Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 23 страница



– Бастығы, басалқалары кімдер?– столын шерте сұрады Жаубасар.

– Бұлар негізгі жағынан орта ұйымның шылауында. Орта ұйымдағылардың бас ұйымға өздіктерінен бағыныстылығы сияқты, жастар да орта буын ағаларына өздіктерінен бағынады. Сайып келгенде Шынжаңдағы қазақ азаматтары «алашорданың» тұтас бір денесін құрайды.

– Рас па? – Жаубасар маған зекіре қарады. – Кері төңкерістік ұйым бар ма екен, жоқ па екен?

Жауап берудің орнына Қалықтың шырайына қарап күліп жібердім. Мені қалқан болып қорғап, төнген қатерді өзінен тартып әкету үшін тапқан жалы еді мұнысы. «Басқамызды қаншалық қиратса да туған елі үшін өнімді қызмет істей алатын бір азаматымыз аман қалсын» деп шығып тұр. Жайшылықта титтей шалыс сөйлеп қойған жігіттерден өзіне от тұтап кетердей ат–тонын ала қашатын қорғаншақ, сақ аға бүгін мен үшін осы ең апатты өртке өзін атып, мен–ақ күйейін дегендей кеуде қағып тұр!... «Еркек тоқты[37], Ер азамат делінетіндердің бәрі осындай болсашы! Қорғаншақ, қорқаққа балап жүріппін–ау осындай асыл алмасты да!...»

– Ей, бұл саған қалжыңдап тұрма, неге күлесің? Жауап бер!– деп Айғайкөк зекіргенде Жаубасар шаңқылдап жіберді.

– Ей тоңмойын, мен саған сұрақ қойып тұрмын, енді неңді айтпақсың бұл фактке?

– Бұл кісі өтірік сөйлеп тұр!... Жалақорлар басқаға жала жабады. Жер шарында өзіне-өзі жала жабатын бір адам көргеніме мен таңданып күліп тұрмын.

Аңыра қалған залдан бық-бық, сық-сық күлкі тағы естілді.

– Сен өзіңді ғана ақтап қоймай, енді бүкіл кері төңкерісшілерді, олардың құрған ұйымын жоққа шығаруға ұрындың ба! – Жаубасар осы шаңқылымен булығып жөтеліп қалды да, басқа активтер маған көздерінің ағын ғана көрсетіп, жамырасып-маңырасып бет-беттерімен сөйлеп кетті.

– Нағыз ғаяр кері төңкерісші екен мынау!

– Қалық мұны орта ұйымды деп әшкереледі ғой, демек, орталық ұйымның бастығы осы!

– Бастығын қорғау міндеті бойынша, ештеңе білмейдіге шығарып тұр анау!

– Шынжаңдағы барлық кері төңкерісшілердің жүрегі осы екендігі көрініп тұр!– десіп бірін-бірі қуаттай жөнелісті. Жаубасар қарлыққан дауысын шаңғырлата-сыбырлата, шұп-шұбар ала кеңірдекпен зекірді маған.

– Қалықтың өзіне өштігі бар деп сендірмекпісің енді!

– Жауап беруіме рұқсат па?– сұрана жауап қайырдым. – Адам өзіне-өзі өштесу арқылы да мұншалық жала жаппайды! Мұның жүрек ауруы бар, мынадай айқайдан жүрегім тоқтап қалама деп қатты қорқатын адам. Өткенде өз үстінен күрес басталысымен-ақ «алашордашыл» болып мойындай салған себебі сол болатын. Ал, бүгін, менің үстімдегі күрес ең жоғары шиеленіс шегіне жеткенде жүрегі тағы да шыдамай қалды. Бізге жабылған жалаларды не болса да өз мойнына түгел көтеріп алып тынышталмақ болып шықты. Бұл, күлкіні келтіретін іс. Шындығында мұның құрастырып тұрғанның бәрі өтірік! Нанбасаңыздар ғылыми жолмен тексеріп көріңіздер, үш ұйым түгіл бір ұйымның да орнын тауып бере алмайды. Себебі, ол мүлде жоқ ұйым. Тағы бір шындықты айтайын...

