|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 21 страница– Бұл жала, менің де Құлжанның да сөзі емес!– деп ойлана түстім. – Құлжан былтырғы қуғыннан соң менің алдымда бұлай кері сөйлей алмайтын болып қалған!... Ә, табылды, бұл Мақұлбектің сөзі. Уақыты, мен алғаш күреске түсе бастаған кез, Құлжанның сондағы жалғыз келуінен төрт-бес күн өткен соң Мақұлбек те жалғыз келген. Сондағы сөзі, ол сөзін, «компартияның да кім екендігін көрдік» деп, менің халыма қайғырғанси бастап, осы әшкереленген сөзінен сәл ұзағырақ сөйлеген. Бұл сөзін мені қатты тілдеп, ызамен тойтарғанмын... Сабыр етіңіздер сөйлеп болайын сонан соң жоғалтыңыздар»!... Оған менің жауабым мынау болған: «ей қанды ауыз қасқырдың жалқы күшігі, сен тіліңді тартып, к...тіңді қысып жүр! Мені күреске түсіп, жүрегін кір шалды, енді бетін қарату оп-оңай деп қоңырсып отырғаның ба?» дедім. Ол, «жоқ Биға тіпті де олай емес, сізді жазықсыз күреске тартқанына бұл партиядан жүрегім қарайып барады!» деп мені қолпаштай қалды. Сонсоң мен де тілдеуді қойып, ұзағырақ түсінік бергенмін. Ал, Құлжан бұл жаланы Мақұлбектің кінешкесінен ұрлап алды ма, иә, Мақұлбек Құлжанның қолымен от көсейтін әдеті бойынша сен әшкереле деп өзі айтып берді ме, ол жағын білмеймін. Әйтеуір Мақұлбек маған осыны сөйлегенде Құлжан жоқ болатын. Нақтылы ахуал дәл осылай! Осы жауабым аяқтай келе залдағы екі мың ер-әйел шаңқылдасып-даңғырласа жөнелді. Өз араларында қайшылық пайда бола қалғанын ғана байқадым. Сөздері ұғылмады. Алдыңғы қатарда отырған Гүлнисаның біреулерімен айтыса кеткен сөзін де ұға алмадым. – Әкетіңдер мынаны!– деп Жаубасар мені авчаркаларының алдына салып айдатып жіберді. Тым ауырлап қайттым. Күн батып барады екен. Екі-үш күннен берге күресте ыңғай түрегеп тұрғаным, санымды сірестіріп, қорғасынға айналдырғандай. Оған ауыр жалалар қосылып, діңкелетіп тастапты. Абақтыға жете құлап, ұйықтап кетіппін. Тамақтың қай уақытта келгенін білмеймін. Түн ортасында шала-шарпы жеп, қайта құлаппын. Таңертең ерте келген шайды зорлап, тоя іштім. Бүгінгі күрестің ерегеспен ширығып, тіпті қатал жүргізілетін қисыны бар еді. Соны ойлағанда денем де ширығып, қайта ширай қалды. Жалақорлар алдында шаршағанымды білдіріп мойысам, мойындағандық болып көрінбей ме!... Сахнаға тағы да ұранды жұдырықтар астынан тік өрлеп шығып, зал райына шола қарадым. Алдыңғы қатарда отыратын Гүлнисаның шырайы маған барометр сияқты, Жаубасарлардың кеше кештегі өздеріне түсірген қысымын, жаутаңдай қарап, ауыр кірбеңді қабақпен сездірді. Сөйтсе де миығынан жымиып қана қойып, төмен қарап алды. Ештеңе етпес дегені тәрізді. Жаубасар бүгінгі жиынды бұрынғыдан да күшеп шаңғырлап бастады. Кеше кешкі жиында көп сөйлеген болса керек, үні қарлығып, тарғылданып қалыпты. Тіпті зорлана шаңғырласа да кей сөзі сыбырлап шықты: «...