Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 30 страница



Ендігі мұқажырымыз, іш тоқтататын дәрі емес, іш жүргізетін дәрі болып тамсандырды. Кешке қайтып бара сала сүргі іздедік. Жүгерінің шіріген ұны да жоқ, оның дәрі болып жасалғаны табыла қойсын ба!...

Ертеңіндегі таң бозында сәкіден бәрінен бұрын үркіп түрегеліп, дәретханаға бәрінен бұрын орналасып едім. Менен кейін келіп өшіретке тұрғандардың арасынан таныс дауыстар естілді: «дәретке бір отырғаны тұрмай қоятыны несі ей?» – Жақанның үні. – «Мына тықыршып тұрғандарына, күлкі үшін қысас қылғандары шығар!»– деп жауап бергені Тоқбай сияқты. –«Бір дәретке бір сағаттан отырып, күн өткізуді де ойлайтын шығар!»– деп күлген анық Қапас екенін таныдым.

– Жоқ шырақтар, жауаптарың дұрыс емес!– дей түрегелдім орнымнан.

– «Үй мынау Биған аға ма?», «соның үні ғой!» –десіп күбірлесіп тұрғандарында дәретханадан шыға келдім.

– Еңбекпен тәрбиеленушінің дәретте де жұмыссыз отырмайтындығын ертең таңертең түсінесіңдер!

Күлісе, шұрқыраса амандастық. Әлгі сөйлеген үшеуінен басқа Асылбек, Ақбай, Зарықбек, менің қызметтестерімнен «Құйынсоққан» да бар екен. Өткен іңірде айдалып, біз жатқан соң жетіпті. Ысқырық тартылып, ахуал сұрасуға мұрсамызды келтірмеді. Бірқаншасы қарнын, бірнешеуі штанының бауын ұстай жүгіріп, тізіле қалды.

Дүйжаң сары тізімге қарап, мені Биғабили деп шақырды да, Құйынсоққан екеуімізді көк азық егу группасына қосты. Жаңағы күрескен алты оқушымды түнде солармен қатарлас келген он шақты ұйғыр «ұлтшылға» қосып, кірпіш құю группасын құрды. Таудан әр күні түнде машина–трактормен ұрдалып тасылып жатқан қарағайларды далдалы қораға тасуға бір группа. Қайдан келетіні белгісіз, түн сайын көбейіп жатқан таза құмды қалтарыс бұрышқа тасуға тағы бір группа... Сөйтіп, қилы-қилы кәсіптен он шақты группаға бөлді. «Қосымша кәсіп әтіреті» деп аталатын осы әтірет сан қилы, сан сырлы кәсіптердің әтіреті екендігін сонда түсіндік. «Зор секіріп ілгерілеу» де әйтеуір сақшы назаратынан озатын ешқандай ұшар қанаттың жоқтығына күмәніміз қалмады. Өйтетіні, шебер ұрының барлығы лаугайда. Олардың жеткіншектері де лаужяуға жиналып жатыр. Өз кәсіптеріңмен секіріп ілгеріле десе, олардың қайсысы тартынбақ...

Сүргі дәрісін іздегендердің жан дауысы түрме басшылығына енді естілгендей, ұлттық кадр атаулыдан көрінген жалғыз татар гансысын сол күні кеште жіберіпті. Тәлім-тәрбие гансысы екен. Келе сала группаларды түгел жиғызып жіберіп, жаңа шыққан үгіт қолданбасын оқуға кірісті. «Астық – гауһардың гауһары» деген тақырыбын тамсана жариялағанда арт жақта отырған «оңшыл–ұлтшылдар» күле қарасты бір-біріне. «Енді түсініпті!», «енді түсініпті!» деп күбірлеседі. Былтырғы жариялаған сыңаржақты «құрыш–маршал» ұранының тамақ болмайтындығын енді түсініпті дегені екенін мен де түсініп жымидым.

