|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 27 страница– Құрыш–темір өндіру жөнінен осылай жанпидалықпен «секірмесек», басқа державалардан қалай озбақпыз? Олардың державалық құдіретіне қалай таласа алмақпыз? –Бұл сұраулы жауабымды аңыра тыңдаған Әблез бір шақта басын изеп-изеп қалды да жымия қарады маған. – Ұқтым, дәмесі жиянгерлік бәсекесінде екен де!... Сіздерде «түк таппаған буаз итін жүгіртеді» деген мақал бар емес пе еді, ха–ха–ха–һа...а.. өркендеген өнеркәсіпті державалардың заманауи домналарын кәдімгі жер ошағымызбен-ақ басып түсіп, бәрінен зор держава болмақ екенбіз де! – Сіздерде «өзіңде қанат болмаса ұшуың мүшкіл» дейтін мақал да бар,– деп түзету айттым. – Сауда табысын ғана ойлай бергенше әредікте осындай саяси пайдасын да ойлап қойсақ, нервіміздің ушықпауына пайдасы тиеді! – Тесіп өтеміз деп алдыға сап тұмсығымызды бұзғаны бізге саяси пайда болмақ па? – Бізге саяси пайдасы болмаса да саясында бірер түн тыныш ұйықтатар ма екен дейміз дағы! Екеуіміз қатар күлдік те қатар күрсіндік. Ұйқы жағынан тартып жүрген қиыншылығымыз қатарлас қой... Жылы құдықтан кешке жақын бір-ақ шығып едік. Сырттағы «пешкалар» жаппай сарпалтаң жүгірісте екен. Көмір тасыған машина-тракторлар үлкен тандырлар қазылып жатқан осы жотаның етегіне әрең жетті. Түсірген көмірді бір рота «пешка» зәмбілмен мықшыңдап жоғары тасып жүр. Біздің әр жотадан тасыған темір тасымызды енді осы жотаға арқалап тасып тағы бір сорлы рота шұбырыпты. Полковник–комбаттар жақын бір жотаға шығып қарап тұрғандықтан рота бастықтары өзді-өз роталарын қузап жүгіртіп жүр екен... Олардың қожа алдындағы қаншық жағымпаздықтарына қарсы сұм «пешкалар» қасақана тайғанап жығылып, арқаларындағы тасты етекке қайта қашырады да, соңынан қуып, етекке қайта түседі. Рота бастықтары сол қашқан тастардан қаша жүріп, тағы ақырады «пешкаларға»... – Өздерінің тандырды жотадан қаздыруының қаншалық ақымақтық екенін енді де түсінбес пе екен!– деп күбірлеп едім, Әбілез қызынып даурыға кетті. – Шелекпен су тасып сөндіре алмағанда болмаса, бұл қателіктерін көре қоятын көз бар ма оларда! – Ақырын сөйлеңіз!– дей сала тандыр аузындағы топырақты кетпенімен тарта бердім. Кешкі тамақ қоңырауы соғылысымен таудан бізде домалап түстік. Көп адамның таптауымен жота қапталындағы қар расында да көк тайғақ мұзға айналыпты. Түрегеп жүріп түсуден көрі домалауымыз өнімдірек болды. Бұлақ бойындағы әлі де жалындап «сыбырласып» жатқан тандырдың біріне келіп тамақтанып отырғанымда «жиылыңдар!» деп айқайлаған бұйрық шықты. «Қош хабар – қош хабар!» деп қосанжарлады бір бастық. Үйімізге қайтаратын хабар келді ме екен деген үмітпен тамақтарын тастай жүгірді көпшілік, келе тізіліп қатып тұра қалысты. Бастық қуанышын құрсағына сиғыза алмағандай, алқына сөйлеп жеткізді қош хабарын: Маужуши партия орталық комитетін дербес басқаруға шығыпты да, қосымша істеп жүрген үкімет төрағасындық қызметін Люшаушиға өткізіпті. «Үкіметтің көп қызметінен ажырамасам, марксизм-ленинизмді зерттеуге уақытым жетпей қалды» деген өз талабы бойынша ауысыпты. – Маужушидің бұл данышпандық талабы марксизм-ленинизмді сөзсіз дамытады. Бұл, біздің ең ұлы жеңіс!... Жасасын ұлы Маужуши!... Социализмді зор табыспен іске асырып, коммунизмге