|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 18 страница– Бүгін сізге қонақ болар ма екенбіз? – Менің қазірше мұншалық қонақ шақырар жайым жоқ екенін білдіргенімін,– дедім мен. – Дайындығыңа қараймыз ба, қазақтың қонақ қумайтынын өзіміз де білетінбіз!– деп Юсупбек күлді. – Үйіңізге басып кірсек қайтесіз? – Сол қонақ қуа алмайтындығымыздан қорлық көріп, «ұрылардың ұясы» аталдым. Енді қара шайдан басқа нәр таттырмай, шиқылдатып шығарамын! Желкесінде отырған тыңшы, Юсупбектің бүйірінен түртіп қалды. Жым болдық. Сахна сырты апалаң-топалаң, сарт-сұрт бола кетті бір шақта. Күрең құрым пальшопка киген бір жас әйелді он шақты жігіт желкелеп, екі жуаны екі қолынан қос қолдап ұстап, сахнаға шығарды. Келіскен келбетті денесі бар қызылсары татар қыз, қасқайып қарап тұра қалды. Сахна сыртында қатал шайқасқа түсіп келгендігі алқынысынан білініп тұр. Додаланған шашы бетін жауып, көкірегіне шашылыпты. Түбіт салысы бір иығында ғана. Қас кірпікті көкшіл көзі қасқыр қамаған еліктің көзінше шадырайып, жалт-жұлт етеді... Жаубасар, сахнаның сол жақ шетіндегі кішкене столға бір қолын тірей шаңқылдады: «кері төңкерісші Сәда өз мәселесін тапсырады» деп бастап, Маужушидың көпке таныс бірнеше нұсқауын шұбыртты да, көпшілікті күрес сабына – төңкеріс жауынгерлігіне шақырды. – Жолдастар,– деп қыз, өткір даусымен саңқ ете түсті. Ұйғырша–қазақша–татарша аралас ортақ тілде сөйлей жөнелді. – Мені бұлар «кері төңкерісші» атаса атай берсін, ақиқи марксизм мен ленинизмді қастерлейтін адамзаттың барлығын менің «жолдас» деп шақыратын хақым бар. Жолдастар, достар, сендерді бұлар «жерлік ұлтшыл» атап, ауыздарыңды таңып қаралап, халыққа дұшпан көрсетіп жоғалтпақ! Сөйтіп ғасырлар бойы жанышталып келген Шынжаң халқының жаңа өскен миын жемек! Ақиқат алдында сіздер ұлтшыл емес, өздері... Жаубасар, алдындағы столды шарт еткізіп ұрып жіберіп еді. – Ей жалап, тіліңді тартып сөйле!– десіп қатар ұмтылды бірнешеуі. Қыз оларға қолын сермеп бірдеме деп тастап, тез сөйлеп кетті Жаубасарға. – Сөйле деп бұйырып тұрып, сөзімді тыңдамайсыңдар ма? Сайра деп зорлайтындарың қайда? Адам болсаңдар, істерің дұрыс болса, менің сөзімді тыңдап көріңдер!... Жолдастар сіздер халқымыздың ең асыл, ең аяулы перзентісіздер. Қараландық деп қамықпаңыздар!... 49-шы жыл коммунистік партия екен деп алданып, қабанды қарсы алыппыз!... Айқайкөк бастаған бірнешеу күркіреп барып, қыздың алқымынан ала түсті. Қағып тастап қайта сөйлей берген қызды сыртынан келген біреуі мойнынан қылқындыра құшақтап, шалқалата басты. Сахна сыртынан «хайуандар!» деп айқайлап жіберді бір күшті дауыс. Жалт қараған Айқайкөк қыздың үстінен тұра ұмтылды сол дауыс шыққан жаққа. Соңынан төрт-бесі ере жүгірді. Еденді сартылдатып-сақылдатып сахнаның артқы есігінен шыққаны естілді. Қыздың қол-аяғына ие бола алмай алпарысқан төрт "батырына" Жаубасар залдағыларынан көмек шақырды. Залдан Мақұлбек бастатқан «қосын» жеткенше қыз етікті аяғымен екеуін домалатып түрегелді. Аузын тұмшалаған салыны жұлып тастай сөйледі. –...