Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 39 страница



– «Өз қуған балығын ол да ұстапты» деген мөлшермен жүре беріппін!– деді мұрт, қайта қайрылып қарамапты.

Мәт сопы соны ести сала құлағынан ұстай алды. Су білетін бесеуімізге жол бастап баруға қосып берді. Сол қос төбені тауып барсақ та түн болып кеткендіктен айқайлап-айқайлап Тоқбайды таба алмай қайттық. Ертеңіне күн шығысымен группамыз бойынша қайта іздеп барып, сол жайылмадан ақынымыздың жамбасынан қырқылған жалғыз санын ғана таптық. Ақ шолақ штанының балағы шайнаған өткір тіспен етіне кіріп жабысып қалыпты. Басқа денесінен бір жапырағы да табылмады!...

Ол түскен судың шет жағындағы үш қадам жері таяз екен де төртінші қадамда құлама шұңқыр бар екен. Мен түсіп, тереңдігі екі жарым метр шамасында екендігін білдім. Ал содан алты–жеті метр алдыға жылжи алса таязға шығатыны да көрілді. Амал не, білмегеннің бәрі қатер!... Мұртты сапарласының екінші рет қарағанда көрген толқыны, малтау білмейтін Тоқбайдың жанталастағы толқыны болып анықталды: жергілікті халық лоқо деп атайтын жуан бас жайындар оны өлген соң тапқан. Таласып-жұлқыласып жүргендерінде үлкен біреуі қырқып жіберген сан, су бетіне қалқып шығып кеткенін байқамай, ұлы денеге таласып-тартысып ала жөнелген!...

Кішкентай шағымда мұндай тынық жайылма емес, алай-дүлей тасқыннан түйедей жындыны да алып шыққан едім ғой! Сол өнерімнің осы бір аяулы ақын досыма септігі тимей қалғаны жүрек бауырыма өрт қойғандай болды. «Қастың қастық жазасында балық пен бақаға да жем болғанымызды көрмеймісің, сұм дүние!» деп еңіреп жібердім де сол жайқынды жалпағынан басып жүзе жөнелдім. Күйік отымен оқтай атылып, сол жайылма көлдің бүйір-түкпірлерін түгел шарладым. Бауырыма басып қоштасуға бас сүйегі де табылмады. Айлана шарлап, күншығыс жақ шетімен қайтысымда шалқасынан сұлап жатқан ірі жайынның бірі көрінді.

Азуымды шақырлата жүзіп жетіп барғанымда сүңги жөнелді. Беталысына қарай қуып кеп бердім. Су бетіне қайта шыға бергенінде-ақ ашылып-жабылып тұрған айқұлағынан ала түстім де бас бармағымды езуінен салып, қоса бүрдім. Аузын денеме жеткізе алмай, құйрығымен қағып жіберді. Ұзындығы бір метрден көп аса қоймайтын, әрі шалажансар болғанымен мендей онның күші бар сияқты. Егер езуі мен айқұлағынан айқасқан саусақтарым айрылса, ұшып түсіп, өзім де жем болады екенмін. Құласам да айрылмай, қыса түстім. Қабуға ыңғайланып әлденеше ұмтылды. Арсиған азуларын көріп, жанталаса мытыдым. Езуі жыртылып, айқасқан саусақтарым шықшып сүйегін сықырлатқанда ғана жауси бастады.

Ертіс толқынын жарып өскен Еділбай да жетіп келген екен. Бірдемемен алысып жатқанымды көріпті. Жыңғыл түбінен сындырып алған екі қарыстай ғана шоқпарымен жайынның тас төбесінен сақ еткізді. Сылқ түсті жыртқыш. «Енді тұрса есін жиып алады» дей сала қыл шылбырмен ауыздықтап – тұмшалап, су бетімен сүйрей жөнелді. Жағаға жеткен соң Дәмелқан да келіп екеулеп шағыл төбесіне шығара сала жарды. Тоқбай денесінен ештеңе таба алмады қарнынан.

