|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 33 страница– Сен жүгір, запас дөңгелек алып, дереу трактор келсін!... Тез бармасаң... таң атып кетеді! – Өзің бар!... Менің міндетім,– деп құралды сақшы иегімен бізді нұсқады. Шофер қол сағатын нұсқады. – Мен, жарылған дөңгелекті босатып, дайындап тұрмасам болмайды! Бұларды да айдай кет, жұмысшы ұсталардан төрт-бесеуін жіберсін! – Зу! – деді құралды сақшы бізге қарап. Алдыға түсіп лыпылдай жөнелді ұрылар. Үйткенбас келіншек былай шыға ақсап, ілесе алмай қалды да, сақшыға сыбырлап, шаршаған жөнін айтты. Таңды атыра әрең жететін сылтау табылғанына қуандым. Алдыдағыларға жүгірмей жүруді сақшы бұйырды да «арамыздағы жалғыз әйелді қинамай» жай жүруді мен күбірледім. Үйткенбас білегіме асыла шойнаңдады. Артымыздағы сақшыға естіртпей күле қиқаңдады. «Дөңгелекті кембағалдардың қарғысы атты ма екен?»– деп маған күбірлеп қояды. Менің қылмысымды сезгендігін білдіргені еді бұл сөзі... Түрмемізге расында да таң ағарғанда жеттік. Бір ұйықтап қана ояндым. Күн шығып, көтеріліп қалған екен. Жарыса шаңқылдаған екі кемпірдің дауысын естіп сыртқа шықсам, түндегі құм тиеген автомобилімізді қоршап, алты аларман жалақтап тұр. Ақыларын артығымен алмай қайтпайтын «қандары сұйылған жау» екендігін райларынан тани қойдым. Соңдарынан ерткен аш-арық балалары бар, көктен тоналып түскендей сыпыра жалаң аяқ-жалаңбас, сіңірлері бадырайған шидей сирақ-білектері қалтырап, тістерін сақылдата кіжінеді. Менің үскімнен де өткір тілдері сақшының ішек-қарнынан сау тамтық қалдырар емес. Мұндай «жиянгерлерге» бастықтарымыздың басын жемей тойым қайда!... Әділетті тергеушім, сол рақымсыз үскіні сұғып жіберген менің қылмыскер қолымды кесетін кезіңіз келген-ақ шығар. Әйтеуір, үкіміме ат қойып – айдар тағып кесесіз ғой. «Халыққа қарсы, халық үкіметіне қарсы, пролетарият дектатурасына қарсы, нақ кері төңкерісші» деп жазарсыз әрине!
ІІІ
Осы оқиғадан соң жортуылға бізді шығармады. Атыз жұмысына да шығармай, жаз, күз бойына «зор секіріп» жүріп тапқан құрылыс материалдарын жапқыштап-тыққыштап жасыру жұмысына салды. Өйтетіні, жоқ іздеушілер көбейіпті. Жалаңаш «жиянгерлердің» ұстаған ұрысын, киімді, знак–таңбалы «жиянгерлер» де естіген көрінеді. Қара қақпаға әр түрлі, әр сиықты адамдар келіп кимелеп, кей бір «ұятсыздары» тіпті түрме басқармасына дейін баса көктеп кіріп жүрді. Ал, бастықтарымыз солардың өшін бізден үйткен басты әйелдерден алғандай тебітіп, тыныштық бергенді қойды. Лапас астына үйіліп, қалың жабылған избес пен цементті де түкпірдің түкпіріне тасытты. Басқармамыздың жазығымыз белгілі ғой, цемент пен аппақ известің нендей қылмыстары барын түсінбей, өзіме ыңғай сүйкене жүретін болған шолғыншы келіншектен сұрап та біле алмадым. Ол, тек, цемент завоты мен извес қымданынан да жоқ іздеуші келіп жүргенін көрген екен... Лаужяу күн