|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 28 страница– Жауабым да талабым да сол, қанішер қасқырды сотқа тапсырып беріңдер, сол жерде сөйлеселік! –мен де ақыра қарадым оған. – Даяужың дегеніміз төңкерістік әрекет болса, даяужыңшыларды отқа итеріп, қаскүнемдік әрекет жүргізу, нақпа-нақ кері төңкерісші!... Мұны тыңдамай, осы күреспен буып тастай алмайсыңдар! – Өзгермеймісің? – Кімдердің өзгеріп, кімдердің жазалануға лайық екендігін әлі білмедіңдер ме?– деп мен де кеңірдектегенде, қостаушы кеңірдектерін Айғайкөк бастап тағы да ұрандата жөнелді. Бағанағы сұрауымнан соң үнсіз қалған жас оқушылар әлдекімдерінің күбірімен тізіліп кете берді. «Балалардың жатын орындары алыс, таң атысымен жұмысқа шығады!» деп оқытушылары жүре жауап берді бір бастыққа. Көпшілік арасын дабыр-күбір кеулеп кетті: «бұлар пікір тыңдар емес. Көргенімізді заң орнына бірлесіп жазып жіберелік!» деген пікір әйелдер жақтан анық естілді де ашық қуатталды. Ұрандарының қабыл болмағандығын түсінсе де кеңірдектеп тұрған Айғайкөкті жиын бастығы санынан түртіп тоқтатты. Сөйлетпек екен. «Жиынның күн тәртібі бойынша» өзіне сөз берілгендігі, түгі қурамаған тіп-тік салтанатпен жарияланғанда орнына отыра қалған Айғайкөк, тамағын қырынып-қырынып жіберіп, жалтақтап қарады маңайына. Мұндайда таза стаканымен алдына келе қалатын ыстық шай көрінбеген соң алқымын сипалап қақырынып алып бастады сөзін. Күшене-күшене аузына әрең түсіріп, «зор секіріп ілгерілеудің халықаралық маңызын» сөйледі: ұлы Маужуши басшылығындағы біздің бұл әрекетіміздің «жаһанды дүр сілкіндіріп, жаһангерлерді қалтыратқанын» айта келе, менің қызып тұрған «домнаға секіргенімді» соның бір дәлелі етіп көрсетті. Ерлер жағы тұншыға күлісіп, әйелдер жағы ызалана дабырласқанда шешен столды соққылап тоқтатып, сөз найзасын енді соларға қадай сөйлеп кетті: бұл науқанға қарсылық алдымен «еңбек жауларының» пассивтесуінен әшкереленетіндігіне, сөйтіп реакциондар мен жаһангерліктің құйрығына айналатындығына, ондайларға өз уақытында соққы берудің қажеттігіне, теориялық талдаулар жасап жатты. Көпшілік жағынан келген бір қағазға қарап жіберген жиын бастығы маған түйіле қарады да отырып тыңдауыма бұйырды. Мен отырмай шеттеп шығып тұра қалғанымда жиын жабылғандығы жарияланды. Айғайкөктің тым алыстан бастаған сөзі лезде қалай жетіп тоқтағанын да ұқпай қалдым. Көпшілік бұл күрес жиынын сайқымазаққа айналдыра дабырласып-даурығысып тарады. Қаншалық шаршасам да ашу-ызадан ұйқым келмей, қалған түнді дөңбекшіп өткіздім. Шегінен асып кеткен қастыққа шыдамым таусылса да кек алудың дұрыс жолы табылар емес. Таң ата қайта барып тандырға түстік. Әбілез екеуіміз штаннан басқа киімді тастап кірістік іске. Ыстық жалын әлі лапылдап тұр. Кешегі қалған тұтас қоқыстың екі жақ шетінен ломдап, керкелеп, темір сынамен сыналап жүріп, түске дейін екі тесікті әрең шығардық. Екі ломды екеуіне салып, екеуміз қатар ырғадық сонсоң. «Құршымыз» міз бағар емес. Тандыр іргесінен ажырату үшін бірнеше сынаны шет-шетіне қақтық. Нағыз құрыш сыналардың өзі шелпекке айналды. Керке де лом да жас шыбықша иілді. Шүмектеген термен күйеден қалың қарасауыт кигендей, бір-бірімізді танудан қалдық. Сыртқа айқайлап шелек-шелек суық су түсіртіп іштік. Сыртқа шығу жағдайымыздың жоқтығын