Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 31 страница



Улап–шулап байламақ болды қыза келе Тоқты Басит қасыма келіп отыра қалып сыбырлады маған.

– Байлатпайық Биғабіл әфәнді, байлатпайық! –дегенінде зор дене тұла бойымен селкілдеді. Байлаудан нерв жүйесінің запы болып қалғандығына қарай түсіп жауап қаттым.

– «Байланбай тұрып жауап берсін!» деп сен баста, мен қостайын, байлаудан құтылатын факт сонда өз жауабынан шығады!

– Байланбай тұрып өзі жауап берсін! –деп зірк ете түсті Тоқты Басит. Мен түсімді бұзып ақыра ұмтылдым Құйынсоққанға.

– Ей, жауап бер, не мақсатпен сөйледің сол сөзді?... «Әрең жиып алып отырғанда күштеріңді сынап көріп қана қоя бере салмақ па» деп қай ұжданыңмен айттың? «Үкімет қатал» деп қаралағаның ба, иә «мына лаужяуларды қылмыстарын танымағандықтан оп-оңай құтылмақ болды» деп қаралағаның ба?... Осылар өз қылмыстарының қанша екендігін білмей ме? Шынын айт, айт шыныңды, сен ғұнсозда осы екеуінің бірі бар, сөйле!– дедім.

Соңғы сұрауым айтылғанда жалт қараған Құйынсоққанның мұрны жыбыр ете түсті. Құтылар жолының иісін сезе қойғаны еді мұнысы. Мойындағандай төмен қарап жауап қатты.

– Сөйлейін, сөйлейін!... Дүйжаңның алдында мәселенің шынын айтпасам болмайды екен!... Дүйжаң, мен өзім оңшылдық қылмысымды толық танып, тәрбиеленуге разы болып келгенмін. Ал осныдағы бір сыпыра ұры–қары лүкшектер өздерінде қылмыс жоқ деп біледі. Сондықтан, келе салып мың кірпіш құйғандар бір айға жетпей құтылып кетеді деп үкім шығарды. Меніңше ондай оңай киілген, оңай алына салатын қалпақ жоқ. Мұнда келген адам ең алдымен өз қылмысының салмағын білуі шарт. Өз қылмысын танымайтын адам, тәрбиені қабылдай алмайды. Өзінің қылмысты әрекетінен тиылмайды. Осында өздерінің қылмысын танымай, бір-екі күн ғана жақсы істеп беріп құтыла саламыз деп жүргендер көп. Мен жаңа сондайларға қарсы сөйлегенмін!

Құйынсоққанның бұл жауабын мен сөзбе-сөз аударып жеткізіп отырдым.

– Осы группада қылмысын танымайтындардан нешеуі бар деп білесің? –Дүйжаң адырая қарады жауапкерге. –Жасырмай айт!

– Айтсам, менің әлгі жауабыма қарсы шыққандар түгелімен сондай. Бұлар, өз қылмыстарын таныған болса, оңайлықпен құтыламын деп ойламаңдар дегенім үшін ұрмас еді!...

Асығып отырған дүйжаң сағатына қарап жіберіп, бұйрығын келтесінен қайырды.

– Бүгінгі қалған уақытпен ертең кешкі үйрену уақытында, қылмысын танымай, иә жеңіл құтыламын деп жүргендерді тексеріп, толық танытыңдар! Мұнда ешкім қылмыссыз келген емес, танымаса, байлап соғып отырып танытыңдар!... Зужаң жиын дәптеріне сен өзің ие бол!– дей сала жөнелді.

Күліп жіберген Құйынсоққан, өзін байламақ болған арқанды жиып әкелді де жамбасына баса отырып күбірледі.

– Ендігі байлайтын құқық менде шығар, рахмет Биға!... Бірақ мені құтқарамын деп өзіңіз байланарма екенсіз, не күнәмен келгеніңізді білесіз бе? Құйынсоққан қуаланып, түйіле жымиды да мен:

 – Құйрығыңызды сіз қысыңқырап отырсаңыз, менің бұдан құтылуым қиын емес!– деп күбірледім...

