|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 13 страница«Шал болсақ та алжыған, Айырмасын қалжыңнан». «Саяси мәселелер жөнінен принципті мендей сақтаған кем де кем ғой, қайтер дейсің!» – алдымнан ұлымды көтере шығып қарсы алған Мақпалға сол жайды айта кірдім үйге. Ол өзінің жазда «сайрайтын» мәселе таба алмай, сайрай алмай қалғанына бір күн қайғырғанын енді айтып күлді... Сол залға ертеңіне таңертең келіп кіргенімде үлкен жүрек астына тағы бір жерлік ұлтшылдық қылмыстың үкісі тағылысымен ол да түрегеліп сүмірейе қалды. «Сүлеймен, жүзігі барда Сүлеймен, жүзігі жоқта Сүлеймен де сүмірейген» деген мақал есіме түсіп жымия қарадым. Бұл, «ұйғырша «Шынжаң әдебиет көркемөнері» журналының мықты редакторы болатын. Ұрандар жүздеген жұдырықтар мен түйіле көтерілгенде бұл тіпті сүмірейді. Біраздан соң мұның шашын да «құйын» үйіре жөнелді. Бұл да сол әдіспен шұраланып[22], сол жолмен жуасытылды. Мен, үшінші күннің кешінде басқа бір кішкене жиын залына шақырылдым. Партия мүшелері мен жастар ұйымының осы екі назараттағы ең екпінділерінен жиырма шақты ғана жауынгер жиналыпты. Бір қатардағы орындықтарды бос қалдырып, бір жағына ғана отырған екен. Мен келіп жауапкер орнына отырысыммен сырт–сырт басып кесек денелі Әбілемет назыр кіріп келді. Басқалары орнынан тұрып қарсы алды да, мен отыра бердім. Назыр оқтау жұтқандай кердие бас изеп тастап, жиын төрағасының столына, жамылған пальтосымен барып жалп ете түсті. Мен тісімді басып қалдым. «Енді ашуымды шашпай-төкпей, аса сақтықпен өлшеп айтысуым қажет болғаны ғой!» – Сырттан қатынасатындар келді ме? – Әбілемет төменгі жағындағы столда отырған қатшыдан сұрады. – Қазір келеді!– деген күбірлі жауап шығысымен коридорда сарт-сұрт аяқ дыбысы естілді. Есік ашылып, «Шынжаң ұлттар институтының» бір топ адамы кіріп келді. Алдыларында екі-үш мұғалім, соңында он шақты стундент бар. Әрқайсысы әр факультеттің әр класынан өкіл болып келген сияқты. Биыл бітіріп, қызметке тағайындалғандарынан да екеуі бар екен. Бұлардың соңынан Юсуп Қасым мен Ясын Әмәт, Өлзекәрі мен баспахананың бір ұйғыр, бір сібе редакторы, «Шынжаң газетінің» бір редактор, бір тілшісі кірді. Тыңдаушылар қатарына келіп отырған бұлар да бұрынғы келіп отырғандарға көз қиығымен ғана қарап қойып, институттан келгендермен изектескеніне таңырқадым. Оларға қарап та қоймай, алдындағы қағазға үңіліп отырған Әбілемет сөз бастады. – Хош, қатынасушылар келіп болған болса, мәжілісімізді бастайық. Бұл жиынды басқаруға басшылық мені тағайындағандығы үшін, күреске тартылушыға алдымен өз арамыздағы жеке бір ахуал жөнінде позиция білдіріп қояйын. Биғабіл Әфанды, екеуміздің арамызда өзара түсінбестік мәселесі бар еді. Оны өзі айтқандай бірте-бірте ұғысып қалармыз. Ол жөніндегі кемшілік менен де өткен. Ал, қазір менде ешқандай өш алу ниеті жоқ екендігіне коммунистік сипатымен сенім бере аламын. Биғабіл әфанды сол жекелік жағынан ғана ойлап, характер бұзып, қателік үстіне қателік қосып алмауын сұраймын! Алдымен осы жөніндегі позициясын білдірсін! – Жекелік жақтан Әбілемет нәзір мен менің арамызда титтей де «түсініспестік» болған емес. Мен, бұл кісінің қол астындағы жай қызметкермін,– деп күлімсірей түрегелдім. – Түсініспестікте қарама-қарсылық та, мені дәл