|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 29 страницаЕртеңіне түске жақын көк азық атызында демалып отырған бізге Самсақ жақындап келіп, ақыраңдай шақырды мені. – Биғабіл, мұнда кел! – Жақындай бергенімде тағы да ақыра бұйырды. – Сенен анықтайтын мәселе бар, тез жүр! –«Анықтайтын мәселе» дегеніне асыға жүгіріп жеткенімде күбірледі. –Біздің үйге, ешкімге көрінбей кіріңіз! –Осыны айта сала үлкен көшеге қарап жантаңдай жөнелді Самсақ. Артқы қақпадан байқап тұрып, босағадағы кішкене есікке сып ете түстім. Келіншегі табалдырықтан амандасып, шыға жөнелді. Балшық пештің далдасында Гүлниса отыр екен. Күлімсірей түрегеліп амандасты. Созған қолымды бос қана ұстады. Үйреніскен сырлас досым болғандығым үшін жандаса келіп отыра қалып едім. Сәл сырылып алыстаңқырап отыра күлді. – Бек жақын отырмайықшы, және ауырып қалармын!... Бір ай жатып әрең жазылдым! – Балғынтайдан қайтқаныңнан бері тілейтінім, осылай сауығу еді, қуандырдың қарындасым!... Ал, Мичуандағы «құрыш қортуға» бар деп қузамады ма өзіңді? – Әлгі полковниктерің үш рет шақыртты, бармай қойдым. Шақыртқан мақсаты белгілі. Қызметінен қуса, қуа берсін, енді қуыршақ болмаймын!... Ешқандай жігіттің де қажеті жоқ! – Қажеті жоқ емес, ол табиғат заңы ғой. Бірақ асықпай таңда! Көз қиығын жалт еткізіп бір қараған Гүлниса төмен қарап күбірледі. – Таңдап болғанмын, енді қойдым!– дей сала көтеріліп, сөзді басқаға аударып әкетті. –Жу внлай зұңлидің жаңа бұйрығын естідіңіз бе?.. Бүгін соны сізге жеткізіп қояйын деп шақырттым, кешіріңіз! – Мына Самсақтың үйіне шақыртқаныңыз... жала болып жабыспай ма? – Жоға, бұл менің шешеме жерлес, бауыры. Маған қас қылмайды! – Ал, Жузұңли не бұйрық шығарыпты? – «Еңбекпен өзгертуден» басқа «еңбекпен тәрбиелеу» деп атап, тағы бір жаза орнын құратын болыпты. Еңбекпен өзгерту дегендері заң жазасына кесілген қылмыстылар баратын, нақтылы түрме ғой. Ал, «еңбекпен тәрбиелеуі», қылмысы заң жазасына толмайтындар баратын, мекемелердің әкімшілік жазасы ғана екен. Уақыт мүддесі үш ай, алты ай, ең көп болғанда тоғыз ай ғана екен. Жексембі күндері үйіне келіп тұрады. Тәрбиелеу мүддеті біткен соң еңбек ақысы бұрынғы дәрежесі бойынша толық қайтарылып, бұрынғы қызметіне орналасады екен. – Мұны кімнен естідіңіз? – Кеше ханзуша радиода Жузұңлидың өзі сөйлепті. Сізге жеткізіп, көңіліңізді орнықтыру үшін келдім. Қылмысыңыз жоқ қой, ең қиын болғанда сол лаужяуына[54] барып қайтарсыз, одан артық не істемек!... Әйтеуір басқа қастықтарынан сақтана жүрсеңіз болғаны!... Денсаулығыңызға мәңгі тілеулеспін! – Рақмет қарындас, сенің денсаулығыңа мен тіпті тілеулеспін! Сол үшін өзіңе ең лайықты бір орынды ойлай беретін болдым. – Соны айтпаңызшы, менен құтыла алмай жүрсіз бе? – Гүлниса назбен еркелеп бұртия қарады маған. – Құтыла алмағандық емес, құтты орнына