|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 14 страницаКүреске түсіп жатқан шәйір түстен кейін жауап бергенде «адам болу жолынан» қайта «адасты»: өзінің сөз-әрекеттерінің ұлтшылдықтан парқын сөйлеп кетті. Белсенділер қайтадан шу көтерді. Қайта қуалап отырып, түскі тамақтан бұрынғы қамалған сөзіне екінтіде қайта әкелді. «Ұлтшылдықты» қайта тықпалады аузына. Зорлап жегізбек болған тамақша шашылған ұлтшылдық шәйірдің өне бойын бір-ақ былғады. Танауына да тықпалаған белсендінің қолы мұрнынан қанын сау еткізгенде ғана бір-біріне адырая қарасып, жым бола қалды көпшілік. Ыза болған шәйір, бар жынын сол қанмен қосып бүрке жөнелді. Оның аузынан шыққан боқтық, хатшының қағазына еселеп зорайып түсіп жатты. (танауына түртіп қалған белсендінің белсенділігін тілдегені «партияңды с...» болып жазылғанын кейін көрдім.) Біреуі су, біреуі орамал әкеліп, «ұлтшылдың» нәжіс мұрны жиын бастығының таза қолымен жуылғанда ғана тоқтады шәйірдің өткір тілі. Күрестегі өз орнына қайта барып тұра қалды. – Өз ұлтын кім сүймейді,– деп бастады жиын бастығы нәсихатын. Енді жанашырлық көрсеткенси арбады. – Өз ұлтының мүддесіне келгенде сол махаббаттың ұлтшылдыққа айналуы оп-оңай емес пе, «қателесу айып емес, қателігін мойындамау айып» деп партия соны біліп айтып отырмай ма. Неден қиналасың сонша, «мойындағанға кеңшілік» саясаты, тіпті қылмысты істер заңының да ашық негізі ғой! – Жиын бастығы осы жылы – сөзбен шәйірдің бойын жылыта келе, хатшының дәптерін әкеліп, алдына жая қойды. – Жаңа ашу үстінде не сөйлегеніңді білемісің? Оқышы! – ақын оқып көріп аңқия қалғанда бастық қайта жалғастырды сөзін. – Біз сенің мәселеңді білмегендіктен қыстап отырғанымыз жоқ. Өзі сөйлеп, өзі танысын, қаншалық дәрежеге жеткенін өзі өлшесін дейміз. Адам идеясының өзгеруі субъектиптік талпыныспен ғана қолға келеді. Сені, мәселесін толық танып, сапымызға қайтадан қосылсын дейміз. Осыдан басқа ешқандай мақсат жоқ бізде. Ал енді өзің сөйле!... Ыңғай бейтке қарап қашып, ызамызды қайната бермей, мына көпшілік жаққа–төңкерісшілер жаққа қарай қаш! Партияға берілгендігіңді көрсет! Жаңағы ашу үстінде «партияны тілдеп қойғаннан» қорқып қалған шәйір мына кеңеске бас иіп, жұмсара жауап берді. – Көпшілік, мен қателестім!– деп күрсіне иілді. – Қашан?– деп зекіп қалған хатшы қамқорлық еткенсіп, үнін бәсеңдете қайталап сұрады. – Бүгін ғанама, бұрыннан бар қателесу ме, ашып сөйлесеңші! – Қазыр ғана мына райсымыздың қамқорлық нәсихатымен түсініп тұрмын. Менде ұлтшылдық бұрыннан бар екен. Мен өлеңдерімде ұлттық мақтаныштың сөзін көп қолданатынмын. Соның бәрі ұлтшылдықтан шығады екен!... – Әп пәле, міне, енді келдің!– деп қостай қойды бір белсенді. – Тосыннан өткізген қателік өз алдына, негізгі мәселе тұп-тура идеяңды қазсаң табылады! – Мен енді ойлап көрсем, ойлайтыным, «дүние пролетары жасасын емес, ыңғай «ұйғыр жасасын» деген тар рамкіге қамалып қана жүріппін! Сайраған сөзімнің барлығы сол тар мүддеден шығыпты. Нан беріп келген ханзу халқына мен ыңғай тас атып жүріппін!... Шәйір осылай иіле-иіле бір жолата құлап түсе жаздап барып тоқтады да мәселелерін түн бойы ойланып реттеп тапсыруға уағда беріп қайтты. Бірақ, «түн бойы» ойлана келе құмалағы қайта қатып қалыпты: «ұлттық мақтанышын» ұлтшылдық емес деген қисынмен ертеңіне таңертең қайта шалқалап, қайта ақтала сөйледі. Қайтадан шулай жөнелді белсенділер. Кешегі «қанды тілін» суыра зекіріп, «әшәдди кері төңкерісшілдікке» көтере кергілегенде шәйір қайта иілді, тіпті мықшиып бара жатты. Ұлтшылдығынан жайлы қалпақ жоқ екен дегенге келгендей, сол қалпағын кептеп, милықтата киуге тырысты. Құмалақтау емес, енді сүргі ішкендей, өтірікті-шынды «ұлтшылдығын» кідіріссіз атқытты. (Осы қалпақты ықыласпен кисем, кешегі «тілдеп қойған» кері төңкерісшілдік пәледен құтылармын деген далбаса мен шатасқанын байқап отырдым.) Тағы да күшене түсті, ішінде дайын тұрған ештеңесі қалмаған соң ғана «тағы да ойланайын» дегенге келіп тоқтады. «Партиядан аяйтын ешнәрсем жоқ, барымды жазып тапсырамын, жуамын қылмысымды!»– деді соңында. – Мұнан соң қайталасаң зор қатерге ұшырайсың, солай емес пе!– деп кесетіп, тағы да шұлғытып алған соң жиын бастығы шәйірді енді мадақтап «үлгіге» айналдыра қойды. – Міне, несі бар, қателесті мойындады. Сабымызға қайта келіп қосылды. Қадыр керімнің осы оңалысынан оңшыл–ұлтшылдар түгел үлгі алуға тиісті. Партия ешқашан мәселесін білмей, ешкімді күреске тартпайды. Тоңмойындықтан қылмыс үстіне қылмыс қоса беруден басқа ешкім ешқандай пайда таппайды!... Менің үстімдегі үзіліп қалған күрес жиыны үшінші күні шыт жаңа болып қайтадан басталды. Алдыңғы жиындағы партиялы – айбарлы екпінділер қызыл жүректі залдың жұдырықты белсенділеріне келіп қосылғанда-ақ сезе қойдым. Мені ақтаушы батырлар түгел шектелген сияқты. Бірі де көрінбеді. Осы залдағы жиынға бұрыннан қатынасып келе жатқан Асылқан мен Ынтықбай өздерінен-өздері бүрісулі. Оларды маған төнген өрттің шарпуы оп-оңай ғой. Әбілемет келмеді. «Құйын соққандар» мен «тоңмойын» шәйірларды жуасытқан қарасұр жиын бастығы бастады сөзді. – Биғабіл Жаппар!– деп шақырды да, қызыл жүрек астындағы, жауапкерлер орнын иегімен нұсқады. Барып тұра қалдым. «Отыр!» дегенін қолымен нұсқады. Отыра қалдым. Зал толы содырларда, жуастар да жым-жырт. Маған алара қарағандардан төмен қарағандар әлдеқайда көп екені байқалды. Жиын бастығы ауыр құйрығын қозғап, жөнделе отырды да тышқанға ыршитын мысықша күржиып, иығын бүлкілдете сөйледі. Алдыңғы сөзі, басқа жауапкерлерді күреске тартқандағы дағдыланған сөзі еді. Күніне неше қайталаса да шипалы дұғадай көретін нұсқаулары мен алты шартын оқығанда төмен қарап отырғандардың көздеріне түрткендей көбік шаша нақтап, қайталап-қайталап зіркілдеді. «Оңшыл–ұлтшыл зор блоктың бастығы Биғабіл Жаппар тұрсын орнынан!»– деп ақырып жіберді соңында. Жүрегім тоқ соққандай зырқ ете түсті де тұла бойымнан от лап ете түскендей сезілді. Түрегеліп, залды шола қарадым. Көпшілік соғыс түсіне ене қалыпты. Асылқан мен Ынтықбай да сұрлана қалған екен. Адамның қатты қорыққаны да жауынгерлік шырай болып көрінсе керек, әйтеуір барлық көз адырая қарады маған. – Төмен қара!– деп екі-үшеуі маған қатарынан ақырды. – И басыңды! Көзім де от алып кеткенін сезіп, төмен қарадым. Бірақ, басым иілер емес. Арт жақтағы біреуінің бастауымен көпшілік ұрандата жөнелді. «Жоғалсын әшәдди кері төңкерісші Биғабіл Жаппардан» бастап, «кері төңкерістік оңшыл – ұлтшыл блогын әшкерелесінге» дейінгі, заманымыздың ең қорқынышты, ең ойранды он шақты бомбысы іркес–тіркес атылды маған. Бір ғажабы, осы бомбы қопарылыстары мені ширатып, бұрынғы сабырлы қалпыма келтіре қойғаны сезілді. – Өздігіңнен әшкереле, сөйле!