|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 19 страница«...Мұндай соққы мен иянаттан өлімді жеңіл көретін намыскер қыз, атылу жазасына лайық сөзді сондықтан сөйледі. Оны олай сөйлетпей шығарып әкету дұрыс еді. Екі мың адам қарап отырған сахнада бойжеткен қызды бассалып сабауға, үстіне мінуге, ұятты жерлерін жұлмалауға, киімін жыртуға, көкпар етіп тартысуға... Адам ұжданы қалай шыдамақ!... Көп адам – көп белсенді содан қателесті. Жиын басқарған Жаубасар осы жабайылықтарға жиынның күн тәртібі ретінде жол қойып бақылап қарап тұрды. Мұны шектемеудің халық пен партия арасына қаншалық зиян салғандығын, төңкерісті қаншалық масқаралағандығын көру қажет!... Бұл әрине компартиядан өтілген мәселе емес, бізден де өтілген мәселе емес!... Идеямызға симаған бұл оқиғаны Жаубасардан көрдік те қайтқан жолымызда соны ғана сықаққа айналдырдық...» Жаубасар «жасырмай жазуға» бұйырған мәселем дәл осылай жазылды. Арасына ашық жер қалдырмай, таза жаздым да аяғына тағы да ескерту қосып жөнелттім. Мұнан соң көпке дейін маған Жаубасар көрінбеді де, бұл жөнінде ешкім ештеңе сұрамады. Қалық пен Юсупбектен де қайталап сұрамай, «құйын соққан» мен Нұралыны ғана қатты айналдырғанын біліп жаттым. Тегі бұл екеуі Жаубасардың бұл сықақты «партияға, төңкеріске қарсы әрекет» деп бопсалағанына бұлғақтап ықтап, содан дәніктіріп алған тәрізді. Әсіресе Нұралыға қатты төнгені еміс-еміс естіліп тұрды. Алғашқы кезде Жаубасар оған әр кеште шаңқылдады да, кейінірек екі-үш күнде бір рет шаңқылдап жауап алатын болды. Нұралыға материал жаздырып, соны өзіне толықтату үшін шаңқылдайтынын түсіндім. Маған күзетке қойған алты авчаркісі да зеріккендей, түнде бір, иә екісі ғана қалып жүрді. Мақұлбектен басқасы қалған кеште үйіме барып келуге рұқсат алып тұрдым. Мақпалдан естуімше маған жақын адамдардың барлығы режимде екен. Ауыз ашып сөйлесе алмайтын болыпты. Тыңшы тіпті өзінің соңынан да таң атқаннан ел жатқанша үзілмей жүр екен. Жаз шыға газетте Әбілеметтердің қылмысы жарияланды: «дербестік талап еткен. Шынжаңды бөліп әкетуге ұрынған. Қатерлі кері төңкерістік зор блок құрған, стилде шіріктескен...» сондықтан партиядан шығарылып, қызмет орнынан қуаланыпты. Иендегі тың жер ашу жұмысына айдалғандығын соңынан Мақұлбектен естідім. Ол маған оңашада күрсіне келіп, қайғырғанси хабарлады. – Әбілемет жазаланып кетті, жайымызды түсінер ағадан айрылдық. Ондай адамды аман қоя ма! – Мұны маған қайғылы хабар етіп жеткізгенің қалай?