|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 22 страница– Биғабіл ұйымына қатынасқандардың әшкереленбей жатқаны әлі көп!– деді Жаубасар түрегеле сөйлеп. – Мейлі анықталғаны болсын – анықталмағаны болсын, ол ұйымдағы орны жоғары болсын – төмен болсын, мәселені әшкерелесуге қатынасқандары кері төңкерістен шекарасын айырған болып есептеледі. Әшкерелегісі келмегендері, мейлі, бірге кеткісі келсе кете берсін! «Кім жау жақта тұрса, сол жау» деп бастап, шарапатты нұсқауларын тағы да арылта оқып тоқтады. Осы сөзімен мені де «ойланып жазып, ертең жауап беруге» қайтарды. Соңымнан басқа «ұлтшылдардың» да, «ұлтшылға бейімдердің» де қайтқаны көрінді. Тағы да қылыш қайрау жиыны ашылмақ екендігін тұспалдай жетіп құладым абақтыма. Бірақ, ұйықтатпады. Айғайкөк бастаған бір топ келіп түн бойы тергеді. Қалық Қасқырбаевтан бастап «кері төңкерістік ұйым басалқалары» аталғандарымен болған таныстық–достық тарихымды сұрады. Тіпті, қаймана таныстығы жоқ адамдармен де байланыстырды. Мен танымаған сайын таңып тақымдай берді. Сөйтіп, тергеудің өзі үлкен дауға, керілдескен күреске айналды. Солардың ішіндегі ең күшеп тіміскілеп сұрағаны, Жағда Бабалықовпен болған байланысым. Бұл кісі үш аймақ төңкерісінің полковнигі еді. Кейін автоном райондық партия мектебінің бастығы, автоном райондық саяси-заң буының бужаңы, «Іле қазақ автономиялы облысының» бастығы болған. Нағыз марксизмші, адал коммунист еді. Айт-тойларда, кей жиын-отырыстарда ғана кездесіп қалатынбыз. Ал, осы науқанда «оңшыл-ұлтшыл» қалпағын киіп, өлімнен әрең қалып жүрген «нағыз кері төңкерісші». Қазіргі маған таңылып отырған «үш отаудың басын қосу» жаласы, алдымен осы Жағдаға жабысқан пәле болатын. Сондықтан оны мүлде танымауға бекідім. Онымен байланысым түгіл, амандасқаным әшкереленсе-ақ екеуіміз де, тіпті түгелімізбен арандаймыз. Сондықтан мына сұрақ қанша сумаңдаса да жуықтатпай қойдым. (Әділетті тергеушім, мұндай тыр жалаңаш пәледен өзіңіз де тырағайлап қашарсыз, кешіріңіз! Өтірікшілікті өздеріңізден ғана үйренбесек, өліп қалатын сияқтымыз!) Осы даумен таң атырып, күрес майданына жөнелдік. Тағы да залда шұрқыраған жұдырықтардың астынан өтіп келіп, тағы да шаңқылдаған Жаубасардың сөзімен қарсы алындым. Күрес жиынының ендігі тәртібін сөйлеп тұр едім. Менен мұнан соң аса қажет болмаса ауызша жауап алынбайтындығын, қойылған мәселелерді түрегеп тұрып жазатындығымды қысқаша бұйырып тастап, басқа «ұлтшылдарды» үгіттей жөнелді. «Қателесу айып емес, қателікті түзетпеу айып», «қателікті түзету үшін кері төңкерістік ұйымнан шекараны ада-күде айыру қажет», «шекараны айырудың негізгі белгісі – әшкерелеу», «ешқандай мәселені әшкерелемей, шекара айырдық деген сөз – тілек, өздеріңді ғана алдай алады», «сендердің тағдырларың үшін Биғабіл мен оның ұйымынан шекара айыруларың, кезек күттірмейтін шарт болып қалды!»