Сол егіз төбенің күн батыс жақ шекесінен пышақпен ұра қазып, Тоқбайдың санын көме сала еңіреп-боздап көрістік. Нәзір – шырағына осы жайынның өзін арнап апарып астық та әтіреттің кәрілерін жиып, мұсылмандық дәстүр бойынша бата оқыттық. Едел-жедел екі арысымыздан айрылдық сөйтіп.

Майдан басшылығы біздің ашқан жерімізге түгелімен күріш егуді бұйырыпты. Егу–өсіру азабы ең ауыры осы дақыл екендігі белгілі жер жыртылып болған соң метрден биігірек жуан қырлар соғып, суға лықа толтырдық. Ендігі жұмысымыз да тозағымыз да осы көлдің ішінде болды. Асықпай істе, тез істе – бәрі бір, кешке дейін қара саннан асатын лай ішіндеміз. Әлсіреген аш адамға одан қиын жаза да болмаса керек. Сор топырақтан жасалған қыр, сумен еріп-жайылып кетеді. Оны сұйық батпақпен қайта жамаймыз. Лай ішінде сүйреткі сүйреп, себілген күрішті батырамыз. Күн шыжғыра ысыған шақта да мақталы шапан мен жұмыстың ауырлығына қарамай тісіміз сақылдап, тоңып жүреміз...

Әнеу күнгі балық сорпасы әтіреттегі өлімді бір тиып, көбінің ісігін жеңілдетіп кетіп еді. Маңайдағы көк азық әтереттерінің еккені өніп – өсе бастағанда түн бойы соған барып «жайылып» қайтатындар сидаң қағып жүріп кетті.

Ал, қырсық та өлім де менің аяқ жағыма мықтап жабысты, айрылар емес. Суға түскеннен бастап кернеген ісік, сирағымды тіпті «семірте» түсті. Жейтін малын неғұрлым семіртіп жеуді жақсы көретін адамзаттың қулығы «Қазірейілге де» біткен ғой. Күріштің көлінде күн сайын жуарып, ауырлай берді аяғым. Ісік тіземе жеткенде іркілдеп, буыннан мүлде айрылдым. Сарытеке қыстағы өшін дәл осы шақта алуға кірісті. Жатақта дем алуға қалдырмай, өзі айдап апарып салды лайға. Группаластарым жабыла жалбарынып сұрап, рұқсат әпере алмады.

Соның екінші күні таңертең тағы айдағанында атыз қырынан адамша аса алмай, қоңызша барлық «аяғыммен» жабысып асып барып, лайға домалап түстім. Басымды жандәрмен көтеріп алғанымда батып кеткен аяғым қайта сурылмай қойды. Жығылып бара жатып, қырға қайта жабыстым. Сарытеке кеудемнен сақ еткізіп «сүзіп» кеп қалды. Сұйық лайға шалқамнан түстім. Жақын атыздардан қарап тұрған лаужяулар шу ете түсті. Қазақтар қазақша, ұйғырлар ұйғырша, хұйзулар хұйзуша шуласып дабырласып кетті. Мәт сопыдан басқа кадрлар да келіп, бастықтарына кадрша сыбырлап қайтты. Көзі ит көргендей ойнақтап кеткен сарытеке олардың да кей біріне бақылдап жіберіп қайтарды. «Тұр!»– деп ақырды маған. Қымырламадым. Аяқтарым түгіл, лайға батып алған құйрығымның да ырыққа көнбейтіндігі мәлім еді.

Бұл әтіреттегі аз ғана ханзулар мен хұйзулар күйлі болатын. Егін пысқанда қырманға да, кілеткеде солар ие болып келеді ғой. Бір жуан дүңген балдырлап келіп көтеріп алды мені. Екі қырдан асырып апарып, бір құрғақ қырға отырғызды. «Мына кадрларға қатты сөйлеп қойма, Мазыдауян саған демалыс бермей жұмыс істетуді Мәт сопыға тапсырды. Ол сөзінен қайтты.

