Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 17 страница



 

ІІ

 

Режимге алудың мақсаты, ұйқыдан да шектеу болып шықты. Үйімнен кешкілік тамақты әкеліп берген Самсақ алдымен ұқтырды бұл нұсқауды.

– Бұл, ұйықтайтын үй емес, мәселеңді ойлататын үй, ұғып қой, түн бойы ұйықтамай ойланасың!

– Ұйықтамасын десе Жаубасар саған көрпе-жастығымды артып әкеле ме!

Күліп жіберген Мақұлбек «Сторж әпендіні» желкеден қыса итермелеп шығарды да, оған кіжіне кіріп қайта отырды.

– «Құлан құдыққа құласа құлағында бақа ойнайды» деп мына сарттың әлден басынуын!

«Бұл қай қырың?» дегендей өзіне түйіле қарап қойып, тамағымды іше бердім. Мақұлбек күбірлеп, бүгін әр жерде болған күрестердің «хабарын» жеткізе отырды: «құрған ұйымымыз бар деп Қапас мойындапты», «Тоқбай мен Зарықбек жазып тапсыратын болыпты»!

– Ұйымымыз бар дегенге сен өзің сенемісің?– деп сұрадым әдейі.

– Біздің неше жылдан бергі бірге жүруімізді ұлтшылдық блок емес деп ешкімді сендіре алмайды екенбіз, Биға, біз ғана емес ұйғырларда солай мойындап жатыр! Ақталамын деп сіз де бекер әуре болмай, мойындай салыңыз, жұртпен бірге көрмейміз бе!

– Сонда құрдан-құр «ұйым» деп, «блок» деп мен немді мойындамақпын? Байқауымша сондай табақтас болып жүргендердің ішінде Құлжан екеуің бір блок құрдық деп сендіре алуларың мүмкін. Ал оған қатынастым деп мен қалай дәлелдей алмақпын?

– «Мен» демей, «біз» дегеніңіз жөн шығар Биға! –сылқылдап күлді Мақұлбек. – Қазір «мен» дейтін, «дара, жалғыз жасасам» дейтін сөз ешкімде жоқ. Бәрі «біз» деп мойындап жатыр! – Есік пен терезе сыртындағы серіктері келе жатқан аяқ дыбыс естілді. Мақұлбек, «енді сөйлеспейік» дегендей құпиялық сақтағансып, басын шайқады. Мен әдейі дауыстап сөйледім.

– Жоқ істі бар деп бәрін шатыстырып жүр екенсің ғой!

– Мен емес, бәрі!– деп Мақұлбек тұра жөнелді. – Өздерінен естисіз әлі, онанда өздігіңізден ашылғаныңыз жақсы, мұным жанашырлық!

Сыртқа ол шыққан соң үшеуі келді де кілемнің бір шетіне қорланып отыра қалды. Өзара күбірлесіп, әңгімелесе отырды. Юсуп Қасымның аты естілгенде ғана тыңдай қалдым.

«Екі блокке қатынасыпты»,– деп қалды біреуі. – «Бірі, Әбілемет блогы, бірі, мынаның блогы..» –иегімен мені нұсқағанын байқадым да тамақ ыдыстарын жиыстырып, жастыққа шалқалай тыңдадым. Көзімнің өзі-ақ жұмулы еді. – «Бәрі әшкереленіп болды!»– деді бірнеше күбірден соң біреуі. – «Қапияда әшкерелеп жатыр...», «Шынжаң институтындағы блогы тіпті көлемді екен... Қапас ұйымдастырыпты..»

«Бүгінгі күресте Құмар да мойындапты, үлкен бастығы мынау екен!– дегенді тағы біреуі көсіп қалды...»

Мені қорқыту міндетімен әдейі естірте күбірлесіп отырғандықтарын білетінім бойынша ықылассыз тыңдап жатып, ұйықтап кетіппін. Онан соң не пәле өрбіткендіктерін ұқпадым. Бір шақта аяғымды жұлқи сілкіп оятты біреуі.

