Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 20 страница



Микрафонды биіктетіп алып, қынжыла жауап бердім.

– Ең жақсысы, бұл әңгімеге уақыттарыңызды сіздер сырап етпеңіздер, мынадай күресте тұрып мен мақтанбайын. Себебі, оның ішінде сіздер іздеген мәселе жоқ. Төңкерістегі ұзақ оқиға. Әрі алдыңғы өткізілген күрестерде екі рет сөйленді. Оған сенбесеңіздер, сендірерлік факттерді ғана айтып қояйын. Бұл үш сұрақтың алдыңғы екеуі 46-шы жылдың басында Құлжа сахшы басқармасында тексеріліп анықталған. Сондағы дело архивінен комиссия жіберіп қана тексеріп көріңіздер! Және сол оқиғаның басы-қасында болған адам факттер тіпті көп!– дедім де қазір Үрімжіде барларын түгел атап бердім. Үшінші оқиғаны көрген адам факттерді тағы шұбыртып, адрестеріне дейін айтып жаздырдым. – Солардан сұрап анықтаңыздар!

– Өзің сөйле!– деген Әлияның шаңқылы жалт қаратты мені. Арт жақта отырыпты. – Қане қалай мақтанар екенсің, көріп алайық, сөйле!

– «Өзің қазір біздің алдымызда жауап бер!», «өзіңе сөйлетеміз!», «жауапты өзіңнен аламыз!»–деп шу көтерді көпшілік ұрандай жөнелісті.

– Бұлай талап етсеңіздер тағы да сөйлейін, тек, ұзақ сөйлеп кетті деп қынжылмай тыңдаңыздар!

Ол кездегі Оспанның гомендаңға қарсы төңкеріс шебінде екендігін алдымен дәлелдедім де 44-ші жылдың соңғы маусымынан басталған оқиғаны сөйлеп ала жөнелдім. Әлде неше рет сөйлеп төселіп алған аузым микрафонда көпшілікті күрес райынан әңгіме қызығына сиқырлай тартып, кешегі сөзімнен де мықтырақ баурап әкетті.

Жаубасар мен Айғайкөк тағы да көгеріп, лажысыз отырып қалып еді. Түскі тамаққа барып келіп, 3-ші мәселені енді бастағанымда сөзім шорт үзілді.

– Рұқсат па райс?– деп Әлия тағы да шаңқ ете түсті. Сахнаға жақындап қалған екен, сұп-сұр. Оқ жыланша атыла қарады маған. Жаубасар менің сөзімді бұздыру үшін оны әдейі дайындап қойған сияқты. Сахнаға шақырып, микрафонда сөйлетті. – Жолдастар!... Бұл кері төңкерісші асқан алдампаз, бетсіз суайт!... Өтірік оқиға жасап, адамды сендіруге, алдап-аздыруға өтіп кеткен шебер. Мұны ұзақ сөйлетуге болмайды! Мұның өткендегі қылмыстарын мен бастан-аяқ білемін. Бірге қызметте де болғанмын. Жүрген жерінде әр күні бір қылмыс өткізіп келетін бұзық! Сол кездегі Дөрбілжін әкіміне мәлімдеп, қызметтен де қуалатқанбыз!...

Әлия сөзді осылай терісінен бастады да, менің тарихымды керісінше жасап, үш аймақ төңкерісін бүлдіруге жіберген гоменданның арнаулы шпионы етіп бір-ақ тоқтады. Сырт бұрылып, залға түсіп кете берді сонсоң. Активтер боран соқтырып ұрандата жөнелді. Қолдан-қолға жалбырап ұшып қағаздар жауды сахнаға. Жаубасар мен Айғайкөктің уыстары толды. Бұл қағаздар Әлияның жаласына қарсы пікір ме, иә оны құптаушы пікір ме, аңғара алмадым. Сөйлеуге рұқсат сұраушылар да қол көтере шуласты. Мені ақтаушылар Әлияның жаласына қарсы пікір көтеріп, дәл мына күрес үстінде бұлай ашыққа шықса бәрі де менің «төңкеріске қарсы ұйымымның мүшесі» есептеліп, маған да өздеріне де зор күмән тудырады. Ал, мұншалық көп қол Әлияны құптаса, мені талап жейді. Сөйтіп, екеуінің қайсысы болса да хауіпті!... Ойымды Жаубасардың сұрағы бөлді.

