Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 34 страница



– Соттауға лайық қылмыс шықты ма, иә, әкетіп бара жатқан капиталдарыңыз көп пе еді?

– Не қылмыс болмақ. Пәлендей капитал да жоқ, тек күмән. Бұлар жазалағысы келгенде заңын бүктеп қойып, қара сырмен сырлай бермей ме!... Мен шағынсам, тіпті қиналамын. Ерім түрмеде. Бір балам Құлжада, бірі Шаңхайда, бірі Австралияда, үй мүлкіміз Бижінде пешеттеулі. Мен міне, Такламаканға кетіп барамын, быт–шыт болдық!... Біздің халқымызға қарағанда сіздің хасірет, жай ғана ғой, және жассыздар!

– Бала-шағаммен көрістірмегеніне көп болып еді. Әйелім де қалпақты, режимде. Менің қайда кеткенімді білмеген күйінде қалды. Шәуешектегі шешем қартайған. Ал, ең жаманы, менің хатымды жүргізбейді. Нахақтығымызды біліп отырып-ақ әдейі осылай адастырып, тоздырып жібермек!

– Социализм деген ең қатерлі апат болды ғой!

– Олай дей көрмеңіз, социализмнің өз табиғатында, өз идеялогиясында титтей де апаттық-арамдық жоқ. Мұндай мала матаншылықтың барлығы бұрмалаушылар мен бұзғыншылардың ісі! Суды лайлап балық аулаушы сұмдардың бірлесіп алғандығынан болып отыр. Бұл жаулар басқа, социализм басқа!.. Сіз солшыл социал шоунизм мен социал империялизмді социализм деген осы ғана деп иянаттауыңыз мүмкін!...

– Бұл, маған ышана қоймағандығыңыздан айтып отырғаныңыз ғой,– деп Ләтипа тағы да күліп жіберді. – Сіз, еркін мүтәпаккүрдің адамысыз. Құлдық-мүриделік аңнан құтылып болған кішісіз. Еркіндік пен ақиқи демократияның қайда екендігін толық біләсіз!

– Менің еркін іздегенім рас. Адамзат тіршілігінің мұқтажы сол екеуінде болғандықтан бұл жөнінде өз бетіммен талаптанып, тәп-тәуір білім алғаным да рас. Сол білгендерімнің ішінде менің таңдап тапқаным, диялектикалық материализм мен тарихи материализм ғана. Алдыңғысы, кейінгісінің анасы ғой. Мен соның ғана мүритімін. Бұған бағыныссыз пәлендей еркіндік пен пәлендей демократия бар дегеннің бәріне қарсымын. Бәрі де көз бояушы, сұм саясаттың жемісі. Бәрі де жалған. Бәрі де тар шеңбердегі таптық бұйымдар!... Өзінің табиғи бабымен, тарихи шартымен жүргізсе, жалпыға тең – көлемі кең жақсылық социализмнен ғана табылады.

– Сіз расында ошылай ғанасыз ба?– деп аңыра қарады Ләтипа.

– «Осылай ғана» емес, дәл осылаймын, жасандылығы жоқ, табиғи қызылмын.

– Сіздің көпшілік естіп-біліп жүрген пікірлеріңізге қарап, сойласуга, өз ойымды кеңітуге құмар едім... Таңданбай-ақ қойыңыз, расында шолай едім, енді айтысатын болдым, айып етпеңіз, жолдың қысқаруына да, хасіретімізді ұмыта тұруымызға да жақсы!

Сөйтіп, Ләтипа деген бұл кексе редакцион – өз теориясы жөнінен жетілген, нағыз пәле редакцион болып шықты. Ол таласпаған Америка демократиясы, ол білмейтін Тито социализмі, ол шоқынбайтын капитализм «заңшылдығы», «әділеті» болмай шықты. Ал айтыс... Тито социализмінен басқа көз қарасына мен де қатты тиістім. Жалалардың өзімді жауға айналдырып қойғаны болмаса, қас жауып бетпе-бет келе қалмады ма!... Ол тіпті қасарыса түсті. Екеуімізде бетпақ екенбіз. Көрші отырғандығымыз үшін көріністе күле соғысқанымыз болмаса, ішімізден шындап-ақ «атом бомбы» атылып жатты.