қонбай, әйел заттың бақыты орнықбайды ғой. Аяулы қарындасының келешегін ойламайтын аға бола ма, сенің денсаулығыңның шартын білгендігімнен алаңдаймын. – Алаң болмаңыз, ес қатармын әлі! – Гүлниса осыны күле айтып қалды да мен күле иіліп шыға бердім. Жүрегін жүгендей алмай, жастықтың жалынымен қателесіп, мол ақылын сезімге тұтқындатып алған сұлу ғой бұл. Сауықтым дегенімен де тез айыға алмас. Құштарлықтан жүдеп барып мүлде ақымаққа айналып кетпеуі үшін өз теңдесін тезірек табуын шынында да жиы ойлайтын болып қалып едім. Менен өзін толық жиып алуын, бұл кездесуде де үзіл-кесіл, жақсы айтып шыққандаймын. Бірақ, «құтыла алмай жүрсіз бе» деген назы мен «ес қатармын әлі» деп ескертуі мені тіпті ойландырды: «маған деген көңілін мүлде орнықтырып, арман-тілегін менен айнымастай байлағаны емес пе?... «Ес қатар» бір кезеңін мөлшерлеп, содан тосатынын білдіргені ме?... Осылай үміттеніп жүріп, шыдамы таусылғанда Нұрияшыма қас қылар ма екен?... Қой, көңілін жыртпай-ақ күдер үздіремін деп жүріп, көкейіме найза ұрғызып алмайын! Өзі де жастық өмірін жаңсақ үмітпен зая кетіріп алмасын, мүлде торықтырып, енді көріспей қояйын!» «Лаужяу» жөніндегі хабарды Мақпалға кешкі кең уақыттан пайдаланып жеткіздім. Балам мен әйелімді екі тіземе қондыра құшақтап, алма кезек сүйе отырып баяндадым. Көкірегіме басын сүйей тыңдаған жар, белімнен құшақтап қыса түсті. Аянышын сездірмей, қимастықпен қысады. Аумақты дөңгелек көзі тұна жаудырап, ой тереңіне батып барады. Аппақ маңдайына ернімді басып сора беріппін. Онымды көріп, Асқар да маңдайын сипай қыңқылдатты. Күліп жіберіп оған да соны істедім. – Сендейлерге келгенде «үш ай, тоғыз ай» дейтін кесімін бұзады ғой!– деп күрсініп қалды Мақпал. –Сені үкімет те «қимас», қара қақпасына бір апарып алса, босатпай қояр ма екен!... «Зор секіріп ілгерілеуі» қиындаған сайын қысатын шығар!... Өйтетіні халық тұрмысы нашарлап, наразылық көбейген сайын, ең зор хаупі сендерде болады ғой. Қымырлаған пұта басынан селк ететін болып отырғанда жастармен оқушыларды көтеріп жібереді деп қорықпайсың ба!... «Бауырына» баса түсер сені!... Мейлі, секіру түгіл аяқ баса алмай тұралағандарында көрісерміз. Ол да алыс емес. «Оңшылдар» пікірінің дұрыстығын сонда түсініп, сонда босатар. Әйтеуір денсаулығыңды дәл осылай сақтай білсең болғаны!... Мен, өз күткенімнен де бақыттырақпын жаным. Оқыттың, мұратыма жеткіздің. Енді тозағына да шыдайтын сенімім бар, әрқандай жағдайда да Асқар екеуімізден алаңдамайтын бол!... Мен, өзіне төнуі мүмкін болған қастандықтан, әсіресе, Күләннан басқа әйелдерден сақтана жүруді сонан соң айтып едім. – Менің күндесім соншалық көп пе еді?