осы күреске түсіріп отырған осы мәселе жөнінде болатын. «Сырын білетін аруағыңа өзің құран оқы» дегендей, өзіңіздің келіп басқаруыңызды қуанышпен қарсы аламын! Тыңдаушылар көзастынан күле қарағанда қызыл жүзі күреңіте түскен Әбілемет, қағазға қарап тұқыра сөйледі. – Ал, олай болса бастадық. Бұл әрекеттің мақсаты өздеріңізге мәлім «ауруды емдеп адамды құтқару». Өткен дертті қоғамнан келген дамның қайсысында мәселе жоқ. Бәрімізде де бар. Бәрімізде емделуге, адалануға борыштымыз. Бұл жөнінде күреске түскенімізге наразы болудың орнына партияға алғыс айта тұрып, өзіміздегі індетті шындап емдету жағында болуымыз пайдалы. Өзімізді – өзіміз опирациялағандай шын жүректілікпен арши тексеріп, мәселемізді ада-күде тапсыруымыз қажет. Басқалар қойған факт пен пікірлерді қастық көрмей достық көріп, құлату емес, құтқару деп қабылдауымыз қажет! Партияның «мойындағанға кеңшілік, тоң мойынға қаталдық» саясаты өзгермейді. Сондықтан қателігімізді өздігімізден танып, партияға өздігімізден тапсыру, бірден-бір құтылу жолымыз. «Қателесу айып емес, қателігін танымау айып». Ал, қателігімізді қиналмай тануымыз үшін Маужуши тағы да қамқорлық етіп, бұл әрекеттегі ақ-нахақты айырудың мынадай айқын өлшемін жасап берді, тыңдаңыздар! 1. Сөзімізбен әрекетіміз еліміздегі барлық ұлт халықтарының ынтымағына пайдалы болсын? 2. Социалистік өзгеріс жасауға, социолистік құрылысқа пайдалы болсын. 3. Халық демократия-дектатурасын нығайтуға пайдалы болсын. 4. Демократиялық орталықтандыру түзімін нығайтуға пайдалы болсын. 5. Компартия басшылығын нығайтуға пайдалы болсын. 6. Социализмнің халықаралық ынтымағына, дүниежүзілік бейбітшілікті жақтауыш халықтардың халықаралық ынтымағына пайдалы болсын! Күреске тартылушылар өздерін осы өлшем бойынша тексереді. Күрес жүргізуші жолдастардың да, тыңдаушылардың да қателеспеулері үшін естеріне мықты ұстайтын шарттары осы. Көз жұмуға болмайды, Биғабіл әфанді саналы, ғылым адамы. Мұны толық айыра алады. Ал, қалған сөзді өзіне бердік! – Сөз бергендеріңізге рахмет!– дей түрегелдім де «ашылу–сайрау» науқаны басталғаннан бергі идеялық ахуалым мен сайрауға мәжбүрленген жайымды қысқаша сөйлеп шықтым. Сайраған пікірімнің газетке қате қысқартылып басылғандығын да, ол туралы маған тілшінің өзі мен Фубужаңның қайтарған жауабын да анықтап баяндадым. Өзім қайтадан жазып шыққан сайраудағы сол сөзімді жанқалтамнан суырып ала сөйледім сонсоң. – Менің сайраған пікірлерімнің дәл өз нұсқасы міне, алдымен осыны оқып берейін!... – Болмайды, болмайды!– десті тымырайып отырған екпінділердің екеуі жарыса. – Қайтадан өзгертіп жазылған нұсқа инабатқа алынбайды! – Бір сөзі өзгертілген болса, үстемелеп жауапқа тартылуға разымын, сөйлегендегі тезисім Фубужаңда, және сондағы тыңдаушылардан сұрасаңыздар да оп-оңай анықталады! – Биғабіл әфәнді, мәселе былай, – Әбілемет стол тықылдата сөйледі. – Өзіңізде айттыңыз, сайрау жиынынан газетке басылған хабарға түзету қабылданбапты. Себебі, «ондағы сөйлеген сөзім олай емес, бұлай болатын» деп қайтадан қол үшімен түзей салуға әлбәтте ешкімге де рұқсат етілмейді. Рұқсат етілсе, қателесушілердің бәрі де солай дауласады. Ондай даудың өз идеямызды түзетіп, жаңа адам болуымызға ешқандай пайдасы жоқ. Екінші, бір адамның тек сайрау