|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 37 страница– Ол рас!– деді Қапас. – Бұл ісіне мен де көмектесіп жардемдесіп бергенмін. – Мәселесі солай ғана болса, аса құрметті дазужаңымыз болғаны!– деп едім. – «Олай болса, сырттан деп аталық!», «құтпан болсын!», «құтты аяқ болсын!»[80]– деген қалжыңдар қайта көтерілді. – Кепкен тері жегенде болмаса, осы иттің аттарымызды тасталық!– деп келісіп тарадық. Содан үш күн өтіп, күлкіміз тағы да таусыла бастағанда Дәмелқан екеуіміз қалған етті түпқотара кәкеліп, «күлкі уколын» екінші рет бердік. Семіз дөнен өгіздің қайдан табылғанын біле алмай, басқа ұрылардың ғана емес, менің де санам санға бөлініп еді. Іле шала майдан басшыларының лаужяу қанымен борлаған соғымдық өгізі жоғалған хабары жетіп, алал ақымызды дәл тауып жегендігімізге сүйіндірді. Ізделіп тексеріліп жатқанда онысының терісін де ыстық сумен жидітіп тазалап қайнатып жеп болғанбыз. Көп өтпей әтіретіміз бестен-алтыдан қаурт қырыла бастады. Көміп үлгере алмай, шағыл үстіне сүйреп шығарып тастай бердік. Күйреуік жегеннен бергі жығылғандар алдымен ісіп «семіріп» алып жығылатын болды. Жұмысқа тақыстық істей алмайтын қайраттылары мен қомағайлары алдымен жығылды. Біз де алдымен қамданып, артық жұмыстан Сағи мен Шайзаданы шектеп едік. Шайзада біраз іркілсе де Сағи көнбей істей берді. «Әнеу күнгі сендерден екі есе артық жеген қалжам міне, қарнымда әлі тұр» деп күлдіріп қойып жөнелді. Февраль айы басталғанда әтіреттің қалған елу шақты лаужяуы түгел ісіді. Сағидың да беті «семіре» бастады. Түнде жортып ештеңе таба алмай қайтып жүрген ұрыларымыз буындарынан айрылып қалды. Сырттан ештеңе таба алмай, түгелімен асхананы айландырды. Жуан сым темірден қармақ жасап, жыңғылдан тоқылған кілеттен ілінгенін тарта берді. Күйреуік момы да, кейде кадрлардың майшелпегі де ілініп тұрды. Көк лобы таусылған капустаның қураған сары жапырағы көп ұрланды. «Жұқпалы ісік ауруы тарады. Суды аз ішіп, отырып алмай көбірек әрекеттеніңдер!» деп мәт сопы, «астық – гауһардың гауһары, біздің мына істеп жатқан ісіміз, сол гауһарды осы жазда көп өндірудің бірден-бір шарасы» деп Мазыдауян сарнайтын болды. Мұзды далаға дірдектетіп отырғызып қойып, іңір бойы кезектесе сайрайды. Шешендік жарысқа түседі екеуі. Барлық қинауынан бізге осы шешендіктері қатты тиді. Олар сөзбен жарысқанда біз жөтелмен жарыстық, түп-түгел тымау. Аш лаужяулар суықтан аяқтарын жия алмай, жатын орындарына әрең жетіп жығылып, таңертең орындарынан тұра алмай қалатын болды. Біздің группадан жығылған Жақан. Өкпесіне суық тиіп, ыстығы өрлеп кетіпті. «Даяужыңға қарсы жалқаулар» көбейіп кеткендіктен шабуылға әрине «халықазаттықтар» өтінбесін бе. Бір-бір шалма жіп әкеліп, аш аурулардың қылдай мойындарынан іліп-іліп ала сүйреді жұмыс майданына. Сол сүйреткілердің ең соңында сүйрелген Жақанның үні