– деп сынай қарадым жүзіне. – Біз ұсақ-түйек істе келісе алмағанымызбен түбіміз бір, ірі істегі қормалымыз еді ғой! – Қашаннан бері қормалың еді?... Былтыр жаз бойы содан көрген қорлығымызды айтып, маған шағынып жылап келіп жүретіндердің бірі өзің емес пе едің!... Енді оған аза білдіріп жылап келудегі мақсатың не?... Мені енді Әбілеметтің блогына байланыстырмақпысың!.. Бақылаушыларымның бірі кіріп келді. Есік сыртынан біздің сөзімізді тыңдап тұрып, қысылған Мақұлбекті құтқару үшін келгендігі күле кіруінен сезілді. Құбылмалы жынның енді жала жабудан тайынбайтын болғанын сезіп, жаңағы сөздерімізді соңынан кіргеніне әдейі мәлімдеп, қайталап сөйлеп бердім. Әбілеметтің жазалануы маған жеңілдік әперуге тиісті. Мені сайрауға мәжбүр етіп, ұлтшылға айналдырған кесірдің бірі – осының зорекерлігі емес пе еді. Оның қылмысы анықталған болса, мен ағармаймын ба!... Осы үмітті бейғам жылтыратып тағы да екі апта отырыппын. Бір күні алты авчарка түгел жиылып келіп, айдай жөнелді. Күреске түсетіндігімді айтты. Үміт отын енді жүре жылтыраттым: «мұншалық бекер қамағандықтарынан ұялып, табылысынша мінеп-шенеп, сындап шығармақ болса керек. Мұны компартия абройы үшін істемек қой, мен де сіресіп алмай, «барыммен әзір», біраз иіліп, сын қабылдап шығайын!» дегенге келдім. Өзім бұрын жүріп көрмеген сырт көшеге, одан төтелеп, тастақты белеңді асыра айдады. Айландырып апарып бір жаңа көшеге, жаңадан салынған зор аула дарбазасынан өткізіп, сұр қабырға, сұр еденді зор клубқа кіргізді. Быжынап сығылыса отырған қалың адам, дүр көтеріле ұрандап, шулай жөнелді. Жұдырықтар түюлі, «жоғалсын» деп бәрі бұйырды. Кіре бере зыр ете түскен жүрегім, төбеме шыға атқақтады. «Шыда-шыда, сені мықтап бір шайлықтырып шығармақ болса керек, мұнысынан қамықпа, үстемсітпе Жаубасарды!» деген сертке бекідім де қорқыныш жағынан титтей сыр бермеуге тырыстым. Көтерілген жұдырықтардың астымен айдап апарып, сахнаға шығарды. Баспалдақтардан да илікпей өрледім. Буындарым бекемделе түсті. Жаубасардың нұсқауымен ең төрдегі микрафонды столға жандап барып тұра қалдым. «Отыр!» деді біреуі. Шаң басқан орындықты қағазбен сүртіп, үрлеп-үрлеп жіберіп отырдым. Кең залда жұлдыз құрттай үйіліп жыпырлаған қалың көз менде екен. Орындықты асықпай тазалағаныма күлісіп, күбірлескен үндер естілді. Сахнаның екі жақ шетіндегі екі столға қарап күліп жіберіппін. Залдың алдыңғы қатарында отырған активтер ақырысып қалды. – «Тұр орныңнан буржуй!», «кімді басынып күлесің!»– деген екі сөз, екі жүз түрлі зейіл дауыспен естілді. Тік тұрып жауап бердім. – Ең төрге шығарған құрметтеріңізге рақмет айта жаздаппын. Зал ду күлді. Клубтың тас қабырғаларынан бетер көгеріп тұрған Жаубасар өз алдындағы микрафоннан шақылдап жіберіп, шорт тиды күлкіні. Күлкі түгіл күбір-сыбыр да өшіп, өліктей тынды. Жаубасар мені жұдырығымен басқандай ишарамен қайта отырғыза сөйледі. Біраз «жөнге келіп қалғанын» осы отырғызуынан байқап тыңдадым. Жаттанды нұсқауларын бұл жолы түп-түгел оқыды да тік өрлей шапқылады. – Асқан тоңмойын оңшыл, жерлік ұлтшыл, шегіне жеткен кері төңкерісші Биғабіл қазір өзін тексереді. Алдымен