секіріп өтеміз! Жасасын теңдессіз данышпан көсем Маужуши!.. Комбатымыздың шектерінде құжынаған қошамет құрттары осындай ұраннан жеті-сегізін қабаттап айқайлағанда әрең тынышталғандай, тамағымызға қайта қайтарды. Бұрын Маузыдұңмен қатар ұрандалып келген Люшяушидің аты үкіметтің бірінші жушилығына тағайындалған күнгі бұл ұранынан мақұрым қалуынан, қалпақ астындағы көздер алара түскені байқалды. «Бұл кісіге бір қалпақ даярланып қалғаны ма?» дейтін күбірлер де бар. Марксизмнің Жұңгодағы ашық көзді ғалымның партия орталық комитетіндегі басшылық қызметінен шеттетілуі мені де алаңдатты. Қараңғы жатағыма үнсіз кіріп шешініп жаттым. Көрпелеріне кіріп ап күбірлескендер ол туралы «Пыңдыхуайды қолдаған» дегендей жорамал айтып жатыр екен. «Онда» үкімет бастығы деген қуыршақ атақ беріп сақтай тұрмақ болғаны» деп қалғандай болды біреуі. Әсіресе солшылдардың бұл жеңісі бізге бұдан да зор апат төндіретіндігін ойлап қынжылсам да, осында келгелі көрпеме шешініп кіргенім осы болғандықтан тұяқ серппей қатыппын. Бастықтардың таңға жақын қораздан бұрын шыңғырғаны бір-ақ оятты. Қайталап істететін жұмыстары бүргеше талап, ұйықтатпай қойған көрінеді. Таң белгі беруден әлдеқайда бұрын қараңғы құдығымызға қарай жүгіріп едік, сыртта істейтін көп «пешкамен» бірге бізге де теміртас арқалатып жөнелтті. Кешегі тайғанап домалап түскен тік қапталға қайта өрлегенімізде қатердің зорына тап болдық. Алдыңғы жағымыздан тайғанап жығылғандардың көтерген тасы арттағыларға ажал боп төнді. Адам бейшара құлаған жеріне төрт аяқтап жабыса қалса да үстіндегі тас ылдиға қарай сақылдап жолбарысша атылады. Ажал қалай беттегенін түтінді түннен көре алмай, бәріміз шулаймыз. Екі жақ бүйірімізде көмір тасыған зәмбілшілер де осылай шуласып жүр. Ұйқылары қаншалық керең болса да шуылымыздан полковник–комбаттар шошып оянған-ақ шығар. Бірақ, айқайлап, иә, біреуді жіберіп болса да қараңғыдағы бұл жұмысты тоқтата тұруға бұйырған ешкімі болмады. Жерге жарық түскенде екі «қолбасшы» қатар мамырлап етектегі тандыр жаққа келді. Тас соғып сұлатқандарды санап автомобильге тиеткенін көрдік. Сонда да «құрышты» тау басында «қайнату» бұйрықтарын тоқтатар емес. Тек жотаға тасу жұмысын ғана күндіз жарықта істеуді тапсырып қайтыпты. Басқа көрдегілер не десіп жатқанын кім білсін, Әбілез екеуіміз кегімізді жұмыстан ғана алдық. Қазған жер тереңдеген сайын күрең сабын да ұзарта түсу қажет екен. Құрықтай күрекке өзім де машықтанып, өлшеммен ілген топырақтан үстімізге түйір түсірмей лақтыратын шеберге айналдым. Люшаушидің осы ауыстырылуы мен осы даяужыңның арқа көрінісі жөнінде екеуіміз кейде келісіп, кейде керісіп жүріп, тандырымызды алты метір тереңдікке жеткіздік. Техник келіп көріп, жиырма тонна көмір сиятындығын айтты. Енді етек жағынан жыралап қазып әкеліп, тандырдың түбінен бір метір тереңдіктен желдеткіш тесіктер шығаруға кірістік. Бізден басқа «көр тышқандарда» сыртқа шығыпты. Бастары сол жотаны айлана қылтыңдап, тау үстіне тау болып үйілген топырақтарын бұрқылдатып жатты. Төменгі тандырлардың әлі өшіп болмаған отын екі группа су төгіп өшіруге түскі тамақтан соң кірісіп еді. Айқайласып – даурығысып кетті кешке жақын. – «Төрт жүз шелек су құйдық!», «бес жүз шелек су құйдық!», «әлі бұрынғысындай борылдайды, өшер емес!»