Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 26 страница



 

Данышпан тергеушім, адамгершілік ар-намыс деген «абстракт» немелер түгелімен-ақ «буржуазия мүлкі» емес пе. Менің қорланып-арлану, ұялу сезімімнің әліге дейін жойылмағандығы, «буржуазиялық идеялогияның» сүйегіме дейін сіңіп, шіріткендігіне тағы бір факт болмады ма! Әйтпесе, осы алыпқашпа саясаттың ар-намыста қанша түйесінің жүгі бар еді. Зор секіру, тез секіру деген соң шегірткеше ырши беруден басқа не жауап қалып еді бізге. Мұндайда пайда деп, зиян деп компрадор буржуазияша есептеудің, сөйтіп, жекеменшіктегі ақылдың «арам таразысына» салып, қылмыс үстіне қылмыс қосудың не қажеті бар еді! «Төңкеріс жолы иір–иір, қиыр-шиыр болатындығын» құлағымызға құйып отырсаңыздар да түп-түзу секіртіп пайда таппадың деп кінәлаудың өзінен зор қылмыс бар ма!

 

VI

Күз басынан сұр жамылғы жамылатын Үрімжі, біз таудан қайтып келгенімізде түнде қара жамылып, түксиіп алыпты. Қала шетіне іліне жөтелдіруінен білдік, бұлт емес, тұман емес, сап қана таскөмірдің түтіні. Бұл маусымда түтінсіз, ашық қабақты Үрімжі болмайтындығын бұрыннан білсек те мына тұнжыр түтін ерекше таңдандырды. Өрт кетсе шулар еді, жым-жырт. Үлкен дарбазалардың алдыларынан өте келе түсіндік, пәле әрбір ауланың ортасынан өрбіп жатыпты: әрбір мекеме-қоғам орындары, әрбір әкімшілік район, ахалла көше кеңселері өзді-өз алдарына «металлоргия завотына» айналыпты да бірден-екіден «домна» жасап алып, морлатып жатыр екен.

Мәдениет мекемесінің тар ғана ауласында мойны сорайған қотыр-қотыр қара балшық «домнадан» үшеуінен қап-қара қоқыс болып шығып үйіліпті. Әдейілеп үйілген де емес, қайта бөлінбестей етіп, «домналарының» өзі қосып – үйіп шығарған ғой!...

Мекеменің өзінде «құрыш өндіруге» бөлініп қалған құқықты-құқықсыз «пешкалардың» өздерінен де ешкім көрінбеді. Істерінен шыққан нәтиже осы болғандықтан басқа жерге барып өндіруге айдалыпты.

Осы мекемеден кеткендігіміз үшін осы мекеменің өзіне екі автомобилмен келіп түсіп едік, басқарар ешкім көрінбеді. Абақтыдағыларымыз өзді–өз абақтыларымызға өздігімізден келіп кірдік те абақтысыздар үйлеріне тарап кетті.

Мені бақылайтын «авчаркалар» түгел жазып жатқан мыжғырт «томымнан» да бір жапырақ қағаз жоқ. Енді не істерімді білмей тұрғанымда Мақпал жүгіріп кіріп, асыла түсті мойныма... Қайтып келетіндігімізді таңертең естіп, үйге қайтуыма өз мекемемнен кепілдікке сұрап алып қойған екен. Күләннің да келіп отырғанын айтып, көз жасын сүрте сала қолымнан тарта жөнелді. Қыз-жігіт шағымыз қалпына келгендей қолдасып алып жүгірдік.

– Мына үш пешті отыз адам батпаққа малшынып жүріп бір айда әрең бітіріп еді. Сол бір айда тасыған көмірін бес тәулікте өртеп бітіріп, мына қара тастарды өндірді!– деп бір күлді Мақпал. –Мұның қайта паршаланбайтындығынан домнаға қайта түсе алмайтындығын білген соң ендігі домналарды Мичуан тауынан құруға кетті. Мекемелерде бір-бір ханзу хатшы мен балалы әйелдер ғана қалды. Осы «құрыштан» басқа қызмет түгел доғарылған!– деп екінші рет күлгенінде үйге жетіп те үлгердік.