шықпай қалды. «Өлді-өлді» деп шу көтере біз ердік соңынан. Сүйреуші мықтының алдын тоса қалдым мен. Қайран басымды қасқырға иіп, өзіміз көтеріп апаруды өтіндім. Талықсып қалған Жақанды тұзақтан босатып көтере бергенімде өзім етпетімнен түстім. Төрт аяқтап жіберіп қайта түрегелгенімше артымыздан көзі бұлаудай Сағи жүгіріп жетіп, ауруды көтеріп әкетті. Жұмыс басына апарып, шапан жайып жатқыздық. Сыртымыздан қарап тұрған Маузыдауян дедек қағып жетіп, маған төнді. Көсе қара сұр қатпарлы жүзі жыбырлап, қанталаған тік көзі ойнақтай төнді. Бірақ, не деп кінә тағарын білмей, иығымнан тартып апарып, керке ұстатты. – Бір айдан бері шапқан жерің осы ма?... Өзің істемегеніңмен қоймай, басқа жалқауларды қорғайтын неме екенсің, ал, шап!... Анауыңның міндетін де сен орындайсың, істетемін бүгін саған! – Баугау зыдауян![81]– деп пікірімді тәртіппен тіктеле тұрып бастадым. – Осы әтіретке келген «ауруды» да сексен процентінің қырылып болған себебін де сіз білесіз, толық білесіз, мұндағы ең жоғары жауапты кадрымыз – сіз! Мен, мына ауру өліп бара жатқанда бәнжаңнан[82] сұрап алдым. Маған сіздің өшіккен себебіңіз осы ма, басқа қылмысым бар ма? Ең болмағанда осы ауруды ғана бір тексертіп көріңізші, егер жеңіл ауру болса, мені де жазалаңыз!... Таңертеңгі сәл жеңілдейтін уақыттың өзіндегі ыстығы қырық градус... – Онда сенің не жұмысың бар?– деп сақ ете түсті зыдауян. – Егер осы далада сіз ауырып қалсаңыз да қолымнан келісінше болысатын міндетім бар! Өліп қалсаңыз, әрине жылайтын да борышым бар! Һы–һы деп Маузыдауян ышқынып қалғанда Дәмелқан қазақша сөйлеп, маған тоқтау айтты: – Айтарыңды айтып болдың, енді салғылас па! Бұл ит бір өшіксе соңыңнан қалмайтын ит! – Немене, немене?... Мынау не айтты?– сұқ көзі Дәмелқанға ауысты бастықтың. Ханзушаға аударып бер дегендей жалтақ-жалтақ қарады маңайына. Оған жауап берілгенше бір кадры келіп, сүйреліп келгендердің жолда үшеуі өлгенін айтты да, зыдауян дедек қағып солай жүгірді. Кеңшілік алғандай бой жазып қалдым. Төртіншісін өлтіртпей мен алып қалмадым ба!... – Әй мынаны өзіңе өшіктіріп алдың-ау!– деп Дәмелқан отыра кетті қасыма. Қапас мені қуаттады. – Нағыз жауапкерге майша сіңіріп айтылған мықты ескерту болды, бұдан зиян жоқ! Бес-алты жерден жағылған от басына әтіреттің қалған қырық жеті көтеремі түгел отырыпты. Мүлдем құрығандай дағдарыс, түп-түгел қырылғандағы жым-жырттық басыпты. Қарын көлдің ышқына жұтынып шиқылдағанынан, алып кеңірдегімен күрс-күрс жөтелгенінен басқа дыбыс жоқ. Күннің көзінен де жан кетіп, сұрлана түсті. Ұрлана қарап кіші кадр ғана айланып жүр. Делбе болған малша шыр көбелек айланады. Жұмысқа қузаудан мүлде қалыпты. Келген таңертеңгі тамақсымағына лаужяулардың күндегідей таласа ұмтылатын талапкерлігі де жоғалғандай, бәрі нарау. Төрт аяқтап әрең түрегеліп, әрең жылжиды. Маузыдауян да