«Елімізде астық тапшылығы былтырғы құрғақшылық апатынан пайда болды» деп шімірікпей жариялады кадр. – «Алдымен астық жағынан секіріп ілгерілемесек ашаршылық туылатындығын» сөйлей келе, алақандай бос жер қалдырмай егіндікке айналдыруға үндегенде күлкі тағы көтрерілді. «Зор секіріп егеміз деп, қалған түйірін енді тақыр далаға шашып құртады-ау!» деген күбірге күлісті... «Бар жерден бір-ақ өндіреміз деп бірінен де өнім ала алмай тоқитады ғой енді!», «күреп аламыз деп тұмсығын тасқа тіреп жығылатын ауру ғой бұл!» дескен күрсіністер де естіледі.

Біздің аурудың емін кадрымыз ең соңында айтты. Сыпыртқы ауруының кесірін лаугай әтіреттерінен көріп келген сияқты: «іш айдайтын дәрі бұған шипа болмайды екен. Мұнан соң лаж жоқ, табылғанынша каулен жейміз. Оны бір күні сүргімен айдай берген адам... өледі. Ең жақсы дәрі – қайнақ су екен. Көп ішу керек. Ішкің келмесе де зорлап іш!» –деп өзі де күрсініп шықты.

«Астық – гауһардың гауһары» екендігін барлық группа «үйренуге» осыдан бастап кірісіп, іңірлерде барлық жатақ «жарыса сайрайтын» болды. Бұл тақырып, қарындары ашқан адамдар сөйлегенде тіпті зор секіріп сөйленетін тақырып екен. «Құрыш маршалды лаугайға алып, орнына астық гауһарды қоймаса, ол гүй[59] құйрығымызға сыпыртқының сабын тығады екен» деп сайрады сотқарлар.

Мұны әнеу күні далаға отырып қойып таяқ жеген жуан тышқақ, жас содырларға сыбырлап сөйлетті. Аты Тоқты Басит екен. Сол таяқтан иығы шығып кетіп, таңдырып, еңбектен қалған болатын. Немен болса да қарынын толтырмай тоқтамайтын қомағай жігіт, басқалардан қалған кауленді де жұмарлап қылғып жүріп, ең көп «толғататын» да сол болған. Оның ішіне өнген сыпыртқы сабы, жеген жесіне қарағанда, сексен жылдық қарағайдан кем түсе қоймайтындығы, дауалға шалқалап сүйеніп, күндіз-түні отыратындығынан дәлелденіп еді. Әлгі сөз әтіретке түгел тарап барып, басшылықтың тергеуіне түскенде, «үш қызыл туға қарсы бұл кері төңкерістік үгіттің» түп атасы сол болып шыға келді. Күреске бір кеш тартып жіберіп анықтап, ауруына қарамай айдады еңбекке. Біздің көк азық группасына қосып айдады.

«Астық – гауһардың гауһары» ең көп оқылатын группа, осы группа. Түскі демалыс уақытында да демалмай атыз басында «үйреніп» жүргенбіз. Тоқты Басит келген соң кемелдене түсті бұл «оқуымыз». Мұндай өтірік үйренуге келгенде алдына жан салмайтын шешен жігіт екен. Біздің Құйынсоққанның демеуімен тіпті үдеді. Пікірін дәретке асығып, қарнын сипай отырып бастайды да сөз соңын, бір шұқанаққа түсіп, штанын төмен сыри жалғастырады. «Құрыш маршалы құрып кетсін, астық – гауһардың гауһары» деп ышқына-ышқына сайрайды.

– Ей, сен құрыш маршалды жаман айтасың болмайды, осы сөзіңнің өзін сөйлейсің жақсы!» деп ханзу зужаңымыз[60] зекіріп қояды. Группаның басқа мүшелері астықтың гауһарлығы жөніндегі құрғақ сөзге жақжұты болғандықтан Тоқтының сөйлеуіне зужаң мұқтаж да күлкілі әңгімелі сөзге біз мұқтаж едік. Осындай жақын далдаға отырып сөйлей беруін, бірге істеп жүрген үйткен бас әйелдер де құптады.