Мәт сопы батпақ қырлардан әдемі етігін аяп әрең басып келді де төрт-бес метрдей жақындап келіп отырды маған. «Тәрбие беріп», істеуге көндірмек екен. Саясаттың ресми тілімен сөйлей берді, үн қатпадым. – «Бекер жайылдық қып жазалана берме, осы жұмыс біткенше жақсы істеп, кеңшілік ал!»– деді соңында. – «Мақұл ма, тұр орныңнан!»

Мен қазір тұра алмайтын болып қалғанымды айтып, аяғымды көрсетіп едім, ақыра жөнелді де бұрынғы заманның томардай ебедейсіз шойын мылтығын суырып алды қойнынан. Өзінің кеудесін төтенше жуан көрсетіп жүрген кереметі осынысы екен. Мен тағы да жуас үнмен жұмысқа жалқаулығым да, «жәйілдігім» де жоқ екендігін, тек мағдырымның қалмағандығынан ғана осы қорлыққа лажсыз шыдап отырғанымды айта бергенімде «тәлім-тәрбие гансының» дауысы сақ ете түсті, мылтығының шақпағын қайыра кезеніп сұрады.

– Жұмыс істеймісің, істемеймісің?

Мен енді ызамен ашық қомсына қарап жымидым:

– Гансы, сіз мені осы көлдің үйрегі екен деп қалыңыз ба?... Иә, қорқытып көндіретін кішкене бала деп танисыз ба? – Баса киіліп, лаймен жабысып қалған қыстық малақайымды жұлып алдым басымнан. Аппақ болған шашымды нұсқап көрсете сөйледім. – Мынаны не көрмеген бас деп ойлайсыз?... Өзіңізге абырой керек шығар, бұл көсеуіңізді орнына салып қойыңыз, ата алмайтындығыңызды мен түгіл өзіңіз де білесіз ғой, тәп-тәуір инаваты бар кадрымызсыз, мұндай ойыншыққа менің қайтаратын жауабымды басқалар естімесін, бұл немеңізді көрсетпей ғана орнына, сала қойыңыз!... Бұл заманда осы да жанмылтық па!... Абыройыңызды аяп айтып отырмын, масқара боп қаласыз!... Ып-рас!...

Арс ете түсердей айбармен төнген Мәт сопының мылтығы, қорққан күшікше бұғып барып сүңгіді ініне. Зор іс бітіргендей жан-жағына дандайсып қараған гансы Асылбекті шақырды. Менің кетпенімді ала келуге бұйырды.

– Анау шеттегі арықтың су жүрмеген жеріне барып істе!– деп сонда да қатал үнмен шығарды «үкімімді». – Істей алмасаң да отырып қалма, басқалардың белсенділігіне әсерің тисе қатал жазаға тартыласың!...

Кетпенімді әрең көтеріп келген Асылбекке бірдемені күбірледі де қолтығымнан сүйемелдетіп, шығыс шеттегі құрғақ арықты жөндеуге жіберді.

– Гансының «маузерін» көсеуге теңедіңіз бе?– деп күлген Асылбек бір қырдан сүйеп өткізе бергенінде жығылдым да ең шеткі қырдан қоңызша домалап өттім. – Анда-санда қымырлаған болып қойып кетпенге сүйеніп тұрыңыз!.. Штаптың арғы бұрышынан сығалап тұрған теке сарыны көрдіңіз бе?– дей сала қайтты көліне.

Құрғақ жерде кетпенген сүйеніп тұрсам да, арықтың қасына сүйеніп отырсам да шым-шым, жыбыр-жыбыр етіп ісік кеулеп, ажал жылжып келеді. Біліп отырмын, жүрекке бармақ та, шағылға шығармақ. Лопнор күннің тымырық – шағырмақ, өткір ыстығы аяқ жағымнан сезілгенді қойды. Тіпті, аяз айдап тұрғандай тітіркендіріп тоңдыра берді. Әрине күннің емес, ажалдың аязы екендігі белгілі. Сөйтсе де тамырым дұп-дұрыс соғып тұр. Жүрегімнің қимылы қазірше қалпында екен.