Алжапқыш тартып тамақ істеп жатқан Күлән үйде ойнап отырған Асқармен Сайраға мені көрсете салып, алдымен өзі жүгірді. Екі алақанымен желкемнен тартып, маңдайымнан сүйді. Мен де сүйтіп едім. Балпаңдап келіп қарап тұрған Асқар бас киімін алып, маңдайын тосты. Оны көрген Сайра да бас киімін жұлмалап шығара алмай жылап жібергенде ду күлдік. Екеуін қоса құшақтап көтеріп, алдымен кішкентай Сайраның, сонан соң Асқардың маңдайынан сүйдім.

– Жүзің тотығып жүдеп қалыпсың!– деп Күлән күрсінді.

– О дүниенің көріне де барып, он екі сағат жатып шықтық!– деп мен күлдім. Сөзді осылай бастап, көргендерімнің Гүлнисадан басқасын түгел айтып бердім. Ауырып қайтқан біреуден естігені бойынша Ынтықбайлардың ахуалын Күлән баяндады. Бір район халқы бір ғана каммуна болып ұйымдасқаннан бері халықтың тұрмысы күрт ауырлап кеткен көрінеді. Бір тайпа ел бір тайқазаннан қоректенетін болыпты. Коммуна құрылғалы негізгі еңбек күштері құрыш-темір өндіру әуресімен кеткендіктен бағусыз қалған егін өнім бермеген екен. Ашаршылық көріне бастапты. «Мемлекетке биыл пәлен тонна темір өткізбей тоқтамаймыз» деп бастықтары сонда да кеңірдектеп жүр дейді.

Мойнымнан мұзды су құйғандай тітіркендірді мына хабар. Диванға құлай кеттім. 33-34-ші жылдардағы ашаршылық көз алдыма келе қалып еді. Мақпал шай құя отырып, үлкен үйімнен жақында келген хатты көрсетті. Шешем аман екен. «Тұрмысымыз жаман емес, бізден алаң болмаңдар!» деп жазыпты Биғазы.

– Сонда да поштадан екі рет ақша жібердім,– деп Мақпал күбірледі.

– Өз үйіңнен хат келді ме?

– Жоқ, амандықтары осы хатта бар.

– Хат жазып оларға да біраз ақша жіберуің жөн еді ғой!

– Мені сатып тапқан алтын-күмістері бар шығар!–Әлі де кекті Мақпалдың бұл сөзіне Күлән сақылдай күлді.

Менің режимге алынғанымнан бергі өткен достар ара ахуалды екеуі жарыса шерткен аз отырыстан соң Күлән үйіне «асыға» түрегелді. Іңір қараңғы еді. Қақпасына жеткізіп салуыма да көнбей, жол ортадан қайтарды мені. «Биған, Биғаным деп түсінде де шақыратын болған Нұрияшыңның қаншалық сағынғандығын білмейтін сияқтысың!» –деген сөгісін естісіммен өзім де зытып бердім үйге қарай...

Торығып қарайып кеткен жүзімді күндіз Асқар, түнде Мақпал жалағыштап жүріп, қалпына енді келтіріп қалған сияқты еді. Үйіме келгелі үш тәулік өткенін білмей де қалыппын. Бір «авчарка» келіп, тағы да шақыра жөнелді. Тағы да кететініміз айтылса да, қайда баратындығымыз тағы да айтылмай, қара машинаға шығып тағы да зырлата жөнелдік.

