|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 16 страницаҚалық дазыбауда қойылған мәселелерге жауап бергенде жайтартқыш болып, бәрін де өз басына тарта берді. Ал, менімен байланысына келгенде мықтылығын тіпті айқын көрсетті: «мен, Биғабілді аса қызыл жүректі жігіт деп біліп келдім. Ол марксизм мен коммунизмді ғана біледі. Өз идеясына жақпайтын пікірге келгенде кескін қарсы тұрып, дереу қағып тастайтын азамат. Сондықтан оған өз мақсатым жөнінен сөз ашқан емеспін. Нанбасаңыздар өзі айтсын!» –дегенінде бірнешеу жұлқына түрегелді орындарынан: – «Биғабілдің жүрегі қызыл ма!», «дәлелде, төңкеріске қарсы сөз сөйлемейтіндігін!», «қара өзінің қанды ауыз ұяласын ақтап тұрғанын, үй айтшы қане, сол Биғабілің қате сөйледің деп кімнің аузынан қағыпты?» – Көпшілік, мен өзімді аямай әшкерелеп тұрғанымда басқа ешкімді де аямақ емеспін!– деді Қалық, баяу ғана. – Барды-бар, жоқты-жоқ деймін! Биғабілдің ондай мінезіне, әр күні оның үйінен шықпайтын Мақұлбек пен Құлжан да куә! Биғабілдің зейілдігін ең көп көріп, ең көп сындалатын осы екеуі болатын!... – Тоқтат ақтауыңды! – Жаубасар шаңқ ете түсті. – Ақтап кете алғаныңды әлі көреміз!... Жолдастар, күресіміз қазір Қалықтың үстінде. Өз мәселесін тапсырсын, көрелік, сабыр етіңіздер!... Сөйле, өз ұйымыңның мәселесін! Қалық, енді тіпті кеңи сөйледі: – Менің өз мақсатыма көмегі тиетін жоғары құқығы бар Жағда, Әбілемет, Әбдрейім, Шаймардан қатарлы кісілер мен байланысым көп. Мәселен, автономиялы облыстар мен осы автоном районды құру қызметінде көп сырластықтарымыз болған! –деп бастады да өзінен жоғары қызметкерлермен сол кезеңде сөйлескен ұзақ сонар әңгімесін сөйлей жөнелді. (Бұдан мен, автоном райондық парткомның саяси – заң бужаңы Жағда мен Іле облыстық сот бастығы Шаймарданның да ұшынғанын ұқтым.) Қасқырбаев ондағы «мәселелерінің» парткомдағы күресте әшкереленіп болғанын сезіп, енді өздігінен әшкерелеген болып көрінбек сияқты. Жиын тарайтын уақыт жақындай бергенде тұжырды сөзін. – Көпшілік, менде мәселе әлі көп, байланысқан адамдарым да көп. Сондықтан ауызша сөйлегенде бәрі есіме түсе бермейді. Енді қалғанын жазып тапсырайын!– деп өтінді. Жаубасар сағатына қарап алып шаңқылдады: Биғабілмен болған байланысын толық жазып әшкерелеуді ерекше нықтап бұйырып Қалықты отырғызды да жол-жорықтарын сықыртып-сықыртып жіберді. Кері төңкерісшілер қаншалық жасырынғандарымен құтыла алмайтындықтарын, мәселелерін жасырған сайын шырмалатындықтарын жарты сағат сөйлеп таратты жиынды. Сол жарты сағатта шатырлатып, нажағайлы нөсердің жарым күндік қаһарын төгіп үлгерді. Ертеңіне таңертең Жаубасар Мақұлбек сынды активтерін іріктеп алып, басқасын қызметтеріне қайтарды да бізді Самсақ строждың алдына салып берді. Қайта шақырылған Самсақтың айқұлақтана шығуынан дәрежесі қаншалық