– Төңкерістік үш аймақта қызметтен қуылғаның рас па?

– Рас, бірақ онда шпиондық емес, басқа бір жаламен қуылғанмын да екі айдың ішінде ақталғанмын. Бұл туралы сөзімді енді бастадым. Сөйлеп болайын!

– Демек, Әлияның қойған факттері рас!– деп безерді Жаубасар. – Ал, Үрімжі гомендаңынан үш аймаққа қандай міндеттер алып бардың, өзің соны сөйле, таста бос сөзді!

– Мен гомендаңға шпион болған соң сұраңыз бұл сұрауыңызды, алдымен болған іске жауап берейін!... Менің екі айлық қызметтен қалғаным ғана рас. Басқасы түгелімен өтірік. Дөрбілжіннің сондағы маған өштескен әкімі осы Әлия сияқты екі жүзді жалданбаларын ұйыстырып, маған жала жапқызған. Бұл іс екі айдан соң әшкереленіп, қызметтен әкімнің өзі қуылған да мен ағарып, қызметіме қайта келгенмін. Талап етіп сөйлеткен соң мұндай бейбастақтыққа жол қоймай, себеп пен нәтижесін толық тыңдап алып үкім шығарыңыздар!

– Партия мүшесі болған бір әйелді не деп иянаттап тұрсың! – Айғайкөк дүрсе қоя берді маған. – Ал, ол әкім жала жапқан екен, коммунист Әлия да жала жаба ма саған! – «Басшылықтың» мына сөзіне қарқылдап күліп жіберіппін.

– Әлияға коммунистік сана қашан жұғып еді? –дегенімде активтер шу ете түсті де мені «жоғалсынның» астына алып ұрандата жөнелді. Құлақ жаратын осы көп ұранның «берген» уақытынан пайдаланып, Әлияның жала жабатын себебін, түрегеп тұрып, бір бет қағазға сойдақтатып жазып үлгердім. Айқай-ұран тоқтап, сұрақ қайтадан қойылғанда жауабым сол қағаз болды, Жаубасарға бере салдым. Мұнда Әлиямен той жасауға уәделесіп жүріп, 47-ші жылы жазда Алтайға банды қууға кеткенімде опасыздық істегені үшін тастап кеткенімді, соның «кегін» алу үшін қазір тағы да жала жауып тұрғанын жазып едім. Жаубасар оқып шықты да «Айғайкөкке» берді. «Айғайкөк» алара қарады маған.

– Сөйлейін бе?– екеуіне кезек қарап сұрадым. – Осы жаласына қарай менің енді толық сөйлеуім қажет болып қалды!– дедім.

– Мұны айырым тексереміз! – Ызбармен күбірлесті Жаубасар – айтып қояйын, мәселе әшкерелеушілерді көпшілік алдында масқаралап кек алуыңа мүлде рұқсат жоқ!

– «Сөйлесін!», «сөйлесін!»– деп шулады көпшілік.

Жаубасар микрафоннан барып шаңқылдап тоқтатты көпшіліктің дауысын.

