|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 24 страница– Даяужың[43] уақытында бұл еркеліктерің жүрмейді!– деп тұрып тепті біреуі. Шатырының алдынан зор бастық айқайлады оған. – Тұрмағандарын тізімдеп қой, кеште күрес жиынын ашамыз! «Күрес жиыны» мұнда тағы да ере келгенін естіген соң «пері соққандар» сергіп сала берді. Бастарын күшене-күшене көтеріп, алдыларындағы ши түбірлерінен тартып түрегеліп еді, жарымы қайта құлады да жарымы еңбектеп-бүкшеңдеп іс майданына беттеді. Ал, әйелдер жүгіріп жетіп, сасқандықтарынан бір-бір сырғауылды құшақтап тұра қалыпты. Сырғауыл қоятын арқалық түгіл діңгектері де орнатылмаған. Бес-алтауымыз діңгек орнататын шұқанақтарды енді қазып жатқанбыз. – Ал, бұл сырғауылдарды қайтпексіздер?– деп жымиды «құйын соққан» әйелдер сақылдап күліп, қолдарындағы жойдақсыздарды тастай-тастай салды. Бірақ, бекер тұрып қалса, «даяужыңға наразы» деген қалпақпен күреске түспейме. Аурулары да, саулары да үреймен жалтақтай қарасты бастықтарға. – Алдымен діңгекті құшақтаңдар, діңгекті!–дегенімде бәрі діңгекке жүгірді. Он діңгекке алпысы жармасып келіп, жаңа қазылып жатқан төрт-бес шұқанаққа түсті. Мына бір жүз жиырма адам түгіл өздерінің не істейтіндіктерін білмейтін көп бастықтың көздері де осы төрт-бес шұқанақта ғана қалыпты. Қазуға тиісті басқа шұқанақтар да көп екенін, тіпті ошақ пен оттың, отын-судың да керек екендігін ойламайтын сияқты. Шындығында ыстық тамақ сағынышы көбінің сағаттарын тықылдатып бара жатса да олар «буржуазияша баптанудан» қорқады. Ал, оларға «буржуазияшыл оңшыл-ұлтшыл» басымызбен ошақ жасауды біз айтсақ, кері төңкеріс болып шыға келмей ме!... «құқыққа қайта таласқандық», «пролетарият дектатурасын аударуға ұрынғандық» дегізіп, көз шұқытудан «күнәһәрлар» қауымы сақтанады. Сөйтіп, көпшілік жаутаңдаса берді бір-біріне. – Бүгінгі жұмыс тіпті көп, тез істелік азаматтар! –деп ақырында Қалық бастады сөзді. – Үш итарқа... асхананың қазан-ошағы, от жағуда бар. Домна пештің жұмысына мына орналасу жұмысымыз кедергі болмасын, тездетелік! – Группаларға бөлінсек, осы жұмыстардың бәріне жетісеміз!– деп оны «Құйын соққан» қостап еді. – Группаға бөлу – біздің ісіміз, шатағың болмасын сенің! Жүріңдер жолдастар әтірет штабына, дүйжаңмен[44] сөйлесіп бөлейік! Бастықтар шұбай жөнелгенде көпшілік өз денелерін өздері басқаруға құқық алғандай жайраңдап, кетпен-күрекке жүгірді. Бірнешеуі барып, асхана шатырының алдынан ошақ қазды да тайқазанды орната қойды. От жағып, су қайнатуға кірісті бірнеше әйел. Тайқазандағы көлдей су қайнап, тіршіліктің буы бұрқыраған шақта штаптағы бастықтар жиыны тарай қойды. Крушкаларына шайлары мен қанттарын салып, қазанға ұмтылғандарында біз де жүгірдік. Асхана бастығы бір-бір тоқаш тарту міндетіне енді кірісті де, әтірет бастығы тәртіп жариялап, группаға бөлудің уақытын сол сағынышты шай үстінен