біліп, кешкі тамақ та құдыққа түсті. Басқа тандырдағылар да осындай халде екен. Керектен шыққан құралдар сыртқа лақтырылып, жаңа құралдар таратылды. Бетпақ «меторит» оған да міз бағар емес, бөлінуінен үміт тіпті жоқ. Сілеміз қатып, қисайған ломды таяна құшақтап отырып ұйықтап қалыппыз. Ертеңіне таңертең сәл тыңайған күшімізбен тесіктерді кеңейтіп ойдық та ломдарды қос-қостап салып ырғап әрең қозғадық. Жершарын бағындырғандай қуандық бұл «құдіретімізге». Ырғай бердік, тырнай бердік. Астына сына түсіріп, балғамен соққылай бердік. Сол күннің кешінде Құдай жарылқағандай үшке бөлінді. Астыларына бірнеше сына түсіріп, темір арқан өткіздік те, мосылы кран құрғызып, бір-бірден шығарып бердік. Бұл үстемдікке алдымен жеткен біз екенбіз. – Алдыңғы жеңіс сендердікі!– деді техник тандыр аузынан үңіліп. Астыңғы бетіне іркілген шойын көрмеген Әбілез тағы да шорт қайырды жауабын. – «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыпты». Қаншалық көмір, қаншалық өмір беріп істеп, шойын темір түгіл қолымыздағы құрыш сайманнан, тіпті рудамыздан да айрылдық. Осындай «жеңіс» болар ма екен! – Оны сөйлеме!– шошынғандай күбірледі техник. – Бұл зиянды айтсақ шатаққа қаламыз. Осы дашқалды тұтасымен шойын есебіне өткіземіз. Биылғы міндетіміз өтелсе болмады ма! –Техник сырттағы біреуге тапсырып, жуынуға екі шелек су келтіріп берді. Тозағымыз бұл маңнан табылмайтын ең жақсы моншаға айнала кетті. Таза жуынып киініп бірақ шықтық. Бұрын бітірген Әбілез екеуіміз техниктің мадақ сөзімен көпшілік алдына жүлдегер болып өттік. «Өзгеру деген осы. Өзгергенін адамның өзі де сезбей қалады!» деп комбат данышпансыды. Мақұлбек бізге көп көрінбейтін болып, шеттеп кетті. Жауларының кек алуынан басшылық сақтандырып қойған тәрізді. Ши түбірін шауып тандырға тамызық даярлайтын бес-алты ақсаққа ғана бастық болып тағайындалыпты. Бұл ақсақтар, әнеу түндегі домалаған тастардың соққысынан емделіп, әжетке жарап шыққан жеңіл мертіккендері екен. Бір күн берген демалысында екі орынға арыз жазып жөнелттім. Кешкі тамақтан соң тағы бір «оңшының» үстінен ашылған күрес жиынына шақырды. Тағы да нахақ, тағы да жала. Шаршап-шабандап қалған «күш-көліктерін» тарту арқылы қорқытып жүгіртіп дәніккені ғой. Күрес жиынының құлағы тағы да салбырап тоқтаса да, босаған тандырларға тағы да көмір тасытты. Көмірді лық толтырып, үстіне, әйелдер ұсақтаған руданы тағы да үйгізіп болып, таң ата «ұйықтатты». Шындығында ұйықтату емес, көзімізді жұмдырып қойып қоңырау соқты да жотадан қайта тасылып бітпей қалған көмірмен рудаға айдады. Сөйтіп, біз де домалай бердік. Тандырларды тағы да морлатты. Бес тәуліктен соң тағы да екі тәулік «сыбырластырып» алып, тағы да су құйғызды. Бір «оңшыны» тағы да күреске тартып жіберіп, «таптық» қамшы үйірді де, тозаққа тағы да бізді салды... Сөйтіп, тозақтан үшінші рет тазаланып шыққанымызда «құрыш» деп атайтын қоқысымыз тау болып үйілді. Қолымыздағы нағыз құрыштарды балшықша илеп шыққан бұл «құрышымыз» аспаннан түскендей, асқан такаппар бейтаныстығын бейнелеп бедірейе түсті. Қаншалық аймаласаң да жылт берер емес. Бұл реткі құрыш өндіру міндетін «артығымен орындап» болғанын білген бастықтар сол ақшамда кетіп болыпты. Мақұлбек те жоқ. «Таптық күрес» солармен бірге кеткендей, актив