сайын көбейе түсті. Біріміздің үстімізге бірімізді жатқызса да симағандықтан түрме ауласына шатыр тіктіріп жатқызып еді. Аулаға шатыр симай бара жатқанда «дұң гөби», «ши гөби» деп атап, жұңғар шөлінен жаңадан ашқан жаза майдандарына бөліп-бөліп айдады. Қыс түсіп кетсе де ол құмды сахарадан өздеріне баспана қаздырып жатқызу қиын емес сияқты. Үрімжіде қар қалың жауғанымен қалғанымызға да жұмыс тауып «тәрбиелеу» қиын болмады. Мекеме – қоғам орындарынан үй көтеріп алып салдырды. Үйге мұқтаж орындардың құрылыс материалдары жетпесе де ақшасы жетсе болғаны ғой, «қамқорлық етіп» жаздағы жоғалғандарын өздеріне қыста сатып, үй жасап бере беретін болыппыз. Өз еттерін өздеріне сатып жегізуден шебер «зор секіру» бар ма! Ондай көше жұмысына шыға алмай, түрме дәретханасындағы қазынаны атызға тасып жүрген бізге «үлкен жексембі» бола қалды бір күні. Көрісуге алдымен мен шақырылдым. Жүгіріп барсам, Мақпал да, Күлән да емес, көне түбіт сәлі жамылған, мол пәлтелі кемпір қарсы жүрді маған. Амандассам да аңыра қарап тұрып қалыппын. – Қазір біреуі келіп сұрай қалса, Шәуешектен келген әпекем» дей салыңыз!– деп, амандасу бейнесімен күбірледі. Үңіле түстім. Орта жастағы әжімді ақсұр әйел. «Кемпір» дей алмайтын себебім, отты қара көзі ойнақши қарап жасаурады. – Танылам ба екен?– деп күбірледі Күлімсірегенінен үні де танылды. – Гүлниса!... Көзің мен даусыңнан әрең таныдым! Мұның не? – Сыртқа сыр бергім келмесе де таңданыспен үдірейе қараппын. – Таңданыс білдірмей, күлімдей қарап тыңдаңыз! – бұл режиссорлығына сүйне күлімсіредім. – Мақпал мен Асқарыңыз аман. Тұрмыстарында басқалардай қиыншылық жоқ. Ажыраспаймын деген қалпында оңшыл қалпағымен қалыпты. Пармен жылитын жаңа үйге түсіпті. Мұғалімдік қызметін істеп жүр. Үйіне өзім кіргенім жоқ. Қасындағы бір қызметтес әйелден сұрап білдім. Ол менің досым, қастық қылмайды. Күлән апай да солай, аман! Әкелген бұл хабарымда жаңсақтық жоқ, рас. Оларға алаң болмаңыз! – Рахмет!... Бірақ, өзіңнің мына жүрісің қатерлі ғой, қолға түсесің ғой бір күні! – Менен де алаң болмаңыз, қорғаушыларым – тілектестерім бар!... Тек, осылай әртүрлі формада жүрмесем болмай қалды. Жасырын, ізіме түсушілер бар! – Қайда, не кәсіппен шұғылданып жүрсің? – Бұрынғы кәсібімдемін қалпақты мықтап кигізген. Тек, осындай қауіптірек сапарға шығарымда ғана өзгеріп аламын. Ал, аман болыңыз, орайын тауып келіп тұрамын, менің тез қайтып баруым керек! Тегінде Советке шығып кеткіңіз келсе, жол табылады. Мақпал не дер екен ойластыра жүріңіз! Ол жақ сізді сөзсіз қабылдайтындығын естідім. Сұрастырып жүргендер де бар!– деді де қолындағы сумкасын беріп, қолымды қатты қысты да шыға жөнелді. – Аман көрісерміз! Соңғы сөзі қатты ойландырып кетті: «араларынан қыл өтпейтін, социалистік екі ел, бірі дұспанға шығарған адамды бірі дос көріп өзіне тартпаушы еді ғой?» –басымды қаси ойландым. – «Е... бә..