өскенін мөлшерлей алмай қалып едік. Жантаңдап барып, Қалықты үйінен айдап келді. Біздің соңымызға тіркеп қойып, табан бір сағат «тәрбие бергеннен» ғана түсіндік, мекемесінің орынбасар бастығын «Биғабілмен сөйлескенін көрсе» соттайтын құқық алып шығыпты. «Жазып тапсыратын мәселеңді түнде жазасың. Күндіз, неше жылдан бергі жеген тамағыңды адалдау үшін еңбек істейсің!» деп зекіді Қалыққа. Тозып біткен тұқыл сібірткіні ұстата салып сұрады өзінен,– «ұқтың ба?» – Ей,– дей шақырды Қалық, – мынауыңмен жеген тамағымды қайтып адалдай аламын?... Сібірткіге түнеукүні біз шығарған ақша қайда? – Жауап бере алмай қалған сторжға оның дәл өзінше зекірді. – Бар, сібірткі әкел! «Сторж әпәнді» көшеге жантаңдай жөнелді де, күнәкәрлар тобы күлісіп алып, тап-таза жерді тырналай берді сібірткі тұқылдарымен. Осы оңашалықтан пайдаланып, «сөйлессек сотталатын» кісіден зор қалпақ киюге құмартқан жайын сұрай қойдым: – Сіз соншалық неліктен қараладыңыз өзіңізді? – Түбінде қараланбай қоймайтын болған соң олардың қара бояулары жұқпасын деп алдын ала боялғаным ғой,– деп күрсінді Қалық. – Жүрек ауруым бар, көп айқай мен ашуды көтере алмаймын!... Ал, мына Жаубасардың тегі кім екенін білемісің? – Қалық менің Жаубасарды танымайтындығымды білген соң өзі таныстыра сөйлеп кетті. – Әкесі бай еді. Гомендаң дәуірінде баужаңдық[29] мәнсап алу үшін бар малын параға шашып, тақыр жерге отырып қалған. Ал, ағасы үш аймақ төңкерісінде соғысқа, иә, қызметке қатыспай-ақ әркімнің знагын ұрлап, жетпегенін қаңылтыр мен қалайдан өзі жасап, «шенге» шапанның екі үгірін толтырып алған. Сонысымен сахара халқын шақылдап қорқытып, тапауат тауып күн көрген. Сол ұрпақтың мына Жаубасары шын мәнсаптың мынадай орайы келгенде кімді оңдырар дейсің!... Дауысы да сол ағасына дәл ұқсапты. Бұл дауысқа менің әлжуаз жүрегім төтеп бере алар ма!... Кейінірек бір жөнімен құтылармын. Ал, өзің сақ бол! Соңыңда тыңшы көп, маңыңда болғандардың бәрі де тергеуге түсті. Сенен қолға тұрарлық мәселе табыла алмай сандалып жүр. Мықты ұста өзіңді!... Халқымыз үшін сен өте қажетсің! Қалық жерді аттата сыпырып, менен тез алыстады. «Туған ел мұқтажы үшін еңіреп өткен есіл ағаларым-ай!» деген ащы ойымнан көз жасы өніп келе жатқанын байқап, басымды шайқап қалдым да жерді мен де тырналай жөнелдім. Алып қалған активтеріне сағат онға дейін шаңқылдаған Жаубасар, мәдениет мекемесінің жалғыз «Жипіне» отырып, шоферын иығынан қағып қалды да зырылдата жөнелді. Оның бүгінгі ашуы, кешегі көпшілік алдында байқамай, Қалыққа мені ақтатып, Мақұлбек пен Құлжанды қаралатып алуынан екенін тұспалдадым. «Енді жоғары жағына барып, табысы мен осы сәтсіздігін баяндайды да жаңа нұсқау алып қайтады...» Жаубасар сол күннің іңірінде мәдениет мекемесінің бастық кабинетіне мені шақыртты. Қарсы алдындағы