– Жолдастар, жолдастар! Әлия жолдас жақсы сөйледі. Кері төңкерісші ұлтшыл оңшы Биғабілдің тарихи мәселесін осымен тоқтата тұрамыз. Бұл туралы пікірлерің болса жазып тапсырыңыздар, айырым қаралады! Партия алдында анықталмай-ашылмай қалатын ешқандай мәселе жоқ. Тағы да айтып қоялық, оңшыл-ұлтшылдардың енді құтыра бермегені жөн! Бір-біріне жан басып, әнзі аударуларына жол қойылмайды!... Бұлардың шығар жолы біреу-ақ. Ол –  партияға сеніп, әрқандай мәселені халықтың шешуіне тапсыру ғана. Өз идеясын өзгертіп, партия мен халыққа жуастықпен тізе бүкпей, ешқандай кері төңкерісші өзін-өзі немесе, бірін-бірі ақтап құтыла алмайды!.. Енді кері төңкерісші Биғабілдің негізгі мәселесіне, яғни партия мен социализмге қарсы сөз-әрекеттеріне көшеміз. Биғабілдің бұл тақырыптағы қылмысы тіпті ауыр. Партия мен социализмге кімнің адал, кімнің арамдығы, кімнің қорғаушы, кімнің қарсы екендігі осы сатыдағы күрес амалияттарыңыздан көрінеді. Мақсатымыз – «ауруды емдеп, адамды құтқару». Биғабілді аятындар оның ауруын түбіне жете әшкерелеп күйдіріп құрту жолында болуға тиісті. Тоңмойын Биғабілдің «граниттей қатты басымен Құдайдың даргайына кетуіне»[31] жол қоймауымыз, жаңағы Әлия жолдастың пидакарлығынан үйренуіміз қажет! Адамды аяу деген осы, коммунизмшілдік деген осы!... Қане, кім бастап әшкерелейді, рұқсат!

Жаубасардың жаңағы «ұлтшылдарға» қаратқан ескертуі де, сөз алысындағы бұл өзгеріс те бағанағы залдан келген қағаздардың мені жақтаған пікірлері екендігін айқындағандай болды. Қара жала қаншалық көп болғанымен ақтаушы-жақтаушыларым да одан қалыса қоймайтындығын байқап, көңілім қайта орынға түсіп еді.

– «Мен әшкерелеймін!», «мен!», «мен!»– деген дауыстар дүр ете түсті. Рұқсат сұрап көтерілген қолдардың көбі алдыңғы жақтағы активтердің жұдырығы екен. Жаубасар соларға көз жүгірте қарап, Құлжанның сөйлеуіне рұқсат етті. Нәнсіп шардыңдай басқан Құлжан сахнаға шыға шашын сылап-сылап жіберді. Микрафонға өңешін созып, өкшесін көтере тұрып бастады сөзін.

– Жолдастар, Биғабіл деген бұл кері төңкерісші – көк езу, асқан шайпау, темір өңеш, тоңмойын жау. Жалғыз-жарым адамға дес бермейді. Сондықтан мен нақтылы болған факттерді ғана әшкерелеймін. Ақ-қараны айырып талдау көпшіліктен болсын!... Биғабіл алдымен партияға тіс-тырнағымен қарсы оңшы. Бұған бірінші факт: 57–жылы төртінші айдың 20–күні Биғабіл бізді өз үйіне қонаққа шақырған. Сонда партияға не себепті кірмей қалғандығын сұрағанымызда «партияға кірудің шарты – бастықтарға табыну, жағымпазданып көпшік көтеру, сөйтіп, құлақ кесті құл болу ғана. Сондықтан мұндай партияға кіргім келмеді» деген!

Зал ыңыранып, үрейлене күрсінді бұл «фактке».

– Рас па?– деп Жаубасар шақшиды маған қарап.

– Бұл, менің сөзім емес, иесін тауып беремін,–дедім мен – сол отырыстағы қылмысты сөздері әлі бар, сөйлеп болсын!

– Екінші факт,– деп Құлжан бүйірін таяна көтерді өкшесін. – «Ақиқатты іс жүзінен іздеу» дегенде партияның іздейтін ақиқаты, басшыларға құйрығын бұлғаңдатып, табанын жалайтын жағымпаздар табу ғана» деген және сол отырыста!