тапты. Алдымен бізге қатал ескерту жариялады. – Оңшыл–ұлтшылдар бірдемелерін қысып жүрсін, басшылық біздің қолымызда, демек, ұстара біздің қолымызда. Мұнда келгелі құқық алғандай құтырып, бұйрық жүргізген дұспандар бар. Тіпті, «дойбының тайыншасы болсақ суға бастықтардан бұрын жүгірер едік» деп әлден басшылыққа тіл тигізгендер бар!... Бұлай сөйлейтін құқықты кім берді сендерге! – Басшылықпен бәс таласқан элемент тұрсын орнынан! – шу ете түсті көмекші бастықтар. – Ұранға неге қосылмайсыңдар, кеңірдектеріңе бірдеме тығылып қалды ма! – Бір бастық осылай қайталап ақырғанда ғана дауыс қосты көпшілік. Кешегі сөзінен ұшынған «құйынсоққан» әлдеқашан түрегеліп тұрғанда «орнынан тұрсын» деп көтерген ұрандарына өздері ду күлді. – Неге күлесіңдер, төңкеріс деген қалжың ба!– деп ақырды енді зор бастық. – Өндіріс төңкерістен айрылмайды. "Даяужың" өндірісіне бойкүйез қарағандық – әлбетте төңкеріске опасыздық істегендік. Мұнан соң біз ешкімнің жүзіне, абыройына қарамаймыз. Гүлнисаның ахуалынан үлгі алсаңдар болады. Ол енді «оңшылға майыл»[45] элемент, біліп қойыңдар, оңшылдармен бірге басқарылады. Бірнеше активтеріміз осы оңшылдар жағынан аздырылып, пассивтік-сүйрелмелік дәрежесіне түсіп, жатып алды! Көздерін ашсын олар!... Маужуши бізге «жауды менсінбеңдер», «кім де кім дұспан жақтан көрінсе, ол да дұспан» деп үйретеді. Ал, сендер қайда барасыңдар!.. Қай жақтан көрінбексіңдер!.. Дереу қайтыңдар өз жолдарыңа! Жауды адам қатарында есептеуге қатал тиым салынады, өйтетініміз, олар – жау!... Төңкерісшілер жақта, яғни, біз жақта болыңдар, біздің тілімізді алыңдар! Төңкерістік пешкалық позицияда тұрыңдар! Басшылық қайда бұйырса сонда болыңдар! Активтік нәтижелерің сонда ғана қорғалады. Ал, дұспандар тілдерін көмекейлеріне сақтасын! Олар сөйлеуге емес, істеуге ғана міндетті!... Зор бастық осылай бір сағат сөйлеп алып, группа бөлінісін жариялады. Гүлниса екеуіміз домна үшін кірпіш құю группасына, оның да ең ауыр жұмысы – ылай жасауға бөлініппіз. Ең мықты «авчаркалар» бізді бақылап басқаруға бөлінгенін байқадым. Гүлнисаның ақ балтыры сазандай жұмыр санына дейін түріліп, талдырмаш нәзік денесіне лайықсыз ауыр кетпенмен лайға түскеніне жаным удай ашыды. Өзі шырайын бұзбай, маған көз астымен қарап қойып, күлімдей кірісті іске. Тау суының мұздай суық ызғарынан шімігер емес. – Сіз лайдан шығып, су құйып беріп қана тұрыңыз!– деп күбірлей сала бар күшіммен қопара жөнелдім. – Лайды мен-ақ үлгертемін! – Ауырып қаласыз!