өз ықырарын тыңдаймыз. Сөз берудің алдында тағы бір рет, мүмкін соңғы рет ескертіп қоялық. Басқа оңшы, жерлік ұлтшылдардың барлығы Сәйданың үстіндегі күрестен сабақ алды. Тоңмойындықтың өлім жолы екендігін бәрі көріп, танымдарын өсірді. Мәселелерін үздіксіз тапсырып жатыр. Сәйдаға ұқсамау үшін Биғабіл тіпті ерекше тырысуға тиісті. Мәселе таныма жағынан өткен жиындарда Сәйдаға бек ұқсап келген. Енді ол жолға мүлде баспауы, шығар жолына бұлтармай түсуі шарт!... «Мойындағанға кеңшілік, тоңмойынға қаталдық» саясатымыз мәңгі өзгермейді. Ал, сөйлесін! Сөзімді орнымнан түрегеле бастап едім. Отырып сөйлей беруіме рұқсат етілді. Микрафонды төмендете отырып қайта бастадым. – Жиын бастығы танымды өзгерту қажеттігін бек дұрыс айтты. Бұл жөнінде өз позициямды білдірейін: ең алдымен осы науқанның өзін дұрыс таныуымыз қажет. Бұл науқан, бұрынғы зорекер тап жауларына, ұры-қарақшыларға, қиянатшы, бирократ, сырапқорларға қарсы науқандарға характер жағынан мүлде ұқсамайды. Мұнда жауды өз басымен ойлатып, рухани жақтан іштей мойындату мақсат етіледі. Себебі, «бұл идеялогиялық, яғни, рухани төңкеріс». Ой-сана күресіне дене жазасының құралы қолданылса пікірді бұзады. Сондықтан бұл науқанға әсіресе жұдырық жұмыс істей алмайды. Ол тілсіз ақымақ, идеяны ғана емес, ар-ұятты да, мінезді де бұзады. Сәйданың үстіндегі күрестен осы масқаралықты тіпті айқын көрдік. «Оңшыл», «ұлтшыл» деп аталған элементтеріңіздің мәселесі жұдырықпен, иянаттаумен емес, тек факт-дәлелмен ғана шешіледі. Егер мойындамаса, әрине оның да дәлел айтып, ақталатын құқығы бар. Дәлелдей алмаса, Сәйданың барған жеріне сонан соң ғана баруға тиісті. Қысқартып айтқанда бұл науқанның компартия жол қоюға тиісті бірден–бір құралы – факт-дәлел сыфат айтысы. Қазіргі бізбен сіздер ғана емес, бүкіл материализм дүниесі – факттың құлы. Көрініп тұрған фактке мойындамаушы ғана тоңмойын деп аталып, жазалануға тиісті. Фактке кім құрмет қылмаса, сол тоңмойын!... Сәйданың үстіндегі күрестен, мен жоғарыда айтылған танымым бойынша сабақ алдым. Ол күрестен, күреске тартылушы да, күреске тартушылар да жақсы нәтиже таба алмады. Ондай жолмен ешкім жақсы нәтиже таба алмайды да. Себебі, бұл науқанның негізі болған факт–дәлел айтысы несиеге қалып қойды. Сондықтан оның мәселесі қайтадан қаралмай тұрақтамайды. Ашумен ыза бәрімізге де қажетсіз екен! Енді мен өз үстімдегі мәселелерге жауап берейін,– дегенімше залдың арт жақ жарымы қол шапалақтап шатырлатып ала жөнелді. – Тоқтат, тоқтат!... Кім бастады шапалақты?– деп Жаубасар сахнадан тік шаншыла шаңқылдады да, залдың алдыңғы жағында отырған активтер арт жаққа атылып барып, тұс-тұсынан қоршай шақылдады. – «Кім бастады?», «Бастаған кім шапалақты?», «Айтыңдар кім бастады?»