Өтірік актив болудың кезегі бізге де келіп қалғанына күлісіп едік. Бірақ, тағдыр маған ондай «мәртебе» бермейтіндігін ертеңіне-ақ көрсетті.

Жаубасардың Әбілемет назыр екеуімізге артқан қылмысы газеттің екі бетін бір-ақ бояпты. Оқи келе анықтадым, Әбілеметке кигізілген қалпақ шын факттермен кигізілген, тыпырлатпайтын қалпақ болғандығына сенімі толық сияқты. Аз ғана сөзбен атап өтіпті де, мақаласының өн бойында маған шабуылдапты. Ыңғай жаладан жасалған қалпақ ұшып кетіп, менің ыршып тұруымнан қатты хауіптенетін көрінеді: «зор ұйымды ұлтшылдықты» негіз етіп кигізілген қырық құраулы қалпағымның сыртына «жиянгерлермен ревизионизмді[64] қолдаушы» дейтін, өз қолымен тоқыған мықты материал жапсырып, сырып тастапты: "Биғабіл, демократия дүниесінде Америка демократиясы жақсы, социализм дүниесінде Тито социализімі жақсы деген" деп мықтап, нақтап тұрып сырыпты. Мұндай қалмақты қандай батыр жырта алсын! Америка жиянгерлігі – осы шақтың ешкім ақтай алмайтын аты шулы қандықол қарақшысы да, Броз Тито марксизмнің аты шулы бұрмалаушысы аталып, солшылдар жағынан социализмнің қас жауы ретінде қараланып тұрған шағы. Жаубасардың мені оларға байлауы – өлімге айдауының дәл өзі еді. Америкаға Титоны қосып, «жер шарының мерезі» деп тілдей келе мені сол жиренішті жараның іріңі етіп, сығып шығарыпты–мыс.

Жұртшылықтың мені ақтап пікір көтеруінен қорыққандығынан, сол жұртшылықты менен үркітіп-жирендіріп, бұқтырып қою үшін жазғандығы дарытпа сөздерінен көрініп тұр. Бұл жаланы қайдан тауып тоқығандығын ойлана келе әрең таптым. Жұмыртқадан жүн қырққандай алдыңғы «зор секіріп» жапқан жалаларына қарағанда мына жаласының, тым аз болса да қисыны барлығы көрінді.

55-ші жылы бір саяси лекцияны талқылағанымызда біреудің, «Америка жиянгерлігі сондай әлсіз жетім қарақшы болса, Америка халқы неге құлата салмайды?» деген сұрауына мен жауап бергенмін. Жаубасар сол жауабымнан қылшық суырып бояп, қара арқан есіпті. Ол жауабымда мен Америка демократиясының тым алдамшы, тар көлемдегі таптық демократия» екендігін де дәлелдеп, мысалмен анықтап түсіндіргенмін. Ал, «Тито социализмі» кейін шыққан сөз. Бізде халық коммуналары құрылар кезеңде дастарқандастар арасында сөз болған, Есқали бастаған пікір еді. Мен ол әңгімеге пікір қатынастырмағанмын.

Жаубасардың бұл жаңа жаласын оқып, осы жайттерді есіме келтіре сала түрменің тәлім–тәрбие бөліміне жүгірдім. Кіруге үш–төрт рет рұқсат сұрап, есікті бес–алты рет қаққанымда әрең рұқсат еткен гансы, кіріп келген маған адырая қарады. Газетті алдына жайдым да өзім астын сызып белгілеп қойған зор қылмысты сөйлемдерді көрсете тұрып шағындым.

– Гансы, мына газетте маған үлкен жаладан тағы да екеуін жауыпты!

– І, оқып шықтым. Жала деуге не фактің бар?

Жаңадан қосылған сол екі жаланың қалай тоқылғандығын толықтап – анықтап сөйлеп бердім де авторға менің де газетте жауап қайтаруыма жол ашып беруін өтіндім.

