|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 38 страница– Бауырыңыздың ауырғаны сезіле ме?.. Асқазаныңызшы? – Жүрегімнен басқа ешқай жерімде ауру жоқ!–деп күліп жіберді. – Жүрегіңіз қалай ауырады? – Қойыңызшы, қалжыңдап тұрсыз!... Тұрған әтіретіңіз жап-жақын екен, ертең сембі ғой, кешінде мына сәйліктің арғы шетіне келіңіз, мен сізге бәрін айтып берейін, айтатыным көп!– осыны айта сала жүріп кетті. – Мен аурумын, түнді қойып, күндіз де келе алмаймын! – Келмесеңіз болмайды, әлгі түндерде құм тасып жүргенімізде... Сізге ұқтыра алмай қалған бек қажетті бір мәселе де бар! – Онда не мәселе бар еді?– деп сұрасам да автомобиль дөңгелегі жөнінен қауіптене қалдым. – Жазылған соң көріспеймін десеңізде көріспей қоймаспын!– деген сөз бұйданы таба қойдым сөйтіп.. Бұл пәлені алдай тұрудың қажеттігін сезе қайттым. Ләтипа майданның шетінен тосып тұр екен. Бір байлам конверт пен қағаз ұстата салып күбірледі. – Осы жас әйелдердің бәрі де ауру екендігін айтып па едім сізге?... Бұрын қағынған әйелдер ғой. Лаужяу болып ерден шектелген соң... Қазір тіпті қиын, түгел әйел ауруына шалықты. Нерв жүйелері түгел бұзылып, өздерін ұстай алмайтын есалаң болып барады. Жақын жүрмеңіз, пәле тауып береді! – «Әйел ауруы» дегеніңіз осылай ма? – Осылай, тезірек ерге тиіп алмаса, сүзіліп әлссіреп барып, тіпті қиын ауруға айналады, мүлде мәжін болып кететіндері де бар!... Мақпалымның халі шәншудей қадалды бүйірімнен, жаным қатты ашыды. «Әке, әке, жүй–жүй!» деп Асқардың шырқыраған дауысы да естілгендей болды. Түйіліп, түсім бұзылып кеткен сияқты, Ләтипа бұл жайымды түсіне қалыпты. Маған мүлде бейтаныс бұл аурудың жайын жалғастыра түсінік айтты. – Әлеуметтік мұрат – тілегі бар, оқыған – білімді әйел мұндай ауруға шалықпайды. Мәселе нәпсіде. Мұндай ахуалда жыныс нәпсісін мүлде тиып тастау қажет! Ал, мына әйелдерде еркектен басқа ой жоқ. Күндіз-түні соны ойлап жүріп, жыныс сезімін басына ми орнына шығарып алған!–апайымның бұл сөзіне күліп жібердім. – Мақпалыңызды... мына жолдастарыңыздан естігенмін... бұл мәжіндерге салыстыра көрмеңіз, ол бұлардан бүтіндей басқа әйел! – Рахмет Ләтипа аппай, сізбен танысқалы көп көмекке, зор сүйенішке ие болдым. Орныма барып отыра қалып, конверт пен қағазды әр әтіретке бөліп тараттым да өз әтіретіміздің арызын Асылбек дазужаңға, ұйғыр тілінде жаздырдым. Бір құлағымыз үлкен бастықтың лекциясында болды. Майдан бастығының бағанағы жиын ашу сөзін құптай сөйледі үлкен бастық. Бізді жерлеп-жебірлей түсті. Жалғыз-ақ парқы, майдан бастығы атаған апаттарға тағы бір «үлкен апатты» қосуынан ғана көрінді: «біздің осы жетістіктерімізді көре алмай кейбір дос еліміз бізге шабуылға өте бастады»– деп, атын атамай ғана қосты. – «Жаратылыстығы бар, жасандысы бар қат-қабат апаттарға ұшырап жатқанымызда қаскүнемдікпен бұрынғы берген қарызын сұрады!»