– Рас па?

– Тағы бар, сөйлеп болсын!– деп тағы жымидым.

– Бұл отырыстан алған үшінші фактым: партияны кім жақтаса, Биғабіл сонымен қастасады. Мені үйінен қуып шығарып, есігін бекітіп алып, сырластарымен сөйлеседі. Сондағы құрған, партияға қарсы блогын өзі әшкерелесін!

– Рас па?

– Тағы бар, өзі сөйлеп болған соң бір-ақ жауап берейін!

– Алдымен осы факттеріме жауап бер, басқа қылмыстарың қаша қоймас!– деп Құлжан, жүзі бүлк етпей бедірейе қарады маған.

– Осы сөздеріңнің соңында да талай сойқанды сөзің бар еді ғой!– деп түйіле ескерттім. – «Мен партияға емес, Биғанға ғана шоқынамын» дегеніңді де әшкерелесеңші!... «Партия қатарын ыңғай жағымпаз жаулар толтырды» дегенің қайда? Оған келтірген дәлелдерің де көп емес пе еді, бір сағат сөйлеп едің ғой, бәрін әшкереле!

– Ей тоңмойын, алдымен өзіңнің үстіңнен әшкерелеген факттеріңе жауап бер! Рас па, тағы да «бәрі өтірік» пе?

– Бұл қайтып өтірік болсын, өзіне тиісті көп қалпақты қазыр маған лақытырып тауыса алмай тұрмайма!... Менің үйімдегі сол отырысқа шақырылмай өздігінен келген осы Құлжан, «жекеге табыну» дейтін мәселені көтеріп, үлкен даулы айтыс қозғаған. «Біздің елімізде жекеге табынушылық жоқ» деген жақта Есқали мен Тоқбай, «біздің елімізде жекеге табынушылық тіпті күшті» деген жақта осы Құлжанның өзі мен Мақұлбек тұрып айтысқан. Бұл екеуінің майданына көпшілік қарсы шығып, әсіресе Құлжанға наразылық шектеу айтып еді. Бұл тіпті ерегесе сөйлеп кетті: «Маужушидың өзі шоқындырушы, оған ілескен басшыларымыздың бәрі шоқындырушы болды. Сондықтан партияны ыңғай шоқынушы жағымпаз-қошаметші жау таптар иелеп алды» деген сөзін бір сағат сөйлеп, осындағы партияға кіріп алған жоғары тап өкілдерін санап шықты. Үй иесі болғандығым үшін мен Құлжанға мұндай сөз сөйлемеуін бірнеше рет ескерттім. Ақырында өзімді Құдай сайлап, «мен Биғаннан басқа ешкімге табынбаймын» дегенге көшті. Осы былжырағын екінші рет қайталаған соң үйден жетектеп шығардым. «Бұл үй, партияның үйі, мен партияның құлы. Мені осы партия ғана құтқарған. Саған Құдай бола алмаймын. Қашан партияға табынатын болғаныңша бұл үйге кіруші болма, кет-жоғал көзімнен!» деп зекіріп қуаладым. Бұл тойтарысымды соңымнан ере шыққан анау Әлия да өз әйелім де естіген.

Құлжанның қазір менің үстімнен әшкерелеген болып тұрған сөздері түгелімен сол отырыстағы өз сөзі, өз мәселесі. Айтылмағаны әлі бар! «Мені үйінен қуып шығарды да, өздері оңаша қалып блок құрады» дегені де сол оқиға!– деп күліп жібердім де сондағы Құлжанның пікіріне қарсы сөйлегендерді айғаққа тарттым. Асылқан, Ынтықбай, Рақымқаннан бастап, барлық қонақтарымның аты аталды. – Мәселенің анығына жетпек болсаңыздар, осылардан сұраңыздар! Жала жапқанда да жөнімен-қисынымен жаппай, бірқанша адамның көзін бадырайтып қойып, көпе-көрнеу өз мәселелерін жазықсыз біреуге арта салатын осыншалық арсыз жалақордың «төңкеріс» деген аты бар науқанға ешқандай қажеттілігі жоқ! Бұндайлар актив болып ешкімге абырой әпермейді! Мұндайларды құқық жағынан шектеуші шықпаса, адамды адам көпе-көрнеу сойып жеуге құқық бергендік болады! Мұндай жабайы азғындыққа жол қоймаңыздар!