се, бұл Жүндібайдың[70] осыншалық соқыр тәуекелмен бәсеке жариялап «секірген» секірісі әрқандай досқа да секем алдырмай ма!... Сәкең[71] бұл досының пәлендей адал интернационализмші дос бола алмайтындығын білген екен ғой, дұрыс!... Бұл науқанды қалпақ кигізіп, қас жауға айналдырғандарының нағыз коммунистер екендігін де білгені!... Мына қыз мұндағы Совет елшілігімен байланыса қойған ба, қалай?... Анықтап сұрап – білуім қажет екен! Дүйжаң сары бізді әтіретті соның ертеңіне көшіре жөнелді. Бізге де бір көтерме құрылыс жұмысын тауып демалдырған екен. Қаланың ішкері жағындағы биік дауалды бір ауланың ортасына үш шатыр тіктірді де төрт бұрышына құралды төрт күзет тұрғыза қойды. Көнерген бес-алты ауыз үйді бұзып, орнына терең іргелік қазудан басталды жұмысымыз. Таспен күйдірілген кірпіш бұрын тасылып болған екен. Өз түрмемізден тасылатын материалдар дүйжаңның өз сенімділеріне тапсырылыпты. Сөйтіп, сыртқа шығып-кіріп тұру орайынан мүлде айырылыппыз. Ең қиыны қайда кеткенімізді сырттан ешкімнің білмей қалуында болды. Іздеушілерге табылмай, жап-жақын жерде тұрып-ақ көрісуден қалдық. Неше рет хат жазсақ та жауап жоқ. Өз семьямдағы сағыныштыларым ғана емес, енді Гүлниса да қатты сағындырды. Күн жылыған сайын төбемізден үміт құсы ұшып жүргендей аспанға телміре түстік. Бірақ, маңынан жыл құсы да өтпейтін қора екен. Әйтеуір үй қаланып болып, цемент сылақтан басқа жұмысымыз жеңілдей бастады. Бір күні кешкі үйрену уақытында дүйжаң сары шатырымызға кіріп келді де тізім бойынша менен бастап, Құйынсоққан, Тоқты Басит бар, он шақтымыздың атымызды шақырды. «Орын-көрпелеріңді буыңдар!» деді жалғыз-ақ. Секіріп-секіріп тұра буынып-түйіндік те жүргелі тұрған автомобильге лезде шығып та үлгердік. Өз түрмемізге қуана жетіп, бұрынғы әтіретіміздегі босаған бір жатақтың сәкісіне шыға құладық. Қыс бойы сызды жерде жатып, осы сәкіні де сағынып қалыппыз. Ал, Мақпал мен Асқарға деген сағынышым да шек бар ма. Ол екеуіне қосып сағынатындарым тіпті көбейіп кетті. Жүрек дегенің бір көкірегіме мың болып қамалғандай, тіпті сиыспай тіресіп-сіресіп, сыздап-қоздап, тыншымды ала берді. Енді солардың көрінгенін шөпілдетіп сүйе беруді аңсағандаймын. Гүлниса ғой өз алдына лапылдаған бір от, ең жанашыр жақынымның бірі сол болмады ма!... Ал, Күләш екеуіміздің жүрегіміз 44-ші жылдан бері қосылып кеткен жүрек. Денеміз жақындасып көрмесе де ол екеуі жайшылықта да жабысып, аймаласып жатқандай сезілетін. Енді міне, көріскен жерде-ақ ерніміз де жабыса түсетіндей!... Осылай ала бөртіп, түн бойы ұйықтай алмай аунақшып шықтым. Қатты зарыққан тұтқын құс, арман кернеген қанатын әлемге тұтас жайғысы келеді екен. Таңертеңіне күрең момы мен оның «сорпасын» қосып қылғып алғанымыздан соң әмір бойынша буыншақ-түйіншегімізді қол арбамен сүйреп, Көказық бақшасына көштік. Сондағы үш