Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 25 страница



– Олай деме!– деп мойныма асыла көтерілді Гүлниса. – Менің қатты бір егесім осы қалпағыңда. Сенде не қылмыс бар еді!... Нахақ қалпақ кигізеді де «мұны адам деп менсін бе» дейді тағы да... Туған елімнің қамын сенше ойлай алатын болғанымда ғана енді адам болдым дей алармын!... Ол идеяның ешкім таласа алмайтын шындығын айтып, сенше жеңе алатын дәрежеге жетсем!... Саған мені алдымен құштар еткен, осы жауынгерлігің. Жұрт қормалындай, ел тірегіндей көрінетін көп ұлтшылдың қайсысы сендей жауап айта алды? «Ұлтшылсың» десе, «ұлтшылмын» деп сүмірейе бергеннен басқа бұл нахаққа не жауап айта алды?... «Анау блогың» десе, «блогым» деп басқа бейуаздарды өзіне қоса күйдіргеннен басқа не берді жұртына!... Ал, сенші?... Сені құтқару үшін өзін құрбандыққа шалмақ болғандарды да қорғап қалдың!... Сен сөйтіп, менің арман-тілегімнің жалғыз ғана жарық жұлдызы болдың, қайтып қиналмайын сен үшін!.. Сенің басыңа жастық, көңіліңе сүйеніш болудан артық не өнер, не қымбат бар мен де!

Гүлниса осыны айтып, маңдайымнан, көзімнен, иегімнен сүйіп-сүйіп алды. Қарсылық ете алмай қалдым. Бұл сұлу сойқан көрсе қызарлықпен емес, жастық-мастық сезіммен, иә, бұзылғандықпен де емес, өзінің өзгеше оянған санасымен, өзіндік ақылымен, арман-мұратымен ұнатыпты мені. Мұны айтпаудың не жөні бар!... Өз аяғын шалыс басып келсе де әлеуметтік ой-пікір жағынан тез өсіпті!... Ал, бірақ, маған болған бұл құштарлығы үшін Нұрияшымды ұмытып, опасыздық істей алармын ба! – Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті.

«Шын мағынасында бұл да көркем гүл. Бірақ, өзінің тым ерте ашылып қалғандығымен бойын жия алмай, мына өктем құштарлықтың жалынын түгел сіміріп, шегіне жеткізіп алған, нәзік гүл. Жақсылығын айтып жұбатсам, жабыса қалады. Жазғырсам жасып солады. Мына халінде тойтарсам, күйреп те түсер!... Ал, бірақ, менің де шыдамымды құртып барады мына от құшағы!...»

– Мені аяйтының қайда!– деп қалдым. – Мақпалға зиянкестік істемейтінің қайда!

– Мұндай ахуалды аймалаудан артық аяушылық жоқ. Көптен бері Мақпалыңның қасында бола алмай зарығып жүрсің. Нахақ жазаланып, көңілің жүдеп, азаптанып жүрсің. Осындайда рухи азығың болып жадырата алсам, сенің дертің үшін де, өз дертім үшін де шипа!... Мақпал қазір алыста ғой, бұл жерде сенің көңіліңді көтеріп, жұбата тұруым, оған зиянкестік емес, нервіден қорғаймын!

– Мағыналы адамға мағыналы махаббат қана жарасады ғой, өзіңді бұлай қорлама, қарындас!

– Сен де қорлама, ая мені!... Семьяңда бола алмаған осындай уақыттарда жанама әйелің боламын. Тек, мені кемсітпесең болғаны, таңдаған жолым осы! Басқа ешкімге тимеймін! Шикі надандардың енді біріне қосылып, арақ ішіп келгенінде «қатын екенсің» дегізіп сабатып отыра алмаймын! Ондайда менің әділетсіз-жазықсыз жәбірленетіндігімді сен түсінесің. Ондай қара көңілге ханым болудан, жанымның жарық күніндей сенің ғана қосалқың болып өткенім жақсы. Мақпалға сездіріп, рухи зиян салмайтындығыма серт етемін!... Мен тапқан ең мағыналы махаббат осы ғана!... Ал, мені қаншалық сағындырған кезеңде де алалың бола білемін! Бала бітсе тіпті жақсы, сыртқа білдірмей бағып өсіру маған қиын емес. Сенің перзентің ғана мен үшін ұлы табыс, өмірлік қуаныш бола алады!

