|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 15 страница– Жұмысшы табынан емес? –деп қожайын маған шатынай қарады. Менің мысқылдай қараған сұқты көзімнен көзін тайқатса да сөзін тайқатбай, шамданғанси жалғастырды. – Енді немене екенмін? – Нағыз жұмысшы өзіне бағынатын басқа адамдардың үстінен эксплутация жүргізбейді. Өзінің жеке жұмысына салып құлданбайды. Ал, сізші?... Мына басқару стиліңізге қарағанда мүлде ұқсамайсыз! Оңтүстіктегі тордан бұл жаққа қашып келіп, жұмысшы болып алған помещик пен бай егіншінің балалары әлі тазаланбай, қолға түспей жүргенін білесіз бе?... Соларға шатылып, тергеуге түсіп қалмаңыз! Мына «жерлік ұлтшылдар» дегеніңіз, түгел оқыған бірдеме білетін «шаятүндер». Есіңізде болсын, бұларға заң жағының қалпағы әлі кигізілмеді. – Мен сізге айтып қояйын, бұлардың ісіне кіріспеңіз! Екінші мұндай кіріссеңіз, қайнатамның өзі болсаң да аямаймын! – Ая деп мен сенен өтінбеймін. Ая деп мына бастықтарыңнан да өтінбейтіндігімді күрес үстінде көргенсің. Мен сені аяп айтып отырмын. Нағыз еңбекші табынан шыққан болсаң, жұмысшы стилінде бол. Төре емес, әпәнді емес, тұп-тура жұмысшы бол!.. Бұл сөзім қате ме? Қолымдағы сібірткіні орнына қойып, іс уақыты біткенін айттым да үйге қайтып жүре бердім. Ертеңіне таңертең келгенімде түндегі жауған қарды «сторж әпәндінің» өзі де сыпырып жүр екен. – Мына «пері соққанды» немен емдегенсің?– деп сұрады «құйын соққан». – Шипа қонғандай ма? – Көз қиығыммен Самсаққа бір қарап қойып сұрадым. – Шипа қонғанда да қолма-қол, жынын кеңірдегінен суырып алыпсың. Кеше кеште бірдеме деп тастап, қақпадан шығысыңмен жуасыды. Бізді де кеш қалдырмай қайтарып, таңертең мекеме қызметкерлерімен бірге келсек те болатындығын айтты. Бүгін сібірткі мен күректерді өзі әкеліп өзі бастап істеді. – Мұнан соң көпшігін көтеріп қайтадан құтыртып алмай ғана бағыныңыздар! Бізден үріккені қазірше бала жындары ғана. Үлкен жын әлі ішінде жатыр. Онысын кейін көрерміз!– деп қана қойдым. Осыдан бастап қожамыз жуасып қалды. Асықпай еркінірек істейтін болдық. Әсіресе жекелердің жұмысына салмайтын болуы, «құйын соққандардың» еңсесін көтеріп, тыңайта қойды. Жай қалжың, әңгіме – күлкі еркіндік ала бастады. «Сторж әпәндінің» өзі де адамша күліп, өзі де араласатын болды сөзімізге. Сөйте келе мекеменің ішкі хабарларынан өзі «баяндама жасайтын» құлақты хабаршымыз болып, бізбен шығысып алды. Мекемелердегі күрестің барлығы партия комитеттерінің ішіне кіріп сақылдап қайнап жатқанын, қазанға Әбілеметтердің түскенін де алдымен «әпәндінің» өзінен естідік. Қыс орнап, жер қатқан қар күреп, артқы қақпадан сәйлікке шығарып төгуден басқа жұмыс қалмады. Аулада қар жоқта таңертең келіп көрініп қана қайтатын, үйдегі өз жұмыстарымызға қарайласа алатын болдық. Күрестердің қайда жүргенін естіген соң басарқам жазыла бастағандай, жеңілдеп қалғандай сезіндім. Мекеме қызметіне қатынастырылмай тұрғанымнан басқасы түгел қалпында сияқты. Бұрынғы айлық еңбек ақы өз қалпында үйге кассирдің өз қолымен келіп тұрғандықтан өз мекемеме қасақана көрінгенді қойдым. Маған қызметтестерім де көрінбейді. Бұрынғыдай шақырыспайды. Кешкі сауық деген мүлде жоғалған қалпында, жым-жылас. Бұл жайт, бұрынғы дос-жарандарым менімен «блоктас», «ұйымдас» болып қалудан қорқып