Көзімді сығырайтып әрең ашып қарадым. «Алты ит» түгел қоршап түгел шоңқиып отырыпты. Сағат түнгі бір. Мақұлбек бастап сөйледі:

– Бастықтар көріп қалса бізге сөз келеді. Басыңызды көтеріп отырыңыз!

– Біз тапсырманы орындаймыз, ұйықтауға рұқсат жоқ!– деп екеуі қатарласа үкім жариялады.

– Әңгіме айт!– деп бұйырды тағы бірі. Қалған екеуі шоңқиған қалпында ұйықтап отыр екен. Бастық кабинеті жақтан Жаубасардың шаңқылы естілді.

– Әне!– деп қалды біреуі. Аюдың дауысын естігендей үреймен ұйықтаушы екеуін екеуі түртті. Ұйықтаушылардың бірі шалқалай құлап бара жатып оянды да, бірі құлап түсіп оянды. Ду күлді өздері. Күлкіден Мақұлбек тез тиылып, тез бұйырды:

– Күлмеңдер!... Терезесі ашық тұр!

– Сөйле!... Сөйле!... Көтер басыңды!– деп сонсоң маған зекіді бәрі. – Әңгімеңді айт!..

Маған бұл зекірулері Жаубасарға өздерінің тірі екендіктерін білдіру ғана еді. «Бұралқы ит үргенмен жағады» деген мақал есіме түсе кетіп, басымды шайқап-шайқап қалдым. «Сонсоң бар қылығы адамзатта болғандықтан шыққан мақал ғой. Бұлар және 20-шы ғасырдың жоғары мектебін бітірген иттер!... Адамзат хайуандықтан құтылу үшін мектеп ашады, оқытады. Өздерінің тапқан ең жоғары білімі мен санасын балаларына үйретуге тырысады. Тырысқанда да өздерінің барлық қаны мен терін төге тырысады. Сол қан мен тердің бодауына оқып, жоғары білім алған ұрпақтарының бір тобы мынау!... Әлі сол ит қалпы...»

– Ең өкінішті жері осы!.. Ең жиренішті жері осы! –деп есіре дауыстап жіберіппін. Ыршып түрегеліп кезе жөнелдім кең үйді. Намыс пен ыза аяғымды жерге тигізер емес. Аңыра қалған аңдушыларымды жыртиған көзіммен енді көргендеймін. Осы ойдың екпінімен аузыма лақылдап келіп қалған ауыр сөздерді әрең тежеп қалдым.

– Қарашы сәугейліктерін!– деп мен жорттым. – Ой-қарымдарының сиқын қарашы! – Алдыларына келіп тұра қалдым біраздан соң. – Ей, «күрескерлер», бүгін менің денсаулығым бұзық, қузап әуре болмаңдар! Қорқытушыларыңа жауабын өзім беремін!.. Болмаса қазір-ақ айтып қояйын! – Терезені аштым да Жаубасарға естірте, өздеріне қарап зекіре сөйледім. – Күндіз таба алмаған мәселені түнде табамыз деп әуре болмаңдар!... Ұйқысырап сандырақтай бермей дем алыңдар!... «Демалуды білмейтін адам, жұмысты да білмейді» деп Ленин айтқан ғой. Идеялогиялық төңкерісте «жауды» ұйқысыратып-талықсытып жеңіп өзгертеміз деушілік – ақымақтың ісі. Себебі, бұл, жаңылтпаш ойыны емес! Көрген түс, материалистік заң алдында факт болып та мойындата алмайды. Шындығымен мойындата алмаса, идеялогиялық төңкеріс зиян тартады. Осыдан басқа сөзім жоқ. Жазып алыңдар да түс жорығыштарыңа апарып жорытыңдар!