– деп жиын бастығы бұйырды да, екі-үш екпінді жартас болып жаңғырықтырып жауап беруімді қузады. – «Төңкеріс жолындағы бұл әділетті бұйрықтарыңыз» маған келгенде мүлде орындалмайтын бұйрық болып қалды!– деп жымидым мен. – Неге десеңіздер, мұндай тілсіз күштің бұйрығы – тарс етіп жүректен сап ете түскен бір ғана оқ. Оқ қайта қайтпақ емес те, өлер адам жауап айта алмақ емес. Менің сөйлеуімнің қажеті қалмады! – Бұрынғы сайланып келген әріптестеріме қарап сөйледім. – Үш күннен бері талқылап, тауып келген шындықтарың осы болғаны ғой, «әшәдди кері төңкерісшілдік» қылмысым анықталған екен. Шартым толыпты! Болыпты ғой, сөз бітті, ақырғы жауабым осы! Бірі көшіріп дайындап әкелген қағазын ашып ұрандата жөнелді. Тағы атылды, сол күйреткіш бомбылар. Маңайым түгел қопарылып, зал тітіреп, дүние әлемтапырақ болып жатқанда жиын бастығы бір-екі ақылшысымен сөйлесе кетті, тыжырынысты. Мен күлдім. Ұранды тоқтата қойып, зекірісе жөнелді. – «Неге күлдің, алдымен соны айт!» – «сөйле!» – «байлансын, арқан әкеліңдер!», «басындырмаймыз, жыныңды қағып аламыз!»... – Сап-сау адамды байласаңдар, өздеріңнің жындылықтарың әшкереленіп қалмай ма! – мұны да күлімсірей айттым. – Арқан әкел дегендерің анық жынды, соны байлаңдар! Бір дәуі атылып келіп арқама жабыса түсті, арқан іздеген жынды сол еді. Иығыммен қағып қалып босадым да жиын бастығына қарап сөйледім: – «Өлер өгіз балтадан таймайды». Осыдан оқиға туыла қалса, басқарған өзің жауапты боласың! Тағы үш жынды ұмтылып жетіп келгенде бастық иегімен ымдап, оларды қайтара бұйырды маған. – Сөйле!... Сау адам байланбайды деп ойлама шырағым, кешегі Қадір Керімнің үстіндегі күресті көрдің, сабақ алдың!... Сенен блогыңның жауабын ада-күде тапсырып алмай қоймайды бұл көпшілік, онан да жақсылықпен тапсыр! – Ол күрестен қандай сабақ алғанымды білмепсің!... Барлық «риялыңды» көріп отырғанмын. Көпшілік шу көтеріп, «тапсыр–тапсырдың» астына ала жөнелді. – «Әшәдди кері төңкерісші» дегеннің не екенін, қандай болатынын түсінесіңдер ме көпшілік?– деп жымия қарап сөйледім. – Ондай кері төңкерісші жауап беріп, артын былғамайды. Басшылық сондай үкім шығарған екен, ақыр өлетін болған соң өзі ғана өліп, блоктастарын жасыра жоғалмай ма!... Алдымен-ақ айттым ғой, ондай бұйрық-сұрақтарыңа жауап алудан қалдыңдар! – Бүгінгі жиын осымен тоқтай тұрсын!– деді жиын бастығы, столына бір шапалақ ұрып жіберіп сөйледі. – Жау, өлімге қанша асыққанымен біз өлтіруге асықпаймыз. Бізше болғанда бір жауды да өлтіргіміз келмейді. Ойлансын, қаншалық қатерлі жолға түсіп кеткенін білсін!... Тараңдар!... – Бүгін қатерлі тәуекел жолына түсіп кеткен сіз болдыңыз! –дедім жиын басқтығына қарап. – Күреске тартқан соң-ақ сүмірейіп келіп қисая береді деп дәніге қалыпсың. Төбемізде заң тұрмай ма! – деп отырып қалған партиялы екпінді әріптестеріме тұсынан күбірлей кеттім. – Тайыншаның мұрнын жұдырықпен тесіп, ешкім де төңкерісші аталмақ емес, сіздерде ойланыңыздар! Түскі демалыстан бір жарым сағат бұрын тараппыз. Күрес жиынның бүгін дағдарысқа