қайтып көрінбеді. Көк есекке тағы мініп, жықбыл-жықбылмен жөнелген сияқты. Кешке дейін тапжылмай отырдық. Ертеңіне бір топ дәрігер жетті. Басқа орыннан келген шұқшиыңқы тәріздері бар. Жатып қалғандарды алқын-жұлқын тексеріп, Жақаннан бастап көтертті де қос аяқ арбаға шығартты. Тоңқалаңдатып дереу жөнелтті емханаға. Аяқ басып тұрғандарымызды жиып алып, жалғыз-ақ бұйрық түсірді біреуі: «жылы жатақтарыңа қайтыңдар, кеш қалмай дереу жүріп, жетіп алыңдар! Нәрселеріңді арттарыңнан арбамен жеткізеді!» Тексеру группасы асығып, басқа әтіретке беттегенде жұртта күзетте қалатын болған Асылбекке жүгімізді өткізіп беріп, біз де жөнелдік. Шамамызға қарай екіден-үштен бет-бетімізбен жылжып, кешке дейін қыстаулық тамымыздың жарым жолына әрең жетіп едік. Кадрларымыз әр шағылдан қарауылдап тұр екен. Мәт сопы сол түстігімізден, Мазыдауян оңтүстігімізден айқайлап шақырып жиып алды. Түгендеп жіберіп, төрт адамымыздың тағы да жолда қалғанын ести сала екеуі екі тұстан жүгірді. «Халық азаттықтан» жеті-сегізін ерте жүгірді. Жауапкерліктерін енді танығандықтарын сезіп күрсіністік. Гансылер бастап бізді келген жолымыздағы капуста түбірін беретін әтіретке әкеліп тоқтатты. Мұндағы құтырған қызылкөз түгіл жаудырап тұрған қаракөздердің де көбі өліп, шағылға шығып болған сияқты. Қалғанын кадрлар бізбен қоса санап, тоқсан екі санды әрең құрады. Бұрынғы алты жүз шамалы лаужяуы бар екі әтіреттің жұрнағы осы санмен бір әтірет есебінде әрең-пәрең қалқиып тұра қалыппыз. Группаға қайтадан бөлгенде бұрынғы екі әтіреттегі қазақтар іргелес екі жер үйге бұрынғы қалпымызбен бөліне салдық. Екі жақта қалған мүлкіміз ертеңіне екі жақтан жетіп құралды. Аспаздар группасын асханадан қуып шығып, кадрлардың өздері аспазға айнала қалыпты. Бұрынғы өздері ғана жеп жүрген майшелпектері бізге де жеткеніне күлісіп едік. Түнімен ұйықтамай шедеу тақылдатып, таңертеңгілік тамағымызға адам жейтін тәп-тәуір азық даярлағандықтары тіпті қызық көрінді. Таң ата қазандарын шыж-пыж еткізіп, әдейгідей қуырдақша қуырды. – «Жатақтарыңа отты мол жағыңдар, отынды арбамен тасытамыз!», «сыртқа шықпаңдар, суық тиеді!», «жұқпалы тұмау мен ісік ауруының улы микробтары қаптап кетті, дәретке шықсаңдар аузы-мұрындарыңды орап, қалың киініп шығыңдар!»– деп өсиеттейді Мазыдауян. Іле-шала мәт сопы кіріп, мұндай «шапағатын» молынан төгіп шығады. Екеуі шетелден келген мейманның күтушілерінше аспаздық аппақ алжапқыш байланып, кезек-кезек жүгіріп жүр. – Осыларға осы қамқорлықты үйретіп отырған кім екен, білгендерің бар ма?– деп Дәлелқан күле сұрады бір шақта. – Әйтеуір бас аспаз сары текенің өзі!