бұл тоңмойын кері төңкерісші әлінен асып кетті. Қазірге дейін бір мәселесіне де мойындамады. Фактке құрмет етіп, мойындау орнына мойынымызға мініп, көпшілікке керісінше үгіт жүргізумен болды. Тіпті, партияны жалақор етіп көрсетуге дейін жетті. Мұны шорт шектеу қажет! Сондықтан күрес тактикамызды бүгіннен бастап өзгерттік. Мұнан соң бірме-бір жауап алмаймыз. Әшкерелеуші жолдастар нақ-шын факттің өзін ғана ортаға қоя берсін. Жауапты соңынан бірақ аламыз. Сонда да бір-бір сөйлемнен артық сөйлеуіне рұқсат етілмейді. Жаулық етушіге әрине біз де жау!» – Жаубасардың көп сөйлеген жойымпаз нұсқауының мазмұны осы болды. Сөйлеуді талап еткен «әшкерелеушілер» шу ете түсті соңында. Бүгінгі тіпті көбейіп кетіпті. Соншалық көп көтерілген қолдың немді әшкерелейтініне таңдана қарадым. «Бәрінің де жалақорға айналғаны ма?»... Сөз Мақұлбекке берілді. – Құлжан жолдас, бұл кері төңкерісшіден әлі де қорқатын көрінді. Әшкерелерлік факттің көбін тастап кетті, –деп күле жетті Мақұлбек. – Ей, түзу тұр! – Аяғымды қағып жұптастырды да әшкерелеушілердің микрафонына барып сөйледі. – Алдымен айтып қояйын, Биғабіл мырзаға менің ешқандай өшті-–қастығым жоқ. Тіпті, қызметке алғаш орналасуыма көмегі тигендіктен аға-ағалап құрметтеп келдім. Бірақ, осы «қамқорымның мақсаты бұзық екен: менің жоғары таптан шыққандығымнан пайдаланып, өзінің партияға қарсы құралына айналдырмақ екен. Бірақ, мен, Жұңго компартиясының нұсқауынан басқа нұсқауды қабыл алмадым. Биғабіл мырзаға қастық істеп, жала жаппақ емеспін. Тек оның кері төңкерістік қимылынан шекарамды бөлемін. Әлия мен Құлжан жолдастардан дәндеген аузымен «жалақор» қалпағын кигізсе кигізе берсін, төңкеріс жолында жау қолынан қаза тапсам да арманым жоқ, барымды партияға арнадым! Биғабілдің мен әшкерелейтін бірінші мәселесі: Құлжан айтқан өз үйіндегі кешкілік отырыста, «тарихта қай патша маған табыныңдар деп табындырып еді, емеурінімен-ақ табындыра бермеушіме еді» деген! «Табындырма десең, өзіңді тамұқтан көресің» деген күлдіргі сөзі тағы бар. Бұл да жала ма? – Ей кері төңкерісші, жазып ал!– деп Жаубасар енді маңқылдап ақырды. – Шын факт түскенде жазармын! – Әммәсін жазасың!– Айғайкөк осы сөзімен бұйырды да хатшыдан қағаз әкеліп беріп, орындыққа иығымнан баса отырғызды. – Ұмытып қалсаң не деп жауап бермексің! Партия ешкімге жала жапқызбайды. Жала дейтін сөзің енді ақпайды жұмо![33] – Мұншалық мол жала қалай ақпасын, әділетшіл парткомға сарқырап тұрып жетер!