|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 35 страница– Бұларға таяқ істетсеңіз, отырып алады!– деп мен көпшілікке әдейілеп естірте жауап қайтардым. – Бұлар да қорқуды білмейтін болып кеткен, анау отырғандар сияқты жанынан кешкен лаужяулар!... Ей ағайындар, дедім сонсоң жігіттеріме көз қыса қарап. – Мына таяққа қараңдар!– шыбықты ысқырта сермеп, білеп-білеп жібердім. – Алдыға түсіп орып бара жатқан анау екеуіне жете аласыңдар ма, иә, ли дүйжаң маған ұстатқан мына таяқты жейсіңдер ме? – «Біз өгіз емес!», «күшіміз жетісінше ғана істейміз, ауырып жүрміз!», «істеген сайын зорлап істете бермек эканда!», «ей беғыраздар, сонша асығып орып қайда бармақсыңдар!»– деп жарыса даурыққан көпшілік қасақана маған да зекіріп жіберді. – «Әфәндім, сіз тастаңыз таяқты, ұрса өзі ұрсын!» – Міне солай болады!– деп шыбықты дүйжаңның өз алдына тастай салдым да өз орныма барып орағымды ұстап отыра қалдым. Тағы да жымия сөйледі дүйжаң. – Осы жаздық жиын-терім бітісімен бағалау жүргіземіз. Кім жақсы істесе соның қалпағын алып қоя береміз. Кім жаман істеп, жақсы істеген белсенділерге жаңағыдай соққы берсе, жазалаймыз! Ұқтыңдар ма, солай болады. Әне, анау екеуі осылай істей берсе, сөзсіз, үйлеріне кетеді! Ли дүйжаң осы алтын сөзін бітіре сала маңайымызды айлана сүмеңдеп, күнжарамызды іздей жөнелді. Қамыс дестелер мен баулардың арасын, астын тінтті. Ештеңе таба алмай алыстап, кез құйрықша айлана берді. – Ей беғраздар, біздің құлағымыз бір болса, анау отырған «маймылдардың» құлағы қырық,– деді Тоқты Басит. Алдыға түсіп оза орғандарға түйіле зекіді. – Жақсы істегендерді қоя берсе, олар отырып алып, өздеріне-өздері қастық істей ме, мына ашаршылықта бекер қиналмай жандарыңды бағыңдар!... Дүйжаң қайта оралғанша жейтіндерімізді жеп, сөйлейтінімізді осылай сөйлеп аламыз да ол жақындай бергенде қамыс түбін өзінше мықтап ұстап отыра қаламыз. Жүзіне қарамай екіден-үштен тықырлатып қырқа берсек, көп тұрмай масадан қашып, қыратқа шығып кетеді. Біз орнымыздан тұра сала қамысты шапқылап тастап масаққа жетеміз де жым бола қаламыз. Жым бола қалуымыз, демалу емес, әрине ауыз жұмысының басталғаны. Талап еткен дәрігеріміз жиырма неше күн өткенде әрең жетті, өзіміздің Ләтипа. Жаяу дохтор болып, қашпай-пыспай әтірет аралау сеніміне енді ие болыпты да бірінші әтірет аталған бізге алдымен жетіпті. «Өңейіп қалыпсыз, жүдемепсіз» деп маған қол беріп, қуаныш білдірді де жиған-терген тәуір таблеткаларын менің жанқалтама тықты. «Башқа әтіретларда өлім-жітім көп екан. Іш ауру, ашаршылық!... Сіздің інілеріңіз гана жақсы тұрыпты. Маған өздері іздеп барып, сізге сәлем айтты. «Қайткенде де өз дене қуатын сақтасын» деді. Майдан штабына ең жақын, төртінші әтіретте екан!»