Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 40 страница



Әйтеуір ең жақсысы, асқазаным айдаһар болып алды. Бірақ, жұмысқа қайта айдалған соң оны толтыру тағы да қиындады. Бүтін киімімнен бір-екеуін қара Құрбанға тағы өткізіп қойып, ақ ұн, сары ұн, қара-қоңырмай[87] сатқызып ала бердім. Ал, толтыр сол қуысты. Оны киім сату емес, басқа әтіреттердің жаздық астығы пысқанда ат дорбалап атша жеген көк бидай ғана толтырды.

Қайтадан тіріліп алғаныма басқалар қуанса да сарытеке реніш білдіріп, кіржие берді. Жақ сүйегім толып қалғанын көріп «тамадысын»[88] сырт айлана күбірлеп кететін болды. Онысын естігенде әкесін күбірлеп тілдеп мен де «жарылқайтын» болдым өзін.

Бір жақсысы, маған көрнеу бақылауын азайтқаны еді. Тағы да «кезеңнен тосып» жүріпті: әтірет лаужяуларына майдан штабы жағынан жаздық киім шыққан екен. Менімен бірге маған жақын жүретіндердің бірнешеуін ол киімнен мүлде мақұрым қалдырды.

Біздің Жансебілдер егін жиын-терімінде алды оның есесін. Қыстық азық жиып алуға түнгі ұйқыдан мүлде безе кірісті. Ауруханадағы Шәйзада мен Жақан да аман қайтып келген болатын. Тышқан ұялай алмайтын егілме құм төбелердің көбі біздің астық қоймамызға айналды. Әтіреттің дағарлары мен сыляу дорбалары жоғала берді сөйтіп. Бұл науқанды шаршылықтың ең қиын екі маусымының азығы анық есептеліп, толығымен көміліп болған соң ғана тоқтаттық.

Соншалық қан-тер төккенімізбен атыздардың әр жеріне шоқ-шоқ қана өскен күрштің да жарым-жартысы құм төбеге сіңіп кетті. Сарытеке күзетшілерге тыныштық бермей қаншалық қадаңдағанымен биыл тағы да тақырға отырып қалды. Былтырғы «апаттарының» аттарын қайта тізіп алып, бақылдай отырды тақырға.

Жүгеріден басқа егіннің жиын-терімі біткен соң, «қалпақ аламыз» дейтін антын теке сарының өзі «жоқ сөзге» шығара салды. Сөйтіп, үйге қайту үмітінен тағы айрылдық. «Оңшылдар» мен «жерлік ұлтшылдарға» бірлік сап мекемесі жағынан қарашарде үш айлық саяси күрес ашылатын болып, тірі қалғандары тізіммен шақырылып жүргізілгенде менің тобымдағылар бұдан да қағылып қалды. Студенттерді «қалпақтарың оңшыл да, жерлік ұлтшыл да емес, бұзық элемент» деп қалдырды. Сол екі қалпақты қабаттап киіп жүрген менің атымды да тізімнен шығарып тастапты. «Қалпағың анық емес, бір жақтылы болмапты» деп ұқтырды Мәт сопы.

Енді не болса да осындай күйлі уақытымда қашып шығуды ойластырдым. Бірақ, ондай жасырын жүріске елеусіз бүтін киім қалмап еді. Корлаға жетіп, лайықты киім сатып алғанымша жалғыз кастюммен жалаң пұт жүруге болмайды ғой. Киім ала алмай жүрген жалаңаш бауырлармен бірге лаужяу киімін сұраудың ең жапалы, қиын күресін бастауыма тура келді: сау тамтығы қалмаған штандарымыздың ауындағы жыртықтарды ұлғайтып, ныспы жалаңаш жүруге келістік. Адам, ешкі ұрпағынан ұялушы ма еді, Маузыдауян қайдан қайсынымызға кезіксе де байқамаған бейнеде қарсы қарап жүремізден отыра қалуымыз ғана қажет. Ондай отырыста ауы жоқ штаннан шығып ғауреттің өзі-ақ сұрайды киімді. Қаншалық бетсіз болса да «тәрбиешіміз» бірдеме демейме сонда.