– Сенің мәселеңді әшкерелеушінің бәрі жалақор ма?– деп ақырды Айғайкөк.

– «Бәрі» деп көпке балап тұрғаныңыз, Әлия мен Құлжан ғой! Маған бұл екеуінен басқа, қазірше, осы күрес үстінде ашық жала жапқан ешкім жоқ! Ал, бұл екеуінің маған артқан қылмыстары ыңғай жала болмаса, басы қасында болғандарды менше айғаққа тартсын!... Мәселен, менің үйімдегі сол отырыстағы сөзге Мақұлбек пен Құлжан ғана емес, жиырма шақты қонақ қатынасқан. Сол көпшілікке сөз беріңіздерші қане! Мұндай мәселені дәл осы анықталатын жерінде шешпей, несиеге қалдыруға болмайды!

– Сенің, «басы-қасында болған көпшілік» деп куәға тартып отырғаның кім?– деп Жаубасар шаңқылдады. – Бәрі өз мүриттерің-құлдарың емес пе!

– Сіз осы жиынның төрағасысыз төте жала жаппау – өз бетіңізге төсенші, сабыр етіңіз! Бұлардың бәрі, осы қоғамның ары бүтін еркі бар азаматтары! Ақын-жазушы, баспасөз қызметінің кадрлары. Партбилеттері қойнында отырғандары да бар, мұндай заңсыз қалпақ кигізбеңіз! Сол отырыстағы сөзге қатынасқан осы көпшіліктің мәселені анықтайтын құқығы толық! Көпшілікті инаватқа алмай, жалғыз-жарым жалақордың сөзін ғана аса таяқ қып ұстап, өзіңіз кім болмақсыз, сөзді көпшілікке беріңіз!

– Тоқтат бұйрықты, сен күреске тартылып тұрған жаусың!– деп Айғайкөк ақырғанда активтер ұрандата жөнелді. «Жоғалсын...», «жойылсын...», «байлансын...», «айдалсын...», «жасасын Жұңго коммунистік партиясы!», «жасасын ұлы көсеміміз Маужуши!»...

– Ей, сен соны айтшы, Маужуши мен компартияға сенемісің, сенбеймісің?– деп Жаубасар столын қойып қалды.

– Сенетіндерден де мықтырақ сенетінмін. Ал мұнымен жалақорлардың жалған факттерінің не байланысы бар?.. «Компартия мен Маужушиға сенсең, мұндайларға да басыңды ие бер» демексіз бе?

Жаубасар микрафонға ұмтылып сөйлей бергенінде мені «жоғалтатын» ұран тағы да шу көтерілді де сыбанған он неше жұдырық түйліе жүгірді маған. Қоршай қалды. Тұс-тұсымнан сапылдап-саңғырлай жөнелді.

– «Маужуши да жалақор демексің бе!», «компартия да жалақор демексің бе!»– дегендері ғана ұғылды көп байбаламнан.

– Сіздерде жұдырық қана емес, ми да, тіл де, құлақ та бар. Осы логика кімнен шығып тұрғанын түсіндіңіздер ме?– дедім жауап кезегін әрең алып, сонсоң Жаубасарға қарап сөйледім. – Иә, мені Сәйда екен деп қалдыңыздар ма? Менің шартым оған толмайтындығын, мұнымен аузым буылмайтындығын сіз де біліп отырған шығарсыз?

