|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 44 страницаОсындай дәстүрлерінен бір қаншасын үйреніп, «Маужуши сөздерінен үзінді» атты қызыл кінешке мен қызыл знактарды біз де таптық. Мұнан соңғы қорғаушымыз да, жолхатымыз да осы сияқты. Бір апта жатып, лагердегі бізді іздеген абыр-сабыр басылды деген шақта қозғалдық. Мен бір шоқ қана ақ сақал, көк бурыл қаспен, балдаққа сүйеніп шойнаңдап, Тоқты Басит қаба қара сақалын желкілдетіп, екі есекке міне жөнелдік. Омырау толы қызыл знак, шінсің әтіретін жара кеуделеп өте шыққан тері бөрікті «екі шалды» кадрлар мен әскерлер түгел өз жолдастарымыз да танымай қалды. Шәяр қалашығына жеткенімізше шаңытқан буалдыр көкжиекке күн еңкейді. Жол жөнекей молырақ үзіндіден және бір-екеуін жаттап алып едік. Кіре беріс көше аузында қызыл шашақты найза ұстап, қызыл жең белгі таққан екі бала көрінді. Кезекші хұңшяубең екенін таныдық. Кеудемізде ең семіз бастан бірнешеуі бадырайып тұрғанда тиісе қоймас деген оймен батылданып өте бергенімізде екеуі жолдың екі шетінен қатар шақылдады. – «Ең жоғары нұсқау?»– десті. Тоқтай қалдық. Маужуши сөздерінен үзінді оқуымызды талап еткенін түсініп, жаңа ғана жаттап алған ұзынырақ біреуін зулата жөнелдім. Біреуі маған бас изей сала Тоқты Баситке қарады. Одан «сәлем бергендей» ғана қысқа бір үзіндіні естіп үңіле түсті. – «Ең жоғары нұсқау?»– тағы сұрады біреуі. – Бірінші қиыншылықтан қорықпайық, екінші өлімнен қорықпайық!» деген надүрістеу үзіндіні Тоқты Басит тағы да шолтаң еткізді де өздерін сөге жөнелді. – Ұлы көсеміміздің теңдессіз данышпандық нұсқауларын ұзын-қысқа, жақсы-жаманы деп таңдайсыңдар ма?... Маужуши сөзінің де сіздерге жақпайтыны бар ма еді? Жеңілгендей бір-біріне қызарақтай қарасқан екі бала күліп жіберіп шегініп жол босатты. «Роталарыңа қайтып барғанда осы идеяларыңды тексеріңдер!»– деп түйілген Тоқты Басит тебіне жөнелді есегін. Қызғыш қоңыр, қалың жүзін түк басқан, балуан денелі досымның жүрегі де түкті екендігі айқындала түсті. Кішкене есіріктердің осы жеңілуінен осал жерлерін тапқандай болдым. Көше-көшеде ағаш мылтықты «қызыл қорғаушылар» халыққа қырғидай тиіп жүр екен. Әр есекті тепкілеп-соққылап шағып тінтіп, «төрт көнені»[101] құртуға кірісіпті: оюлы текемет, шытыра нақысты сандық, өрнекті шкаф, европа скамейкасы, әйелдердің өрілген бұрымы мен біз өкше туфлиі, кестелі, әшекейлі көйлектер сияқты өнер бұйымдары әр жерге үйіліп, құралды әскерлер күзетінде өртеліп жатыр. Көнеге есептелетін дін кітаптары ғана емес, славян жазуындағы химия, физика, астрономия, анатомия, биология сынды жаратылыс ғылымдарының оқу құралдары да көзіме оттай басылды. Көбі өртеуге лайықталып-жұлмаланып үйілген екен. Ғылым мен мәдениеттің Шаярға әрең жеткен асыл қазыналары «пролетарияттың зор мәдениет төңкерісінің» жауына айналыпты! Менің неше жыл бойына тер төгіп құрастырған оқу құралдарым әлдеқашан өртеніп болды деші!...»