«Бұл да көп ойлаумен таңдаған, өзінше ең дұрыс жолы шығар, кінәлауға болмас!»– дедім ішімнен. – «Шегіне жеткен құмарлық тым шешенге айналдырыпты өзін!... Бірақ, Мақпалыма олай опасыздық істеп, мен адам болмақпын ба!» –мұның көңілін енді тойтармай болмады, шыдамымнан таусылдым. Құшағын айырып, тез алыстауым қажет болды.

– Қарындас, «қатынмын» деп өзіңді арзандатқаныңмен де шыншылдықпен айтылған мына сырларың, менің алдымда басыңды тіпті қымбаттата түсті. Қате ойларың да адалдығымен құлпырып шықты. Бірақ, менің мына жайымды түсініп, кешірім ететіндігіңе сенемін: мен Мақпалдан басқаға еркек емеспін. Махаббаттың жүрегі біреу-ақ екен. Оны жарты-жартыға жарып, екеу етуім мүмкін емес екен. Ең жақсысы, маған қарындас болып қал!... Сені қор етпейтін жігітті мен таңдасып, өзіңнің разы-қоштығыңмен қосайын!

Бетін қос алақанымен баса еңіреді Гүлниса.

– Енді бізді іздейді, кешіктік. Екеуімізді осы жерден тапса, зор шатақ! –дегенімде орнынан әрең тұрды. Маңдайынан ғана сүйдім де атқа мінгізіп жөнелтіп, өзім жолдың төменгі жағынан түстім.

«Шіркін табиғат!... алуан түрлі гүлі өзді-өз алдыларына алуан-алуан көрік, бір-біріне мүлде ұқсамайтын алуан түрлі сүйкіммен иіс тапқан неткен бай сырлы дүние бұл!»– деп күрсіндім. – «Мына гүлі өз күлтесін өзі жұлмалап, масқаралап, масқаралап отырып-ақ мас ететіндей сезім, көз ұялтатындай келбет көрсетті-ау!... Әне, күн нұрына шағылысқан қар-мұзды асқар! Соның ар жақ етегінде ғана Асқарымды құшақтап, өз нұрым отырмайма, ертең-ақ жетпеймінбе оныма, кез келген нұрға телміріп, өз нұрымды – көз нұрымды өшірмекпін бе!...»

«Өзіңнің асың тұрғанда басқада әкеңнің басы барма» деген мақал есіме түсіп, қарқылдап күліп жіберіппін. Иен сайда хайуан қораз сезімге беріліп, бір мезет естен танып та кетіппін. Өзенге түсіп, жуынып-тазарып қайттым.

Гүлниса мінген ат тағы бір «масты» төңкеріп тастап шыққандай өрлеп, недәуір алыстап кетіпті. Мен асханаға барып, тамақтанып шыққанымша Гүлниса көрінбеді. Мүмкін ол төсегіне жете құлап, көз жасын жастығына ұрлап төгіп жатқан шығар. Жатағыма мен де жетіп сұладым. Мақпал мен ұлымның суретін алып, көкірегіме баса сұладым.