– дегенінен бұл «апатының» Совет одағы екенін түсіндік. – «Осындай дос, дос па! Отаншылдықпен ойлап көрелікші мұның не екендігін. Жығылған үстіне жұдырық, бізді түгел қырмақ болғаны емес пе!»– деп шекшие түсті бізге. Нағыз апаттарыңды танып алыңдар дегені екенін ұғып, өзіне біз де шекшие қарадық. «Отаншылдық» дегеннің өзі, қазіргі сатыда социолизм лагеріне қарсы ашық ұлтшылдық еді. «Пұтты былғаған жұртты былғайды, мынау, өз елінің ғана апаты емес, енді бүкіл социализм лагерін ыдыратушы апатқа айналды» деп тыжырындым. Ұлық енді ғылымилықтан мүлде аулақ қара күшке басты: «мейлі, жер жүзі жиянгерлігіне қосылып атқыласа да біздің бір тал түгіміз қисаймайды!»– деп күржиді. – «Арба дөңгелегіне жабысқан тәуетше жәншіліп қана қала береді, бітті, біздің даму жолымызды ешкім бөгей алмақ емес!...» Лекция осымен тоқтады. «Мұнан да зорырақ секіріп ілгерілеудің», «кең байтақ, даламызды егінге толдырып, шабуылқор жау қолдарын кетпенімізбен қырқудың» қуаттама сөздері сөйленді. Аспанға ақырған ұрда жық ұрандар керілген кеңірдектерден атқылақтай жөнелді соңында. Лагер қызметкерлері мен әскерлер осылай қақшиып, зор жиынның кеудесін көтеруге алпарысқанда біз осы жыланның шалажансар денесінше жыбырлап қана жатқандаймыз. Айқайлап дауыс қосқан ешкіміміз жоқ. Арыздарымыз қолдан-қолға өтіп, Үрімжіден келген кадрлардың қолдарына осы шақта тиіп жатты. Ханзу әтіреттері де жазған екен. Үдере түрегеліп майдан шетіне тізілуге беттегенімізде жортуылшы келіншек жанаса өтіп, менің бұрынғы бір қылмысымды есіме түсіргісі келгендей мықынымнан шымшып кеп алды. «Ертең кел, мақұл ма?» деп күбірлей қадалды да, «аурудан жазылған соң!» деген жауабымды ести сала зытты. «Қашан жазыларсың» дей алмай қашқан себебі, соңынан Ләтипа жетіп қалған екен. «Қасқыр қуып жүрсіз бе?» дегеніме Ләтипа күле қоштасты: «жиынның түрін көрдің ғой Биғаш, әйтеуір зорығудан сақтан!» деп айрылысты. Автомобиль дөңгелегінің пәлесі тұрғанда мына жабысқақтан тап-таза құтылуым қиын екендігі ойыма орала берді. Басқа құрғақ жалалар осынша жабысқанда бұл күйе пәле қалай жабыспасын. Көп мәселені өзінен сұрап, сездіріп қойғанмын ғой!... Әтіретке кештетіп әрең жеткенімізге қарамай, «сары теке» таң бозынан бақылдап Даяужыңын төмпешік, төбелерді шапқызып тегістетуге кірісті. Былтыр жаздан бері екі жердегі саздықтан сорғытқыш тоған қаздырып, бірін де бітіре алмай қалған соң бізге лайық жазаны осы жерден тауыпты. Шоқат-шоқат төбелі-жыралы, сойқанды-сорлы қағырдан егістік жер ашқызып, мол өнімге ие бола қоймақ екен. «Бұл жерде қамыс аз, егін шөптер азабынан құтыласыңдар!» деп жарылқайды өзі. Ешқайсымызды қиық көзінен қиыс қалдырмау үшін топтап, төбемізден төніп тұрып, демалдырмай кетпендетті төбелерді. Сор тозаңы өкпемізді қауып, тынысымызды буды. Сәл