– Мәселені анықтамай, газетте жариялағандығы үшін мен де газетте жария жауап беруге ақылымын!– дедім соңында.

– Өзің қайда тұрғаныңды білемісің?

– Тілі кесілген деп түрмедегі адамның үстінен жала жаба берудің обалды болатындығын ол білмесе, менің қайтуым қажет? Жаласын газетте жариялап, партия мен халықтың көзін бояудың, сол арқылы өштескен адамын өлтіртудің қаншалық қылмыс екендігін, бүкіл заң орындарының кадрлары білуге тиісті!..

Гансының күнге тотыққан сопақша жүзі әжімденіп, ойланып қалды.

– Ал, жазсаң жаз,– деді аз кідірістен соң. – Бірақ, мақала ретінде емес, байланысты орынның тексеріп анықтауын өтіну ретінде жаз!...

Жұмыстан бір күн рұқсат әперіп жаздырды. Сол бір күн ішінде барлық жаланы аударудың көлемді арызын факттерімен толық жазып үлгердім. Гансының өзі оқып шықты да.

– Расында газетке жазуға да ақылы екенсің. Бірақ лаужяусың, оған рұқсат етуге біздің де құқығымыз жоқ. Осыныңды саяси заң орнына жолдап берейін!– деп қалды.

Енді қайтадан тексеріліп анықталамыз деп үміттене қалып едім. Бұл үмітімді кірпіш группасындағы батыр бауырларыма жеткізіп, қалай жауап берудің жөнін ұқтырып та үлгеріп едім. Бір күні құзғын сәрідегі әдетіміз бойынша үркіп түрегеліп, «тутықана» аталып қалған дәретханамызға барсам, олардың бірі де көрінбеді. Тіпті, «оңшыл», «жерлік ұлтшыл» аталған кірпіш құюшылардың бәрінен де айрылыппын. Түн ортасында бір автомобиль келіпті де, жатқан жерлеріне бір тал түгін де қалдырмай сыпырып-сиырып бір-ақ әкетіпті. Оңтүстік Шынжаңдағы Лопнор ауданына қарасты «Сауху лаужяу майданы» деп аталған алыс лагерге айдалғандықтарын екі күннен соң естідім.

Мәселемізді қайтадан қаратудың дүмбілез үміт екендігі осы ұрлап жер аударудан бір байқалды. Қапас, Зарықбектердің қимас қалыңдықтары үшін жандарын қиғандай өлермендікпен істеген еңбектегі аса жоғары үлгілеріне де бір қарап қоймай, қозы бөктерген қасқырша алқымдап, үн шығартпай әкеткен әкетісінен мен де торыққандаймын.

«Кішкене жексенбілердің» үшеуі тағы өтті. Мақпал түгіл, оның жазған хаты да жоқ. Гүлниса да келе алмап еді. Қатып қалған атыздарға шошқа қиын тасып жүргенімде дәл үстімнен түсті бір күні. Шелектерімдегі сасық қара сұйықты көре сала жылап жіберді. Әпкішті жерге қойып, күле амандастым.

Қарауылда тұрған зужаңға қағаз көтере дауыстап рұқсат алдық та, жол бойындағы қара ағаш даласына отырып сөйлестік. Гүлнисаның өзі де бір рет күреске түсіп шығыпты. Маған келіп жүргені білінбесе де Балғынтай жолындағы «оңшылға бейім» қалпағын орнықтыра киіпті. Сөйтсе де Мақпалға қарағанда режімі бостау көрінеді. Ұрланып шыққанын айтып, асыға сөйледі: Мақпалды мектеп сыртындағы кішкентай-кішкентай екі үйшікке орналастырыпты. «Салынып жатқан жаңа квартал бітісімен бір үйі сенікі болады. Режимдегі оқытушыны өзіміз де сыртқа қоймақшы емеспіз!» депті. Қазіргі үйіміз, көршілес екі активтің үйлерінің арасындағы екі асхана сымағы екен. Бала-шағаларына күндіз-түні терезеден күзеттіріп, Мақпалды қия бастырмайтын болыпты.