Түс уақытында Қапас әкеліп берген құрғақ мақалы шапан-сымды киген соң күйреуік үлесімді жеп, ұйықтап қалыппын. Ұзын ақ көйлегін киген Мақпал қарсы алдыма келіп тұра қалды. «Биған, сен онда бар ма! Істеймін деген үлкен ісің бар еді ғой жаным, ұмыттың ба соны!» дей бергенінде «барма құлыным, барма!» деп, ар жағынан шешемнің дауысы естілді. Оянып кетсем де сол түске жауап бере, құшақ жая ұмтылдым: «по, сағындырдыңдар ғой, келші нұрым, келші!»– орнымнан жеп-жеңіл түрегеліп жүріп кетіппін. – «Мақұл бармайын апатай, өзің де кетпей тоса тұршы!»– еңіреп жібердім. Құшағыма ілінген ешқайсысы жоқ!... Суға барып, бетімді жуа отырып қарасам, жүзім де ісіп кеткен екен.

Ертеңіне таңертең сарытекенің орнына Мәт сопы келіп, жатаққа қалдырмай тағы да айдай жөнелді. Бет-аузым кешегіден де қорқынышты. Аяғым тіпті ауырлап, буындарым икемге келер емес. Тізе буыным кілтілдеп, енді сыртына қарай бүгілуді шығарды. Сыртына қайрылып кетсе қазір-ақ біткенім ғой, отыра қалдым да Мәт сопыға соны айтып, артынан жетуге рұқсат алып қалдым. Кешегі арық бойына бір сағат кейін жетіп жығылғаныма сарытеке делдиіп алыстан қарап тұр екен. Ұйықтап кетіппін. Тағы да түс көрдім.

Иен бір кер жотадағы жалғыз тамның есігіне жеткен екенмін. Кіріп барсам, төрді тұтас алған сәкіде ұзынынан сұлап ақ жамылған ұзын біреу жатыр. «Адам пайғамбар» деді екі жағымнан екі адам, Дәмелқан мен Қапас көрінді екі босағадан. Өңімде өзім сенбейтін адам пайғамбарға түсімде иіліп тұрып сәлем бердім. Сәкіге шыға сала жүгініп, жамылшынан шығып жатқан бір қолын қос қолдап ұстап сөйлеп кеттім. Сөзім ап-анық, керемет бір шешендік тапқандай, ағыза жөнелдім арызымды: «адамзат, ақ-қарасы жоқ түгелімен сіздің ұрпағыңыз екен баба, басқа жануарлардан ерекше ақыл-парасат, қабілетімен дүниенің ерекше қожайынына айналыпты. Сенің де анаң болған жершарын қаптай өрбіпті. Әлемнің басқа байлығы, еңбек жемісі жетпейтіндей осы анаңның емшегін тістеп жұлып, қандала, бүрге, битше қанын сорып, қолқасын суырып, қасқырша талап, айдағарша ойып жатыр! Оған да тоймай күштісі күшсізін, тістісі тіссізін жеуді кәсіп етті! Қорқауы қанағатшылын, алдамкөсі әділеттісін, көз алдындағыны оба беретін ашкөздері келешегін ойлай алатындарын жеудің амалын көбейтті! Түрлі түспен, түрлі саясатпен, сайтан сайқалдықпен келіп, бірінен-бірі асып, бәсекелесіп қырғындауды шығарды! Пайғамбар баба, осындай азғындар болып қалды сенің тақ басар ұрпағың! Осындай озбырларыңа бата беріп талататындай, өзіңді пайғамбар етіп туған анаңда қаншалық кегің бар еді, осыны түсіндірші!... Ей пайғамбар баба, «хайуан – мақұлық емес, адам ұрпағымыз, адамдық қасиетпен жасаймыз» деп атыңды қастерлейтін мына қалың бейуаз ұрпағыңда не кегің бар еді!... Әлде өгей ме едік, айтыңызшы шындығыңызды!... Өгей болсақ, құр тұлыпқа мөңіремей, өз жөнімізді тауып адамзаттықтан біз-ақ шығып кетелік те өзімізге лайық басқа атпен аталатын болалық!.. Барлық жабайы жыртқыштан да жыртқыш тағыға айналып, адамбыз деуден намыстандыратын болды ғой мыналарың! Неліктен осыншалық үстем етіп қалдырдың осы қанды ауыздарыңды?...».