Бұл соғыс, кешкі қоналқы орынға жете малша маталып екеуіміз екі қораға қамалғанда тыныстап, құзғын сәріде автомобилімізбен бірге қайта от алып келді де, үшінші күні сәскеде тосыннан тоқтады. Тоқтайық деп ымыраға келу арқылы шарт бойынша тоқтағаны емес, соғыстың өзі үркетін жерге жеткенде тоқтапты. Борбас топыраққа түншығып, машинамыз бырылдай қалғанда білдік, алдымыз тым үрейлі екен. «Құс ұшпас, құлан жортпас құла дүздің» дәл өзі!

Машинаны бірнеше сағат бырылдатып, шойқаңдатып барып, шексіз созылған тырбық қамысты сап-сары сахараға кірдік. Сары қамыс көрінгенімен сұп-сұр борбас тағы да бырылдата берді. Аспаны да сап-сары. Шөлден талықсып үзіліп бара жатқан шаңды бет күні көкжиекке жығыла кеткенде тоқтады автомобиль. Күн батса да тымырық ыстық иен борбас әлі де созылып жатыр. Тізім бойынша шақырылып, «еркек мал» түгел түсірілді. Айырылысатындығымызды енді білдік. Әріптес жауым жылап сөйлеп қоштасты.

– Сіз болмасаңыз, мынадай сапарда шашым түгел ағарып кетеді екен, Биғабіл әфәнді, рахмет, аман болыңыз!

– Мені қиялға жұлмалатпай, мына «жәннәтқа» күрес жігерімен бүп-бүтін жеткізген сізге көп рахмет! – Осы сөздермен жылай күлісіп қол қысып айырылыстық.

Шолғыншы келіншек тіпті қатты қысты қолымды.

– Бір майдандармыз ғой, көрісіп тұрайық!– деп үміт отын көзінен ойната айырылысты. Қайта бырылдай жөнелген автомобильдің шаңы көме кетті бізді.

Буыншақ-түйіншегімізді сол жерге үйгізіп қойып, жиырмамызды он «жепаңжүн» күншығысқа қарай айдады. «Бұл жер біз біледі, нәрселеріңді жейді. Ит жоқ, қасқыр келе алмайды, алыс!»– деп ыржыңдасады.

– Ұры әкетпей ме?– дегеніме тіпті күлісті.

– Барлық ұрыны біз ұрлайды, мұны кім ұрлайды, ха–һа–һа–һа...а...

Сорға толарсақтап батып, түн ортасына дейін айдалдық. Жақын маңнан майдан түгіл бірер тірі мақұлықтың да дерегі білінбейді. Тымырсық тозаң тұманға бөккен тырбық қамысты қараңғылыққа сүңгіп барамыз. Бір жазаң өзекшеге енді құлдай бергенімізде алдымызда келе жатқан Тоқты Басит сүрініп кеткендей болды да ыңқ ете түсті. Тоқтай қалып қарасақ жығылған жерінен көрінбеді. Сақшылар қарық болып күле жөнелгенде Тоқты Бәситтің зарланған үні жер астынан естілді.

– Ой белім, ой белім!... Әй анаңны с... теппе! Теппе деймін!...

– «Ни сүй?», «Кім бұ?», «Сүй-сүй-сүй?»[73]– деп «жер астындағы ғалам» да әртүрлі дауыспен даурығыса жөнелді. Дереу шақпақ шағылып, Тоқты Баситтың түсіп кеткен «құдығынан» жарық жылтырады, жер үйдің түңлігі екен. Тоқты Басит жермен жер болып жатқан сол түңліктен лоп лаужяуларының үстіне түсіпті.