– Ол да күбірлей сала тырбаңдады. Бірақ, кетпенін менше басқара алмай, екі-үш жұлқып әрең шығарып тұрып, терге лезде малшынды. Іш көйлегі жабысып қалған толық омырауына көзім түсіп, сырт айлана бердім. Жұмыстан емес, ұят пен аяушылықтан қинала шықты үнім. – Лайдан шығып тұрыңыз, бітті, жағаға мен–ақ шығара саламын! – Менші? – Сіз демалып, мына жақтан асықпай ғана топырақ босатыңыз! Гүлниса лайдан шығып, жыламсырай қарады маған. Майкым мен кусарым тұла бойыммен лайға малшынып болып еді. Жаутақтап тұрып артына қайрылған қыз, кірпіш құюшылардың ши түбірлерін шауып, майдан түзеп жатқанын көрді де, үлкен орамалын әкеліп, мойныма аса қойды. – Теріңізді сүртіп, асықпай істеңізші! – Мен асықпасын десеңіз, киініп алыңыз! – Неге?... менің көмектесуімді жақтырмайсыз ба? – Терлегеніңізді көрсем, қиналады екенмін! – Сізге қарап мен де қиналып тұрмын! – Ойнақы қара көзге тола қалған жас, омырауына тырс-тырс тамды. – Шыдамды болыңыз, мен шыныққан, көніккен бас! – Лайды былшылдатып сыртқа ата бастадым. Қайтадан күлімсіреген бейнеге келе қалған Гүлниса да лайды кетпенмен тарта берді. Менің шықынсыма қарап, күшене тартты. Қиыншылыққа осылай таласқандығымыздан ба екен, лай төбе болып үйіліп, дайын бола қалды. Түскі тамақтың дабылы күн еңкейе соғылғанда екеуіміз екі жаққа жуынуға кеттік. – Біздің бақытымызға жарай кірпіш құюшылар тіпті икемсіз, сыпыра бошалаң болып шықты. Жалғыз кірпіштік, түпсіз қалыптарына қос уыс лайды домалақтап апарып басқанша уақыт бес минуттап өтіп жатты. Біз шығарған лайымыздың бүгін құйылып бітпейтіндігін біліп, ертеңгі лайға топырақ босата сала отырдық. Екеуіміз екі жақта отырсақ та ойымызды жүз ишарамыздан ұғысамыз. Кірпішшілердің ішек-қарны шашылғандай шұбалаң қимылдарына, жолдан өткен мас қалмақтардың ат үстінде бұлғақтауына, ауып түсіп, ұйықтап қалуларына, соған үйреніп алған аттарының иелерінен үміт үзіп, бет алдыларына жүре берулеріне, «пері соққан» белсенділердің қимылына, бастықтардың оларға қоқаңдауларына... маңайымызда болып жатқан барлық әрекетке Гүлниса күлді де мен жымиямын. Күлкім келмей, Мақпал мен Асқарымды сағынып отырсам да осы сүйкімді қыздың көңілі үшін жымиямын. Ол менің көңілімді көтеру үшін күлетіндігін кейінірек түсіндім. Кей бір жымия да алмай мұңайғанымда, қайғылан ба дегендей басын шайқап қойғанынан ұғылды. Біздің осы «бекер» отырысымызды бастықтар тағы да көре алмай қалыпты. Кірпішке лай жасап беруден оңай жұмыс жоқ екен деп қалған сияқты. Екінші күн өткенде Гүлнисаны кесек құюға шығарды да, мені ол группадан тас тасу группасына ауыстырды. Тас болғанда да руда емес, өзеннің малта тасы. Мұның да «неғұрлым жуаны» қажет екен. Неге қажет екенін білмей-ақ зәмбілмен таси бердік. Менің зәмбілімнің артын төрт мықты «актив» кезектесіп көтерді. Мақсат қинау болғандықтан демалдырар емес. Бірі терлейін дегенде тыңы келіп түсіп, қуалай берді. Кейбірі маған жанашырлық ойлап, бір далдаға апарып демалдыратыны болмаса, бастықтардың мақсаты, зорықтырып жығып, «кері төңкерісшілдігімді» дәлелдемек екен. Бұл жайтты кірпіш құя жүріп Гүлниса да біліпті. Бастықтарға жақын жүретін еріктірек әйелдер арқылы мұңғыл малшылардан сүт-қатық алдырып, жатын орныма жасырын жіберіп беріп тұрды. Үш-төрт