ауыз үйдің біреуі бізге тиді. Мұнда тым шаһар айқайшыл болса да ағаш кереует бар. Талас–тартыс, бүйірлесу–тебісу жоқ, бір адамға дербес бірден ғой. Менің кереует сағынғаныма да қанша болды десеңші!... «Келгенде Асқарымды осы шақырлауық кереуетіме әкеліп ойнатамын!... Мақпалымды да осының кенересінде құшақтап бір отырып көрсем!... Ол қандай құштар маған, қошқардай бір ұлдың білімді анасы болғанда да балаша еркелеп жабысатын ғой!... Бірақ, бұл үмітім орындалмай бара жатты. Егіс жұмысы «зор секіру» бойынша күндіз-түні жүгірткендіктен «үлкен жексенбі» құйрығын қысып тағы қалды. Оның үстіне, басқа көрісушілер әр тұстан көрініп қайтып жүрсе де менің ешкімім көрінбей қойды. Мұнда келгенімді естімей жатыр ма, қыс бойы іздеп таба алмаған соң алыс бір жаққа әкетті деп торыққаны ма, иә, өз жағдайларында бір өзгеріс болды ма, хабар ала алмай тағы да сүмірейдім. Пошта арқылы хат жолдасам да жауап келмей қойды. Жарқырап жаз келді, көңіліме сонда да жылу жетер емес, тітірей бердім. Бір күні кешке жақын шақырушы келіп, мені түрмеге әкетті. Тәлім-тәрбие гансысы шақыртыпты. Бөлмесіне кіріп, столының алдына тұра қалдым. – Жә, сені, өз денсаулығың үшін де қолайлы бір міндетке қосуды ойластырып жүрміз. Ашып айту керек, қазір ішіп-жем жақтарың өте нашар. Ал, асхананың өзінде істеушілердің тұрмысы жақсырақ. Қазірше соның есеп-қисабына көмектесіп, одан бос уақыттарыңда сәй тазалауына көмектесіп қана тұрсаң болғаны. Кейінірек дербес запхоздық міндетке көтермекшіміз. Онда тұрмысың бүтіндей жақсарады. Бұған қалай қарайсың? Лаужяу орнына келгеніме он төрт ай болып қалса да қайтарудан титтей үміт көрсетпегеніне қынжылғаныммен лаж жоқ қой, бұл қамқорлығына да разы бола тұрғым келді. – Әрине қарсы емеспін, істей тұрайын!? – Ал енді олай болса, оған дайындық шарт толтыру қажет. Сенің қабілетіңді біз толық білеміз. Қандай зор қызметті де атқара алатын, дегенбай интеллигенттің өзі болатынсың. Әрқандай адамның жүзіне қарап қана ішіндегісін білетіндігіңе шүбәміз жоқ. Сондай қабілет иесі бола тұра қазірге дейін маңайыңдағы Лаужяулардың ешқайсысының мәселесін әшкерелемей келесің. Алдымен осы позицияңды өзгерт! – Маңайымнан сезген – білген қателік – кемшіліктің ешқайсысын жасырған емеспін гансы! Нанбасаңыз, группамыздың жиын естелік дәптерін қарап көріңіз, әр күні көргенімді сол күнің кешіндегі үйрену жиынында ортаға қойып, тойтару, түзету айтып келемін! – Басшылыққа жақындасу дегенді білемісің?... Осында келіп бізге бірер Лаужяудың мәселесін жеткізіп, жол-жорық алған жерің бар ма! – Гансы, мен біреудің сыртынан сөйлеуден, ғайбат-өсек айтудан қатты намыстанатын адаммын. Әрқандай адамның бетіне айтуға ғана әдеттенгенмін. Мәселен, әр апталық тұрмыс тексеру жиындарында да келмеген адамдардың үстіндегі пікірімді сақтап қойып, өзі келген соң ғана сөйлеп жүрмін. Қалай да әркімнің ісін