– Әкет мынаны!– деп шаңқ ете түсті Жаубасар. Айғайкөкке сыбырлап бөлек қағаздарын тапсырды да мені айдатып қайтарды. Қалыққа сұрақтың жауа жөнелгенін шығып бара жатып естідім.

Айғайкөк тексеру столын менің абақтыма құрды. «Кері төңкерістік ұйым мүшесі», «ұлтшыл» деп табылған адамдардың менімен болған байланысын бір-бірден қайта сұрауға кірісті. Сөзі мен іс-әрекеті түгіл кей бірінің тіпті күнделік не жеп, не ішетіндігі де қалмады. Пәлен жылы пәлен жерде пәленге менің не сөйлегенім, дәретханаға қалай бірге барғандығым жайында да күштеп қазбалады. Бұлардың ішіндегі маған ең қатерлісі институтта күреске түсіп жатқан жас «ұлтшылдардың» байланысы екенін байқадым.

Нұралыға мойындатқан «программа» дегендерінің көбі сол жастардың өткізген кейбір ұсақ қылмыстарынан құралыпты. Мәселен, кітап магазинінен Ленин жайындағы брашураны ұрлап шыққан бір жас оқушы күреске түскенде оны «кері төңкерістік ұйымымыз үшін ұрладым» дегізіп, зорлап мойындатқан екен. Бұл «факт», сол күрес районының өзінде «кері төңкерістік ұйымның расхотын оқушыларға кітап ұрлатып сатумен қамдау» деп программаның бір тармағына айналдырыпты. Жаубасар мұны нанымды етіп шығару үшін, «жалпы ұрлық-қарақшылықпен қамдау» етіп өзгертіпті. Нұралы мұның екеуіне де мойындаған болыпты да, программаның өтіріктігін айқындап тұратын сол алдыңғы күлкілі тармақтан айрылмай, көпшілік алдында бетпе-бет әшкерелеген болып маған жеткізіпті.

Былтырғы жазғы Оңтүстікке бөлінген студенттердің наразылық талаптарын Жаубасар кері төңкерістік көтерілістің бастамасы етіп, автоном район райысына бірінші болып арыз айтқан Қапасты Биғабіл тағайындаған қолбасшы етіп шығарыпты. Қысқасы, домбыраны да кері төңкерістік сөйлесу-хабарласу құралымыз етіп қосыпты: Біздің үйге келгенде Жақанның шерткен күйлерін, маған жеткізу үшін домбыраға «сөйлеткен» жасырын мәліметке айналдырып мойындатыпты. Айғайкөк мені осы жөнінде де көп тергеді.

«Жақан саған домбыра арқылы не мәлімет жеткізді?... Солай сөйлесумен жымиыстыңдар ғой, жыластыңдар ғой?» деп түріп ышқынады.

Институттағы күрестің мұндай жорамалымен мойындатулары мені тым болмағанда «құтырған ұлтшыл» етіп шығаруы кәдік екен.

Сөйтіп, Айғайкөктің менімен байланысын сұраған адамдары бір аптаның ішінде-ақ үш жүзге жетті. Менің карикатуралық суреттерім мекемедегі жиын залдарына да келіп жапсырылып жатыпты. Тілім екі метрге дейін жалын ата жалақтап, аузым жершарын жұтардай керіліп, ұлы қармақ тістерім сойдиған айдаһар болып та сызылыппын. Заһарлы ұзын денеммен орап шыңғыртып жатқан адамдарым тіпті көп. Олардың ішіндегі ең қатты «сорланып» жатқан Мақұлбек, Құлжан, Әлиялар екен. Тағы бір карикатурада алтын тәж киіп тақта отырған Жағданың алдында сәлделі уәзір болып иіліп, Қасқырбаевпен мен бастатқан көп қазақ сызылыпты.