– Ләтипа өкпе-жүрегімді тексеріп жатып, осыны ғана айта алды. Тоқты Баситтің құйрығынан екі уколды қатар ұрып, беліне жапсырма дәрі берді. Демалыс қағаз беру құқығы жоқ екен. Сол емнен екі-ақ күнде жазылған Тоқты Басит үшінші күні қамысты тақырлап орған орысымен дүйжаңды разы етті де ел жатысымен ғайып болып, таң атқанда бізбен бірге «оянды». Семіз қойдың қақтаған төстігі босап қалған қобдиымнан көрінгенде көзім жарқ ете түсті. – Сен әкелгенсің ғой? – Мыналарға білдірме, тексерсе айтып қояды! – Қайдан таптың? – Тоғамның ар жағынан қой маңырағанын әнеу күні естігенмін. – Жекенің қойы емес пе, семіз көрінеді? – Қазір жеке меншікте лақ та жоқ, үкіметтікі, біз де үкіметтікі!... Бүгін кеште жер тонар қазып от жағып, соған көміп келемін. Пысып дайын тұрады!... Сол күні түстен кейін түстікті қамыс арасында жасырып жеп, балқып отырғанымда атымды атап шақырған бөгде ұйғыр дауысы естілді. Ішімді жарып тексермесе сездіре қоймаспын деген бекіммен жымия шықтым. – Биғабіл деген зиялы сенбісің?– деп сұрады, қалың қырма сақалды ақсұр ұйғыр кадр. Түрі таныстау сияқты. Қай мекемеде, не қызмет істегеніме дейін сұрап, анықтап алған соң ғана айтты жұмысын. – Сен, біздің төртінші әтіретке бөлінгенсің. Сені әкетуге келдім. Ұйғыр-қазақ зиялылардың барлығы бізде. Қазір жүк-тағыңды алып маған ер! Мен жүгімнің көптігін айтып, кейін сол жаққа жүретін арба мен жетіп алуды өтініп едім, көнбеді. Зынданымызға дейін еріп келген Тоқты Басит жүгімді көтерісіп жеткізіп қайтуды Ли дүйжаңға жалбарынып өтініп айтып еді. Ол, жұмыс майданына өзін қайта қуды. – Қап, амал жоқ, сізге бұйырмапты!– деп күбірледі қимас ұрым. Көзінің жасын бір сығып тастап, жүре сөйледі. – Тірі болсақ әлі-ақ көрісерміз. Өмір бойы ұмытпаспын!... Дүниелігімді арқама да, алдыма да, иығыма да таңып, екі боқшаны екі қолыма көтере жөнелдім ызадан. Мәт сопы гансы бұл қайратыма қарқылдап күле қуанды. – «Биғабіл» аталған әфәнді сіз екансыз да!– деді иенге шыққан соң. – Бұрыннан білетінмін, қазір тани алмай қалыппын! – Көңілімді осылай көтермелесе де, зіл болып борбасқа батырып бара жатқан ауыр жүгімнен біразын велесипетіне бөктеру жөнін ойлай қоймаған тәрізді. Еріксіз өтініш айтып едім, «көне таныс» өзінің принципін айтты. – Сен лаужяусың Биғабіл әфәнді. Оның үстіне оңшы, жерлік ұлтшыл, тағы-тағы немене, қоғамымыздағы бар қалпақ сенде!... Ал, мен дектатура кадрымын. Оның үстіне жай кадр ғана емес, төте тәлім-тәрбие беретін гуанжяу[76] кадрың менмін. Сенің жүгіңді көтерісу, принципімізге мүлде қайшы, түсіндің бе? – Түсіндім!