ұшырағандығы белгілі. Үйге бұрынғыдай күле қайттым. Терезеден көріп алдымнан шыққан аналы–балалы екі алтынымды екі білегіме қондыра кірдім үйге. Жүректеріне қайғы кірі жұқпасын деймін. Әрі, бүгін тіпті күшейіп кеткен сияқтымын. Құшағыма бұлай сиса жершарындағы бар жақсыны өз «шыбынымдай» елеңсіз көтеріп жүре беретіндеймін. Мақпал үйге кірген соң білегімнен түскен баланы алып еденге тұрғызды да костюмымды шешіп, киім ілгішке іле сөйледі: – Мені институттың өзіне оқытушылыққа орналастырды. Жаңа барып қайттым, қызметке ертеңнен бастап баратын болдым. – Жақсы бопты, құттықтасуымыз керек екен! – Ойлана қалып, күліп жібердім. – Мені, сайраған пікірлерімнен ештеңе таба алмайтын болған соң төңкеріске қарсы блоктың бас қолбасшылығына «тағайындапты». «Қарасты генералдарымды» енді құрастырады. Мені режимге – бақылауға ала тұрып іздеуі мүмкін, алаңсыз істей бер! Бұрынғы достарыңа енді жақындаспай, күбірлеспей істеп тұр! –деп құшақтап сүйе жұбаттым. – Сенің маңайыңнан, студенттерден бір сылтау таппаса, менен блок түгіл бүйрек те таба алмайды! –деп күлдірдім. Сол кеште Мақпалдың қызметін құттықтау сылтауымен Күлән кішкене Сайрасымен ғана келіп, менің бүгінгі позициямды құптап, көңілімді көтеріп қайтты. Ертеңіне таңертең жиын залына сағат дәл сегізде бардым. Кешегідей емес, айқайламай–байбайламай, үнсіз шығарды жауапкер орнына. Жиын бастығы «дұғалықтарының» бірін қалдырмай қайталап–тәптіштеп оқыды да өмір баянымды толық сөйлеп беруімді бұйырды. Бұл бұйрықты адамша қабылдап, өздігімнен түрегеліп сөйледім. – «Аузы күйген үріп ұрттайды», мен бұрмай анықтап сөйлейін. Хатшы қақас естімей, бұзбай жазсын! –деп алып бастадым. Тімтінушілер сонда да ара-арасында сұрау қойып, қайталап жауап алып отырды. Осы жерімнен бір жармаспақсың ғой деген оймен ондай сұрауларға айқындап, толық жауап бере сөйледім. Сол себептен өмірбаяным екі күнде әрең бітті. Алдымен «социалистік Совет Одағынан» неліктен қаштың?» дейтін сұрау қойылып еді, соңынан, «Ергейтіде көк бормиды қанша ұрлағаныңның толық есебін бер!», «дүңген соғысында ұрлап жеген сиырың, бұлаңшылыққа жататындығын ашық мойында!» деген талаптар күлкілі жауап ала келе, ызалы жауап алатын сұраулар қойылды. 44-45-ші жылдары «гомендаңға қарсы» деген әрекетің төңкерістік емес, ханзу халқына қарсы кері төңкерістік ұйым құрғансың, сол себепті құйрығыңды Оспан бандыға бұрғансың, осыны ашып сөйле!», «үш аймаққа қашып емес, төңкеріске тісіңді басып, шпион болып барғансың! Төңкерісші Іле сақшысынан жазаңды сондықтан тартқансың!», «Досан әкімге қарсылығың мен шариғат мекемесіне қарсылығың – сол кездің жағдайында төңкеріске қарсылық-бұзғыншылық екендігін ашып сөйле!», «сол кездің өзінде-ақ оқушыларды төңкеріске қарсы шығарғаныңды қосып сөйле!», «қызметтегі алған параларыңнан ауыз ашпадың!». Жуас тергеуде бұл қақпандардан қапы баспай-ақ өткен сияқты едім. Асау тергеуі соңынан шақылдай жөнелді де осы сұрақтардың ірілері табан бір күннен шыжғырды. Тарихтағы ең қиын қылмысым, 33-ші жылдың басында «Совет Одағынан безгенім» мен қырық бесінші жылдың басында «Оспанға қарай қашып, тау кезгенім екен: бірі, «социализмге қарсы бандылық», екіншісі, «қанды ауыз қарақшылықты аңсаған тағылық» болып шуылдатты. Қатты