Орныма келіп шешініп, көрпеме кірдім. «Төңкерісшілерім» күлісе-күбірлесе қисайды қатарыма. Жаубасардың біреуі қыстап жатқан шаңқылынан құлағымды аяй қымтап жатып ұйықтап қалыппын.

Түннің тыныш өткенін ұйқым қанып оянғанымнан білдім. Жараланып жұмылған көзім де жеп-жеңіл ашылды. Тағы да не сұмдық көруге асыққанын кім білсін, шырадай жанды. Сырттан сүйкімді бір таныс үн естіп, асыға киініп едім. Алты күзетшім, үйге өрт кеткендей абың-күбің өре шықты сыртқа. Есік-терезені мықтап бекіте шықты.

– Е, сен де бар екенсің ғой!– деп қалды сырттан, келген Мақпал екен. Мақұлбекке жанамалай айтқан мысқылы екенін түсіндім. – Тамағын ертерек әкеліп беріп қайтайын десем, мына Асқар алмай қойды. Көрсінші әкесін!

Күзетшілер жабыла күбірлеп, қайтып кетуді айтып жатқаны білінді. Мен дабыстап сөйледім.

– Асқар, келмей-ақ қой, өзім барамын, алаң болмаңдар маған. Тамақты мұнан соң сендер әкелмеңдер, күтушілерім көп!

– Кеше кеште, Құлжан бар бір нешеу барып, кітаптарыңды жиып алып кетті!– деп Мақпал дыбыстады. – Жазбаларыңның бәрін алды. Тексеріп қайтып береміз дейді. Бәрін де тізімдеп қол қойғызып алып қалдым. Сен де алаң болма, денсаулығыңды күт, ызаланба!

– Мақұл, мақұл, естідім. Алған тізіміңді жоғалтпасаң болғаны!... Енді қайта беріңдер, мына бейшаралардың жүректері жарылып кетпесін, тез қайтыңдар!

Мені балам мен әйелімнен қорғаушылардың жетеу ғана емес, жиырма шақты екенін, күлгендердің көптігінен білдім. Бірі «Мақпал», бірі «Нұрия», бірі «жеңеше», бірі «келін» атап қаумалап кетіп бара жатты. Мәселе болғаннан кейін тапсырғаннан абзалы жоқ» екенін қаудырласа айтып, қақпадан шығарғанына дейін тыңдап, таңырқап қалдым. Осының бәрі маған көрсетіп жүрген қалжың ойындары сияқты... «Менің жазбаларымнан, әсіресе, мен жиған ыңғай лениндік Совет кітаптарынан не іздемек?»

Тамақтан соң сағат тоғызда кірген Есқали тіпті таңырқатты мені: қызыл жүзі күреңітіп, бітіктеу көзі қанға толып алыпты. Маған қарағандағы қарашық отының шашылып кеткенінен біржолата «құтырғандығын» байқадым. Ұйпа-тұйпа сарғыш қоңыр шәші мен жамау-жамау ескі киім, «толық пролетарға айналғандығының» дакументі сияқты. «Буржуазиядан шекарамды мүлде айырдым» дегендей атыла қарады маған.

– Жә... мырза, енді сөйлеселік, көтер басыңды!

Көз алмай күле қарап орындадым бұйрығын.

– Неге қарайсың?... Неге күлесің?

– Қарағаным танымай қалғаным. Бір түннің ішінде әрқандай сиқыршы мұншалық өзгере алмас еді. Ал, күлгенім – азат болған Жұңхуа пролетариятының сегіз жылдан бері бір қабат бүтін киім тауып кимегені жоқ. Өз үкіметіне мұншалық жала жабатын пролетар да жоқ шығар!