– дедім күліп жіберіп. – Олай болса, осы жолда өліп қалсам, «тәрбиелей» алмай қаларсыз, демалып-демалып жүруіме рұқсат етіңіз!... Данышпан тергеушім, ешкім көрмейтін, көрсе де жаман іс демейтін иен даладағы рахым-шапатта осы «принциптің» қаншалық әке құны, неке кегі барын өздеріңізден басқа адам баласы білмесе керек. Егер «принцип» деген көкіректі сіреп қатып қалған сіреспе дерт болса, ашығын айтыңыздаршы, айықтырушы мен-ақ болайын! Бейтаныс жердегі бейтаныс қойдың төстігін ойып жеп қойған маған, көзтаныс сіздердің көкіректі емдеудің несі қиын. Төстіктеріңізді төсқалдағымен қарсылдатып сыпырып алсам, кернеп тұрған дерттеріңіздің өзі-ақ барсылдап атылып шыға бермес пе! Ондай сауапты операция да не қылмыс болмақ! IV Егіндігінде жусап жатқандардан ауыстырылып, қыстаулығында қаусап жатқандарға келіппін. Мені қажыдан келгендей қауқалақтасып қарсы алған бауырлардың ортасында аулада отырғанымда көк есекке қауға қара сақалды біреуді өлікше көлденең өңгеріп қызылсары жігіт келді. «Енді өлімтіктерін артып өлтіретін болды ғой!» деп түтіге жетті де теріс жағына аудара салды өңгергенін. Өліктей сылқ ете түскен қарасақал, жерге бас тигенде ыңқ ете түсіп ыңырсыды. Тірі екен, жүрегім зырқ ете түсті. Қатты терлеп балқып отырған денем, қалтырап кетті. Ыршып тұрып барып, шала өліктің басын сүйеп, тіземе алдым. «Кісім әлі мұсылман екен!– деп сырт жағымнан мұртты қазақ күбірледі де – «қайтсын, азаматтық әдеті ғой!»– деп кәрілеуі құптады. Сылдыр-сұйық мына мұсылмандықтың өзі де суық естілді маған. – Жерге қоя салыңыз Биға, оны енді мамыққа орасаңыз да өлгені-өлген!– деп Қапас күлімсіреп еді, Тоқбай ашық күлді. – Өлгенімізді бұлай құрметтей берсеңіз, күндіз-түні бас құшақтарсыз! Мұншалық тасбауыр болып кеткендіктеріне таңдана қарадым. Қиыншылық көрген соң естерінен азып кеткен бе деуге өңдерінен оншалық айрыла қоймапты. Ойшыл көздері жайнап тұр. Хал үстінде жатқан адамға болатын мейірімнен қалай айрылғандықтарына аңырып отырғанымда, арт жағымдағы мұртты енді сықақтай күлді. – Мұндай бас «алтын табаққа салса шоршып түседі» деуші еді, мынауың қыбыр етпейді ғой тіпті! Алдымдағының ненің басы екендігін осы мақалдан сездім. Арыздасып-қоштасар шақта итке теңелуі бекер емес қой, бұл да бір шағымпаз жалақорлықпен көптен айрылған сақал болса керек. Басын жерге қоя салып түрегелгенімде менің мөлшерімді Зарықбек анықтады. – Биға, бұл пәленің өтірік шағымынан, өзі ашаршылықтан жығылған соң ғана құтылып едік, оқыс боп қайта тіріліп кетпесін! – Бұл ит түгіл нелер асыл азаматтарымыздан да айрылдық!– деп күрсінді тағы бір қазақ... – Көрші жатақтан екі ұйғыр жігіт шықты да өлімтіктің екі қолынан сүйреп ала жөнелді. Олар да менің мына «тасжүректерімше» күлімсірейді. Мұның өліміне олар да қуанатын тәрізді. Дауал түбіне жатқызып, бірдемемен жаба салды да жатағындағы орнына өлмей тұрып-ақ адалап сыпырып шығарып тастады. – Шырағым Биғабіл, бізге қарай бердің, жүрек-бауыры жоқ, қайдан келген қазақтар деп, осындағы жасы үлкен бізді кінәлайтын шығарсың, мен сөйлеп берейін,– деп салалы қара мұрттысы бастады сөзді. Студенттерден басқасы түгелімен Алтайдың Көктоғай ауданынан келіпті. 