– деп Мақпал күліп жіберді. – Көп,– дедім мен. – Сенің күндесің ғана емес, менің өз күндестерім де саған зиянкестік істеуі мүмкін. Сені жойса мені де жойғаны болып есептелмей ме. «Мұратқа» солай жетпек болатындары бар. Ал, сені, еркек күндестерім өз қолдарымен жою орайын таба алмаса әйелдерді салуы мүмкін. Басқа әйелдердің қолынан, тексермей су да ішпе!... – Өзіңе менің де бір ескертпегім осы еді, жақсы айттың!... Қандай сезімнің күші екені белгісіз, осы кештен бастап түн бойы құшақ жазбай аймаласатын болдық. Гүлнисаның жеткізген сол хабары екі-үш күннен соң газеттерде де жарияланды. Жузұңли ол сөзінде еңбекпен тәрбиеленушілердің қырық проценттік құқығы сақталатындығын да анықтап айтқан екен. Еңбекпен өзгеру шарты қойылған жау емес, жартылай құқығын сақтап тәрбиеленіп, қайтадан халық қатарына қосылатын адамдар екендігін осылай түсіндіріпті. Март айының соңғы күндерінің бірінде, Мақпал, мектептің үлкен залында «жүрек тапсырғанын» айтып келді. Не деп тапсырғанын жазбасының қалдығынан маған да оқып берді: «мені феодализм бұғауынан – күңкілдіктен азат еткен, тек, компартия ғана. Бесіктен белі шықпай жатып малға сатылып кеткен бір күңді төңкеріс сабына – партия қатарына тартып, ата-анам оқытпаған мектептен оқытып, ғылым сабына қосқан да компартия. Бұл жақсылыққа мәңгілік жақсылықпен жауап қайтаруға ант етемін! Бұл сынды ұлы мұратқа опасыздық істеген қаскүнемдерге тілі тәтті, іші у, екі тілді орайшылдарға, компартия үшін де айқайлап жүріп сіңіп кіріп алып, компартияның сіңірін қиғысы келетін тап жауларына, өздерінің ұсақ мүддесі үшін қоғамдық ұлы істі былғап жүрген қара күйелерге, азғындарға, жалақор жандайшаптарға жан ұжданыммен от ашамын! Ондайлардың өзім білетін мәселелерін асықпай толықтап жазып әшкерелеймін!» – Мақпал осы жазған антын залдағыларға толық естірте анықтап оқып беріпті де жоғарырақ сенімді біреуінің қолына ұстатыпты. – «Мынау сізде тұрсын, осы антыма титтей қайшылық істесем табанда жазалануға ырзамын, деген антымды оған да дауыстап айтып тапсырдым!»– деп күлді Мақпал. Басқасына ауыз былғамай, социализм мен коммунизмге мәңгілік адал болатындығына ғана ант еткеніне мен де сүйіне күлдім. Мақұлбек пен Құлжанның қылмыстарын нысаналағаны ғой! – Ал, бұл ант бойынша әшкерелеуге тиісті факттерді толық білемісің?– деп сұрады өзінен. – Мақұлбек пен Құлжанның барлық сөз-әрекетін білемін. Уақыты, орны, кімдердің алдында қандай жағдайда сөйлегендіктерін де ұмытқаным жоқ! – Өшігіп өзіңді күреске тартса қайтесің? – Бірінші, мен сайрап қалпақ киген емеспін. Екінші, үкіметке тілім тимейді. Үшінші, қолымда Асқар бар, маған не істемек. Күреске тартса тіпті жақсы, айқындап тереңдете қазбалаймын!... Осы антымды сөйлеп болған соң маған сұрау – тергеу жүргізе алмай қалып еді. Менің соңымнан іле шала «жүрек тапсырған» Ақияға қатты тиісті... – Не деп? – «Жүрек тапсыру деген құрғақ ант беру емес, тапсыр мәселеңді!» деп бір тобы шу ете түсті. –«Сен, Биғабіл ұйымының негізгі мүшесісің, оның