Гауһардың гауһарын «үйрене» жүріп, көк азық егетін ұңғыл-шұңғыл атызды көбейте бердік. Санпаку деп аталатын бұл сайда біз игермеген «тың» қалмады. Құлағалы тұрған жардың асты мен үсті. Суды аспаннан құймаса маңайынан тышқан да кіре алмайтын тұйығы. Тастақ белдердің кенезесі кепкен қапталдары, баяғы гомендаң әскерлерінің далдалану үшін қазып кеткен ұяшықтары... дәріпұрыштың[61] жайма дорбаларындай жүз бөлек, мың парша болып «ашылып» тегістеліп, атызымызға айналды. Кетпенмен шауып босатып қырлай салып, ұрық шаша бердік. Қолымен істей алмайтын Тоқты Баситтің жуан аяғы ұрықты көме берді. Әйтеуір оның түскі лекциясында құйрығын малып қойып сөйлейтін қуыстары көбейе берді...

«Зор секіріп ілгерілеудің» құйыны тыныштық бермей бір ай үйіріп, жаздық көк азықты егіп  болғаннан соңғы бір жексембі күні ғана демалдық. Лаужяуларды семьясынан келгендерімен көрістіретін күн еді бұл. Шақырды дегенге Мақпал келген екен деп жүгіріп едім, дарбазаға келіп тұрғандардың арасынан қызыл жаулығын иығына салған Гүлниса ғана танылды. Балғынтайда бір киіп көрінген қызыл пүліс көйлегі, сол шырайы, сол көзі, кереметті сол шашы.... Мен сескене қарап кілт тоқтап едім. Көрістіруші кадрға айтып, Гүлнисаның өзі табалдырықтан аттай жүгірді. Қолында мықшия көтерген үлкен сумкасы бар, тамақ сияқты.

– Мақпалмен ұлыңыз аман!– деді қос қолымен амандасып. – Бірақ, бүгін мұнда келуге рұқсат ала алмады! – Маңайдағы бар көзді өзіне тартып тұрған «қарындасым» күбірлей сөйлеп, жан-жағына қарап қойды да бүктелген хат ұстата жалғастырды күбірін. – Мақпал екі-үш күннен бері күреске түсіп жатыр,– дегенінде жүрегім зу ете түсіп еді, – одан қауіптенбеңіз!–деді іле-шала. – Жеңіп шықпай қоймайтындай пікірі күшті, алымды болып шықты, өзіңізден де қиын екен. Сөзі мен үнінің сыпайылығы арқылы ешкімді ашуландырмай мойындатады! Әйелдердің бәрі қорғайды оны, бәрі жақсы көріп қалды!

– Не жауап айтып жатыр?

– «Көрген – білгенім» деп әшкерелеп, Мақұлбек пен Құлжанның рәсуасын шығарды. Оның толық ақтайтыны сіз, Күлән, Ынтықбай үшеуіңіз ғана. Вечеркаларыңыздағы[62] болған барлық сөзді сол болған қалпымен сөйлеп берді. Барлығы дәлелді. Өз уақытында жазып жүрген сияқты!

Нұрияшымды мақтаған мақтасына қарап, осы сұлудың өзі жөніндегі күмәнім жеңілдеп сала берді. Жеке жер болса маңдайынан сүйіп, сылап–сипап қойғым да келді. Және сұрадым.

– Ал, күреске тартушылар одан енді не талап етеді?