Гүлнисаның қатты «сырқаттанып» қалғанын күн еңкейе естіп, жаным ашыды. Көңілін сұрап, мүмкіндігім жетісінше демеп қойғым келеді. Шатырына кіруіме рұқсат жоқ. Мен де еңкейе жеттім өзен жағасына. Өрлеп-құлдап жағалай бердім. «Зор бастықтың» өзі жүгіріп, «оңшылға майылына» өзі күтуші болып, өзі дәрілеп жүр екен. Ашық тұрған шатыр есігінен Гүлнисаға көрінетіндей бір қойтас үстіне шығып ұзақ отырдым. Батыс жақтан қою қара бұлт шығып, күн жүзін жапты. Менің көңілімді де бүркей түскендей күңгүрттене берді. Гүлниса орнынан тұра алатындай болса бір көрінер еді, зым–зия. Осы жығылуына тағы да өзім қылмысты сияқтымын. Жатағындағы басқа әйелдерде де үн жоқ, бәрі тұнжыраулы көрінді.

Бұлт аспанды түгел торлап, жаңбырын бүрке бастағанда өз шатырыма жүгіріп едім. Бастықтар айқайлап, «пешкаларын» түгел шығарды сыртқа. Кірпіш жиюға шақырыпты. Плашымды кие сап қайта шықтым. Түйіле төнген күз, сүркей жаңбырын үскіре төккенде біз «секіре» тасыдық кірпішті...

Құрғаған кірпіштің үштен бірі, дегдіп қалған кірпіштің жарымы, жас кірпіштің бәрі күйреп, аяқ астында қалғандығымен ғана тізіп бітірген болдық. Бірақ, біткені сол, жұмысты тіпті көбейтіп алғанымызды ертеңіне көрдік: жауын суы іркілетін ойпаңға тізілгендіктен бұрынғы жал кірпіштерде түгел құлап, майданның ойран-асырын шығарыпты. Бүтін қалғанын теріп дөңге жиюға бұйрық түсті. Жоғарыдан кіші бастықтар тағы да «тез» бітіруге қузады. Қолдан–қолға лақтырып тасып, жауыннан аман қалғандарын да шағып болыппыз. Жаны сіңір екі жүз шақты кірпіштен басқасы расында да «тез бітті». Түстен кейін майдан тазаладық та кірпішшілерден басқамыз өзді-өз группамыздың міндетіне тарадық.

Жауыннан біздің үйген тасымыз ғана аман қалыпты. Бірақ, оны төртінші рет тасуымызға тура келді: қалайтын үйдің іргесі тасқында су басатын жерге қазылыпты. Оның орны тағы да дөңге ауысып, қайта қазылатын болған соң құйрығы қоныс таппаған сорлы тасымызды сол дөңге тағы тасуымыз қажет қой!... Сөйтіп осы өткен жиырма күн ішінде қанша секіріп, қанша ілгерілегенімізді өлшейтін нәтиже табылмады. Төккен терімізбен өлшей қалса, өте көп жол басқанымыз анық. Бірақ, ол сідікпен, өз жаны қиналмаған кім есептеспек.

Гүлниса ауырғалы зор бастығымыз соның қасынан шықпап еді. Әйтеуір жүгіріп жүріп басын көтертіпті. Үшінші күннің кешінде әні естілді. Алдымен ұйғырша ғазал[46] мен татарша жырдан бір-бірден айтты да қазақша әнге ауысты. Ән болғанда да ыңғай Мақпалдың айтып жүрген әндері. Аурудан серги сала тағы да менің көңілімді көтеру үшін айтып жатқанын түсіндім.

... Айналдым ақмаңдайлым,

Ақылдым – бал таңдайлым...

Жар үшін жанын үзе толқитын осы әнді бабына жеткізе, өзегінен өткізе, аса шеберлікпен орындап тынды соңында.

Қан қысымы өрлеген науқас жағдайымен менің қасыма келіп жатқан Қалық та күрсініп жіберді. Ойына бір қызық оқиға түскендей күліп алып күбірледі сонсоң:

– «Неге мұнша күйдіресің арамнан болған» деп тоқтайтын нақшасын[47] сен көсіп жіберсең қайтеді?

Екеуіміз қатар күлдік. Бұл жерге келгелі шықпаған күлкімізді бұл бұрын өзара айтылмаған қалжыңдар да шығып жатты. Гүлнисаның өзі айтқанындай, шынымен-ақ жадырап, көңілденіп жатып ұйықтаппын.