орындыққа отырғызып, баяу ғана тастады сұрағын: – Қазір маңайыңда не болып жатқанын білемісің? – Айқай-сүрен күрес болып жатыр! – Әп, бәле, дәл солай. Ал, социализмге қарсы өз блогыңда не жаңалық болып жатыр? – «Бар нәрсе жоқ болмайды, жоқ нәрсе бар бомайды». Жоқ блокта ескілік те, жаңалық та болмақ емес! – Онан да білмеймін деші. Ендеше тыңда!... Қазір ұйымдастарыңның бірнешеуіне берген тәрбиеміз сіңді, беттері бізге қарады. Өздеріне де, сені де, блоктарыңды да әшкерелеуге кірісті. Сен өзің де жассың Биғабіл. Обалды болып кетпе!... Алдымен өзіңнің өздігіңнен әшкерелеуіңе орай тудырып берейін. Барлық мәселені өзің ашып тастаған болып шық та барып орныңа отыра бер! Қателігіңді танып мойындап, жолдастар қатарына қосыла алсаң, сенен біраз жеміс күтуге болатын интелегентсің!... Өзіңе–өзің қас қылмай, бері бұрыл! – Өмірімде менің артқа, иә, оңға бұрылған бір минутым да болған емес, Жауке. Бетім үнемі социализмге қараулы. Жақыннан бері сіздердің маған осылай қарап қалуларыңызға таңданамын. Осы қоғамда беті «бері қарап тұрған» қызыл интеллигент жоқ деп ойлайсыздар ма?... Осыны өздеріңіз бір ойлап талқылап көріңіздерші, пролетарияттың қай көсемінде осындай түсінік болған? Олардың өздері қандай ортадан шыққан? Ашып айтайын, бұл сыңар жақты көзқарас! Бәрінен де күмәнданумен бәрін де теріске шығарудың не екендігін, оның қайда апарып тірейтіндігін білсеңіздер керек!... Сіз, толық қызылға айналып келген» ең жаңа кадрымызсіз», осы пікірімді жоғары жаққа жеткізіп беріңізші! Өзін ойлатып, жұмсатар деген үмітпен айтқан бұл өтінішімді тұмсықтан қойып жіберді Жаубасар, столды шарт еткізіп, шаңқылдай жөнелді. – Сен, кедейден шыққан интеллигент, өзіңе таңырқа! Компартия күмәнмен іс қылмайды, көреді. Кімнің сойылын соғып сайрап, кім үшін ұйым құрып жүргенге таңырқа! Сайрағаның тұла бойымен «ұлттық мәдениет», буржуазиялық ұлтшылдық! Құрғаның сол мәдениетшілдік желеуімен төңкеріске Маузыдұң идеясына, марксизм–ленинизмге, социализм–коммунизмге қарсы ұйым!... Дәл қазіргі бізге кінә қып жауып отырғаның, жала!... Осындай «қызыл интеллигент» бола ма! Енді не істемексің бұдан артық!... Жаубасар осы жалаларын талдап дұрыстап, үш сағат шаңқылдады. Құлағымдағы мақтаны миға қарай сүңгіте түстім. Мұндай бажылмен, зәуліғалам, жақсы кеңес айтылса да жаман ұғым беретіні белгілі ғой, ал, бәрінен жаманы, менің жауап айтуыма сол үш сағаттың бір минутын да бермей бажылдауы болды. Сөйтіп «жеңіп», мәселелерімді толық тапсыруды міндеттеп қайтарды. – Жауке, мұнан соң фактпен ғана сөйлесемін. Алдыларыңнан өттім. Ендігі айтысуымды «партияға қарсылық» демейтін болыңыздар! Себебі, заң да партияның заңы!