фактілері көп!», «Құмардан шекараңды айырғаның рас болса, оның мәселесін тапсырасың!», «Биғабілдің көне досысың, оның да мәселесін тапсырасың!» деседі. «Биғабілдан да Құмардан да кері төңкерістік ұйым түгіл бірер кербақпа сөз естігенім жоқ!» деп Ақия алғашында шорт қайырды жауабын. Үш рет солай тойтарды. Соңында: «егер Құмардан мәселе табылса, партия мүшесімін ғой, әрине айрылысамын. Олай болмаса... некеленіп қойғанымнан соң айрылыс дегендеріңіз – заңсыздық болады» деп ескертті. Қарсы топ сонда да шуласып қалды: «егер шекарасын айырмаса, Құмар түгіл басқаларының мәселесінен де ештеңе әшкерелемейді. Төңкеріс мәнпағаты үшін әкімшілік бұйрықпен ажырату қажет!» десті. – Бұл талапқа Ақия не айтты? – Ақия, неліктен екендігін білмеймін, соңында әлгіндей босырақ жауап айтып қалды: «Құмар күреске түскеннен бері өзім де шекара бөлып тұрмын. Анықталған соң бірақ көремін!» деді. Мәселе жоқтығын анық біледі ғой, Құмарды сол бетімен үзіл-кесіл ақтап тұрып алуы қажет еді. Сөйтсе, менің кейінгі керісінше әшкерелеуімде де пайдасы тиетін еді!– деп күрсінді Мақпал. – Өзінің қызмет орны мен партиялылығын қимайтын көрінеді. – Бізден шекараны қаншалық айырғандарыңмен де мәселе тауып бере алмай қорлайсыңдар ғой оларды,– деп ойлана жымидым. – Қайтадан қуарлайтындай болса сенде соның жолына түсіп, «шекара айыра» тұрғаның жөн сияқты! – Жоқ, менің одан басқа жөнім көп!– дей салған Мақпал, Ақия жөнінде бір сезгенін айтты. –Ақияның өзі қорқатын бір мәселе бар сияқты, жылай береді. – Ақияның қорқатыны, Асылқанның үйінде Құлжанмен «саражол» туралы айтысқан сөздері болса керек. Оның өзіне айтып қой, ол сөздерін Күлән сонда «жауды жабайылықпен жеңуге болмайды» деген мағынаға аудармап па еді, мәселе болып түсе қалса, Ақияның өзі де осы жолмен жауап берсе болғаны, қорқарлық мәселе емес! – Басқа мәселесі болмаса, оны ұмытқаным жоқ. Ондағы пікірін менің де қуаттаған сөзім бар болатын: «жау тапты түгел аң деп, істі сол аңның өзінше жүргізсек, жер шары жабайы аңның ғана мекені болып қалмай ма» дегенмін. Біздің үйде Құлжан партияға қарсы былжырап алып, сенен қуаланды болған соң, Асылқанның үйіне барғанда саған жағайымсып, жоғары таптарды үрім-бұтағымен қырып-жоятын ең тұрпайы солшылдыққа бірақ көшкен. Біз сондай екі бетті ұждансыздығына қарсы шыққанбыз. Солай емес пе? – Дәл солай. Ал сендердің сол жабайылыққа қарсы сол жауаптарыңды партия қазір де теріске шығара алмайды. Өйткені, өздерінің сорақы солшылдығын әлі де мойындамайды. Түйенің үстінде тұрып, жаяу адамға бұқ-бұқ дейтін түйсіксіздің өзі осылар болып қалмадыма! Екеуіміз ұзақ күлістік бұл мәтелді теңеуге... Қар ерігеннен соңғы бірнеше күндік мезет шөл де көл бойындай ылғалданып, желіндей қалмай ма. Дәл сол шақта Жаубасар тағы да шаңқылдап екі аяқтылардан ешкімімізді қалдырмай қуды. Зордан