... Жаубасар да түсе жүгіріп, тексеруге кірісті. Сахнада менен басқа хатшы әйел, залдың алдыңғы үш қатарында Гүлниса атты жалғыз әнші қыз ғана қалыпты. Осы күресте активтер түгелімен алдыңғы үш қатарға жиналғаны, сөйтіп, орындарынан көрінді. Бұл қыз, сұлулығымен шекара бұзып, активтер қатарында да, пассивтер қатарында да жүре беретін, бүкіл мәдени-ағарту лениясындағы ерке қыздардың бірі болатын. Бұрын ешқандай байланысымыз, тіпті, таныстығымыз да жоқ сияқты еді. Арт жағы шулыған, шақ-шұқ тексеру болып жатса да мөлдір тұнық қара көзін менен аударар емес. «Мені күзетуге қалғанбысың?» дегендей мен де қарай қалыппын. Ол, сезіктенгендей көз қиығымен хатшы жақты шолып қойып қарайды маған. Миығынан ғана жымияды... – Сен тұр орныңнан, шапалақты кім бастады?– Айғайкөк ақырып тұрғызды біреуді. – Білмеймін. Бәрі шапалақтаған соң ілесіп кетіппін!... Активтер кімді тұрғызып сұраса да сондай жауап шыға берді. Қалпақтылар мен жауапқа жүктілерден де ешкімін ұстай алмаған активтер алқына қайтты орындарына. Әуесқой қыз көзі солар келіп орныққанша ғана үзілді менен. Жаубасар орнына шыға сала сөйлеп кетті. – «Кім кері төңкерісші жақтан көрінсе, сол кері төңкерісші. Кім жиянгерлік, феодализм, бирократ капитализм жағынан көрінсе, сол кері төңкерісші». Бұл жолы сол кері төңкерісші ашықтан–ашық жау сөзін қолшапалақ бастап қарсы алып, ашық бұзғыншылыққа дейін жетті. Төңкерістік қырағылықтарың қайда?... Бұл жау өзінің үстіндегі күреске позиция білдіру сылтауымен не сөйлегенін, төңкерістік жолымызға қандай у шашқанын түсінбедіңдер ме!.. Бар сөзді бізді құралсыздандыру, ашықтан-ашық қарсы шығып, атысу үшін сөйленбеді ме! Бұл күресімізді «айтыс» деп жар салып бұрмалап отырғаны сол емей не!... Төңкерістік күрес майданымызды тек тұрып айтысу майданына айналдырмақ!... Айтыңыздаршы, ұлы көсеміміз төңкерісті қалай түсіндіріп еді?... Естеріңізден шыға қалды ма!.. «Төңкеріс деген, мейман шақыру емес, сурет сызу, кесте тігу де емес... Төңкеріс деген – қозғалыс, бір таптың бір таптан әкімшілік тәртіп алу жөніндегі зорлықты күш». Активтер жағынан ұран басталып, бүкіл залды гүрілдей, дүрілдей тітіретті. Айқайға қосылғысы келмегендерін алакөзбен атып, қоса шулатты. Ұрандары таусылғанда «жоғалсын Биғабіл есек!» деп те айқайлатты. Залдан қыстыққан шиқ-шиқ күлкі тағы естілді. Гүлниса бұл ұранға қосылмай, төмен қарап алған екен, қасындағы бір әйел бүйірінен түртіп қалғанда, жүзінің нарттай жанып, түйіліп қалғаны көрінді. – Сөйле! –деп зекірді Жаубасар маған. – Бізбен айтысамын деп әуреленбей, тек өз мәселеңді ғана тапсыр, ұқтың ба? – Бұл күрестеріңіздің мақсаты менен қалай болса да бір жауап алу емес пе!... Иә, жауап бермей-ақ, Сәйда барған жерге үнсіз кете бер дейсіз бе? Осыны анықтап түсіндіріңіздерші маған, қолымнан екеуі де келеді! Егер жауап алмақ болсаңыздар, айтыс деген