– Жолдастар, қайта тұрыңыздар, тағы да біраз шыдап көрелік! – Жаубасар қамқорсыған пішінмен жендеттерін күрсіне қайтарып түрегелді орнынан.

– Ал көпшілік, бұл кері төңкерісшінің қай көпшілікті куәлікке тартып тұрғанын ұғып отырған шығарсыздар. Сонсын өзі де әшкерелеп тұрмай ма! Мұның қайта-қайта сарапқа салып тұрғаны, өзінің кері төңкерістік ұйымындағы көпшілік. Сол «көпшілігі» арқылы біздің осы төңкерістік жиынды да басып алмақ!... Осыған жол беріп қарап отырайық ба?

– Жол бере алмаймыз!– деп микрафонда алдымен Құлжан шыр ете түсті де, сайланулы активтер ду көтерілді. Билетті-құралды үкім иесінің «көпшілігі» аз болмақпа. Көз қырларымен қайшылап, мен сенетін көпшіліктің де быт-шытын шығарғаны көрінді: аты жаман «кері төңкерістік ұйым» аталған соң ондай пәлелі «орда» маңына кім шыдап отырмақ, көбі көтерілді. Жұдырықтарын тастай түйген қатал ұранға зал түгелдей қосылды. Ұлар-шу... «Мен сөйлеймін!», «мен!», «мен!», «мен!» –деседі.

– Жолдастар, менің сөзім біткен жоқ, алдымен өзім сөйлейін!– Құлжан Жаубасардың иек ишарасымен тағы да сөз алып, енді сыбана шырқырады. – Жау не десе, десін, Маужушидың майданында тұрғаным – тұрған. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді!» кері төңкерісші Биғабілдің партия мен социализмге қарсы екендігінің төртінші факты: бұл да былтырғы 57-ші жылы бесінші айдың бесінші күні Асылқанның үйіндегі кешкілікте өтілген мәселе. Мен ол отырысқа орталықтағы оңшыл оппортонизмшілдердің Маужуши мен партияға қарсы сөз-әрекеттерін естіп барғанмын. Қатты ыза болып барып, солардың арам ниеттерін әшкерелегенмін. Сонда Биғабіл мені сындай жөнелген. Оңшыл оппортонизмді ақтап, бізді шошқаға теңеген. «Бұл сының, сын емес, қотиындық, бүлдіруші бұзғыншылық» деген. Ал, мұның блогындағы Құмар, Тоқбай, Қапас, Нұралылар жабылып, мені ұрмақ болған!

– Қане жауапкер, рас па бұл факт?– Жаубасар маған мұқатқанси қарап сұрады. – Айтып қояйын, «көпшілік» сенде емес, бізде! Көпшілікті ауызға алып, куәға тартып әуре болма мұнан соң! Рас па мына қойылған факт!

– Мен де айтып қояйын, бұл мәселені де сол жерде естіп отырған көпшілік анықтайды!... Қашан болмасын солардан сұрамай, сырттағы ешкім де тиянақтандыра алмайды! Енді өз жауабымды берейін: мен Құлжанды өз үйімде компартияға қарсы сөйлегендігі үшін қуалағанымнан соң бір айға дейін маған көрінбей кеткен. Содан Асылқанның шақырған кешкілігінде бір-ақ көрінді. Тағы да өтірік мас болып барыпты. Бұл үйде партияға қарсы сөйлесе тағы да қуылатындығын біліп, бізге жағыну үшін оңшыл оппортонизмді тілдеп барды. Тілдегенде де ол оппортонистерді ғана емес, бірлік саптағы барлық ауқатты таптарды түгел қосақтап, фашистік үкім жариялап иянаттады. «Бұрынғы жалаңаш кедейлерден басқа таптарды бүкіл ұрпағымен құртпай, бұл иттер партияның балағынан алуын қоймайды!»– деді. Бұл сөзі әрине тағы да бұзғыншылықтың сөзі болды. Әрқандай тапты тұқым-тұқиянымен, бала-шағасымен құрту, кім істейтін іс? Жоғары таптардың езіп-қанаушы тісін ғана шақпай, тұқым-тұқиянымен қырсақ, өзіміз қасқыр болып кетпейміз бе деген мағынадағы сөздер содан шыққан. Ал, бұл кешкіліктегі мұндай сөзге мен мүлде қатынаспағанмын. Сондықтан Құлжанның маған қойған бұл факты тағы да жала! Құмар мен Қапастардың мұны ұрмақ болғаны да өтірік. Олар Құлжанға «енді саяси мәселе қозғамай ..... қысып қана отыр!» деп күліскен болатын. Оған тоқтамаған соң, «тыныш отырмасаң шығып кет!» деп үй иесі – Асылқанның әйелі ғана қаттырақ ескерту айтқан. Демек, Құлжанның бұл сөзі де адамгершіліктен жұрдай жала!

