|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 36 страница– Сен біздікінен артық қанша кебек, қанша томар жеп едің?... Бұл жерде кішілігіңді айтқанша соны айт! Норма тең болған соң, тең ғана күш шығар, әйтпесе тырапай асасың! Жаңа түскен келіншегіңнің тірі қайтады деп күтіп отырғанын ұмыттың ба? – Менің мына сүйегімнің қаншалық жуан екендігін сіз де ұмыта көрмеңіз, «жуан жіңішкергенше жіңішкенің үзіліп кететінін» білмейсіз бе, енді бұдан да азайып кетпесек екен ағалар!... Үкіметтің зорлық жұмысынан басқасын маған-ақ артыңыздаршы! Мен елжірей қарап жаттым жүзіне. Ол жер үй түңлігінің дәл тұсына отын үйіп тұтатты да, екі шелекті ала жүгірді. Су әкеліп, қара шелекті отқа асты. Ыстық үйде былқытып ет асып жатқандай-ақ күңкілденіп едік. Крушкамызға бір-бір шымшым шай салып, құрдай құрық-құрық ұрттағанымызда ғана «кедейлігімізді» еске алып тұқырастық. Дәмелқан менің жұтаған жайымды сонда сөйледі басқа ағайындарға. Әсерлендіре әңгімелеп еді. Олардың көңілін босатып есіркетпек екен де оларға татырмайтын дәмін маған беруге разылықтарын алмақ екен: беліне байлап жүретін шай дорбасының ішіндегі кішкентай дорбадан бір шымшым бидай алып, ішіп отырған шайымның бетіне себе қойды. – Япырай Дәке, Биғаңның бүгін-ақ шиқылдайтындығына қабырғамыз қайысып отыр еді, бәрімізді қуанттыңыз-ау, рахмет, рахмет! –десті бірнешеуі. Еділбай атты таңқы мұрын шой қара тіпті ақтарыла жаудырды алғысын. Ертеңіне ерте түрегеліп, қатып қалған сары кебек сықпадан (жаңа жүгері ұны шыққаннан бастап соның кебегін жейтін болғанбыз.) Бір–бірден үлесіп алдық та тағы ілбідік. Бетіміз күншығыс. Құм, таусылмайтын тырбық сары қамыс, қатпайтын борбас, сары аурудай салбыраған сарғылт сұр аспан. Қанша шағылдан айланып өтсек те ұп-ұқсас осы көрініс. Егер күн мен жұлдыз көрінбесе, қайдан келіп-қайда тұрғанымызды білмей, әудем жерде-ақ адасар едік. Жансебіл қазақтарымның белдеріне байланған «қарулары» да ұпұқсас: құйрық жақтарында қап-қара мескейі мен крушка. Оң жақ мықынында шай дорба мен өңештен өтетін бірдемені тауып сала жүретін запас дорбасы. Сол жақ мықынында ине–жіп, жамаулық шүперек, қиқым былғары, тері салған дорбасы. Су құйып алған құмырасы болады. Арқаларындағы жүк екі иыққа ілмектелген жіппен асылған. Екі қол запас, жолында кезіккен шөмшекті де қалдырмай тере жүреді. Арттағы лаужяулар ілесе алмай, әр жерге шоңқиып, бізден басқасы қалып болғанда, тұсымызда жүретін бір автоматтан бес минуттық демалыс жарияланады. Жансебілдерім иықтарындағы арқан ілмегін ағыта салып, жүктен сол секунтта босайды да терген шөмшектеріне от тұтата қояды. Мескейлеріне су құйып, жалынға орай сала быж еткізеді. Шай қайнады деген осы жалын жұтқан қожалақ кебек сықпамызға бар ауызды бір-ақ салып, ғашықтың ерніндей құшырлана сорамыз. Лезде бітіп кетеді. Ләззәт деген осы. Екі-үш минуттан соң-ақ түк көрмегендей қайта аңсаймыз... Арттағы автоматтар көтеремдерді қақпалап жетісімен жүгімізді біз көтере түрегелеміз. Өйтетініміз, олар өзді–өз «ғашықтарын» әлдеқашан бітеу жұтып қойғаны белгілі. – Мал дауысын естігендерің бар ма? –деп сұрастырады, Заман атты ұрымызбен Дәмелқан: – Оңтүстік жағымыздан аңыраған бір есектің дауысы әрең естілді! – Ол шошқаның