Ертелі-кешті жортуылға маса шыққанда одеял жамыламыз. Сөйтіп бір апта жалаңаш жүрдік. Әр жерде отырып, «көзімізді» бәріміз-ақ көрсетіп болдық өзіне. Көз қырымен ғана қарап қойып, жүріп кететін болды. «Тәрбиеші ұстаз» бізге намыссыз деп ұрыса да алмады. Киім берудің сөзінен де дым шығармады. Бір күні кешке жақын жұмыстан қайтып келе жатып, лапас астындла екі-үш гансымен ғана жиын ашып отырғанын көріп түгенделдік те тура тарттық солай қарай. Сарытеке тік түрегеліп бақылдады.

– Қайтыңдар, қайтыңдар, асығыс жиын ашып отырмыз!

– Баугау зыдауян, біздің айтатын арызымыз тіпті асығыс!– деп барып, қарсы алдына тізіле қалдық

– Біз ұяттан адамдар арасында жасай алмайтын халге жеттік!– деп Қапас бастады да,

– Киімімізді беріңіз, бар-жоғымыз мынау ғана болып қалды!– деп Зарықбек ауын желпіп-желпіп қалды. Текесары түсін бұзып шамдана бақылдады.

– Айтқамыз ғой біз сендерге, киім жоқ деген соң, жоқ!...

– Бар!– дедім мен кесе сөйлеп, жүрелей қойдым. – Міне, сайманымыз ашылып қалып, жартысынан көбін маса жеп қойды. Киімін осының өзі-ақ тауып алады, ертең майдан штабына барамыз, айтпай кетті деме!

– Бірдеме қалды ма?– деп зыдауян запхозына күбір ете түсіп, отыра кетті.

– Басқа киім Чаңбуда[89] да қалмады, мен сұрағанмын!– деді зымиян ұры запхоз. Көйлек–штаннан бірнешеуін тауып бермек болған. Қыс жақындап қалды, жаздық киімнің енді қажеті де жоқ. Қыстық киім таратқанда сендерге толық әперелік, қайтыңдар! Майдан басшыларын мына қылықтарыңмен шамдандырып, жазаланып қаласыңдар! Ертең мен-ақ барайын!

Осы сөзді қайталап сарытеке де жұмсара маңыраған соң қайта бердік. Ертеңіне запхоз майдан штабына бармай-ақ Асылбек дазужаңды шақыртып алып, көйлек-штандарымызды жұмыс майданына жіберіп беріпті. Ал, жаздық бешпет-сымға дауымыз онан соң да өтпей қалды. «Көзірлеріміздің» масадан жарақатты болғандығынан ба екен, қаншалық өндіршектесе де арыздарын онан соң өткізе алмады.

Көреген тергеушім, саяси басшыға ондай қорқынышты «көзірлердің» көрінуі, біздің партияға қарсы мылтық шошайтқандығымыздың дәл өзі болып түскен шығар көзіңізге. Кешіре көріңіз, ол немелердің сондағы сол қылмысына басымыздың да, қолымыздың да қатысы жоқ. Өздері шығып, өздері көрінген болатын. Штансыз қалсақ-ақ сөйтіп құтырып кететіндері бар. Бүтін штанмен қазір кім қамдай алмақ оны. Енді тездетіп солардың өздерін жиып алмасаңыз, мұнан соң бізге де, сізге де бейғам өмір жоқ сияқты. Қылмыс қайнарларын құртпай қылмыс арылама бұ дүниеден!


VI

Үйден хат келмеді. Екі үйге менің жазған хаттарымның да бірі тимегені анық болды. Қайда кеткенімді білмейтіндіктерінен біреуінің мұнда іздеп келуі де мүмкін емес қой. Ал, қалпағымның не екендігін қасақана әлі де белгілемей, апат жаудырып жатқандарында қайтаруы мүмкін бе, кетуім керек! Қайда кетсем аман қалатындығымды, барған соң үй ішімен сөйлесіп, ақылдасып шешпеймін бе!.. Киім! Түс өзгерту! Азық! Жол расхот!...