– деп күңгірлей салған Сағидың Мазыдауянға лайықты ат тапқанына күліп жіберіп едім. Тағы да күңгірлеп айқындады. – Еті мен беті қара болғанымен тері жүні сары ғой, ал, оның бізді аңдып жүретін қиыннан тауешкіден басқа хайуан өте алмайды! – Сөйтіп асханада бөтеннен ешкім жоқ па? – Қапас қайталап сұрады, Дәмелқан білмек болған жайтты. – Ескі қара шапан киіп сүмірейген біреу отыр, басқа бір әтіреттің лаужяу запхозы сияқты. – Олай болса, шаған уақыты да емес, әйелдердің 8-ші мартына ұқсаған, лаужяуларға да бір мереке күн белгілене қалғаны ма?... Бұл сұрауымызға жауап соның ертеңіне табылды. Укол қойып, дәрілеуге келген Ләтипа аппай айтып келген хабардан түсіндік: Үрімжідегі сахшы назаратының еңбекпен жазалау мекемесі лажысыздықтан шығарған ойын екен: қарамағындағы лаугай-лаужяулар ашаршылықтан төтенше көп қырылып жатқандықтан халық наразылығы күшейіп кетіпті. Соны басу үшін төтенше қамқорлық бейне көрсеткен бола отырып, қылмыстарын «жұқпалы ауру» мен «қуаңшылық апатқа» аудармақ екен. Күншығыс жағымыздағы «Ділпар» майданындағы жазаланушылар түгелге жуық қырылыпты да осы Сауху майданындағы үш мыңнан артық лаужяудан жеті жүзге жуығы ғана қалыпты. – Бұл қалғанның көбі әлі де қатер астында!– деп күрсінді Ләтипа. – Сол үшін бұл екі майданның міндетті басшыларын сотқа тапсырмай, сақшы назаратының өзі жауапкерліктен құтыла алмайтын көрінеді. Назараттың үлкенірек бір бастығы келіп, майдан бастықтарын тықсырып жатыр. – Мына құйып жатқан уколдарыңыз қандай аурудың шипасы?– деп сұрағанымда Ләтипа күліп жіберді. – Бұл, алдампаздықтың «көңіл аулау» дейтін уколы. Мерзімі әлдеқашан өтіп, күшінен айрылып болған дәрілер. Мені бақылауға келген мына қара сұр тізімді ұстап отырып ұрғызады да, мен ұра беремін! – Менің көңілімді де осылай аулайсыз ба? – Сіз соңына таман келіңіз!... Мен дереу шығып кетіп, екі адам қалғанда соңынан тұра қалып едім. Ләтипа дәретке шыққан болып, әтірет штабының сыртындағы шағылды айланып кетті. Қайта келіп қолын жуды да, менің алдымдағы екі лаужяудың көзіне қарап, тамырын ұстап тексеріп, сол уколын қоя-қоя салды. Мені де солай тексеріп көрді де шприсын ауыстырп, басқа укол қойды. – Мен жаңағы барған төбенің сыртындағы үлкен жыңғыл түбіне көмдім!– деп күбірлей салды сонсоң. Айтқан жеріне іле-шала барып, бір сауыт түйршік «С» витамин мен екі қапшық глюкоза таптым. Қазіргі бізге ең қажетті дәрі осы болатын. Асханада сөлмірейіп жүрген бейтаныс қара киім мен Ләтипаның соңындағы бақылаушы да Үрімжіден келіпті. Киімдерін өзгертіп киген сақшы назаратының бір-бір кожаңы екен. Кадрларымыз өздерінің запас тамағына қонақтатқан сол бес күннің ең соңғы күні үлкен бастық та қарапайым киіммен келді. Тірі қалғанымызды сыртқа шығартып көріп, бір-бірден тартқызды суретке. Ірі әріппен жазылған атымызды кеудемізге жапсыртып қойып тартқанына қарағанда, «апаттар» алқасының бұл сатыда қайсымызды жойып, қайсымызды қойғанын біліп, таптық төңкерістік идеясына баға бермек сияқты. Ал, өз әтіретіміздің басшылары қайсымызға болса да «жылы киініп шық», «тез кіріп кет» дейтіндей «қормалдықтарын» әйгілеп тұрды. Кеше ғана өткен мұз үстіндегі қырғындары естерінен шығып кеткен бе, иә естерінің өзі шығып кеткен бе, шімігер емес.