– деді. Жиын ашылғаны жарияланысымен көне жалақорларым жалаңдап тағы шықты. «Жайы мәлім шошқалардың түрткенінен жасқанатын»[34] емеспін, сөздерін естелікке жазуды да қойдым. Ендігі қаупім жаңа жалақорға ауды. Енді қай жағымнан қайсысы шыға келер екен деп сол күні кешке дейін қорқақ достарымды санап, олардың жайын бір-бірден ескеріп тұрыппын. Халық пен Асылқаннан басқа үлкен «жауым» қалмаған сияқты, ең қорқағы осы екеуі тәрізді болатын. Бірақ, олардан ешқайсысы шыға қоймады. Ал, жиын қанша шуылдағанымен алдыңғы түскен жалаларға жел беріп кептіргендей ғана желбуаз талдаумен ұрдажық талқыға айналып кетті. «Үрген қарын керіліп, тауға айналса да біз тигенде ырс етіп қалпына келе қалмай ма, мұнысымен қорқыта алмас. Құдай тағала тек жаңа жалақормен шын факттен сақтасын!» деп тұра бердім. Абақтыма кешкі қайтқанымда Айғайкөктер тағы да келіп, ұйықтатпауға кірісті. Тамыр-таныстарымның байланыстарын тағы да сұрай жөнелді. Мақсаттарының мәселе анықтау емес, сілемді қатырып, шатастыру екендігін енді айқын түсіндім. Сұрай берсе танысым таусылар ма, ұйқыдан күнде жазалатып, нерв жүйелерімді жұлмалата бергенше бір-ақ қиналғым келді. Кім жөнінде сұраса да білмеймін дей бердім. – Неге білмейсің? – Мен ғана емес, демалумен ұйықтау уақытын жоғалтсаңыз, өзіңізде білмей қаласыз! – Қалжақтамай жауап бер! – Тамақ жеуге аузымды таба алмай отырып, қалжақты қайдан таппақпын! Бірнеше күннен бері аяқ демалдырудан айрылып едім. Бір түн екі күн өтті, кірпік айқастырудан да қалмадымба! Сенсеңіздер қатынымның атын да ұмытып қалдым! – Бір сөткеге?... Әлі талай сөтке бар!... Байлаңдар! –деп ақырды Айғайкөк. – Есін жиғызыңдар! – Мақұл, арқан есімді жиғыза алса, неғұрлым тез жиғызыңдаршы! – Төрт аяқтап күшене түрегелдім әдейі. Жендеттер бір-біріне жалтақтай қарай берді. Қолымды артыма қайырдым. – Байлаңдар! – Ей өйтіп қиналмай-ақ сөйлесең болмай ма!... Алдымен Қапаспен байланысыңды сөйле! – Білмеймін, қазір тіпті түрінің қандай екені де есімде жоқ! – Күләнмен байланысыңды сөйле!– дегенінде басымды шайқадым. – Қазақтарыңды танығың келмесе, Ясын Әмәтпен қашаннан байланыстысың, соны сөйле! Басымды тағы да шайқай салдым. Айғайкөк сақ ете түсті. – Байлаңдар, өз обалы өзіне! Біреуі жанқалтасынан кендір арқан шығарып тастай салды да, теріс қарап кетті. Қалғандары арқанды желкеме асып, екі иығымнан асыра екі білегіме қатты орады да қазықбау шалды. Желкеме қолдарымның басын қосып қайырып апарып тартып байлап тастады сонсоң. – Сөйле!– Жаңағы үшеуімен болған байланысымды қайта сұрады Айғайкөк. – Білмеймін, есіме түспеді, қаттырақ байлаңдар! Бір-біріне қарап күліп жіберген жендеттері алысырақ тұрған Айғайкөкке барып сыбырлады, ең қатты байласы осы екен. Жүрегімді қысып бара жатты. Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. – Енді менен жауап алуды ұйықтап түстеріңізде көресіздер!