– жүрек жара күрсіндім. Базар көшесінің бәр жерінен осы улы түтін ғана көрінді көзіме. Жаңа дүние қарайып күйіп, будақтап-морлап жатыр! Кідірмей өте шықтық. Қалашықтың солтүстік жақ сыртына шыққанымызда алдымыздан сөлекет сойдақтаған ұзын қағаз қалпақтылар тізбегі көрінді. Оларды «кішкене қызыл батырлар» шақылдап найзалап қуып келеді. Бауырларын "қырандыққа" баулып жүрген «қызыл қорғаушылар» да борбас жолдың екі жақ шетімен жүгіріп келеді. Қалпақтылардың бет-жүзі мен киімдері адам баққысыз, сатпақ-сатпақ. Кигізген қағаз қалпақтарына қара бояу мен баттасып қылмыстары жазылыпты. Помещик, бай диқан, кері төңкерісші, жерлік ұлтшыл, құқықты, кертартпа ғылым беделдісі, сасық зиялы деп аталыпты. Айдағардың, түлкінің, қасқырдың суреттері тұла бойларына сау жер қалдырмай сызылған. Мойындарына сүйек, тозған шелек, тесік легендер асылыпты. Салдырлатып-күлдірлетіп, шаңғырлатып, алуан-аласапыран, әлемтапырақ үнмен жүгіріп келе жатқандықтан арт жақтарындағы әйелдердің бажылы әрең естілді. Сәукілдеген тізбекке ілесе алмай, ең қатты найзаланып келе жатқаны – құрсақты екі әйел екен... Өз бойынан екі есе ұзын қағаз қалпақ кигізілген бір кәрі кемпір үлкен жол үстінде құлапты. Кесілген ақбурыл бұрымын қос қолдап қысып, таласқан екі хұңшяубеңге бермей жығылған екен. Тартып алмақ болып, қарт ананың кеудесіне бір «батыр» қона түсті де екінші «батыр» қолына жармасты. Ана екпеттей аунап түсіп, бауырына басты бұрымын. Тізбекті қуалап бара жатқандардың ересектеу екеуі қайрылып келіп, найзаларын кемпірдің құйрығына, шонданайына сұққылады. – Бұның ісімі «мәдениет төңкерісі» болыпты!– деп гүр ете түсті Тоқты Басит. – Үн шығарма!– деп тоқтаттым оны. – «Төрт көнеге» жатқызып жасанды сақалымызға жармасса біткеніміз! Жан-жағыма қауіптене қарадым. Жиырма-отыз метрдей кеңдіктегі ойран топырақты жол шетінде қалшылдап тұрып қалған екенбіз. Кемпірдің бөксесінен шыққан қан іш киімі мен ақ мата көйлегінің сыртына қып-қызыл болып шыға келді. Қайсар ана үн шығармай қатып қалған сияқты. Төрт хұңшяубең қанша жабылса да бұрымды тартып ала алмады. Қалпақтылар тізбегін қуалағандар недәуір ілгерілеп кетіп еді. Біздің қарсы жағымызда жолдың арғы шетінде жүрелеп әскер киімді бір дәу біздің хұңуйбең отыр екен. «Батырларына» түсірген бұйрық үні қаттырақ шыққанда көрдім. «Шалқалатыңдар!»– деді ханзу тілінде. «Білегіне ұрыңдар!»... «буындырыңдар!»... «шешеңнің бәтегін...», «екі қолын екі жаққа айырыңдар!»... «неткен пәле қақпас!»... Тарамыстары тартылып сіресіп қалған кемпірдің уысындағы бұрымды төрт «батыры» жабылып ала алмаған соң шыдамнан айрылған хұңуйбең сыбанып түрегеліп жалтақ-жалтақ қарады маңайына. «Кетіңдер!» деп бізге ақырды. Ашудан жасанды сақалы құйын соққандай ұйтқып кеткен Тоқты Басит, атылғалы тұрған арыстанша көз алмай қадалды оған. Бір шатақ шығарғалы тұрғанын біліп, балдағыммен есегін ұрып айдай жөнелдім. «Әттең-әттең!» деп бар дауысымен кіжінген палуан жігіт өзін-өзі шапалақтап-шапалақтап жіберді де қайта бұрылды. Мен есегін қатты ұрып қуа жөнелдім. Қанталап кеткен көзін сонда да ол жақтан аударар емес. Хұңуйбің жан жағына қарап тұрды да өлген кемпірге қарап жолдың борпылдақ топырағын кеше ұмтылды. Келе тепкілеп бірнеше домалатты да табанымен алқымынан басып тұрып, шірей тартты бұрымды. Тоқты Басит есегінен ыршып түсіп, белдік қынынан пышағын суыра ұмтылып еді. Хұңуйбең ысқырық тартты. Арт жағына бұрылып жедел ысқырды. Әскер шақырғандығын сезіп, жұлқынып бара жатқан жолдасымды тез қуып жетіп ұстадым да есегіне мінгізіп қуа жөнелдім. Соңымыздан әскери қуғын түсетіндігін естіген соң есін ол да тез жиып, есегін сабалай жөнелді. Батқан күнді қуалағандай күншығыс