Мичун тұсындағы Боғда бөктерінен тағы да «құрыш қорытуға» баратындығымыз жол бұрылысынан ұғылды. Үрімжіде қалған пешкалар түгелімен сонда екендігін естігенбіз. Түтіннің кереметін Шүймогу (дирменді сай) тұсынан өте сала көрдік. Темір тасын ғана емес ұлы Боғданың өзін тұтасымен ерітуге кіріскендей, сай-сайынан түгел от қойып, морлатып жатыпты.

Бір-бір кесек сұр тасты арқалап шұбаған кішкене балалар, сол қалың түтіннен де аштырақ тиді көзіме: кей бірі сүрініп жығылып, одан ересегірек біреуі өз тасын тастай салып, оны көтермелейді. Өзімен бірге домалаған тасын арқасына қайта артып берді де есек қодығын айдағандай «хит» деп зекиді. Бастауыш пен орта мектеп оқушылары бірнеше қырқамен сайды түгел қаптап, жыпырлатып-қыбырлатып жүр екен...

Біз олардың өртеп жатқан сайларынан, сонсоң халық коммунасының әтіреттері үйіп тастаған күйікті қыраттардан асып барып, «Сорбұлақ» атты сайдағы өз әтіретімізге жеттік. Баталиен деп аталған бұл әтірет бүкіл мәдени-ағарту лениясынан құрылған «құрыш қорту полкының» орталығында екен. Аппақ-аппақ төрт-бес шатырдан құралған полк штабы тоқ қызыл туларға оранып, жарым шақырымдай жоғары жағымыздағы бір тұйық қойнаудан көрінді. Балғынтайдағыдай бұл штап та әртіс әйелдер шатырымен іргелес, қоныстас бола қалыпты. Тегі біздің баталенды орталыққа айналдырған осы шатырымыз болса керек.

Келе салып бір жарқабақтан жер үй қаздық. Ертеңіне березентімен жауып орналаса салып кірістік іске. Алдымыздан бұлақ қабағының қарсы жақ үстінен қазылған он неше жер тандыр (домнаны осылай жасапты). Он неше автомобилмен тасылған жылтыр қара көмірді жұтып жатыр. «Теміртас ұсатушы әйелдер ротасы» тастың үстіне тас қойып, бір-бір балғамен шақылдатып отыр. Маңайларына салып жатқан зәбірлеріне қарағанда тас соғушы әйелдер емес, құлақ ыңғуырлап ойып жейтін бір түрлі жауыз құстар сияқты. Әйтеуір өз құлақтары жаулықтарымен шымқап тыңылған. Көздері әйнек ішінде. Қалың киініп алып, шоңқиып-шоңқиып «шоқып» отыр. Тұмсықты балғалары сұр тастан от шашады. Шақ-шұқ, шақыр-шұқыр. Маңайларына басқа адам келтірерде емес, таныларда емес.

Біз, бірге келген жиырма қалпақты алғашында руда қазуға бөлініп, әр бірімізге күніне екі куб метрден өндіру міндеті жүктеліп еді. Көрінген көгілдір сұр тастың барлығы 10-15 проценттік руда болып анықталған соң, қырат жоталарынан домалатып түсіріп, арқалап таси беруімізге рұқсат етілді. Жүз неше «тас шоқушы қыздың» шақпақ қант мөлшерінде ұсақталған рудаларын көмірге толған тандырдың үстіне зәмбілмен тасып үюші де біз болдық.

Міндетімізді бұлай көбейткен, полк штабының бұйрығы екен: «оңшыл–ұлтшылдарды» демалдырмай, күндіз-түні істетуге бұйырыпты. Әсіресе маған қатты төнді бұл бұйрық. Мені кезектесіп қинауға тағы да төрт белсенді іріктеліп бөлінді. Түн қараңғы, түтін қою болса да ол төртеуі көз жазбай айдады мені. Мақсат тағы да белгілі, зорықтырып жығып, «еңбекке жат», «Даяужыңға қарсы» деген сылтаумен осы зор полк бойынша күреске тарту, басқа ерікті «жалқауларға» сол арқылы «тәрбие беріп», бәрін қорқытып алу екендігі тағы да мәлім болды.