Жатсам-тұрсам осы қаммен ғана болып қалып едім. Отын таситын бір қазақ жігіт ертең демалыс екендігін ұқтырылған бір кеште маған жеке күбірлеп қана шығып кетті: «бір досыңыздан хат келіпті. Ләтипаға тиген екен. Ертең дәл түсте жол ортадағы аласа шағылға келіп тосып тұрамын, алып қайтсын» депті. «Сәйдадан болса да Ләтипа арқылы маған бір хабар келген шығар» деген үмітпен біреудің бешпет-сымын сұрап кие сала айтқан уақытында жеттім сол шағылына. Майдан доқтырханасына баратын жолдың жағасында болатын. Сырт жағынан бір әйелдің дауысы естілді:

– Мұнда келіңіз!

Аңқалаң қағып жетіп барсам, Ләтипа апай емес, әдемі киінген тығыршықтай қызыл сары келіншек қолымнан тарта жөнелді бір шұңқырға қарай. Сұлу безеніп алған жортуылшы келіншегімнің дәл өзі. Аңтарыла қалдым.

– Тезірек, жолдан біреу көріп қоймасын!... Кешіріңіз Биған, бір сөйлесіп алайын деп алдап шақырттым, кешіріңіз! – Шұңқырға жайып қойған лаужяу шапанның үстіне отырғыза сала тәтті сөз, жұп-жұмсақ құшағымен орап кеп алды. – По, шәшіңіз ағарып кетіпті! ... Көңіл дегенді көтеріп жүрмесек мүлде түгесіп кетеміз ғой!– дегеннен басқа «ғашықтық құштарлықтары» құлағыма кірмей де қалыпты. Жастықтың өзіме таныс-бейтаныс жындары түгелімен қаптап, құрыштап ала жөнелді. Жауабым, «ал ендеше» ғана болды, бассалдым. Ес-ақылымның қайда кеткенін білмей де қалыппын...

Лезден соң сайқалдың бір өлімнен әрең қалғандай бейнемен қолтығымда жыламсырай алқынып жатқаны ғана көрінді. Атын да білмейтінмін есіме енді түсті.

– Айтпақтайын, атың кім еді?

– Атымды білмейді–мыш тағы, Тылла қыз емес пе! Екі жылдан бері күйігіңді тартып жүрсем, танымайтын бола қалыпты, шұм! – Иегімді тістеп кеп алды да ернім мен тамағымды аймалай жөнелді. – Бек апат екенсің, қорқып кеттім. Жанымды шығарып... үш жылдан асты, ұмытып кеткенмін мұны!...

Ақылымнан лезде тағы да адастым, сайрай жөнелді.... Есімді екінші рет жиған соң естілді бір талабы.

– Өзі мені әлі бір рет сүймейді тағы!– деді де ернімді тіпті қатты сүйді. Ләтипаның «мұндайларға жуыма, пәлесі тиеді!» дегені есіме енді түсіп, аузынан жүзімді тарта сұрадым.

– Жә, өзің не жеп семіргенсің осынша?

– Семірдің дейді тағы!... Шұм!... Осы бәдәнымда қанша семіздік бар! – Қызықты деген жерлерін бір-бірден ашып көрсете берді. – Міне, міне, осы артық па маған, міне!... Ақыры көріп болдың ғой, ауруы барма дейтін шығарсың, анықтап көріп ал!...

Әлия сияқты мұның да әйелдік физиологиямен қызықтырғаны болса керек, сөйтсе де бұл тіпті сөлекеттеу жайды жаймасын. Өзіме байланыс жасап жүрген «арландардың» аурудан сақтану үшін денесін түгел тексеріп, әбден әдеттендіріп қойғаны сезілді. Шімірікпейді. Өзі көрсеткен соң мен де зейін сала қарамаймын ба. Еш жерінен бұрынды-соңды дерт белгісі көрінбеді. Сыртына шыға қоймаған мерез сынды жасырын пәлесі болмаса, тап-таза, мұрсындай екен.

– Жазғытұрымғы ауруыңнан қалай жазылдың?... Ол ауру, дәрі, иә тамақпен ғана жазылмайтын «әйел ауруы» еді ғой?