жақтан қара түтек шаң көтеріліп аспанды бүркеп келе жатыр еді. Такламаканның құм бораны екен, Шаяр қалашығы көзден лезде ғайып болды. Қарғылақтаған екі есектің адымы мандымағанынан сонда да қатты састық. Ысқырыққа төрт хуңшяубең қосыла шу көтерді. Оларды да құйын жұтып бүркегенмен айқай-шуы соңымыздан қалар емес. Біз, батыс-солтүстікке беттеген қанжолдан шығыс-солтүстікке қарап, кілт бұрыла қаштық. Құм боран келудің алдында ол жақтан қалың жыңғыл мен тораңғы тоғайы көрінген. Сол жаққа Күшарға төте жететін жалғызаяқ жолдар барын да естігенбіз. Үлкен жолдан қараборанды жарып екі мылтық қатар атылды. Қуғыншы әскерлер екендігін білдік. Осылай бұлтара қашқанымызға қуанып келе жатқанымда Тоқты Басит есегінен түсе қалып, шылбырын маған ұстата салды. – Анау тоғайға кіріп тоса тұрыңыз! – Сен қайда бармақсың? – Мына қараңғылықтан пайдаланып, анау жындардың бірін соға кетейін! – Тоқта!... Соңымыздан қалмайтын қуғын таппақсың ба! – Ақыр өздері де түсті ғой соңымызға, сөйтіп жүректеріне тие кетпесек соңымыздан қалмайды! – Кісілері өлсе, бар жерде алдымыздан тоспай ма, қой бұл тәуекелшілікті! Жүр тез, қоршауға түспей алыстап кетелік!... Жортақтата жөнелдік. Оқ әр тұсқа атылды да, бір-екеуі үстімізден зу ете түсті. Біздің беталысымызды енді тапқандай, іле-шала бірнеше оқ өтті үстімізден. Түнек түн жарылғандай ыңыранып, маңымызды қатер тінткіледі. Оңды-солды үшкүрген қою құйын тораңғы тоғайға кіргенімізде де бөгетсіз ұшықтай берді. Қуғын бері бұрылғандай, мылтық дауысы енді жақыннан естілді. Осы тоғайды тінтпей кетпейтіндігін сездім. Шағын ғана елсіз тоғай екен. Күншығыс жақ сыртынан жалаңаш алаңқы байқалды. Сол жалаңаш борбасқа шыға жөнелгенімде Тоқты Басит бір үлкен тораңғының түбіне түсе қалды. «Оқ тиеді, көрініп қаламыз!» деп дыбыстады маған. Қайта оралып келдім де бұл тоғайдан қоршалып қолға түсетіндігімізді асығып айта жетектедім. Екі сұр есекті сұп-сұр борбасқа шығарып шаужайлап екі жерге жата қалдық. Сарт-сұрт аяқ дыбысы тоғайдың күнгей-теріскей екі жағынан да естілді. Дүлей боран, жынды құйын есектерімізді тәлтіректете бүріп, өзімізді көз аштырмай көмді. Қатер тінткілеп, ажал піскілеп, қойнымызда сумаңдап жүргендей. Қарға адым жер көрінер емес. Тоғайдың тұс-тұсынан атылды мылтық. «Тұрыңдар!» деп ақырысады. Лезде тораңғыларды аралай соққылауға кірісті. Бір-екеуінің тоғайдан бері өтіп, бізге жақындап қалғандығы аяқ дыбыстарынан естідік. Отыз метрдей жақындап келіп, үңіле қалғандықтарын байқадым. Жүрегім қара құйыннан бетер ұйытқып, қасқырша жұлмалады. Есектерді көріп жетіп келсе екеуміз екеуіне сырттарына атылудан басқа амал жоқ қой. Үндерін шығармай баса алсақ!... – Бұл жақта жоқ!– деді бірі аздан соң. – Жиналыңдар!– деп артына қайрыла айқайлаған бірі тоғайға қарай жығыла-сүріне жөнелді. Тораңғы сүзе қаңғырласа-даңғырласа жиналып тізіліп, санақтан өтті де ары қарай алыстай берді. Санына қарағанда тұп-тура бір завот әскер екен. – Әулие екенсің Биға, осы жолы қол қойдым!– дей түрегелді Тоқты Басит. – Достым сен қанша күшті болғаныңмен ыза-ашудың алдында ең осал жігіт екенсің!– деп мен кінәладым. Жүз метрдей ғана жердегі тоғай далдасына қайта кіріп, есектердің желқомын алып арқандадық. Тораңғы түбіне құм бораннан ықтай жатып, досымның бүгінгі қылмысын қазбалай сындадым.
