Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 32 страница



– «Кір жуыта алмаймын?»– деп өз сөзіммен кекеткенде «соттың» қисық көзі тағы да қыдырыстана түсті. – Соншалық көп адамның қойып отырған факттерін неңмен жаппақсың?

– Бірінші, мені қаралаушы көп емес, төртеу-ақ. Екінші, мәселені факт – дәлел шешеді. Күрес уақытында пассивтіктен қорқып қосылатын айқайшының көп болатындығын түсінесіз. Фактке шындап жүгінгенде көпшілік мен жақта!.. Заң жүргізетін орыннан – соттан келіпсіз, бұл келуіңіз, мен үшін қуанышты. Заң таразысы бойынша, ақиқи соттың стилі бойынша айыптаушы мен ақталушының қойған факттеріне тең қарап тексеруіңізді өтінемін!... Менің қазір тым нахақ жазаланып, шектен тыс обалды ахуалға тап болғанымды ескеріңіз! – Үнім бұзылып, көзім жасаурап бара жатқанын сезіп тоқтадым.

Тергеуші сағатына қарап алып тұжырды сұрағын.

– Бұл жолғы сөз осымен тоқтап тұрсын, сен өзіңнің жақын қызметтес, достас, жиы кезігіп, сөйлесіп тұратын адамдарыңның барымен қашан, қалай танысқаннан бастап болған барлық байланысыңды жазып шық!

– Менің таныс, дос-жарандарым көп еді. Екі айға жақын уақыт жазып бітіріп, Жаубасарға тапсырғанмын. Соны алып көрсеңіздер, уақыт сырап болмас еді!

– Жоқ, одан басқа, қайтадан жазасың!...

Сөйтіп тергеуші жұмысқа шықпай жазуыма рұқсат әперетін болып қайтты. Тілмаш соңынан, жауабың дұрыс болды дегендей күлімсіреп, бас изей шықты.

Оларды қақпаға дейін шығарып салған гансы, қайтар жолында бөлмесіне ерте кірді мені. «Байланыстарыңның шынын ғана жаз» деп жылы шыраймен тапсырып, мол қағаз беріп шығарып еді. Дүйжаң сары сол күннің қалған жарымы мен ертеңіне түске дейінгі уақытымды әрең берді. Делома байланған үш жүз шақты адамды жазып бітіруіме әлі ұзақ уақыт керек екендігін гансыға жол жөнекей мәлімдеп шыға бердім. Ол кісінің қолынан келетіні, кешкі үйрену уақыты ғана екен. Еңбектегі «зор секіріп ілгерілеу» уақытына қол сұға алмады. Қызыл момыны қылғуыма уақыт көп кетпейтін болғандықтан пайдаланып, тамақ уақытымды да жазуға бердім. Бақытыма жарай, атыз еңбегіне шыға алмайтын жауын-шашын да көбейе түсті. Сөйтіп бір айда жазып бітіріп жөнелттім.

Тергеуім бітсе тез шығармын деген үміт қол-аяғымды жерге тигізбей секіртетіндігімен бітіп еді. Бірақ, заңды тергеушім секірер емес. Тіпті, тас табандап тұрып алғандай, жылжып келіп бір көрінбей қойды.

Дүйжаң сарының үйірген қамшысымен атызда ғана «секіре» бердік. Бұлай обалмен шырылдап «секіру», шегірткеден де зиянкес екен: атызға аунаған есекше, қуаланған сиырша жапырушылар көбейді. Кесімсіз тұтқындалып жүрген сотқарлар өндіріске жаудай тиді сөйтіп. Ашқан атызымыздың онсыз да жарым-жартысы тақыр қалпында қалып еді. Ал, жартылай өнсе де намыскер ала таздың күн тигізбеген шәшіндей әлжуаз өсіп, әрең тұрған өнімімізді осы апаттар жұлып тастап, тарпып тастап жүре беретін болды. Еккеніміздің көбі пысып болғанша тақырланып үлгерді. Ақылдырақтарымыз аңдысақ та «битке өкпелеп тонын итке тастайтын» сол көп ақымақ, көзге шалықтырмай тауысты.