Алдамшы қара жүз қарақшылықтарын көрсеткен өздері!... Жабыла тілдей жеткен активтер қыздың аузын салысымен қайта баса қойды. Шығарып әкетпек болып бір тобы сүйрей жөнеліп еді, бір тобы сахнаның ортасына қарай тастабандап тартты. Өзара ұрысып-зекірісе тартысты. Жаубасардың шәңкілімен сахнаның ортасына қайта келіп қалған қыз бұлқынып тағы түрегелді. Салының бір шетінен зілді дауыс тағы шықты: – ...Коммунистік бет пердесін жыртып тастап, гоменданның қанды аузын көрсеткен өздері! Салымен аузы тағы тығындалды. Тағы да тартысқа түсті. Екі топтың көпшілік ұқпайтын өзара даулары қызға көкпар лағынша таластырды. Кей бірі шашынан, кей бірі омырауынан, кәдімгі аш қасқырларша жұлқыласты. – «Ей, ол, адам ғой!»– деген бір дауыс залдың шетінен зірк ете түсті. – «Ей батырлар, ол, әйел адам!»– деген бір дауыс тағы бір шеттен шықты. – «Ей, намыс барма сендерде!»– деген дауыс залдың арт жағынан қатар шықты. «Қасқыр да ұрғашысын бұлай таламайды!»– деп дәл ортадан біреу тіпті айқын айқайлады. Басын қақшитып Жаубасар, көздерін ақшитып активтерге қарай қалды. Жым болды зал. Додадан сәл босай қалған қыз, басын шайқап-шайқап жіберіп, аузын салыдан тағы шығара сақылдаы. Дауысы әлі тұнық. – Жолдастар, сіздер тарихқа да, халыққа да, марксизмге де адалсыздар, ішкі соғысты бастаған өздері! Жаза өздеріне лайық! – Қыздың аузы тағы басылып, салымен тағы тұмшаланды. Тартыс, алыс-жұлыс қайталана берді.... «Қыздың жаны қырық» дегенге күлуші едім, көзімнен жас домалап-домалап кетті. Адамзаттың бар намысы мені басып, жүрегімді анау аяулы –алтын қызша жұлмалап жатқандай, қалшылдап кетіппін. Қалық түртіп қалды бүйірімнен. Сездірме дегені екен. Тісімді–тісіме басып, өзімді-өзім жия қойдым. – Бұл қыз кім?– деп сұрадым Юсупбектен. – Ләнжу институтында лектор деп естігенмін. – Бәсе!... Жаубасар шаңқылдап сөйлей жөнелді. Қыздың аузы мықтап таңылып, қолы артына қайрылып байланған екен. Соның додаланған әлемтапырық шашына, жыртылған жағасы мен юбкасына, көтеріліп-басылып тұрған құрыш көкірегіне, күш кернеген толық тұлғасына көзім тоқтап қалыпты да, атқалақтап тұрған алып жүрегінен құлағым айрылмапты. Басқа ештеңе көрінбеді де естілмеді. Зал өлік тыныштығында. Жан жоқ, қып-қызыл қан тасып жатқандай Жаубасардың жүзі жын ойнақ. Бүлк-бүлк, жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр. Иегі секеңдеп тұрғандай. Шөлдегі жел жұлмалаған тікен қурайдың тозығынша желпілдеп ұшып барады, дыбыссыз-сыбыссыз тозып барады.... Кейде ертегідегі албастының шашы мен