– деп салдым да отырғызған соң аяғымды демалдыру үшін жаза бердім. Мақұлбек шұбырта берді менің «қылмысымды». – Екінші мәселе және сол отырыста: «құрметтеуді шегінен асырып жіберсе, құлшылық болады. Шегінен асыра жеген бал да – у» деген. Бұл, біздің Маужушиды құрметтеуімізді шектеу үшін шашқан уы!... Үшінші мәселе: партия мен Маужушиды жақтаушыларды Биғабіл дайым «арамза» деп атайды. «Халықтың арасына кіріп алған арамза», «осы табынып жүргендер түгелімен арамза» деген!... Төртінші мәселе: Биғабіл тобы саяси талқыға, саяси үйренуге бүтіндей қарсы! Үйреніп жатқан саяси доклатты да талқылаудан шектейді! Бесінші мәселе: Сәйданың үстіндегі күрестен қайтқандағы, бұзық сөздерді алғаш бастаған Биғабіл болатын: «Сәйда шіркін қыз болып қалыпты, әттең еркек болса, Жаубасарды қырық тесікке айналдырып жіберер еді» деген. Жаубасар жолдас партиямыздың ең қаһарман қорғаушысының бірі. Демек, Жаубасар жолдасқа қаратылған қарсылық, компартияға қаратылған қарсылықтан басқа еш нәрсе емес! Алтыншы мәселе: Биғабіл маған «Маужушиді Құдайдан да биікке көтердің» деп бірнеше рет ұрысқан!... Ал Биғабіл мырза, Құлжан екеуімізді «шайтан мен дию» деп қосақтаушы едің, қане жын-шайтан кім екен, енді де мойындамаймысың! Мақұлбектің бұл сөзіне активтер тағы да ду көтіріліп, ұрандата жөнелді де залды үйіріп әкетті. Бұл реткі «жоғалсындары» күлімді көкке ұшыратындай, дүлей боранша буырқанды маған. Тарғыл дауысына екі қолын бірдей қосып Жаубасар әрең тоқтатты арзан ереуілді. – Мен әшкерелейтін жетінші мәселе,– деп жалғастырды Мақұлбек. – Шынжаң институтындағы бұзық оқушылар былтыр күзде автоном районымыздың райысын қолға алмақ болып, қоршауға дейін жетіп құтырды. Сол ереуіл бастан-аяқ осы кері төңкерісшінің нұсқауымен көтерілген! Бұл факт тіпті көп: былтыр Оңтүстікке қызметке бөлінген студенттерді «бұл, сендерді қызметке бөлгендік емес, жер аударып жазалағандық» деп құтыртып, өзіне қолшоқпар етіп алды. Сөйтіп, кері төңкерістік ұйымын күндіз-түні кеңейтумен болды. «Блоктас – ұйымдастарына жиын ашарда мені қуып жібереді» деп Құлжан жолдастың айтқаны ып-рас. Мені де бір жаққа жұмсаған болып, талай рет қуған. Қапас бастатқан бірнеше бұзығы жиналған бір кеште мені, жұмсаған жұмысына бармай, терезесінің сыртынан тыңдап тұра қалдым. Оларға бірдемесін күбірлеп сөйлеп келіп, «компартияны құлату үшін іштеріне кіріп алып әрекеттенсеңдер ғана жеңесіңдер!» дегені анық естілді. Оқушыларға шәшіп жатқан бұл уына шыдамай, бір сылтаумен үйіне қайта кіріп бардым. «Жеті әкесін жездей қақтап сайраңдар» деп келіп, мені көре қойған бұл сайқал, кері төңкерісші өсиетін өзгерте қойды: «марксизм-ленинизмге табанды болыңдар!» дей салды.... Мақұлбектің бұл «фактін» қостап сөйлемекке жарыса дауыстады Әлия мен Құлжан. Жаубасардың рұқсатын ала бұлтыңдап, құйқылжи жүгірген Әлия сахнаға алқына жетіп сөйледі. – Мен... бұл жолы... Мақұлбек жолдастың... әлгі фактіне қосымша болатын фактымды ғана... айтамын... басқасын кейін... Биғабіл кері төңкерістік ұйымын кеңейтіп жүрген сол шақта маған да сол амалын істеткен: бір кеште үйіне ерте келіп отырған Ынтықбай мен Күләннің үстіне бір топ сырластары келіп қосылысымен мені қарсы үйіне жетектеп шығып арақ құйды. Өзі де ішкен болып мені зорлап мас қылып тастады. Мен мастықта велосипетімді жетектеп үйге қайтамын деп шығып, адасып кетіппін... Һ–һ–һ...