күн өткен соң асқананың бастықтарға пысырған тәтті-дәмділері де менің бастығымның асынан табылатын болды. Араным ашылып, тамаққа қасқырдай тидым. Зорыққаным сол, күшейе түсіп, зәмбіл көтерісетін істестерімнің өздерін қайыстырыппын. Төртеуі жеке отырып күбірлесіп алады да зәмбілге қайсысы түссе де мені демалыспен қамдай берді. Зәмбілшілер сияқты ілбіп қана күн өткізетін болдық. Лайды жарым күндік қана жұмыс көріп, бізден тартып алған екі белсенді үлгере алмай, ең мықтысынан үшеу болып малшынып жүріпті. Қасынан өткенімді Гүлниса маған соларды ымдап жымияды. Үйген тасымыз таудай болғанда шақта зор бастығымыз айқайлай жетіп, басқа жерге тасытты. Домнаны басқа жерге жасататын болыпты. Ол тастың жарымын екінші рет тасып бола бергенімізде, Үрімжідегі мекемеге кеткен ұстамыз қайтып келіп еді. Зор бастық, штабынан тағы да жүгіріп шықты. Жұмысты түгел тоқтатып, демалыс жариялады. Соңымыздағы жандайшап бастықтарды түгел штапқа шақырып әкетті. Бір сағаттан соң түгел шығып, штап сыртындағы жерді өлшеді. Әр жерге қазық қақты. Тастың екі үйіндісін де сол қазықтардың маңайына тасуды бұйырды сонсоң. Сол жерден бірнеше бөлімді үй қалап, осында қыстайтын болыппыз. Тасты үшінші рет тасуымыз менің демалысымды тіпті көбейтті. Өйтетіні, іс қузаушы жандайшаптардың үндері ішіне түсіп, өз ойларымен өздері болып, болбырап қалып еді. Бастықтар ғана көңілді. Кешкі демалыстың уақыты ұзара берді. Тек зор бастық «сорлының жұмысы» ғана көбейгендей: «штабынан» шықпай, қыздарды кезек-кезек шақырып, «тәлім-тәрбие» беретін болды. Ал, өз алдыларына қыз шақыратын «штабы» жоқ, кіші бастықтар өзен бойлап қолтықтай жүріп «тәрбиелесін бе»... Гүлниса мен бірге кесек құйып жүрген әйелдер ғана «тәрбиесіз» қалып бара жатқан сияқты еді. Екі-үш күннен соң олардан да шақырылушылар шықты. Лай құшақтайтын орындарына «тәрбие қабылдамаған» әйелдер ауыстырылды. Іле-шала Гүлниса да босай қалды кірпіштен. Зор бастық бірер сағат қана сөйлесіп шығарған соң оның еркіндігі тіпті кеңіді. Мас қалмақтың ертоқымымен келген бір жуас атын ертеңіне-ақ міне жөнелді. «Осы бір таза жанды сезімтал қыздың, азғын тәрбиесін тіпті тез қабылдай қойғаны ма?» деп күрсіндім. – «Ауыр жұмыстан құтылу үшін арын сататындай емес еді ғой?»... Гүлниса төменгі жақтағы қатынас бекетіне қарай жорғалатып барып, белеске шығып біраз тұрды да қайта қайтты. Өзен бойына түсіп, жорғалай аяңдатты. Тұп-тура мен демалып жатқан далдаға беттеді. Абыройын сақтауды қысқаша ескертіп өткізгім келді менің. Бірақ, Гүлниса, жақындап келе күлімдеп, менен бұрын сөйледі. – Биған аға, төменгі бекетте әскери емхана бар екен. Ертең жексембі, демалады екенбіз, сіз дохтырға көрінуге рұқсат сұраңызшы! – Сап-саумын ғой, не үшін? – Сізбен бір сөйлескім келеді!