«Адам атаның» жере жебіріне жетіп сөйлей беріппін, жылай беріппін. Өстіп жатып оянып кеттім. Көзімнен аққан жас малақайымнан сорғалап, мойныма құйылып жатыр екен. Өңімде мұндай пайғамбарлық көзқарасқа қарсылығым бойынша таңырқап отырып қалыппын. «Қалай, қайдан пайда болған түс бұл?...»

Арыз тыңдарлық әділет төрешісін өңінде таба алмай күйзелген бейшара сананың түсінде аңыздағы «пайғамбар бабасын» тауып шағынғаны ма?... Бұл өмірдің ұзағанда енді екі-ақ күндік қонағы болып отырып, жан – сезімнің бұл сырын тереңдете ойлай алатындай нем қалды менің!... Шешем мен Мақпал, Асқарларға ақтық хат жазып қалдырудың жөнін ойластырдым.

Арт жағымнан аяқ сыбдыры естілгенге жалт қарасам, қалтылдап Асылбек келе жатыр екен. Жатаққа қайтып демалуыма рұқсат алып келіпті. Төрт аяқтап түрегелдім де тойған қазыша мамырлап жүре бердім. Алдымнан малақай бауын менше шарт байлап алып талтаңдап бара жатқан бір дәу көрінді. Мақталы шапаны мен сымы айрылып кетердей тырсиып керіліп алыпты. Кім екенін айыра алмай келе жатқанымда өзі тұла бойымен қабанша бұрылып қарап тұра қалды. Дәу болғанда да әлгі тоғайдағы «оранқұтаннан» да дәу. Жақындап келіп үңілдім. Көзі мен аузы түгіл мұрны да табылмайтындай, доп-домалақ, теп-тегіс болып кеткен қараторы жүзінің терісі де жыртылардай керіліпті. Мүлде танылмады. Ол мені әлде не белгімнен танып тұр екен:

– Осылай болып қалдым Биға!–деп өксіп-өксіп қалғанында дауысынан ғана таныдым, Шәйзада екен. Маған шағынып жылағандықтан өзімді де шағыну сезімі билеп кеттік. Іркіле қалған көз жасымды көрсетпей төмен қарап жүре бердім. Ол қатарласа талтаңдады. Аға тұтып, ақыл күтетін уыз жастың босаған көңілін бекіту үшін бірдеме айтуға ернімнің икімі келмей қисая берді.

– Ештеңе етпес! Жазыларсың!– дегенді әрең айта алдым. Үнім қалтырап, аузым ойнақтап кеткендей сезілді.

– Мен енді жазыла алмаймын!– Еңіреп жіберді Шәйзада. Орта жолдағы бір төмпешікке ентіге жетіп, қатар шоңқидық. Әлемтапырық бетімізбен бір-бірімізге баға алмай, екеуіміз екі жаққа қарап алдық. Ол ашық жылап жалғастырды арыздасуын. – Әке-шешем кәрі еді, менің күйігімнен олар да өледі ғой, оқыған, үміт күтетін аяулысы мен едім! – Шәйзада тіпті егіліп, сөзге аузы келмей біраз кідіріп барып жалғастырды. Ағасы мен інісінің аттары мен әдрестерін әрең айтты. – Соларға хат жазып... сүйегімнің қай төбеде қалғанын... анықтап хабарлап қоюды ұмыта көрмеңіз!