хиқ – Әлия күлкіден әрең тиылып сөйледі. «Осы намыссызды аламын деп те шатылыппын-ау!» деген жиренішпен тыжырына жаздым Әлияның «фактін». – Содан адасып жүріп есімді жиғанда таң ағарды. Биғабілдің үйіне қайтып келсем, бір топ кері төңкерісші әлі отырыпты. Биғабіл мен Ынтықбай кезек сөйлеп отыр екен. Терезесінен біраз тыңдадым да, өзім көрініп қалатын болған соң қайтып кеттім. Сондағы таң атқанша сөйлескен сөздерін өздері әшкерелесін! – Ондағы сөздерін өздері мойындамаса, кейін әшкерелерсіз!– деп Жаубасар Әлияны қайтарды да қатерлі бір сөз бастады. – Кері төңкерісші Биғабіл ұйымының қалай құрылғанын, не істемек болғанын жаудың енді өздеріне сөйлетеміз!– дей сала бір бүйірге қарап иегін көтеріп қалды. Ол қараған іргеден Нұралы түрегелгенде жүрегім зу ете түсті. «Сәйдаға еркектік біте қалса, Жаукеңе сенікі төңкеріс, сенікі төңкеріс дегізер» деген қалжыңы ұсталғаннан бері Нұралыны қысып-қинап тексеріп жатқаны мәлім еді. Сонымен қорқытып, бүтіндей жоққа мойындатқанын түйсіне қалдым. «Шын жалақорлардың жаулығынан мына қорқақтың жаулығы қиын болар-ау, бұл біздің ісімізге қатынасқан бейнемен былжырайды-ау енді!» деп қауіптендім. Сахнаға тым сұрқсыз ілбіп шығып, әшкерелеуші орнына тұқыра келіп тоқтады Нұралы. Бұйра шашы ұйпа-тұйпа. Тіпті жіңішкеріп кеткен ұзын мойыны үзілердей төмен созылып, жуан басын өредегі асқабақша салбыратыпты. Жаубасар қасиетті дұғаларын, «мойындаушыларға кеңшілік, тоңмойынға қаталдықтан» бастап шұбыртып жіберіп, қысқаша нұсқау берді. – Кері төңкерісші Биғабіл ұйымының тіректі мүшесі болып келген Нұралы ақиқатқа қайтты. Бүгін қылмысын көпшілік алдында танып, толық әшкерелеуге шықты. Бұған қатты позиция қолданбаңыздар! Егер қайта айныса, көргілікті сонан соң көреді! Ал, сөз бердік! Нұралы жанқалтасынан бірнеше беттік қағазын алып, қалтырата оқыды. – Кері төңкерістік бұл ұйымға мен 57-ші жылы жаз басында тартылдым. Биғабіл тартқан. Оңтүстікке жер аударылатын студенттердің халін, Іле облысының мәдениет, оқу-ағарту жолының буылғандығын мысалға ала сөйлеп келіп, ұйымның ең жоғары мақсатын Биғабіл маған былай түсіндірген: «қазақтың үш елдегі үш отауының басын қосып, қазақтың тәуелсіз дербес мемлекетін құрамыз» деген!... Нұралы «әшкерелеу» сөзін осылай бастады да «ұйымымыздың, Биғабіл жасаған программасы» деген атаумен үш-төрт тармақты бірдемесін шұбырта оқыды. Соңғы тармағын, «ұйымның расходы кітап магазиндерінен кітап ұрлап сату жолымен қамдалады. Бұл міндетті оқушылар орындайды деп оқыды Нұралы өз қағазынан. – Ей, «жалпы ұрлық жолымен қамдалады» деген сөз еді ғой!