– «Шекараңды айыр!», «бай шаруаның қызысың, өз мәселеңді тапсыр!», «Күләннің мәселесін тапсыр!», «Тапсырмасаң, екеуіңді айырмай төңкерісіміз аяқтамайды» дейді!... Оған Мақпал титтей де қысылар емес. Ыңғай «бірінші, екінші» деп ретімен анықтап сөйлейді екен өзі! «Бірінші» мен бай шаруаның қызы емес, мал құмарлардың бай шаруаға сатқан лағымын. Баласы болсм сатама!... Менің әке-шешем, автоном райондық партком мен партия мектебінде... Кімнің баласы екендігімді солардан сұраңыздар! Екінші, мен, өзім ақтап тұрған адамдардан шекараны мүлде айыруым мүмкін емес. Себебі, олардың қалпақты нахақ жаладан кигендігіне көзім жеткендігі үшін ақтап тұрмын, фактым толық. Олар кейін мәселе өткізіп қоймаса, мәңгі ақтағаным – ақтаған! Қойған дәлел – факттерімді сондағы басы қасында болған адамдардан өтірікке шығаратындар болса, қане, алдыма әкеліп сөйлетіңіздер» дейді!

Осы хабарды Гүлниса күле баяндап тұрғанда көрісу уақытымыз біте қалыпты. Қақпа алдында тұрған кадр қузасымен сумкамды алдыма қоя салып, асыға сөйледі.

– Мақпалға алаң болмаңыз, оның қорғаушысы көп. Ешкім айқайламайды, оған қарсы ұрандамайды. Және күреске Асқарды ала келіп, алдындағы столға отырғызып қойып сөйлейді. Оған ештеңе істей алмайтындығына сол жігіт кепіл!... Ал, әйеліңіз сізге келе алатын болғанша мен келіп тұрамын. Сумканы кейін алармын!... Аман тұрыңыз! – Гүлниса көзіне жас ала күлімсіреді.

– Рахмет қарындас, мың рахмет!– қолын қыса қоштастым.

– Есқата ала ма екенмін?– деп Гүлниса баяғы сөзін растағандай сық етіп күле бұрылды қақпаға. Мен қайта тоқтатып, жақындай түсіп сөйледім.

– Келешек күйеуіңмен өзіңе, тірі болсам мен де есқатармын, қарыздармын!... Мұнан соңғы демалыс күндеріңді маған сырап етпе, осының да жетті! Мұндағы тұрмысымда қиыншылық жоқ. Жалғыз-ақ өтінерім: Мақпалға «ес қат!» қорғаушы, қамқоры бол! Оны – мен деп таны, егер ол олай-бұлай болып кетсе, мені де өлді деп біле бер!.. Ал, қош!...

Гүлниса велосипетінің қасына барып, маған қарап тұрып қалды. Көзін сүртті. Қол сермеп тастап, сумканы көтере жөнелгенімде ғана қолын, бас ие көтеріп, велесипетін жетектеп шығып кетті.

Мақпалдың хатын жатаққа кірген соң аштым: күреске түсіп жатқанын жай ғана іс ретінде жазып, ештеңе болмайтындығын ескертіпті. «Жалғыз–ақ, саған барып қайтуыма тиым салып тұрғаны болмаса, болттары босап қалды. Көргенімді түгел айттым. Сенің соңғы ескертуің бойынша, қатты мінез көрсетпей-ақ түңілдіретіндігіме сенімім толықтанды. Көпшілік мен жаққа шықты!» –депті. Ынтықбай мен Құмардың, Юсуп Қасым, Ясындармен бірге «төменге түсіп», басқа бір еңбек лагеріне кеткенін жазыпты сонсоң. Қай жердегі, қай лагер екендігін біле алмапты. Күлән да өз орнында күреске түсіп жатыр екен. Оның үстіндегі күрес тіпті қатты сияқты. Мекемесінен бір ауыз үй беріп, шығармай тексеріп жатқанын Мақпал біреуден естіпті.

Мақпалдың өкпелі досының бірі Ақия көрінеді: «мені көрсе жылап сырт айланып кетеді. Әлдекімнің қыстауымен бізге жала жабуға беті шыдамай жүрген адам тәрізді. Сен айтатын қасқыр мен қошқар жөніндегі әлгі бір анегдоттағыдай салбырап кеткен екен. Үзіліп түсіп, аш қасқырға жем бола ма деп қорқам. Мен оның Асылқан үйінде Құлжанмен айтысқандағы сөзін де айқындап ақтап шықтым. Ондағы біздің пікіріміздің дұрыстығын көпшілік қыза құптады. Ақияның енді неден қорқатыны тіпті түсініксіз!» деп жазыпты. Соңында менің денсаулығымды қайталап-қайталап тапсырып, «өзіңнің екеуің» деп қана қол қойыпты.