58-ші жылы коммуна құрылып, «зор секіріп ілгерлеу» басталғанда секіріп көтеріліп тауға шығып кеткен «бандыға ілесушілер» екен. Қылмыстары заң кесіміне толмай, Лопнорға сол жылы айдалып келген жетпісінен қазір жиырмасы ғана қалыпты. – Көбі осы жылдың басынан бері қарай қырылды!– деп күрсінді мұртты. – Марқұмдардың әрқайсысының өліміне жендеттік-тасбауырлық себеп болған. Оны қазірше айтып қайтейік, сенің мына бауырларың келіп қосылған соң ғана жандайшап жендеттерден теңдік алдық. Қалғандарымыздың буындарымыз қазірше беріктеу сықылды. Мұнан соң не боларымызды кім білсін, өлім-жітім қазір ұйғыр туыстарда көбірек болып тұр! Бұл өлімге бірінші әтіреттегіден басқаша бір себеп барын сезе сұрадым. – Қазір жаздық орма уақытында тауық болып теріп жеп тұруға болады екен. Тым болмағанда шөже болуға да өнерлері жетпей қалғаны ма? – Шөже түгіл қораз, тіпті, қасқыр болып алғандар да өліп жатыр. Биыл дымды жерге еккен бидайымізді қамыс басып түншықтырып өлтірді. «Секіреміз» деп қағынып, қағыр далаға шаша берген көп бидайымыз өспей, көде боп бас жара сала солды. Қамысына да, көдесіне де әулекілеріміз орақшылық өнер көрсетіп, үш-ақ күнде сыпырып қырманға өткізіп бере салды да тоған қазуға қуылды. Қазір қырманға да, жүгері тақталарына да жолай алмай құртылып отыр. Бір ай болды тотиғанымызға! – Биылғы жауыннан үй құласа да «қуаңшылық апат келді» деп жариялап, айлық тамақ нормамызды он төрт килодан тоғыз килоға бір-ақ түсірді!– деп біреуі күңкілдеді. – Басқаларынан көрі сіздердің өңдеріңіз тәуір екен. Несібелеріңіз үзіле қоймаған сияқты ғой? – Бұл, бірлік-ынтымағымыздың арқасы еді. Мына бауырлар қырман мен жүгері күзеттеріндегі ханзу-дүңгендермен байланысып жүр еді. Басшылығымыз соны сездіме екен, қырманында қалған екі қап дәнін клеткаға кіргізіп ала қойды да атыздағы жүгері күзетін дүңгендермен көбейтті. Бірін-біріне күзеттіріп, екі-үш күннен бері тынысымызды бір-ақ буды сөйтіп! Жаңа табысқандағы қуанышымыз осымен тоқтады. Кешкі тамақ болып келген сасық сары сықбасы мен соның суын іше салып қамыс сүтіндегі орнымызға бүрісе-бүрісе құладық. Қасымда жатқан Қапасқа қалыңдығының жынданып кеткен хабарын айтудан шектелдім. Мынадай халде жүргенінде оны естіртуге қарағанда өзін «пері» болып соғуым жеңілірек сияқты... Өлімімен қуантқан қара сақалдыны таңертең екі жігіт зәмбілмен көтеріп, дөңге әкетті де қалғанымыз кетпен-күрек көтеріп шұбай жөнелдік. Ендігі істеп жатқан жұмыстары төменгі сортаң сазды егіндіктің арасынан сорын тартатын сорғытқыш тоған қазу жұмысы екен. Аяқтарын мұзда келе жатқандай сүйрете ілбіп ауладан тұнжырай шыққандардың алдына тізіліп едік. Арт жағымыздан күрс-күрс құлаған дабыс естілді. Жалт қарасам, жол шетіндегі жар қабақтан екі лаужяу қатар құлапты. Жардың жарылып тұрған кенересі үстілеріне құлап, лезде көміп те үлгерді. Аласалау жерінен секіріп түсіп құтқаруға жүгіргенімде Қапас пен Асылбек атты дазужаң[77] ұстай алды. «Оны қайтесіз» деседі! «Бұлай жығылғандардың біреуін де құтқара алған емеспіз», «құлаған соң-ақ өлді дей бер!»