Қыстық көк азық егілген бұрынғы құнарлы атыздарды солардан қорғау міндеті бізге тапсырылып еді. Әсіресе, оларға сөзі өтетін Құйынсоққан екеуіміз күндіз атыз басында көз алмай қарап тұрып істететін болдық. «Өзіміз жейтін азыққа зиянкестік істемелік!», «Ей бауыр, тоныңды итке тастама, қыста керек болады!» деп күлдіре айқайлап жүріп, зияндаудан сақтағанымыз түрме басқармасына да жеткен екен. Бір күні түстен кейін қағаз алып шапқылап көп дүйжаңның біреуі жетіп келді де тізім бойынша Құйынсоққан екеуімізді алдымен шақырып екі жерге тұрғызды. Екеуіміздің соңымызға бес-бестен он мықты лаужяу тізіп айдай жөнелді. Түрмеге қайтарып апарып, жұмысты түнде істейтіндігімізді ұқтырды да жатағымызда қамсыз ұйықтауға бұйырды. Күн бата аспаз асханаға шақырып апарып, айырым тамақтандырды. Өзіміз өндірген капустаның күндегіше көк жапырағын бермей, қазір жоғары мәртебелілер ғана жейтін ақ жапырағын біргеніне таңданысып отырғанымызда бір қызыл, бір сары екі момыдан үлестіргеніне қайран қалыстық.

– Астағыпралла,– деді Құйынсоққан күлкішіл көзін бадырайтып. – Биғабіл әфәнді. Бізді қысқа жақын борлағаны, қайтпек болғаны?

Мен аңыра қарадым да Тоқты Басит күбірлеп қана жауап айтты.

– Түнгі ұрлыққа атандырмақшы!... Енді аузымызды бекітіп тастауымыз қажет. Мұның ұрлық екендігін сезгендігімізді білдіріп қойсақ, өзімізді ұрлап жоғалтады!

Жым бола қалдық. Қатты мұңайдым. «Халықтың жанын ұрлап сақшыға әперетін ең зиянкес ұры болғаным ба енді!» деген ой көмекейімді бүлкілдетіп әкетіп бара жатты. Бұл халімді Құйынсоққан байқап қалып сөйледі:

– Сіздей ұстазға ұры болу қиын-ақ шығар, оқушыларды ұрлыққа қарсы тәрбиелеп келгенсіз ғой!... Ал, менің сахналық шығармаларымдағы ұрлық-кәзептікке қарсы тілім удай еді. Өз тілім енді өзімді шағатын болды да!

– Анаңды... Ұры деп, жазалауға әкеліп, енді өзінің ұрлыққа салғанын!... Қап–қап–қап!– деп Тоқты Басит шайқады басын...

Тамақ жеп болысымызбен дүйжаң сары Құйынсоққан екеуімізді бөліміне шақырып апарып, «өз адамдарымыз дайындап қойған құмды тасисыңдар» деп ұқтырды. Қол астымыздағы Лаужяуларды қашырып алмауды қатал тапсырды сонсоң. «Егер біреуінен айрылсаңдар өздерің жазаланасыңдар!» деді. Мен, бармай қалу үшін сылтау айттым.

– Мен ие бола алмаймын, олар шетінен жұдырықшы, ұрып жығып кете береді!

– Әр группаға бірден құралды адам қосылады. Қашпақшы болғанын, қарсы шыққандарын да соған айтып қойсаңдар болғаны. Автомобильді тездетіп толтыруға ғана қузап, бақылап тұрасыңдар. Өздерің жұмыс істемесеңдер де болады! – Дүйжаңның бұл сөзіне қарсы айтарлық жауап табылмады. Әйтеуір мүсәпірлердің еңбегін ұрлатпауға шара ойластырдым да шарфым жатақта қалғанын сылтауратып барып, бір жамаушы Лаужяудың үскі бізін жасырын сұрап алып шықтым.