Мұншалық сұмдықтың карикатуралары мекемедегі тыныш залдарға жеткенде кино студиясының зор залындағы күрес майданын не оңдырғанын қайдан білейін. Ондағы болып жатқан күрестерден хабарсыз қалдым.

Жеке тергеу ештеңе өндіре алмаса да созыла берді. Айғайкөк күндіз сұраған «таныстық тарихымды» алтын тапқандай дәптеріне естелікке ала отырып сұрады да, кешінде өзіме қайта жаздырды. Адамзатты қағазға қараудан жерітуді ғана мақсат еткен шығармадай, шет-шегі болсашы бұл мыжығырт жинақтың. Әйтеуір тергеушілерімнің мені «зор кері төңкерісші» деп жариялап алып, еріндеріне жағарлық қылмыс таба алмай жеңілгендіктерінен ұялудан ғана жаздырып жатқаны екенін түсінген соң қылжаққа айналдыра бердім сөзімді. «Факт» деп біреуге оқып беруден өздері ұялатындай «материал» құралып жатты.

Октябрь туылысымен «зор секіріп ілгерілеудің» ұраны гу ете түсті. «Құрыш – маршал» дейтін тақырыпта үлкен-үлкен мақалалар жарияланды газеттерде. «Бас жол», «халық коммунасы», «зор секіріп ілгерілеу» атты «үш қызыл ту» көз алдымызға бадырая көтерілді. «Оңшылдардың» аяқ–қолы байланып болғандығының дерегі еді бұл. «Жұңгоша социализміміздің жеңісі мен жеңілісін белгілейтін бірден-бір кілт – құрыш темір өндірісі ғана белгілейді», «сондықтан бұл салада шетке сүйенсек-ақ ұттырамыз», «өз күшімізге сүйену – зор секіріп ілгерілеудің шешуші жолы», «әрбір мекеме қоғам, әрбір кәсіп орындарына, халық гұңшесінің[38] әрбір атреттеріне дейін құрыш–темір өндіретін домна[39] құрылып, санды міндет жүктелді». «Бұл жоспарымыз бойынша Англия сынды ең бұрын өнеркәсіптенген, ең кәрі жиянгерді онбес жыл ішінде-ақ басып озамыз!», «Жұңхуа Халық Республикасына қарасты әрбір бұқара осы шахметтің пешкасы болып, қайда қойсақ сонда тұруы, қалай айдасақ солай жүруі шарт!»– газеттер енді осылай сайрап кетті.

Бірер қадам жылжи алатын «еркін» пешкалар сұқ саусақпен түртіліп, үнсіз жүріліп жатқанда мендей қамаудағы пешкалар қайтпек, қысқыш саусақтар шекеме таяғанда-ақ секіре түрегелдім. Жазып жатқан «томым» сол жазу столында жаюлы күйінде қалды. Артымды бағып жүретін «авчаркалар» құрыш қорту жұмысына алдымен кетіпті. Көрпе-төсеніштерім буылып-түйіліп, қара машина кузубына лақтырылып та болған екен. Мақпалым кішкене Асқарымызды құшақтап қақпа алдында тұр. «Әкең әне» дегендей мені нұсқады оған. Көре сала «пешкалықты» ұмытып, тұп-тура гардише[40] ұшыппын. Бөлініп тұрғанымызға үш айдан асты ғой, енді қашан көрісетінім түгіл, қазір қайда баратынымды да білмеймін. Екеуін қоса құшақтап сүйіп–сүйіп алдым. Бадырайған көп көзден именбей Мақпал да сүйіп үлгерді. «Бізден әрқандай жағдайда да алаң болма, аман бол, денсаулығыңды күт!... Әйтеуір оншалық жүдемепсің!» дей сала арқамнан қақты. Сөйлесіп қойды дегізбей жөнел дегені екенін қағысынан ұқтым да, «аяулым» деген белгісін, алақанын арқамнан сылай түсіргенінен түсіндім. Шығатын автомобильге жете бере қайта қайрылғанымда Асқардың кішкентай қолын көтеріп бұлаңдатып тұрғаны көрінді. Жауап ретінде мен де қол сілтеп қайтардым.