– екеуі екі қолымнан тарта жөнелді. Сонда да қайрылып қарай бердім. Арт жағымызда шұбай келе жатқан екі жүзден көбірек лаужяудың бірде-бірі көз қырын да салмады құлағандарына. Соңымыздан айдап келе жатқан екі кадрдың бірі аулада қалғандарға дауыстап қойып қана өте берді. Қазып жатқан сорғытқыш тоған майдан штабының дәл тұсында екен. Бес километр жол жүріп, түске жақын әрең жеттік. Емханасының қайда екендігін сұрасам, біздің әтіреттің ар жағында осындай жерде «көне майдан штабында» десті. Аға-бауырлардың ең ықыласты жұмысы, қазылып жатқан тоғанның ішінен қамыстың қатпаған ақ тамырын суырып жеу болды. Бұл кәсіпке де бажырая қарап қалғанымда Қапас бір уыс алдыма әкеліп қоя қойды. «Өңештен өткеннің бәрі тамақ, алып жіберіңіз!» дейді. Өңешімнен расында да тамақ тәрізімен өтті. Түскі келген тамақтан қамыстың осы ақ тамыры жағымдырақ сезілді. Бір күрек топырақ лақтырған болып мен де екі тұтам тамыр суырдым да тұрдым. Кеште аш адамша қиралаңдамай, тік жүріп қайттым да ертеңіне тіпті дәндеп, саздан шұбалшаң суырған қараторғайша суырып, қылғи бердім. Ал, шыңына жетіп қалған лаужяулар қайтар жолда бірнеше жерге отырып, қойындарындағы осы жолазықтарымен «қона-түстене» жылжып, ымырт жабылғанда әрең жетеді. Айдаушы кадрлардың мұндайда көк есектегі жидашы зужаңға тапсырудан басқа амалы жоқ. Бірінші әтіреттегідей сүйреп әкетуге жол ұзақ екен. «Өзі өлгісі келіп жығылып өлетіндерді» есепке алмағанда, әйтеуір күз маусымын «аман» өткіздік. «Ап-аманмын, алаң болмаңдар, денсаулығыма бұл жер тіпті жақты» деп Мақпалға үшінші рет хат жазып жөнелттім. Одан жауап хат келмесе де, хатым жетсе де, жетпесе де ай сайын жазып тұрмасам, жеген қамысым өңешімнен өтер емес. Тым болмағанда қырылып жатқан қанды майданға әдейілеп айдап салған сақшы назараты ескере тұрсын деп жазамын. Жауған қарын тоқтатпай жұтып қоятын сорлы сахараның қара қысы қақап басталды. Өліп үлгере алмай қалғанымыз әлі де жүз елудей бар едік. әтіреттің қожасы, Ма фамилиялы бір қақа тұяқ зыдауян[78] келді де қазып жатқан сорғытқышымыздың жарымын басқа бір әтіретке өткізгендігін айтып, жарымымызды алыстағы бір жерден қазылатын сорғытқышқа айдап жөнелді. Менің бауырларымнан Асылбек, Зарықбек, Тоқбай, Ақбай, Жақан, Шайза да соған бөлініп кетті. Сөйтіп бұл сорғытқыштың қалған жарымын зор секіріп бірінші айдың соңына дейін бітіру міндеті бізге артылғаны ұқтырылды. Кадрлар мен әскерлер келіп жетпісіміздің желкемізде қыдиып тұрып алды. Екі күннен соң-ақ олардың талабының