етегіндей желбіреп елестейді. «Бірақ, осы батыр қыздың сөзінде расында да кері төңкерістік ызғар бар-ау?.. Жоқ, бұл сынды террорлыққа тең түсетін жауап әрине осылай шығады. Тежеусіз қинаудың жемісі – шектеусіз наразылық. Әйелдік ар-намыс ағытқан шектеусіз ашу тасқыны тектеусіз қопарды. Тасқын жүрген жердің шірік томары ғана емес, шырынды гүл тамыры да қопарылады. Тасқын тақырлайды, ашу арандатады. Қасқыр талап жатқан қайраты ашуын шектеуге үлгере алмай қалды. Сәл тежеліп, есеппен сөйлесе тіпті еңсеріп түсетін еді!... Қайткенде де Жаубасардың «қияметін» қиратып мұқатып-ақ тастады» Жиын бастығының тозақы шаңқылы тоқтай қалды бір сәтте. Сахнаға сақ-сұқ басып құралды сақшылар кірді. Қызды шандып таңған арқанды шешіп, қолына құрсау салды да мылтықпен айдай жөнелді. Бағанадан бергі сахнада көкпар тартысудың себебі енді анықталды: «Бір тобы Сәйданы «у шашқызбай» шығарып әкетпек екен де, бір тобы оның қолға алынғанын сахнадан көрсетіп, көпшіліктің, әсіресе мендейлердің жүрегін осы құралды «қияметімен» алмақ екен. Сәйданың қолға алынғандығын Жаубасар асқақ «салтанатпен» жариялады. Ендігі сөзі осы «жеңісін» негіз етіп шыт жаңадан қайта басталды. «Пролетарият дектатурасының үстемдігін» үстемелеп-үстемелеп сөйлеп, «буржуазияның қара түтек кері төңкерісін тағы бір рет быт-шыт етіп талқандағандығымызды» автоматша шақылдатып жар салды. Залды оған қарата кекесінді-әсірелі ұран қопарып, боран сілкіледі. Егес пен есерлік араласқан да даурықты Жаубасар әрең тоқтатты. Үңіле түсті залға. Маған қараған қарасынан қияметіңді көрдің бе дегендей ызғар байқата шолып өтті. Сәйдаға ара түсіп дауыстаған «кері төңкерісшілерді» іздеді сонсоң. Солардың дауысы шыққан тұстарға тінтіне қарады: – Бағана төңкеріске зобалаң көрсеткендер кім?– деп шақылдады. Тым-тырыс бола қалды зал. – Кім сөйлеген?... Тұрсын орындарынан! –Жаубасар қузай шаңқылдады. – Құтырған кері төңкерісшіні «ол – адам» деп айқайлаған кім?... Тұр орныңнан!... Тұр–тұр–тұр!.. – Оны әйел адам деген біз! – Екінші шеттен «ұлтшылдары» аралас одан да көп адам көтерілді. «Намыс бар ма сендерде» деген арт жақтан да, «қасқырда ұрғашысын таламайды» деген орта тұстан да топ-тобымен көтерілді. Төрт топтың арасы түгел түрегеліп, тұтаса кетті ақырында. – «Қателеспейтін адам жоқ!...» – «Қателесу айып емес» қой, мойындап түзетсек болды!– деген ащы мысқылдар да естілді. Күлбеттеніп Жаубасар, көзін шатынатып Айқайкөк сахна үстінен қатар зекірді. – Сөйлегенің ғана тұрыңдар!... Күрес жиынына қарсы сөйлегендер ғана тұрсын! – Сөйлемегендер отырсын! – «Сөйлеткен біз!» – бәріміз бұйырып сөйлеткенбіз!» – «қателік бәрімізден өтті!» – Жамыраса дауыстады көпшілік. Жаубасардың дауысы бәрінен асып түсіп, баса бұйырды. – Әрбір әтреттегі басшы