– деседі. – Суға өшпейтін от бола ма, құйыңдар, құя беріңдер! – Үй, бұл тандырларға су жақын, қанша құй десеңдер де құя береміз. Ал, анау жотадағы жиырма тонналық тандырларды қайтпексіңдер? Соны ойламайсыңдар ма! – Оны ойлайтын не бар, бастықтар ойламай қаздырама, жұмыстарың не онда! – Оған да су құятын біз, неге ойламаймыз! Мына тандырдың салқындауы үшін мың шелек су қажет болғанда олардың әрқайсысына бес мың шелек су қажет! Соншалық суды сонау биікке немен жеткізбексіңдер! – Ол жотаның қары да аяқпен тозып біткен. Машина шыға алмайды, оған су тартып шығаратын күшті насос та жасалмаған! Сондықтан мына ахуалға қарағанда өліп-өшіп шығарған жарым-жарты шелектерімізге ол тандырлар ендігі жылы да өшпейді! Бастарыңмен ойлап көрмейсіңдер ме! – Ойламай партия бұйыра ма! – Басым кетсе де айтайын, мына бастықтар өртетуді ғана біледі, өшірудің жөнін әлі ойлаған жоқ! – Ей, саған да жұқтыма, күреске түскің кеп тұр ма? – Күреске түссем түсейін, зор жиынын зор бастықтың өзі келіп басқарса болғаны, айт барып осынымды! – Асықпа, өкпеңді баса тұр!– дей сала полк штабына жүгірді бір бастық. Бұлақтың желкесіндегі сол тандырларға су құйыла берді. Іңірде де, түн ортасында да, тіпті таң алдында да шалдырлап-борылдап жатты. Ұрандап күрес жиынына шақырған ешкім болған жоқ. Таңертеңгі тамақ уақытында Үрімжіден бір автомобиль шелек келді. Полковниктің су жөніндегі жауабын осы екенін түсіндік те жотадағы тандырдың астын тағы да үңгіп қайттық. Түскі тамақты іше салып, тағы да үңгуге өрлей жөнелгенімізде бір бастық ақырып тоқтатты. – Ей кербақпалар, қайда барасыңдар!... Қайт!... Ендігі жұмыстың мына домналарда ғана болатындығын түсінбейсіңдер ме! – Үлкен «домналардың» бітуіне бір-ақ күн қалды. Біз соны ғана түсінеміз! Он күн істеп, шала тастағанымыз болмас! – Қой шала-палаңды, енді жұмыс жоқ ол жаққа! ... Ей, менің неме қарап тұрсыңдар, қайтыңдар, саңыраусыңдар ма? Расында да «саңырау» болыппыз. Үрімжіден неше жүз шелек алдырғанымен жотаға су шығаруға оның да шара бола алмайтындығын «данышпан» полковниктің енді түсінгенін естімей қалыппыз. Мұнысын бізге ашық айтудан намыстанып, жаңа бұйрығын түскі тамақ уақытында жасырын түсіріпті. Бірқанша адамды құлатып-қиратып, мың машақатта жотаға әрең тасып шығарған көмір мен темір тасты қайтадан сайға тасуды сол екі ротаның өздеріне ғана сып-сыпайы сыбырлап, қайта міндеттеп болған екен. Мұның анығын жотаға өрлеп бара жатқан сол «пешкалардың» күбірінен ұғып қайттық. Өзінің қатты қателескендігін жасыру үшін қаһар шашпаған бирократ, бирократпа. Бастық біткеннің түсі түгел бұзылып, доңыз айбаттарын танаулары мен қабақтарына орнатып ала қойыпты. Бұйрық деген шорт-шорт, шақ-шұқ. Жотадан қайта домалап жатқан тас пен адамға біреуі де бұрылып қарар емес. Бір группаның бөлімше бастығы болып жүрген Мақұлбек тіпті түксиіп, дөңкие түсіпті. Бұл да намыстанып жүрме десек, маңызданып жүргені екен: бүгін су бойындағы он екі тандырдың «домна бастығы» болып тағайындалыпты. «Құрыш өндірудің ең даңықты міндеті сендерге жүктелді, тез шығарыңдар!» деп өте шықты алдымыздан. «Даңықты міндетті» –тандырға түсіп қоқыс шығару болып табылды. Жотадан терең зынданнан құтылысымызбен отты