дауысында шек бар ма, тым алыстан болғаны ғой!... Үмітсіздік жеңді бәрімізді, үнсіз ілби бердік. Шағыл төбелер сиреп, қамыс жиылей түсті де, ойдым-ойдым көлшік көрінді. Күн екінтіге жете нар қамысқа оранған ірірек қарын көл көрінгенде, жеттік десті білетіндер. Мұзы күрсілдеп жарылып, ыңыранып-ышқынып қарсы алды. «Жаз болса, балық көп-ау, ә!» деп тамсанысады жігіттер. Солтүстік жағында екі-үш шақырымдай келетін жалаңаш жазықтық бар екен. Біздің қазатын сорғытқышымыз, көлдерден сол жазықты бөліп, дегдітетін терең тоған болып табылды. Бергі шетінен көрінген түтінге туралап тарттық. Жүгімізді алдымыздан шыққан бауырлар көтеріп әкетті де біз артымызды асхана алдынан күттік. Күн бата тізіммен шақырып түгендегенде тоғызының «өздігінен жығылып өліп қалғанын» Халық азаттық армияның кіші командирі мәлімдеді. «Аллаһу әкбар» айтысып, күрсіне тарадық. Шығарған жаназамыз осы болды. Оларды тауып теріп көміп қайтатын, екі-үш сықпа жеген Лаужяу бар ма!... Сол сықпа кебектің үнін жезелекпен елетіп, майға пысыртып жейтін кадрларымызда үн шығармады. Қалтыраған ауыздардан шыққан күңіреністі «Аллаһу әкбарға» азаттық армиямыз ыржыңдасып, дөңестегі өз шатырларына кетті. Бұл асханамызда баяғы сол бір-бір кебек сықпа мен капустаның қураған сары жапырағын қайнатып берді. Содан Сағи әкелген екі шелек жапырақ суын өкпелей отырып ішіп болысымызбен отын әкелуге дайындалып едік. Сағи тоқтатып, тағы да өзі кетті. Мені қымырламастай тіпті шектеп кетті. Қатып қалған таяз көкшіл үстіндегі «жатақ-орныма» барып құлай кеттім. Асты мұз болса да қамысы қалың төселіпті. «Басқа жерден ықтасындау болған соң осында қоныстандық» деді Ақбай ақын су тоқтата алмайтын болған түп-түзу танауынан бірдеңесі жылтың-жылтың ете түсті. Сақал-шашы жуан басына жараспайтын қазынасын бұл жолы жылтыңдатқан күш ішіндегі күлкісі екен. Жеңгейдің салған төсегі де мұншалық жұмсақ сезілмеген шығар!– деп мырсылдады. – Қапиядан еш хабар айтпадыңыз ғой?– деп енді сұрай қалды Қапас. – Сендер осылай кеткеннен үш ай өткенде Қапия жөнінен естігенім амандық қана. Аман болғанда да Ақияға титтей ұқсастығы жоқ, мызғымайтын амандық. Сенен шекара айыруға мүлде көнбей, үміттерін үздіріпті. Мақпал маған Қапия жөнінде осыны ғана айтып, былтыр күзде бір көріскен соң қайтып келе алмады. Жазысқан хаттарымызды да тигізбей жөнелтті мені! Сен хат жазсаң, енді Қобыққа, үйінің әдрісі арқылы жаз!... – Ал, Ақияға не бопты?.. – Ақияны Құлжан әлде не бір жаламен қорқытып–қаймықтырып ертіп жүр деп естідім. Мақпалмен де сөйлесе алмайды екен!.. Біз жатқан көлшіктің арғы жағасынан Тоқбай мен Жақанның дауысы естілді. Жалт қарастық. Қол бұлғап шақырды біреуді. Ымырт үйріле бастаған шақ. – Екеуіңізге дайындап қойған ерулігіміз бар еді, соған шақырып тұр!– деді Ақбай. – Мына топ қамыстың далдасымен өтіп кетсек, күзетші әскерлерге көрінбейміз! Қалай да бір мал тауып әкеліп сойған екен деген қуанышпен сырғып өте шықтық. Қараңғыда қарбиып, жыңғыл тіктеп қоршалған қотан көрінді. Ешкім жоқ, иен қотан. Әлгі екеуінің ыңырсып салған әндері естілді. Қотанның арғы шетіндегі бір жырашықтағы жер ошаққа от жағып, істік жасай отырып әндетіпті. Кең маңдайлы сары Жақанның екі езуі екі құлағында. Бұрынғы бейғам, көңілді, әнші-домбырашы қалпына келе қалғандай. Мен де қалжыңдай жеттім. – Өздерің соғым сойып жырғап қалған сияқтысыңдар ғой!... Келіндер қайда? – Келіндеріңіз кер есекке мініп, төркіндеп кеткен!