Автомобильге шығысыммен бақылаушымның біреуі әкеліп, үлкен сомкамды тапсырып берді. Мақпалдан алып Жаубасарға тексертіп шыққан екен. Сыртқы қалтасынан екеуінің жаңа түскен суретін тауып, көкірегіме баса түстім.

Машина от алысымен дәл қасымнан Гүлнисаның татарша әні естілді. Әртістердің автомобильінен қашан түсіп, менің қасыма қашан келіп отырғанын білмей қалыппын. Еркекше киініп алыпты. Мен жалт қарағанымда күліп жіберді. Қақпадан шыға бере Мақпалдың өз тойымызда айтқан бір әнін шырқата жөнелді. Бұл әнге мен де қосыла кеттім. Үйіме бұрылатын кішкене көшенің иінінен күтіп тұрған Мақпал, менімен қатар, алда отырған бейтаныс қыздың аузынан өз әнін естіп, қолын жайраңдаған күлкімен көтерді. Разы-қош, ыстық ықыласпен сермеді қолын. Оған Гүлниса да сондай шын достық ниет көрсетіп, қолын түрегеліп бұлғаңдата өтті.

Гүлниса, үйлену тойымызға қатынасса да Мақпал екеуіміз көшеде кезіге қалғанда танымайтындай сырт айланып кететін. Енді маңымыздан ең жақын достарымыз да қашатын болған мына қиын кезеңде жанқияр достай жақындасып қалған себебін түсіне алмай қарай бердім жүзіне. Ойнап тұратын өткір қара көзін маған бір жалт еткізді де тұқыра күлімсіреді. Әйелім мен баламның жаңағы суретін қолымнан алып, үңіле түсті. Жамбасы жамбасыма, омырауы білегіме жабысып қалғандықтан, жасыра күрсінгенін сезіп қалдым.

– Бек сұлу!– деп күбірледі. – Ұлыңыз әлден-ақ кішкене Биғабілмін деп тұр!

– «Кішкене дұшпаныңмын, менен қорқыңыз» деген шығар?

– Жоқ, мұны маған өзіңіз ескертіп отырсыз, білемін. Тіпті де дұспан емессіз!

– Менің аурыуым, қазір обадан да жұғымтал!

– Мұндай ақылды ауру жұқса жұға берсін! –деп Гүлниса тез күбірлеп жіберді де, сөзді Мақпалдың суретіне аудара қойды. – Мәдениеті тіпті жоғары екен. Сізді жаңағы... сүйгені, мені қатты сүйіндірді. Совет әйелі болмаса, мұндай әйелдер олай істей алмайды!

– Жігітіңізге қосылған соң сіз де сөйтесіз. Өзіңізді ол да үш ай сағындырса...

– Сіз режимге алынғалы үш ай болды ма? – Гүлниса үңіле қарап сұрады да менің бас изеп күрсінгенімді көріп, өзі де күрсініп жіберді. Мұнан соң сөйлеспедік. Сахнаның дағдылы әнші қызы тағы да Мақпалдан естіген «Ағажайды» шырқата жөнелді.

Бес автомобиль керуеніміз қаладан шыға Еренқабырғаға беттеді. Қарашәрге асатын төте жолға түскен соң темір рудасы жақын Балғынтай дейтін жерге барып, темір өндіретіндігімізді басқа сапарластардан естідім.