пешкалармен пассив пешкалар құшақтаса кетіп, ойын–күлкімен бірге тамақтанды. Автомобильдер мен тракторлардың «құрыш» тасудан босамайтындығын айтқан бір жарты бастық, үйге қашан қайтсақ та рұқсат екенін жарияласымен көбі түнделетіп шұбай жөнелді. Ақсақ Сәйда бұрын ұшып, жүк аптомобилімен кетіпті. Иісшілдік түгіл естен де айырлып болған «авчаркаларым» өзді-өз беттерімен жоғалды. Мен таң атқан соң бір топ әйелді бастап соқпақ жолмен Үрімжіге төте тарттым. Төсек-орнымыз «құрышқа» мініп қайтпақ. Ынтықбайдың қайтып келгеніне үш күн болыпты. Мақпал оның төсек тартып ауырып жатқанын айтты. Үнсіз меңірейіп отырып, партияны тосыннан тілдей жөнеледі екен. Күләннің айтқан сақтандыру сөзін ести сала жастыққа қисаяды екен де жан-жағына өз әдетінше қабақ астымен сүзе қарап алып, сыбырлап тілдейді екен. «Ең қатерлі гомендаңды өзіміз шақырып алыппыз-ау, осындай партияға мүше болыппын-ау!» деп көкірегін тырнайды екен. – «О сенің соқыр социализміңді, отаршы коммунизміңді!..» – Бұл, компартиямен социализмнің өз денелеріндегі індет емес, солшылдар мен жандайшап жолбикелердің ісі екендігін білуші еді ғой! –деп қатты күрсіндім мен. – Күлән айтып есіне түсірмей ме оның? – Айтқанда қандай, тіпті керемет,– деп Мақпал да күрсінді. – Мен Күләштің мұншалық марксизмші идеялог екендігін бұрын білмейді екенмін!... Ынтықбай оның түсінігіне мойындап, «е, солай екен-ау!» дей салады да аздан соң қайта есіреді. «Адамзатқа жаны ашымайтын тас бауырлар коммунизмші болып кімді жарылқамақ!» деп тағы да айқайлап жібереді сонсоң!... Кеш батқан соң түтін жамыла барып, көңілін сұрап қайтуды ойлап едім. Кеш бата өзім тітірей жығылдым диванға. Екі шекем солқылдап, бас көтертер емес. Соны айтқанымда Мақпал басымды құшақтап отыра қалып күлді: «жолдасыңның біреуі қыз болмағандығынан ба?»[53]– деп күлді де бар жүрегін жайып сала аймалады. – «Дүниеде менен артық қыз бар дегенге сенбейтінсің ғой жаным, міне мен!.. Міне қасыңдамын күнім, қасыңдамын!» – Жаңбырдан кейінгі аспандай тұнық, аумақты көзінен қос тамшыны тастап жіберді де,– «менікі не әлі!»– деп қайта күлімсіреді. – Нерві қиыншылығына өзің де ұшырап келгеніңде Ынтықбайға көрінбей жата тұруың жөн екен!» төсекті қалыңдатып салып, сүйемелдеп апарып шешіндіріп жатқызды да Асқарды ірге жағыма әкеліп отырғызды. Не тамақ ішкім келетінін сұрады сонсоң. Асқарға ымдап, басымды уалатып қойды да өзі тамақ жасауға кірісті. Шешесінен көргені бойынша Асқар да күлімдей отырып уалады шекемді. Бұйрықты тапжылмай орындап отырып, қолы талды ма екен, басымды біраздан соң білектеуге көшті. Қарқылдап күліп жібердім. Пысылдап, ыржың-ыржың күліп алып, білектей берді ол... Бір шақта көзім қарауытып, дүние шыр көбелек айлана жөнелгендей болды. Мақпалды шақырып, жұқпалы ауру болар деген оймен баланы өз кереуетіне жатқызуды тапсырдым. Асқардың қасымнан кеткісі келмей жылап айрылғаны естіліп еді. Онан соң не болғанын сезбей қалыппын. Үш тәулік өткенде жиыппын есімді. Құлағымның дәл түбінен соққан өз жүрегімдей бір жүректің екпінді лүпілімен өз өкпеммен дем алғаннан парықсыз, бір түрлі жағымды ыстық тынысты естіп, жалт қарадым, Асқар екен. Басымды тағы да құшақтап, маңдайымнан сүйіп жатыпты. Шешесі күлімдей қарап түрегеп тұр. – Мынаны неге әкелдің жаным-ау? – Ауруың жұқпалы емес екен. «Оңшы» врачтың біреуін жасырын шақырып әкеліп тексерттім. Нерві дейді!... Кішкене «бақсың» әкемді өзім емдеймін деп келіп отыр. – Нерві?.. Нерві ғана ма екен?