сол. Ол, «атыс» емес, ақ-нахақты айыру ғана! Қай бұйрықтарыңызды орындайын? Жаубасар жауапсыз сазарды да, хатшының қасына келіп қыдиған Айғайкөк зекірді: – Сөйле! Сөйле! Қабақ шытпай, ашық та жуас үнмен бастадым сөзімді. – Сөйлетсеңіздер рахмет!... Төңкеріс деген, өз саптасына жала жабу емес, дұрыс сөзді бұрмалап ойнайтын қылжақ та емес. Дәл Жаукеңнің жаңағы жариялағанындай, «бір таптың бір таптан әкімшілік тартып алатын зорлықты күші». Маужушидың бұл анықтамасын мен басымды тіземе дейін иіп құрметтеймін. Мен, 50-ші жылдан бұрынғы ешқандай әкімшілік басындағы таптың ұрпағы емес, тіпті ол дәуірдегі орта таптардың да баласы емес, солардан қанқақсап езіліп келген жалаңаш жалшы батырақтың баласымын. Оның үстіне мен ешқандай таптың әкімшілік қызметінде де болған емеспін. Сондықтан жалған-жасанды, тісін жасырып тілін шығаратын жағымпаз қошаметтің сөзін де сөйлей алмаймын. Ойым ашық, туым айқын. Пікірдің қабырғасынан қапсыра ұстап, тура төтесінен бір-ақ сөйлеймін. Бұл мінезіме қарап, менен кері төңкерісшілдік таба алмайсыздар. Бұл мінезді маған өзімді жаратқан табым берген! Мендегі бұл батылдықты коммунистік партия берген!... Бүгін өз мәселемді сөйлеуімде мұншалық көп басты шақырып тыңдатқан Жаубасарға рахмет! Тағы да шиқылдап шыға бастаған күлкіні, қол сермеп баса жалғастырдым сөзімді. – Мұным, кекесін емес, шын алғыс. Тарихты жаратушы – халық. Ал, халықтың қазысы – көпшілік. Әсіресе бүгінгі көпшілік – ұқықта тепе-тең қазы. Мұншалық көп қазыға тыңдатқан кісіге тіпті көп алғыс!... Мен 45-ші жылы үш аймақ төңкерісінде қоғам қызметіне алғаш араласқанымнан бастап оқу-ағарту қызметін таңдағанмын, оқытушы болғанмын. 50-ші жылы Үрімжіге шақырылып, содан бері оқу-құрал жасау қызметіне алмасқанмын. Егер бұл науқанда аударылсам, тек жыл он екі ай тапжылмай жалғыз отырып, басымды үздіксіз тырнайтын ең жапалы, ең ауыр жұмыстан ғана айрылмақпын. Сондықтан сіздерге тапсырып беруге қимай жасыратындай ешқандай мәселем жоқ!.. «Мәселе тапсыруды» осылай бастадым да оқу-ағарту қызметіндегі Әбілемет өкілдік еткен кесір-кеселді арылта ақтаруға кірістім. Түскі тамаққа алты авчарканың екеуі айдап апарып келуден басқа ешқандай ақыру-зекіру болмады. Барлық сөзім, болған ахуалды дәл өз қалпында әңгімелеп беру сипатында, тіпті, қызық әңгіме болып сөйленді. Былтырғы оқу бітірген қазақ студенттердің қызметке бөлінуіндегі мәселе мен олардың талабы барлық болмысымен баяндалып келіп, Әбілеметтің шашқан уы екені әшкереленді де, өзімнің сайрағаным, Әбілеметтердің сол уына ғана қарсы пікір екендігі дәлелденді. Сайрау сөзімді газетке бұзып жариялаған тілшінің ісі де, сайратқан Фубужаңның анты да, сондағы брашура тысына жазылған өз сөзімнің тезисі соның қолында екендігі де факт ретінде қалмай баяндалды. Соңында өзіме сұраулы бір мәселе ғана қойдым. – Қорытып айтқанда менің сайраған пікірлерім, өз ұлтымның қырсыққа ұшыраған мәдени-ағарту қызметі жайында ғана болды. Бұл ісімді ұлтшылдық десеңіздер де, иә өзінің өтемесе болмайтын азаматтық міндеті десеңіздер де құқық сіздерде!