Бір сәтте машина тосын тоқтай қалды да Гүлнисаны шақырған зейіл дауыс естілді. Арт жағымыздағы әртістердің жабық автомобилінен бір бастығы қаһарлы қабақпен келіп, қайт дегендей бұйрықтың қолын жалғыз-ақ сермеді оған. Содан бастап Гүлниса маған жақыннан көрінбейтін болды. («Оңшылға бейім» атты қалпақ кигенін кейін естідім.)

Сол кеште қарлы асу аузындағы жайдақ-жалаңаш сазға түнедік. Жатып демаларлық тепсең жер жоқтығын айтып зарланғандарға жауап берген ешкім болмады. Бастықтарымыз кабинкадан шықпай, алдының қорылға басқаны да естілді.

Менің «ұйымдастарымнан» Ынтықбай, Рақымқан, Өлзе, Нұралылар халық коммуналарының құрыш–темір жоспарларына көмекке айдалыпты. Менімен бірге шыққан басқа қалпақтылар желкелерінен бір-бір «авчарканы» сұқситып әр жерде шоңқиып таң атырды. Сөйлестірер емес. Ал, менің соңымда екеу...

Биік таудың мұзды жотасынан келген ызғар таңға жақын менің иығымды селкілдеткенде артымнан қыдиып тұрған күзетшілердің тісін де сақылдатып әкетті.

Данышпан тергеушім, осы шақта пешка болмаған кім бар, сіз де көне пешкасыз. Осындай ақымақ сазда сіздің тісіңіз де талай сақылдаған шығар. Тістің бұлай сақылдауы, жауға қаратылған ыза-кектің қайнауы емес, әрине, сіздердің де менше сорланғандықтарыңыздың ғаламаты. Бізді «бөрі», сіздерді «бөрібасар» атап шайнастырып қойғаны болмаса, бәріміз бір шахматтың сорлы пешкаларымыз ғой.

Осы тауда қыраттан, далдалы құрғақ жырадан көп жер жоқ. Ал, ілуде бір кездесетін осындай жалаңаш сазға қай Құдай айдап әкеп, шоңқитып түнеткенін ойлап көрдіңіз бе? Пешкалардың қиыншылыққа шыдамдылығын сынап көрмек болса, «Англиядан озғанға» дейін алдымызда талай күрес, талай қиыншылықтың саналы сын кезеңі әлі бар емес пе! Сол жеңіске жеткізетін жауынгерлерінің белін әлден шойрылтып не таппақ, қай мақсатына жетпек? Мені жау санап бүкшитсін, ал, сіздерді белсенді жауынгеріміз деп мүкшитпек пе?... Жанаптарыңызды «зор секіріп ілгерілеуге қарсы оңшыл-ұлтшылдардың үгітімен пассивтесіп мүкшитіп алды» десе, біз не бетімізді айтармыз! «Бұл, қойыртпақ қарабатқпақтан жаралған миыңның қылмысы» деуге біз бейшарада тіл бар ма!


V

 