– деп мұны Жаубасар осы «әшкерелеу» үстінде зекіріп түзетті. Нұралы сонсоң ұйымның бастығын, орынбасарларын, ұйымдастыру «уәзірін», үгіт-насихат «уәзірін» тұрақты басалқаларының аттарын шұбырта атады. Оқып болысымен активтер үдере түрегеліп, «жоғалсынның» астына ала, ұрандата жөнелді. Өзім де түрегеліп аңыра қарап қалыппын. Аты аталған «ұйымдастарым» менің жайымды білетін жұртшылық түгел аңқиды маған қарап. Мыңдаған көздер түгел бадырайып, жарқырай түсті. Әділетті тергеушім, сөйтіп, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты». Мына алып жершарын тырнақтарымен жарып, ең «түбінен» тажал қасқыр тауып шығарған саптастарыңыздың кереметіне сақылдап-ақ күлген шығарсыз. Бұл ашкөз тік құлақ жер бетінде тірі қылмыс қалдырар ма, сіз қуанбай кім қуанбақ!
IV
– Өз саптасың да жала жаба ма!... Сөйле! – Бұл тіпті үлкен жала жауып тұр! – Өзін-өзі қоса әшкерелеп тұрса да жала ма! Өзіне-өзі қас қыла ма! Өзіне-өзі жала жаба ма! – Шын қорыққанда өзіне-өзі жала жабу түгіл, өзін-өзі бауыздап тастайтындығын да көргесіз ғой. Отқа секіріп түсіп те кетеді!... Бұл қорыққалы бір айдан асып кетті. Қаншалық зорланғаны шырайынан да көрініп тұрмай ма! Алдымен Сәйданың күресінен қайтқандағы өз сөзінен қорықты. Сонан соң сіздің салған тезіңізден қорықты. Ол тез Нұралыны артына қарай иді. Қайқайып, белі үзіліп кетерде аузына не салсаңыз соны жей береді. Не десеңіз соны дей берді бұл ұждансыз! Мойындап тұрған ұйымы, бізде болмаған! Тіпті, біздің құруымыз мүмкін емес ұйым! Мәселен... Шу ете түсті активтер, бір тобы сахнаға лап қойып, мені қоршай шулады. Тоқбақтай жұдырықтар көзіме, иегіме, құлағыма, мұрныма... тіпті, құйрығыма, бүйіріме... бар жеріме тірелді. Орын тауып тіреле алмаған жұдырықтар ыршып-шоршып аспанда жүр. Қуыс бастар ұрандатып-борандатып тұр. Езуден шашылған көбіктері қарша борап, біздей қадалады. Жауып жатқан тіл оқтарының ішінен сасығы аз бір ғана сұрау естідім. «Тағы да партия зорлап жала жапқызып тұр ма саған!»– дейді. Оған қайтарған жауабымды тыңдаған ешкім жоқ. Абалай берді, қамалай берді. «Шақыр мына иттеріңді» дегендей шыраймен Жаубасарға қадала қарап тұрып алдым. Иә, қаймығып, иә, тигізіп, қол жұмсап қателеспейтіндігімді білген соң ғана шақырды Жаубасар. Өзі келіп арашалағансыды да, оларын бір-екі қадам ғана шегіндірді. – Ей қарақшы, көпшіліктің сұрауына түзу жауап беремісің, жоқ па?– деп шаңқылдады сонсоң маған. – Бұлай басынып, бәрін жалақорға айналдыра берсең, енді арашаға түсе алмаймын, қайтсе өйтсін! Мойындамасаң мойның үзілетіндігін, мыналардың түрінен қазір өзің де көріп тұрсың!... Мойындаудан басқа жолың қалды ма, ойлаймысың соны! – Рұқсат па сөйлеуге?.. Мен бәрін де ойлап тұрмын. Осындай кері төңкерістік ұйымның жоқтығына сіздерді толық сендіре алатын дәлелдерім де дап-дайын. Алдымен үлкен ақ, үлкен нахақты салқын сабырмен компартияның өзінше тыңдау жөн шығар. Мұндай зор мәселені жұдырық емес, ақыл-ой