–деп тоқтаттым сөзімді. Әрең шыдап тыңдаған Жаубасар інінен шыққан суырша шақ ете түсті. – Тұр орныңнан!... Бір күн сөйлегенде неңді тапсырдың!... Өзіңе кір жуытамысың, жоқ па? – Тазалыққа дағдыланғанмын,– деп мен жымидым. – Өзімде болмаған нәжісті тіпті де жуытқым келмейді. Егер кірдің өзі келіп жабысса, жауапкерлікпен жуамын! – Асықпа оған, тегі сенде ұлтшылдық бар ма, жоқ па, өзің айт! – Өзім айтсам, пікірде де, істе де партия мен халықтың өзіме артқан міндеті бойынша ғана азаматтық борыш өтедім. Менде идея болып сіңген ұлтшылдық жоқ! – Ұлтшылдық деген не?– Жаубасардың дауысы тіпті өрлеп, найзадай шаншылды. – Осыны өзім де бір сөйлемек едім, жақсы сұрадыңыз! Хатшы бұл жауабымды толық жаза көріңіз!– дедім де баптап – анықтап сөйледім. – Ұлтшылдық деген – өзінің ұлт халқын бір тап ретінде ғана ту етіп ұстап, басқа ұлттарға қарсы майданға шығу. Қарсы майданға шығудың ең кішкене, ең төменгі факторы – басқа ұлттарды кемсіту, орташасы – басқа ұлттарды басыну, шетке қағу, жоғарғысы – өз ұлтын бәрінен жоғары қойып, басқа ұлттардан ерекше мәнпағат, артықша құқық талап ету. Ал, ең зоры – басқа ұлттардың күн көру, тұрмыс кешіру, даму жолын кесу. Ең құтырған ұлтшылдық – басқа ұлтқа Гитлерше құралды қырғыншылық жүргізу, тұқым құрту. Осы бес дәрежелі бес сатылы ұлтшылдықтың, менен, ең төменгісіне жататын, шын мәнінде бір мәселе табылса, «ұлтшыл» аталуға, тіпті, зорекер ұлтшыл дәрежесімен жазалануға да разымын! – Жерлік ұлтшыл деген не, ол қалай туылады?– деп залдағы бір актив дүрс еткізді. Бұл сұраудың, «зор ұлтшылдық болмаса жерлік ұлтшылдық туылмайды» деген таласты пікірді маған сөйлетіп шатастыру үшін қойылғаны белгілі. Сол арқылы мені «жерлік ұлтшыл» етіп дәлелдемек. – Бәрі сол бестің ішінде, екінші сатысына жатады, дей салдым мен. – Ұлтшылдықтың ен-таңбасы, ауыры мен жеңілі, ақ-қарасы, торысы мен сарысы, қатесі мен дұрысы деп таңдайтыны жоқ, бәрі қап-қара. Төменгісінен өсіп-өрлей беретін улы өсімдік! – «Бәрінің апасы зор ұлтшылдық!», «зор ұлтшылдық!», «зор ұлтшылдық қайсысына жатады?»– деген күбірлер күлкімен араласып көтеріле бергенде Айғайкөктер түлкі иісін сезген тазыша жалтақтады да Жаубасар қолын сілкіп, тиып тастады. – Әкетіңдер мынаны!... «Қылмысы жоқтығын» ертең көрсін!