– дегенді айтуыма, шығып бара жатқанымда ғана уақыт тиді. Соның ертеңіне жеңіл мойындайтын «ұлтшылдардан» ең жуас біреуін тартты күреске. «Жеңіл мойындайтын ұлтшылдар» дейтініміз – ең ауыр сайрап, Ұйғырыстан атты «дербестікті» ашық талап етушілер, яғни, қылмыс факты айқындары. Ал, «жауас» дейтініміз – бала-шағасы көп, ауыр семьяны жалғыз еңбек ақысымен әрең бағып отырған интеллигенттер. Мұндайлар өздерінің «қылмыс» ашықтығымен, тұрмыс мұқтаждығының ықпалында болғандығымен, не күнә артса да мойындап жалбарына беруге тиісті. Басын иіп тұрып сөйлесе де желкеден басып, жетекке көніп тұрса да жұлқып, естіп тұрса да құлақтап шаңқылдап, неше еселеп мойындатты бұл күнәкәрді: «мақсатым, алдымен Жұңхуа халық республикасынан бөлініп дербес держава құру... онан соң Маужуши мен компартияны жою... Осы жолмен үш тәулікте оңайлардың үшеуін соқты Жаубасар. Кешінде жеке жиынын ашып, активтеріне бір шаңқылдап алды да төртінші күні маған төне қалды: – «Зорлықпен мойындағаннан өздігінен мойындаған жақсы. Кейін мойындағаннан бұрын мойындаған жақсы. Шала мойындағаннан толық мойындаған жақсы», «қателесу қылмыс емес, қателігін танымау қылмыс», «аспанда төр, жерде қақпан, шығу жолы – қылмысын тануда ғана»... Ұлы көсеміміздің бұл нұсқаулары – мызғымас шындық, өзгермес заң екендігіне неше күннен бері Биғабілдің өзі де көріп отыр. Нендей зор, нендей апатты ауыр қылмыс өткізгендердің тек, мойындау жолымен ғана құтылғандықтарын көріп отыр. Мінеки соншалық кері төңкерісшілдердің қайсысы кетіпті түрмеге, түп-түгел отырмай ма! Біздің мақсатымыз, «ауруды емдеп, адамды құтқару». «Ауруын жасырған адамның өлімі әшкере болады». Қараңғы көрге сондайлар ғана айдалады. Ал, және, «бірді жойып, мыңға үлгі ету» заңымыз тағы бар. Биғабіл әнеу күні заңмен сөйлеспек болды. Айтып қояйын, біздің қазіргі идеялогиялық төңкерісіміздің заңы осы. Себебі, бұл, идеялогия күресі – таптық зор ақ, зор нахақты айыру күрес. Демек, Биғабілдің ол заңшылдығы, қазір көне заманның сөзі болып қалды. Одан бері бірнеше кері төңкерісшінің үстінен ашылған күресті көрді. Ойланған шығар. Алдымен содан алған әсерін сөйлеп, позиция білдірсін! Жаубасардың осы сөзі бітісімен тұруымды бұйырған жүз неше Жаубасардың шаңқылы бір-ақ көтерді залды. Мына дауыстарынан бір Жаубасар жүзнеше Жаубасарға айналғаны білінді. Құлағымды тығындай барып, нұсқаған жерлеріне тұра қалдым. Бәрі сұп-сұр, бәрі қанды көз. Тіпті Қалық та, Ынтықбай да, Рақымқан да солай көрінді. – Ал, менен алдымен позиция білдіруімді, бірнеше күннен бергі күрестерден алған әсерімді сұрадыңыздар ғой,– деп бастадым жауабымды. – Тағы да шынымды айтайын. Өтірік айту, партия алдында да, мына көпшілік алдында да, қоғам алдында да қылмыс. Мен көріп тұрып қылмыс жаққа баса алмаймын. Бұл бірнеше күннен бергі күрестерден алған шынайы әсерім мынау: бұл күрестерде мен ыңғай өзіме-өзім өкпелеп, қатты өкініп, қиналып отырдым... – Әп, бәле, міне осылай болу керек!