тұрып қалған біреуімізді көрсе, төбеден секіріп түсіп тепкілейді. «Даяужыңды түсінемісің!» деп қалшылдай тепкілейді. Аштығымызға қосылған мына қатегездік, қасапшылықтың «зор секіруі» болып көрінді. Бірер күннен соң-ақ қайта шоңқидық. Өлекселер таяқтан қорқудан тағы қалды. Үш күннен соң ісіп-кеуіп қайта жығыла бастады. Біреуі арт жағымыздағы биік шағылға шығарылып тасталған соң ғана тоқтады бақылдау. Сарытеке шынына енді келіп маңырап жіберіп жиын ашты. «Басқа әтіреттер жер жыртуға кірісіп кетті. Тракторлар күндіз-түні гүрілдеп, қопарып жатқанын естімейсіңдер ме!... Біздің жеріміз әлі тегістеліп болмаса, олар бізге келгенде не бетімізді айтпақпыз!... Енді ояныңдар, пікірлеріңді айтыңдаршы қане, қайтуымыз керек?... Майданымыздың биылғы егін жоспары тіпті зор. Барлық мақсат сендерді тойғызу үшін!... Еңбектеріңді мұнан соң әр күні бағалап отырамыз. Егін егіп болысымызбен жақсы істегендердің қалпағын алып, қайтарамыз, ұқтыңдар ма?... Әке-шешелерің, бала-шағаларың төрт көзбен жолдарыңа қарап отырғанын бізде түсінеміз, ұқтыңдарма?... Ертеңнен бастап төбелерді әр группаның адамы санына қарап бөліп берелік, үш күнде бітіріңдер!...» Біздің Жансебілдер әлі тыңырақ еді. Қайтудан өшкен үмітіміз қайта жылтырай қалған соң бар қауқарымызды жия шапқыладық. Құм мен бор басқа арналған жуан кетпендеріміз жарқылдай жөнелді. Сағи мен Шәйзада, Қапастар бір-бір шағылды жеке-жеке міндеттеріне алып қопарды. Толтыруға тиісті ор мен оймауыттарға кетпенмен төте лақтырды. Сөйтіп, бұл міндетімізді бесінші күні бітіріп, екі күн кейін қалсақ та «жасанды серік ұшырған группа» аталып шыға бердік. Басқа группалар бірден-екіден «құрбандық шалса да» міндеттерінің жарымын бітіре алмап еді. Теке сары оларға бақылдап-бақылдап алып, бізге бір күн демалыс берді. Аштықтан ұйықтай алмасам да сол демалыс күні сәскеде түрегеліп, сыртқа шолақ штанмен ғана шығуға беттедім де, ырсиып сүйегі ғана қалған сиқымнан ұялып, шапан жамылып шықтым. Шидей боп қалған сирағым бұраңдап, бүктетіліп, жер үй баспалдағынан әрең көтеріп шығарды. Аяғымды ептеп қана басып, үйілген отынның сыртына өттім. Март соңында-ақ жалындап ыси бастаған сәскенің сары күннің өтінде ұзын күпісі мен елтірі тымағын баса киіп, Сағи тұр екен. Арқасынан көрінді. Менің шыққанымды сезбей қалыпты. Ұзын денесі бүктетіліп, бірдемені айдаһарша құныға сорып тұр. Ғажаптанарлық сұмдық елестеді көзіме. Қиырлап алдына қарай өтіп байқамақ болдым. Елестегені емес, анық көрген екенмін, Сағи тіс жуатын қоймалжың парашокты қапшығынан сорып жұтып тұрыпты. Сығымдап жілік майынша сорғанын көрдім де, байқамаған бейнемен сырт айланып жүре бердім. Тура қарауға бетім шыдамады. Ту сыртынан біреудің келгенін сезседе, көріп қойғанымды сезбепті. Ол да сырт айланып, сол «жілігін» сора берді. Жылай кірдім жер үйге. «Ағаларым аман қалса екен деп бізді аяп жүріп алдымен кетті-ау қайран азаматым!» деген сөз алқымымды бүлкілдетіп, өкси жыладым. – Не болды Биға?... Не болды, үй жағыңнан хат келді ме? – Үңіле сұрады бірнешеуі. – Жоқ! – Жаман түс көрдің бе? – Жоқ!.. «Нарымыз сабын жеп тұр!