жиынында сөйленген пікіріне қарап қана тағдыры белгіленбек емес. Ол, жалпы бір байқау ғана. Мәселен, сіздің сайраған пікірлеріңіз жалпылай алғанда қандай мүдде де. Соған ғана қаралады. Жекелеген бірер сөзіңіз үшін сізді кері төңкерісшіге, иә, жерлік ұлтшылдыққа шығарып отырған ешкім жоқ. Ондай болу-болмауыңызды жалпы амалиятыңыз белгілейді. Бұл тексерудің түп мақсаты зор-ақ зор нахақты айырып, өзіңіздің және көпшіліктің ой елегінен өткізіп түзету ғана. Сондықтан өзіңізді партияға тапсырып, бар мәселеңізді ашып тастасаңыз болғаны! – Бұл ақылыңызға жауап айтуыма рұқсат етіңіз! –деп рұқсат ала сөйледім. Менің сайраған ең негізгі пікірім газетте «кейбір» деген бір сөзімнің басылмай қалуы арқылы зор қылмысты пікірге айналды. Қазір сіздердің алдыларыңызда жауапқа тартылып тұруымның негізгі себебі сол ғана. Мәселен: «партияның басшы кадрлары помещикке айналып кетті» дейтін сөз, дені сау адамның сөйлейтін сөзі ме! Бұл, коммунистік партияны жоюдың сөзі. Осылай сөйлегенім рас болса, партия мені жазаламай төңкерісшіл партия бола алмайды. Ендеше бұл сөзді анықтамай, «зор ақ–зор нахақ» анықталмайды! Егер сайраудағы пікірлерім бұрмаланып, газетке қате басылмаған болса, менде ешқандай мәселе жоқ, бұл күреске тартылмақ емеспін. Әрқандай қылмысты өзінің тағдырына байланысты сөзді анықтауға хақылы! «Тыңдаушы» аталып кейінгі келгендер түгел қол көтеріп, пікірлерін баяндауға рұқсат сұрады. Әбілемет аңыра қарады да алдында отырған мұғалімге баяу ғана күбірледі. – Тыңдауға келгендер тәртіп сақтасын, оқушыларыңызға айтып қойыңыз! – Назыр, біз, осы іске байланысты басшылықтан рұқсат алып, өз орындарымызға өкілдікпен қатынасуға, пікір ұсынуға келгенбіз!– деп мұғалім де күбірледі. – Биғабілдің мәселесі болса, оған қарсы күрес ашуға біз де ақылымыз. Не сайрағанын алдымен өзінен тыңдап көрмекшіміз! – Күреске түскен адам, мәселесі болса мойын бұрмай тапсыруға борышты. Егер ақталарлық жайы болса, ақталуға да ақылы!– деген бір студенттің пікірін «тыңдаушылар» түгел қолдады. – Сөйлесін!... Сөйлесін!... – Қылмысын білмей жазғыру, жауап алмай жазалау, көне қоғамдармен бірге жойылған, сөйлесін! Алдымен не сайрағанын естілік! – Сөйле Биғабіл!– деп Юсуп Қасым қасақана түйіле зекірді маған. – Не сайраған болсаң соныңды сөйле! Жалғыз тілшіге емес, көпшілік алдында сайрағансың, жасыра алмайсың! Сөзіңді титтей өзгертсең, көріп аламыз! Күрес ашуға келген екпінділер арасын күбір-сыбыр кеулеп барып, өзара дабырласа жөнелді. Мен жиын бастығына қарадым. Сағатына қараған болып, қынжыла рұқсат етті Әбілемет. – Уақыт бір жерге барып қалыпты. Ал, сөйлесең... қысқаша сөйле! – Құрметті әріптестер,– дедім мен, дабырласушыларға қарап. – Жаңсақтық болмауы үшін әсіресе сіздердің сабырмен мұқияттап тыңдауларыңызды өтінемін! Автоном райондық партком үгіт бөлімінің жиын залында... айдың... күні бүкіл мәдени-ағарту лениясынан сайрауға барған елутөрт сақа қызметкермен үгіт бөлімінің өзінің гансылары алдындағы сайраған сөзімнің толық тексті мынау,– деп алып, сондағы сөзімнің қысқаша кіріспесінен бастап, ұйғыр тілінде нақтап-нықтап оқып шықтым. Жиын бастығынан басқасы қызармай-сазармай, ашық қабақпен тыңдады. – Рахмет, ықыласпен тыңдағандықтарыңызға! –дедім соңында. – Өзімді ақтау ниетімен