өз алдында айтуым қажет. Сондықтан мәселелерді жиында ғана әшкерелеймін! Гансының көзі де, сөзі де бадырая түсті. – Күмәнің болса да, рас болса да басшылыққа келіп мәлімдеп, өзгертуге – тәрбиелеуге көмектесу, сөйтіп, саяси мәселемен қашудың алдын алу қажет емес пе? – Қандай мәселесі болса да мен әрқандай адамның өз көзінің алдында сөйлеуге борыштымын. Тәрбиелеп – өзгертуге де, мәселе анықтауға, мойындатуға да, либрализмге соққы беруге де, жалақор – пәлеқорлықтың қараңғы базарын жойып, шыншылдыққа тәрбиелеудің де ең ұтымды жолы осы деп білемін. Ал, қазір маған көрініп жүрген мәселе, ұрлықтар ғана,– бұл сөзге келгенде күліп жібере жаздадым. – Лаужяулардың ұрлықтары ұсақ-түйек. Сонда да жиынға салып түзетіп жүрмін. Мұндай мәселелерді сіздерге келіп мәлімдеп құлақтарыңызды тоздырғым келмейді. «Мәмет бүгін бір жарым сәбіз жеп қойды, Сәмет екі лобы жеп қойды» деп сыбырласам, сізге де өзіме де намыс емес пе! – Буржуазиялық идея деген осы!– деп гансы столды шарт еткізді. – Сенің «ұждан», «намыс» дегендеріңнің барлығын буржуазияның жұртында қалған қоқыр-қоқсығы!... – Гансы, не десеңіз де мен өз бойымдағы шындықты айтып тұрмын. Тағы айтайын, мен басқалардан көрген-білген мәселелерді өз алдыларында айтып түзетпей, жымиып келіп сізге ғана сыбырласам, «өсекші» дейтін қаракүйеден бетім қалай сақталмақ. Адамдығым – адалдығым қайда қалар еді!... Мәселе әшкерелеудегі мақсат, «ауруды емдеп адамды құтқару» емес пе! – Бар, бар, кет!– деп гансы қолын екі сермеді. Шығып жүре беріп едім. Ере шығып соңыма біреуді салып қайтарды. «Бетімді күйелеп, енді жасос болсам-ау саған!»–өзіме-өзім күбірлей қайттым. –«Сендерге Мақұлбек пен Құлжан сынды апаттар ғана қажет! «Ауруды жойып, адамды құтқарамыз» деп сиқырсымай-ақ қойыңдар енді!... Ар-ұжданды жойып, ауру індетті, құлшылық дертті құтқарушы болғандықтарың ғана рас!» Ертеңіне Лопнорға отыз шақты Лаужяу айдалатын сыбыр жетіп келді де біздің группадан Тоқты Баситті түрмеге қайтарып әкетті. Бұдан қалғаны түс көрген сияқты сезілді маған. Басымды шайқай жүріп «ояндым» да өткен кештегі гансыға білдірген позициям сақшы назаратына жеткен соң шақырылатындығымды сездім. Хат жазғаныммен семьяма жетпей қолға түсетіндігі белгілі болған. «Лопнорға менің де айдалатындығым сөзсіз. Көрісуге келген адамдарға хабарлай жүріңдер!» деп Құйынсоққаннан бастап, қалғандарының бәріне ескерте жүрдім. Шақырту ымырт жабыла жетті маған. Біреу ғана емес, екі құралды сақшы келіп жүгімді қол арбамен сүйреткізіп әкетті. Таң ата тізілген отыз адамның соңына отыз бірінші болып тізіле қалғанымда он шақты үйткен бас жалт-жалт қарасты маған. Иықтарын қымырлатып, көтерілісе күбірлесті. Олардың жайраңдасып-қуанысып қалғанын сездім. Былтыр күздегі шолғыншы келіншегім үлкен омырауын қайда соғарын білмей қалғандай керіліп, құшағын жая қарады. Тоқты Бәсит