қысты, қысылмаған сайын қысты. «Тағы бір жыртқыш крокадилдың мүйізді сауытынан оқ өтпегенін көріп алалық!» деп тұрып атқылады ұрандарын. Бірақ, тұмсығым түгіл балтырыма да батпады тістері. Күніне он-онбес рет қамалап арсылдап үріп, шу-шұрқан көтерді де тұрды. Тұп-тура жарым ай қоршады. «Ауыл-ауылдарына тосыннан тарап жүре берді сонсоң. Олардың сұрағы да менің жауабым да таусылмастай еді, бұл күрестің неліктен тоқтағандығын түсінбей қалдым. Мекеме ауласынан күрес даурығы түгіл бірер иттің үргені де естілмейтін тыныштық орнай қалды. Өзі де бұрын ит асырамайтын аула болатын. Сөйтсе де мекеме столына жолатпай, жуасыған «ұлтшылдарға» қосып, қора тазалатты. Данышпан тергеушім, уақытсыз бұл тыныштықтың не амал, нендей зымияндық екенін енді қайтетіндігін өзіңіз білмесеңіз, мен қайдан білейін. Баяғыда Совет шекарасынан қашып өтіп келе жатып, Шәуешек қоржаларының көп иті қаптағанда отыра қалып құтылғанымыздан «отырған адамды ит қаппайды» деген ана сөзінің шындығын біліп келген сияқты едім. Одан кейін оқып-тоқып, бір сыпыра тағылым-тәрбие көріп, енді толдым-ау деген шағымда сол білгенімнен де айрылдым. Иттердің сыры да заманымыз сияқты сан алуан екен ғой. Олардың қайткенде қаппайтындығын, қай қылмысым үшін қай жерімнен ала түсетіндігін расында да білмей қалдым. Бәлкім, иттерді де ант ұрып, ауызға түсіруді ғана ғанибет көретін болып кеткендігінен бе екен. ЕКІНШІ БӨЛІМ
БОРАН
І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! Мәдениет назаратының аула күзетшісі Самсақ, оқу-ағарту назаратындағы күзетшінің күйеу баласы екен. Демек, мен қайын жұрт ауылының адамы болғандықтан әрине қайнағасымын ғой. Қол астындағы қара жұмысқа түскенімнен соң, екінші күні түсіндірді бұл жайын: Қарлы жаңбыр бір жауып ашылған, түскі демалысқа жақындаған шақ. Бір бұрышқа жайылып төгілген көмірді үйіп жатқанымызда жантаңдай басып келіп, (кемсіткенім емес, өзінің оң жамбасы кемдеу болатын) бізге оқшырая қарап тұр еді. – Бұл, өзін «күзетші» деп шақырсаң шамданады! –деп маған «құйын соққан» ескерте күбірледі. – «Сторж жолдас»[25] деп атаймыз. – Строж жолдас, мен оған... – Жұм аузыңды, мен саған қашан жолдас!... Сен ұлтшыл өзіңді танып ал, мұнан соң бізді жолдас деп атайтын құқығың жоқ, ұқтың ба? – Құп-құп, ұқтым Сторж әпәнді!– деп «Құйын соққан» әдейі изектеп-изектеп жіберіп, тергеген «мәселесін» ұмыттыру үшін, жұмыс жайын сұрады. – Көмірді осылай үйсек болатын шығар? Самсақ сторж қолын артына қайыра теңселіп барып, нығыздана қарады көмірдің арт жағына. Ауыр ойланғансып, басын бір шайқап қойды. – Көмір деген зат күн мен желді жақсы көрмейді. Дауалға жабыстыра үйіңдер, ұқтыңдар ма?... Тез бітіріңдер! – Ұқтық-ұқтық! – Бәріміздің шұлғығанымызға байыздап қарап алып, бір жұмысын ұмытқандай кілт бұрыла жөнелді. Жантаңдап кетіп бара жатып қалт қайрылды. – Әй, сенің атың Биғабіл ма еді, мұнда кел! «Мұнда кел» деген жеріне жеткенімше жүре берді де, мен ере бердім. Үн жоқ. Артқы қақпа босағасындағы кішкентай үйіне кірді, ере кірдім. Тар сәкіге құйрық қойып отырған жас әйел түрегеліп иіліп амандасты да сыртқа шығып кетті. Бұйрық бойынша орнына мен отырдым. «Сторж әпәнді» малдасын төрге құрды. Әулетті қолымен өскелең қырма қара сақалын сылап, қаси түсіп