Әділетті тергеушім, Тоқты Басит атты осы қылмыскерді сындауды былай қойып, пышақ сұқсам да рауа екенін енді түсінген шығарсыз. Өлген кемпірді тепкілеп ескіліктен арылтпақ болған сауапты ісі үшін ғана Маужушидың қызыл қорғаушысына пышақ ала жүгірген азғындығын адамзат кешірер ме! Мұндай арсыз тепкіні бүгін ғана көргендей ызаға шыдамай шыңғырып, қашып шыққан бірінші күніміздің өзінде-ақ қанды қолға түсіре жаздағанын қараңызшы! «Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көр» дегендей мұндай сұмдықтың әкесін өзіңізге жақындаған сайын көрмейміз бе. Әлден бұлай құтырса, сіздің өз «төңкерісіңізге» несін ала жүгірмек бұл! Жауыздық пен жыртқыштықтың теңізіне сүңгуге «белді бекем байлап» келе жатқан азаматтан бұдан зор қылмыс табу мүмкін бе! Осы шыдамсыздығын өлтіре сындап шектемесем, өзін де мені де теріс азуларыңызға түсіріп, шайнатпай жұтқызбай ма!
ІІ
Аспан сұп-сұр, қаһарын үйіріп, қырауын бүркіп тұр. Көп қабат үйлі үлкен көше алай-дүлей адам тасқыны, шуылдап әр жаққа үркіп барады. Қан-сөлден айрылған аппақ қудай. Қағылысып-соғылысып, таласып-тартысып барады. Әрқайсысының таласатыны өзді-өз шыбын жандары. Алыпқашатындары өзді-өз бастары ғана. Екі жақтарындағы қабат-қабат зәулім үйлерге қарай-қарай сапырылсады. Шағылған көп терезе көздерінен жұдырықтай-жұдырықтай тас атылып жатыр. Ол қатігез оқтар көшедегі халыққа емес, қарсы жақ терезелердегі жауларына атылса да жетпей халыққа жауады. Жеткендері де цемент қабырғаларға тиіп қайтып жауады. Қарсы жақтан атылған тастар да солай. Төменде сапрылысқан базаршы халықтың үстіне биіктен «ақырзаман» нөсеріндей құйылды. Көше у-шу. «Әйя» мен «ойжан»... Сол алай-дүлей «ойбайлар» мен тас боран арасынан шоқша ғана ақ-сақалды ақсақ шал таңданарлықтай шапшаңдықпен атылып шықты. Шын сасқанда бір балдақ бір имек таяғын көтере зытады екен. Жанталасқан халықтан ол өнеріне қарап күлген де ешкім болмады. Өзі ғана жымиды да Дашызының[102] күншығыс жақ мүйісін айлана жөнелді. «Қызыл екінші қосын» мен «қызыл 1-ші, 3-ші қосын»[103] соғысатындығын білмей, көшеге бейғам шыққан халық, екеуінің арасында қалатындықтарын тіпті түйсінбеген көрінеді. Көбі жараланыпты. Жауласқан екі жақ та қызыл, екі жақ та «Маужуши мен компартияны қорғаймыз» деген ұран тегеуірінімен ұйымдастырылған екі жақ та Маузыдұң шақырған ұранға қосылып, «көтеріліс жасау орынды!» деп шуласып жүрген. Ал сол екі жақ бүгін таңертең бір көшенің екі жақ бүйірінен терезелерді шағып тастап атысатындығын кім ойлаған?... Алдымен шабуылдаған, арқа тіректі, құралды қоспа екі қосын «бірінші, үшінші» екен. «Сайқал саясаттың былығы!»– деп ақсақ шал күбірлей тыжырынды. – «Асқан демократ болып көрініп, төңкерісші жастарға толық ерік бергенсіп сүзістіріп қойып, лай судан әлі де балық аулап жатқаны!... Өзіне күдіктілеу көрінгендерін түгел құртпақ. Сөйтіп, қоғамнан желп етерлік пұта қалдырмай тақырлап тастамақ!»– ызалы ақсақ таяқтарын нықтап-нықтап тықылдатты. Яңхаң көшесімен өрлеп барып тұрып қалды. Өйтетіні, жолы тағы да буылды: қызыл шашақты найза көтерген сансыз «кішкене қызыл батырлар» жоғары жақтан қаптап, ұрандатып келе жатыпты. «Көтеріліс жасау орынды!»