тозаққа бұйрылыппыз. Әр тандырдың ернеуіне аттарымыз жазылып та үлгеріпті. Түсуге міндеттелген тозағымызға Әбілез екеуміз қатар келіп үңілдік. Ірге-іргесі әлі де қызарып қозданып тұр екен. Әбілез бұлаққа екі шелек ала жүгіргенде тіземде тіреніп, орта шеннен жалтыраған отқа еңкейе қарап қалыппын. Ту сыртымнан бір күшті қол итеріп кеп жібергенде қайрылып қарауға үлгере алмадым. Құлап бара жатқанымда қарманған қолым тандырдың қарсы жақ ернеуіне ілініп барып шығып кетті. Үстіңгі қабаты өшкен сияқты көрінгенімен асты әлі де қозданып жатқан қоқысқа басым түспей, алдымен аяғым түсті сөйтіп. Итеріп құлатқан кім екені ескерусіз қалып, бар назарым астымдағы отта болды. Ең құдіретті ажалым аяқ астымда жатпай ма! Өкпемді от жалыны қарып, тынысым тарая қалды. Анадайда тас соғып отырған әйелдердің шу ете түскен даусы естіліп еді. Әбілез жүгіріп жетіп, екі шелек суын менің үстіме дәлдеп төкті. Қалың мақталы бешпет-сымнан сырғып, пимамның іші мұздай суға тола қалды. Суға тойынған шарпым мен аузымды тұмылдырықтап тыныстадым. Табанымның асты борылдап, мол су талап етіп жатыр. Көмірдің жанып болуы мен темір тастың балқып сығылысуынан босаған тандырдың, үштен екі бөлігі қою буға толып, ешнәрсе көрсетпей қойды. Құтқаруға тұс-тұсымнан созылған қолдар бар сияты. «Қолыңды соз!», «қолыңды соз!» деп шуласып тұр үстімнен. – Су, су!... Көп су керек!– деп мен айқайладым тозақтан, – әкел қолыма, қолыма бер!– дей сала қолыма ілінген шелектерді қозданып қызарған жерлеріне дәлдеп төге бердім. –Мақұлбек шошқа осыныңды ұмытпа!... Бұл мені пісіріп жеу үшін істегенің ғой, ұмытпа!... Осыныңды ұмытпа!... Әбе, енді сен түспей тұра тұр, керке мен күрегіңді бері бер!... Тандырдың аузынан төнген көп көзді, жастары мөлдірей төнген көздерді де енді көрдім. Кейбір ірі тамшылары иығыма тамып тұрды. Қоқыстың үстіңгі жағы балқымай, ұстаспай, ұсатылған руда күйінде жартылай ғана жабысқан екен. Керкелеп шауып босаттым да алдымен соларды лақтырдым сыртқа. Ірірек кесекке айланып бөлінгендерін арқанның ұшына байлап, Әблезге тартқызып шығардым. Мүлде бөлінбей, аспаннан түскен метеоритша бедірейіп қалған тұтас қоқысты жалаңаштап болғанымша тандыр іші қараңғыласып, кеш батқанын білдірді. Әбілездің тастаған арқанынан ұстап далаға шыққанымда, тісі қурап кеткен киімімнің іші термен шылқылдап алыпты. Ал, су толтырылған пимамның іші де құрғап, тандырдың оты соның ішінен білініп қарап тұр. Тұла бойым парға айналып кеткендей қою буға оранып тұрып қалдым. Кешкі тамаққа сөйтіп аман-есен жетіп едім. Іле-шала комбат шақыртты штабына. Дүрсе қоя берді маған. – Бастығыңды не деп тілдедің?... Мен болған оқиғаны сөйлеп беріп едім. Мақұлбекке, «шошқа ұмытпа осыныңды» дегенімде ғана тергеді. – Ей, сен де адам, мен де адам, адамгершілікпен тыңда!– дедім мен, бастық езеурей берген соң. –От қоздап тұрған терең құдыққа итеріп, ол күйдіріп өлтірмек болғанда, мен ондай ескерту айтпай-ақ өле салуым қажет болды ма?... Адам өлтірмек болған зиянкестігі үшін оның сотқа тартылуы қажет!.. Әділдікпен – адамгершілікпен анықтаңыз! – Бастықты иянаттау дегеннің не екендігін біліп тұрып иянаттадың!