– дедім түйіле қарап. – Арқанмен ес жиғызамыз дегендерің тағы да өтірік екен ғой! Басқа террорлықтарың жоқ па?.... Тым болмаса тепкілеп өлтіре салсаңдаршы, «мәңкүр-мәңкірлерің»[35] тергесін! Айғайкөктің тасырайған боз көзі әйнекше шатынап кеткендей, тым суық жарқырады. Аузы-басындағы қалың түк түгел сапсиып, бет-бетіне шашылды. Тістене күбірлеп, арқанды шешкізді. – Бүгін де мал, ертең мұндай тоңмойындық қылмайсың, ұқтың ба? – Ұйықтатпай, демалдырмай жауап аламыз деп үміттенудің өзі тоңмойындық. Ақыл-есі болмаса, дұрыс жауап та шықпақ емес! Мен күрес үстінде көпшілік алдында ғана жауап беремін!... Жендеттер ертең кеште жауап беруді қайта–қайта тапсырып қайтты. Жаны кете қалған қолымды созғылап икемге келтірдім де, тамағымды зорлап тауыса жеп ұйықтадым. Таңертең майданға аттанарды бір-ақ ояныппын, тыңая қалған екенмін. Жол жөнекей прандікпен тамақтанып келе жатқанымда тастақ белестен асыға өрлеп, жиынға бара жатқан әйелдердің қарғысы естілді. Екеуі туфлилерінің бір–бір өкшесін түсіріп алыпты. Кере қарыс біз өкшенің орнын толтыра алмай шойнаңдап барады екен. – Балдақ жасатып алыңдар!– деп дауыстап едім. Артымдағы «авчаркаларым» арс-арс ете түсті де, бұрын қалжыңдасып жүретін әйелдер саңғырлап күлісті. Қарғағаны қайталап, тағы естілді. – Төбеңнен жортсын Биғабіл, төбеңнен!.. Міне бір айдан асты!... Сенімен күресеміз деп осымен екі туфлиімның өкшесінен айрылдым! – Жаламен желімдеп, өтірікпен байлай салсаң, майқұйрыққа да мықтап жабысар!– деп күлдіріп тастап өте бердім. Жиынға осы сөзім де ере барып түсті. «Жаламен желімдемесе де» мықтап жабысты. Мұны Құлжан талдағанда, тіпті, тастай қып қатырды құйрығыма. – Осылай у шашпай жүретін күні жоқ бұл жауыздың!– деп бастады сөзін. – Бір жағынан өз қылмысын партияның жапқан жаласы етіп көрсетсе, екінші жағынан ол әйелдерге өзінің қызығатын, ниетін білдіргені. Бақылау астында өтіп бара жатып, әйелдерге шашқаны осы азғындық. Егер оңаша да екі минут кездессінші қалай аздырар екен! – Биғабіл стиль мәселесін тексерсін!– деген талап көтерілді осы сәтте. Стиль мәселесі деп ер-әйелдің әуейілік байланысын атайтын. Алдыңғы үшінші қатарға орын тепкен Әлияның көзі бағжаңдап кетті бұл талаптан. Өзіне қатер төндірген арт жаққа қайрыла қарап алып, бұл талапты қабылдап қояр ма дегендей Жаубасар мен Айғайкөкке қызара-көгере жаутақтады. Ол екеуінің көзі де Әлияда екен, сыбырласа қалды. Менің стильдік қылмысым сөз болса, мына активі бүтіндей масқараланатындығын, оның жапқан жалаларының сыры ашылып қалатындығын ескергендей. Жаубасар атыла түрегеліп сөйледі. – Биғабілдің негізгі қылмысы саяси мәселеде, стиль мәселесі қала тұрсын!– дегенінде Әлия енді азат болғандай жайраңдай қалды да қолын соза көтерді. – Сіздің асығыс пікіріңіз бар ма еді?