анықтайды. Ойлап көрейік, осындай программаны қандай лүкшек ақымақ түзбек! Мұндай әрекетке қаншалық тәуекелшіл құтырық қосылмақ! Шынжаңда қазір бір жарым миллион ғана қазақ бар екен. Менің мақсатыма соның бәрі қосылғанда да мың миллион ханзу халқы түгіл бес миллион ұйғырға тісім батар ма? Сиярма менің кішкентай асқазаны ма?.. Сол аз қазақтың өзінің де көбі қалада емес далада әр таудың қуысында жатпай ма. Үрімжідегі бес оқытушысы мен он оқушысы ұлтшыл болып бас көтеріп не бітірмек, кімді қиратпақ! Бұл халдегі менде сондай программа бар деудің өзі арыстанға қара тышқан қақпан құрды дегендік қой! Марксизм саясаты осыған да сенеме! – Зал ду күлді. Сахнада тұрып алған активтер мазаққа қалғандай болған соң шұбап қайта қайтты. Күлкіні екі қолыммен бірдей басып тоқтатып жалғастырдым сөзімді. – Екінші дәлелім... – Тоқтат құрғақ сөзді! – Жаубасар мен Айғайкөк қатар зекірді. – мына кері төңкерістік ұйымыңа жауап бер! – Дәл соған жауап беріп тұрмын, сол ұйымның жоқтығына екінші дәлелім: мен, бөліну идеясында кері төңкерістік ұйым құрдым дейін, сондағы мақсатым, социалистік үш мемлекетке қарасты «үш отаудың басын қосып», қазақтың дербес мемлекетін құру екен. Осы аршылған шидей жалаңаш қолыммен көршілес үш зор мемлекетке шапқыншылық жасап, үшеуіндегі үш отауды тартып ала алмақпын ба?... Ойласып көріңіздерші, үш арыстан ортасындағы бір тышқан қаншалық ақымақ болса да мына алыптардың бүйректерін суырып-суырып жей саламын деп үміттене алар ма! Мұндай өлермен тәуекелім үшін кім ілеспек маған? Тағы да ду ете түскен залды Жаубасардың микрафондағы шаңқылы басып тастады. – Тоқтат күлкіні!... Өлім тәуекеліне басатын ақымақ болмай кері төңкерісші бола ма!... – Ақымақ болмай кері төңкерісші болмаса, оллаһи мен ақымақ емеспін! Зал тағы да ду күлді. Ақымақ еместігіме мына сөйлеп тұрған дәлелдерімдегі логикада айғақ, ақымақтықтан «жұрдаймын». Ақымақ пен жындының үстінен осыншалық көп адам жиналып күрес аша ма! Сондықтан мені кері төңкерісші деушілерге тиым салыңыз! Зал тағы ду ете түскенде Жаубасар мен Айғайкөк қатар атылып түрегелді де зал қайта жымықты. – Ал, сіздердің ақылға салуға тиісті үшінші дәлелімді айтып тоқтайын: Нұралының аузы арқылы маған таңғызып тұрған «кері төңкерістік программаларыңыз» да «ұйым қаражатын кітап ұрлап сату арқылы қамдаймыз» деген тармақ бар екен. Осы «кері төңкерістік ұйым» деп атап отырығандарыңыз, балалардың ойыншығы болмаса, анда-санда (орайы туылғанда ғана) ұрлап әкелетін отыз тиындық кітапты сатумен қамдау мүмкін бе?.. Ал, кітап дүкендеріндегі барлық кітапты түп қотара бірақ ұрламақпыз делік, онда үкіметтің көзін бадырайтып қойып, қалай алып шықпақпыз, қайда апарып сатпақпыз?.. Зор программалы бір жасырын ұйым осымен қалай қамалмақ?.. Осыны программа деп, осындай түйтіксіз ұйым құрылады деп, осыған сауаты бар, сақал-мұрты бар адамдар қосылуы мүмкін деп ойлаудың өзі ақымақтық емес пе!... – Тарт тіліңді!... – «Жоғалсын!...», «жойылсын!...»