Үш тәулікті ұйқысыз, ілбіп жүріп әрең өткізіп едім. Жетпіс екі сағаттан соң екі сағат қана ұйықтатып алып, тағы салды жұмысқа. Бірақ, мұндай заңсыздықты көрген соң, кезектесіп істейтін төрт зәмбілдесім босаңси қалды. Жанашырлық көрсетіп, жасырын демалысымды көбейтті. Өз қолымен жұмыс істемейтін бастықтар қанша шақылдаса да сөйтіп, ұйқы жөнінен ұтылмайтын болдым.

Тіміскілеп жүрген кесір сонда да тапты бір күні: басқа «реакциондар» дың бірнешеуі қарлы борандағы жұмыста тұмауратып, қатар жығылыпты да оңшыл-ұлтшылдардың «зор секіріп ілгерілеуге нағыз қарсы жау» екендігін «дәлелдетіп» қойыпты. Зор күрес жиынын автоном райондық үкіметтен шыққан полковниктың өзі түн ортасында келіп, электр жарығымен, үлкен айбармен басқарды. Ауырған «қылмыстылардың» қатарына мені де тұрғызып қойып ұрандады ол. «Шешендерін» түгел сөйлетіп, жүз деген жұдырықты көзімізге төндіріп-төндіріп жіберіп жауап алды. Тұмауратып жатып қалғандардың негізгі көпшілігі, тіпті алдымен жығылғандары активтер болса да бар күнәні қалпақты күркілдеушілерге мойындатты. Бұл қылмысқа менің дайындап тұрған жауабым шипалы еді. Тұмау тигізбегендігімнен бе екен, көзім жұдырық төнсе де сұрақ төнбей, аттап өтті.

Танауларын бырылдатып, тамақтарын қырылдата тұрып, «енді тұмау тигізбеуге», «ауырмай секіруге» ант беріп құтылған «қылмыстылардың» тәубасына үлкен тон киген бір әйел қатты күліп жіберіп еді. Бастықтар төне түсті соған. Енді таныдым, баяғы қолға алынып «жойылған» Сәйда екен. Зейіл бұйрықтар бойынша бұл күлкісі үшін жауап беруге шыққанында ақсай басуынан көрдім. Аяғы ісініп таңылып шықса да «жойыла» қоймапты. Сыңар аяғымен болса да «секіртуге» жіберіп, тас соққызып қойыпты. Күлген себебі, мазақтау емес, лажысыз ыза екендігін екі-ақ сөзбен түсіндірді ол:

– ...Бірінші, мұндай жұқпалы тұмаумен ауру мәселесі, жекенің өз мәселесі емес. Жұмыс үстінде ауырғандықтары үшін де күреске тартылғандықтарына, оның үстіне «ауырмай секіремін» деп берген анттарына күлдім. Өлсем де секіріп түрегелемін дегізуге жетіп қалыпсыздар, ха–ха–һа–...а.. екінші, бұлар ауырғандықтары үшін күреске түссе, ауырмай-ақ үш тәулікте екі-ақ сағат демалып істеп жүрген Биғабіл Жаппардың күреске түсетін жазығы не?... Ауырмағандығы үшін бе, бұл күлдірмей ме?...

Сәйданың бұл сөзіне қарсы баяғысынша тағы да ақырып қоя берген активтерін полковник «тұра тұрсын бұл жалап» деген күбірмен елеусіз тоқтата салды. Маған бір қарап қойып, «екеуінің байланысын табыңдар» дегендей болды біреуге. Сонан соң көпшілікті шола қарап, тамағын қырынды.