Гүлниса осылай бастап, бізді әр күні кеште әнмен тербетіп, жұбатып тұрды. Өзін де осы әндер сергітетін сияқты. «Штапқа» шақырылып барып айтқанда да жаңылмады мұнысынан. Бірақ, зор бастықтың ыңғай нақша талап етуінен болса керек, «штапта» қазақша ән сирек айтылды. «Сені тіпті де ұмытқаным жоқ» дегендей маған арнап, ара-арасына әншінің өзі қыстыра айтып қоятыны байқалды. Ал оның есесін өз шатырына келіп толтырады. Жатарда халін әнмен білдіріп, халімді сұрағаны екендігі түсінікті болды да жатты. Күндізгі бейберекет жұмыстан зерігіп шаршап, жаурап қайтсақ та кешінде сол әндер недәуір демеп, тыңайтып тұрды.

Бірақ, бұл патифонымнан да тосын айрылдым: Үрімжіге қайтып кеткен автомобильдің екеуі тоңқалаңдап қайта жетті де әтіретіміздегі «пешканың» жарымын екі шатырмен қосып ала жөнелді. Ол тізімде мен де бар екенмін. Өздерінің қашан қайда жүретіндігін пешка білеме, мұндағы құрылыс жұмысы домна ісімен қосылып, қалған жарымына, жарымы болғанда да көп бастықпен қосылып, ыңғай жарты жандылары қалыпты. Телміре қарап Гүлниса қалды.

Кең сайды, автомобиль моторын зыр қақтыра өрлеп барып, күн батысқа қарай шықыта, тіктей тарттық. Қиын қиялар мен тағы да күңірене өрлеп, биіктің биігіндегі бір асуға жеттік. Бұл асудан асу үшін емес, жонын басып тұрып, руда қазуға шығыппыз. Түкпір-түкпірді паналаған топ–топ шатырлар көрінді. Мұзды шоқылардың арасындағы бұлақ басталатын бір жырашыққа екі шатырды бізде құрдық. Мұндағы басқарушымыз, баяғы орман қырғызған асхана бастығы екен. Бір-бір тоқаш тарқата сала шайнаңдап, қисықтау ұзын мұрынын билете барды да мұз арасындағы бұлаққа қонжиды. Суды уысымен ұрттап нанын өңештен асыра берді өзі. Мұздай суды бізге қарап ұрттауынан, осындай бір «төңкерісшілдік өнеге» көрсетпек сиқы көрінді.

– Үй мұның не, мына суықта ыстық бірдеме ішпесең өлмейміз бе!– деп құқықтылау бірнеше пешка наразылық айтып еді. Аузындағысын бүрке сақылдады бастық.

– Өзгергенің қане, қалай пұрлытар болмақсың!... Бұл жерде де пуржойшы жасамақпысың! –Бастықтың бұл сөгісіне сөгілушілер де зекірді.

– Пролетариятқа ыстық су қажет емес пе екен!

– Денсаулық қажет емес пе екен?

Бастық асау сөгісін енді «жауас» үнмен жариялады.

– Даяужыңда мұндай талап етсеңдер кім болмақсыңдар, ойлап қойыңдар кім, пұржойдың шіріктескен тұрмысына әдеттеніп қалғансыңдар, мына біздің пұрлытарлық тұрмысымыздан үйренсеңдер ғана адам боласыңдар! Мен міне суық сумен–ақ тойып алдым, өлмедім ғой, сендер де өлмейсіңдер, қайта хайуанша шіріктеспей, ысырап тұрмыстан құтылып шығасыңдар! Суық су шынықтыратын дәрі екендігін мен үйреткелі келдім сендерге!...

– Ей, былжырай берме сен!– деді жуанырақ бір «пешка». – Сені құтыртып, суық суға жерік қып тұрған бакалашкаңдағы арағың! Ішімізден суық ұстағанда оныңды біз тартып алып ішеміз! Жәшігіңдегің біздің бір-бір ұрттағанымызға да жетпейді! Сонда көресің осы «дәріңнің» қасиетін!