– деп Жаубасар өңешін соза сұрады одан. – Саяси мәселе... кері төңкерістік ұйым мәселесін әшкерелеймін! Жаубасар Мақұлбектің көтерген қолына да бір қарап қойып, микрафон алдында тұрған Құлжанға иек қақты. Құлжан көтеріле сөйлеп, кейінгі құраған жалаларынан төрт-бесін басыма төге салып жөнелді. Мақұлбек шықты орнына. Бұл жолы мені «қылмыспен» тіпті бастырмалатты ол: Жағданы менің нағашым етіп дәлелдеп, Қалық Қасқырбаевті бөлем етіп шығарды да, қанымызды қосып жіберіп, бірлесіп ұйытқан кері төңкерістік айранымызды ақтара берді. Он неше жаласын бір-ақ төкті сөйтіп. Зал тынысы тоқтай қалып, тағы да ыңыраныс пайда болды да Гүлнисаның көзі маған тіпті жаутақтады. – Бас қарақшының өзі бір жауап берсін!– деген талап тағы шықты. Мұндай жалаға денем үйреніп қалғандығын байқаттым. – Бұл жалаларды дәлелмен тойтару үшін кемінде бір сағаттық уақыт қажет!– деп жымидым. Екі бастық ентелей төнді маған. – Тағы да жала демекпісің!... Мақұлбектің не өші бар еді сенде! – Өзің қамқорлық етіп қызметке, одан ұйымыңа тартқан бірден-бір сенімді адамың жала жабама саған? – Бұл, өзінің күн көрісі, тіршілік жолының еңбекшілерден бүтіндей басқаша екендігін ғана айқындады,– дедім мен. – Онысын кейін ұзағырақ сөйлеуге құқық алғанымда сөйлермін. Иә, жазып дәлелдермін. Қазірше айтарым біреу-ақ. «Күшік асырап ит еттім, Ол балтырымды қанатты! Біреуге мылтық үйреттім, Ол, мерген болды, мені атты!»[36]
Бұл жауабыма ыза-кектері бомбыша жарылған «активтерге» Асылқан да қосыла айқайлап түрегелгенде жүрегім зу ете түсті. Жаубасардың мені соғуға іздеп тұрған сойылы – басатын көзірі осы сияқты; Сөйлеу кезегін соған бере қойды. Асылқан сахнаға жақындап келіп, қарсы алдымнан сөйлемек болып тоқтап еді. Екі бастық жікжапар болып, сахнадағы микрафонға шақырды. Зал өліктей тынды. Мені сонау гомендаң қасқырларынан да қорғаушы болып көрініп келген осы қормалым, енді қорыққанынан жаратын болды-ау деген хауіп, тұла бойымды тінткілеп барып тоқтай қалғандай сезілді: «әзер болса, бесінші жалақорым болып шығар, жағаласып тұрғаным осы ғана ма!» деген оймен беки қалыппын. Асылқанның дауысы атқақтап, тым қатты шықты: – Ей бирократ, не сөйледің жаңа?... Абайдың найзасын кімге жұмсап тұрсың?... Кімді асырап, кімге өнер үйретіп едің? – Асылқанның бар қаһарын төккендей қанталап кеткен үлкен көзі мен мына адыраңдаған асқақ сөзінің салмағына қарап, әртістік істеуге шыққандығын байқай қалдым. Мен де өшіккенсіп түйіле қадалдым. Асылқан тіпті өрлей ақырды. – Ей айтшы, азат болған осы жеті-сегіз жылдан бері бізге бір рет лекция өттің бе?.. Ей, сені біз өз табымыздан шыққан филология ғалымы, математик деп әлпештеп келдік. Сондағы күткен үмітіміз не болды сенен? Үйіңе қай сайқал келіп, құйрығын бұлаңдатса соның азығы болыпсың!... «Күшік асырап ит еттім» дейді тағы да! Күшік өсіп ит болмағанда кісім болушыма еді!... Ей шошқа, қайсы адамды асырадың деп сұрап тұрмын мен сенен? Кімді тәрбиелеп өсіріп едің? Бұл сөзіне мен де қатал наразылық көрсеткенсіп, қарсы жауап айттым. – Жеті жыл бас алмай отырып, адам ұрпақтарына кәмелетті оқу құрал жасап бердім. Тіліңді тартып сөйле, оным да шошқалық па! – Тоқтат!