– деп қалды Жаубасар. – Өзіне-өзі наразы болмай, ешқандай адам өзіне-өзі төңкеріс жасай алмайды. Қане сөйлей бер! Күйініп тұрсам да күліп жібере жаздап жалғастырдым сөзімді. – Расында да қатты наразымын өзіме. Менің алдымда күреске түскендер бақытты екен: өздеріне аужал етерлік қылмыс тауып алыпты. Оларға жауап беру оңай болды, өздерінің өткізген мәселелері көңілдерінде дайын тұрды. Жауаптарын себептерімен, дәлелдерімен төрт аяғын тең басқызып ағыза жөнелді. Бір-бір тәулікте ғана мойындап, оп-оңай «құтыла» салды. «Қатарларыңызға қосылды». Бұларға бақыт құсы қайдан келді деп ойласам, тұп-тура сайраған сайрастарынан келіпті. Егер мен де солай шаптан түрте сайрап, дербестік талап еткен болсам, жауап беруім оңайға түседі екен. Өзіңде болған мәселені мойындаудан оңай іс бар ма, дәлел іздеп қиналмайды екен. Ал, менші?... Сайрауымнан да, мақсатымнан да, істеген ісімнен де бір мысқыл қылмыс таба алмай... – Тоқтат бос сөзді! Тоқтат! – шу ете түсті Жаубасар. – Аз қалды сөйлеп болайын!... Расында да мойындарлық мәселе таба алмадым. Жоқ мәселе үшін жауап беруден қиын мәселе жоқ екен. Бірнеше күннен бері содан қиналдым. Ал, басқалар сияқты мойындай салайын десем, жоқ нәрсенің сипалайтын орны да жоқ, қанша зорланғаныммен тауып, оның себебін, мақсатын, әрекет-қимылын орналастырып бере алмайды екенмін! Енді көпшілікке бір өтінішімді айтайын: сіздер әрине мен де мәселе бар, тіпті зор мәселе бар деп ортаға шығарып отырсыздар ғой, сол бар деген мәселелеріңізді бір-бірден ортаға қойыңыздар, бір-бірден жауап берейін. Егер қылмыс тауып, мойныма қондыра алсаңыздар, одан қорқу емес, қуанамын. Өйтетінім, «шығар жолым» содан табылады ғой, шын жүрекпен көмек ретінде қарсы аламын!... Сөзім бітті. Көп белсенді шулап кеп берді. Түгел қол көтеріп, түгел өндіршектеді: «мен сөйлеймін! Мен! Мен! Мен!..» – Көрдің бе, мәселе жоқ па екен! – Жаубасар маған атыла қарады. – Көпшілік білмей ме екен!... Додаға түспей тұрып өздігіңнен тапсыр! – Өзімде жоқ болған соң алақанымды жайып тұрмын, мәселе тауып берулеріне рұқсат етіңіз! Жаубасар бір түрлі ишарамен иегін көтеріп кеп қалды. Шуылдай жөнелді көп Жаубасар. Бір-біріне кезек берер емес. Бірі шаңқылдап, бірі шаңғырлап, бірі саңқылдап, бірі маңқылдап... тағы-тағы, немене, әрқайсысы өзді-өз дауыстарымен жаудыра жөнелді бірдемелерін. Әрқайсысында түйілген бір-бір жұдырық. Жұдырықтары кішіректері сұқ саусақпен құралданыпты. Жұдырықтарымен көзіме факт ұрғандай, сұқ саусақтарымен аузыма «мәселе» сұғып жібергендей түйгілеп, түрткілей берді. – Мына жиындарыңыздың басы қай жерінде? Ұғайын, бір-бірден сөйлетіңізші!