– деп ыржиды Жақан. – Ал, малымыз, қансыз-сөлсіз мал болса да әйтеуір қазіргі әлімізге жарай, «барға мәзір» дейміз ғой! – Соншалық арық па?– деп Қапас сұрады. Маяковскиге еліктеп жазатын тура мінезді Тоқбай, төтесіне бірақ тартты. – Мал емес, тері, әйтеуір пұшпақтарында жылтыраған шелі бар, семіз қойдың терісі!– деді де жолдастарына қарап қалжыңдады. – Биғаңды еттен дәмелендіріп, емісітіп алмайық! Бұрын маған бұлай қалжыңдамайтын жас жігіттер қарқылдап күлісе жөнелді. Осыдан бастап құрдас болатындығымды біліп мен де күлдім. Ақбай барып, көмілген жер ошақтан төрт қойдың терісін суырып шығарды. – Байқа, етімізге мұрныңның суын тамызып қойма!– деген Жақанның қалжыңына тағы күлістік. Ұят-намыс жоқ, кеуіп бырысып қалған терілер екен. Бүктеп-жұмарлап көмілген соң тіпті құрысыпты. Қонақ иелері қонақасыларын созғылап-кергілеп, сілкіп-қағып, бір үйме топырақ шығарғанына мен тіпті күлдім. – Сорға бөгіп, иі әбден қанған терілер екен, біріңе өлшеп тон пішіп берейін!– деп бәкімді суыра күлдім. – Талай ит жұлмалап, тістерін батыра алмаған байқұсты тағы жұлмалап қайтесіңдер! – Жоқ Биға, айта көрмеңіз,– деп Тоқбай сасқалақтай қарады маған. – Бұл қотан біз көшіп келген күннің ертеңіне көшті. Онда анау шарбақ үйдің дөдегесіне жайулы тұрған жас терілер болатын. Жиып алмай ұмытып кетіпті. Өз қолыммен жиып бүктеп, жерошаққа көмген, мен! Қайта келіп алып кетпесін деп көмдім! – Тап-таза, міне май дегеніңіз!– үшеуі шелінен арылмаған пұшпақтарынан кесіп-кесіп, стіктерге шаныша берді. Шиқылдаған аш түн, құйқаның күйігін иісін де зая жібермей, ызғарлы лебімен оуып, талап-таратып әкетіп жатыр. Жайраңдаған жас күлкі түнек басқан қарт Лопнорды да жадыратқандай, ғасырдың жаңа әндері айтылып жатыр. Мәз-майрам болдық та қалдық. – Міне Биға мынаны асап жібер, майы ішіне іркіліп тұр! –десіп, кеуектеліп құрысқан қара күйкі теріні кезек–кезек ұсынады маған. Ауыздарынан сілекей шұбырып, өздері жұтына-жұтына ұсынады. Дәмін татқан соң мен де құныға түстім. – Өздерің жеңдер!– деп қойып тартқылаймын теріні. – Үй, мен төрт теріні жалғыз жейтіндей, аю алған «бөрі басар» емеспін ғой, «жолдаяқ», «мойнақ», «шұнақ» жеңдер, жеңдер!– бәріміз күлеміз бұлай аталуымызға. Түгел оқымысты, аттары шығып қалған жазушы, ақындар!... Жоғары мектеп бітіре салып, осындай «мәртебеге» жету оңайма, шынымен-ақ масаттана, сүйіне күлісетіндейміз. Күндіз-түні қайралып жетілген тістеріміз қарш-қарш етеді. Мына қарын көлдің қарсылдаған мұзындай, іштерінен кернеп сығылысқан сырлы кереметтерін паш еткендей қаршылдайды. – Япырай, әлгі «таусоғар» мен «тайкүреңге» не болды, келмеді ғой!– Зарықбек пен Шайзадаға лайық аттың табылғанына бір күлісіп едік. Соңынан Асылбек дазужаңға қойған атымыз тіпті күлдірді. – «Саққұлақтың» қасында жататындықтан ол екеуін шақырмадық!– деді Ақбай. – Терінің қалың жондарын соларға қоя салыңдар, айыра алмай арсылдасын да жатсын! Ха-ха-ха-һа..