– деп күліп жіберіп түзеді сөзін. – Жай ғана... – Соңымда «авчарка» бар ғой? – Олардың бәрі арақкеш, сондағы арақханада қалатыны сөзсіз! – Соны ескертті де, атын қузай тебініп өте шықты. Досты сақтандыру борышым бар ғой, кеңірек жерде кездесіп, мына жүрісі жөнінде өзіне де ақыл айтып қойғым келді. Ертеңіне таңертеңгі шайды іше салып, дохтырға көрінуге рұқсат сұрадым. Бастық, бұрыннан соңымда жүрген екі бақылаушысын қосып берді. Гүлниса асқан сұлу денесіне өз терісіндей қондырып тігілген қызыл пүлс көйлегін киіпті. Ұзын бұрымын тарқатып, шатырының алдында тұр екен. Кеттім дегендей бас изеп қалдым. Қыз мол шашын төге сілкіп, арқасына серпіп тастады да өзенге жүгірді. Дөңгелек қана аппақ жүз, жас шыбықтай толқыған қыпша бел, жел ұйытқытқан қызғыш қоңыр жібек шаш, жалт ете түскен қара көз, сүюге бейімделгендей ұмсұнған оймақтай ғана қып-қызыл ерні... Бәр-бәрі, әсіресе лып беріп секіре жөнелгендегі құлын мүсін, романтизм дастандарындағы перизаттың дәл өзін, ондайға сенбейтін көзіме көрсетіп, жүрегіме қондыра қойғандай сезілді. «Япырай мына сойқан Нұрияшыма жау боп тиер ме екен!» деген ой сап ете түсті басыма. «Жоқ, жоқ-жоқ, өрт болып жаласа да күймеймін!» дегендей басымды шайқап тастап, көзімді жұма қойдым да Нұрияшымның бейнесін сіміре тарттым жүрегіме. Өз сүйіктімнің көркем мінезі, тұнық махаббаты шипалы самал болып тыныстатты. Мұның мені қызықтыра қойған мүсіні өз жарымда да бар ғой, ал, онымның рухани дүниесі, мол ақыл-ойы, білім-санасы қай сұлуға қона қоймақ! «Лайлама тұнығымды, кез келген шөптің басын шала беретін мал емеспін!...» Жолдың ойлы-қырлылығы болмаса, аралық екі шақырымдай ғана екен. Емханаға кіріп, тұмау дәрісін алдым. Ере кірген екі белсенді ере шықты да арақханаға қарап ымдасты. «Бұл кісі арақ ішсе... болмайды. Тағы бір шатақ тауып алмай қайта берсін!», «мені әкеп тастап кетті дей салса болмады ма!»– деп естірте күбірлесті де, иектерін көтере салды. Көптен өз еркіммен жол басқаным осы-ақ шығар, арқамнан ауыр жүк түскендей сезіммен аяғым жеңілдеп сала берді. Желсіз, жайма шуақ ашық күн сәскелікте жарқырап тұр. «Сұм қыз қай жағымнан көрінер екен» деп жан-жағыма қарай бердім. Жоқ, әтіретке жетуге бір белең ғана қалды. Қыз түгіл сайтанның да елесі жоқ. Бұл белеңнен асқан соң жол жап-жайдақ, штап есігінен бәрі көрініп тұрады. Алды-артыма қарап біраз тұрдым. «Жастық – әуестіктің соқпа құйнынан басқа не сөзі бар дейсің. Қарындасым, аңшы қақпанынан сақтан!» деп бір кезіккенде күбірлей салмаймынба!»– енді күткім келмей өрлей жөнелдім белеңге. Өзен жағасындағы терек арасынан сықылық қақты сұлу күлкі. Бір жуан ақ теректі далдалап ат үстінде тұр екен. Тебініп қалып ытып шықты. – Білдім!... Кел мінгесіңіз, мына қыраттың асты иен екен! – Нені білдіңіз?