Кереметті тергеушім, «сасқан үйректің алдымен де, артымен де сүңгитіндігін» білуші едім. Бірақ, сасқан сайтанның қайтетіндігінен хабарым жоқ екен. Осы қылмысымды ғана кешіре көріңіз! Тегі, пұттарыңызды керіп шаттарыңызбен де, шалқалап екі бүктеліп те сүңги аласыздар ғой деймін. Ал, жетілген, жоғары сатыдағыларыңыз ғой ет пен терінің арасына, адам ғауратының панасына сіңіп кете алатындықтан, сарала қамшы төнгенше киімін ғана өзгертіп сазарып-бедірейіп тұра беретіндігін аңыздардан ғана еститінмін.
V «Сары теке» ертеңіне құзғын сәріде қайта қарғылақтап шыға келіпті. Кеше кештегі қормалдығы есінен тағы шығып кеткендей, әр группаның есік алдына барып «тұр-тұрлап» бақылдап жүр. «Шығыңдар, тізіліңдер!» дейді. – Сағи-ау мынауың пішілген сияқты еді, қайтадан теке болып кеткеннен сау ма, байқашы!– деп түрегелдім. Не бола қалдым дегендей бір-бірімізге жалтақтаса қарасып шығып тізіле қалдық. Асыға шыққандықтан көпшілігі жалаңбас, қоңылтаяқ, желбегей, аузы-мұрындары түгел көкірек, ішек-қарындары да алаң-ашық. Таң бозының ызғарлы суығы қари жөнелді. «Жұқпалы ауру», «улы микроб», «апаттарын» кешегі бастық жиып-теріп алып кеткендей, зыдауянымыздың бес күннен бері аузынан түспей келген ол жөніндегі қормалдығынан ырым да жоқ, әппақ алжапқыштарымен бірге тастай салыпты. Тізім бойынша жоқтама жүргізді де бүгін майдан бойынша зор жиын болатындығын, жақсы киімдерімізді киіп, тамақты тез жеп, ерте жүруімізді жарты сағат қана сөйлеп таратты. Жер үйге қайта кірдік. Сағи әкеліп, бозара қарап тұрған бұрынғы күйреуік момымызбен капустаның сары жапырақ суын қайта іштік. Ауыр-ауыр күрсініп шығып тізіліп, жоқтамадан қайта өттік. Әтірет тізіміне тірі кірген тоқсан екі лаужяудың зор жиынға түгел қатынасуы шарт сияқты. Жүре алмайтын ауруларын да айдап шықты. Екі «саудың» ортасына бір ауру қыстырып, қолтықтата жылжытты. Бәрінің де қашуға сақтап жүрген «бір киерлерін» кигізіп апарып, енді не ойын көрсетпек екенін жеткенше талқылап, сиыр түсте жеттік. Үлкен-үлкен «үш қызыл ту» желбіреткен қызыл желекті әлем-жәлем сахна алдына, неше жердегі керме қызыл тулардың астынан, неше түрлі «жасасындар» мен «жоғалсындардың» алдынан ақсаңдап-бүкшеңдеп өтіп әрең жеттік. Бірінші әтіреттің орта шенінен Тоқты Басит маған қолын көтеріп амандасты. Мен де неміс нацистерінше көтердім қолымды. Әлденеше мың адам сиярлық кең майданда аспан әлемінің үркеріндей шөмпиіп бес-алты жүз лаужяу ғана отыр. Үркер болғанда да жымыңдасып-қылмыңдасып тұратын «тірі» үркер сияқты емес, топырақ астынан жаңа ғана қазылып шыққан мүрде сияқты, кірпіктері де қымырламай сазара, үңірейісе қарайды бізге. Мұның да бір әтіреті әйел екен. Естуімше мұнда