«Маузыдұң идеясының тоқ қызыл туын биік көтеріп, реакциондарға өлтіре соққы беріп, Англияны басып озу үшін алға!»– деді бар дауысымен. Бұл серінің, сөз соңын әрқашан осындай екпінді ұранмен тұжыратын әдеті бойынша жиынды таратқаны екен деп, суықтан сірескен денемізді қымырлата бастап едік, мұнысы тағы бір жиынның бастамасы болып шықты: «біздің ұлы мақсатымызды мына төрт-бес тонналық домналардың қанағаттандыра алмайды. Ең кішісі он бес тонналық болып қазылсын! Шынжаңымызда көмірмен руда көп!.. Алған мәліметтерімізге қарағанда бұл сайдан ондай зор домна қазу мүмкін емес, су шығып кетеді екен. Енді мына жотаның үстінен қазыңыздар!» деп бастап, мұрат пен таптық күрес жөнінен тағы да екі сағат сөйлеп тоқтады. Аппақ саусақтарын иісмай аңқыған шаңқандай орамалымен сүрте түрегеліп, «қошна» сұлуларын ерте жөнелді сонсоң.

Ұлықтың каракөл жағалы драп пальтосының етегін айтулы артискаларымыздың біреуі қағып-сүртіп бара жатқанына намыстана қарап тұрып қалыппын. «Есіл марксизм ішімнен-ақ осы орайшыл мырзаларға жем болып кетер ме екен?» деген пікір миымды құрсаулай түсті. – «Үлкен қошаметшілер кіші қошаметшілерін қолтықтап қолдап өсіріп-өрбітіп, осы қоғамның төңкерісші – жетекшісіне айнала қалыпты. «Түлкіден төре сайланса, қауырсын жүн көп болады, құс біткен жоқ болады» деуші еді. Социализм осылардың қалқаны болып кетсе, не оңбақ!...»

– Енді біз де аяңдап тұралық!– деп айдаушы төртеуімнің бірі зәмбілдің бір сирағынан сүйрей жетіп келді. Басымды сілкіп тастап, жердегі сирағынан мен көтердім.

Қою мұнарлы таң көтеріле келіп, күңгірт күнін шығара қойған екен. Сонау шығыс теңізден бергі өртенген көмір түтінінен жұмылған күн көзі былшықтанып әрең көрінді. Тамақ қоңырауы соғылды.

Тамақ дегеніміз, момы мен тұзсыз күріш суы еді. Қалпақтылар ара сөйлесу құқығы болмағандықтан асханада олармен бірге отыруды қойғанмын. Ал, Сәйдамен амандасуда кері төңкеріс болатындығын білген соң ол шатырға кіруім де қатерге айналғаны ғой. Сорбұлақтан бір күрешке тұзды су әкеліп, ұйқыдан құтылу үшін қара шайды мол салдым да «құрыш қайнап жатқан» жер тандырдың кенересіне қоя салдым. Бақылаушыма тапсыруым бойынша екі момы мен қант салған сумкамның өзі келді.

Тәулігіне үш рет көретін рахатым осы болатын. Басып қалған қармен оның аязының «домна» екеумізде несі бар. Астынан лаулаған бес тонна кесек көмір малдас құрып отыратын жерімді де жылытып қойған. Жершарының өзін үйітісіп пісіріп жүрген мықты неден тайынбақ, мұз болып қатқан момыны да шала-шарпы үйітіп алып, терлеп-тепшіп отырып соқтым.

Бұл «домна» түтін морлатқанын қойып, ішіндегі жанып болған көмірдің орнына үстіндегі ұсақталған темір тасты тартып, қарнына түсіріп алған. Енді мықтап қыса құшақтайды да құлағына, кем болғанда екі тәулік «сыбырлайды». Ол сыбырының сыпыра реакциондық екенін мен ғана түсінемін: «әйелдердің балғасынан қорқып осыншалық телім-телім болғандары неткен берекесіздік! Сол осалдықтарыңды байқап, көмір "марқұмнан" әдейі күйдірмей қымқырып қалған дәрілерім бар. Содан тартып қана жабысыңдаршы бір-біріңе, өкпе-бауыр, ішек-қарындарың да қосылып, сіресе қаласыңдар. Балғасы түгіл базған-батпанын да жуырманда тыңдамайтын күшке ие боласыңдар. Завоттың домнасы мен Мартен атты уәлилүн тұзақтарынан сендерді осындай мығым ынтымақ күші ғана құтқарады!»– деп сыбырлайды оңбаған тандыр.