– деп басымды көтеріп алдым. Осы құтырған жалған коммунизмшілердің соқтырған жынынан жығылыппын ба?... Не деген масқаралық!.. Әкеле ғой киімімді! – Жоқ, жатсын, неғұрлым ұзағырақ тынықсын деді! Нерві жүйелері қиналып шаршаудан бұзылуға айналған, ыза мен қиялға берілмесін дейді. Жата тұр күнім, дәрет қыстаса, міне леген! – Яу деген, олардың жындандырып өлтіру мақсатын орындата қояйын ба! Әкел киімімді, «суық тиген екен, терлеп жазылды» дей сал сұрағандарға!.. Ендігі сауығу өзімнен!... Түрегеле салып дене тәрбие қимылын істедім де жуынып, дымды орамалмен денемді түгел ысқылап алып қайта жаттым. Қатты ұйықтаппын. Кеш бата тағы да дене тәрбие ойнап, ысқылап алып тамақтандым. Мақпалдың әнін тыңдап, оны құшақтап тансыға түстім. Біз не істесек соны істеп күлдіріп Асқар жүрді. Дәрі де, арақ та ішпей, осы тәртіпті әрекетті қайталай бердім. Сол ес жиғанымнан төртінші күні Мақпалды толық сауыққандығыма сендіріп, Ынтықбайдың халін біліп қайтуға жібердім де өзім ел жата барып амандастым. Ыршып тұрып құшақтай алған Ынтықбай үн сала жылап жіберді. Күлән екеуіміз кезектесе сөйлеп сабырға, шыдамға шақырып мойындатып, беріктеп едік. Бұрынғыдай салмаққа келіп, шай дастарқанына қатар отырды да көрген–білгенін асықпай сөйлеуге кірісті. Сап қазақ малшылары отырақтасып, егіншілік кәсібін кооперацияға ұйымдасқаннан бері ғана игерген бір коммунаға барған екен. Былтырғы «ашылу – сайрау», «оңшыл – ұлтшылдарды соғу» науқандары мен биылғы «құрыш қорыту» науқаны егіншілік өнімін құртып, астықтан мүлде тотитып кеткені бара сала көрініпті Ынтықбайға. Ашаршылық жайын баяндаған адам, табанда оңшылдарға қосылады. Малдары пәйға шағылып, түгел жиып алынған. Мал иелері түгел «оңшы», «кері төңкерісші» аталып, үй мүліктері де сыпырып алынған. Бірлі-екілі малы коммунаға қосылып, кедейлері де тақыр жерге отырып қалған. Бір тайпа ел бір ғана тайқазанның ылай суына қарайды екен. Үйлеріне ешкімнің от жағуына рұқсат жоқ. Моржасынан ондай айырым түтін шыққан «жекешілдердің» қазаны мен шәугімдері шағылып болған. Тамақ нормасын тайқазанның түбіндегі қоюынан алып, бұрын ішіп алған активтер бір шөміш суына да өшірет ала алмай тұрған «керітартпаларды» сағат толысымен қуа жөнеледі... Осыны айта келе Ынтықбайдың үні өрлей түсті. – Ендігі қалғанын айтпай-ақ қой, ұқтық!– деп тоқтатпақ болған Күлән екеуімізге сүзе қарап алып, «мұрындығын жұла» жөнелді. – Неге тыңдамайсыңдар? Ұнның бір шөміш нілін екінші күні таңертең тағы да алып іше алмай, тарғыл тас көтеруге айдалып бара жатып жан үзген момын шалдың шиқылын тыңдағыларың келмей ме? Үйінде шырылдап жатқан баласының аузына шандырын салып қайтуға тәнтіректей бара жатып, отын тасуға сүйреліп кеткен келіншектің зарын тыңдағыларың келмей ме? Қасыма жасырынып келіп ағатайлап көже сұраған кішкене балалардың үзілген жалынышын тыңдағыларың келмей ме?... Ыдысымдағыны соларға бөліп беріп, аш қалған өзімнің сол балаларша кеңкілдегенімді тыңдағыларың келмей ме? – Болды, болды!– деп жіберіп кеңк ете түстім мен де. Күлән еңіреп жіберіп, ауыз үйге шыға жөнелді. – Ендігісін айтпа!