– Тұр орныңнан!– ақырып жіберді Есқали. Сөз таба алмай қысылғандағы әдеті бойынша жұтынып-жұтынып қалды. Кеңірдегіне дым келмей тұншыққандығынан ақырғанын түсіндім. «Миына сызат түспеген ақынсымақ мынадай тосын мүсәпірлік халге түсе ме! Мұның маған жазығы, қинауға шыдай алмағандығында ғана, иә, менен шекара айырғансып көріне тұрғысы келгені ғана шығар» деген оймен бұл «бұйрығын» да орындай салғым келді. Дереу түрегеліп тұра қалдым. Азуын баса ызбарланды Есқали. – Төрт-бес жыл тойғаныңа мастанып... Табыңды ұмытып... буржуазияға құйрық түрген азғын, сенде мәселе жоқ па! Егер өткізген қылмысыңа өздігіңнен мойындамасаң, міне, мен шықтым күреске!... Шекарамды айырдым, барыңды әшкерелеймін!

– Дұрыс, шекараңды не ғұрлым тезірек айырғаныңа тілеулеспін!– деп күліп жібердім. – Неғұрлым бар-мәзімді бұзбай-шашпай, өзгертпей әшкереле! Бірақ, «буржуазияға құйрық түрдің» деп жала жаппа!... Сендерге қашан құйрық түріппін?... Мұныңа лайық қатты жауапты қоя тұрайын, иманын үйіріп тұрып, ар-намыстан безетін алдамшы, екі құйрықты таптан шықсаң да бостандықтан бері кемшілік өткізбей, жақсы істеп келіп едің. Әрқандай таласты мәселеде компартия тілімен ғана жауап беруші едің. Мен саған сондай жақсы ниетің үшін – дұрыс беталысың үшін ғана дос едім. Қылмыс түгіл, масшылықта қисығырақ басқан бірер қадамымыз да жоқ еді. Енді неден қорқып, кімнен үркіп, қай шекараңды айырып, бетіңе қайдағы күйені жағып келіп тұрсың?... Күрессең жұртшылық алдында күрес!... Кет, шық ұждансыз, жоғал көзімнен! –деп соңында ақырып қалғанымды өзім де сезбей қалыппын. Сезбей ақырсам да мұным, секемсіз дұрыс екен. Шындап шекара айрысқан адам адырайыспай айырылыса ма, тұмсық бұзыспай төбелес бола ма. Жауласқанымыз сенімді болу үшін үстемелеп ақырдым. – Жоғал көзімнен, немді әшкерелегеніңді көріп алайын!... Жоғал арсыз! – Ұмтылып сотқарлық көрсетіп алмауым үшін отыра қалдым да бар даусыммен «сайрадым» енді. – Өрбітіп жүргендеріңнің барлығы өтірік, алдамшылық, қайтып коммунизмші болмақсыңдар!... Менің көзіме қол сұққандарың «жаңсақтан» болсын-ақ, ал, компартияның көзін бояғандарың кімнің ісі!... Қаншалық ойланып жазып, жаламен ыңғай өтірік жиып мәлімдеп, төңкеріс ісін былықтырғандықтарың «жаңсақтыққа» жата ма!... Бұл алдамшылықтарың ашылмай қала ма, сол шақта не жауап бермексіңдер?... Қазірше біреу келіп, «өтірік болса да мойындай салыңдар, сендерге кір жуытпаймыз» десін, ал, мәселе анықталған кезде сол иең сендерге кір жұқтырмауы түгіл өзі немен көмілетіндігін біле ме! Жаламен пәленің барлық күйесі сендердің ауыздарыңнан ағып, қолдарыңмен шашылса, компартия алдында адалым, аппағым бола алмақсыңдар ма?...

Соқтанды қару іздеп жұтынып тұрған Есқали осы сөзімді алып өзімді көсіп жіберді.

– Барлық ұяластарың мойындап жатқан кері төңкерістік ұйымыңды жалғыз сен ақтап, аппағым бола алмақсың ба!...

– Ей, Есқали, тоқ қызыл шындыққа боқ қара жала жапқың келсе, қан майданда көп алдында жап! Шық мына кішкентай кеңсені былғамай! Қанжыға да көріселік дедім ғой, шекара айырысудың бұдан артық қандай жауабы керек саған! Бұл жолғы алып келген міндетің толығымен орындалмады ма, бар жүгір құр қиналып жұтына бергенше қиып түсетін фактыңды дайында!..