қосқан, иә, қалдырып қойған сөзім болса, толық жауапкермін! – Қағазымды жиын хатшысына тапсырып беріп қайтып сөйледім сонсоң. – Жиын райысының жаңағы оңшыл-ұлтшылдарға қарсы күрес жөніндегі түсінік сөзінде жауапкерге қойылған бір айқын сұрау бар. Енді соған жауап берейін. Ол: «сайраған пікірлерің жалпылай алғанда қандай мүдде де?» деген сұрау. «Ашылу – сайрау науқаны – партия ішінде стиль түзету науқанының дайындығы» деген түсінік бәрімізге сөйленген. Газетте де бар. Солай емес пе?... Сол бойынша сайраған бұл пікірлерімнің алғашқы тармағынан басқасы түгелімен ұлттық мүдде екендігі белгілі. Бірақ, бұл, басқашка «ұлттық мүдде» емес екендігі өзінен-өзі түсінікті. Біріншіден, бұл пікірлер өз ұлтымның ұлттық мәдени-ағарту қызметін жандандырудың ғана мүддесі. Бұған, «бұл ұлтшылдық емес пе?» дейтін сұрақ қойылса, саналы пролетарият түгел күлетін сұрақ болып шығар еді. Және бұл жөніндегі талаптарым, партия қызметіндегі нұқсан ретінде қойылған талаптар емес, сол «кейбір» жеке басшылардың қызметіндегі нұқсандар екендігін қайталап айтып ұқтырып сайрағандығым көрініп тұрыпты. Екіншіден, мен, өзім қазақ еңбекшілерінен шыққан интеллигентпін. Және сол ұлттың кенже қалған мәдени-ағартуының қызметкерімін. Осы пікір-талаптарым арқылы коммунистік партияның өзіме артқан міндетін орындаушымын. Әрқандай азамат, ең алдымен өз ұлт халқының қызметкері. Өз ұлт халқының адал қызметкері бола алғанда ғана басқа туысқан ұлт еңбекшілерінің дүние пролетариятының қызметкері бола алады. Өз ұлт халқының қызмет үддесінен шыға алмаған азамат басқа ұлтқа пайдалы қызметкер бола алмайды. Өзін танымаған адам, басқаны таниды деген құр әуре дәме! Марксизм диялектикасы бұл шындықты шетке қақпайды. Жауабымды жинақтап келгенде мен, оңшыл да, жерлік ұлтшыл да емеспін. Қоғам қызметінде де, жеке ісімде де ұлттар ынтымағына бөгетті іс істемедім. Партия мен халыққа, социализм ісіне титтей зиян келтірген жерім жоқ. Әсіресе, басқа ұлттар мәнпағатына титтей озбырлық істеген емеспін!... Сөзім бітті. Залдағы екі қатардың арасында пайда болған аңдысу мен күбір-сыбырға алақ-жұлақ қараған Әбілемет, көпшілікті пікір баяндауға шақырды. – Жолдастар, қане, пікірімізді басталық! «Тыңдаушы» аталғандар жақтан бірнеше қол алдымен көтерілді де бір студенттің сөйлеуіне рұқсат етілді. – Менің пікірім қысқа,– деді студент түрегеліп. – Биғабіл әфенді дәл осылай сайраған болса, біз алғыс айтамыз. Себебі, бұл халық мүддесі. Бұл сөзде ешқандай қателік жоқ. Егер қазір түзеп сөйлеп, жаман сөзін жасырып тұрған болса, оны анықтау үшін сол жиындағы адамдар мұнда әкеліп, бір сағат қана қатынасып берсін! – «Қателік жоқ!»– деп, сөйлеуге екінші студент рұқсат сұрай түрегелді. – Адал талапты қателікке шығарсақ, партияға өзіміз адал болмақпыз ба!... «Сол жиында ең дұрыс сайраған Биғабіл әфенді болғанын» сондағы қатынасқандардың көбінен естідік. Бір тілшінің қате хабар жазғанына қарап қана сап-сау бір қайраткерді күреске тартып жарақаттауға, сөйтіп жау қатарына қосып беруге бола ма!... Идеялогиялық жақтан да, ғылымилық жағынан да сапалы оқу құрал шығарып беріп отырған Биғабіл ағайдың күреске тартылатын болғанын естіген сабақтастарымыздың барлығы наразы!... Едірейе түрегелген бір екпінді шабуылдай жөнелді