Ал, ол сыбырды біздің дүлей бастықтар темірдің еріп, астына төгіліп жатқан сыбдыры деп түсінеді. Осы үмітпен түгел төгіліп болсын деп екі-үш тәулік «сыбырластырады» да бізді түсіріп қаздырып алмақ болады. Бірақ біз «реакцион» болсақ та тас емес, маймыз ғой, қалған қызуынан көмірден де тез өртенетіндігіміз анық. Сондықтан су құямыз. Су құймасақ бес тонна көмірдің бүкіл аумаққа тараған қызуы бір жылсыз бәсейер ме? Біреуіне қаншалық су кеткендігін сонда көр, шелектеп құйған судың қарға адым аттай алмай, быж етіп, аспанға бір–ақ ыршиды!...

Осы оймен мүлгіп отырып, қалғып бара жатқанымда бір айдаушым жетіп келді қасыма.

– Біздің мазалауымыздан енді құтылатын болдыңыз!– деді күбірлеп. – Кеште көрпеңізге кіріп ұйықтай аласыз!

– Қалай?

– Таудың жотасынан қазылатын он бес «домнаның» біреуін Әбілез екеуіңізге жүктеді.

– Бағанағы жиында айтылған зор тандырлар ғой?

– Бес-алты метр тереңдікте қазылса да сол тыныш сіздерге. Кезектесіп қана қыбырлайсыздар. Және тереңдеген сайын жылы болады екен!... Мұны сіздерге ең ауыр міндет деп артып отыр...

Зор сауда капиталынан туып, оңшы қалпағын киген Әблез саудагермен сөйтіп қосақтала қалып, керке, кетпен, күрек алдық та тұсымыздағы биік керіш жотаға өрледік. Бір-біріне амандастырмайтын «оңшыл ұлтшылдарды» бұлай еркін жамыратудағы сырды іздедім мен. Мына саудагерді маған тайнилікке салған шығар деген күдік пайда болды.

– Анаңны...лер істерін енді тіпті бұзды!– деп күбірледі Әблез. –Нәпсісі өрлеп, араны ашылған сайын алжыды! Бұл шоқыға көмірмен руданы әсіресе суды қалай шығармақ?

– Одан қам жемеңіз, еңбек күші көп, бәрін өзіміз істейміз!– дей салып едім, өршелене түсті.

– Еңбек күші көп дейсіз бе Биғабіл әфәнді?... Көп болса, оқуға жаңа ғана түскен кішкене балаларымыздың қолындағы әліпбесін жұлып алып, қыс ішінде тас арқалатқаны не? Егінді диқандардан айырып қуратып, дән алдырмай семдіргені несі?... Халыққа мына дашқалын[49] жегізбек пе?... Атом бомбы жегізбек пе?

Күліп жібердім. Бұл пікір, таптық жаулықтың пікірі емес, ып-рас. «Бірақ, капиталистерде әсіресе оның саудагерлерінде опа болушы ма еді!».

«Құрыш – маршал» жетіліп шықса, бәрі табылады!– дей салдым әдейі. Бұл, оның шабына от тастағандай жауап болды. Менің жүзіме қарағанда қушық сарғыш жүзі күреңітіп, сұрғылт көзі ұшқын атты.

– Сол маршалыңыздың не беретіндігін, өзіңіз ашаршылықтан шиқылдағаныңызда көресіз!... Мына Үрімжідегі склаттың халықтан былтырғы жиған «момысы» бітуге қанша уақыт қалғанын білесіз бе?