керісінше, лаужяулардың көбі отырып қалды. Қыр көрсету үшін емес, кәдімгі көтерем малша жер тіреп шоңқиды. Түртіп қалса құлай кетіп, қалшылдаған иектерін жалғыз-ақ қағатындардың көбейгені көрінді. Алақтай қалды кадрлар. Қайтарда бәрін көтере алатын көк есек барма, түнгі суыққа қалса, түгел қырылғаны. Соны ойлап олар да шоңқиды. Тіп-тік қалпымда мен де қисая кетіп, «ал секірт!» дедім. Қаза берсек, осы жыраға өзіміз көмілетіндігіміз көрініп болған. Майдан штабындағы бастықтар тұсымыздан көріп отырыпты. «Жалқаулығымызды» жойып, мықтап секіртудің жаңа бұйрығын жариялай қойды ертеңіне. Қырылса маңымызды сасытпай, алыста қырылсын деген сияқты: «мұздың қатқан шағынан пайдаланып, көл қасындағы кейін басталған сорғытқышты алдымен бітіріп алыңдар» депті. Сөйтіп алдыңғы кеткендердің соңынан бізді де айдай жөнелді. Бірінші әтіреттен көшіп келгендегі қиыншылықтан зәтте болғандығымнан төсенішім мен көрпемді ғана иін ағашқа іліп көтердім. Қашып шығу орайы келе қалса керек болар деп жеңіл батинкамды ғана алыппын. Жиырма шақты автомат айдаған жетпіс лаужяу жығыла-сүріне жылжып, түс ауа құм шағыл төбелер арасындағы бір әтіреттің жыңғыл қорғанына әрең жеттік. Асхана тайқазанына капуста түбірін қайнатып қойған екен. Ыдыстарымызға екіден-үштен санап салып берді. Арт жақтағы ошақ аузына айланып барып отыра кеттім. Мұздап қалған жалғыз сары сықпамды қоламтаға қоя салып, капуста түбірінің бірін кеміре бастадым. Кеудесін түк басқан жалаң төс бырысқан тері бөрікті, үйітілген қалың күрең сақалды бір дәу екі көзі өрттей тұтанып қарсы алдыма келіп қалғанын бір-ақ көріппін. Құтырған қасқырдай сиқынан шімірігіп сәлем беріп едім, тыңдар емес. Жұтып жіберердей, кірпік қақпай қадалып ентелей түсті. Екі аяғымның арасындағы ыдысыма қарап қойып жылжыды. Алқымымнан ала түсердей арбиған екі шеңгелін бүркітше ыңғайлап алыпты. Тоқта дегендей қолыммен ишаралағаныма да қарар емес. Адамдық сезімнен мүлде айрылған аса жыртқыш көзінен нақтылы құтырған адам көрінді. Сескенерме деп мен де қадала қарадым. Бассалуға ыңғайланып еңкейе төнді. Жалпақ тері шақайлы аяғының ұшы ыдысыма тиді. Аяғымды жиып, ыдысты бір қолыма ала түрегелдім. Қос шеңгелімен жармаса кетті ыдысқа. Бір қолыммен кеуідесінен итеріп қалдым. Жай итеру емес, сасқанымнан бар күшіммен түйіп жіберіппін. Арт жағындағы үйген күлге сылқ етіп құлай кеткен «дәу дию» кішкене балаша шыр ете түсті. Бүйімтайын сонда түсіндім: – Мен бұл жайыңызды білмей, қолымды қорыққанымнан жұмсап қалдым!