– деуге, Сағидың қасиетіне дақ түсіргім келмеді, жасырдым. Жасырған сайын төгілді көз жасым. Екі күннен бері ісігі қайта өрлегендіктен жатақ жұмысынан Сағиды шектеп қойғанбыз. Орнына тыңырағынан төртеуі түскен. Қазір екі шелек су көтеретін жігітіміз қалмауға айналып еді. Капустаның сары жапырақ сорпасы мен күйреуік момымызды Шәйзада мен Заырықбек әкеліп үлестірді. Өзіме тиісті момыны, босағадағы орнына келіп қисая кеткен Сағиға апарып ұсынып едім, басын жалғыз-ақ шайқады. – Өзің же аға, өзің же! – Мен бүгін тоқпын, таңға жақын асханадан ептегенмін, мә, же! – Заман мен Еділбай ептей алмай жүргенде, мұныңызға кім сенбек, өзің же! Сыбағамның жарымын сындырып, ыдысына тастай қойдым да, қарап отырған Дәмелқанға ым қақтым. Жас боздаққа ажал төнгенін, менің бұл әрекетімнен біліп болған екен. Ол да момысының жарымын сындырып әкеліп зорлап алғызды. Қайтып кеп отырып қарай берді маған. Енді мені аяп отырған сияқты, жасаурай қалды көзі. Жарты момы мен бір аяқ жапырақ суын жұта салып түрегелдім. Егес пе, ызадан ба, буыным қатая қалыпты. Термен ыршып, сормен сірескен жұмыс киімімді жалба-жұлба күйінде кие сала шығып кеттім. Зор жиында кезіккен Тоқты Бәсит, «бірдеме тапсам сонда көмемін» деп белгілеген шағына, дем алмай тез-ақ жетіп едім. Әлсіздіктің жан теріне малшынып, қаншалық тінтігеніммен ештеңе табылмады. Шолақ ыштаннан басқа киім сымағымның барлығын шешіп, қолтыққа қыса жөнелдім. Ендігі іздейтінім саңырауқұлақ. «Алдыңғы күні түнде жауған мол жаңбырдың күшімен жерді сүзіп-жарып, сол дулығалы батырлар қалай шыға келмейді» деген үмітпен жорттым. Тораңғылы, қамысты ойпаңның бір тобы әрең табылды. Бешпет пен сымның сау жерлеріне тәптіштеп орап, қыратқа қайта шыққанымда қарсы алдымдағы тораңғы тоғайдан зор бір оранқұтан[83] шыға келді. Таңырайған жуан тұмсығы мен көзінен басқа түк баспаған жері жоқ. Борбасқа аунаған оранқұтан сияқты. Бурыл, жуан басы аппақ қалың сақал мен ұзын шашы тұтасып, тіпті қорқынышты көрсетті сол басты. Бұрыла жөнелдім бір жағыма... – Қашпаңыз, қашпаңыз! Мен, есі дұрыс адаммын! –деп барылдады. Дауысы да қорқынышты болғанымен тілі қазақша. Қайрылып тұра қалдым. Баяу жылжып жетті. Сәлем берді. – Уағалайкүмұссалам, өзің менен де жалаңашырақ жүріп, қашқаның не жігітім?–деп күлді. Байқасам, үстінде көйлек-штансымақ лыпасы бар екен. Сонда да қарны мен кеудесі бурыл түкпен ғана жабылғанын көзім дұрыс көріпті. – Жалаңаш болғаныммен орынқұтандай қорқынышты көрінбесем керек!