– деп артына, мінгесе салып сұрағаныма жауапсыз күлді. Менің әлгі кідіріп жалтақтағанымнан өзіне деген пейілімді байқаған тәрізді. Ал, өзі еркекше көйлек-сымын қайта киіпті де, сиқырлы шашын түйіп, қалпағымен бастыра салыпты. Сырт көзге алдымда отырған ересек бала жігіт болып көрінетіндей. Оның есесіне жұпары мұрнымды жарды. Қыраттың тігіл жарлауытына ат тіке өрледі. Сауырынан сырғып кете жаздап, ертоқымның алдыңғы қасына созған қолым қыздың дәл қуығының басынан сап ете түсіпті. От уыстағандай дереу тартқанымда қылмысты қолымның сыртынан оның ыстық алақаны жабыса қалды. Бір мезет жібермей, ішіне құшырлана басты да жоғары тартып апарып, жүрегіне басты. Алақаны да көкірегі де оттай, дезмалша қарыды қолымды. Қайрылып қарамаса да құмарлықтың қызара бөрткен жүзін, аппақ мойнының қызарып кеткенінен, жүрегінің атқылақтауынан сездім. Сол сұғанағымды отты алақанымен сипалай берді. Аялап-аймалай берді. Үн жоқ, тұқыра түсті өзі. Жастық сезіміне оқыс шабуылдап қойғанымды ұғып, қолымды зорлап тартып шығарып алып сөйледім. – Пәк жүректі, аса құрметті қызсыз, кешіре көріңіз, ердің қасынан ұстамақ едім, жаңылыс болды! Гүлниса күліп жіберіп күрсінді де, біраз ойланып алып тіл қатты. – Менде сіз аяйтындай оншалық құрмет жоқ!... сондай ахуалдарымды айтайын деп шақырдым сізді... – Менің де айтып қояйын деген аз ғана пікірім бар еді. Мына жерге түсіп отырайық!– Белден асқан соң аттан секіріп түсіп, оны қолтығынан сүйемелдеп тартып едім, қытығы келіп, қолымды қаға ыршыды мертігуден сақтау үшін құшақтай алыппын. Екі қолы мойныма асыла кетті де, айқара құшақтап алып, бетіме бетін баса күлді. Ойпаңырақ далдаға көтеріп апарып отырғыза қойдым да атты тұсай салып, екі қадамдай алыстап келіп отырдым. Қимылыма кірпік қақпай қадалған қыз демін соза алып төмен қарап сөйледі. – Сізде кешіріңіз!... мені әдеттен асқан бұзық қыз екен деп қалған ұқсайсыз! – Жоқ, олай жаман бағаламадым. Сіздің жүрегіңіз де мені таңдандыратын бір түрлі пәктік-адалдық бар! Гүлниса жүзіме біраз қарап алып тағы да тұқыра жалғастырды сөзін. – Расшылдық-ақиқатшылдық дегендерді мен сізден үйрендім. Және ең қиын жағдайда, өтірік қоспаса болмайтын күрес үстінде берген жауабыңыздың шыншылдығынан әсерлендім. Менің де сіздей расшыл болғым келетін болды. Сізді жақтап сөйлеп, тіпті, сізбен бірге күреске түскім де келді. Сөйтсем... сізге... ғашық болып қалыппын. Түн бойы қызамын, ұйқым келмейді. Ең болмағанда сіз көрінетін жерде отырғым келеді... – Қарындасым-ау, баласы бар, сүйген әйелі бар адамға солай бола ма екен! Сендей қызға қандай жігіт бас қоймас, сені алтын таудай бақыт күтіп тұр!... – Жоқ, олай болудан кеткенмін.. Маған енді шын сөйлеуден басқа парыз жоқ!... Мен қыз да емеспін. Кішкене кезімнен алданып, ит пен құсқа жем болған әйелмін. Сіздің мені қыз деп аяйтыныңызды білемін. Сондықтан толық сөйлеп бергім келді. Бірақ, ессіз бұзық әйел емеспін. Алданғанда бір жақсы көрінген жігіттің махаббатына, алалдықпен алданғанмын. Сіз айтқандай «алтын тауым» осы екен деп беріліппін!... Осы күрес үстінде