– Көмір қане, оны жағатын шаласынды ошақ қане!– деді бастық, өзінше «дұрыс» жауабын арағынан айрылатын болғанда ғана айтты. – Айтып қояйын, мұндай суық тауда көмір болмаса су қайнамайды. Таяртап[48] пуржой не біледі!

– Тастан ошақ қалатып, қазан орнатқызыңыз, суды мен қайнатып берейін!– дедім мен бірнешеуін ерте жөнелдім. Жап-жақын түкпірдегі тоғайдан он құшақ қураған пұтақ келіп, ошақ басына үйілгенде жатын орнына барып құлай кетті бастығымыз.

– Қане, қайнатып көр!

Кісі басына бір-бір күрешкелік су бұрқ ете түсті лезде. «Пролетар» бастық шайдың иісіне шыдамай, күрешкесін ала жүгірді қазанға. Тілдейтін құқығы барлар тұс-тұсынан түйресе де бүлк етпей, ыстық шайға нан шылап жеп, терши қалды.

Таңертең кетпен, күрек, лом, керкемізді көтеріп, бір биікке енді жаяу қиялап өрледік. Ауаның сирегендігі тынысымыздың тарылуынан білінді. Алдымыздан оңтүстікке қарай құлаған тар шатқал көрінді біраздан соң. Екі жағындағы, түбіне көз жеткісіз тік жар тұтасымен темір тас екен. Қызылкүрең жып-жылтыр тас, нақ құрышпын дегендей көкжасыл ызғар шашып тұр. Сол бай қазынаның үстінен автомобиль жүрерлік кенере жол қашалған екен. Жол бойлап құжынаған екі аяқты құмырсқалар екі бетті де қаптап алыпты. Шақ-шұқ керке, шатқа сатыр-күтір құлаған тас, әлемтапырық айқай-шу. Кенере жол іргесіндегі жай тасты шатқа құлатып, жанарлы тасты жалаңаштап, кеңітіп жатыр. Керке тұмсығы тигенде бұл руданың жік-жігімен саудырап сөгіліп бір келкі қырлы-қырлы бөлшектерге айнала қалатыны таңдандырды. Тексеруші мамандар жетпіс проценті темір деп есептепті. Үгілмей жалтырап бөлшектенеді екен де ауамен тотыға келе нағыз көкжасыл темір болып көрінеді екен.

Біз жеткенде күншығыс жақ қарсы беттен таныс дауыстар естілді. Үрімжідегі барлық институт пен әр саладағы ғылыми қоғамдар сол бетті иеленіпті. Араларынан «оңшыл», «ұлтшыл» аталған жалтыр бастар көбірек жарқырайды. Бір жақпар тасты құлаштап ұрып жатқан ғылым академиясының «оңшыл» президенті де танылды.

Біз соларға тұспа–тұс, қарсы тұрғыдан шақылдатып едік. Жалтыр бастардың жоғарғы жағындағы алыс құз басынан аюша тоңқалаңдап келе жатқан бір дәу тас көрінді бір шақта. Қарсы тұрғыда болғандығымыздан біз ғана көрдік те шу ете түстік. Біздің үрейлі айқайымыздан түсіне қойған жалтыр бастар да айқайлады. Апат келе жатқан тұстағы қалың студент біздің қол ишарамыз бойынша екі жаққа бөліне қашты. Бірақ алдыларындағы аңқау «пешкалар» аңырып, жол босата қоймағандықтан артындағылар қаша алмай тығылыпсып, іргелеріндегі жарқабақ астына жасырынды.