– «Жын секірсе секірсін, мен секірмей ойнаймын!»[32]– деп Құлжан енді әумәсірлене жалғастырды сөзін. – Кері төңкерісші Биғабілдің партиямен социализмге қарсылығының бесінші факты: биыл 58-ші жылы бірінші айдың 12-сі күні іңірде осы кері төңкерісшіні жалғыз тағы бір байқауға бардым. Биғабілдің өзі жалғыз, тым көңілсіз отыр екен. Неге ренжігенін сұрағанымда «мен өлсем, осы мемлекетте мына жалғыз ұлым аштан өледі, соған қайғыланып отырмын» деген!

– Осыны қайсы аузыңмен сөйлеп тұрсың, ей бетсіз!– деп жіберіп жауап бердім бұл жаласына. – Сөйлесе отырып арақ ішу үшін, социализм жөнінде сұрау қоймап па едің!... «Биға, сіз социализм–социализм деп тамсана бересіз. Сонда социализмнің жақсылығы қай жерінде»– деп жылтыңдай қалғансың. Мен оныңа бір мысалмен ғана жауап бергенмін: «социализмнің ең абзал бір қасиеті, мәселен, мен өліп мына бала жастай панасыз қалса да социалистік қоғамда аштан өлмейді, көштен қалмайды. Қоғам тәрбиелеп өсіреді. Ал, капиталистік қоғамда тірексіз-панасыз адам жасай алмайды!» деп қана анықтап тұрып айтып едім ғой!... Жалалар жинағыңа мұны да құйрығыңнан ағып жүретін жиркенішті сұйықтығыңмен сасытып жазыпсың ғой!

Зал ду күлді. Бұл жолы күлкі бастаған алдыңғы қатардағы активтер болғандықтан Жаубасарлар шаңқылдамай, тістерін үнсіз шайнап, жұдырықтарын ауаға сермеп қана тоқтатты. Күлкішілер осы күнәларын жуу үшін дереу ұрандата-борандата жөнелді. – «Жоғалсын!...», «жойылсын!...»

– Жолдастар, Биғабіл мырза қысылғанынан осы рет  жіберіп қойды!– деп Құлжан шиқылдап күле жалғастырды сөзін. – Ар-ұяттан безген кері төңкерісші фактке құрмет қылудан бүтіндей қалды. Енді бір фактты әшкерелеп қана қоя тұрайын... Алтыншы факт: жә мырза, «гұңшандаң деген – алдамаса, тіршілігінен айрылатын, өтірікке ғана сүйенген алдамшы партия, дүниені сөйтіп жалмамақ!» дегеніңді енді қай жеріңе жасырмақсың?

– «Рас па?», «сөйле, сөйле!», «ойланбай сөйле!», «расында да жасыратын жер таба алмай қалды!», «тез сөйле!»– десіп шу көтерді қолдаушылары...



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.