Менің ойымда да осындай тапсырма болғанымен айта алмадым. Жылап отырғанымды біліп қойса онан сайын босайды ғой. «мұндай күйрек ойға берілмеуін, өлім дегенге мойындамауын» қысқа-қысқа айтып, жігер-қайратқа шақырған болдым да теріс қараған қалпымда жерді қос қолдап тірей түрегелдім.

– Тезірек жүрелік, емдеу үйінің есігі ашылыпты. Доқтырлардан біреуі келген сияқты!...

Маймаңдап басып әрең жеттік. Сарытеке едірейе қарап, біз кірген есіктен шыға жөнелді де бейтаныс дәрігер түп үйдің есігінен атымызды сұрады. Менің алақаныма аспириннен бес-алты түйірін салып қайтарды да Шәйзаданы алып қалды. Жатағыма қайтып бара жатып тастай салдым берген дәрісін. Орныма келіп жатысыммен тыңырақ ауруынан екі ханзу лаужяу кіріп, Шәйзаданың төсек-орнын сұрап, көрпе–жастығын алып кетті. Осы екеуімен бірге Шәйзаданың ауруханаға кеткенін кешінде естідім.

Маған түн ортасында жас күшіктің тасағындай сәбізден бір дорба келді. Жарымын жеп-ап ұйықтадым. Кісіге ертең күндіз де керек қой. Келесі түннің қараңғысында болмаса, күндіз қай батыр әкеле алмақ!

Ертеңіне лаужяулар жұмысқа айдалып, әтірет жатақтары иен қалған шақта Қарақұрбан аталған семіз қара лоптық асыға жүгіріп кірді жер үйге. Жүгіріп кіруінен жасырын келгені байқалды. «Бәсе, ауырған сіз екенсіз ғой Биғабіл әфәнді. Қашан жатып қалғансыз?»– деп жайымды сұрай сала, қазір ақшаға мал келмейтіндігін айтып, малшыларға өтімді киім сұрады. Өзі Көнші[84] қалашығының атақты алыпсатары екенін, алып-сату қылмысымен лаужяу болғанын естігенмін. Ал, бұл қылмысын осы майданда қайталаудан күреске тартылып, режимде жүрген болатын.

– Кадрлар біліп қалса, өзіңізге жаза келмей ме, мүсәдіраланбайсыз ба?[85]– деп сұрағаныма күле жауап берді.

– Мені Абыла дүйжаң жіберді: «осы гамыда[86] бір жақсы адам ауырып жатыр, соған бір қой әкеліп, өзің сақтап толық жегіз, мүсәдірадан мен қорғаймын, менікі деймін. Мына ауруды өлімнен құтқарып, қатарға қосуға сен міндетті бол!» деді. Абыла бұрын Үрімжідегі бір қазына орнының сақшысы болған. Сыртыңыздан толық біледі екен. Көп адам аяйтын азамат екенсіз, сізге арамдық істемеймін, сеніңіз!...

Іші мен сырты екі түрлі пальто ретінде киілетін жаңа плашымды суырып бере салдым. «Қазір бұған ең семіз қой келетіндігін» қуана айтып шыға жөнелді Құрбан... Ертеңіне дәл сол уақытта келіп, қой әкелгенін хабарлады да екі сағаттан соң өзінің шөп күркесіне баруымды тапсырды. Егіндіктің күн батыс жағын қорғайтын оңаша күрке жасап алып, сонда тұратын. Айтқан уақытында екі жауымнан ғана жасырынып жеттім.