жатқандықтарын көрсетеді. Ал, мен өзімше қамсызбын. Әбілеметтің мәселесі түгел ақтарылса, соның ішінен аппақ болып шыға келмекпін ғой. Әбілемет дәрежелестері жазда сонау Сандұңға апарып, Чыңдау водкасымен тамақтарын жібіте отырып сайратқанын тағы да «Сторж әпәндіден» естідім. «Қасқырдың күшігі тауға қарап ұлығандай, елу нешесі топталып, тұп-тура дербестік талап етіпті. Мұндағы Ұйғырыстаншылар қалай құтырды десек, солармен блоктас екен! Әбілемет ұқсас жаһангердің құйрығы бек көп екен емес пе!»– деп қайнады Самсақ. – Олардың үстіндегі күреске мендей пролотарды қатынастырса мұрнын жіпше тартып, екі құлағын желкесіне жеткізер едім, жалап қотыныңды ... !». Әбілеметтің ұшынғаны анық болмаса, Самсақ оның басқасы емес, дәл қатынын бұлай нақтап тілдей алмас еді. Өзін мұрнағы жылы әлде қайдан тауып әкеліп, осы қақпа күзетіне орналастырған сол болатын. «Әбілемет акам» деп оның басқан ізіне тәуәп ете жүретін асырандысының бұлай иянаттауы, қожасының қайта келместей құлайтындығын аңғартады. Иесіне опалы болатын ит жануар жер қатты сілкінетіндігін алдын ала сезетін де ұлып-ұлып алып, безіп жоғалатын. Самсақтың бұл кіжінуінде сол құлақты-тұмсықты сезімтал жануардың безінуі сияқты иесінен мүлде айрылғандықтың бейнесі бар. Оңтүстіктің қабаған, аса зұлым помещиктерінің сондай ит сезімталдығы жетерлік еді ғой!... Қазір өз дос-жарандарымның да менен аулақтап жүргені есіме түсті. Олар да осы қатерлі кезеңде менімен «блоктас» болып қалудан қорқады. Сөйтсе де саналы ғой, жазықсыздығымды толық біледі. Мақпалдан сәлем айтып, хал сұрап тұрады. Тым қатты зорланбаса, дәл мына Самсақша безінбейтіндігіне сенемін. Олардың ішіндегі опасыздық жағынан қатерлісі Құлжан мен Мақұлбектен шекараны әлдеқашан бөліп болғанмын ғой. Аса қара жүздікпен жала жаппаса, «мұрнымды жіпше тартқыза» қоймаспын. Бірақ, бұл екеуі де өткен күресте маған қарсы ешқандай пікір көтермей қалды. Өйткен себептері, мені аяудан емес, мәселе таба алмайтындықтарын білетіндіктен. «Қайта тіріліп кетіп, ішек-қарнымызды ағызар» деп қорықса керек. Қазір маған сол екеуі ғана кезектесіп келіп жүр. Бірінен-бірі ұрланғандай жалғыз-жалғыз, кеш жамылып келеді де естіген-білгендерін жасырмай айтып кетеді. Шын бейнелерімен ең жанашыр дос сияқты көрінуге тырысады. «Өткен күзде сіздің үстіңіздегі күресте пікір бермегендігімізден сыртқа қағылып қалдық. Тіпті, қызметтен қуып шығарса да мейлі, сіз аман болыңыз!» деседі. Бұл науқанда белсенділік көрсетпеуге ант ішеді. Активтерді тілдейді. Науқанды жазғырады. Тіпті, «зор алдамшы» деп партияны жамандайды. Мұндай қиын әуенге түскендерінде тиып тастаймын да күнделікті хабарларын ғана тыңдаймын. Бір кеште Құлжан сұрады: – Сіз, социализмге кір жуытқыңыз келмейді. Сонда капитализмнен социализмнің қай жері артық деп білесіз? – Социализмнің ең абзал қасиетінің бірін ғана айтайын: мен өліп, мына балам жастай жетім қалса да аштан өлмейді, көштен қалмайды. Қоғам тәрбиелеп өсіреді. Ал, капиталистік қоғамда халсыз-тірексіз адам жасай алмайды!