Бұл жатқаным, Жаубасардың көп амалды абақтысының бірі екен. Мөрті келгенде қағыса кетіп морт сынып тынатын осындай қысқа шоқпарлы соғыстарда болып тұрды. «Анау мойындады, әне жазып тапсырды. Мынау мойындады, міне жазып тапсырды. Сен мойындамай қайтып құтылмақсың» дегендей қара бұлт төндіріп, күркірете берді. «Өз кабинетінде» бірдемесін жарқылдатқан болып шарқылдап–шаңқылдап жібереді. Қанша күшенгенімен нажағай туа алмай жатқанын ғана білемін. Үш тәулік өтті сөйтіп. Төртінші түнде өз алдына шақыртты. Алтаудың қоршауымен кіріп, қарсы алдына жалғыз тұра қалдым. Айдаушылар есік сыртында қалды. Ырғайдай көкшіл сұр Жаубасар нәр татпағандай, тым жүдеу көрінді. Бет қабығындағы шұбар секпіл дақтары айқындалып, судан тапшылық көргендей семгендіктің нәзік әжімдері көбейіпті. Қақшиған басындағы тар маңдайына түскен селеу шашын жіңішке салалы саусақтарымен тарай қайырып тастап қарады маған. Шұбар дақтар енді мұз түйіртпектеріне айналып, зымыстан ызғарын шаша қалды.

– І...і... ойландың ба мырза?... Алдыңғы күні әйеліңе не тапсырдың?

– Сіздер алған кітап-дәптерлерімнің тізімін жоғалтпауды тапсырдым.

– Жоқ, басқа жасырын не міндет арттың деймін?

– Оған артатын жасырын түгіл ашық міндет те жоқ. Бақылаушыларыңыздың қырық шақты құлағы түрулі тұрды ғой, не деппін?

– «Жасырын міндет жоқ!»– ышқынып қалды Жаубасар. – «Алаң болма» дегенің не?

– «Менен алаң болма» демегенде, «қорық, бүжай, аю жейді» деудің жөні бар ма?

– Жөні, «ұйымымыз әшкереленіп қалды ма деп алаң болмаңдар» дегеннен басқа не болмақ! Ал, әйелің «бізден де алаң болма» деді. Мұның да не деген жауап екендігі көрініп тұрмай ма!

Жас балалы бір жас семьяның иесі ешқандай күнәсіз-түсініксіз қамалғанда менен алаң болма дейтін жөні жоқ па екен?... Бір-біріне сабыр-тағат...

– Тыңда!... «кітап-дәптерлеріңді жиып әкетті» деп құзғын сәріден келіп хабарлауының да басқаша жөні бар ма, «жазғандарыңнан шығатын мәселе болса, жауабын ертерек дайындап тұр» деп ерте келіп ескерткені екендігін кім түсінбейді!... Тыңда сөзді!.. Сонсоң әйеліңе, «мына бейшаралардың жүрегі жарылып кетпесін, тез қайт!» дедің, мұның мәнін кім ұқпайды! «Жүректеріңді берік ұстаңдар, қорықпаңдар!» дегенің емес пе!... «Қорықпаймын», «қорқытпаңдар» дегенді бізге де жиы айтып жүрмеймісің! Айтып қояйын Биғабіл мырза, мұныңды енді мүриттеріңе уағыздай бергенше өзіңнің де қорыққаның жақсы. Есқалидан үлгі алғаның жөн!... Жетті енді, төңкеріс сабына қосылған комсомол Есқалиды қорқытқан сөзің де бір басыңа жетіп жатыр!... «Төңкерістік алдамшылық, факттерің өтірік пен жала. Шындығымен мойындата алмаған төңкерістік сөзсіз жеңіледі. Бастықтарың боққа көміледі. Сонда сенің аруағың қайда болатындығын ойла!» деп қорқыттың ғой! Мұның да кері төңкеріс емес пе!... Бадыраймаңыз! Осыларыңның бәрін, көзіңді шығартпай ғана жазып тапсыр, ұқтың ба!