да «зор секіріп» барып, Үрімжінің күншығыс жақ сыртындағы су шықпайтын тастақты таз қыраттарды түгелімен ормандыққа айналдыра қоюға бұйырды. Бірақ, тағдыр менің ащы терімді бұл тандырға нәсіп етпегендей. Енді қазып болған шұңқырыма қара ағаш пұтағын қадай бергенімде шақыра жөнелді біреуі келіп. Жақын маңымдағы «оңшылдар» түгел солшылдарға үдірейе қарап қалыпты. Күбірлеп қана мекемеге қайтарып әкетті. Түске жақын әрең жетіп едік. Жаубасар кабинетінде Айғайкөкке иек қақты да шыға жөнелді. Сол орынбасары жеткізді үкімімді. – Бүгіннен бастап сақшы назаратының қарамағына өттің. Еңбекпен тәрбиеленуге барасың, жоғары жақтан бұйрығың шықты. Ендігі ісіңді сол орын басқарады! – Бұйрыққа қол қойған кім екен? – Тісімді-тісіме басып, бәсең үнмен сұрадым. – Автоном райондық партком!– деді ол, қайтесің дегендей нықтап тұрып. Айырым бастығының атын атамады. – Қазір жүресің, үйіңе бар да тез дайын бол! Үйге қайтып барып жайшылықси естірттім Мақпалға. Қызара қалса да ол да абыржығанын сездірмей құшақтады. «Денсаулығыңа мықты бол» деп күбірледі жалғыз-ақ. Алқымынан әлде не тіреп, сөзге келтірмей қойғанын ұқтым. Менімен бірге «секіріп» жүрген көрпені екеулеп таңдық. Үлкен жол сумкама керек-жарақтарымды салып, дайындап қойды да ұйықтап жатқан Асқарды оятып әкелді. Екеуін қоса құшақтап, кезек сүйіп тұрғанымда мекеменің ханзу тілмашы кіріп келді. Ол да күлімсірегендей шырай көрсетіп, иегімен ымдады, «жүр» дегені еді. Буыншағымды көтеріп шығарып велесипетіне таңды. Сумкамды өзім көтеріп шыға бердім. – Бізден алаң болма!... Мүлде алаң болма!... Денсаулығыңды... денсаулығыңнан басқаны ойлама!– деп үзіп-үзіп әрең айтты Мақпалым. Мен де сондай бірдемелерді айта күлімсіреген сияқтандым. «Асқар бар ғой, әрқандай жағдайда да күреске түспейтін райда бол!» дегенім ғана анық. Ол да күлімсіреп бас изеді. Асқардың қолын өз қолымен қоса көтеріп, бұрма көше мүйісінен өткенімше сермей бергеніне жалтақтап мен де қол сермей беріппін. Терезелерінен қарап тұрған көршілердің ешқайсысы шыға алмады. Үрімжінің күншығысынан күнбатысындағы қызыл таудың дәл түбіне, үлкен көпірмен айнала жаяулап барып, «жаңа өмір машина ремонт завоты» дейтін вывиска жазылған қара қақпаға бір-ақ тоқтадық. Тілмаш кіріп жолдау қағазымды тапсырысымен ішкі босағадағы әйнекті үйшіктен автоматын көлденең ұстаған әскери пос шыға келді. «Лаужяусо»[55] сы осы екен. Мұның да нақтылы түрме екендігін, түгімді қоймай тінтуінен толықтап түсіндім. Ішінен жанмылтық асынған бірі «зу!»