– деп Жаубасар ақырып қалды. – Кім сөз берді саған!... Асылқан жолдас, сөйле! Әшкерелеп рәсуасын шығар! – Биғабіл аталған бұл жойыт, біздің арамыздағы жоғары білім иесі еді. Ең төменгі таптан шығып, қайыр тілей жүріп оқып жетілгеніміз еді. Басы бар болғандықтан мұны оқыту жолында әкесі мен екі аға бір інісі өмірлерін түгел жалданба егіншілікпен, малайлықпен өткізген. Аңсаған социализміне енді жетіп, бостандық табалдырығын енді аттағанда сол арманына қарсы кері төңкерістік ұйым құрды деп кім күмәнданған!... Ей азғын, сені оқытқан сол туысқандарың мен әкеңнің қан-терлерінен арақ жасап, ыңғай арақкеш, айырқұйрық шаяндарды жиыпсың ғой маңайыңа!... Сені оқымысты етеміз деп өздері сауатсыз қалған сол бейшараларға не пайдаң тиді деймін! Мойныңдағы олардың қарызы қайда деймін! – Асылқан ұмтылып келіп, шапалақпен бетіме шарт еткізді. Тұмсығыма тигізбей қалғаныма қуанғаным ба екен, күліп жібере жаздап, езуім қисая берді. Қапаланғансып тыржия қарадым Жаубасарға. – Мына оқыған лүкшегіңізді әкетіңіз, бірер жасы үлкендігін сыйламасам, менде де қол бар, бір-ақ салып ұшырамын сахнадан!– дегенімде залдағы активтер дүр көтеріліп, қаптап берді маған қарай. – Сөзім әлі біткен жоқ, тоқтаңыздар!– деді Асылқан оларға. – Менің өз күшім де жетеді бұған! – Активтерді сол сөзімен қайтарып жіберіп, маған қайталай ақырды. – Ей доңыз, гомендаңға қарсы төңкерісте қан кешіп, жан қиып соғысқандағы мақсатың не еді сенің?... Төңкерістің қатерлі жасырын қызметінде жүрген сен үшін жас жанын құрбандыққа шалған Нұрияның арман-тілегін де ұмытқанбысың, өй қара жүз?!... Ей ұждансыз, не деп жауап бермексің сол жаны бір құрбандықтарыңның зираты алдында!. – Жетер, тоқтат енді!– деп шынымен айқайлап жіберіппін, Нұрияның абақтыда төгілген қаны елестей қалып, көзімнен жас ыршып кетті. Сырт айланып сүрте салып зекірдім. – Олардың кегі мен таптық тегімді ешқашан ұмытқан емеспін!.. Жаппаңдар жалаларыңды! Қарасам, Асылқан да көзін сүртіп тұр екен. Адырая қараған активтердің арт жағындағы бастар иіліп, кей біреулері бырс-бырс, пыс-пыс ете түсті. Асылқан өзін тез жиып, қайта ақыра жөнелді. – Өй сол өсірген табың үшін не істеп бердің деймін!... Иттеріңді арақпен, тамақпен сол табың үшін асырадың ба деймін!... Кенже қалған өз бауырларыңның қаншасын тәрбиелеп, қанша өнер-білім үйретіп едің?... Өй тым болмағанда осы Үрімжідегі тіл-әдебиет, баспа қызметкерлеріне дәйекті бір лекция жасап бердің бе деймін!... Садаға кет Абайдың жанкүйер сатирасынан!... Соншалық күркіреген Асылқан нажағайдан бір