Ымырт жабылысымен машина ремонт әтіретінің қақпасына барып едік. Әйелдер әтіреті жақтан жалаң қаққан екі «үйіткен бас» шыға келді.

– Биғабіл әфәнді сіз бе?– деп бұраң қақты біреуі. – Мен сіздің группаңызға қосылдым!

– Сықылыңнан айналайын-ау бізге қосылып не бітірмексің?

Мойынын сылқылдатып сықылық қаға күлді де таяй түсіп сыбырлады:

– Жол бастаймын.

– Е, күндіз барып көріп келген екенсіз де, шолғыншымын деңіз!

– Жым! – Бізге жақындап қалған бір сақшы алдымыздан өтіп кеткен соң жауап берді. – Күндіз барып жолын біліп қайтпасақ табылмайтын жердегі құм!

– Кімдікі екенін білесіз бе?

– Білмеймін, әйтеуір бір идараның көп кадрлары тасқап, машина бара алатын жерге үйіп жатқанын көріп қайтқанбыз. Егер бүгін барып алып қайтпасақ, ертең өздері тасып әкетеді!

Қақпадан бір «жефаң»[67] маркалы автомобиль шыға келді де, «Құйынсоққанның қатыны» соның кабинасына кіріп отыра қалды.

– Ол группаның баратын жері алысырақ,– деп түсіндірді «менің келіншегім» – алдыңғы машина солардікі.

– Әр күні барып көріп қайтып тұрасыздар ма?

– Өйтпейші, өзен арнасындағы құм азайып кетті. Тасқаушылар әр күні орын ауыстырып тұрады екен!

– Құм тасқап сатып күн көретін жекелердің құмын да аламыз ба?

– Құм болса болды да бұларға!...

– Жеке кембағалдардың құмын да сіздер тауып айтып келесіздер ме?... Обал болмай ма?

– Біз айтпасақ, бәрібір, артымыздан жүретін жалаптар айтып қояды. Дүйжаң сонсоң, жасырдың деп бізді сындайды!... Ау күні екі ұйғыр бала тасқап жатқан құмды айтпай қойып едім, артымыздағы қытай жалаптар пәш қып қойыпты. Енді жасырмауға мың қасам қылып әрең құтылдым!

– Жекелердің құмы мен мекеме кадрлары тасқаған құмның парқын қалай айырасыздар?

– Күндіз барып көріп келеміз ғой. Және көп адам тасқап үйгендіктен идара орындарының құмы көп болады...

Түрме шектеуімен байсырап жүрген сайқалым сөйтіп ештеңесін іркпей сөйлеп берді де күле қарап күбірлеп қана ескертті.

– Өзіңіз көп сұрап кеттіңіз ғой?... Мұндай сырды басқаларға айтып қойсақ... Бек чоң шатақ, жұмо![68]

– Мен, бұл міндетке бүгін ғана шыққандықтан біліп алғым келген ғой, ештеңе етпес!

Сонда да секем ала күлген келіншек жұтына қарап қалды маған. Бұл дәмесін байқап, әдейі мен де ұнатқанси қарап ыржидым. Сөйтіп көңілін аулап қоймасам, дүйжаңына көйтіп өзімді аулап қоюды да мүмкін ғой!

Жорық машинамыз қақпадан шыға бергенде мықынынан шымшып қап, қиқаң еткіздім де кабинка есігін ашып кіргіздім, алтауымыз кузопқа шығып едік. Шофер ханзу кабинкадан басын шығарып, көшеге шыққан соң көрінбей жатып алуымызды тапсырды. Үлкен қақпаға жеткенімізде жай бұқараша киінген бір жігіт күзет үйшігінен шыға келіп, автомобиль қабырғасына жармасты да, кузовтың бізден аулағырақ артқы бұрышына ыршып түсіп, отыра қалды. Дүйжаңның бізге қосып бермекші құралды адамы осы екенін түсіндім.