– Жиған-терген бұралқы қоспа жалаларыңыз тағы да бар шығар? – қарқылдап күлдім. – Бәсе, жау деп досты басып беретін, қасқыр деп қой соғатын «жаубасар» екендігіңізді енді көрдім!... Бірақ менен әлі қатты өкпелейтін жеріңіз бар: мен, кімге не сөйлегенімді нүктесіне дейін ұмытпайтын малмын. Жаз десеңіз, көзім шығар деп қаймығар мінезім тағы жоқ, дәл өзін ғана жазып беремін. Өтірік жаз, бұрмалап жаз деп әрине менің өз бетіме айта алмайтын шығарсыз, солай емес пе? Рахмет оныңызға!... Қашан жазайын?

– Қазыр жаз!... Қазір бара салып жазасың, ұйықтамайсың! – Жаубасар соңғы сөзінде аспанды шарт айырғандай шақ ете түсті. Түсі тіпті бұзылды. Айтып қояйын осы айтқанымды бұзып, бұрмалап жазсаң, қайта жаздырамын. Қашан дұрыс жазғаныңа дейін жаздырамын!

– Абақтыңдағы сөйленген сөз менікі, тыңдаған құлақ көптікі. Сіз кабинетте отырып, менің айтқаным бойынша жаз десеңіз, кейін көп алдында күлкіге қаласыз. Өз сөзімді бұрмай, бұзбай жазуға басыммен жауапкермін!

– Әр сөзіңді айтқандағы мақсат-идеяңды да жасырмай жазасың! – Жаубасар бұл нұсқауына келгенде тіпті қатты шаңқылдады. Құлағымды баса есікке бұрылып бара жатып күле қайрылдым.

– Жауке, орыс халқында «күн күркіремей мұжық шоқынбайды» дейтін мақал бар. Олар, мұжық қой, көне надан шаруа. Ал, мен, сізше айтқанда «интеллигентпін». Нажағайдан қорқып шоқынар деп ойлай көрмеңіз, қорықпайтын басқа себебім де көп. Коммунистік партия бар жердегі адам өзінің қылмысынан ғана қорқуға тиісті! Сізге осындай оңашада айтып алуым қылмыс болмас: әнеу күні көзімді шұқытып, бүгін, «көзің шықпай тұрғанда» деп балаша қорқытқаныңыз, әрқандай естияр азаматтың намысына тиетін қорқыту. Егер көзім шықса, тіпті қорықпайтын «көзсіз тентекке» айналмаймын ба! Онда менің аянатын нем қалады?... Көз деген өзіңізде де бар шығар... Ал, қоғамға ешқандай жазығым жоқ екендігін біліп тұрып, осыншалық одағайлық көрсетуіңіз, ойын ба, шын ба?..

– «Ойын ба?» – Жаубасар тіпті шаңқылдады. – Қияметіңді ертең-ақ көрсетемін! Ей, кім бар сыртта, әкетіңдер мынаны!..

Абақтыма келген соң алдыңғы күнгі Мақпалмен кешегі Есқалимен сөйлескен сөздерімді сол қалпында, бұзбай, өшірмей жаздым да соңына ақ жол қалтырмай ескерту қостым:

«Дұрыс сөзімді бұрмалап, аузымды ашсам–ақ жала жабатын бұзғыншылық жойылмай жатыр. Сондықтан бұл материалымды анықтап, таза жаздым. Өшірілген, иә сызылған, жол сыртына қосылған сөз болса инаватсыз».

Атымды да оқшаулатпай, осының аяғына тығылыстыра қол қойып тапсырдым да ұйқыға жаттым.