[56] деп шақ ете түсті сонан соң. Биік қорғанның оңтүстік жақ бүйіріндегі шағын ғана ішкі қораға айдап апарды. Бір жатақтың сәкісіне нәрселерімді қойғыза сала тіпті қатал бұйырды. «Зу!». Тағы да айдай жөнелді. Айдағаннан айдап, қызыл таудың солтүстік жағындағы бір шоқыға өрлетті. Алыстан шаршап келгендігімнен тіземді қолыммен тірей өрлеп әрең шыққанымда күн күреңітіп батып бара жатты. Менің теңдестерім быжынап сол шоқының арғы, тік беткейіне орман егіп жүріпті. «Зор секіріп ілгерілеудің» әкесін енді көрдім: су жұқпас айна таздың жалтыр төбесіне шаш еккеннен де қиын, шоқы қиясын шақылдатып тас босатып, жиде ұрығын көміп жүр. Қосылған әтіретімнің көбі бала. Көшеден жиып алынған қалтамандар мен сотқарлар екендігі сұрқтарынан көрініп тұр. Ал, қатарымыздағы әтірет, шашын бұйралата бергендіктен сыпыра үйіткен басқа айналып кеткен бұзық әйелдер әтіреті болып шықты. Күлейін бе, жылайын ба!... Еңбек уақыты бітсе де құйрығымды жерге тигізбей айдап, «ескерту» үшін әкеліпті. Солармен бірге тізіліп, қайта қайттым. Солармен таласа–тармаса тұзсыз-қатықсыз көкбұршақ ұнның қаракөк умашын ішіп, солармен бірге үйрендім. Алдымен түрменің тәртіп-ережесін оқытты. Бір сәкідегі он төрт лаужяудың арасына сынаша қағылып кіріп ұйықтап, құзғын сәріде ақырған дауыстан солармен бірге үркіп түрегеліп, кетпен, керке көтере жөнелдім. Әйтеуір артымыздан лаугайдағыдай[57] шошиған ұзын мылтық көрінбей, сары шапан етектерінен автомат пен жанмылтықтың тұмсықтары ғана жылтыңдады. Шірік жүгері ұны лайлаған сарысумен ашып кеткен сары момысы артымыздан ере барып, сол шоқы үстінде үлестірілді. Күн де сарғайып шығып, бәрімізді сарғайта көтерілді. Тышқақтан күлгін сарыға айналған арық қара жігіт қатарымыздағы үйітілген бастардан ұялғандай, дәретке алыстап барып отыра қалып еді. Сары шапанды ұйжаңымыз соңынан ақырып барып, теуіп тұрғызды. Айдап келді де осы қазған жеріңе отыр деп, желкесінен басып шұңқитты. «Тыңайтқыш керектігін де білмейтін мал!» деп ескертті маған қарап. Әйелдер әтіретіне ең жақын шеттегі бір ретте тұрған ұйғыр жігіт бұл оқиғаны байқамаған сияқты. Үстімізден төніп тұрған сары шапандыларға «рұқсат па» дегендей қол көтеріп ишаралай қойды да штанының бауын ұстай жүгірді ылдиға. «Хұйлай!»[58] деп ақырды дүйжаң сары. Дәреттен қысылған жуан қара жігіт әйелдерді көрсетіп, ұят болады дегендей өз бетін түрте сала тағы жүгірді. Ол құйрығына далда тауып отырып болғанша сары киімдіден екеуі түсіп тепкілей жөнелді отырған жерінде. «Біз адамбыз!» деп қана айқайлады ашынған жігіт. Әлуетті көрінеді, тепкендеріне қымырламай отырып, «мәселесін» бітіріп түрегеліп еді. Сарылардың бірі жанқалтасынан арқан шығарып, қолын желкесіне қайыра байлады. Құйрыққа теуіп айдап әкеліп тергеді. Қылмыскердің тағы да сондай адамгершілік қағида сөйлегеніне шамданды. Түскі келген норма момысын бергізбей, байлаған күйінде тұрғызып қойды да кешке қайтып барғанымызда түрмедегі жалғыз қара ағаш пұтағына байланған қолынан асып қойып шықпыртты. Елуінші жылы қыздай мінезбен сызылып келіп, «халықтың өгізіміз» дейтін «халық азаттық армиясы» осылар еді. Енді бүгін далаға дәреттенгені үшін