– деп бастық ақыраңдай жөнелді. – Сенің тілдегенің Мақұлбек қана емес, бүкіл партиямызды тілдегенің! «Ұмытпа осыныңды» дегенің, коммунистерден кек алмақ, компартияны аудармақ болғаның!... Мұндай тілді кім берді сендей оңшыға!... Ол сені домнаға итерген жоқ. «Тез түсіңдер» деп иығыңнан ғана түртіпті. Даяужыңға қарсылығыңмен өліп алу үшін өзің секіріп түсіпсің! Бүгін өзіңді тексересің, дайындал!... Айтып қояйын, «адамгершілк», «әділдік» дегенің – абстракт түсінік. Таптық күреске оның қажет емес, бізге осы шындықты мойындауың, идеяңды өзгертуің ғана қажет! Қашан өзгергеніңше күресеміз сенімен!... Ноғаласы өсіп кеткен бұл соқырдың қолына ұстатқандай қаншалық айқындап сөйлегенімен дәлел тыңдар емес. Өзімнің бір шындығымды ғана ескертіп шықтым. – Адамды өзгерту – өзгеру ісі ақиқатқа ғана бағынысты. Балшық емес, адам санасы һақтық –әділетке мойындағанда ғана өсіп – өзгереді. Күресте де әділет пен һақтық жеңеді. Айқай мен зорлық жұдырық жеңеді дейтін дәмеден аулақ болыңыздар! Ал, мендей нахақ жаламен зиянкестік көріп жүрген адамды күреске тарта беруден өздеріңізге келер титтей де пайда жоқ!.. Осыны айтып шыққанымда зор жиын майданы "пешкаларға" лық толып, электр лампалары жарқырай қалыпты. Жақындап барғанымда ұран көтерілді. Қаптап отырған үлкен «пешкалардың» дауысынан» кішкене пешкалардың» шырылдаған дауысы басым. Қазақ бастауыш мектебінің оқушыларын түгел әкеліп, маған қарсы шулатып қойған екен. «Шегінен асқан оңшы Биғабіл жоғалсын!» деген қазақша ұрандарын ести жетіп едім. – Ортаға шықсын, шықсын ортаға!– деген жуан бұйрықтар жуан кеңірдектерден атқақтап қоя берді. – Ал, шықтым!– деп, оқушыларға жақындап барып тұра қалдым. Жас оқушылар, тағы да ұрандата жөнелді. Күле қарадым оларға. Мұғалімдері бұғып алыпты, көрінбеді. – Балалар, менің не себептен күреске тартылғанымды білесіңдер ме?– дегенімде жым бола қалды. Бірқаншасы менің ыстық күлкіме қосыла күлді. – Өзіңді тексер, тексер өз мәселеңді! –деген жуан кеңірдектер қайта арқырады. Алыстан Айғайкөк те келіп қосыла кеткен екен. Полковник көрінбеді, келмеген сияқты. Біреуі ұран көтеріп еді, сол жуан кеңірдектердің өздерінен басқа көп ешкім қолдамай өшіп қалды. Өйтетіні, бағанағы оқиғаны көрген тас соғушы әйелдер жағы жым-жырт. Активтер қатары, өздері қиналғаннан бері тым азайып кеткен болатын. Сондықтан, көмірмен темір тасты таудан сайға, сайдан тауға шығарып, қайтадан сайға тасып жүрген екі ротадан қақшиған бір де бас көрінбеді. Мойындарын іштеріне түгел тығып алыпты. – Күреске тарту – көпшіліктің ісі,– деп бастадым сөзімді. –Жазығым болса, көпшілік жазғырсын, бүгінгі болған істі көпшілікке сөйлеп берейін... – Естіп болдық, тапсыр өз мәселеңді!– деп Айғайкөк ақырды. – Сіз, бұл жерде болған оқиғаны Үрімжіден көріп отырмаған шығарсыз, түтін қалың ғой, «Биғабіл даяужыңға қарсы болғандықтан өзін «домнадағы» отқа тастап жіберді де Мақұлбекке жала жапты» деп естігеніңізді мен де естіп келдім. Көпшілікке нақтылы ахуалды өзім сөйлеп беруім қажет!.. Мәселен дәл өз қалпында сөйлеп бола бергенімде әйелдер бір дауыспен растай қойды. Өз көздерімен көріп отырғандықтарын айтты. Бұл жерге «құрыш қорытуға» келгенімнен бері бас тартпай–демалмай істегендігімді, Мақұлбек тандырға сыртымнан итеріп құлатқанда өртеніп кетуімнен өздерінің су құйып құтқарып қалғандықтарын да сөйледі. Ешқайсысының