келген әйел лаужяу жүз елу шамасында ғана еді. Бұлар да өлім-жітім аз болғандықтан көзіме тым көбейіп көрінді. Бірақ, бәрі түгелімен топырақ сарыға айналыпты. Маған қараған көздері де түгел сап-сары. Тегіс сары ауруға шалдыққандай. Ләтипаның айтқан «әйел ауруы», әлде сары аурудың бір түрі ме екен деп жорамалдадым. Ал, еркек әтіреттерінен түгендегенім, «оңшылдар» мен «жерлік ұлтшылдар» болды. Жүзінен танымасам да киген киімдерінен танылғандай. Естуімше, бұлар, «Қазірейілдің» қалай келетінін білетіндіктері бойынша сақтану жолымен, біздің әтіреттегілер сияқты шығынды азырақ берген. Сөйтіп, бұл қыстық апаттан көп қырғындалмай қалғандар әйелдер мен саяси лайжяулар екендігі байқалды. Әйелдер аштыққа шыдамдылығымен қалған да оқығандары өз қуатымен есептесіп істейтін «қулығымен» ғана қалған. «Келген бастықтың мұндай апат басшыларын «жауапкерлікке тартқаны» жаңсаққа шыға қалды бір шақта. Жиынды майдан бастығының өзі басқарып, бөлім бастықтары мен әтірет зыдауяндары жиын бас алқасының орындықтарына шалқалап отыра қалыпты. Біздің «сары теке» солардың қақ ортасында алдамшы жайнауыз сарымен сөйлесіп отыр. Үрімжіден келген үлкен бастықтың өзі бір бұрышта қалыпты. Майдан бастығы, бүкіл елімізге келген «қуаңшылық апаты» мен «жұқпалы аурулар» жайында сөйлей келе зіркілдей жөнелді: бұл майданға келген апаттарды түгелімен лаужяулардың өздері ертіп келіпті-мыс. «Кері төңкерісшілдік», «идеядағы мешеулік», «буржуазиялық тоғышарлық», «жалқаулық» апаттары шегінен асып, құтырып кетіпті-мыс. Сондықтан қырлыппыз. Егіншілікті енді құйрығымызды қысып қана бар күшімізбен секіріп ілгерілеп, мол өнім алмасақ, өзіміз түгіл «төңкерісшіл халықты» да қыратын сияқтымыз... «Барлық апатқа төтеп берудің кілті, үйренуді күшейтіп, идеяны өзгерту» деп қорытқан жиын төрағасы, сөзді Үрімжіден келген төреге берді. «Жартылай болса да әділдік осы кісінің аузынан шығар ма екен!» деген үмітпен тесіле қарап, түгел қолшапалақпен қарсы алдық. Зор құдіреттің, салмағымен нығарлап, ырғала сөйлеген бастықтың сөзі үш жылдан бергі зор секіріп ілгерілеудің жетістіктері мен табыстарын баяндаумен басталды: «еліміз ұшқандай өрлеп» зор құдірет тауыпты. Көсеміміздің «көрегендікпен көтерген» үш қызылтуының жеңісі, «оңшыл оппортонизмнің сандырағын» быт-шыт етіп, біздің де жасанды жер серігін ұшыру техникасына ие болғанымызды, бұл салада Англиядан әлден-ақ озғандығымызды айтқанда әйелдердің ерні пышт-пышт, бырт-бырт ете түсті. «Оңшылдар» мен «жерлік ұлтшылдар» күлісе қарасты оларға. «Сөзін жеңіске» толтырып, мақтанмен бөктірген бастықтың мұнымен ісі де болған жоқ. Халықаралық ауқым өздеріне пайдалы жағдайда екендігін, көсеміміздің абыройы Маркс пен Лениннен де «биіктеп» кеткенін сөйлегенде бұршақ қуырғандай быртылдады еріндер. Бұл масқарадан лекция арланар емес. Кеуделеп соғып екі сағат сөйленді