а.. «Сауық кешіміз» қыза келе төрт терінің пұшпақтары мен жұқа шаптарын түгел жеп болыппыз. Әлі күлкі. Тоқбай темекі түтінін аспанға қарап бұрқыратты. Бар қасіретімізді сонымен бірге үрлеп, жұлдыздарға жөнелтетін үлкен жауапты қызметте отырған сияқты. Өз мекенінде жымыңдап, күлісе қарайтын жұлдыздар ауыр қайғыға батқандай жүдеп-жадап әрең көрінеді. Арғы жақтарындағы шексіз үрейлі түнектен қорыққандай тітірейді. – Құдай тағала сонау түнектің қай тесігінен сығалап отыр екен, ә?– деп күрсінді Тоқбай. – Сыңар көзімен осы қылмысымызды да көре қойған шығар! – Бұйырып жегізген – өзі, жеген – біз!– деп мен де қарадым аспанға. – Жаламен өтірікті харамға санайтын ол кісі қайтер дейсің, адал асына санайтын меңді иек пен оның Жаубасары көрсе, әке–шешеміздің терісін пысырып жеп қойды деп соттатуында шек жоқ, кеттік! – Күлдіре түрегелдім орнымнан. Мұздан ақырын ғана сырғып өтіп, орнымызға келіп жата-жата қалыстық. – Осы тастаған бұғалығынан қалай аман құтылар екенбіз? – Қапастың бұл сұрауына жауап қайтпады. Қазіргі шешуі қиын жұмбақ, өткелі табылмай тұрған өзен осы ғой!... Түн ортасында байланған екі адамның қиналыс үнін естісек те қайта ұйықтап кетіппіз. Таң бозында соғылған қоңырау мен бірге қамыс үстінен етігімізді сұға сала мұзға сырғып-сырғып түсіп, сырғанай жөнелдік. Алыпқашқан атымыздың басын әрең бұрғандай айланып келіп, жаппаға шықтық. Кетпен-керкеміздің үйілген жеріне барғанымызда асхана жақта әлі зарлап жатқан сол қос дауыстың бірі таныла кетті. Өзіміздің таңқы мұрын Еділбай екен. Асхана алдына үйілген көк лобыға барып ұсталыпты. Қолы желкесіне қайрылып, шектен аса қатты байланған көрінеді. Жөбішенкі байлауға қыңқ етпейтін піліміз бебеу қаға зарлайды. Оның ар жағында жатқан ұрының дауысы алғашқыдан әлсіреп, қырылға көшкенде айқындалды Еділдің дауысы. Екі жағында «Халық азаттықтан» екеуі тұр. Олардан арашалап кешірім әперу мүмкін емес. Мен Асылбек дазужаңға ымдап едім, Дәмелқан жауап қатты: «ұрының серігі деп ұстап, өзімізді тінтеді!» деді де Заманға біздің орын жақты нұсқады. Жорғалай жүретін жіңішке мұртты тықыр қара Заманның ептілігі бәрімізге мәлім еді. Ол, Еділбайдың төсенішінің астынан бір дағар лобыны өз көрпесімен орады да ықтасындағы біздің орын жаққа қолтықтай жөнелді. Аз-аздан бөліп әркімнің астындағы қамысқа сүңгітіп, босаған дағарды қайтадан Еділдің орнына әкеліп төсей салды. Кетпенін ала жорғалап, біздің алдымызға түсе жөнелді сонсоң. «Бір дағарын толтырып әкелген соң Еділдің ұрлыққа қайта барар жөні жоқ тіпті!» деп күбірледі дазужаңымыз. Сорғытқыш тоғанның бізден бұрын қазылған жері жоққа сәкін, қатты тоңды әр жерден жыралап–жыралап, қотырлап қана қойыпты. Маузыдауянның өзі еркелеп, зекіре бұйырды бізге: «күнделік жұмыс нормасы екі текше метр. Кешке жақын нақпа-нақ өлшеп аламыз. Егер кім орындамаса, кешкі тамақ берілмейді!»– деп бастап, «зор секіру» жөнінен екі минутта «екі текше метр» сөйлеп тастап қайтты. Кіші кадрмен дазужаң әркімге жер өлшеп сызып бере берді. Керкемен шақылдатып ал шапқыла тоңды. Тас болса тым болмағанда жұдырықтайы опырлар еді. Сіресіп қалған мына сары сағыз шімігер емес. Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. – Үй бұлай істеп не жаның қалады, анда-санда бір тақ еткіз де тұра бер!