Майын ерітіп бір шелектік қыш бөшкені лықа толтырыпты да қатыру үшін суға қойыпты. Еттің сүбесінен өлшеп, төрт килосын асып қойған екен. Бір дасы майлы сорпасына тонардың екі ақ нанын шылап, алдымен жегізді. Аштықтың «кендірі кесілген» дейтін сатысына бұл ат бекер қойылмаған екен. Қарнымның өзінен әлдеқайда үлкен ыдыстағы майға бөккен нан жұмырыма жұқ та болмады. Сол дасты үйме қып толтырып, аппақ майлы еті келгенде ғана терлей бастадым. Асай келе денемнен шүмектеген тер мен қосылып, әлдене мұрнымнан да кетіп жатты. Онымен ісім болған жоқ, екі қолдап асадым. «Сіз тез жазылады екенсіз. Алғашқы ретте зорлап болса да осылай көп жеу жақсы!»– деп разы болған Құрбан, бұрын мұндай майлы еттен қанша жей алатынымды сұрап, «зорланғанда жарты кило» дегенімде күрсініп жіберді. «Тәжірибеге қарағанда өлуіңізге бір күн ғана қалған екен. Енді барыңыз да ұйықтаңыз, үш күнге дейін ішіңіз бұзылмайды» деп қайтарды. Жатаққа жеткенде тағы да тамақ жегім келді. Біреу әкеліп бас жағыма қойған күйреуік момыны да қылғып алып ұйықтадым.

Күн бата ояныппын. Қыш бөшкедегі май бас жағымдағы қамыс арасына келіп орнығып, өзімнің балшық шапанымды жамыла қойыпты. Жұмыстағылар қайту алдында Құрбан тағы да бір мескей сорпа мен етті әкеліп, «бір кило ғана, қазір жеп жібер!» деп бұйырды. Басқа ағайындарға ауыз тигізейтін дегеніме көнбеді. «Жауапкерлік менде, жеп жібер!» деп тағы бұйырды. «Жеп жібердім». Құрбан, сол бұйрығы орындалған соң ғана қайтты.

Далаға бұрынғымнан сәл ширағырақ шығып едім. Жұмыстағылармен бірге қайтқан Абыла дүйжаң өтіп бара жатып көзінің қиығымен ғана қарады да танымасқа салып өте берді. Сирағымның жуандығына қарап түксиді. Ол, бұрын осы қыстауда қырылған әтіреттің дүйжаңы екен. Қазір қоспа әтіреттің орынбасар бастығы. Көп кіріспей, сырттап қана істеп жүрген болатын.

Еттің ықтияры өзімде болмағандықтан жолдастарыма май үлестіріп едім. Алғашқы бергенімді үнсіз қабылдасты да ертеңіндегі үлестіруіме түгел қарсы шықты. Әсіресе Дәмелқан мен Қапас менің «шағылға шығып кетуге» бұл жолы өшіретті бұрынырақ ала қойған себебімді талдап, қатал тізгіндеді.

Тойғандығым үш күннен соң білінді. Ішімнен ыңғай май ақты. Жеуді азайтып, өзімді-өзім тежей түстім. Денемдегі ісіктің азая бастағанынан сол маймен бірге ағып кетіп жатырма десем, шатыма жиналып жатыпты. Қол-аяғым шидей, мойным қылдай, арсиып қабырға, омыртқам ғана қалғанда шатымдағы ісік нәсілді сиырдың желініндей боп тырсия түсті. Бұқаның умасының да мұндай алыбын көрмегенмін. Екі пұтым екі жаққа кетіп талтаңдап жүре алмай қалғандығымнан сыртқа екі балдақпен шығатын болдым. «Осы ісік қайтқанда ғана толық жазыласың» деп қойып, мескеймен тамағымды таси берді Құрбан.

Сорпалануыма апта толғанда ажалдың зым-зия қашып жоғалғаны сезілді. Бірақ, құйрығымның қуысы аюдың апанындай үңірейіп қалыпты. Мұның осыншалық қорқынышты емес екендігіне, ісімей қалқақтап сау жүрген жолдастарымның құйрықтарын дәретте отырғандарында көріп барып сендім. Қазіргі ең сау дегендеріміздің бәрінікі де менікі сияқты апан екен. Қаздаң қағып мен де жүріп кеттім. Буын дегенің серппедей ыршытты. Енді сол қуысты тездетіп толтырмаса, ажал қайта келіп ұялай қоюы кәдік қой.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.