– Ғашықтық дерті, сені көп ойлаудан ауырғанмын, айтқанмын ғой өзіңе!

– Мені ойлаудан ауырған болсаң, енді жазылмай, әлдеқашан «жазылып алыпсың» ғой?– деп күліп жібердім.

– Қалай жазылдың дейді тағы, сұм!– деп өзі де күлді де иегіме күшей жабысты. – Міне, міне!... Шегінен асқан сұмсың, құм тасып жүрген машинаның дөңгелегін атқаныңнан-ақ білгенмін!

– Үй, сол дөңгелекті мен атты деп жүрме едің?

– Білемін, мүсәпірлерді құтқарғансың жаным! Содан бастап садағаңыз болғым келген, міне енді жеттім!... Бірақ, бек қиын... өлтіріп қоятын ұқшайсыз! Осындағы бұрын үйленбеген жігіттердің де ешқайсысы сіздей емес екен!

– Бәсе, бәрін көріп болғамын деші! –«Ғашығыма» қарқылдап күлдім.

– Жоқ ей, мен ондай найсап емеспін. Бір ауданның имам хазіретінің қызымын. Үзбей намаз оқимын, жұма, басқа әйелдерден сұрап көріңіз!... «Ешқайсысы сіздей емес» дегенім, ешкім мені сізше... басынған емес. Оқыған адам болған соң сізден, келе сала мұндай зорлық істер деп күтпегенмін. Өзім ғашық болған соң не істесеңіз де әміріңіздемін ғой. Сіз емес, басқа бірі болса көрсетер едім!... Мұндай іс хиялымда да болмаған. Сізді мен мұндай харам ойын үшін емес, басқа бір сөз болып шақыртқанмын... Өмірлік халал некеңізде болайын, мені бір жаққа алып кетіңіз, өміріміз осы жерде өтіп кетпесін, қайда барсақ та жол расхотына жетерлік ақшамыз бар!

– Менің неше жыл күтіп жүріп алған әйелім бар, балам бар!

– Сіз күтіп жүріп алғаныңызбен ол әйел күтіп отыр деп ойламаңыз! Естуімше сіз оның қасында болмағаныңызға төрт жыл болып қалыпты. Жас әйел деген төрт жыл түгіл төрт күн де күте алмайды, бітіп кетті ол, басқадан бала тауып та алған шығар!

– Сен өздерің сияқты ойлама оны!... Дәл қазір менен шапалақ жейін демесең айтпа мұндай сөзді! – айқайлап жіберіппін. – Ол екеуіміз бір-бірімізге ғана табынамыз!..

– Ақырын сөйлеңіз, жаным дейін, ақырын!... Садағаң кетейін дедім ғой, жолдан өткен біреу естіп қоймасын! –Тылла қыз бұғып барып қыраттан баспалап, жолдың екі жағына да қарап келіп жалынды. – Ал, ұрыңыз жаным, ұрыңыз мені! Таяғыңыздан өлсем де арманым жоқ. Тек мені мұнан соң ауыртып қинамаңыз!... Осылай зорлап қосылып алып, тағы да көрінбей қойсаңыз... өлгенім – өлген! Яки жынды боп аузыма келгенді сөйлеп кетермін! – Үнсіз сазарып отырып қалыппын. Мойныма тағы да асылды. – Шұм!– деді сықылық қағып, бар күшімен жабысты. – Сіздің шапалағыңызға да ғашық екенмін!... Ұршы жаным, ұршы, аямашы!... Жаңағыдай басып-мыжып ұрсаңыз да ықтиярыңыз!.. Әр аптаның екінші, алтыншы күндері... жоқ, жоқ, үшінші күні түс уақытында осы жерден көрісіп тұрайық, мақұл ма?... Мақұл деші!

– Мақұл!– дей салдым. Әлгі жаңылысынан, оғанға дейін бұл пәледен құтылудың орайы барын сезбегендеймін. – Бірақ, әйелім жөнінде бұлай былжыраушы болма!– деп бетінен әдейі сүйіп қоштастым. – Аптаның үшінші күні дедің бе, екінші күні түсте келсем, болмай ма?