Сағынышты жардың асыға жазған хатын көрдім де мен де «аман жақсы тұрғанымды» асыға жазып жөнелттім. Маған енді келемін деп, өзінің шатаққа қалмауын көп алғысыммен баса айтып қайтардым Гүлбикемді.

Мақпал бұл хатында Күләннің да өз мекемесіне режиммен қалғанын, сонда да сембі кештерінде келіп-кетіп тұратындығын жазыпты. Қазір екеуіне Күләннің таудағы бауыры сүйеніш болып жүр екен. Оның көмегі менің де тынысымды біраз кеңіткендей болды.

«Ақия қолдан кетті» деп енді күлкімен жазыпты Мақпалым. Құлжан Ақияны «қара жүзден де қара жүздірек шеберлікпен» қорқытып бағындырған екен өзіне: Асылқанның үйіндегі айтыстан басқа, «Маужушиды тілдегенің» есіңе түспеді ме?» деген сұраумен жеке шығарып алып, өзі тоқып жазған бірнеше қатерлі жаласын бетпе-бет оқып беріпті. «Сені сүйетіндігімнен әшкерелемей келгенмін. Мені аямасаң, лажым жоқ мен де аямаймын» деп, тұп-тура лаугайға айдататын қылмыспен қорқытыпты. «Ғашығын» кештерде есектің құйрығына тіркелген тайлақша еріп жүретін халге солай түсірген екен. Сол түсіргеннен түсіріп апарып, Құмардан ажырағанын жиында жариялатыпты. Ал, Қапияны қапастан «шекара айыруға» зорлап көндіре алмаған соң бірнешеуі оған да жала жаудырып күреске тартып жатыр екен. «Қазір сен сияқты абақтыға қамап тексеріп жатыр» деген сөзбен тоқтапты Мақпалдың хаты.

Бұрынғы базар дүкендері қаңғырып бос қалған екен. Іздеген нәрселер табылмайтын болған соң көшелері де адамсыз иенге айналып, азғындап қалыпты. Гүлниса арқылы келген тамақ, қараңғы базардан[65] артқы есіктен[66] сатып алынған кебекті қара ұнның прандіктері ғана екен. Бұл таршылықты Гүлниса айтпағанымен, үйіне барып қайтқан «ардақты лаужяулардың» таңданысынан ұқтым: «үй, әйеліңіз бұл жарықтықты қайдан тауыпты?» деп тамсанады. Мұны әкелген Гүлнисаның жүдеңдігін осы таршылықпен байланыстыра ескеріп, Нұрияшым мен Асқарым аш қалды-ау деген сезіммен аһ ұратын болдым. Түсімде де құр сүйегі мен тарамысы ғана қалғандай тым арықтап, аса аянышты көрінетін болды.

Махаббат деген адамзаттың ең ардақты қасиеті. Егер махаббат болмаса, аяушылық та болмақ емес. Күштісі күшсізін бас салып жей беретін екі аяқты хайуан қалпымызға қайта түсер едік. Адамды адам етіп отырған сол махаббат, тіршілікте сәл кемісе болмайтын сол ардақты қасиет қалыптан тыс күшейіп, ақылды билеп кетсе де болмайды екен. Шыдамсыз – әлсіз әйеншек жануарға айналдырып, тіпті өлтіріп те тастай алатын зияндас қасиет болып шығатын тәрізді. Мен мұны Нұрияшым мен Асқарымның халін ойлаған сайын тынши алмайтын болып бара жатқанымнан сездім. Жұмыс майданындағы бір демалыста қиял қыспағына терлеп кетіппін.