– деп толассыз шұрқырасып, найзаларын үздіксіз шошаңдатады. «Төрт көнені құртамыз! Құртамыз! Құртамыз!», «тап жауларын жоямыз! Жоямыз! Жоямыз!», «Ит бастарын жаншып тастаймыз! Жаншып тастаймыз!»... Төменгі жақтан дәл осындай ұрандармен тағы бір тасқын қаптай келеді екен. Жоғары, орта мектептерден құралған ірірек «батырлар» көрінеді. Бұлардың арқаларына ып–ықшам таңылған буыншақтары бар. «Бижинге жаяу барып, Маужушиға сәлем беруге шыққандар» деді бір кәрі, ақсақтың артынан өтіп бара жатып далдалана күлді. Ақсақ шалдың бар зейіні жоғары жақтан келген «кішкене батырларда». Көз алмай, араларынан сағынышты біреуін іздегендей, тесіле қарайды. Көшенің екі шетіндегі жай халық қысталып-тұйықталып қалды. Бижін сапарына шыққандардың қарсы жағынан қызыл қорғаушы қоршап айдап келе жатқан қағаз қалпақтар көрінгенде күңрене тығылысты халық. Мына қысталаңда тас жауып кетсе, қиа басып құтылар жол жоқ еді. Биғаншылар әйтеуір ондай сойқан шығармай ғана ұзын қалпақты «жауларын» басып-жаншып өте берді. Олар келіп жұдырықпен соққанда шалқалап-шалқалап жығылған қалпақтылар аунап түсіп екпеттеп, үстілерінен өткізді. Қағаз бен қамыстан жасалған қалпақтарының жанышталып, сабанға айналғаны болмаса, Жансебіл «жау» ыңқылдап-күрсілдеп қана бүтін-бүтін түрегелді. Көбі қасқабас, ірі денелі, қарынды «жаулар» екен. Ақсақ шалға алдымен танылғаны Бұрһан Шаһиди болды. Ғалым дипломат осы қоғамды қандай жын соққанын әлі де түсінбейтіндей, қызылсары жүзі әлемтапырық, аңыра қарады әр жаққа. Сөйтсе де тізбегіне жайбарақатси ілесті. Пальтосының артқы етегіне тігілген түлкінің құйрығын сүйретіп ілби берді. Соңындағы атақты биші Қамбар ханым қалпағынан айрылып жалаңбас түрегелгеннен ұялғандай бұғынып, бетін баса өтсе де ақсақ шал оның ұзын бойлы дене сымбатынан анық таныды. Өткір нұрлы көзінен намыстың оты ұшқындап шыға келді ақсақтың. Ұйғыр биінің жасамыс ұстазының арқасына да масқаралаудың әлем-жәлемі жапсырылыпты. Шынжаңдағы ғылым мен мәдениеттің қалған тірі қызметкерлері жау қатарына түгелденіп-ақ тізілген екен. Жергілікті ұлттық көркемөнерге көбірек еңбек сіңірген ханзу композиторлары да, ұйғыр, қазақ өмірінен шығарма жазған жазушылары да бар. Арқаларына «кертартпа ғылым беделдісі», «кері төңкерісші», «құқық иесі» деген қара таңбалар басылыпты. Бәріне тігіле қарап қалған ақсақ шал, тері бөркін баса киді де қисық аяғын сиғызып өтерлік жол іздей шойнаңдады. Январьдың ызғарлы қызылшұнақ күні түстен көтерілген екен. Шұнаңдап сұр түтек бұлт арасынан шыға келгенде ақсақ шал оған кекті көзімен қиыстай қарады да жеделдете шойнаңдады. Ырдашаузыдан өте бере алдындағы бір мешітті шағып жатқан «қызыл қорғаушыларды» көрді. Жоғары жақтан сенделектеп келе жатқан келте сары шапанды бір дәу (Мақұлбек екен) сол «төңкеріске» қарап тұра қалып еді. Арт жағынан семіз бір кадр келіп иығына қағып қалғанда жалт қарады Мақұлбек: – Ассалаумаликум!– деп қалды сасқалақ дауыспен. Бұл шақта мұсылманша сәлемнің «төрт көне» көлемінде екендігін, әрі бұлай сәлем берудің тап жауларына тізе бүккендігін көрсететін қатерлі қылмыс екенін мас Мақұлбек ескерер емес. – Маужуши мың-мың жасасын!