Дәл желкеден құнжиып тұрған дөңде ұйықтап қалған пос, сол дауыстан оянып, мылтық затворын зекіре шақылдатты бізге. Алдыңғы жағымыздан қолшырақты сақшы жүгіріп келіп, бізді бастап құлдатып өзекке түсірді де басқа бір жер үйдің есігін нұсқады. Өзектен сатылап, тағы да тереңдете қазылған каридормен тағы да құлдап барып кірдік. Терең үңгүр екен. Төселген қамыс үстіне құлай-құлай кеттік. Тоқты Баситты екі сақшы коридор баспалдағынан зарлата сүйемелдеп түсірді де табалдырықтан үстімізге құлата сала жөнелді.

Мұндағы тіршілік үні, таңертеңгі жұмысқа шығу қоңырауы соғылғанда естілді бізге. Бірақ шын тіршілік үніне ұқсамай, өлеусіреп, мертіккен Тоқты Баситше ыңыранып–ыңырсып, ыңқылдап естілді. Түрегеліп, баспалдақпен өрлеп барып қарасам, өрт шалған қу шіліктей өңшең сидиған көтерем аруақты тізіп, қақпалап айдап барады. Жаным түршігіп кетті. Шолақ көйлек-штандары борша-борша. Шидей білектерінде бір-бір орақ. Ыңырсығандары, ілесе алмай сүйреліп бара жатқандары екен. Азаттық армия жауынгерлері олардың орақтарын мойындарына жіппен асып қойып сүйреп барады!..

Бұл жерде орма басталып кеткенін енді ұқтым. Егіннің де «зор секіріп ілгерілеп» бір ай бұрын пысқаны ғой. Дән алып қурады ма екен, дән алмай-ақ «пыса» салды ма екен?... Күрсіне қайтып барып құладым орныма. Үрімжіден алдап айдап келген әлгі жайнауыз алдамшының «ет пен балыққа бөктіріп» жүрген лаужяулары осылар болды. «Қақпалаумен сүйреуге енді біз де түсерміз-ақ» деген қауіпке тереңдеп бата түстім.

Томсырайған тозаң бет, былшық көзді күн мына майданның Лаужяуларынша сүйреліп әрең көтерілді. Кеше түстегі Корладан жеген бір-бір зағырадан[74] соң нәр татпаған адамның күні жылжима. Тісімізді жараған буырша шақырлатып жатқанымызда жолда қалған мүлкіміз келді. Төрт ат тоңқалаңдатқан резеңке дөңгелекті қос аяқ арба шарқая арбакешті ойбайлата жеткенде–ақ көрден шыға жүгіріп, өзіміз түсіріп алдық.

«Құдай бергенде бәрі де өздігінен келеді», өзімізге таныс сасық сары момы мен оның «сорпасы» жетіп келді. Мына Лаужяулардың да ішегін шұбатып қойған осы» сүргі» екенін түсіне күрсіністік. Бұл, тіпті шіріп, құрттап кеткен «сүргі» екен. Қызыл бас құрттарын умаш бетінен қалқып тастай отырып қылғысымызбен дүйжаң алдына шақырылдық.

Ұйғырша шала-шарпы қосып сөйлейтін кексе, арық сұр Ли фамилиялы дүйжаң екен. «Лопнор Сауху лаужяу майданның бірінші әтіретінің бастығымын. Әтіретіміз түгелімен ханзу лаужяулардан құралған. Күші бар ұлттық лаужяулардан бір группа сұрап, майдан басшылығына қақсап жүріп, сендерді әрең алып қалдық» деп түсіндірді алдымен. Тізімдегі атымызға, таныстырудағы затымызға қарап-қарап алып, түске дейін демалыс жариялады. Тіпті жарылқап, үлкен тоғанға барып жуынып-тазарып қайтуымызға да қамқорлық етті. Бұл кеңшілігіне таңдана жөнелдік. Әскер қоспай, өзімізді-өзімізге тапсырып жымиды.