ғана қасқырша жұлып, мұншалық жауыздық көрсететінін кім ойлаған!... – Үй мынау, қасапқа келген мал емес қой, іш ауру лаужяуды бұлай жазалай ма екен, айтсаңдаршы! –деп қалып едім, естіп тұрғандар көзін қысып, аузын басып, бастарын шайқап, шошына қарады маған. – «Лаужяудың қырық проценттік құқығы сақталады» дегені қайда?» деп еселегенімде группа бастығым болып көрінген бір хұйзу жеңімнен тарта жөнелді жатаққа. Мұндай сөздің үлкен қылмыс болатындығын түсіндрді. Мұндағы тамақ пен тәртіптің өзара қайшылығы аса қатерлі екен. «Денсаулық!», «денсаулық!», «денсаулық!» деп үш қайталап серпілдім ашудан. Машина ремонт әтіретінде істейтін еріктілеу бір лаужяу техникке жалынып, сақтық үшін іш ауру дәрісін алдырып ала қойдым. Жаңа келген лаужяуды бір айға дейін семья адамдарымен көрістірмейтіндігі естілісімен Мақпалға ұқтырып хат жазып жөнелттім. Алаң болмауы үшін «жақсы орналасып, жайлы тұрғаным» баса айтылды. Ашып кеткен жүгері үні ішімізге тоқтамай, шыға қашып әурелеп жүргенде ол да таусылыпты. Оның орнына күп-күрең болып «түтігіп» қызыл каулен ұны келе қалды. Мал да жемейтін «сыпыртқының басы» қастерленіп қасқанға түсіп, қатты пысқан бауырдай кертіліп-кертіліп жетіп келгенде тұнжырай түсті лаужяулар. Сөйтсе де кеңірдектерінен зорлап өткізісімен іш аурулардың қабақтары ашыла қалды. Жаңа тамақтың қасиетін құрсақтарының құрылдап-шұрылдамай қарсы алғандықтарынан сезе қойыпты. Ондай ауруды тас төбесінен ұрғандай тоқтата қоятын «дәрі» екен. Сол күні еңбек майданынан таяқ жемей бәрі де аман қайтты. Тіпті лаужяулықтарын да ұмытып, рахаттанғандай, жайраң күлкілері естілді. Кеште қайтып келе сала сол дәм–тұзсыз «бауырды» қан күрең умашымен дымдап қылғып едік. Таң ата үрке түрегеліп дәретханаға барсам, әтірет бойынша өшіретке тұра қалыпты. Алдымен кіргендері орын босатар емес. Күшенеді. Ыңқылдайды, ышқынады. «Сыпыртқының анасын» тілдей отырып қыңқылдайды. Бақсам, «босана алмай», түгел толғатып жатыр екен. Кешегі жеген «сыпытрқы басы» бүгін сыпыртқының сабына айналыпты да ішектерімен бірге суырмаса түспейтіндей сіресіпті. Бар қаһарларын жиып бірнеше рет ышқынғанда сол жуан «саптан» лақтың құмалағындайы ғана әрең үгітіліп түседі екен. Өшірет тиісімен мен де сөйтіп бір көріп, оңай шешілетін мәселе емес екендігін білген соң көп отырудан намыстанып шығып едім. Шоқыға өрлегенімде кереметін көрсетіп, көзіме қарашұбар жылан болып ұялады. Бізден бұрын жетіп істеп жатқан «үйітілген бастардан» ұялар жайым қалмады. Жиде егетін қорым тасты керкемен тыжырына қопарып, кенерелей сала, шапанымды желбегей жамыла шоңқидым. Ішегімдегі «спыртқы сабын» қатындар үркетіндей қаһармен мытқылап үгітіп түсіріп, есімді әрең жиып қарасам, әтіретіміз түгелімен-ақ шоңқиған екен. Ең «қуанарлық» жайыт, бізге күлетін әйелдердің өздері де шоңқиғаны болды.
|
|||
|