Басқа түскенде шыдап бермеген азамат, азамат бола алар ма!» деген бір үн сақ ете түскендей болды құлағыма. Бұл, намыс дейтін құдіреттің үні екен. Мықынымды тіреп жүре жөнелдім. «Бұл қоғамда Нұрияш пен Асқар азба. «Оңшыл–ұлтшыл» болып малша жетектеліп–айдалып кеткендердің бәрінің артында да сондай аяулылары бар ғой. Олар да махаббат жоқ па еді! Күлән мен Сайрашына берілген Ынтықбайдың махаббаты-шы!... Өзін жындандырып қайтарған Толыдағы бала–шағаның халі-ші!... Бұл қоғамда сондай аянышты тағдырға тап болғандар аз ба, соларды ойламай не көрінді маған сонша!»– осыны ойлай келе мырс ете түстім. Әр неге бел буғандай бекемделе қалдым. – «Азамат болсаң, осы надандық апатының жолын кес, халыққа оқыт, үйрет. Итаршы–жағымпаздар мен өзімшіл–мәнсапқорлардың құлағынан басып отырып үйретудің жолын тап, бұлай оқытпаса мұндайлар коммунизмді де түрмеге айналдырмақ!... Екі аяқты хайуан емес, білімді адамзат керек жер шарына!... Азамат болсаң сол ұлы игілікке үлес қос!..».

Әрқандай қиындыққа шыдауға бекіген осы жайымды білімді мұғалім болған Нұрияшыма да түсіндіріп ескертіп қоюға асыққандаймын.

Кешкі тамақ пен үйрену аралығындағы бос уақытта осы оймен үлкен аулаға шығып тұрып қалған екенмін. Әлгі «тіл ұғатын», «діті бар» гансым сырт жағымнан шыға келді. Бірақ, маған қараған қарсы әнеу күнгідей емес, татарға оншалық ұқсай қоймайтын тоқбас тұмсығы көтеріліңкіреп кетіпті.

– Гансы, сізден сұрайтын бір ісім бар еді!–дегенімде кідірмеді. Ере жүріп сөйледім. – Мен келгелі төрт айдан асып барады. Үрімжіде үйі бар, қашпайтын, шатақ шығармайтын сенімі бар лаужяулардың үйіне барып келіп тұратындығын газетте де жарияланған ғой, дүйжаңымыздан сұрасам, «ұлттық лаужяулардың» сізден сұрайтындығын ұқтырды. Үйіме бір барып ахуалын біліп қайтайын!

– Сен лаужяу емессің!– деп гансы басын кекшең еткізді де жөнеле берді. Мен қуа сұрадым.

– Лаугаймын ба?

– Лаугай емессің.

– Олай болса режимдегі жұмысшымын ба?

– Қайдағы жұмысшы!

– Режимдегі үкімет қызметкері, иә захоттағы кадрмын ба?

– Жаза орнында олай аталады деп кім айтты саған!

– Енді неменемін, ит болсам да атымды атап кетіңізші тым болмаса!

Тоң-тасыр үнмен келте жауап беріп кетіп бара жатқан гансы күліп жіберіп тұра қалды. Жан-жағына қарап қойып, алдындағы түрме басқармасының залына қарай тұрып сөйледі.

– Сенің мәселең бір жақтылы болған жоқ. Сондықтан атыңды мен де білмеймін. – Гансы тағы бірдеме айтуға оқталған пішінмен ойлана қалды да залдың ішкі жағынан келе жатқан аяқ тықылын ести жүре жөнелді. Әнеу күні арызымды алуынан бұған да жауыр жылқының мойынағаш байланғанын сезіп, аңыра қарап тұрып қалдым. Зал есігінен шыққан ешкім көрінбеді. «Япырай, маңыма адам жолатпай, мұншалық карентинге алатындай, менен оба көрді ме, чума көрді ме бұлар?»– сабыр желпуішіммен самал шақырып желпіне, жымия қайттым жатағыма. – «Мынадай зор үкіметті мұншалық сескендіре алатын жау болу да оңай емес шығар!»– деп жан жүйеме күлкі шақырдым. «Әлеумет тіршілігіне кімнің дос, кімнің жау, кімнің ауру, кімнің сау екендігі көріне жатар әлі!..»