жолдастар, «сөйледік», «сөйлеттік» дегендерін түгел тізімдеңдер! –Тағы бір лекцияның шабыты келгендей, столына ұмтылды, сөйлей жөнелді. – «Кім төңкерісші жақта тұрса, сол төңкерісші!... Кім жиянгерлік жақта, феодализм жақта, бирократ капитализм жақта тұрса, сол кері төңкерісші» деп бастады да «оңшыл, жерлік ұлтшылдарды» солардың белсенді жендетіне айналдыра «дәлелдеді». Сәйда соның ішіндегі ең құтырғаны болып сайланды да мына түрегеп тұрғандар жұқтырғаны болып соған байланды. Сәйданың қылмысы осы амалиятымен өлшеніп, зор жазаға тартылатыны, тамыры ада-күде қырқылатыны ескертілді. «Жолдастар, оңшылдық пен жерлік ұлтшылдық обадан да жұқпалы дерт екендігін көрдіңдер, лезде жұқпады ма! Оң мен солды аса сақтықпен айырып, әр минут, әр секонтта содан сақтануды ұмытпаңдар! Әйел Сәйда жоғалды. Одан да қатерлі еркек Сәйдалар әлі бар, сақтаныңдар! Олардың да ойланатын уақыты жетті, қылмыстарын танымаса кететін жерін көрді. Осыдан сабақ алсын!» – Жаубасар сөзін осымен тоқтатып, маған бір қарады да Айқайкөк пен бұрынғы жуан қара сұрға күбірлеп тастап шыға берді. Ендігі шешендік екі орынбасарға тиді сөйтіп. Жаубасар сахна босағасына барып тұрып, залдағы «ұлтшылдарға» көз жазбай қараумен болды. Аса қымбатты бірдемесін алдырып қойғандай, жүзі әлемтапырық, алақ-жұлақ қарайды. Сәйданың «құтырығы» өзіне де жұқты дегендейсің. Жаубасардың жаңағы сөзі екі орынбасарына «қиыннан жол ашып беру» екен. Кезектесіп дәл осы ізбен бұлжымай жосылта берді. Екеуі бақандай үш сағат сөйлеп «тәрбие» берді. Енді қайтейік дегендей елеңдей қараған екеуіне Жаубасар қолын сермей сала жөнелді. Болары болды тарасын дегені екен. Қиралаңдай басып артқы есікке беттеді өзі. Жиын тарап, залдағы екі мыңдай адам алдыңғы бір ғана есіктен шығуға бұйрылды. Шектелгендерді келгендегідей шеңберлеп айдап қайтарумен ешкімнің ісі болған жоқ. Иесінше авчаркаларда өзді-өз беттерімен жөнеле берді. Сыпыра арлан ғой, осындай да әрқайсысы бір-бір өлекшін соңынан шұбауға асыққан сияқты. Сәйданы тұмылдырықтап айдатқанымен Жаубасарлардың өздерінің тұмсықтан жеп, есеңгіреп қалғандықтары байқалады. «Жерлік ұлтшылдар» тыңшылардың арам ырыздығына айналып қалмау сақтығымен бөлген қошқарша өз қатарларында жылжып еді. Сонда да жамырасқан–маңырасқан қоралас-үйірлестеріміз тұс-тұстан қосылып, арамызға сіңе, жандаса жылжыды. Күлән қолымды екі қолымен алып сылап, аймалай өтті де Ынтықбайына ұмтылды. Жауынгер Нұрияшым маған күліп жайраңдай ілесті де, қасындағы Ақия мұңайып, жылай амандасты. Менің «блоктастарымды» олардан да сұрастырып жүріпті. Асығыс күбірлеріне қарағанда Ақияны Құлжан мен Мақұлбек қатты қорқытып жүр екен. Қапияның соңынан кәндекше еріп келе жатқан Құлжан көрінгенде Ақия басқа бір «ұлтшылдың» ар жағына өтіп, бізден алыстай қойды. Қапас пен