– дейді Дәмелқан. – Япырау тым болмаса бір аяқты тыға тұратын шұқанақ қажет қой! – Кешке дейін екі аяқ тығатын жер қазылады әлі, асықпа, күн жылынсын!... Сөйтіп тықырлатып тұрғанымызда сенделектей басып Еділбай келді. Қасындағы ұйғыр жігіт өліп кеткендіктен босатыпты. Мәйтті жаназалап көмеміз деп он нешесі жылай жөнелді. Кешікпей таңертеңгілік тамағымыз жетті. Бұрынғыдай сықпа емес, жұдырықтай-жұдырықтай сары момы тиді қолымызға. Жаңа жүгері ұнының кебегі бір айдан бері көзге таныс болып қалған, сүп-сүйкімді. Әдейгідей ауыз толтыра асадық та дәмі қайда кеткен дескендей бір-бірімізге бажырая қарастық. Кеше асханадан бірнешеу шығып, күйреуіктің бүрін жиып әкеліп қайнатып жатқанын көргендер түсіндірді дәмінің жайын. Майдан басшылығы нормамызға жетпіс процент күйреуік бүрін қосып беруді белгілепті. Жиын ашып, «аш көз лаужяулардың көздері тоймағандықтан қырылып жатыр» деген қортынды шығарған екен. Жүгері кебегі мен күйреуік бүрінің түрі ұп-ұқсас болғандықтан момыны сонымен үлкейтіпті. – Нандарың үлкейді, енді жақсы істеңдер!– деп тәлім-тәрбие гансы мәт сопы шыға келді бір жағымыздан. Әр группаның тұсынан «қуанышты хабар» ретінде жеткізіп, нәсихат айтып шықты. Майдан басшылығының сол жиынында «лаужяулардың көздері емес, тұп-тура өздері тоймағандықтан қырылып жатыр» деп шынын айтқан бір доғдырғаң сол жерде байланып қолға алынғаны, мәт сопы өтіп кетісімен естілді. Мұндай сөздің «заңға толатын» нақтылы қылмыс болатындығын осы хабардан түсініп, наразылық айтудан тиыла қалды. Күйреуік бүрінің азықтық емес, сақар екендігін ұқтырып қоймақ болдым да оны да сарыжапырақ «сорпасымен» бірге жұта салдым. Екі текшеметр тоң қазудың орнына екінтіге дейін екі текше дестеметр[79] жерді әрең қазыппын. Бұған егер жалаңаяқтанып, башайларымды бүктеп тықсам ғана екі аяғым сияр еді. Жұмысты сонымен доғара қойдым. Сол сағатта жұмыстан екі лаужяудың іркес-тіркес жығылғанын көзіммен көріп тоқтаттым. Жұмыс үстінде адам өлген күні тамақ берілмейтін жазаның тоқтап қалатыны, талай рет көрініп болған. Сөйтіп әр күні бірден-екіден құлай берді лаужяулар. Ешқайсынымызды тамақтан жазалай алмай шиыршық атып Маузыдауян жүрді. Қолында қалған жүз лаужяудың бірін өз жазасымен өлтірген болса, бұлай құсаланбас еді. Шыдамы бір аптаға әрең жетті де өлік артатын көк есекке өзі мініп майдан штабына жөнелді. Біз енді Сағидың әкелген отынын тоқыртып қалап, жұмыс майданында қақталатын болдық. Күйреуікке тойып алып малдас құра қақталған сол күннің бірінде көл жаққа дәретке кеткен Ақбай ақын асыға жетіп, мұрнының суын иығына тамызып жіберді, құлағыма сыбырламақ екен. Өзі барып қайтқан тұсты ұқтырып, дереу сол жреге «дәретке» баруымды асықтыра айтты. Тегін асықтыру емес екендігін байқап, қарнымды сипалай жүгіріп барсам, биік өскен бір топ қамыстың далдасында Тоқты Баситім отыр. – Үй қалай таптың? –деп сұрағанымша жіңішкеріп қалған қолымнан қос қолдап ұстап сілкіледі. Өзі бұрынғыдан өңейіп таралып қалыпты. Әтіреті біздің осы қазып жатқан сорғытқышымыздың аяқ жағына келіп шоңқиған екен. Бүйімтайын бөгелмей, тез айтты да тездете басып қайта жөнелді. «Мұндағы жолдастарың сенімді ме?... Әнеу үш түп жыңғыл өскен құм төбені көрдің бе?... Түнде барып соның күн жақ етегіндегі екі түп жыңғылдың дәл ортасынан құмды тартып түсіре бер, бос құм!»