Әтірет бастықтарымыздың бастығы кім екенін күн шыға бақырып жібергенінен білдім. Күшіген тұмсық, өгіз қарын, бұқа қабақ, маймыл маңдай, дәу сұр екен. Сахнаға театрда помещик шабарманы рөлімен екі рет, күрес жиындарында өзі білмейтін мәселелерді әшкерелеп он шақты рет шыққанын көргенмін. Өтірік күлкісі ақпанның боранындай, өсегі өрттің морындай тыжырындыратын бедек[41] еді. Сол бедек алдыңғы автомобильдің кабинасынан шыға бақырды. Шындығында бақырмақ емес, сірік жасырған батпақ арасындағы тұғырдай–тұғырдай төмпешіктерде отырған «оңшыл–ұлтшылдарды» көріп, зейілдігі ұстағандықтан ақырмақ екен. Қатты ұйқыдан құрғаған кеңірдегі оқыс бақыртып қойыпты. Тамағын дереу қырынып жіберіп, ақырғанда сахнадағы помещик қожайынның дәл өзі болып шыға келді. Ұйықтамай шоңқиғандарымыз сол бұйрық бойынша секіріп барып, автомобиль жарендігіне жармасып едік. Іңірде келе сала сазға қисайып ұйықтап қалған сапарластарымыз орындарынан тұра алмай қалды. Белсенді бастары көтерілсе де, бөкселері қозғалмай «редакционға» айнала қалыпты. «Су перісі» жеңілірек соққандары үш-төрт домалап, төрт аяқтай түрегелді де, автомобильдеріне қарай өздіктерінен шойнаңдады. Ауырырақ соққандарын сауларымыз қаумалап көтеріп, кузовқа шалқасынан шығардық. Әйтеуір көп бастықтан активтеріміздің қол-аяғына жармаспа дегендей тойтарыс естілмеді. Бірақ, жатып алғандар көп болғандықтан сауларымыз кузовқа түрегеп тұрып әрең сиыстық.

Бұл асу – Еренқабырғаның аты шыққан қанды асуы болатын. Басы – мұз, жүрегі – тас, етегі – саз тік құзарды тоғыз айланып өрлейтін шаппа жолының үшінші айланбасына шыққанымызда, жүк мая боп тиелген арттағы автомобиліміз қоңыздай боп әрең көрінді. Ұшпа тік жар үстіндегі тар жолдан машина дөңгелегі сәл тайса, иә, тормұзы секонттан жаңылса-ақ тозаңша тозғанымыз. Оқыста төменге қарап қойғандар лоқсып құса бастады.

Бесінші айланбаға өрлегенімізден бастап иман дұғасы оқыла бастады. Жол мұзға айнала бастап еді. Арапша мінәжат дұғаларын білетін активтеріміз көп екен. Алланың мың бір аты түгел аталды. «Сімағызам» аталатын осы дұғаны қазір қала да оқыса, активтіктен айрылып қана қалмай, мақсатыңды айт деген бұйрық түсіп, күреске тартылар еді.

– Қалада Құдай жоқ сияқты еді,– деп күбірледі біреуі. – Мына тауда көп екен!

– Аспанға[42] жақындап қалмадық па!– деген жауапқа үш-төрті қатар күлгенде басқалары шу ете түсті.

– Күлмеңдер!... Күлмеңдер!», «матордың дымы құрып келе жатқанда тайып кетпесін!», «қозғалмай тұрыңдар!»...

Тұмсығымыздың ұшында ғана жыбырлап қалған жанымыз, асудан асқан соң денемізге әрең тарады. Күнгей беттің жолы кең де құрғақ екен. Түс ауғанша құлдай ағып келіп, ақ толқынды өзен көпірінен өттік те, сол өзенді бойлап, батыс–терістікке беттеген кең саймен қайта өрлеп барып тоқтадық. Балғынтай осы десті. Жып-жылы тиді ауасы. Жайдары, ырайлы қойнау екен.

– Түсіңдер!– деп ақырды зор бастық. Біз түссек те «пері соққан» белсенділер қозғала алмады.

– Түсіріңдер, түсіріңдер! – бірнеше бастық қатар ақырды бізге. Қайта шығып оларды түсірдік. Буыншақ-түйіншек, теңдерді арылтып түсіріп бола бергенімізде кузовқа ара мен балталар қайта лақтырылды. «Түспеңдер!» деген бұйрық шықты бізге. Алтау едік, «су перісінен» аман қалған мықтылардан таңдап он бес жігітті автомобильге қайта шығарған бір бастық кабинкаға кірісімен машина гүр ете түсті.

– Жуанынан, ә, жуанынан кесіңдер!»– деп тастап зор бастық тамақ салған қалтасын өзенге қарай қолтықтай жөнелді. Темір жүректі автомобиль Үрімжіден шыққалы тамақтанбағандығымызға қарамай, келген жағымызға қайта ағызды. Суға қарап тамсана өттік. Бір-екеуі активтіктеріне қарамай, наразылықтарын жариялады.