Құмар залдың қарсы жақ іргесімен жылжыған қатардан көрінді. Тым жабырқау, көз астыларымен ғана қарайды бізге. Мақұлбек қуған түлкісінен көз жазып қалған төбетше сол жақтан жалтақтап тұр екен. Дию мен сайтанның басынғандықтарын байқап, Мақпалға Ақия мен Қапияның олардан қаймықпауын ғана тапсыра алдым. Ондай немелер қаймыққан сайын қыдыңдай беретін ғой. Ауыз залдан шыға бергенімізде шеттен қосылып сөйлеушілер қала берді. Жаубасар клубтың шығар есігіне қарсы қарап тұр екен. Сәйда сені де құтыртып кетті ме дегендей «ұлтшылдардың» әрқайсысына қанталаған көзін қадап, жеп жіберердей тістене қарап өткізеді. Бет-аузы көк аязданып алыпты. Ерні дір қағып, шықшыты бүлкілдейді. Мен жақындағанда иегі де жыбырлап кетті. «Қияметіңіз өзіңізді қылбұрауға салғанба қалай?» деген сұрау аузымнан шықпаса да көзімнен ұғылғандай. Құтырған қиық көзі қып-қызыл кесек ұшқын атып жіберіп, кірпігін қағып қалды да төмен қарай берді. Айдаусыз-бақылаусыз еркімізбен жайылып шыққанымыз үшін ешқайсынымызға тіл қатпай қалды. Ол бұйрығы қазір есінде де жоқ іспетті. – Пәле қыз мынаны мылжалап-ақ кеткен екен!– деді Қалық былай шыға бере. Юсупбек күліп жіберіп, жан-жағына қарап жауап қатты: – Ұмытпастай мықты ескерту болды. Жоғарғы жақ естісе... Ойластырып көруі мүмкін! «Жерлік ұлтшылдар» бағана «қияметке» келе жатқанда ағыдай сөлміреймей, қыл көпірден аман өткендей түгел жайраңдасып, күлісіп келеді екен. Алдыңғы жақтағы Ынтықбай да Рақымқанмен даңғырласып барады. Біздің алдымыздағы «Құйын соққан» ғана дара. Мойынын ішіне тығып, үнсіз-тлсіз көңілсіз оймен келе жатқандай көрінді. – Ей Құй аға,– деп қараттым. – Сырқаттан саусыз ба? – Сырқаттан қиынырақ бір мәселе қинап келеді! –Сол көңілсіз қалпында тұнжырап айтты жауабын. – Біз көмектессек қалай? – Кемпірімнің ақылы болмаса, ешкімнің шипасы қона қоймас!... Алла тағала Сәйда екеуімізді жасағанда қателесіп қалыпты. Сәйдаға ерлік қайрат беріп, оған лайықты құралды маған ауыстырып жібергенін бүгін білдім. Әділет керектігін ойластырсам да кемпірімнен қорқып келемін. Сәйдаға тамақ апарған болып, сол құрғырымды әлде де соған тапсырып бергім келеді. – Бәрімізде де сондай ой бар!– деп Қалық күлгенде, естігендер түгел күлді. Күлкіні қатты сағынып қалыппын. «Құйын соққанша» мен де әртістік бейнеге келіп, шошынғанси қарадым оларға. – Астағыпыралла, бәріңіз құралдарыңызды «құтырған қызға» берсеңіздер Жаукеңді қырық тесік қып жібермей ме!– деп ду күлдірдім. Алдыңғы жақтан Нұралы бізге қайрыла қарап тұра қалып қостады менің қалжыңымды. – Әйел боп келіп істегені мынау, егер еркектікпен құралданса, Жаукеңе «сенікі төңкеріс, сенікі төңкеріс!» дегізер! Қарқылдап көшені басымызға көтере жөнеліппіз. Дәл тұсымыздағы қақпа далдасынан үш-төрт бақылаушымыз кідіңдей шықты. – Ә, не күлкі, не күлкі!... Кері төңкерісіміз жеңді деп қуанып келесіңдер ме?... – Тоқтаңдар!