– деп сүйемелдеп отырғыздым да қолымдағы ыдысты ұстата қойдым. Капустаның қатты екі түбірін тісімен қарсылдатып жіберіп жұта салды. Сары кебек сықпамды көрмеген екен. Жартысын сындырып аузына тыққанымда сүйінген де, күйінген де рай көрінбеді жүзінен. Көзі сол өшіккен қасқыр қалпында шатынап қадала берді. Сықпаның қалған жарымын өз аузыма салдым да ыдысымды алып жүріп кенттім. Жылап барамын, тамсана шайнаңдап барамын. Ошақ аузынан алыстаңқырап барып қарасам, дәуім әлі сол қадалған – «жауласқан» қалпы, құтырған көзін менен аударар емес. Асхана бұрышына барып мен де қарап тұрып қалыппын. – Осы сырттан жылаған баланың дауысы естілді ме?– деп сыртымнан көктоғайлық мұртты келіп сұрады. Мен, бала емес, «дию» екендігін көрсете тұрып, болған оқиғаны сөйлеп бердім. – Ой бейшара-ай, бұл да біткен екен ғой, осы әтіреттің отызыншысы болатын!– деді мұртты ағай. Көп көргендігі әңгіме-кеңесінен білініп тұратын бұл кісінің аты Дәмелқан еді. Мен тебірене айтқан бұл оқиғаны солай тұжыра салды да өзімді кінәлай сөйлеп, ерте жөнелді. – Сіз өте көңілшек екенсіз, біз өзіміз де осы халде жүрміз ғой, өлім алдындағы бәріне жаныңыз ашып, аузыңыздағыны жырып бере берсеңіз, бәрінен бұрын өзіңіз кетесіз! Тастай қатты мына тұрмыста темірдей беріктік қажет. Таптырған әкеге де қарасып-қайрылысатын кез емес!... Ал, бүгін баратын жерімізге жете алмайтын болған соң осы әтеретте қонып қалатын сияқтымыз. Басқалардан бұрынырақ барып, бос үйдің біріне орналаса қоялық! Осыны айта сала менен оза ұмтылып, ең шеттегі жер үйге кіріп кетті. Мен жеткенде қамыс төселген орындарға түгелімен бір-бір нәрсесін қойып үлгеріпті. Шапаны қойылған өз орнының қатарындағы тымағы қойылған орынды маған нұсқады. Белдігі қойыған орынды «Қапастікі» дей сала тымағын қолына ала жүгіріп, сыртқа қайта шықты. Асхана жақтан көрінген қазақтың бәріне сол тымақты үнсіз бұлғап қойып тұр екен. Сөйтіп, басқа сапарластардың бәрінен бұрын, екі ғана бос үйдің бірін иелене қойыппыз. Жетпіс лаужяудың қырық ауруы түгел далаға қисайды. – Үй жылытатын отын тереміз деп әуіре болмаңдар, сағи бағана кеткен!– деді сонсоң. Мына шақта бір адамның әкелген отыны бір түнге жетпейтіндігін айтып, мен де шығуға ұмтылып едім. – Жететіндігін қазір-ақ көресіз, төсенішіңізді жай да тынық!– деп бұйырды. Бұтарлап сидалап байланған, атан түйенің теңіндей қу жыңғыл күрс ете түсті есік алдына. Қыр мұрынды қараторы сұлу жігіт екі иығына төрт адам мінгескендей зор денесін екі бүктеп кірді жер үйге. Сағи дегені осы жігіт еді. Әтіреттің отынын тасып, арбакештермен бірге жататындықтан сирек кездесетінбіз. Керейше шошақ тымағын бусанған басынан алып, есік жақтағы бос орынға тастай салды. Ұзын көпісін шешіп жатып, от жағуға кіріскендерге тойтарыс айтып қайтарды. – Өзім жағамын, тынығып жата беріңдер! – Жақын маңда мұндай отын жоқ, недәуір алыстан әкеліпсің, рахмет, енді сен кіріспей-ақ қой!– деп Қапас отын алып кіріп еді. Сағи оны қолынан тартып апарып, орнына отырғызды. Бәріңнен кіші мен тұрғанда отын-су жұмысына күш шығармаңдар! Қапас, сықақшыл көзін күлімдете қадап тергеді оны.
|
|||
|