «жерлік ұлтшылдарды» ғана емес, Оңтүстік Шынжаңның дін иелерін де еңкеңдетіп-бүкшеңдетіп әкеліп оқытты. Оқитын сабағымыз бір ғана шужыңжуий тақырыбында, «тоғыз баға» деп аталған тоғыз кітапша бәрінде де «көне шужыңжуйшыларды» мінеп-шенеп келеді де «қазіргі заман шужыңжуий» деген атаумен Хрущевті даттайды. Әсіресе оның: «тайқазанның татын ішіп, екі адам бір штан киетін қайыршы коммунизм бола ма» деген пікіріне қатты кектенеді. Пролетарият төңкерісі мен коммунизмге қарсы ең жиренішті азғындыққа санап, осы шындықты иянаттайды. Бұл кітапшалар бізге өз майданымыздағы «қыстық тәлім-тәрбиеде» жатталып болған.

Бұл мектепте де арнаулы лектор жоқ екен. Кітапшаны біреуімізге оқытады да бәрімізге құптатады. Талқы дегеніміз осы, басқа бір ауыз сөз қыстыртпайды. «Өзіміздің қателесу жолымыз да осы шужыңжуишылық бар» дегізуге итермелейді. Олай мойындайтын сөзге мен әрине аттап баспай қойдым. Өзіме «стиль түзету» әрекетінде мәселенің қалай түскенін, іс жүзінде қалай екенін сөйлесем, оған да жауап шықпай қала берді.

Әр кітапшаны «үйреніп» бітіргенімізде мектеп бастығы жалпы жиын ашып, бір қортынды шығарады. Оның қортындылары да бір ғана тақырыппен бітті де тұрды: «қазірге дейін Маужушиға тең келетін бірер марксизмші шыққан емес. Маркстің өзі де мұндай болған емес. Маркс, Енклстер қазір бар болса, біздің көсемнің алдында жай ғана коммунизмші болып қала берер еді. Теңдесі жоқ коммунизмші философ біреу ғана. Ол, біздің елімізде ғана екендігін ұмытушы болмаңдар!» – Тоғыз рет шығарған қортынды осы сөзден аспады да түспеді.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.