– Әбе, онда біздің ісіміз болмасын, жұмысымыз міне!– деп күле көрсеттім жұмыс орнымызды. «Техниктер» сызып кеткен жер тандырдың кеңдік – тереңдігі мен ауыз кеңдігін қағазға жазып ала кірістім іске. «Мынау не оқыған неме?» дегендей адырая бір қарап қойған Әбілез, сызылған жерді керкемен шапқылай жөнелді. Сырт бейнесі талдырмаштау көрінгенімен қарулы шықты өзі. Жұмысқа тақыстық–саудагерлік көрсетпеді. Мінезіміз сөзде келісе алмай қалғанымен жұмыста тең қимылымен табыса кеттік. Ол, тас пен керішті керкелеп босатады да сыртқа күрекпен мен лақтырамын.

Алғашқы сөзін қарсы алмағандығымнан Әбілез ол жөнінен ауыз ашпай қойып еді. Жер қабатына тереңдеп кіріп алуымызды күтіп жүр екен. Тандыр қарынын үңігіп кеңіте қазып, үш күнде үш метір тереңдікке жетіп алған соң сайрай жөнелді.

– «Темір–болат жетіссе, бәріне жетісеміз» дедіңіз бе Биғабіл әфәнді? – Отыра қалып қайта бастады дауын. –Үкіметтің үгіті осы ғой!... Темір деген неме соншалық қымбат па?... Сіз енді тыңдап көріңіз, мен есептеп берейін!.. Жұңгоның басқа өлкелерінде өртеніп жатқан көмірмен ысрап болған мағданды[50] былай қойып, бір Шынжаңның өзінен өртенген көмірге ғана басқа мемлекеттерден қанша миллион тонна темір–болат келетіндігін білесіз бе?...

Бәрінің халықара бағасын біліп алған саудагер, тандыр қарнына сызып есептей сөйлеп келіп, біздің өндіріп жатқан мына дашқалымыздың әр тоннасының құнын басқа елдің төрт жарым тонна сап темірінің құнына теңеді.

– Ал, біздің мына дашқалымыздан не шығады? –деп тағы төне түсті маған. – Бұл біздің жиған табиғи мағданымызша біркелкі паршаланбайды. Сондықтан завот домнасы қабылдамайды, көресіз әлі!... Демек, темір мағданымыз түгіл қанша миллион тонналап өртенген көміріміз, біздің бүкіл халықтың еңбегі, өмірі, балаларымыздың оқу жасы бір тиын құнсыз сырап болмадыма осы дашқал үшін!... Осы маңдағы бұрын жекелер қазған көмір құдығынан көмір шығаруға барып түскен азаматтарымыздан қаншасын тас басып өлтірді, білемісіз?... Осы дашқал үшін «секіріп» жүріп, биыл астықсыз қалдық. Келер жылдарда болмай қоймайтын ашаршылықтан қаншамыз қырыламыз, білемісіз?..

Бұл саудагердің маған тыңшы болып қосылмағандығын, дірілдеген жүзінен, құтырған көзінен түсініп, күліп жібердім.

– Ал енді осы сұрауларыңызды менің көзіме ұрғанда не шықпақшы, соныңызды айтыңызшы?

Әбілездің өзі де күліп жіберіп, басын шайқап-шайқап қалды.

– Інім, менің басыма осы істердің ешқайсысы симай, нервный болып барамын, кешір!– деп күрсінді. – Әлгі батпиған бұрқандарына айтатын дауымды, өзімнен бетер сорланып жүрген саған айтыппын ғой! Бүйтіп бүкіл ел халқын бекер қинағанша, жер байлығын бір тиын пайдасыз құртқанша қазірше қажетті темірін, осы бекер өртеніп жатқан көмірге ғана айырбастап басқа елден ала тұрса, иә, мына досымыз Совет Одағынан сатып ала тұрса болмас па еді! Заманауй өндіру техникасын план бойынша өркендете жатпай ма!



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.