бұл студентке. – Мына оқушының есімі кім? Кімге мүрит болып, кімнің сойылын соғып тұр! Маужушидың жаңа ғана оқылған өлшемін қайырып қойып, не деп тұр! Биғабілдің басқа қылмыстарын былай қойғанда, жаңағы өзі безендіріп, опа-еңлік жағып сөйлеген әдемі сөзінің өзі қай майданда тұрғанын түсіне ме! Буржуазияның «конфет қағазына оралған бомбысын» жаңа көріппе едік, һошяр[23] болайық жолдастар! Ясын Әмәт пен Өлзе қатар көтерді қолдарын. Қарай қоймаған жиын бастығынан сөйлеуге дауыстап рұқсат сұрады. – Жолдастар,– дей түрегелді Юсуп Қасым. Рұқсат сұраудың орнына. – Жауапкер естімеуге тиісті пікірлер пайда болып қалды. Биғабіл бүгінше қайтып тұрсын! Екі жақ та қосылды бұл пікірге. Жиын бастығының ишарасымен шығып жүре бердім. Әбілеметтің бұл жиынындағы мінезіне ой жүгірте қайттым: бұрын өзінде жоқ кішпейілдік пен кеңдікті бүгін қайдан тауып келген?... Жығылып төрт аяғы байланған асауды союшының көп болатындығына, жауының басқа қолдармен жәркемделетіндігіне сеніп, тоқпейілсінген ғой. Енді қалыс-қамқор, жазықсыз болып көріне салғысы келген шығар. Ал, менің де оңайлықпен сойылмай, өзін жазым ететіндігімді, сайраған пікір-талаптарымның тегеурінін бүгін көрді. Бұл кезеңде ішінен тұншыға долырса да лажсыздығын байқатты. Жұртшылықтың көбі мені жақтайтындығын соңынан білді. Бүгінгі ерекше таңырқарлық мәселе, науқан басшылығының бұл жиынға осы шонжарды тағайындауында ғана. Бұл назыр, үгіт-насихат буының орынбасар Бужаңының бірі. Басшылық мұның өзінен мәселе таппаса, осы науқанның автоном райондық жетекшісінің бірі болуға тиісті. Мұндай басшы, мен дәрежелі қызметкер үстіндегі күресті төте басқаруға келмек емес. Әсіресе бүтіндей өзіне қарсы сайраған менің үстімдегі күрестің маңайына, зорламаса, келмек емес. Бұл қайшылығымызды сайрауымнан білген үгіт бөлімі Әбілеметіне жаны ашыса, «ашулы аюдың» үстіне жіберуі тіпті де мүмкін емес. Менің, сайраған сол сөзімді өз алдына сөйлеп, жағасынан ала түсетінімді де біледі. Шыңда тұрып жолбарыс таласын тамашалағандай, ешқайсымызды аямайтын мұншалық сайқал қастық қайдан шықты?... Ертеңіне таңертең өзінің күрес майданыма келсем, есігі құлыптаулы екен. Қайта шығып бара жатқанымда бір зейіл дауыс қызыл жүректі залға шақырды. Қайта қайтып барып кірсем, даң–дұң. Жұлмалап жатыр екен бір жас шәиірді[24]. «Түз тұр!» деп бірі аяққа теуіп, «былай тұр!» деп бірі желкесінен артқа тартты да, бір мықтысы шеңгелін тұп-тура қарнына салып, алға тартты: «бері, жақын тұр!». Қалай тартса солай барып ақын тұрды. Бірақ, «сөйле» дегендеріне мыңқ етпейді. Кеңірдектер барынша созылып, дауыстар жетісінше барқырап жатыр... Артқы орындықта «құйын соққан» отыр екен. Бір жағына қарай сырылып берген орнына отыра қалып едім, осы қасқыр шапқан шуылдан пайдалана қойды. – Сізге де түн бойы бақсы ойнады деп естідім, рас па?– деп күбірлей сұрады. – Маған іңірде ғана ойнап, өз араларында желікті ауруы көбейген соң мені қайтарып жіберген... қалай, бақсылар түн бойы ойнап па? – Солай естідім, қатты ойнапты. Таңға жақын ғана тоқтапты дауыстары. – Бәсе, қазір түс көріп болжап жатыр деші, ешкімі келмепті. – Бұлар болжай алмайтын өтірік бақсылар ғой, өз араларында қайшылық туылса, көрген түстері мен болжауларын жоғары дәу перілеріне баяндап жорытатын шығар! – «Құйын соққан» осыны тез айтты да тына қалды, көпшіліктің даурығы бәсеңдеп қалған екен. Айқай қайта өрлегенде жалғастырды күбірін. – Ол бақсыларыңыз сізге енді ойнамауы мүмкін, саусыз ғой. Ал, егер, сізден ауру таппай қоймаймыз деп егессе, екі–үш күннен соң тіпті көтеріліп, ауыздарынан ақ көбіктерін бұрқырата жетуі мүмкін! – Мына сырқатыңыз болмаса, ең «көріпкел» бақсы сіз көрінесіз!