– деп мен де күлдім. Бұл жақта жоқ жануардың атын дәл түсініп, қарқылдай күлгенінен, оқыған шал екендігі де байқалды. – Бәсе, ха–ха–ха–һа...а... жаңа, есек мінген бір топ лоптық мені көре сала тырым-тырақай қашып еді. Мені жынды көріп қашты ма десем, арангутан, иә, кісі киік деп қорыққан екен ғой!... Артта қалған жастау бірі тіпті, шабан есегінен түсіп, бақыра қашты. «Мен сау адаммын» дегенімді ешқайсысы тыңдамай жоғалды!... Сөйтіп жүріп, адам екендігімізге ешкімді сендіре алмай өлер ме екенбіз! – Өлмеу үшін өлгенше күресу – нағыз адамның ісі, үміт үзбелік, ақсақал, сендірер күнімізге аз қалды! – Таныспаппыз ғой, атың кім шырақ? Атымды айтысыммен қос қолдап амандасқан шал, ажаптана қарады тұрқыма. – Анау күнгі зор жиында мұндай емес едіңіз, неғып мұншалық халге түсе қалғансыз? – Бүгін ғана осылай болдым... – Мен сізді сол жиында ғана көргеніммен, бұрын естіп жүргенмін. Ләтипаны білесіз, Шаңхайдан солармен бірге келгенмін. Атым Ағызамқожа. Мен де ілелік, өзбекпін. Отырыңыз, отырыңыз! – малдасты құрып алдымен өзі отыра қалды да маған темекі ұсынды. Дорбасынан саңырауқұлақ көріп, мұның да менің кәсібіммен жүргенін байқап едім. Бір зағыра шығарып, халі менен сәл жоғарырақ екендігін көрсетті. Тағы да күліп жіберді. – Жаңа менен үріккен лоптықтардың бірінің белбеуінен түсіп қалды. «Ой, наның түсіп қалды, ала кет!» десем онан сайын қашты!... Жә, ашаршылықта бөліп жеген дәміміз болсын! –Зағыраның дәл жарымын сындырып, маған бере сөйледі. Ұмытпалық осыны, сен жассың, аман қаларсың да. Бірақ қатты жүдеген екенсің. Ісіктен сақтан, суды мүмкіндігінше аз іш, жұмыстан зорықпауға тырыс!... Менің қалған өмірімді мына күйреуігі күйретер-ақ, ісіп кеттім! – Лаужяуға қалай кіріп қалғансыз? – Түркияға көшуіме виза келген. Семьямдағы ақшаға жарайтын барлық мүлкімді сатып, расхот үшін жолда Австралияға сататын тауарға айналдырғанмын. Барлық істі бітіріп, үкіметтің өз бекітуінен өткізіп, Шаңхайдан жүргелі тұрғанымда қолға алды. Таласатынымыз, олар конфескациялаймыз дейді. Мен бермеймін. Себебі, ол, заңды мүлкіме келген тауар. Бәжісін төлеп болғаныма қарамай бәрін аламыз дейді!... Мен қалай жетпекпін расхотсыз!... Ал, ыстық өтіп кетпесін, жүріп кетелік!– деді де «тірі қалсақ көрісуіміз үшін» тұрған әтіретінің орнын айтып қоштасты. – Биғабіл әфәнді, тірі қалу үшін барынша тырыс. Қазір ақша жүрмейді ғой, лоптықтарға киімің болса да сатып жей бер! Менше арангутан болудан арлан ба! – Ісіп «семіріп» алмасам сізше орынқұтан да бола алмаспын. Мендей албастыға киімнің қажеті не! – Күлісе айрылыстық. – Олай болса, шашыңды албастыға үйлестір, лоптықтар көргенде үйлерінен де үрке қашатын болсын, тым болмағанда зағырасы қалады екен ғой!... Жарты зағыра болмаса, күнім бүгін-ақ қатерлі екен. Жатағыма тірі жете алатындығымды буынымнан байқап, көңілдене қайттым. Дәмелқан мен Қапастар әр төбеден қарауылдап, менің жоғалуымнан қауіптеніп тұр екен. Қазірше қашып құтылатын мағдырдан айрылғандығымыз анықталғаннан бері күндіз әскери күзет тұрмайтын болған. Дәмелқан бұл жүрісімді сөксе де саңырауқұлақ пысып Сағидың алдына барғанда алғысын айтты. «Ағатайым-ай өлімнен арашалаймын деп өзің өліп қала жаздадың-ау!