Тоғаны солтүстіктен оңтүстікке, осы өзекше ойпаңның аяқ жағымен өтеді екен. Егіндігі көрінбеді. Кәдімгідей зор күшпен түп-түзу қазылған үлкен тоған болғанымен суы «кәдімгідей» емес, жаңағы ішкен құртты умашымыздан қоюырақ, сап-сары лай. Мұның құрты тіпті қорқынышты көрінді: денеге жабысып, шайнап жейді екен. Ал, масасы одан да бетер, аш қасқырдай тиді. Тазарып қайтамыз деп барып, батпаққа аунап былғанып қайттық.

Тоған маңындағы ірі жыңғылдан таңдап жұлып, Тоқты Баситке екі таяқ әкеліп едім. Қатарымыздағы көрде ағаш аралап жатқан бір ұста ханзу шыға келіп, дереу балдақ қып жасап бере қойды. Тоқты Басит өзін қолтықтап жүргізетін бала-шағасы келгендей қуанды бұған. Алғысының барлығын маған жаудыра келіп, осы қос балдақпен Корлаға жетіп алатындығын айтты. Тісін, «осылардың ызасына...» деп шақырлатады. Жолдағы сусыз борбастан қазіргі ыстықта киік те өте алмайтындығын айтып, күте тұруға әрең көндірдім.

Көрімізден түстен кейін Ли дүйжаңның өзі айдап шықты.

– Қазір даяужың уақыты. Жаздық жиын-терім жұмысы біткен соң көп демаласыңдар!– деп өз сөзіне өзі мәз бола ыржиып өсиеттейді. – Жаздық бидайді орып бітіріп, «үлкен жексенбіні» тезірек қолға келтірулерің қажет!

– Бидай ору түгіл өзім жүре алмаймын!– деген Тоқты Баситқа осы өсиетін тіпті жадырай қайталап түсіндірген дүйжаң жымиып барып, бір мықтырақ зәмбілді сүйреп әкелді. Жымия келіп, Тоқты Баситтің өзінің жібін сұрап алды да орақты мойнына асып байлады.

– Даяужың уақытында жұмысқа қатынаспай бекер жатуға бола ма, солай емес пе!– деп күлімсіреді де алыптай Тоқтыны зәмбілге отырғызып, екі жігітке көтерте жөнелді. – Бүгін, меймансың, солай емеспе, ертең аяғыңмен жүрмесең, арқаңмен жүріп барасың, әрине солай болады!

«Жұп-жұмсақ» Ли дүйжаңның өзі ере жүрді бізге. Маса мен құмыты құжынаған қалың қамысты өзектен өткізіп, қыратпен бастады. Егіндік көрінбей, өзектің аржақ тақыр қабырғасында шоңқиып-шоңқиып отырған таңертеңгі «аруақтар» көрінді.

– Егіндік қайда?– деп сұрадым. Тағы да жымия жауап қайтарды Ли дүйжаң.

– Осы жақтың бәрі егін, әне орып отырмай ма!... Міне мына қамыстың арасы да түгел бидай. Адамымыз аз болып, шөптеп үлгере алмағандығымыздан қамыс басып кетті. Сонда да түгел орып аламыз. Қырманға барған соң қамыстан өзі-ақ айрылады, солай емес пе?

Шошына қарадым «егіндіктеріне». Кең өзектегі қалың қамыс арасында расында да бірен-саран өскен бидай бар екен. Ал, өзектің жазыққа айналып кеткен аяқ жағындағы бидай дегені, қурап кеткен селеумен жусан сияқты. Топырағы көрініп жатыр. Отырғандардың оған орақ салып, қымырлаған ешбірі көрінбейді. Жеке-жеке шоңқиып, бит теріп отырған көп маймыл, көз жететін өңірге түгел жайылыпты. Тым-тырыс. «Зор секіріп» қу даланың бәрін жыртып, ұрық шашқан да, бір тақтасынан да өндіре алмай қалған!..

– Ей, тез орыңдар!– деп айқайлады дүйжаң қабырғалап отырғандарға. – Даяужың уақытында кім берген демалыс, тез орыңдар!