– дегенімде «құйын соққан» күліп жіберді. – Ей неге күлесіңдер!– деп бір айқайшы зекіріп қалғанда көпшілік жалт-жалт қарасты бізге. Көрдіңдер ме мына екі ұлтшылдың құтыруын! – Тұрсын орындарынан!... Тұрсын!– қатар шақылдады бірнешеуі. – Не сөйлестіңдер? Мына серіктеріңнің жайілдігіне қыптарың қанып отыр ма? «Құйын соққан» менен бұрынырақ түрегелсе де жауапсыз тұқырып алды. – Ей бұқбажын, айт, неге күлдің?... Сөйле!.. – Жиын бастығы қол ишарасымен мені отырғызды да «құйын соққанды» өзі келіп тергеді. – Жә, не мақсатпен күлдің?... Анау жайілге жаның ашып, күрес отын өзіңе қаратқың келді ме? – Жоқ, Құдай сақтасын, оның сиқына күлдім!– деп «құйын соққан» сөлмірейе жауап берді. – Мұндай күресте шынын айтпай құтылуға бола ма! Өзіне-өзі пәле тауып, соншалық қиналғаны... – Соған ғана күлдің бе?... Осы күлетін іс пе?... Басқа себеп бар мұныңда, айт!... – Жиын бастығы бұл сұрағына асығыста жауап ала-алмайтындығын біліп, жазаға тұрғызып қайтты. – Тұр солай, қашан шыныңды айтқанша отырмайсың! – Мұнан соң жаныңа өтірік қана ес қатады, – «Құйын соққан» түрегеп тұрып тағы күбірледі маған. Өзінің дағдылы әдетімен тұқырған болып, еңкейе сөйледі. – Сіз бұрын күреске түсіп көрмегенсіз ғой. Шыншылдық деген мұндайда шылғи қырсық болады, әсіресе осы әрекетте!... Бұларды енді қылмыс қайыршысы дей бер. Кидіретін қалпағын толтыру үшін тиынның жартыкешін, нанның қоқымын тергендей тімтініп, көди-сөди сөзіңізді құрастыра береді. Мұнан соң қақпаңызды шын сөз жағынан мықтап бекіт! Миыңызға шындық пікір үйіріле қалғанда ұртыңызда оның өтірік жауабы тұрсын!... Осыны ұмытпаңыз, енді сөйлеспейік! «Құйын соққан» мұнан соң расында да сөйлемей, кіндігіне қарап тұра берді. Осылай қуған көп қуғыншы шәйірді әрең құмалақтатқандай болды. Анда-санда түскен қатты құмалақтарын құрастыра келіп, ұлтшылдыққа шығарды да, талдай келіп өзіне мақұлдатты. «Өз ұлтын сүймейтін ақын болмайды» дегізді. Бұл махаббаты үшін сайраған сөздерін қосып салыстыра қуып барып, «мұндай пікірді ұлтшылдық десеңдер, ұлтшылмын» дегізді. – Позицияң енді түзеліп келеді!– деген қортынды шығарды жиын бастығы. – Адам болу жолыңды енді таптың, қайта адасып қалма, ә! Ал, белгілі бір идея болған соң оның әрекеті де болады. Әрекетсіз идея болмақ емес... Түскі демалыс уақыты өтіп барады. Қайтып келгенше ойланып... жақсы ойлан, ә! Енді сол идеяңды әрекетіңмен қосып, бірін қоймай тапсыруға дайындалып кел! «Зорлықпен мойындағаннан өздігіңнен мойындағаның жақсы. Кешігіп мойындағаннан бұрын мойындаған жақсы. Шала мойындағаннан толық мойындаған жақсы!...» Ал, сағат дәл бірде осында боласыңдар! Жиын бастығы көпшілікті түскі тамаққа осы өсиетпен қайтарды да «құйын соққанды» жеке тергеуге алып қалды. «Мынадай күрестен «пұт пен өлік» те кері төңкеріс жүргізіп жатқан қанды қол болып мойындар-ау!» деген оймен күрсіне қайттым.
|
|||
|