– деп қана қойдым. Бұған көбірек сөйлеу қатерлі екендігі белгілі. – Компартияның да кім екенін көрдік,– деп Мақұлбек күрсінді бір кеште. – Келешегіміз коммунизм жәннәті деп дәмелендіретіндігін былай қойғанда, өзіміз бұрыннан көріп, естіп жүрген көп сұм партияның бірі екен ғой. Мұның алдамшылығы, тіпті, бәрінен де қиын ба қалай, көпе-көрнеу алдайды екен! Бұған мен таптық намыспен қатты қызынып, зекіріп жібердім. – Ей, қанды ауыз қасқырдың жалқы күшігі, сен тіліңді тартып, артыңды қысып жүр! Мені «күреске түсіп, жүрегін кір шалды, енді бетін қарайту оп-оңай» деп қоңырсып отырғаның ба? – Жоқ, Биға, тіпті олай емес! Мен айтқанмын ғой, әкемнен көрмеген жақсылықты сізден көргенмін. Әкемнен жасыратынымды сізден жасырмаймын. Сіздің күреске тартылғаныңыз үшін жүрегім қарайып барады бұл партиядан! Зекігенімде үйреністі кәрі мысығымша добалдай бейнесімен монтиып, бұға қалғанына жіби сөйледім. – Күрес пен соғыста тактика қолданбайтын, саяси методсыз партия болушы ма еді, тіршілік үшін сайыста амал-айла әркімге керек емес пе!... Құлданушы байшыл партиялар мен әділетті дүние құратын құтқарушы партияның арасындағы ең негізгі парық, амал-айла парқында емес, мақсат–мұраттарының парқында. Мендей бір құмырсқаның тағдырына ғана қарап, компартияны алдамшы деп тілдегенше бүкіл адамзаттың қанын сорғысы келетін алпауыттар партиясын жалмаушы деп тілде! Қайсысының шынайы алдамшы екендігін әлі айыра алмай отырмысың, иә, мені арбап отырмысың, екінші мұндай сөз сөйлеме маған!.. Осыдан соң Мақұлбек қана емес, асқан жыртық ауыз Құлжан да шикі сұрау қоймай, тек күнделікті хабарларды жеткізіп қана қайтып жүрді. Бұлардан автономиялы райондық парткомдағы күрестің аса қатал жүргізіліп жатқанын естідім: «активтер бужаңдарын тұрғызып қойып бүріп, бұрышқа қамап алып ұрып, назырлармен мекеме бастықтарын алқымдап буып, жығып алып тепкілейді екен. Сөйтіп, ол иттер өздері артқан мәселелерінің нүктесіне дейін мойындатпай террорлықтарын тоқтатпайды екен!» деп екеуі де өңдерін бұза кіжініп баяндады. Шынжаңдағы жоғары мәртебелі коммунистердің барлығы қатынасқан бұл жиында мұншалық террорлық жүргізіліп жатқанына сенбеп едім. (Бұл қос сайқал мен қорқытып, жүрегімді алу үшін де осылай жеткізуі мүмкін ғой). Бірақ, шындық та сұмдық бір хабар сенбесіме қоймады: 58-ші жылдың февралына келгенде «Іле қазақ автономиялы облысының» орынбасар бастығы Әбдірейім Айса атты бір мықты өзін-өзі бауыздап өлтіріпті. Былтыр жазда Шыңдауда сайраған Ұйғырыстаншылардың бірі екен. Парткомда күреске тартылып, жатқан мейманханасына қайтарылған бір кеште есігін куршоктап алып бауыздалыпты... Осындай шындық хабарды бірінші болып жасырын жеткізгендіктерімен белгілі дәрежеде сенімге ие болып қалған Мақұлбек пен Құлжан бір жексембі күні бірлесіп, күндіз келді маған. Бұл күні үйде Мақпалдың қыз-келіншек достры және маған кейіннен таныс болған жас әнші-күйшілер бар еді. Күреске түсіп шыққанымнан соң әр күні келетін болған Әлияда бар. Мен үшін қайғырғансып жылай алатын бұл сайқалдың үстіне қос сайқал келгеніне іш жия қоймадым. «Ағаратынымды білген соң ашыққа шыққандары шығар» дегенге ұйғардым. Ән мен күй қайнап жатқанда екі комсомол бастап, Жақан мен Ақбай кіріп келді. Егер менен «кері төңкерісші блок» іздесе, алдыңғы қатардағы «мүритім» осы екеуі болып табылар еді. Өткен жаздағы маған көп келіп, Оңтүстікке кетуден құтқаруға көмек сұрағандардың да, күздегі күреске тартылудан мені ақтағандардың да алдыңғы қатарында осы екеуі бар болатын. Бұлар содан кейін түгелімен күреске