де «біздің алып адамымызды ешқандай күш тоса алмайды», «жауларымызға аспанда тор, жерде қақпан құрылып болған», «жағдайымыз зор жақсы» деген қортындыларын шығарып тыныстады. Өлсе де «өзімдікі ғана жөн» деп өлетін, өзі штансыз тұрса да, балтырың ашылып қалды деп басқаға күлетін, шегінен асқан арсыз бетпақтың сөзі еді мұнысы. Қырылсаңдар да бізге тып-тыныш, жұп-жуас қана бағынып, момы тауып беріп қырылудан басқа амалдарың қалған жоқ деген арам мақсатын ғана әшкерелеп тынды. Он минут демалыс жариялады сөйтіп. Дәретке баруға түрегеліп, Лаужяулардың құсадан түгел тұншығып-түтігіп кеткендіктерін байқай өтіп едім. Басқа әтіреттерден бірден-екіден амандасқан бейнеде ере шықты бірнешеу. «Біз мына тірі қалған лаужяулар атынан сөйлеп, позиция білдіруге сізді шығармақ болдық. Қырылуымыздың ақиққи себептерін сізден басқа ешқайсынымыз ептеп түсіндіре алмайтын сияқтымыз. Соған дайындала отырсаңыз!» десті. Қырылу себебімізден қортынды шығарып болғандығын майдан бастығы жариялап отырғанда оған бұл жерде ашық қарсы сөйлеудің қатерлі болатындығын айтып тойтардым мен. «Бұл жерде лаужяудан ешкім позиция білдірмей, әрбір әтірет атынан өзді-өз алдыларына арыз жазып жолдағаны дұрыс!»– дедім соңында. – «Жеке адамның атын атамай, жалпы әтірет лаужяулары атынан сақшы назаратына ашық факттерімен ғана жазыңдар. Бүгін осы жиын үстінде Үрімжіден келгендерге қолма-қол жеткізуіміз қажет. Ешқайсысы жауап бермесе де жауапкерлік естерінде болсын!» Қасымыздан өтіп бара жатып кідірп, Ләтипа да осы пікірді қуаттады. «Қазір жазыңдар, мен конверт пен қағаз әкеліп берейін!» дей сала жүріп кетті. Қырылуға себеп болған нақтылы факттерден бірнешеуін айтып беріп мен де жөнеле бердім. – Биған!– деп шақырған бір әйелдің аса қылықты үні естілді артымнан. Жалт қарадым. Қоңырсары қос бұрымды, топырақ сары «жас қыз» күлім қақты алдыма келіп. – Мені танымай қалдыңыз ба?... Өзіңіз де қатты жүдепсіз! – Көзіне жас іркіле қалды «қыздың». Белі мен құйрығының толқыған толқысынан ғана танығандаймын, Үрімжіден бірге келген, өзімнің жортуылшы келіншегім екен. Жіңішкерген денесіне осы даладан тағы да шап-шақ, өзгеше сәнді юпка-кофта тауып кие қоятынын, ойнақы қара көзінің қарашығы да сарғайып, тік көтерілген сары құйынша ұйтқитынын, бұрынғы кезбенің талдырмаш жап-жас қызға айнала қалатынын ойлап көріппін бе! – Енді таныдым! – дедім таңдана қарап. – Енді таныпты тағы! – өкпе аралас назбен бұртия қарады. Бұл қарасынан Балғынтайдағы Гүлниса елестей қалды көзіме. Күрсініп жіберіппін. Келіншек те күрсінді. – Тар жерде соншалық жақсы едік. Мынадай кең сахараға келгенде көрінбей, көзімді төртке айналдырдыңыз! Мені іздеп бір келер деп күндіз-түні ойлап, ауырып жүрсем, енді таныдым дейді тағы! – Не ауру?.. Қай жеріңіз ауырады? – Тамаққа тәбетім мүлде тартпайды... Осылай әлсіреп кеттім!
|
|||
|