жеке бой көрсетпей жарыса сөйлеулеріне қарап, әдейі осылай істеуге ақыл қосып алғандықтарын байқадым. Сөйтіп бастықтардың менімен қосақтап соғуына лайық ешбірі дараланып көрінбей қойды. Сәйда да төмен қарап алыпты. Жиын басқару столында отырған комбат пен Айғайкөк бір-біріне жалтақтасты да комбат көтеріліп, тәртіпке шақыра-ақыра сөйледі. – Рұқсат алып бір-бірден түрегеліп сөйлеуді ұмыттыңдар ма! Тәртіп қайда!.. Кімнің дос, кімнің жау екендігін де ұмыта қалдыңдар ма?.. Зор секіріп ілгерілеумен оңшыл-ұлтшылдарға қарсы идеялогиялық күрестің айрылмас бірдене екендігін ұмыттыңдар ма!.. Бұл тәртіпсіздікті кімдердің өрбітіп отырғандығын басшылық білмейді деп ойлайсыңдар ма!... Бұл Биғабіл дейтін әбләхтың[51] күніне неше пәле өрбітіп, компартиямен ұлы Маужушиға қарсы қанша жала тарататын өзгермес жайыл ғұнсыр[52] екендігі бүкіл әлемге мәлім болмап па еді!... «Кімде-кім төңкерісшіл халық жағында тұрса, сол төңкерісші, кімде-кім империялизм, феодлизм, бирократ капитализм жағынан көрінсе, сол кері төңкерісші» деген данышпан көсеміміздің көзге тыққандай айқын нұсқауын естен шығардыңдар ма! – Комбат осындай шошытарлық сұрауларын нажағай ойнатқандай осқылап шұбыртып келіп, көпшілік арасынан әлдекімді іздегендей тінте қарап біраз тұрды. Майдан тым-тырыс. Тек, тістердің сақылдағаны ғана естіліп, иықтардың селкілдегені ғана көрінеді. Түтінді тұман айқара жапқанымен үскүрік тілді аяз жалаңдап – соққылап тұр. Комбат әйелдердің «қорқып жуасығанын» осы сақылдаған тітіректен білгендей, Мақұлбекті шақырды. – Жолдас Мақұлбек, сөйле, мына тоңмойын не деп тұр?.. Партияға тапсырған жүрегіңмен мәселенің шындығын ашып бер мына көпшілікке! Мақұлбек күңгіртірек бір шеттен түрегелді. Бірнеше серігінің ортасына отырып алған екен. – Жолдастар, мен басшылықтың төңкерістік бұйрығын орындау үшін бүгін төтенше асығып жүргенмін. Домнадағы темірді бүгіннен қалдырмай шығарып болыңдар деп анау жалақор оңшының иығынан ғана түртіп өткенмін. Онда жауап қатпай, домнаның түбіне қарап тұрып қалған. Мен төртінші домнаға барғанымда отқа секіргенін көріп... шу ете түстік. Болған оқиға осы!... Кері төңкерістік ұйымын жасырып кету үшін өліп алмақ болғаны! – Ей қаражүз қанішер, еңкейіп тұрғанында артынан дыбыссыз келіп итеріп жіберіп, қанды қолыңды жанқалтаңа сала жөнелгеніңді біз, мына бәріміз көріп отырдық қой! – Әйелдердің артқы қатары осылай дүрілдеп барып тына қалды. Рота, звот бастықтары екі жағынан бірдей жалақтап жетіп келіп еді. «Оңшыны жақтап топ басшысы» болып ортаға шығудан бәрі де тартына қалғандықтарын байқадым. Қасындағы төрт-бес серігі Мақұлбекті де ақтай жөнелді. Бұлар да өз көздерімен көргендей, қылмыскердің жаңағы өз жауабын растады. – Ол шақта өздерің қайда едіңдер?– деп арт жақтан төрт-бес әйел оларға дүрсе қоя бергенде басшылық жағы ұран көтеріп долыра жөнелді. – «Жойылсын оңшыл–ұлтшылдар!», «оппортонизм құйрықтарын қырып тасталық!», «қырағылығымызды арттырайық!», «жоғалсын социализм жаулары!»... Ұранға бастықтардың ақшырайған көздерінен қорқып қосылған бірнеше активтен басқа көпшіліктің тағы да жым-жырт отырып алғанын, «төңкерісшілер» елемегенси жалғастырды ұрандарын. – Жауап бер!... Сөйле!– деп ең соңында маған ақырды комбат.
|
|||
|