тартылғанын естігенмін. Құмар мен Қапас тіпті әлі де қатты режимде. Ақия, Қапияларына әліге дейін көрістірмейтінін кеше ғана Мақпал айтқан. Бүгін Жақан мен Ақбайдың белсенді комсомолдармен бірге келуін тағы да жақсылыққа ұйғара салдым. Бірақ, қонақтарымның көбі бір-біріне жалтақтай қарасты. Аңшы көп таудағы қырғын көрген киік лақтарынша өздерінің жүрек дүрсілінен де үркіп, ыта жөнелуге ыңғайланғандай сезілді. Көзіме жүрекшайлы сол панасыз аңдар елестеп, қабырғамды қайыстырды. Көңілім босағанын әрең жасырып сөйледім. – Жайланып асықпай отырыңдар бауырлар! Осы қыста үйіме қонақ келгенін көргенім осы. Көбіңнің мен үй болып түтін түтеткелі кіргендерің де осы шығар!– дедім әдейі, тыныстарын кеңітіп, көңілдерін орнықтыру үшін. – Тамақ дайындалып жатыр, жексенбі ғой, асықпай шай іше отырыңдар! – Осы сөзбен Мақпалға ымдағанымда дағдысынша Әлия алдымен ұмтылды. Шай үстіне сәй әкеліп, өзі көріп жүрген орнынан түрлі-түрлі бөтелкелерді суырды. Соңғы меймандар келгенде іргеге шегінген домбыра мен скрипка дастарқанға қайта келіп, қолдан-қолға өте келе Жақанға тұрақтады. Сезім пернемді білетін Жақан «Саржайлаудың»[27] самалын бәсең ғана лүпітіп, шерте бастады. Тыңдай қалдым. Көз астымен бір қарап қойып, ескектете жөнелді. Ақыл шабытындай жайлы самал жанымды тебіренте тербетті. Жүзім қызып, көзім бұлдырап, еріксіз жасаурап бара жатқанын сездім. Бұл құбылысымды көпшілік өзімнен де бұрын байқапты. Жым-жырт бола қалды. Көз шанақтары жасқа толып алыпты. Үнсіз жыласып отырғандаймыз. Аңдушы сұм көздер сұқтана қарап, сыбдырсыз жүгіріп, сыдырта тінтіп-тімтіне қалыпты. Өзімді дереу тежеп, ширай қойдым. – Қане бауырлар, алып жіберелік!– рюмкамды Мақұлбектен бастап, сұқтардың бәріне қағыстырғандай ишарамен жағалата ұсынып көтердім.... Екі рюмкадан соң-ақ қиыннан қиысқан ширақ өлеңдей ұйқаса қиуласа кеттік. Менің ең сүйікті достарымнан «Саржайлау», «Сарарқа», «Ақсақ киік» орнын – отанын – сенімді ұясын енді тапқандай, басқалардың талабымен еркін шалқып, екі реттен қайталанды. Мен жақсы көретін әндер де домбырамен, скрипкамен қанаттанып қалқып шырқай берді сонсоң. Енді бір аңсағаным, Күлән мен Ақияның Мақпалға қосылып тамылжытатын бал ариялары еді. Ол екеуі күн ашылмай келе алмайды. Нұрияшыма қарап тамсанып қана қойдым... Осы саяси науқан кезеңнің Бижіндегі арнаулы курсын өткен күзде бітіріп келген бір шоғырлы топ бар еді. Олар түгелімен партия комитеттеріне осы науқанға іс жүргізуші (гансы) болып тағайындалған екен. Әбілемет – Әбдрейім блогы үстіндегі күрестерде күш көрсетіп, аса өктем тиген осылар болыпты. Бұлардың жеңістері жазға салым естілді маған. Қыс бойы қуған қашаған жауларын тұралатып, мойындатып басуға айналыпты. Ең таңдаулы қырандарының бірі болып Жаубасар атты қазақ жігіттің есімі жиы естілді. Жиы естіле жүріп, мәдениет назаратына жиы көрінетін болып қалды. Сұңғақ бойлы жіңішке ғана жылтыр сұр кексе жігіт, біз аула тазалап жүргенімізде қақпадан кіріп келе жатып, қарсы ұшырасқан Мақұлбекті құшақтай алды. Денесіне сәйкес үні де жіңішке екен. Қасымдағы «құйын соққанға» жалт қарадым: – Үй мынауың Мақұлбекпен қашан достаса қалған? – Қыс бойы аптасына екі кеш осында болып жүрмей ме. Актив тәрбиелеп жүр. Әр келгенде жеке сөйлесіп, екеуінің «жүрегін алып» қайтады екен. – Астағыпыр-Алла,– деп қалыппын. – Мынаған тапсырылған жүрек, тазыға айналды деші!... – Бұған жүрегін алдымен тапсырған осы Мақұлбегің екенін естимін! – «Құйын соққан» бұға күбірледі. «Мақұлбек жүрегін маған сұрамай-ақ неше рет тапсырып еді ғой!»