– деп Сағи жыламсырай асады саңырауқұлақты. Сорпасын ұрттай ішіп, балбырап тұрып терледі. Көп жесе мұның да уы барын айтып, аз-аздан аредік-аредік жеуді тапсырып жаттым. Ертеңіне бізбен бірге ерте тұрып жұмысқа барды. Басқа группалардың міндетіндегі төбелерден бөліп берген сарытеке қалпағымыздың алыну шарты толып қалғандығын сөйлеп тағы алдады. Тағы да шешініп тастап кірісті Сағи. Демалып отыра беруді айтсақ, «сендерге істетіп қойып, қалай шыдап отырмақпын!» деп ренжиді. Тағы да тізгіндей алмай қойып едік, бірер сағаттан соң дір қағып барып отыра кетті өзі. «Мүлде бола алмай қалыппын» деп енді мойындады. Менен көрі беті бүтінірек Асылбек пен Қапасты сарытекеге салып рұқсат әперіп қайтардық. Ісігі күн сайын молайып барып, үшінші түннің таңында жан үзді. Ішкен суымыздың барлығы көзімізден жас болып төгілгеннен не пайда, бізді өлім апатынан арқалап өткізсем деп жүріп, өзі алдымен өлді! Бөлекше жаралған адамгершіліктің бөлекше жаралған мол тұлғасы тіл қатпасы, шырай бермесі, қайрылып қарамасы, сұп-суық мүрдеге айнала қалды! Шулай көтеріп, ашық қалған басқа жемтіктерден аулағырақ шағылға шығарсақ та халсіздіктен ақымдап жерлей алмадық. Жерошақ қана қазып жыңғыл мен бүркеп құммен көмдік те өзіміз де құмша егіліп-езіліп бір жолата шашылып қайттық. Сөйлесе де алмай, жеке-жеке үнсіз шоқиып, өзімізге-өзіміз ғана міңгірлеп, жеке-жеке тәлтіректейтін болдық. Қайрат-жігерімізді үрейдің жұтуы еді бұл. Көбі, тірі қалу жөніндегі үгіт пен үміткерлікті тыңдаудан да қалды. Менің ағара бастаған шашым, тез қарқынмен қурап бара жатты. Танитынымыз, өзді-өз ыдысымызбен өзді-өз аузымызға кіретін күйреуік қана болып қалды. Ұрлап тапқан лобысы мен шамғұрын көбі өзінен де ұрлап тыққыштап, жасырып жұтатын халге түсті. Басқа группадағылар көптен-ақ қалыптастырып болған бейне еді бұл. Соларға енді теңелгенде де күрт түсіп, тез теңелдік. Ашаршылықтың рақымсыз соққысы жанды жерімізден жетемізге жете тиді. Ашаршылық шындап жайлағанда игерген білім-мәдениетің түгіл жаратылысыңмен бірге тоқылған ар-намыс, тума ақылыңды да қабаттап жалмаса керек. Қашып шығуға сақтап жүрген жеңіл батинкам жоғалған күннің ертеңіне Асылбек дазужаңымыздың бір шұңқырда қоян үйітіп жеп отырғаны көрініп еді. Одан екі-үш күн өткенде Шәйзада бастон сымымды көтеремнен өлген қойдың басына айырбастап әкеліп жеп қойды. Тоқбай мен Қапас әлсіреп қалған ол екеуін қосақтап қойып шапалақтауға кіріскенде көмекке Дәмелқанды шақырып, әрең құтқардым. Содан бастап, өтімі