– Екінші күні келмеңіз, келмеңіз!... Өзім ол күні келе алмайды екенмін. Үшінші күні, яғни сәрсенбі күні түс уақытында дедім ғой, ұқтыңыз ба, басқа күні шаршап әуре болмаңыз!– ол да сүйгіштеп, менің жолымда өле тынысып айырылды.

«Қалай болса да мені мықтап жүгендеп алып, мойныма сонсоң мінбек сияқты. Қазір ақша көбейту қамында болса керек»– деген тұспалға келдім қайтып бара жатып. Мұндай әйелдер қазір тірі қалған лаужяулардың әлденген уақытынан пайдаланып, жанқалталарын қағып жүргенін естігенмін. Бұл салдақы осы саудамен екі қоянды бір оқпен атып, «оқымыстыға» тиіп алмақ. Өзі орта мектеп бітіріп, «феодал қызы» болғандықтан жоғары мектепке кіре алмай, иә қызмет таба алмай қалғандығынан қағынған...

Осы жын ойнағына өзі келме деген сейсембі күні түс уақытында қылмысының үстінен түсу үшін келсем, жоқ болып шықты. Расында да келмей қалған тәрізді. Сонда да қапысын осы жерден табамын деген сеніммен қайттым. Бұл шұңқыр басқа кезбелер келмейтін, соның өзінің ғана «сауда дүкені» екендігі іздерінен айқындалды: маңайы маған таныс біз өкше туфли мен басқа жалпақ табан шақайлардың ширына айналып алыпты.

Сәрсенбі күні түс уақытында «Құдай қосқан» өз өшіретіме келмеуіме болмай қалды: машина дөңгелегін жаруымның үстіне «зорлық» –басқыншылық қылмысына да кіріптар болып қалмадымба. Өзін басқалардан ұстап алғанымша осы қылмысымды бір пәтуә мен жеңілдете тұруым жөн көрінді.

Уағдаға бағынып дәл уақытында келсем де ыңғайына бағынбай – «зорлық істемей» қойдым. Өзі өктемдік істеп те көндіре алмады.

Мен әнеу күні қатты қателесіппін Тылла қыз,– деп күрсіндім. – Расында да әйелім мені күтпей бұзылып кетсе, сенімен үйленемін ғой. Сен де жақсы қыз екенсің, некеленгенше «харам» жолға жүрмейік. Мұнан соң сен де, мен де осылай, танысу қағидасымен ғана көрісіп тұралық! – Қалай толқыса да жауабым осы ереже болды. – Досыма жазған хатыма жауап келсін, не істейтінімізді сонсоң өзіңмен ақылдасамын!

– «Зорлық істедің» деп мен де қатты қателесіппін!– деп күле түрегелді «Тылла қыз». – Ондай сырымызды ешкімге айтпаймын ғой, расында зорлық істемегенсіз!... ендігі аптада, ие?... Егер келмей қалсаңыз...

Келмей қалсам қайтетіндігін айтпай еркелей бұртиғансып қана ескертіп қайтты. Есі-дертім осы сайқалды қылмыс үстінен нақтап ұстап, аузын мықтап жабуда қалды. Егессе Әлиядан кембе мұның әзәзілдігі. Ондай жала жаппай-ақ, «Үрімжіде үкімет автомобилінің дөңгелегін жарды. Мұнда келіп басқыншылық қып менің ішімді жарды, міне көріңдер!» деп тұрып алса бұлтарта ма бұл пәле!...

Мені тиған сембінің кешінде тағы жүгірдім жын ойнағына. Жақындай бергенде тапыр-тұпыр аяқ дыбысы естілді. Шағылға жетіп шыққанымша кетіп болыпты. Біреуі қараң қағып бұлт-бұлт жүгіріп, алыстап барады. Көрінбеу үшін отыра қалып бақыладым. Беталысы әйелдер әтіреті. Ол, Тылла қыздың өзі болғаны. Ал, мейманы қалай қашқанынан дерек табылмады. Маған анықталғаны, түндікке уағдаласқан «ғашығын» діл осы шағыл үстіне қабылдайтындығы ғана болды. Жазықтағы жалғыз төбеден маңайын түгел бақылап жатады екен де хауіп сезілсе-ақ жоғалады екен. Мұндай «стратегиялы» жерден қолға түсіру оңайма! Сіріңке шағып Тылла қыздың туфлиінің ізін анық таныдым. Бірақ бұл, көп жезөкшенің қайсысының ізі болып дәлелге симақ. Демалыс күндерінің бір кешінде өзінен бұрын келіп жасырынып жатып ұстамаса, шалма түсіретін киік емес екен.