Ұзақ биіктен домалап тас төмендеген сайын екпіндеп секіріп соғылып, жолындағы тастардан да бірнешеуін қоса домалатты. Пәле көбейе төнді кенере жол үстінен. Бұл апатты тоқтату дәл қазір ешқандай құдіреттің қолынан келмейтіні белгілі. Екі беттегі неше мың «пешка» түгел шулады. Бүкіл Тяньшань күңіренді шуылымыздан. Тарс-тұрс, сақ-сұқ етіп екпіндеп жеткен зор пәлелер кенере жолдан ыршып-ыршып өтіп, шатқа бір-ақ ұшты да жақыннан домалаған шағын біреуі жарқабақ іргесіне тығыла алмай қалған студенттердің біреуін қағып әкетті. Шыр қағып шатқа бұлаңдап ұшқан адам, барар жеріне жетіп ғайып болғанға дейін шуладық. Оның шелпекке айналған мүрдесін тауып алып шыға алатын да құдірет жоқ еді. Екі беттегі қалың «құмырсқа» тым-тырыс, қыбырсыз тұрып қалды. Барлық бас шалқайып, өзді-өз тұстарындағы биікке, биікке емес, алдашы аспанына қарап қалыпты.

Біздің аспанымыз тіпті қатерлі, ызғармен ырсия төнген тік құзар еді. Қарағыштап қалтырай жүріп, өзімізді алып келген екі автомобилге руданы ертеңіне әрең толтырып қайтардық.

Көзінің қарасынан ағы молырақ, ең қорқақ, ең үркек бір серігімізді жар үстіне қарауылға шығарып қойып қазатын болдық руданы. Кешінде қалың киімімізді түгел киіп, бар мәзірімізді жамылып ұйықтайтын болдық. Аяз қасқыр болып қаптаса да таба алмайтындай, тапса да тістері өтпейтіндей қатерсіз жатсақ та түсінде домалаған тас көріп, айқайлап-ойбайлап тұра қашатын болды бірнеше актив.

Күндіз жұмыс майданында екі-үш рет домалаған тастан жарқабаққа тығылып құтылып, әдістес болып қалып едік. Ендігі қатеріміз қарлы боранда қалды: басқа жердегі борандар соққан жағынан ашық келіп қана ұшыра, иә, құлата жөнелуге «құмартушы» еді. Мына жонның бораны «тым қу» екен: құйын боп ұйытқып, қай жағыңнан келіп, ашаңнан ала үйіргенін білмей де қаласың. Бұғып келіп тік көтеріп, шыр көбелек айландырып ұрады екен. Тұйық қойнаудағы шатырларымызды, ішіне кеулеп кіріп алып көтеріп үйіре берді. Төрт жағынан темір қазық қағып байлап, етектерін таспен бастырып қойсақ та сөйтіп есімізді шығарады.

Ойпаңдау жолдарды қармен басып автомобильдерімізді де жүргізбей қойды. Дегенмен ерегеспе ауруы бар даяужыңшылар емеспіз бе, қызғылықты темір тасты сонда да қазып, үйе бердік. Бірақ, қаскүнем боран тіпті қатты ерегесті бір түні. Шатыр бастырған қазықтарымызды суырып тастап көтерді. Баспанамызға бәріміз шулап жабысып алдық. Сонда да ұйықтатпай үйіре беретін болған соң бәріміз де бар тең жіптермен шатыр арқалығынан байлап, белімізге орап тартып жатып алдық. Жерге кенеше жабысып қалған отызнеше адамды көтеріп әкете алмай, таңға жақын «өзі босай» берді.

Боран тоқтаса да уақытында «таң атпай», түннің тіпті «ұзарып кеткені» білінді. Тұмшалап алған басымызды қымырлатып байқасақ, түн қараңғылығы емес, үрдесін қар басып қалған екен. Тоңмойын шатырмен бірге оның ішіндегі бізді де түгел көміп үлгеріпті. «Ақым» ішінен айқайласып амандасып алып тыпырластық. «Көрден» көтеріліп шықсақ та «бейітіміз» тым қалыңдап көмілген екен. Көр тышқанша түртініп, тас болып қатқан шатыр березенінен есік түгіл тесік те шығара алмай жатып қалдық. Құрал-саймандарымыз сыртта қалған.