Хат сыртына словян жазуымен жазған қосымша сәлеміне үңіле түстім. «Мына қыз сені қоғамдық ой-пікір жөнінен ең жақын аға тұтатын идеясын сыйпаттап, маған көп ақыл қосып, көмектесіп жүр. Әлиядан мүлде басқаша жан көрінеді. Күрестен құтылғанымша сенен хабар алып тұруын өтіндім. Әлгі бір айтқаның сонда да есімде, алаң болма!... Жақында бір ебін тауып өзім де барып қайтармын» деп ескертіпті.

Сол демалыс кешіндегі жиында әтірет бастығымыз «секіріп ілгерілеудің» жексенбілерден секіріп өте беретін құқыққа ие екендігін ресми мәлімдеді: мұнан соң «үлкен жексембі» күні ғана демалыс беріледі деді. Газетте жарияланғандағыдай жексембі сайын үйіне барып тұратын құқық тек жасырын еңбек сіңіру арқылы сенімге ие болған бірен-саран лаужяуға ғана беріледі екен. Ол да «үлкен жексенбіге» байланды. Ал, үлкен жексембі дегеннің өзі ғайыптан жаралатын, әтірет бастығының шеңгеліндегі бір «жарықтық» сияқты. Қай күні демалыс жарияланса сол күнді үлкен жексембі деп түсініңдер дей салды соңында.

Бұл тәртіп, Үрімжі өзенінің арғы қабағындағы дәл тұсымыздан төтелеп жүргенде екі-ақ шақырым жердегі семьяммен көрісіп тұруды тағдырдың жұмбағына айналдырып қойды. Егіп болған атыздарымыздың су бармайтын бөлшектеріне шелекпен су тасып суғаруға кірістік. Бұған осы группа ғана емес, бүкіл әтірет жабылса да орындалатын жұмыс емес екен. Қапалтадағы атыздарға су тіпті алыс. Бастығымыз басқа әтіреттерден көмек сұрап шапқылап жүр. Оңайлықпен «үлкен жексембі» берер түрі жоқ.

Әпкіш пен екі шелекті иығымнан түсірмей сенделтіп қойған рақымсыз «кішкене жексембі» күнінің түске жақындаған шағында Гүлбикемнің[63] тағы да келе жатқаны көрінді. Бұл жолы ерекше сұр бешпет, сым мен сары шапка киіп шығыпты. Жол үстінен сай табанындағы бұлаққа қарай өтіп бара жатып танып тұра қалдым. Шағын жәшік бөктерген велосипетпен ағызып келіп түсе қалып амандасты да менің көрсетуіммен, төбе басынан қарап тұрған зужаңыма қарай жүгірді.

– Жолығуға дүйжаңыңыздан алған қағазым бар, бұлақ бойына түсіп отыра тұрыңыз!– дей жүгірді.

– Шаршап қаласың, жүгірмей бар! – Бұл менің ішімнен елжіреп аяуым еді. Өткірлігі мен спорлығына таңдандым. Әнімен сахнадан көп көрініп, көпке таныс болған сұлу, осы беделімен әлі талай «есқатар». Бірақ, басқаларға қарындасым деп сендіруге бет–жүзіміздің парқы көп еді. Сұм қыз мұны да күнібұрын ойлап қойған екен. Зужаңға қағазын беріп келе сала соны айтты.