Бұл автомобильдер, осы завотқа ремонттатуға берген басқа мекемелердікі екені белгілі. Ремонттап болғаннан кейін де әр түрлі сылтаумен бір ай істетіп алып қайтаратындығын білгенбіз. Ұрлыққа түгелімен осындай автомобильдер пайдаланылып, нелер ұзақ жорыққа да жортады. Орман күзетшілерін ебін тауып қорқытып алған соң қарағайды да осылармен тасиды. Машина номерін алып тастап, ыңғай шетпен айдап ұрлайтындығын да естігенбіз.

Сол естігендеріміздің бәрін осы автомобильдің қылығынан қалт жібермей байқап жаттым. Жолсызбен бұрыла-бұрыла тоңқалаңдап, өзенді өрлеп келді де шырағын өшіре сала тік еңістен түсіп тұра қалды. Басымды бір көтеріп, өзен арнасына түскенімізді білдім. Әйел мен шофер жаяулап, алдыңғы жақты шолып келді де тағы айдады. Мотор дыбысын шығармай ыңылдатып, шырағын да жақпай айдады. Байқасам, алдыңғы екі дөңгелектің арасынан мысық көзіндей ғана кішкене шырақ орнатып алған екен. Осы ыңылмен жарым сағаттай жүріп келіп тоқтады. Дыбыс шығармай жатуымызды бұйырған шофер келіншекке жол бастатып, алдыға енді жаяулап бұға ұмтылды. Бір шақта өзі жалғыз қайтып келіп, бізге үнсіз жата тұруды тағы бұйырды. Келіншек құм күзетшісін бақылауға қалған сияқты. Бір сағаттан соң елпек қағып жүгіріп жетті. Шофер кішкене шырақты да жақпай машинаны ныспы қараңғыда, құм тасқалған көп ордың арасынан ыңылдатып қана өткізді. Бұрыла-бұрыла жылжытып әкеліп, бір үлкен үйіндіні жанай тоқтатты. Күректерді де дыбыс шығармай түсірдік.

Кузовта қымырсыз жатып тоңып қалған ұрыларым жылынудың шипасын енді тапқандай, даяр құмды осқылай жөнелді. Спор салдақы сып етіп қасыма жетіп келді.

– Жиырма кадр анау шұңқырлардан бір күн тасып, осында әкеліп үйіп жатқанын көргенмін!– деп сыбырлай күлді. – Күзетшісі жаңа ғана қайтты! –деп тағы күлді. Жанқұралды сақшы алдымыздан өте беріп ым қақты да өзі аулағырақ шетке барып тұрды. Сақ болыңдар дегені екен. Автомобильдің сырт жағына жылжып барып келіншек тұрды да, бес мықтының сырт жағына барып мен тұрдым. Сол үйіндінің жартысымен лезде толған автомобиль, үстіне қайта шығысымызбен ыңылдай жөнелді. Енді арнаның күншығыс жағына өте тартты. Үлкен жолға шыға сала шырақ жағып, бірінші хотқа басты. Көпірмен айланып қайтсақ та қара қақпаға лезде жеттік.

Екінші рет сол жолдарымызбен тағы жортып, таң бозарғанша сол үйіндіні тақырлап қайттық.

Күндіз ұйықтап түнде жортып, қарақшылықпен нәтиже жаратып жүрген сол күндерімнің бірі жексембі екен. Әлдеқашан ұмытылған «кішкене жексембі». Мені іздеп көрісуге біреу келгенін айтып, дүйжаң сарының өзі хабарлады. Жүгіріп шығып, алыстан тани кеттім, Асқардың қолынан ұстап Нұрияшым тұр!... Секіре жүгірдім. Олар да ұмтылды. Күн күңгірт, суық болса да беттерінен нұр ойнап, жайнап көрінді. «Әке!...әке!» деп бір қолын көтере қалтақтап жеткен Асқарды көтеріп алдым да, құшағыма бастым. Өксіп қалып, беки қойған Мақпал, қадала қарады жүзіме.