– Қазірейілдерінен қорықпайтындығымды енді білген сияқты, басқа періштелері мен сайтандары мұнан соң ұйқымды бұзбайтын болды.

Жаубасар көрсетемін деген «қияметін» ертеңіне көрсете алмады. Содан тағы да үш күн тыныш ұйықтап оянған бір сәскелігімде аулада абыр-сабыр жүріс көбейе қалды. «Жерлік ұлтшыл» дегендерін әр жерге қадай тұрғызып, әрқайсысының сыртына екіден қарауыл қойыпты. Бір шақта әр «ұлтшылды» сол екі бақылаушысы ортаға алып тізіле бастады. Мәселелерін «өздігінен» артығымен тапсырып, «төңкерісшілер Қатарына қосылды» делінген қылмыстыларды бақылаушылары тіпті желкелеп апарып тізді.

Қалық, Ынтықбай, Рақымқан, Өлзе, Нұралы, Юсуп Қасым, Ясын Әмәттар бір-бірімен сөйлесіп қоймасын деген бұйрық бар сияқты. Тізім бойынша айырым-айырым шақырылып, зор тізбектің әр жеріне алыс-алыс тізілгенін терезеден көріп тұрдым. Ең артта мені апарып тіркеп, екі жағыма екі күзетші тұрғызды. Соңыма да кілең авчарка тізіліпті. Құлжан мен Мақұлбек дәл желкемде айдай жөнелді. Алдымдағы ортаға алынған тізбек ұйғыр, қазақ, мұңғыл, өзбек... әйтеуір ыңғай «жерлік ұлтшыл». Санап көрсем елуден асады. Мәдени-ағарту саласының өз кәсіптеріне маманданғандары осы мөлшерден аса қоймайтын. Демек, түп-түгел-ақ қоршалыппыз!..

«Қияметіне» енді апаратыны білінсе де сонысының қайда екені әлі белгісіз еді. Үлкен дарбазадан шыға күншығысқа қарап айдалуымыздан оны да білдім. «Шынжаң ұлттар институтында» екен. Бұл көшеде одан басқа орында «қарасарт майданы»[30] боларлық кең майдан жоқ. Әйтеуір моллаекемдердің қиямет қайымда «сүреді, үреді» дейтін Исрапыл дауылы соқпады. Жаз иісі мен жаз шуағын себе жарқыраған жайдары күн сәскеден көтеріліп қалыпты. Мұны бүркеп қияметқайым зұлыматына сүргізу, Жаубасардың қолынан келмей қалған өнер босла керек.

Маңымызға адам жолатпай айдап апарып, институт клубына кіргізді. Үлкен зал екі аяқты жануарға лық толып алыпты. Зал басқарушылар бізді бөліп-бөліп, сыналап қағып әрең орналастырды. Қарасам, бір жағымда «қатерлі жерлік ұлтшыл» тарихшы Юсупбек Мұқылс, бір жағымда «атақты Алашордашыл» жазушы Қалық Қасқырбаев отыр екен. Үшеуіміз бір-бірімізден үріккендей үңірейісе қалғанымызда сахнадан қақшиып Жаубасар қарап тұрыпты. Отыру-тұру да өзі жасатқан тізім бойынша басқарылмағанымызға шамданғандай шақшия сөйледі біреулерге. Олардан өте ыршып барып, өзінің Бижіннен бірге келіп «айғайкөк» аталған орынбасарына саусақтарын ербеңдетті. Ол, театр, кино, әсемөнер саласындағы күреске басшылық етіп тұрған құдірет иесі еді, айналып жүгіре түсті сахнадан. Мықты тыңшыларын бір-бірден жіберіп, алды-артымызға сыналаған соң біз де тынышталып, күле қарастық бір-бірімізге.

Клуб залына «дазыбау» да, ұран да жапсырылмапты. Бұл жиын кімнің үстіндегі «қиямет» боларынан ешқандай белгі жоқ. Юсупбек зал қабырғаларына түгел қарап алып, ашық сұрады.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.