– екі ұран едел-жедел атылды. – Ей қарақшы, қойылған фактті бұрмала ма! – Шаңқ ете түсті Жаубасар. – Расхоттарыңды қарақшылықпен айырмақ болғандықтарың жаңа ғана әшкереленбедіме! – «Әшкерелеуші» Нұралы, оқушыларға кітап ұрлатып сатып қамдауды жоспарладық деді. Ал, «әшкерелетуші» сіз, «жалпы ұрлық-қарақшылықпен қамдайды деген сөз еді ғой!» деп оған зекіріп түзету бердіңіз!... Сонда бұл программаны жасасқан кім болғаны?... Демек, сайып келгенде бұл ұйымды құрған мен емеспін. Басқа біреу өз қиялымен ұйым құрып беріп отыр!... Өзім ұлтшылдық істеуге шартымды толтыра алмай тұрып, кері төңкерістік ұлтшыл ұйым құрмақпын ба! – Мұны да жала демекпісің!.. Халық түгел жала жабама саған, бәрі жалақор ма! – Халық жалақор деген ешкім жоқ, мына төртеуінің жаланы қалай жапқандығын түсінбей отырған халық та жоқ!... Халық тек, бұл төртеуінің соншалық ауыр жала жабуға неліктен зорланғандықтарының себеп-мақсаттарын ғана толық түсінбей аңырып отыр. Мен соны қысқаша баяндап берейін, рұқсат етіңіз!... – Ей Нұралы тіл барма сен де! – Бажылдай жөнелді жиын төрағасы. – Не деп тұр мынауың, кім жалақор? Сөйлемеймісің! Нұралы емес, залдағы Құлжан, Мақұлбек, Әлия мен бірге Есқали түрегеліп, жарыса тіленді сөйлеуге: «мен!», «мен әшкерелеймін», «мен сөйлейін», «мен!»– деседі. Сөз, басын төмен салып, қолын шала жансарлау көтерген Нұралыға берілді. – Кері төңкерістік ұйымның программасын, басшылықтарыңның құрамын қайтадан анықтап сөйле!– деп тапсырды Жаубасар оған. Нұралы қағазынан көз алмай тұрып, «программасын» қайта оқыды. Бұл ретте де ұйым расхотын бұрынғы жазғанындай «оқушылардың кітап ұрлығына» артып алып, Жаубасардың «қосымшасын» қосты: «жалпы ұрлық-қарақшылық арқылы қамдалмақпыз» дегенін анықтап айтқанда Жаубасар алара қарады маған. Микрафонына айқындап бажылдады. – Ей қара жүз, естідің бе? Программаңның бұл тармағында мен жасаппын ба!...Өзің тіпті маған да жала жауып тұрып, әшкерелеушілерді жалақорға шығармақсың! Мұншалық арсыздықпен қайтып жоққа шығармақсың!... Нұралы сөйлей бер, басалқа мүшелерінің бәрін әшкереле! Нұралы, Ынтықбай мен Рақымқаннан бастап, Халық пен Өлзекәріні де қоса шұбыртты. Таңданарлығы менімен бірге өсіп, біте қайнасқан Асылқанды қоспай, бізге ыңғай жала жауып отырған Мақұлбек, Құлжан, Есқали, Әлияны шатқаны болды. Бұл тыңшыларын Жаубасардың әдейі кірістіріп, осы ұйымға қатынасқан етіп, маған жаланы тіпті еркін жапқызуды мақсат еткенін іле-шала түсіндім. Ал, Асылқанды қалдырып қойғаны жұмбақ күйінде қалды. Сөйтіп Нұралы осы маңдағы мекеме-қоғамдармен студенттерден осы ұйымға қатынасқан екі жүзден артық ер-әйел «мүше» барын ғана «білетіндігін», олардың басшылыққа мәлімделіп болғанын айтты.
|
|||
|