– деп семіз кадр жылыстай жөнелді. Мешіт қақпасынан қарап тұрған бір «қызыл қорғаушы» ысқырық тартып жіберді де, ағаш мылтық дүмімен Мақұлбектің көкжелкесінен түйіп-түйіп қалды. – Мә ассалау!.. Мә ассалау!... Мұзға тайып жығылған сәлемшіні бірнешеуі келіп тепкілей жөнелді. – Жауға тізе бүгуші рақымсыз жазалансын! –Жасасын Маужуши!– түмен-түмен жасасын! – «Қызыл кішкене батырлар» қоршап алып, найзалай берді, ұрандай берді. – Үшінші сақшыға апарып қамаңдар!– деп айқайлады, мешіт бұздырып жатқан бір бастығы шығып «қызыл батырлар» Мақұлбекті сүйрелеп тұрғызып желкелей жөнелді. Желкеленіп барады, жығылып тұрып жалынып барады. Жаңылғандығын айтады, мас екендігін айтады. Мастың қан болған мұрнынан шыққан міңгірді тыңдап келе жатқан ақсақ шал ғана. Көше шетімен балдағын мұзға қадай шойнаңдап ілесіп келеді. Алдыңғы жағынан басын түбіт шәлімен орап, бетін пальто жағасымен жапқан ақбөрте әйел шыға келгенде тұра қалды ақсақ. Айдалып қиралаңдап бара жатқан қанды ауыз Мақұлбекке көз қиығымен ғана қараған әйел ақсақ шалдың қарсы алдынан өте шықты. Қаншалық телмірсе де назарын тарта алмаған шал сәл ілесіп барып тоқтап қалды. «Мұратыңа жеткен екенсің Ақия!» деп зілмен жымия күбірледі. Асықпай өрлеп, Ақияның шыққан бұрма көшесінің аузына жетіп тоқтады. Сол жерден тоспақ сияқты. Ақсақ шал өксіп қалды да, өзін-өзі жия қойды. Үрімжінің оңтүстік жақ осы районын аралағанына екі апта өтіпті. Өзіне толық таныс адамдардан бүгін екеуін ғана көріпті. Оның бірі қолды болып, бірі танымай кетті. Бір көруге зар болып іздеген адамдарынан ешқайсысы табылмады. Орындары да қалмаған тәрізді. Іздегендері ыңғай қалпақты болғандықтан аттарын атап сұрастыра да алмады. Қазіргі жатқан үйіндегі ұйғыр әйел де іздеп дерегін таба алмай жүр. Неше күннен бері әлденеше рет келіп, тексеріп қайтқан көшесіне тағы да тесіле қарады ақсақ. Осы қақпалардан көзіне оттай басылатын ең жақын жандары шыға келетіндей әлі де үміттене, еміне қарайды. Көзі жасаурап кетті. Сырт жағынан аяқ сықырын естіп, жалт қарады. Ақия қайтып келіп қалған екен. Басын төмен сала түнеріп, әлде не оймен келеді. Дүниеден түңілгендей, тым көңілсіз ақ жүзі әжімденіп, қартайып көрінді. Тағы да қарамай өтіп бара жатқанында ақсақ шал таза ұйғыр үнмен дабыстап сұрады. – Қызым, Ақия дейтін ханымның қайда тұратынын білемісіз? – Ақия?... Онда не ісіңіз бар еді?– Аңыра қарап тұра қалды Ақия. – Пақырлері оңтүстіктегі Шаяр ауданына доқтырға емделуге келген. Сол ханымға достарының айтқан сәлемі бар еді, осы көшелердің бірінде деген. Анық қайсы көше екендігін білмей тұрмын! Ақия жан-жағына қарай берді. Ойлана түсіп, күбірлеп қана сұрады. – Олар кімдер? – Биғабіл әфәнді, Қапас және бірнешесі бар. – Биғабіл?... Тірі ме еді ол?– дегенінде қара көз жарқырап кетті. Жүзі қызарып барып сұрланды. – Тірі, денсаулығы қалпында. Көзі жасаурай қалған Ақия күрсініп жіберіп, демін жұта қойды. Жан-жағына енді ұрлана қарап, сұрлана түсті. Ақсақ қарттың тұла бойына тінте қарап кідірді де, тағы күбірледі.
|
|||
|