ұшқын да көрсетпей, түсе жөнелді сахнадан. Ең қауіптенген бір қорқағымның боқтаған болып тұрып, ақтап кеткен мына батырлығына – өнеріне сүйіндім. Шарт еткен сол шапалағы бетіме жарымның алақанынан да жұмсақ тигендей сезілді. «Гранит басты жауымызды бір иіп берді» деп түсінген қара жұдырық активтер Асылқаннан өздерінше күш алыпты. Иілген жау жығылмай ма дегендей шабуылдарын жиылете түсті. Төрт жалақордың «факттерінен» кесек-кесегімен алып атқылай берді маған. Шулай берді. Тек Жаубасар ғана ішінен жел қарысқандай тыжырынып, Асылқанға кіржие қарап қалды. Кері төңкерістік ұйым әшкерелеудің орнына менің төңкерісшілдігімді мына қалың жұрт алдына жайып кетпеді ме!... «Гомендаңда қанды кегі бар, намыс қайраты күшті азамат, өзінің қандас жауына Әлия айтқандай шпион болды деуге кім сенер?... Соншалық жалаңаш кедейден шығып тұрып, қазіргі жоғары тұрмыс пен өрелі білімге жеткен мынаған социализмге қарсы ұйымды таңудың мүмкіндігі қалды ма деген тәрізді бір ой түсер»– деп Жаубасарға мен де әр күннің әр сәтін сынай қарап өткіздім. Қаншалық көр соқыр, қара жүрек тас бауыр болса да осылай бір ойланып, біраз босайтын кезеңге әлдеқашан жетіп еді. Бірақ мына мәнсәпқор, сол үмітімнің керісінше күн сайын қатайды. Күндіз клубта, түнде Құдай берген кабинетінде шақылдады. Активтерін бақылдатып өшіктіре-ушықтыра түсті. Ынтықбайды да қамап, сахнада менің артыма тіркеп қойып тықсырды. Талай рет қосақтап матамақ болып, мойнымызға арқандарын асып қойып тексерді. Бірнеше күннен соң Өлзе кәрі мен Рақымқан да қосақталды бізге. «Төңкерісте жаумен атысқан – біз, жау жойылған соң кері төңкерісші тағы біз болмақпыз ба!» деп Ынтықбай мен Өлзе тіпті ашық қарсылық жариялады. Күрес тіпті ушыға түсті. Бұлай қосақтай берсе күшейе беретінімді біліп, бір күні мені қайта даралап қамалады. Аласапыран айқайға басты. Көзіме шұқып тұрып шуласты. Сәйдаға қолданған содырлық сылтауын істетіп қарсыластырып қолға алмақ болғандықтарын байқатты. Мен де соған бекіп, заң іздемек болдым. – «Жоғалсын жиянгерліктің қарғылы иті!», «шошқа Биғабіл жоғалсын!», «есек Биғабіл жолғалсын!»– деп активтер залды борандатқанда. – «Жоғалсын жалақорлар!»– деп бастап, микрафоннан мен дауылдаттым. «Жоғалсын жалған активтер!», «жойылсын заң бұзғыншылары», «жоғалсын жойымпаздар!», «марксизмге қарсы улы шіріткіштер жойылсын!», «социализмге жабысқан мерездер жойылсын!..» Электр құдыреті қолдап, менің кеңірдегімді бәрінен асырды. Залдағы қорыққандықтарынан қосылып тұрған мыңдаған дауыс, микрафондағы жалғыз менің дауысымнан тұншықты. «Активтер лап қойды маған қарай, зал у-шу, астаң-кестең бола кетті. Арт жақтан Қалық Қасқырбаев сахнаға қарай кимелеп келеді екен. – «Менің әшкерелейтін мәселем бар! Тоқтаңыздар мен сөйлейін!» дейді. Тіксіне қалдым. Дәл осы кезеңде мына «дәу», қорқақ-жуас атты «абыройларымен» келіп, мына жалалы кері төңкеріске мойындай салса құрығаным ғой!... Мұны жалақорға шығарып кімді сендіре алмақпын!.. Қалық сахнаның бір шетінен қарап тұрған Жаубасарға жете тағы қойды әлгі талабын. Жаубасар ереуілді шаңғырлап жіберіп тоқтатты. Қалық әшкерелеушілер микрафонына келіп тұра қалды. Қайратты көкбурыл шашын сылай тұрып қарады маған. Күрсініп жіберді. Неңді әшкерелемексің дегендей азуымды басып сырт қарай бердім. – Анау тоңмойын «әшкерелеме» деп ымдап қойды!– деп Құлжан шыр ете түсті де Айқайкөк Қалыққа ақырып қалды. – Ей алашорда, оған қарамай сөйле! – Асықпаңыздар, кері төңкерістік ұйымға қарық қыламын сіздерді!– деп Қалық сөзін жымия бастады да кеудесін ұрып-ұрып жіберді. – Менің бір өзімде үш ұйым бар!... Алдымда асқар таудай көрінетін ағаның мына аузына аңыра қарап күліп жіберіппін. Айғайкөк маған дүрсе қоя берді. – Ей неге күлесің сен тоңмойын, неге күлесің?... Алдымен соны айт! – Оның күлетін, таңданатын жөні бар, әшкерелеп тұрған мені тыңдаңыз! – Қалық бәсең үнмен саспай жалғастырды сөзін. – Менің социализмге қарсы ұйымдарымның жайын Биғабіл расында да білмей ілескен. Идеясы толық қызыл болғандықтан, марксизмнен айнымайтындығын біліп, бұған ашық айтпай, сыртынан басқарып келгенмін. Мұның бізге алданып қосылып кететін бір ғана осалдық жері бар: бұл, саясатшы емес, ғылымның мүриті. Қажымас-қайтпас ағартушы. Өз ұлтының ұлттық мәдени-ағарту қызметі жолында еркі мықты ағартушы... – Кері төңкерісшіңді мақтамай сөйле!– зекіп қалды Жаубасар. – Жоқ, мен мақтамай да, ақтамай да дәл өз қалпында әшкерелеуге бекіп шықтым сахнаға! Мен Биғабілдің осы ерекшелігінен пайдаланып, өзіне білдірмей, кері төңкерістік ұйымымы зор қызмет істетпек болғанмын. Мұның, мәдени-ағарту саласында, әсіресе жастар арасында бедел-абыройы аса жоғары болғандықтан сонысынан пайдаланып, ынтымақ атымен жастарды өзіме тартып, ұйымдастыру үшін пайдаланбақ болғанмын. Жалғыз-ақ бұған кері төңкерістік ұйым құрмақ екендігімді білдірмеуім қажет болған. Сондықтан Биғабілдің ондай ұйымдарды білмейтіні рас!... Мен құрған алашордаға қарасты қазір үш дәрежелі ұйымның сілемі бар. Біріншісі, жоғары дәрежелі кадрлар арасындағы бас ұйым. Мұны Жағда, Шаймардандармен бірлесіп құрғанмын. Екінші орта ұйым. Мұның өзінің атынан да белгілі, бастан төмен, аяқтан жоғары. Бұл, орта дәрежелі қызметтегі қазақтарға негізделген. Бірақ, бұлардың ішіндегі білікті жігіттер қазірше Биғабіл сияқты ыңғай қызыл болғандықтан сенбей, басалқасын кейін тағайындауға қалдырып келгенмін. Бұлардың бір қасиеті, біздің, әсіресе менің айтқан ақылымның бәрін дұрыс көріп қабылдайды. Аға тұтады. Сондықтан ешқайсысын бастық сайламай-ақ істетіп, пайдаланып тұруыма болады. Үшіншісі, кері төңкерістік жастар ұйымы. Бүтіндей жаңа жастар. Көбі институтта. Бұлар біздің аяқ-қолымыз, құралымыз.
|
|||
|