– Әйтеуір жүдемепсіңдер!– екеуін кезек-кезек сүйдім.

– Сен де жақсы тұрыпсың жаным! – недәуір қарап алып тілге келді Мақпал. – Кеше кеште мектептен әпекемнің үйіне қонып қайтуға рұқсат алып шыққанмын. Мұнда келгенімді танитындардан ешкім көрмеді. Сені, қарындасымын деп шақырттым.

– Күлән қандай, денсаулығы жақсы ма?

– Жақсы!... Қанша жүк артылса да өң бермес мықтының өзі екен!... Бар мәзірін мына екеуімізге әкеліп тұрады. Кеше таудағы бауыры әкелген күздік соғымның қақ жарымын көтертіп, біздің үйшікке бүгін тағы жіберді. Көп айтып тоқтата алмадым. Саған сәлем айтты. «Ден саулығынан басқаны ойламасын, дәл осылай айт!» деп тапсырды. Бірақ, Ынтықбайдың қайда барғанынан әлі хабар жоқ. Біздің үйлерден де хат келді, аман екен. Ол жақ әлі де қыспақ көрмегендей. Тұрмыстары жақсы сияқты. Биғазы аға мұнда келіп қайтпақ екен. Келмей тұра тұруларын айтып, хат жазып жібердім. Хал-жайымыз расында да жаман емес. Көшеден сатып алуға табылмағанымен мектептің өзі тауып, қамдап тұр. Нәсілді сиыр фирмасы да бар ғой, Асқарға деп күніне бір литр сүт жаздырдым, әр күні өзі келіп тұрады...

Мақпалдың ішіп-жем жағынан қиналмай тұрғандығын естіген соң, бұл жөнінен менде де «қиыншылық жоқтығын» айтып мақтандым. Заң орнынан біреудің келіп тергеп, анықтау ниетін білдіріп қайтқаны да айтылды.

Асқардың аузыма конфет тықпалап сөйлетпей тұрғанына шешесі үлкен көзін кең ашып, елжірей қарады. «Мырзаның» өзіне басқа біреудің берген, базарда жоқ, аяулы конфеті екен.

– Бұл да қатты сағынды!– дегенде іркіліп тұрған көз жасы ыршып кетті.

– Гүлниса барып тұра ма?– ойын бөлмек болған бұл сұрауыма шошына қарады Мақпал.

– Оның атын ата ма!... Асқан жүректі қыз екен, көшеге наразылық қағаз жапсырып, қарсы ұран жазып жүргенін білдім. «Сізге енді келсем, кесірім тиеді» деп өзі ескертіп кетті. Бізге жақын жүргені ашылса, үлкен пәлеге қаламыз!... Ал, Қапия абақтыдағы қыспақтан жынданып кетті. Үстіндегі бар киімін жыртып, көшеге шығып кетіпті. «Қапас!... Қапас!» деп айқайлайды екен. Қазір нерві шипаханасында жатыр дейді. Біраз сауықса үйіне қайтармақ болғанын айтып жүр.

– Ал, өз үйшігің қандай, жауын-шашын көп, күн суып кетті ғой?

– Біреуі құлап қалды!– дегенде Мақпалдың жүзі төмендеп кетті. – Ол үйге, кітаптан босап қалған шкафтарыңды қойып едік, үйдің төбесі ортасына бір-ақ түсіп, күлпаршасын шығарыпты. Сенің садақаң болсын деп қоя салдық. Өз отырған үйшігіміз аман. Сенімдірек болған соң өзіміз сонда жатып жүргенбіз. Жаңа үй бітіп қалды. Тездетіп сонда көшіріп шығарамыз дейді. Қазіргі маған ең қиын тиіп тұрған іс, некеден ажырайсың деп қыстауында болып тұр!