күлімсіреп, көзін қысып-қысып қалды. Лопнорға бізді әкетуге келген сақшы да отыз шақты екен. Аузы кере қарыс, жылмиған ақсұр бастығы алдымызға келіп, бізді қандай «жәннәтқа» апаратындығын түсіндіруге кірісті. Ең алдымен балықтың молшылығын айтқанда өзінің де сілекейі шұбырып барып жиылды. Жұтынып тамсанып алып, Лопнорда малдың көптігін де көсіп жіберді. «Жайлау емес пе, малымыз семіз, ет жейтін ауыз аз. Бүкіл егіншілік майданымыздың адамы үш мыңға да жетпейді. Барлық байлықты солар ғана пайдаланады»– осы сөзіме қарайған жүрегімізді жалғап, аузы-мұрнымызды майлап жіберді де автомобильге тиеп ала жөнелді. Екі бүйірімдегі екі бүйрек сурылып қалып бара жатқанына жүрек-бауырым қоса суырылып, бір түрлі қиналысты халге түстім. Өзен арнасының күншығыс жағасындағы жолға шықтық. Осы түтек қаладағы барлық қимасым мына үш қабат үйдің ар жақ қарсысында ғана қалып барады ғой, әттең еркіндік, екі жүз метр қасынан ғана өтіп барамын!... Жайнаған аналы-балалы төрт көзден төгілген жас тұп-тура жүрегіме құйылғандай, тынысымды тарылтып барады. Жалтақтап қарай бердім сол жаққа. Егіліп, солқылдап тұрған екеуінің арт жағынан ақ шашын жайып салып шешем көріне қалды. «Қош ана, бақыл бол анашым – ақыл-парасатым, аяулым!» деп күңіреніп жібере жаздадым. Мол қоңыр көзілдірігімді кие салып, үнсіз бұлақтаттым мен де. Бәсе, баяғыда айрылысарымызда үлкен әжем көзіме толтыра құйып берген мол көз жасы менде де бар емес пе еді. Міне, табан 28 жыл іркіп, өз еңбегіммен шалқарға айналдырған сол көлімді енді ағыттым. «Құлыным, күшігім деп көтеріп өсірген әкеңе тірлігіңді де білдіре алмай, қолыңнан бір уыс топырақ та сала алмай қалып едің ғой, күнім-ау!»–деп боздайды шешем, – «қайда барасың, тым болмаса менің бетімді жауып кетсеңші!»– дейді. Бигелді, Биғазы, Биғаділ, Биғайша... бәрі жылайды, бәрі дауыстап шақырады. «Әке, әке, жүй-жүй!» деп Асқарым шырқырайды, – «мен әлі кішкенемін ғой, іздеп таба алмаймын ғой, әке, әке!... Сағындым ғой, келсеңші, келсеңші!»– дейді. Менің денсаулығымды аяп, Мақпалым ғана үнсіз егіледі, жасырып төгеді көз жасын. Иә, «бізге алаң болма, өз денсаулығыңды ғана ойла!» деп жұтынып-жұтынып әрең айта алды. «Денсаулығыңнан басқаны ойлама!» деп Күлән сақ ете түскендей болды. Тоқтата қойдым ыстық бұлақты. – Ендігі мұң-зарым көзімнен емес, ойымнан-санамнан ағытылды: «осыншалық не жазығым бар еді бұл дүниеге!... Бар қылмысым, өз халқымның сана көзін ашуға, сауаттандыруға талпынуым ғана ма!.. Адам баласына ор қазбай, жасос болмай қойғаным ғана ма!... Ей, атын өзгерткен гомендаң, оның табанын жалап жатқан күшіктері сендерде тыңдап қой, мен сендерге шағым арыз айтып отырғаным жоқ, ақыл-санасы оянған адамзатқа шертіп отырған мұңым!... Енді көр, бұл мұңдар мыршқа айналып, оқ болып атылады. Сендерге!.. Халықтың жаудырған қарғысы, жер ананың алып шапалағы болып ұсатады жағыңды!» Лопнордың «балық сорпасы» қуаттандырғандай, сапарластарым былай шыға бере ғазалі мен нахшасын тұс-тұсына қоя берді. «денсаулық-денсаулық!» деп қойып, мен де зорлап сергуге бекіндім. – Жақсылап бір жылап алдыңыз-ау деймін!