– зорналып қайта күлімсірей өтіндім де сөзін басқаға аудармақ болдым. – Ал, ол аудан шойын – темірден бірдеме өндіре алды ма? – Өндірді ме дейсің бе?... Ол жерде таскөмір жоқ, не өнбек! Таудың сәл құрғақтау ағашы мен қараған, тобылғысын, тіпті даланың сирек шиі мен жусанының тамырына дейін жұлып өртеп болды. Ұсақталған темір тастың күйік шеке қоқысын шойын деп үйіп жатыр! Жөн білетін, еті тірілеу адамдарының «кері төңкерісші» қалпағын кимегені қалмапты. Олар аштық пен таяқтан, суық абақтыдан қырылады. Жазадан өлгендердің сүйегін де үйіп жатыр. «Темір өндірудің» ендігі отыны сол шығар!... – Ынта, сабырлы да берік, мұқалмайтын бекем алмасымыз едің ғой. Осы ахуалды... – Е, тағы да тыңдағың келмей қалды ма?... Жан үзгелі жатқан қалпақты әкесіне атау суын апарған баласын «кері төңкерісшінің ұрпағы» деп сабап шырылдатқанын да тыңдағың келмей ме? Қалпақ киген әке-шешенің қиналысына шыдамай жылап қойғандығынан қорқып, иенге қашқан баланың қасқырға жем болғанын естігің келмей ме?... Иен жартас ішінде тасқа бастырылған әке мүрдесін, «әке-әкелеп» құшақтап шырылдап жатқан өлген жалғыз ұлдың ақырғы дауысын да естігің келмей ме?... Күрес үстінде додадан жығылған ұлын қорғаймын деп бұрынырақ өлген жесір ананың табан астындағы беу-беуін де тыңдағың келмей қалды ма?..
Әділетті тергеушім, мұндайларды сіздің тіпті де тыңдағыңыз келмес. Естіп қалсаңыз, айтқан адам түгіл тыңдаған адамды да нақ кері төңкерісші ретінде жоятындығыңызда сөз бар ма! Бірақ, әке-шешенің басына іс түскенде «жаман идеясын жұқтырмау үшін» танымай кет дейтін нұсқауларыңызды адам баласы да тыңдай қоймас. Зорлықпен тыңдаса да «иттен туып, іннен шыққан азғын!» деп өздеріңе тісін баса тыңдар. Өйтетіні, олардың бәрі адам, әрқандай таптың бәрі де адамнан құралады. Бәрінде де өзді-өз иқуаттарынша рақым мен адамдық махаббаттың жүрегі бар. Амалияттарыңыздан іздегенде мұндай қасиет тек, сіздерде ғана жоқ. Демек, адамзаттан басқа, оған мүлде жат жыртқыш мақұлықсыздар!.. Социализм мен коммунизмді Маркс пен Ленин кім үшін құрамыз деп еді. Ал, сіздер кім үшін құрмақсыздар?... Коммунист Ынтықбайдың жауап таба алмай жынданып жатқаны осы сұрау ғана. Адамзат үшін оның жылауы – сіздер үшін күлкілі – қанға жерік күлкі!!! ҮШІНШІ БӨЛІМ
АҒАЙЫНДЫ АПАТТАР
І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! 1959-шы жылдың февралы жартылай бере мекемеміздің қызметі қайтадан басталғаны естіліп еді. Қалпақшылар қайтадан Самсақ сторжының қолына өтіпті. Соның әмірімен сынық зәмбілдерімізді қайтадан көтеріп шықтық. Жан алып – жан беріп өндірген «құрышымыз» мекеме ауласының бұрыш-бұрышын түгел иелеп болған екен. Енді соны тағы бір жаққа тасимыз-ау деп күлісе жетіп едік. – Ол немеде нелерің бар!– деп Самсақ әфәнді зекіріп қалды. – Қар тасыңдар, қар! Арттағы сәйлікке апарып төгесіңдер! – Әфәндім, маршалымызды «неме» демеңіз!