– дей жаздап, ірке қойдым да ішімнен мөлшерледім: «Жаубасардың мына құшақтауы, алдымен алған жүрегінен пайда тапқандығының белгісі болар!...» Ертеңіне Құлжанмен де осылай етене амандасқаны көрінді. Кешікпей «жүрек тапсыру» жиыны зор жүректі залда салтанатпен қайта басталды. Бұл «жауларға» қарсы күрестің қылышын қайрау іспетті дайындығы еді. Активтер қатарындағы көпшілік төмен қызметкерлермен мекеме жұмысшылары түгел қатынасты. Негізгі, басшы қызметкерлердің көбі өзді-өз бөлмелерінде мүлгіді де, күреске бір-бір түсіп шыққан біз, сібірткі, күрек көтере ілбідік. Мүлгігендерге де, ілбігендерге де бұл жиынның сөзін тыңдатпайтын сияқты, жиын залының есік–терезесін мықтап бекітіп алды. Әйтеуір Жаубасардың жарып шыққан ащы дауысын анда–мұнда естіп қалып жүрдік. Жер сыпыруға соның екінші күні келгенімде ол залдан бірлі-жарым адамның дауысы емес, әдейгідей күрестің ала-тарғыл айқайы естіліп қалды. – Жүрегін толық тапсырмағандарының үстінен күрес ашып жатыр!– деді «Құйын соққан», мен таңырқай сұрадым: – Жүректі де күреске салып тартып алушы ма еді? – «Жүрек тапсыру» дегені, жүректегі қылмыстың қырындысын да қалдырмай, белсенділікпен тапсыру емес пе. Бұл, осы сыннан өте алмағандарын қорқыту жолымен зорлап активтендіріп жатқаны. «Жау боламысың, дос боламысың, жау болсаң, шық былай. Дос болсаң, өзіңді де басқаны да аяма!» дейді екен. – «Құйын соққан» осыны жер сыпыра жүріп күбірледі де. Бір маңызды хабар жеткізетін шыраймен маған жақындап тұра қалып сыбырлады. – Сіздің Есқали осылай қорқыту күресіне ертең, иә, бүрсікүні түседі. Нұралы да бар! Аңыра қарап қойсам да күлкіге айландырдым. – Сіз бақсы емес, үлкен сақшы екенсіз. Тыңшы ең зорынан тартқаныңызды біліп қойдым! – Екеуіміз қатар күлдік те, сол айыбымыз үшін айрылысып, екі жаққа кеттік. Аңдитын қожамыз жиында болса да бұлай жасқануымыз, өзімізді де қорқақтық билеп келе жатқаны екен. Бізге қарап тұрған ешкім көрінбеді. Ертеңіне таңертең қақпа жақты ертерек келіп сыпырғыштадым. Жиынға қатынасатындардың көбі маған көз қиығымен қарап күліп өтті де, кейі қабағын бүріп өтті. Есқали мен Нұралы түксие өтті де, Мақұлбек пен Құлжан тұмсықтарымен қарағандай кеңкие өтті. Қалық атты мәдениет мекемесінің орынбасар бастығы ғана маған бұрынғы жақын ағалық қалпын сақтап, амандаса өтті. Күрсіне барып өз кабинетіне кірді. Күреске әлі тартыла қоймағандығымен бізге де қосылмай, айдар тағылғандығымен жиынға да қатынастырылмай мүлгігендердің бірі осы болатын. Жиын шаңқылы естілісімен «Құйын соққан» екеуміз басқа кәсіптестерден бөліне сыпырып, сол залға жақындадық. Болжампазымның айтқаны келді: жүрек астында отырған Есқали көрінді төргі терезеден. Сырт айлана бердім. Мақұлбектің дауысы естілді. Өткен жаз басындағы «жекеге табыну» жөнінен айтысқандарын әшкерелеп тұр екен. Оған қосанжар сөйлеген Құлжанның да үні шықты. Жақындай түсіп тыңдағым келді. Солай қарай артыммен шегіне сыпырдым. Ол айтыстардағы Маужушидың табындырушылығын әшкерелеп озған, тағы да осы екеуінің өздері еді ғой, бұл жөнінде Есқалиды қалай қаралағандықтарын білгім келіп еді. Көтеншектей сыпырып екі терезе аралығындағы дауалға тақағанымда «Сторж әпәнді» шыға келді. – Ана жақты сыпырыңдар!