– деп зекіді біреуі. Түгел тоқтап, сабымызды түзедік. – Әй, сен не дедің?– деп Самсақ сторж Нұралыға қадала кетті. – Не деуші едік, әлгі қыздың жуан дауыспен сөйлеп, сіздерді де қателестіргеніне күлеміз де! – Мына кері төңкерісшілерге не дедің деймін? – Сіз оның әйел екендігін бұрымынан танымай, сахнада етегін түріп, қызыл штанын көрген соң ғана шегіндіңіз ғой, соны айттым! – Ей, мен қашан шегініппін!... Нұралының өз сөзінен бұлтара қашамын деп Самсақты қағып кеткеніне тіпті қатты күлдік. – Бет бар ма сендерде!– деп ақырып жіберді Самсақ. Өзінің мұншалық сәулетті кадрларға бастық болып тергегенін мақтаныш еткендей, көшеден өтіп бара жатқандарға қарап, бір бүйірін таяна қойып зекірді. – Намыс, ұждан бар ма сендерде! – Бізде ол расында да жоқ екен Сторж әпәнді!– деп «Құйын соққан» Самсақты өзіне қаратып әкетті. – Намысымыз болса, сол кері төңкерісші қызбен біз де күресіп, сахнада үстінен көрінер едік! – Келгендегі тәртіппен тізіліңдер!– деп зекірді біреуі. – Сенің сөзің басқа!– деп бір актив Нұралыге қатарласа түйіліп аяңдады. – «Сенікі төңкеріс, сенікі төңкеріс» дегенің не сөз?... Дәл қасыңнан тыңдап тұрсақ бізді саңырау деп бұлтарып құтылмақпысың?... Қазақша сөзді ұйғырлар түсінбейді деп сөйлегеніңнің бәрін ұқтық! – Дәл үстінен түсті-ау мына ит! – «Құйын соққан» маған қайрыла сыбырлады. Енді бір сәтте Нұралыны сол пәле ықсыратып, мойындатып алғандай тұмсығын соза күбірлеп бара жатты. Түбірлі қорқыныш енді жабысты маған: Нұралының бұл қалжыңы, мағына жағынан дәл қазір айқын да терең қарсылық. Жаубасар қазбаласа қазынаға қарық болды дей бер! Бығып-кернеп тұрған сап-таза «кері төңкерістік» бұл сөздер түрткен сайын атылып шыға бермей ме!... Бастаған «құйын соққан», қостаған Қасқырбаев, дамытқан мен, дабылдатқан Нұралы. Түгелімен Жаубасардың жауығып, факт–дәлел қақпанына түсіре алмай жүрген «түлкілері». Егер Нұралы қалжыңының құйрығы ашылса, бәріміздің шегімізді содан суыра бермек. Түрі басқа болғанымен түбі бір пікірлер ғой. Ашық кері төңкерістік әрекет үстінде қолға алынған қызды нағыз қаһарман санап, оның бүгінгі ісіне сүйінгендік, төңкерісті қорлап, кері төңкерісті ашықтан-ашық қолдағандық... Қысқасы, Жаубасардың бізге жаппақ жаласының барлығын аузымыздан ағызып бермедік пе!... Өзімізден кертартпа блок таба алмай жүргенінде «кері төңкерістік партия» шыға келгенін көр!... Дарбазаға қайтып кеп кіре бергенімізде Нұралыны әлгі төрт авчарка түгел қоршап, етек-жеңінен тартып ала жөнелді. Қан майданда жабылып, қолға әрең түсіргендей төртеуі де алқынады. Төртеуінің танауы да түрегеліп алыпты!.. Абақтыма өздігімнен асығып барып кірдім. Тобымызбен түскен қақпанның серперін басып қайырып