бәрінің жайы мәлім болды. Мен тәуір деп білетін жігіттің бәрі қаражүрек алдамшы, тақсыпаз, өтірікшілер болып шықты. Ондайларға... ерсіз қалсам да бара алмайтындығымды түсініп жеттім. – Жоқ, әлі түсініп жетпепсіз, туылғаннан кемшіліксіз кәмелетпен туылатын ешкім жоқ. Оған өзіңіз де мысал. Өтірікшілдік пен шыншылдықтың қасиет жөніндегі парқын менің үстімдегі күресте айырып өзгеріпсіз, өсіпсіз. Ал, ол жігіттер өзгермейді деп ойлағаныңыз – шалалық емес пе!... Қарама-қарсылық күрес бар жерде сана мен идеяда өзгеріс болмай тұрмайды. Ертеме-кешпе сіз сияқты олар да өзгереді, өседі. – Ол жігіттер де ондай үміт жоғын, сөйлей алмай отырғаным болмаса, өзім білемін. Мұндай түпсіз терең айтысқа түсіп, әрең тапқан уақытымызды сырап етпелік, өтінемін! – Мақұл, мұныңызда дұрыс. Мен алдымен сізге айтпақ пікірімді айтып алайын. Мына әтірет бастығы сізге қалай шапағатшы бола қалды, алдымен соны айтыңызшы! Бұл тосын сұрауыма сақылдап күлді қыз. – Кезептік мақсатпен жақсы көрінгісі келмей ме! Мұндайлар менің көптен сыралғы дұспаным. Көркемөнер қызметіне орналасқанымнан бері мені мұндай бастықтардың үлкендерінің де талайы айландырып келеді. Оңаша үйге талайы алдап апарып көрген. Ондай әуейліктеріне көнген емеспін. Зорламақ болса, парткомға мәлімдеймін деп қорқыта саламын. Менің алданғаным, тек, махаббаттық уәделесуден ғана болған! – Сонда да мынадай доңыздан қатты сақтаныңыз!... Ондай ішкі байланыста болмағаныңызбен сырттағы абыройыңызды жояды! – Түсінемін, бірақ, лаж жоқ. Бастық іс жөнін сылтау етіп шақырғанда бармаса болмайды екен!... Онымнан, менің сырымды білетін достарым күмән ойламайды. Мынау мені осы жаққа жүрерде-ақ айландырған. Өзімен бірге кабинкада отыруға бұйырғанда кузовқа шығып, одан сіздің қасыңызға барып отырып алғаным үшін, онан соң сазға келіп түнегенде өзімен бірге кабинкасында түнемегендігім үшін қалпақ кигізді. Одан да зор қалпақ кигізсе, тағы киермін. Жалғыз-ақ, сізді көріп жүрсем болғаны!... Мен қазір аурумын! – Көзжасын төгіп–төгіп жіберді. Гүлниса, менің тіземді жастана жығылды. – Қатты қиналып жүрмін! – Не ауру? – Маңдайынан, шашынан сылай сұрадым. – Сен!– деді қыз, жауабын шорт қайырып, ышқына солқылдады. – Мақпал екеуіңнің махаббатыңа зиянкестік істемеуді де ойландым. Көп семьяда жоқ ең үлгілі махаббат қой, қимаймын, аяймын. Бірақ, лажым қалмады. Өзімді тоқтатуға күшім жетпеді, қайтемін, ұйқы жоқ, жүрегім күйіп, ыс-түтекте тұншыға беретін болдым! – Олай болма! Ар-намысты ардақтайтын адам бәрін де жеңе алады!.. Жастық сезім дегенді ақылмен басқармаса, адамгершілікті тонайды. Батпаққа да, дәретханаға да тастай беретін, ол бір ақымақ құйын. Үйіргеніне шыдап берсең, аз уақытта-ақ өте шығады, айығасың, дұрыс жолыңды сонда ғана табасың. «Япырай сонда қаймана бір қатын-балалы қалпақтыға да күйіп–жаныппын-ау!» деп күлетін боласың әлі!
|
|||
|