– Менің шешем, сіздің шешеңіздің ұйғырға тиген сіңілісі болды!– деп күлді. Бірер метрдей алыстаңқырап отырды қатарыма келіп. – Мұндағы басқарушыларыңыздың бәріне осыны айттым, ұмытпаңыз!... Мақпал мен Асқарыңыз өзіңіз көргендегідей аман. Күрес тоқтаған. Бірақ, үйіңізді тінтіп, қалған кітап-қағаздарыңыздың бәрін тізімдеп, Мақпалға қол қойып беріп алып кетіпті. Кейін «өзіңіз қайтқанда» қайтарып беретіндігін айтыпты – дей келе Мақпалдың хатын ұсынды. – Сіздің жүдегендігіңізді өткен жексембіде оған айтпай, мақтап барып едім. Расында да қалпыңызға келіп, қайтадан өңейіп қалыпсыз!

– Мақпалға қандай шара көретіндігінен сезгенің барма?.. Төменге түсірмес пе екен?

– Оған институттың өзіндегі режимінен басқа жаза қолданбайтын сияқты. Мектеп басшылары «қалпақ кимей қалған жас оқытушыларымыздың ең негізгісі осы еді» деп, ондағы науқан басшылығына пікір көтергенін естідім. Тағы да «өзіміз кепіл болып өзгертіп аламыз» дейді екен. «Көшіріп әкеліп мектеп ішінен үй береміз» деп Мақпалдың өзіне де айтыпты.

– Олай болса, оның біздің ақтағандығымыздың жазасы осы режим ғана болғаны ғой!– деп серпіле, жеңілдей қарадым жан-жағыма.

– Семьяңыз мектеп ішіне көшетін болса, ешнәрселеріңізді шашпай-бұзбай өзім орналастырамын, алаң болмаңыз! – Гүлниса да қарады маңайына. Жоғары-төменгі жағымыздан су алып жүрген лаужяулардың көбі бізге қарап тұрып алғанын көрді де күліп жіберді. – «Ағасы» мен «қарындасынан» күмәнданып аңдығандары ма?

– Жоқ, олар сенің шырайыңа қызығып жүр. Үрімжіде не қилы жігіт бар ғой, бәрі де саған осылай телміреді!

– Сіздің де тәуір көретіндігіңізді білемін!– деп жымиды сиқыр қыз. – Бірақ, асқан берік адамсыз. Мақпалдың ерекшелігін білгенімнен соң сіздің соныңыздың дұрыстығын толық түсіндім. Аяса аяғандай жар екен!... Сіз екеуіңіздей жетік пікірлі зиялылар көп шыққан болсашы! –Гүлниса ойлана күрсінді. Осы тілегінің түбін анықтай түскім келді:

– Олай болғанда лаужяу мен режим тіпті көбейер еді! –дедім әдейі.

– Ақиқатты сөйлеуден қайтпайтын саналы азаматтар көп болса, бұлай қылмыс таба алмай жеңілгеніне де ызаланып жазалай бере алмас еді! Бізге қалпақ та кигізе алмас еді!... Бұл ахуалымызды өзіңіз тіпті толық білесіз. Бұлай қорлауға, тек аздықтарыңыздан ғана ұшырадыңыздар!... Қатты ашынып жүрмін! –Гүлниса соңғы сөзіне келгенде төмен қарап, көзжасын тастап–тастап жіберді. – Бұл тіпті де төңкерістік іс емес! –деді сонсоң. – Ақ пен қараны, пайда мен зиянды айыра алмайтын көркеуде надан мәнсапқорларымыздың көптігінен пайдаланып осыншалық басынды!... Өз басымызды өз жұдырығымызбен ұрып жатыр! Гүлниса енді булыға өксіді. Аяулы басын алдыма алып, Асқарымша әлдилегім, маңдайынан құшырлана сүйгім келді. Тамсана қарадым маңдайына.

Данышпан тергеушім, бұл сырлы дүниеде осындай махаббаттың да болатындығын түйсінген жеріңіз бар ма?.. Сіз, жер жүзіндегі барлық махаббат гүлінің сырын білетін «ғалымсыз, гүл біткен түгел ашылсын» деп отырып, ашылып көріне қалғанда қызылынан басқасын түгел қырып тастайтын, «талғамы күшті данышпансыз». Сондықтан сұрап отырмын!