Осыдан екі-үш күн өткен соңғы бір сәскелікте мені жұмыс майданынан қара дарбазамызға қайта шақырып апарды. Түн бойы жауған жаңбырда түрме басқармасының алдына су іркіліп, лайсаң көлшікке айналып еді. Айдаушым осы жерде тұра тұр деген соң тұрарлық жер таба алмай, көлшікті айналып барып, қаратақтаның алдына тоқтадым. Әскери киімді шикіл сары бейтаныс татар жігіт басқарма залынан шығып, маған көз жүгірте қарап амандасты да айланып өте шықты. Тамашалаған бейнемен әр жаққа қарап жылжып қайта оралды. Қара тақтаға жапсырылған қағазды оқыған болып тұра қалды қатарыма.

«Денсаулығыңызды күтіп, шыдап тұрыңыз!»– деп күбірледі, тақтадан бет бұрмай. – «Сіз туралы көңіл бөліп жүрген достарыңыз көп. Бірақ, қазірше лаж таба алар емес, сабырмен күтіңіз!» –осы сөзін бітіре сала жүріп кетті. Кім екенін білмесем де ұзағырақ «сабырлы болатындығымды» білдім. Көп өтпей кеңсеге шақырылып, залдың түп жағындағы атсыз бір бөлмеге кірсем, сәнді киінген жуан ақсұр ханзу кадр босаға жақ бұрыштағы креслода отырыпты. Әлгі шикіл сары жігіт соның тілмашы көрінді. Мүләйім ғана теңдіктің жанашыр көзімен қарап амандасқан кадр төменгі жағындағы креслоны нұсқап отырғызып, өзінің соттан келгендігін, ахуал сұрамақ екендігін айтты.

Күреске тартылғанымнан бері заң кадры түгіл ханзу кадр атаулыдан көргенім осы еді. Барлық мұңымды түгел ақтарғым келді. Бірақ, тілмаш арқылы сөйлескенде мәселенің тоқетерін ғана сөйлемесе, өз басы ауырмаған адам түгел тыңдап игере алмайды ғой. Фувынның кепілдікпен үш қайтара кеуде қағып, зорлап «сайратқанын» ескертіп өте шықтым да, сайрағанымның Әбілемет назырдың ісіне қарсы оқу-ағарту мәселесі жөнінде ғана екендігін тармақтап атап бердім. Бұл сөзімнің аудармасынан қамқорымның жаюлы дәптеріне ештеңе түспегенін көрген соң шағым сөзімді тіпті қысқартқым келді.

– Сайраудан соңғы ахуалым үстінде сіздердің әдіреске екі рет арыз жазғанмын. Заң орнына жазылған арыз тосылмаса керек. Барлық хал-жайым сол екі арызда.

– Осы жерде атап айт, жазғаның қайсы мәселелер?

– Бірінші арызымда жазғаным үш мәселе: бірінші, менде жерлік ұлтшылдық пен оңшылдыққа жататын идея жоқ. Сондықтан сөз-әрекетімде тіпті де болмаған. Сайраған мәселелерім, тек, оқу-ағарту қызметіндегі кемшіліктерді толықтау, қателіктерді түзету мақсатында ғана сөйленген. Екінші, ұлтшылдық топ – «блок», «ұйым» дейтін қылмыс мен де мүлде жоқ. Ұлтшылдық идеяда болмаған адам, ұлтшылдық топ ұйымдастырмайды. Үшінші Мичуан ауданындағы құрыш қорытудың ең қиын міндеттерін орындап жүргенімде Мақұлбек дейтін жалған белсенді зиянкес жеке басының өшпенділігімен жер домнадағы отқа сыртымнан итеріп құлатты. Басқалар құтқармаса, мен сонда күйіп өлетін едім. Бұл қастықты нақ майданда көрген адам көп. Бәрі де айғақ болатындықтарын айтқан. Ал, Мақұлбек ол қылмысын өзіме артып, кері төңкерісші болғандықтан мәселесін жасырып кету үшін өліп алмақ болды» деп тағы да жала жапты. Арызымда әсіресе осы өлтіру мақсатындағы қастандықты тексеріп анықтап, жазаға тартуларыңызды сұрағанмын. Маған жабылып жүрген жалалардың түгелімен осы мақсатта ұйымдасқан қастандық екендігіне дәлелім көп. Мемлекет заңына бүтіндей қайшы мұндай қастандықтарды тергеп шектеу–заңды қорғау, сіздердің ғана міндеттеріңіз!