– деп Құйынсоққан әдейі түсін бұза қарады оған. Сыр тартпақ екен. Самсақ сторжы «маршал» атауына тіпті шамданды. – Қой маршалыңды, бір жапырақ нан болмайтын немеңді маршал деп тағы... Қар тасы деймін мен саған! Қыс бойы аулаларды басып қалған қарды жұл-жұл зәмбілімізбен сырттағы көк азық атыздарына таси бердік сөйтіп. Қалпақсыз қызметкерлердің бастаған қызметі тағы да жүрек тапсыру екен. Мойындарын іштеріне тығып келе қызмет бөлімдеріне кіріп шығып, жиын залына қарай шұбайды. Қып-қызыл жүректің үлкен суреті әлі де сол залдың төргі қабырғасында. Біздің үстімізден жазылған қара бояулы дазыбаулар қара бауыр бүйіше қаптап әлі тұр. Мақұлбек пен Құлжанның қолдары әлі де драп пальто қалталарында. Басқа қызметкерлер қарапайым келте бешпет-сымымен қалтақтап, жүргенде ол екеуі тіпті сіресіп, талтаңдай басатын болыпты. «Оңшыл», «жерлік ұлтшыл» қалпақ кигендердің қызмет орнына солар көтерілгені естілді. Менің январьда Сорбұлақтан жазған арыздарыма жауап қайтаратын ешкім табылмады. Естуімше бар сенгендерімнің өздері де зәмбіл көтеріп жүр екен. Сөз өткізерлік адам, мәселе айырарлық дұрыс таразы қалмағанын білген соң шағыну мен ашынуды менің де тоқтатуым қажет болды. Нерв ауруы – бір танысып алған соң жуырманда соңынан қала қоймайтын ауру. Ашу-ызамен қайғы-қасірет көрсе мойныма жайдақ міне шабатын жын. Сабыр – салмақ желпуішін қолдан тастамай желпініп, кең тынысты, көңілді жүруді басыма мықтап орнатуға тырыстым. Оны ұмытсам, бір құйынға шыдамай жындансам, кек үстіне кек кетпей ме. Жандарын жалдап жүріп оқытқан ата-ана, аға-бауырдың күткен үміті селге, өз арман-мұратым желге кетпей ме!... Қайткенде де артын шыдаммен күтуім қажет! Маңайдағы барлық қораның қар-мұзын таситын ұзақ жүрісті осы жұмысымызға бір аптадан соң Ынтықбай да келіп қатынасты. Бірге жүрдік. Бірақ, қайталап басталған «жүрек тапсыру» әрекеті бізге тағы да пышақ қайрамай қояр ма, тағы да қосақталып бауыздалмау үшін бір-бірімізден тағы да алыстай жүрдік. Артымыздан аңдитын «авчарка», аузымызды аңдитын тыңшы жоқ, ыңғай қалпақты іріктеліп шұбасақ та, басқа сөз сөйлеспеуге түгел келісіп алғандаймыз. Сөйтсек те жай қалжың мен жаймашуақ күлкіден айрыла қоймадық. Бұрынғы қалжыңшыл Нұралы ғана қалыпты одан. Былтырғы жазда тышқақтаған сиырша бәрімізді бір-ақ былғағаны үшін «оңшыл–ұлтшылдар» оны түгел-ақ шықбайталға айналдырып шеттетіп тастаған жайы бар. Оған әсіресе Қалық пен Өлзебаты суық қарайды екен. – Егер сен болмасаң мына ит бәрімізді құртады екен!– деп Өлзе күбірледі маған. – Онсыз да бізге көзігіп келген апат қой, «шекараңды айырғаныңды көрсет» деп оны бізге зорлап салғаны белгілі. Нұралы сонда да біздің жаладан құтылу жағымызда тұрды: әлгі «программа» болмысындағы балалардың ұрлығын сол программаны жоққа шығаратын факт ретінде маған әдейілеп ұстатып тұрмады ма... Ондай бишараға өштесудің қажеті жоқ! –дей жүре беріп едім, Өлзе қайтар шақта мықтап ескерте кетті маған. – Аса кешірімшіл екенсің Биған, Нұралыға қалай қарасаң да өз ішіңде болсын! Белгілі болды ғой, оған мұнан соң жақын жүруші болма, әлі де былғай беретін тышқақ ол. Мыналардың бәрнің де қорқып жүргені осы тыңшы!... Ал, тергеумен аңду мұнан соң тіпті күшейетін сияқты. Құрыш қорытуы масқараға ұшырап, халық алдында жек көрінішті болып қалмады ма. «Таз ашуын тырнадан алады», енді бізге артады бұл сәтсіздігін. Мұнан соң тіпті қысады. Сенімділеріне де сенбей, қайтадан жүрек тапсыртып, тексеріп жатқанда бізді оңдыра ма!... Саған тіпті көзігеді. Алды-артыңды қазбалап, ұзақ тексереді. Ендігі батырлық – ызаға шыдауда ғана болып қалды. Әйтеуір денсаулығыңды мықтап сақтағайсың!. Қалықтың да Юсуп Қасымның да саған айт деп тапсырғаны осы!...
|
|||
|