– деп Жаубасарға мен де естірте сөйлеп қарап едім. Бәрі бас болып көріне қаптады маған. Көзіме, құлағыма, мұрныма, аузыма, алқымыма құйып жатты «факттерін». Кірпігімді де қақпай, бас Жаубасарға қарап тұрып алдым. Бағынысты Жаубасарлар бас мүшелерімен симаған «факттерін» бүйіріме, кіндігіме... тағы-тағы қай-қай жерлерімнен тықпалап жатты. Міз бақпадым. Көзімнің сауырақ біреуі әрең ашылса да әлі де бас Жаубасарда. – Ей, сенің оқып келгенің осы техника ма еді?– деп саңқ ете түстім. Бас Жаубасар арашалаған бейнемен шаңқылдап келіп жауынгерлерін орындарына қайта сұрады менен. – Ұқтың ба қойған факттерін? – Факт деген не?... Жұдырық па?... Сен менен жауап алмақсың ба жан алмақсың ба? – Бұл деген – төңкеріс! – Шақ ете түсті Жаубасар. – Берілсең, жауап алады, берілмесең осылай жан алады! – Бұл қай «төңкеріс»?.. Бағанағы аузыңмен айтқанда «идеялогиялық төңкеріс» емес пе еді? Идеялогиялық төңкеріс жұдырықпен, найзамен орындай ма міндетін! – Қалай болса да төңкеріс! Көпшіліктің күрескерлік отына су құя алмаймын! – «Қалай болса да төңкеріс» болсын, төңкерісті бас басқара ма, жұдырық басқара ма?... Егер жұдырық басқара беретін болса, мен де тілмен жауап бермеймін! Айтып қояйын, бұл ызаға шыдамай, Әбдірейім Айсаша өзін-өзі өлтіре салады деп те, қорқытып аламын деп те үміт күтпе! Жаубасар сырт қарай беріп тағы да ым қақты арқыратып-шарқылдатты көп пәлесін тағы да қаптатты маған. Өзі айтақтап алып, өзі арашаға тұра қалды да екі аяқты абалаушыларын қайта қуды. – Сабыр көпшілік, сабыр ете тұрыңыздар, шыдай тұрыңыздар!... Қалай болса да адам баласы ғой, сөз ұғар. Өзінің қойып тұрған талабы бойынша көмектесіп, мәселесінің мәнбағын түсіндіріп көрелік!– деп барып өз орнына отыра сөйледі. – Биғабіл мырза, сенің кері төңкеріс жолына түсуің, ең алдымен ұлт мәселесіне буржуаша қарауыңмен басталған. Ұлт деген тарихтың капитализм сатысына өрлеу кезеңінде тұтасқан. Демек, капитализмнің жемісі!– деп маған шақшырая бір қарап алды да қисық дөңгелекті арбасын шаңғырлата жөнелді: ұлттар ыдырап жоғалмай, адамзат санасына интернационализм «тұтаспайтындығын», «сондықтан ұлт деген – «социализм ісінің кедергісі екендігін», «сондықтан, ұлтшылдық пролетарияттың қас жауы екендігін» ұлттық мәдениетті өркендету деген желеудің – «ұлтшылдыққа темір қорған соғу екендігін», «оны пролетарияттың құрыш жұдырығымен ұрып, жоғалтуға еріксіз мұқтаж болып отырғандығымызды» құлағыма қадап-қадап қаға берді. «Социализм ісін қолымызға енді ала бергенімізде оңшылдармен сен сияқты жерлік ұлтшылдардың құтырып шыға келгендігін», сондықтан, «сендерге қарсы бұл күрестің өмір, иә, өлім күрес болып қалғандығын» шықына сөйлеп тоқтады. – Ұқтың ба?