– деп қалды бір бүйірімде отырған кексе сары татар әйел. – Көз жасы адамның қасіретін жұмсартып тынысын кеңітеді. Рухани күш хасыл қылады. Шол үшін жылап алсын деп күтіп отырдым. Шолай болса да өзіңізді бекітіп ала қойдыңыз. Енді сөйлайын! Қайта жігерленіп алып, «осыншалық не жазығым бар еді?» деп қалдыңыз ғой, өз башыңызға осы сөзіңіз гана жараспай қалды, сізнің жазығыңыз көп әлі!– деп күлімсірегенінде назарлай қарадым жүзіне. Екі-үш рет сыртынан ғана көрінген мына пісте тұмсық, көк көз «абызтай»[72] қарапайым әйел емес екендігін енді байқатты. – Иә, айтыңыз, айтыңыз, жазығымды білсем жылаймын ба!– деп мен де күлімсіредім. Автомобиль Дауаншы жолымен заулап барады. Жол тегіс екен. – Сіз туралы біраз сауатым бар, Биғабіл әфәнді. Жазығыңыз, ақ-қараны толық айыра алатын білім иесі болып қалғандығыңызда. Мұндай хүкүмәт сіздей көзі бар элементтерді қасқыр деп біледі. Сіз қасқыр болып жей қоймасаңыз да қылмыссыздығыңызды дәлелдеп, соқыр әулиенің көзіне түрттіңіз. Өзін құдаймын деп жариялап отырғанда бұл қылығыңыздың қаншалық қылмыс болатындығын түшінуіңіз керек! – Жала жаба көрмеңіз, мен үкіметтің ондай айыбын әдейілеп бетіне бір басқан емеспін! Жаңа «жалақорым» күліп жібергенде жүзіндегі таяз әжім молайып, бадырая түсті. Күле сөйледі. – Айттым ғой, өз жазығыңызды әлі білмейді екәнсыз!... Күрәш уақытында өзіңізді ақтаған болып, тазларының малақайын талай рет жұлып алғандығыңызды ештканбыз. Һа–һа–һа...а... Башқаларды сұйындыратын талай қиын жауаптарыңыз болған! – Онда қайда едіңіз? – Сәйдамен бірге түрмеде жатқанмын, бәрін естіп жатқанбыз. – Оның қасына қайдан келіп, қалай жатып жүрсіз?... Ат-жөніңізді де енді сұрауыма тура келді! – Есімім Ләтипа, (Ләлә), ерімнің есімі Сайдолла. Ілелікпіз.... Біз Шаңхайдан ұсталып келган соң ошындағы түрмеде болдық. Үстімізге Сәйда да балдақпен келіп қосылған. Ол тентек қыз қорлаумен қинауға шыдамай, терезеден секіріп бір жіліншігін сындырып алған екан. Таңылып біраз тәуір болған соң маған әкеліп қосып қойған. Менің біраз емшілігім бар... тіс дохторы болғанмын. – Бәсе, көз жасының рөлін жақсы біледі екенсіз.... Жә, Шаңхайға қалай барып қалып жүрсіздер? – Біз Түркия гражданымыз. Туысқандарымыздың бәрі шонда. Шолардан шақыру қағаз да келген. Парахотпен кету үшін Шаңхайға барғанбыз. Толық рәсмият өтәп, жолхатпен, барлық қағидасымен барсақ та оңшыларға қарсы әрекет басталысымен бізді де қолға алып, ошында әкелді. «Шет елге байланған шпион» дей ма, «шет елге капитал алып қашушы» дей ма, әйтеуір тексеріп-тексеріп, мені лаужяу етіп осында жіберді де ерімді алып қалды. Соттайтын ұқсайды.
|
|||
|