Өзімен меншікті сәрсембі күні түстікке лажысыз тағы келдім. Ештеңе сезбегендей құшақтап қыса түстім. Құлқы мен қылықтарына таныса келе қатты жиренетін болғанымды сездірмеуге тырысқаным еді. Бірақ мұнымнан басқа нәтиже шықты: жыныстық сезімін қатты қытықтап қойыппын, әнеу күнгі қағидама көнбейтіндігін ашық білдіріп, тіпті жабыса шабуылдады ол. Солған көңілімнің «сопылығына» шамданды.

– Сіз менен басқа біреуін тауып алған ұқсайсыз! –деп күрсіне шытынды. – Менімен ойнамай осылай суытып, тастап кетпексіз!...

– Олай емес Тыллам, некеленбей тұрып зорлап, саған обалды іс істегім келмейді! Егер өз әйелім күтіп отырса, сен екеуіміз үйлене алмаймыз, бала бар ғой. Одан бір хабар келгенше сендей асыл затты қорламай-зорламай күтуім қажет!

– Оһо...о..й, зорласам обал болады дейді тағы! Ұмытқан нәрсемді есіме түсіріп үйретіп қойып!.. Енді қояйықшы сол сөзді! Бір қалжыңымды ұмытпапты тағы!... Сол зорлық болыпты-мыш!.. Маған обал болады-мыш, һы–һы....һы...

Тылла қыз бар өнерін салып құйқылжып, барлық антын айтып жалынып жатып, жындарымды өзі шақырып келтірді.

«Бұл сайқал шындап өштескенге дейін құтылып та болармын!»– дедім қайтып бара жатып. «Қайдасың Нұрияшым–Мақпалым! Жан серігім –ар серігім!...»

Қыс түссе де жұмыс ауырлай берді. Тағы да «зор секіру», тағы да тың ашу, тағы да «апат», тағы да ашаршылық... өндіріс әлемі бүтіндей керісіне секіргенін көріп-біліп отырып-ақ зорлап секіртуін қояр емес.

Көктемдегі мылтық кезенуінен ащы сықақ естіп, қорланып қалғандығынан ба екен, иә, тыңнан нұсқау келді ме екен, Мәт сопы, «ұстара біздің қолымызда» дейтінді тапты енді. «Даяужыңға қарсы сөз-әрекетте болғандарың мен қашқандарыңды енді аямаймыз», «астық гауһардың гауһары». «Бұл саясаттарымыз мәңгі өзгермейді» дейтін тақырыптармен тіпті сақылдай түсті. «Қыстық тәрбие» деп аталатын үйреніс әрекет осы «дұғаларымен» түн ортасына дейін созылды: іңірде группа бойынша «қуаңшылық апатын», «шужыңжуий»[90] мен «оңшыл оппортонизм» апаттарына қосақтап тілдеп-тілдеп аламыз да, ашаршылыққа тағы ұшыраған обалымызды солардың мойнына артып қойып сүмірейтіміз. «Төңкерісшіл» идеямыз ондай «кері төңкерісшілдер» алдында тізе бүкпек пе! «Тізе бүгушілік» те сондай үлкен апаттардың бірі. Егер жазатайымда тамаққа жарымағандығымызды әшкерелеп қойсақ, осы кері төңкерісші құл апаттың дәл өзі болып шығатындығымыз іс жүзінен көрініп болған. «Айына бақандай тоғыз килограм нормы түгіл бес кило жесек те шыдаймыз!» деп сендіреміз Мәт сопыны. «Кетпенімізбен жер серігін ұшырып жеңеміз апаттарды!», «биыл бар күшпен секіреміз, басып озамыз жаулардан!» – арбай қарап көпіретін Мәт сопыға осы антпен еріксіз ере көпіреміз. Түн ортасы бола бере аулаға шығып әтірет бойынша түгел тізілеміз де сол көбігімізді енді аспанға бүркеміз – ұрандаймыз-ай келіп. Жаулардың әрқайсысына «жолғалсынды» бір-бірден атып алып, көсемімізге «жасасынды» үш рет жаудырып жіберіп тараймыз. Құрсағымызда бақа шұрылдап, жылан жалаңдап, қасқыр ұлып, шулап-ысқырып кеткенін жасыру үшін аузымызды баса келіп бүк түсеміз орнымызға.