– оның сөзінен ұстап қалғаным осы ғана болды. Әйтеуір ет барын сезгендеймін. «Жолдастарың сенімді ме?» деп сұрағанына қарағанда шикі ет. Көрсеткен шағылына қарай-қарай қайттым. Екі шақырымдай жерден көзіме оттай басыла берді. Жымиып келіп отыра қалдым от басына. Еңкейген күн құламай тұрып алғандай, екі сағат екі жылдай сезілді. Көк жиекке барып тіреле қалды бір шақта. Жатын орнымызға қайтып келіп, күйреуік момы мен «жапырақ сорпа» ішіп болғанымша қас қарайды. Тісі шыққан, сырға ең бергі де, жортуыл жөніне ең маманы да осы кісінің өзі шығар деген бағам бойынша Дәмелқанды ерттім. Қайта қайрылып, қотанды ошаққа отын-су жеткізіп қоюды Тоқбайға сыбырлап едім. – А, Құдай!– деп қалды даңғойым. Төрт саусағыммен аузымды бір-ақ басып ымдап, изектете кеттім. Дәмелқан екеуміз қамыс сыбдырын шығармай, шағылға жақындап барып тың тыңдап біраз отырдық та бара салып қопардық құмды. Теріге қолы тиісімен жасамыс, салмақты Дәкең қуанғанынан «сиыр!» деп серппедей секіре түрегелді. Тартып суыра алмады да кеңінен ашуға кірісті. Желкесіндегі құмнан недәуірін сырғытып түсіріп алып аштық. Семіз дөнен өгіздің омыртқадан балталап бөлген тұп-тура жарым еті екен. «Осыныңмен-ақ осындағы жиырма шақты туысыңды бір жолғы өлімнен құтқардың Биғаш!»– деді Дәмелқан жеңілдегендей күрсініп. Саны мен қолын ғана алдық та, басқасын сол шағылдың сырт жағына көміп, із қалдырмай өшіріп қайттық. Екі шелекте түнімен семіз ет қайнап, таңға жақын бәрімізге май кекіртті. Бірақ, қайдан келгенін көбі білмей, Биғабілдің «сиқырынан» басқа ешбір қисын таба алмай, барлық разылық алғыстарын маған ғана жаудыра берді. – Мына қарын көл қанша шиқылдаса да енді үш-төрт күнсіз жұтқыза қоймаспыз!– деді байлаудан әлсіреп қалған Еділбай, көзіне жас алды да, Асылбек дазужаң түсінбегенін сөз астарымен сұрап жымиды. – Оғанға дейін осы малдың қотаны қайда екенін Биғаң біліп берер! – Биғабіл қайдан біледі оны, құлағыңның өнерін өзің бір көрсетсеңші!– деп Тоқбай қойып қалды. – Бекерге «сақұлақ» сайлап па едік сені!... – Далаға үрмей үйге үретін саққұлақты көргеніміз осы! – Жақанның бұл сқағына Асылбек күреңітіп, ширыға қарады да көпшілікпен бірге күлді. Ақтала берді сонсоң. ...Басқа қандай қалпақ кигізсеңдер де «саққұлақ» атамаңдаршы ағайындар, тағы да нахақ таңбаланбайын! – Олай болса айт, кімдердің үстінен шағым жүргізіп дазужаң бола қалдың?– деп Ақбай тергей жөнелді. – Биғаңның алдында мойында! – Дәл осы өзіміздің үйге қарап үрген болсам, ант атсын! – Көршілердің үйлеріне қарап үріп қойған сияқтысың ғой?– деп мен қарқылдап күліп едім. Дәмелқан арашаға түсе кетті. – Ондай мәселе өтті. Бірақ сонысы арқылы бізге теңдік әперді. Анау ар жақ шеттегі көршілерден шыққан сақұлақтар, біздің марқұмдардың көбінің қандықолы болған! (хұйзу тыңшыларын меңзегені екенін түсене қойдым). – Кадрларға жалқау деп жеткізіп қойып, ол марқұмдар дәрменнен айрылып жатып қалғанда кеуделерін топырақ толған зәмбілдермен бастырып өлтірген. Ол саққұлақтарға Асылбектердің саққұлақ болып тиіп, жарып беруі, дұп-дұрыс адалдық!... Теңдікті осы бауырлардың әперді деп, келісіңмен айтқанымыз сол болатын.
|
|||
|