Бұл бұйрықты кәрі маймыл қалыптары бұзылар емес. Дүйжаңның дауысымен аржақ қырат үстінен түрегелген екі сары киімді де сол бұйрықты домалатып, еш бірін қозғай алмады. Кадрларына группа бастығынша жареуке үн қосқан ешкім көрінбеді. Тегі ондай пысықтары да мағдырдан айрылған сияқты.

Дүйжаң енді бізді қузады.

– Ал, бастаңдар, осы өзектегі «бидайді» анау жатақтарыңа дейін тап-таза орып, мықтап баулаңдар!

Біз қалың өскен нар қамысқа тиіспей, арасындағы масақ бидайді теріп ора жөнеліп едік, дүйжаң жүгіріп келіп иығымыздан бір-бірден басып отырғызда да өзі де отыра қалып орып көрсетті. Қамыстың түбінен мықтап ұстап, нақтап-нақтап он шақтысын қырықты да.

– Міне осылай!– деді. – Қамысты түбінен қатты ұстап ормасаңдар бидай жерге түсіп қалады. Қамысты ормай қалдырып кетсеңдер, оның далдасында бидай да орылмай қалады!... Ұқтыңдар ма? Бір түйірін жерде қалдырмау үшін осылай ору керек! Даяужың, орталық комитеттің нұсқауы. Солай емес пе?

– Солай, солай!– десіп, жауапты ызалы күлкімен қайырып едік. «Кішпейілдік» көрсетіп өзі де изектей жымиды. Сол жымиысына қарап қалыппын. «Жеті ағайынды апаттың Даяужыңның соңғы екіншісі – өзіңізсіз ау, ә!» дегендеймін. «Уытын дәммсіздігімен сездірмей өтіп, сеспей қатыратын нағыз қатерлі у сияқтысың!»

Ли дүйжаң сол жымиғаннан жымиып барып, зәмбілде жатқан Тоқты Баситтің қасына тұра қалды да ауырған жерін сұрады. Белін, атылып кетуден сақтанғандай еппен ғана ашып, сұқ саусағымен түртіп көрді. Бізді шақырды сонсоң. Түнде құлағанда қатты бердемеге тиген бел омыртқа талаурап ісіп тұрған болатын. Тоқтыны домалата салып, астындағы зәмбілді төңкерді де соның томпақ сыртына шалқалатып жатқызуға бұйырды.

– Белі бүкірейіп қалмау үшін осылай таңып қою керек, солай емеспе, он минутта жазылады! Мен білемін, солай болады!

– «Солай болмайды» дүйжаң, омыртқасы зақымдалған болса у шығып кетеді!– дегенімше үш-төрт жігітке көтертіп, төңкерілген зәмбілге шалқалатып жатқызды да, басқызып қойып, зәмбілдің екі сабына екі шынтағынан өзі таңды. Шырқырап кетті Тоқты Басит. Екі аяғын екі жігітке бастырып қойып тағы таңды. Талықсып кеткен алып жігіттер тер басқан жүзіне қарай алмай жүріп кеттім. – Міне, міне, енді жазылды ха-ха-ха-һа...а... мен көрген, қазір жазылады. Міне, жыламайтын болды. Қарнын қанша маса жеп жатса да білмейді, көрдің бе, рақаттанып ұйықтап кетті! Солай болады, тез жазылады!

Дүйжаң бізден оқшауланып, беткейге барып отырды. Түсіміздің түгел бұзылып кеткенінен секем алған сияқты. Жан мылтығын шығарып, сүрткен бола отырып, тез оруға бұйырды. Мен, Тоқты Баситтің жалаңаштанып қалған қарнына қаптаған масаны үркітіп, шапанын жаптым да Ли дүйжаңның өзінше күлімсірей түрегеліп өтініш айттым.

– Дүйжаң, мынаны дохтұрханаға жіберіп беріңіз, белі жазылса, жұмысқа өте мықты азамат.

– Дохторханаға, ха-ха-ха-һа... ол арбамен бір күнде әрең жететін жерде! Мен өз қолымдағы лаужяудың бәрін осылай өзім емдеп аламын!