– деп сұрады сонсоң. Жаубасардың мына теориясы – ұлт мәселесінде марксизм мен ленинизмді бүтіндей қара сырмен сырлайтын, ең ұшына шыққан солшылдық еді. Егер бұл теория қатал сындалып тойтарылмаса, социализмдей қасиетті мұраттың бүкіл әлем алдында абыройдан тақыр жерге отыратындығы айқын болатын. Бірақ, мұны, қазір ашық сөйлесем, өзімнің құртылатындығым белгілі. Сонда да ең нұқсанды сөздерін мына көпшілікке ескерте тұруды ойланып көрдім. Тым болмаса, «бізді не десең дей бер, жалғыз-ақ, ұлт мәселесі жөнінен, марксизм мен ленинизмге жала жаппаңыз!» дей салғым келді. Жаңағы сұқ саусақтардан ісіп, жұмылып кеткен көзімді бір сипап, сөзге ыңғайландым: – Мына лекцияңнан ұққаным бойынша қысқа ғана пікір айтуыма рұқсат па? – Ойлан, танымыңның әлі пыспағандығы көрініп тұр!– деп зекіді Жаубасар. – Биғабіл бүгіннен бастап режимге алынды. Самсақ жолдас, үйінен көрпе-жастық әкеліп бер!... Мәселесін қашан танығанша осында жатады. Біз қосқан адамнан басқа ешкіммен сөйлесуіне рұқсат жоқ!... Мені қолға алған бейнемен екі активі екі қолтығымнан тартып апарып, қақпа жақтағы бір бөлмеге кіргізді. Жақын емханадан сестра шақыртып әкеліп, көзімді, құлағымды, мұрным мен ернімді дәрілетті. Мекеменің үлкен кілемін жайып отырғызды да екі жағыма үш-үштен алты актив келіп тұра қалды. – Жаңа не сөйлемек едіңіз, айтыңыз, біз жеткізіп қоялық! – Ол, сәлемге жолдайтын сөз емес, көпшілік алдында сөйленетін сөз. Осы жауаппен басқалар есік-терезе күзетіне шығып кетті де, араларындағы жалғыз қазақ Мақұлбек отыра қалды қасыма. Тағы да сайтаншылап сыр тартпақ дәмесі барын сездім. Күрсініп жіберіп сыбырлады. – Жеңгейге айтатын сәлеміңіз бар ма? – Жоқ. – Ағайындардың қайсысына болса да... Ар алдында сеніңіз, ешкімге білдірмей жеткізіп беремін! – Арыңды қай жеріңе сақтап жүрсің ей?– деп күліп жібердім де шын жауабымды айттым. – Басқаларға айтар сәлемім жоқ. Құлжан екеуіңе ғана бар: мәселелерің көп еді. Оны өздеріңе уақытында айтып, тілдеп-сындап болғанмын. Тек, сол идеяларыңды түп тамырымен өзгертсеңдер сөзім жоқ. Егер өзгертпей, қулық-сұмдықпен күн көре береміз десеңдер, құйрықтарың қашан да менің қолымда! Данышпан тергеушім, өзіңізге қарасты ғаламда сізге мін тағудан қорықпайтын адам бар ма? Сондықтан кесіп айтуға болады, данышпандығыңызда шек жоқ. Тек, «пұт та, өлік те емессіз ғой», түйсік жағынан ғана кем жаралғандығыңыз бар. Кешіре көріңіз, сәл ақымақтаусыз. Қоқаңдап қорқыту жолымен ұжмаққа кіргіземін дегенге тозақ көрген пенде сенбейтіндігін түйсігі бар әкім түсінбей ме. Соны мүлде түсінбейтіндігінен сіздің Жаубасар жолдасыңыз, тіпті марксизмді де адамзатты қорқытатын құралға айналдырып ала қойғанын осы тараудан көрдіңіз. Түйсіктен соншалық жақжұтылықтарыңызды былай қойғанда сіздер өз әкелеріңіздің де кім екенін білмейді екенсіздер. Қоқаңдап қорқытушылардың жасырын әкесі шындығында сол өздері қорқытып жүрген надан қорқақтар емес пе? Жүрегі мықты, ақылы дұрыс әкімнің қоқаңдамайтындығы осының дәлелі. Өзі қорықпайтын адам қоқшыраймайды. Күшіне сенетін ит те шабынып үрмейді.
|
|||
|