Осы қыстық үйренумен бірлестіріп кетпенді жақсы шапқандардың қалпағы алынатындығын тағы да жариялады. Тағы да жінікті лаужяулар. Былтырғы ашқан жеріміз тарлық еткендей айдаладағы бор басқан тағы да тың ашып, тоғам қазып, бұрқылдаттық та жаттық.

Басқа группадағылардан ашығып солушылар қайта көбейе бастады сөйтіп. Күздегі жиын-терімде көбірек ұрлай алмай қалғандары алдымен бүрісе бастады. Қоймасы молырақтары оның керісінше есіре түсті. Есіргендер секіргеннен секіріп, жезөкше әйелдерге қарап қарғуды көбейтті.

Бұлар қыс ішінде қалай құтырды деп жүрсем, «базар» арзандай қалыпты: жақын райондардағы халық та биыл қатты ашықққан екен. Айына төрт-бес юан болса да үкіметтен ақша шығып тұратын, кебек болса да момысы бар лаужяу майданы халық коммунасындағы әйелдерге жәннәттай көрінетін болыпты. Сол себептен қамаудағы жігіттерді аулайтын еркін жезөкшелер көбейіп, өзіміздің қалпақты жезөкшелеріміздің бағасын түсіріп жіберген екен. Бір жолығуын бір момы, немесе елу тиынға түсіріп күрт сындырыпты «саудаларын»:

Өз жезөкшемнің «дүкеніне» бір барғанымда сол ахуалды сұраймын деп үлкен пәлеге қала жаздадым: – Саудаларың күсет болмай қалды ғой деймін, ә?– бұл сұрағыма Тылла аңырғанси қарап, қызарақтай қалғанында, – бағаларың елу тиын, иә, бір момыға түсіпті ғой! –деп айқындай түсіппін.

– Оны қайдан естідіңіз?... Ол жала!... Оллаһи мен ондайда жоқпын, білмеймін!– дей сала шап ете түсті өзіме. – Ә...ә... енді білдім, өткен аптада келмей қалғаның сол екен да!... Тапқан екенсің да!– ышқынып жіберді. Мен, жұмыстың ауырлап кеткенін, ақтығымды айтып сендіре алмай қойдым. – Жоқ, жоқ, сенбеймін. Ондай бұзықтарға былғатпаймын сені, жібермеймін! –енді қайтайын деп отырғанымда қайта жабысты осы егеспен. Өз бәсекелестерінің «сепілісін», «қояншығын», «іріңін–шірік, сасығын», «қолаңсасын» қоймай сөйлеп келіп, олардың қонақтарының да «қотырын», «жарық–шартығын», «қарақапталын», «кәрілігін», тіпті күндестерінің әрқайсысында ондай «қотыр шалдардың» нешеуі бар екендігіне дейін жайып салды. – Сондайлармен кездескеніңізді естісем, мені естімей қалады екен демеңіз, сөзсіз арыз жазамын!– деп жібергенінде жүрегім тас төбеме бір-ақ шықты. Әлияның сиынатын пірісімен табысқанымды енді түсіндім. – Іздегеніңіздің бәрі өзімнен табылады жаным! –деп қамсыздандырды сонсоң. Мұндай «өнерлі ұстаз» көрмеппін, тәрбиеге белшемнен батырды. Осы дүниеге мұндай «жәннәт» орнап, мұндай «қор қыздары» пайда боларын кім ойлаған!...



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.