– Өз қолыңызбен «емдеп», бәрін еңбек істей алмайтын халге түсіріп қойыпсыз, әне отырған отырыстары! Бізді де солай отырғызып қойсаңыз жұмысты кім істейді, ойлап көріңіз!

– Сен кім?– деп үңіле қарады дүйжаң.

– Мен лаужяу, еңбекпен тәрбиеленуге келдім. Егер доғдырға уақытында қаратып, тұрмысымызға көңіл бөлмесеңіз, мен де анау отырғандар сияқты мейманыңмын!

– Солай ма, кім үйретті мұны саған?... Олай болса сен де осылай байланасың!

– Осылай байлай берсең, ешкімге жұмыс істете алмайсың!... Майдан басшылығына екі жүз лаужяуыңның осы отырған отырысының себебін мәлімдеп алып отырамын! Бұл майдан да өзіңізден үлкен бастықтар да бар шығар, солай емес пе? Әрине солай болады!

– Немді мәлімдейсің? – Дүйжаң орнынан ширай түрегелді.

– Анау отырғандардың бірнешеуі болмаса, көпшілігі бұзық емес. Мынау сияқты себепсіз жазалап, өзіңіз бұзып қойғансыз. Қазір ешқайсысы тіліңізді алмайтын болыпты. Себепсіз байласаңыз мені де бұзасыз! Сонда мына жұмысыңызды кім істейді, кім астық жиып береді? Қайтадан сұрайын, мына Тоқты Баситті босатыңыз! Келе салып, ешқандай қылмыс өткізген емес! Ахуалын түнде бізді айдап келген әскерлерден сұраңыз! Бүйтетін болсаңыз, бізді тілімізді ұқтыра алатын ұлттық әтіретке кетуге мәжбүр етесіз!

– Сенде де быңсы[75] бар сияқты, ә, көремін әлі!

Дүйжаң әтірет штабына қарай қайта жөнелді. Мен Тоқты Баситтің қатты таңылған қолын біраз босатып байладым. Шағынып, өксіп-өксіп қалды.

– Мені арашалаймын деп өзіңіз пәлеге ұшырайтын болдыңыз!

– Жоқ, ештеңе істей алмайды, бар жайы белгілі болды. Жұмыс істей алатын еш адамы қалмапты. Анау бетте отырғандардың бәрі саған ұқсайды. Қаталдық қылса, қалған кереметін біз де көріп аламыз!.. Аянатын неміз қалды!

Біздің жігіттердің бірнешеуі беттегілерге жақындап барып, семген бидай теріп жеп отырғандықтарын айтып келді. «Шіріген жүгері үні өлтіреді, бидай жақсы, мына қамыс арасындағы бидайдың басы бар, бізге де беріп тұрыңдар!» деп сұрапты.

Ли дүйжаң әтірет штабына бармапты, бес минутқа жетпей қайта оралды. Мен қамысты өзінше орған болып отыра қалғанмын. Дүйжаң Тоқты Баситтың қасына барып, аяғымен түртіп қаратты.

– Жазылдың ба?– деп сұрай жымиды.

 – «Әлі өліп болмадың ба» деп сұра, ғаяр!– тісін шақырлата зекірген Тоқтыға бажырая қалған дүйжаң, менің атымды шақырды.

– Биғабили, мұнда кел!... Сен осы группаның зужаңысың, мұнан соң солай болады! Сен басқаларға істетесің, өзің істемейсің болады!

– Ауырғандарын доғдырға емдетіп тұрмасаңыз, әрине істе алмайды, мен істете алмаймын!

– Доғдырды сөйлесеміз, қазір сен басқарып тұр!–дей сала қайта жөнелген дүйжаң, қайрыла нұсқап кетті. – Ананы қазірше босатып қойсаң өзің біледі, сен жауап бересің!

Тоқты Баситтің қол-аяғын дереу шештім де өзіне, шындығында өзіне емес, дүйжаңға естірте ескерттім.