– Олай болса, уақытша ажырай сал, мені тосатындығыңа сенімім толық қой, одан қысылатын не бар!

– Оны сен де айтпа маған! – Мақпалдың жүзі күреңітіп, көзі от ала қалды. – Уақытша ажырай тұрсақ, қанша жыл өтсе де арамызға ешкім кіре алмайтындығын өзім де білемін! Бірақ, маған намыс керек! Уақытша ажырасқан болсақ та басқа некелілерге оның кесірі тиеді. Қазір бізді үлгі етіп ажыраспай күтіп отырған әйелдер көп!... Өлсем де ажырату сөзін қабылдай алмаймын!

– Екінші бір пікір,– дедім мен. – «Баламды үлкен үйге тапсырып беріп келейін» деп рұқсат алып қайтта келмей, Дөрбілжінге орналасып тұр, иә, тауға шығып ал, онда да оқытатын бауырларың көп!... Жақын жылдардан бергі тіршілігіміз бізге мынадай шүбәсіз ақиқатты үйретті: ғылым мен сана жағынан жалпылап өспеген шағын ұлт халқына қашан да теңдік жоқ екен. Отаршылар алдап біріне-бірін байлатады. Біріне-бірін кісен қып салып құлданады екен. Оқытушылық кәсіптің бірден-бір міндеті халықты жаппай сауатты – еркі күшті, саналы халыққа айналдыру. Осыны ұмытпағайсың! – Қарап тұрып, Мақпалым бас изеген соң ғана жалғастырдым сөзімді. – Сен осында режим астында оқытушылық істесең, «екіні екіге қосқанда Маужушидың қамқорлығымен төрт болады» деп оқытуға мәжбүр боласың. Ал, өз жеріңе барып еркін оқытушы болсаң «екіні екіге қосқанда Құдайдың қамқорлығынсыз-ақ төрт болады» деп шындығын оқыта аласың! – Бұл сөзіме Мақпал күлді де, оған еріп Асқар сақылдады. Мұның «әулекілігіне» екеуіміз қосыла күлдік. Әлгі екі пікірімді қайталап тұжырдым сонсоң. – Биғабілдан ажырадым деп жариялай тұрсаң, қорықпай, осында да солай оқыта алар едің. Бірақ, бұл жерде тұрғанда қорқуың қажет!... Әлгіндей жолмен қайтып кетуді ойлан!... Үй жабдығың Күләннің меншікті үйінде сақталып тұра береді. Қайда апарса да босап шығысымен сені таппай тоқтамаймын!...

Қақпа басқарушының ишарасынан көрісу уақытымыздың толғанын білген Мақпал велосипетіне жүгіріп барып, сумка көтеріп әкелді. Тамақ пен киім-кешек екен. Маған мұнан соң келмей, қисыны табылғанда хат жазып қана тұруын, тамақ жіберуді мүлде тоқтатуын мықтап тапсырып, Күләнға да осыны шындап өтінген сәлем жолдап қайтардым.

Екеуіміз де бекем сияқты едік. Менен айрылғанда Асқардың «әке-әкелеп» жылай қайтқанынан екеуіміз бір-бірімізге қарай алмай, сырт айланып өксідік. «Әке, әке, жүй, жүй!... Әке!...әке!..»– қос қолын маған соза жайып шырылдай шықты қақпадан.

– Бізге алаң болма, денсаулығыңды ғана ойла! –деп Нұрияшым бір ғана қайрылып дауыстай алды.

Сол күннің кешінде жортуылға тағы дайындалдық. Автомобиль қақпасына тағы бардық. Маған үйірлесіп қалған жасама меңді сары келіншек, ымырт түсе жорғақ қағып тағы жетті қасыма.