бастады сөзін. – Уәзипа[26] ауыр, сақал қыруға да уақыт жоқ!... Биғабіл әпәнді біз сіздерге басқалардың алдында қаттық-құрық сөз қыла береміз. Оған ренжімейсіз, сіздерден шекара айырған соң әлбәттә солай болады! Менің қайнатам, танисыз, сіздің мекеменің бас сторжы. Сізбен бұрын жақын болған екен. Сізді бек жақсы адам деді деп іш ашытады... Оны басқаға сөз қылмай-ақ қоярсыз!... Сізді сол кісі тапсырды маған. Шөлдегенде шай-пәй ішіп, жұмыстан шаршағанда осында келіп демалып тұрыңыз! – Күзетші мені осылай жарылқай келе тәртіп-ережемен идея жағынан ұзақ та мол тәрбие беруге кірісіп кетті. – «Басқаларға ғибрат болсын үшін сізге қаттырақ сөйлеп қойсам, екі пұтыңызды қосып, тік тұрып, итағатпен тыңдап берсеңіз болды!» дегенінде ғана күліп жібердім. Бағанадан бергі ызалы күлкімнің бәрі бірақ ағытылып кеткенін сезбей де қалыппын. – Сізді мендей пәле-қазадан Құдайым сақтасын, «басқаларға ғибрат ету үшін» маған сөйлей көрмеңіз, «ғибрат бола алмайтын» жыным бар! –деп алып тағы күлдім. – «Маған қатты сөйлеуден көрі сол көмірді үстіме бір-ақ артқаныңыз жақсырақ. Тіпті, бала-шағаң мен қайната, енең болып бәрің мінгессеңдер де көтере аламын. Бірақ, гап қылушы болмаңыз!... Бұлай силап шақырғаныңызға рахмет! – Шығып жүре бердім. «Шәй-пәй ішіп, тынығып шығыңыз»– деп екі жағымнан тосқалы ерлі-зайыпты екеуіне он шақты рахметті» шұбырта айтып жөнелдім. «Қызық адам екен бұл!»– деп келіншегі де күлді менімен бірге. «Сторж әпәндімен» таныстығым осылай басталды. Бұрын өзіне қайырымды қожайын болып келген редактор мен менен басқа «ұлтшылдарға» тым қытымыр қожайын болды. «Құйын соққандар» бастабында оның мансапқорлығын қызықтап, күлкі үшін әспенсітіп алды да кейін төбелерінен түсіре алмай қойды. «Әпәндісі» басқа жұмыс таба алмай қалса, өз үйінің күлін шығартып, отын жаққызды, суын тасытты. Өзінен асқанда басқа семьялардың жеке жұмыстарына жекті. Бас тартса, «жұмысшы табының дектатурасына қарсы, кері төңкерісші боржай!» деп ақырды да, өз бастығына, дело ұстаушыларға «бағынбайды» деп шағыстырды. (Бақылау астындағы «оңшыл–жерлік ұлтшылдарға» бұдан қорқынышты қылмыс жоқ еді). Сөйтіп, «құйын соққандар» демалыс уақытында да үйлеріне қайтудан қалып бара жатты. Шексіз құқыққа ие болып алған бұл дүлейді сәл-пәл тізгіндеп қоятын ешкім көрінбеді. «Төңкерісшілдік отына су бүркіп алудан» сау қызметкерлерде қорқып, мойындарын іштеріне түгел тығып алыпты. Бізге жоғары жақтан заңды қалпақ әлі кигізілген жоқ, заңсыз қинай бермеңіз!– деп өздері айтудан да қалды. «Қайнағалықпен» кеңшілік алып, үйіме уақытында қайтып жүргеніммен миымды қажай берді бұл әділетсіздік. «Сторж әпәндінің» осал жерін тауып, жасырын шектеудің амалын іздестірдім. Тым болмағанда мына бишаралардың жұмысын жеңілдетудің шарасын тапқандай болдым бір күні. Бұған батылдық та, жалт беріп далдалана қоятын ептілік те қажет еді. – Сторж әпәнді, сізбен сөйлесетін бір мәселе бар болып қалды!– деп оңаша дауал түбіне ымдап апарып отырғыза қойдым. – Сіз қай таптансыз, жасырмай айтыңызшы! – Оны не қыласың, мені тергейтін сен емес! – Бір жайыңызды білген соң жаным ашып қалды. «Мен, қайнатаңыздың досымын» ғой!... Сіз жұмысшы табынан шыққан емессіз, ол таптың ерекшелігін білмейді екенсіз!
|
|||
|