– Сені көлеңкеге апарып жатқызамыз, тыныш жатасың, ә? – Бұйрық соңына бидайы бар жерге отырғызатынымды күбірлеп қосып едім, қымырлай алмай жатқан Тоқты Басит күлімсіреп, кішкене балаша талпынды. Қолтығына қолым тие бергенде–ақ ыршып тұрмақ болды да шыңғырып жіберді. Арғы қолтығынан бір жігіт сүйей қалды келіп. Мертіктің қиналысы тері бұрқ ете түсті. Аштық азабының жанды ұмыттырып, мұншалық өлермен халге түсіргеніне көзімнен жас шыға қалып еді, Тоқты Басит жалт қарап, өксіп-өксіп қалды. Бір-бірімізге қарамай, енді үнсіз жыластық. Қалың қамыс ортасындағы бір топ бидайға жеткізіп отырғызып, балдақтарын қасына қойдым да, дүйжаңға сездірмей жеуді тапсырып қайттым.

Өзді-өз орып жатқан солымыздан да бір-бір ауызды қамдайтын масақ табыла берді. Көк бидайдың көрінген басын жұлып уқалап-үрлеп жіберіп, күйсей бердік. Шегірткедей тісті ғана емес, шаңтастай дөңгелейтін қолы да бар, ең жұт апатқа біз де айнала қалдық сөйтіп, бауланған соншалық көп қамыстан қырманға бір түйір бидай түсірмеуге міндеттелген сияқтымыз.

Тойғандығымыз, кешкі қайтқанда сасық момыға қарамай қойғандығымыздан ғана білінді. Ли дүйжаң, бөлмесіне шақырып апарып, шикі бидай жеушілерді қатал шектеуді тапсырды маған: «көне лаужяуларды бұл өзектегі басты бидайға жолатпадық. Оларға шикі бидай жейтін дерт пайда болған, іш ауру содан тарқалды. Сендер үйлеріңнен «жаңа келгендіктен» бидай жемейтіндіктеріңе сендік. Біреуіне жегізбейсің!... Егер қолыңдағы лайжяулардың үлкен дәреттерінен бидай табыла қалса, сені жазалаймын, солай емес пе? Әрине солай болады!» деп қадағалап «тәрбиелеп» шығарды.

Көк бидайдың бар ауруымызға түгел ем болғанын ертеңіне-ақ біліп, жадырасып қалдық. «Дүниедегі ең қуатты-қарымды тағам» осы екен. Күн сайын құныға түстік. Күнжарамызды дүйжаң көріп қоймасын деп мысықша мұқияттап көму артығырақ жұмыс сияқты көрінгенімен оның есесіне от жағып тамақ істемей, әуреленіп ыдыс-аяқ жумай, тауықшылап жерден теріп қана жеп жүре беру, қандай рахат. Аса жүдеп кеткен Тоқты Баситтің де буыны бекіп, ажарлана түсті. Сонда да замбілмен көтеріп апарып, өрістетіп жайып қайтып жүрдік. Бірнеше күнде қос балдақпен еріп жүре алатын болғанына Ли дүйжаң жымия қарады. Мойнына орағын асып беріп, бидай оруға бұйырды. «Еңбек істемесең тамақ берілмейді, солай емес пе, әрине солай болады»– деп жұп-жұмсақ қана ескертті. "Докторға көрсет, ауруым жоқ болса тамақ берме, солай болады"– деп Тоқты кесетті.

Дүйжаң далада жайылып жатқан екі жүз лайжяуына қарауды да қойып, кешке дейін бізді айландыратын болды. Барлық жұмысын бізге істетіп алмақ тәрізі бар. Қамысты бөліп беріп, бүгін бітіресіңдер дегенді шығарды. Арасындағы масақ бидайы таусылған қамысты шалғылап-шапқылап тастап ырыздыққа тез жету үшін алға ұмтыла беретін жігіттерімізден дәндеп қалыпты. Жыңғыл шыбықтан маған да біреуін әкеліп беріп, артта қалғанын қузауға бұйырды.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.