– Бүгін бек шаршадым!– деп иығыма қолын аса бере, Лаужяу түрмесінде екендігін енді сезгендей, жиыла қойды.

– Неден шаршадыңыз?

– Жырақ жол бастық, табылмай,– дей сала сыбырға көшті. – Бір идараның құмы әрең табылды. Бес алты жеке тасқаушы шал–кемпір, Жанұптен келген мүсәпір ұқсайды, бір қойнаудың құмына бүгін ғана түсіпті. Оған ертең бармасақ, машинамызды бүгін толтыра алмайды!

Осы хабарынан ойыма бір сұмдық келе қалып, басқаларға байқатпай, иегінен шымшып қойдым. Мойнын жыға жымиды. Төменгі алыс ағында жортып жүрген Құйынсоққанның группасы кетісімен біз де шықтық автомобильге. Жоғары Санпаку жолымен өрлеп барып, келіншектің әлгі айтқан мекеме құмын да тақырлап алып қайттық.

Ашынышты жорыққа ертеңіндегі кеште тағы шықтық. Шал-кемпірлер құмды бүгін де тасқап, молайтып қойған екен. Жүрерімізде «ерке келіншек» тағы да сыбырлап соны айтты. Бұл рет бөксесінен шымшыдым. Бұлтың ете түсіп, үнсіз күлді. Маған жамандық ойламайтын болғанын соңғы рет сынауым еді бұл.

Кешегі жолмен ұзағырақ жүрдік бүгін. Тауға баратын үлкен жол, өзен арнасынан алыстап кеткендіктен автомобиліміз жолсызбен тоңқалаңдады. Шырақты өшіре салып, ылдиға сырғытқанда мотор үні де өшті. Жақын-жақын үйілген бес-алты үйме құмның дәл тұсынан түсіппіз. Күн көру үшін қаңғып жүрген мүсәпірлерден сақшы қорықсын ба, шоферымыз машинасын бейғам айдап әкеліп, екі үйменің арасына тоқтатты. Мен тез ыршыдым кузовтан. Артымыздағы сақшы түсе қоймай есінеп, керіліп-созылып тұрғанында темір сапты үскіні артқы қос дөңгелектің бірінің «жұқашабынан» бойлата сұқтым. Суырып ала жөнелгенімде жел пыс ете түсіп қана тоқтап қалды. Жүгі ауырлағанда, «күш келгенде күйеудің де осыратыны» белгілі ғой. Бір үйме құмның сыртына ыршып өтіп барып дабыстадым ұрыларыма. Үйткен бас келіншек кабинадан түсіп, маған қарап құшағын жая керілді де, шофер мотор қақпағын ашып, бердемесіне тұқжыңдап жатты.

Екі үйме құм лезде тиеліп болды. Үскі сұғылған дөңгелек мыңқ етпей жылжып, үшінші-төртінші үйме құмға барды. Олар да тиеліп, кузов лық толды. Оның үстіне лап беріп бес ұрым шықты. Құралды сақшы жар қабақтан қарап тұр. Дөңгелектен ысылдап жел шыға бастағанын ести сала кузовқа мен де ыршыдым. Машина бір «осырып» алып, жылжи жөнелді. Келгенде түскен қыратқа күшене өрледі. Мен тыңдап отырған қос дөңгелектің бірі шаңқ етіп қатты атылды да бірі бырс ете түсті. Автомобиліміз сол өрде шоңқия қалды. Шырақ та өшті, үн де өшті.

Қисайған жағынан секіріп-секіріп түстік. «Ванлы!»[69] деді шофер, үдірейе қарады бізге. Қымырламастай шоңқиған автомобилді таң атқанша әкетіп үлгермесе, қолға түскені ғой! Алақтап әрқайсымызға бір қараған шофер сақшы, жетіп келген құралды сақшыға бұйырды.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.