Махаббатыңыз, тіпті қызылға қызығып байланған да емес, (шындығында жүрегіңіздің қызылға да қарсы екендігі «даяужың» жоспарыңыздан ап–айқын көрініп отыр ғой.) Қарамақсатқа қатерсіз жетудің қамымен әсіре қызыл болып көрінудің жолын тапқан, асқан алаяқ «данышпансыз». Сізден сұрамай кімнен сұрайын!

«Сыпыртқы сабы» өз ішіңізге де кіріп кетуінен қорқып, сасқандығыңыздан ғана астықты гауһардың гауһарына теңеп қалғандығыңызды былай қойғанда, қаражүректің қара темірден басқа гүл-гауһары болмайтындғын жетік білетін ең сұм «данышпансыз», сондықтан сұрап отырмын! Осы сұлу екеуімізді қиуадан қиыстырып, етене аға-бауыр етіп қойған махаббаттың аты кім, қайдан келген құдірет?...

«Оңшыл–ұлтшылдарды» бала-шағаларынан да айырып, тікендей даралап жұлсақ тұқымы тез құриды деп отырғандарыңызда мұны білмейтіндігіңіз өздеріңізді құртатын қылмыс болып жабысар ма екен!

 

ІІ

Жалғыз көзді түпсіз қалыппен күніне алты–жеті жүз кірпіш құю, аш лаугай–лаужяу тұрмысында ең жоғары рекорд болып бағаланып жүр екен. Біздің Қапас пен Зарықбек, Ақбайлар осы кәсіпке төселе келе күніне мыңнан тастап, басқа рекордшылардың көзін бақырайтып қойыпты. Аттары әлемді алғандай шу көтерілді.

«Сөз – әрекетінде Маужуши жақта тұрып», еңбекте мұндай үлгі көрсеткен лаужяудың қалпағы дереу алынады деп үйреніп жүргенбіз. Бұл өсиет, жұмыс өнімін арттыру үшін өндіріс басшыларының соқтырып жүрген қыздырма қызыл желі еді. «Бұлар бір ай тұрмай-ақ кететін болды»– деп болжампаздар, «лаужяудың ең төменгі мүддеті үш ай ғой, сонысын толтырысымен кетер» деп заңшылдар, группаның кешкі үйрену жиынында мысалға алысып отырды. Көкейіндегі шындығын мұндайда бір көсіп қалмай тынши алмайтын Құйынсоққан дәл осы сәтте қателесті.

– Ақымақша ойлайды екенсіңдер,– деп күлді. –Жанын жалдап, тісін қайрап екі-үш жыл әуреленіп әрең жиып алып отырғанда, оп-оңай қоя бере салады ғой сендерді!

Алара қарады зужаң дүңгеніміз оған. Бұл сөз, «жұмысқа ұрынып-зорығып әуреленбеңдер, сендердің күштеріңді сынап көріп қана қоя бере салуға жиып алып отырған жоқ» деген, даяужыңға қарсы нағыз кесірлі үгіт емес пе, шыға жөнелді сыртқа. Әтірет штабына алқына жетіп мәлімдей қойған екен. Дүйжаң сары кіріп келіп тергей жөнелді. Құйынсоққанды құнжитып тұрғызып қойып, сол сөзін қайта айтқызды да көпшіліктің қатты күреске алуына бұйырды. Ал, күрес... әпербақандар тұмсыққа нұқып, көзге шұқып, айқайласа жөнелді. Қожа алдында көрініп қалудың орайы табыла қалғанда күшіктер қандай қабаған. «Еңбек қызғындығымызды жоймақ болды!», «Даяужыңға қарсы нақтылы кері төңкеріс!», «компартияға болған сенімімізді жоймақ болды!», «үкімет саясатын өтірікке шығарды!», «басшылықпен арамызға от қойды!» десіп түтіге түйгілейді.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.