– Екінші арызыңды сөйле!

– Екінші арызым, осы мәселелерді кеңірек түсіндіреді. Оған қосымша Жаубасардың Шынжаң газетіне жариялаған мақаласындағы (мен бұл түрмеге алынғаннан кейінгі) жаңадан тоқылған екі жаласы жөнінде шағым жазғанмын! –дедім де бұл жалаларды қалай тоқығандығын ашып сөйлеп бердім.

– Сөйтіп сен де мәселе бар ма, жоқ па?– деп ширай қалған тергеушімның көзінен қып-қызыл от шыға келді. – Тұр орныңнан!

«Бар сенген байталыма айғыр шапқаны ма?» дегендей аңтарыла қарадым аударушыға. Ол, басын білінер-білінбес қана изеп қалды. Түрегеліп тұр дегендей бейне сездірді маған. Креслодан аулағырақ шығып тұра қалдым.

– Сөйле, құрған кері төңкерістік тобыңды өзің сөйлеп бер!

– Мен кері төңкерістік топ түгіл кері төңкерістік идеяның салқынын да тигізбеген адаммын. Себебі, мені адам қатарына қосқан күш коммунистік партия ғана. Бостандықтан бұрынғы өмірім түгелімен таптық езгіде, жалшылықта, қуғын–сүргінде өткен өмір. Еңбекшілер табының мұң–мұқтажынан басқа ешқандай таптың мүддесі құлақ пердемнен ары өткен емес!...

– Сендердің тығылатын індерің, киетін сауыттарың осы. Ал, амалияттарың бүтіндей басқа!

– Өткендегі шынайы жапакеш таптың ішкен уымен суғарылған өскен азаматтың, өзінің туған табының мұң-мұқтажынан басқа идеясы болмақ емес! Оған Маркс те, Ленин де куә. Маузыдұң «тіпті айқын» куә. «Дүниеде таптық таңба басылмаған адам жоқ» деген ғой ол кісі!

– Сондай сорлы таптан шыққан болсаң қалай оқи алдың?

– Мені оқытып санамды ашқан да коммунистік партия!... Шың тяншу, Лиң жилулардың Шың Шысайға ашқызған мұғалімдік орта техникумынан ғана оқығанмын.

– Ал, пролетарият табынан шығып, маркстік санамен суғарылған зиялы болсаң, қанша адам факт қойып отырғанда өзіңе кір жуытпайтының не? Дүниеде кемшілік-қателіксіз адам болмайтындығын да Маужуши айтып отыр ғой, ұлы көсем өтірік айта ма?

– Мекемедегі қызмет стилін тексеру, тұрмыс тексеру жиыны болса, өзімнен кемшілік-қателіктің не дәуір үлкенін де тауып бере алар едім. Мәселен, мен кейінгі кезде қонағуар-меймандос болып алғанмын. Үйіме жиі келетін қызметтестерімнің арасында Мақұлбек пен Құлжан сынды күншіл мәнсапқор, пәлеқор, жалақор иттер де болған. Менің ең зор қателігім осыларды адам болар деп күткен талғамсыздығымнан туылған. Ал, бұл жүргізілген науқанда менен іздеп сұралған мәселе, мұндай кемшілік қателіктер емес. Менде жоқ кері төңкерістік, тап жауларының жойқын жойымпаз мәселелері. Мұндай зор мәселелерден кірсіздігім анық. Мұндай мәселелерден өзіме мұнан кейін де кір жуыта алмаймын!...



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.