– деп маған бір қарап қойды да «Құйын соққанға» қарап өктем бұйырды: – Жиын тарағанша бұл жаққа келмеңдер! Сол бұйрықпен жерді «келмеске» қарай сыпырып кете бердік. «Келместі» бітірген соң үйге қайттық. Содан төрт-бес күн өткенде белсенділерін жасырын нығытып шыңдап қайрау жиындары біткенде сол залға біз де шақырылдық. Ендігісі сол қайралған қылыштарын «жауларына» жұмсайтын нақтылы күрес жиыны екендігін біле келдік. Зор жүрек сызылған қаратақтаны алып, сол жақ қабырғаға сүйеп қойыпты. Жапсырма ұрандар бұрынғысынан көбейген екен. «Атақты ұлтшыл, Алашорданың қалдығы, Совет Одағына қарсы, социализмге қарсы банды Қалық Қасқырбай шықсын алдыға!»– деп Жаубасар шаңқылдағанда менің құлағым біте қалды да Қалық алдыға өте қалды. Қалың актив оны не сөзбен қарсы алып жатқанын ести алмай, әйтеуір, ауыздарын кере ашып, жұдырық көтерулерінен ғана, ұрандап жатқандықтарын ұқтым. Біраздан соң Қасқырбаевтың аузы да ашылды. Оның не жауап айтып тұрғаны тағы да естілмеді. Сөйтсе де ықшам ғана қойылған қайратты қалың бурыл шашты жуан басы мен келіскен кең кеуденің иілмегені сүйіндіргендей. Сұлу қараторы толық жүзінің қаны мен күлімдей қарайтын дөңгелек қара көзінің оты да өз қалпын сақтап тұрғанынан қас жауынгерлік көргендей едім. Құлағым ашыла келе тыңдасам, «мізбақпаған» сол бейнесімен барын мойындап, тіпті, дәлелдей мойындап тұр екен: «атақты ұлтшылдығын», бесіктен өзімен бірге шыққан ұлтшылдық екенін, ес білгеннен алашордашыл болғанын, Совет Одағынан социализмге қарсы болғандығы себепті қашқандығын, қашқандығының өзі бандылық екенін мені де сендіргендей сөйледі. (Бірақ, өзі семьясымен Совет Одағының паспортты гражданы болатын). Жаңа «қылмыстарына» түстен кейін әрең оралды. Өткен жазда «ұлтшылдық идеяның күмандандығымен ғана сайрағандығын», мақсаты, Іле автономиялы облысын мәдениет жағынан өсіріп, «үш аймақты дербес қазақ мемлекеті етіп құрып шықпақ» екендігін сөйлегенде мұрным жирылып кетті. Тез құтылу үшін өзін-өзі түгел өтірік қаралап тұр екен. Тағы-тағысын сұрақ қойылған сайын сыдырта берді. Сол күнді түгел өтірік мойындаумен өткізді. Ертеңіне таңертең келсек, күрес залының іші-сыртқы қабырғалары қарашұбар «дазыбау»[28] мен қаптала қалыпты. Барлығы Қасқырбаевтің «қылмыс факттері», «Шынжаңдағы алашордашыл ұйым», «кері төңкерісшіл блок», «қазақ империясы», «Маужуши мен Жұңго компартиясын аудармақ»... Бұл нажағайлар Қалық Қасқырбаевтің қара басына ғана емес, Шынжаңдағы барлық қазақ оқығандарына төніпті. Бірқанша дазыбау мен «уәзір» атап күркіреп тұр. «Қасқырбаевтің Биғабілмен байланысы» жөніндегі факттер көп газетті былғапты. Жауапкер орнына Қалықты бүгін тіпті қатты шақылдап шығарды. Жаубасардың дауысы, байынан нахақ таяқ жеген тозақы қатынның бажылынан да жайсыздау шарқылдады. Құлағыма мақта тығып келсем де қояр емес. Басқалардың құлағы не күн көретінін қайдан білейін, әйтеуір, жанқалтамдағы запас мақтамен қабаттап тығындадым. Сонда да қазан қырғандай естілді. «Зорлап тапсырғаннан өздігінен тапсырған жақсы» деп басталатын нұсқауларын сол дауысымен түгел оқыды.
|
|||
|