Төбемізде көп күрек сақылдап-қарсылдап жатқанын түстен кейінгі сағат екіде бір-ақ білдік. Басқа бір бейтаныс әтірет келіп құтқарыпты көміліп қалған екі автомобилімізді өзіміз қазып шығардық.

Жол жағасына үйіп дайындап қойған темір тасымызды да қалдырып, асу жолы қардан ашылысымен зор бастықтан келген бұйрық бойынша балғынтайымызға түп қотарыла зыттық. Қыстың не қилы қияметін көріп қайтқанымызда Балғынтайда жып-жылы жаз екен. Құйылған кірпішті жаңбыр әлі құтайтпай жойып жатыпты. Біз кеткен екі аптадан бері үй салу жұмысын кірпішке қаратып қойып, тастан «домна пеш» деген атпен зор-зор екі тандыр жасапты. Тіпті таскөмірмен толтырып, үстіне теміртас үйіп, өртеп те көрген екен. Темір шығару түгіл рудамыздың өзінен айырылыппыз: көмірдің шаһары мен темір тас қайнасып қоқ болып қатып қалыпты. Тандырдың тас қабырғасынан ажырар емес. Түбіндегі желдеткіш тесіктеріне іркіліп жылт еткен шойын көрінбейді. Бір дене болып қайнасып тұтасып алған қоқысты ломдап, базғандап айыра алмай тандырларымен тастап қойыпты. «Тандыр домнадан» мүлде үміт үзіп, енді бір-біріне мың бөлке пысырарлықтай пеш жасап жатыр екен. Онысына биік моржа қалапты. Руданы көмей жағына үйіп, көмірді ауыз жағынан өртей бермек сияқты. «Астындағы мына тесікті ашып қалғанымызда қып-қызыл темір бұлақ лақылдап ағып шыққанға дейін өртейміз» деседі.

Соншалық мол көмірдің қызулы шоғында еріп бөлінбеген шойын темір енді бөлек үйілген рудадан түтінді жалын арқылы еріп шыға қоймақ па! – Бұдан да үміт жоғын айтсақ, оңшының ең оңбағаны, кері төңкерісшінің ең кербаққаны болып айыпталмаймыз ба!... Аузымызды зорлап жұмсақ та күлкіден мұрнымыз бүлкілдей берді. Сырт айланып жүріп кеттік.

Гүлнисаның ауруы сол айырылысқан күні қайталап, екі-үш күн жатқан соң Қалықпен бірге Үрімжіге руда тасыған машинамен қайтарылыпты.

Мезгілі өтіп, кеппеске кеткен кірпішті жұттан келген бізге де артып, он күн ішінде құйып болу бұйрығы түсіп еді. Үш күннен соң бұл бұйрық та бұзылды. Үрімжіден келген зор бұйрық бізді тағы да қағып ала жөнелді. Мұндағы «көсемнің» қолында тағы да сол көп көсемше – қораз пешкалармен әйел пешкалар қалды. Бұлардың енді қанша көмірді өртеп, қанша руданы ыстап қоқсыққа айналдыратындығын білмедік. Әйтеуір енді там қаланбайтындығына, көсемдерден басқаларымыздың көзіміз түгел жеткен.

Осы бір жарым ай ішіндегі «зор секіруіміздің» белгісі болып, жон таудан шатқа құлатқан жарларымызбен қар астында қалған рудамыз, кірпіш болып құйылып, қайта топырақ болып үйілген сорымыз, жаудай тиып күйреткен тоғайымыз, тау болып үйіліп, төрт-бес рет көшсе де қоныс таппаған малта тасымыз ғана қалды. Ащы тер, адал еңбегіміздің енді қанша мазаққа айналатындығын қоғам мастығының айығуы ғана білер. Әйтеуір сау адамша бір адым секіре алмағандығымызға қорланып-арланып қайттық.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.