– деп біреулерге мені тапсырып, қолын тағы бір сілкіді де көпшілікке шұқшия сөйлеп кетті. Менің «шегіне жеткен кері төңкерісшілдігім», «зор ұйым құрған ұлтшылдығымды» атаған шаңқылы артымнан естілді. Авчаркаларым мені сахнаның артқы есігінен шығарып әкетті. Бүгінгі жиын күрес емес, тамыр ұстап көру мен «блоктас» – тілектестерімнің ізін бағу екендігін байқап қайттым. Тастақты белеңнен аса бергенімде соңымнан басқа «ұлтшылдардың» іріктеліп қайтып келе жатқаны көрінді. Жаубасар күрес қосындарына айырым жиын ашып, тағы бір сұмдығын даярламақ сияқты... Ертеңіне мені сол екі күзетшім тағы айдады. Сәске көтеріле, асықбай жылжытты. Дәл сағат онда жеттік. Кешегі көксұр зал баттасқан қалың қара жазуға толып, бүтіндей қарашұбар залға айнала қалыпты. «Дазыбау» сол үлкен залдың қабырғаларына симай, көлденең керілген қатар-қатар, айқыш-ұйқыш жіптерге тізіліп, жиналған қалың күресшілердің үстіне мыңдаған бүйеннің торындай жайылған екен. Күрес қосыны кешегіден де көбейіп, өтер жол қалмағандықтан, есік алдына тосып тұрған Айғайкөктің өзі жеңімнен тарта жөнелді мені. Шақырылған ұрандар арасынан шақылдай жылжып әрең өткізді. Көпшіліктің қабағы бүгін аса қату көрінді. Жетесіне жете қайрылып, араларына тыңшы көп қойылған тәрізді. Кешегі орныма шығарып алып, Айғайкөк пен Жаубасар екі жағымнан шошайтты саусақтарын. – Мына дазыбаудың барлығы сенің мәселең!... Осы көпшіліктен түскен факттер! Қара, қанша екен? – Сен де мәселе бар ма екен, жоқ па екен? – Сапасын жауап алғанда көрерсіздер, саны үш-төрт мыңнан кем түспес!– деп жымия жауап бердім. – Бірақ, екі мекеменің архивіндегі «Шынжаң газеті» түгел боялып, сырап болғаны ғана қорқынышты! Екі жыртқыш, қанталаған көздерін маған қадай ыршиды. – Қорқатының газеттің «сырап болуында» емес, осы кетпес бояуда екенін көресің әлі асықпа! – Осындай қитұрқылықтан танбасаң, кететін жеріңе бүгін-ақ кетесің!– деді Жаубасар тісінің арасынан. – Өзің шындыққа келіп, бар қылмысыңды мойындасаң ғана қаласың! Егер бұл жерде жуастықпен мойындамасаң, төңкеріс түрмесінде құрыш қыспақпен мойындайсың! Ақыр мойындайсың! Жан керек пе өзіңе?... Онан да осы көпшіліктің алдында мойындап құтыл!... – Жолдастар тынышталыңыздар!– деді сонсоң залға шаңқылдап, өз столындағы микрафонға барып сөйледі. – Халықтың қас жауы, кері төңкерістік ұйым бастығы, оңшыл, ұлтшыл Биғабілдан бүгін алдымен алынатын жауап, тарихи қылмыстары үстінде. Бұл жау, асқан айлакер, түлкі жау, кешегідей өздеріңізбен өздеріңізді керістіріп қойып, бұлт етіп шығып жүре бермесін!– деп бастап, әр түрлі қырағылықты ескертті. Жауға қатты қолдықтың қажеттігін көксите келіп, «тарихи қылмыстарымды» көрсетті. – 45-ші жылы жазғытұрым қанқұйлы қарақшы Оспанға қашқан! Сол жылдың күзінде төңкерістік үш аймаққа гомендан жағынан шпион болып барып, қолға алынған! Он бір тармақты бітімнің кеңшілігі бойынша түрмеден шығып алып, төңкеріске дінсіздік желеуімен бұзғыншылық жүргізген!– деп жариялады. Фактке қашан құрмет қылып, мәселе тапсыратын позиция көрсеткенше отырып сөйлеуіне рұқсат жоқ!... Ал, сөйле!
|
|||
|