бар тәуір киімімізді жатаққа қалдырмай, боқшамен көтеріп жүріп істейтін болдық. Ондай бірер жемдік арзанға айырбастай салуға қимап едік, өз бағасының тым болмағанда жарымына жеткізе саудаласуға орайы табылмады. Кадрлар естісе сатушыны да алушыны да тонайды. Сөйтіп «көше жүріп» төбелерді жыраға тығып тегістедік те арық пен қыр жасап, су жүргіздік. Жұмыстың ендігі кезегі тракторларға тиген соң ғана жетті «үлкен жексенбі». Бірақ бұл «жексенбі» алысқа кезетін сауданың емес, жап-жақын жерге Құдайдың өз қолымен тегін ырыздық шашқан «жексенбісі» болып естіле қалды: өзенге тасқын келіп, жайылма су ойпаң-ойпаңды көлге айналдырған екен. Ащы сорға тойған жайылма су, өзімен бірге келген балықты түгел улатып – мас қып тастапты. «Торпақтай-торпақтай балықтар су бетіне шығып, қарындарын жарқыратып жатыр!» деген хабар гу ете түсті. «Қазір барып аламыз да келеміз» деп барып әтірет штабына дауыл соқтырдық. Тұтас барып, тұтас қайтыңдар деген рұқсатын ести сала ұмтылып едім, Тоқбай келіп алдымнан тоса қалды: «Биға, екеуімізге жетерлік балықты мен-ақ әкелемін, сіз бармай-ақ қойыңыз, аяғыңыз ісіп жүр, суға түссеңіз асқынып кетеді. Осы жатақтың өзіне де сенімді күзетші қажет!» деп тоқтатты. Пікірі сиымды болған соң қолымдағы кенеп мөшекті бердім де қала бердім. Балықшылардың алды түс ауа, арты екінтіде қайтты. Не қилы көтеремдері де өзінен ауыр балық арқалап, ырғап-жырғап қайтты. Әтіреттің қазіргі қалған жетпісінің ішіндегі ең семізі болып қалған біздің Тоқбай месі әлі жоқ. Өз группамыздағылар, жайылмаға жеткен соң оны көрмепті. Басқа группалардан сұрасам, жауап шықпады. Балықтың дауы, оттың-ошақтың дауы, мескейдің дауы... Өңдері ме, түстеріндегі даума өздері де білмейді, ию-қию, у-шу. Не сұрағанымды ұқпай-ақ бастарын шайқай салады. Күн ұясына отыра бере әтірет штабына жүгірдім. Тоқбайдың өзінен малту білетін білмейтіндігін сұрамай қалғаныма өкіне жүгірдім. Мәт сопы гансы оның әлі қайтып келмегенін менен ести сала ұмтылды. Аш әтіреттің тіршілік есірткен шуылын ақырып басып, тізіп қойып сұрағанда ғана естеріне келгендей, Тоқбай жөнінде қарсы сұрау шықты бір мұрттыдан: – Әлі келмеді ме?– деп үдірейе қалғанында төбе шашым тік тұрды... Осы мысық мұрт екеуі жайылмаға төбе-төбемен ішкерілеп барып, шалқалап жатқан бір үлкен балықты көріпті де қатар жүгіріпті. Судың ең терең жері белге әрең жеткен екен. Жақындап бергендерінде балық шалп еткізіп сүңги жөнеліп, жиырма метрдей алыстықтан қайта көрініпті. Мұртты соңынан қалмай соны қуалап кеткенде Тоқбай тағы бір үлкен балық көргендей, бұрыла жүгіріпті күншығыс жағына. Мұрт, қуған балығын әрең ұстап, айқұлақтан жіп өткізіп алып қарағанда Тоқбай бір қос төбенің қапталынан еңкейіп, суға төніп тұр екен. Мұрт екінші рет қарағанда оның сол төнген тұсынан толқын ғана көрініпті.
|
|||
|