көру керек қой! Ал ойлан... ал дөңбекші... Қырағы тергеушім, «ел аман, жұрт тынышта осы немелер сонша неге қиқулап қоқаңдай береді» деп сіздердің мінездеріңізді жазғырушы едім. Кап мінездеріңізде емес, құйрықтарыңызда екен ғой. «Ұрының арты қуыс» болады екен де, сол қуыстан жел кеулеп, кісіні құйын құйрыққа айналдыра қояды екен. Бұл халдеріңізді осы жолы өзім қылмыс өткіріп, өзімнің қопақтауымнан түсіндім. Сіздерде мылтық бар, құрал құдіреттеріңіз жеткілікті ғой. Сондықтан өздеріңіз қопақтағанда қоқаңдайсыздар да, қорыққандықтарыңыздан қорқыта бересіздер. Егер енді бақыра қалсаңыздар ақырғаннан да сұсты-қорқынышты көрінетіндіктеріңіз де сөз бар ма. Мұны былай қойғанда апат сипатты төтенше қорқынышты бір ахуалдарыңызды да өз құйрығымның осы қуысталуынан мөлшерлеп біліп қалдым: бұл қуыс, менің құйрығыма қалжыңдағы шекті бір қылмыстан ғана пайда болған, шекті қуыс қой. Кірген жел аз. Сонда да құйын құйрыққа айналып қопақтап отырғаным мынау. Ал, сіздердің қуысқа жершарының атмосферасы түгел кіріп кетуі кәдік. Сонда бұл ғаламыңыздағы мақұлықтар мен нәбәдат ауаны қайдан тауып тіршілік етпек, соншалық құйын өздеріңізді қайда тоқтатпақ? Есекқырғанға барып, қоқаңдап, күнге барып ақырып үркітер ме екенсіздер деп қорқам.
ІІІ
– Кері төңкерісші Сәйданың үстінде өткен кешегі зор күрестен не әсер алдың, қайтқанда соған байланысты қандай мәселе өткіздіңдер, осы жөнінде материал жазып тапсыр! Партияға адалдығың осы материалыңнан көрінсін, ұқтың ба? – Жаубасар ертеңіне түстен кейін келіп, терезеден осыны тапсыра сала жүріп кетті. – Тура жаз, ә, тура жаз!... Жасырмай жаз!.. Жасырсаң мәселең зорайып кетеді! – Көзеген жеріңізден қасығыңызға ілінерлік ештеңе өне қоймас, клуб сахнасы мен залдағы өзіңізге көрінбеген мәселелерді де жазайын!–дегенімде қайрыла қарап түйілді: – Сен өзің бірнешеумен бірлесіп өткізген мәселе үстінде ғана жазасың!.. Сен қазір өзіңді ғана тексерушісің, газет тілшісі емессің, ұғып қой! – Ұғып тұрмын. Өз алған әсерім мен өз мәселемді жазу үшін көргенімді, нақ қай жерінен әсер алғанымды қосуым керек. Себепсіз салдар болмайды. «Партияға адалдық көрсету» үшін расын жазудан басқа лаж жоқ! – Айттым, сен өз ісіңе байланысты мәселені ғана көр! – Екі көзім де сау қалыпты, мәселеге сыңар көзбен қараудан адалдық табылмайды!– дегенімше алыстап кеткен Жаубасарға осы сөзді ғана естірте алдым. Жаубасардың «өз ісіңе байланысты мәселе» дегені, кешегі тізіліп қайтып келе жатқандағы қалжыңдаушылардың ғана сөзі екені белгілі. Ал шындығында бұл қалжыңдарға түрткі болған түпкілікті мәселе – күрес жиынына қызды есеңгіретіп жуасытып әкелу үшін сахна сыртында соққылаған өз террорлықтарында. Жазып тапсыратын материалымда осы жайтты қысқаша әшкерелей келе мәселені былай айқындадым.
|
|||
|