– Пешка болған соң тамақ пен судың керегі жоқ деп түсінеді екен ғой!

– Мұнан да дойбының «тайыншасы» болғанымыз жақсы екен!

– Тайынша болсақ, суға бастықтан бұрын жетер едік!– деп біздің «Құйын соққан» да көсіп жіберді. Сен кіріспе дегендей қабақпен Қалық түртіп қалды оны., Кабинкадағы қисық мұрын бастық, төбесінен өрген сөзді естіп отырыпты, терезеден басын шығарып сөйледі:

– Шыдаңдар, асхананы басқарамын. Осы міндетті тез бітіріп қайталық, сендерді бүгін ет-сорпамен күтемін!... Бір-екі рюмка арақ та ішкілерің келетін шығар!..

Арақ пен еттің осы қызуымен автомобильде оқыралай жөнелді. Тоңқалаңдап талай бұрылыстың тасын сүзіп, талай ағаш пұтағына басымызды соқты. Талай қисайып, талай түзеліп барып, таудың орманды сайына бұрылдық.

– Ыңғай жуанынан таңдап кесіңдер! – Бұл бастық та солай бұйырып тастап, қолын артына қайыра жөнелді. – Қырыңдар!– деді қырат басына шығып алып, тауды ышқындырған араның сарылы мен балтаның таңқылына сүйсіне айқайлап жіберді. «Ет пен араққа» тез жетудің қамымен пешкалар құтыра тиді орманға. Сол сайдағы жөні түзу ірі ағаштар түгел құлап болғанда, өзіміз қит ұрып қара терге шомылып отырып қалған екінтіде әрең қайтты бастығымыз. Қызара бөртіп ісініп, арақ кекіріп қайтты. Ұйқыдан жоғалған есін баклашкасындағы арақпен жиып қайтты:

– Кескен ағаштарың үш итарқа жабуға жете ме?–деп сұрағанында түгел аңырдық. Ағаштың қай қажетке істетілетінін білмей, ыңғай тақтайлық, бөрене, бағаналық жуандарын құлата бергенбіз ғой. Үш итарқа үшін ғана бір сайдағы құрылыс ағашын түгел жойғанымызға шу ете түстік...

Бізге үш бөрене, он шақты діңгек пен жүз шақты сырғауыл ғана керек екен! Көрсеткен есебіміз бойынша бастығымыз зор бастығынан қайта сұрап келу үшін шоферды тыжырындырып, автомобильді қайта тоңқалаңдатты. Кескен ағаштарымызды сол бойы пұтаусыз тастап енді сырғауылдық, діңгектік ағаштарды кесіп жидық.

Сорлы машина іңірде алқынып-қабынып әрең келді. Бастығымыз мас. Үш бөрене мен екі жүз сырғауылдың үстіне шоңқиып қайтып барғанымызда өзеннің сарылынан басқа ешқандай дыбыс жоқ. Ет түгіл, су қайнатқан оттың да жылыты жоқ. Бір-бір тоқашты өзен жағасына апарып кемірдік те буыншақтарымызды сипалап жүріп әрең тауып құладық.

Тау жотасынан күн жарқырап шыға келгенде ойланып қарасам, бастық шатыры «әтірет штабы» деген қып-қызыл бивска мен жоғары жаққа оқшаулап тігіліпті де, әйелдер шатыры оған таяу өзен қойнауына қамалыпты. Алғашқы түскен жерлерінде үйме-жүйме «пері соққандар» жатыр. Бір бастығымыздың айқайымен түрегеліп, алдымен баспаналарымызды жасауға кірістік. Бастықтар бүгін тіпті зейіл екен, шойрылғандарды бір-бірден теуіп оятты.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.