Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 12 страница



Маған жаутаңдай қараған Мақпалдың көңіл күйін сезе қойған Күлән, сақылдап күлді сонсоң. Мақпал көзін қол орамалымен баса қойып сүрткенде тіпті күлді.

– Биғаныңа не келе қояр дейсің!.. Бір сөзін зорлап өзгерткенге моии қоятын Биғабіл бар ма!.. Өзі Маукесінің солай екендігіне әлі де сенбей, өзі айтқандай, оның «ұятты жеріне» әлі де қарағысы келмей отырған шығар! Мұндай сәбиден не күнә табар дейсің!

Ынтықбай екеуіміз қосыла қарқылдадық бұл сөзге.

– Кел, ішелік!... Шәкербайдай жылауық сайқалдар мен Әлиядай күлегеш шайтандардан мен де сабақ алмады деймісің!...

– Қане ішелік!...

– Қанша дегенмен коммунизмші емес пе, гомендан мен Досанша сүзе қоймас. Олардан да аман қалғамын ғой, жаман ырым бастама Мақпалым!... Енді қойдық мұндай сөзді, мүлде қойдық, енді философ емес, әнші боламыз!... Қане ішелік!..

Осылай екі-үш рет ішіп алған соң құшақтаса шалқалап алып әндеттік. Таң бозарғанда екі үйдегі екі кереуетке қосақтарымызбен бөлініп жатып алып сүйісе әндеттік. Жаңа ғана некеленіп, енді ғана қосылғандаймыз, құмарымыз қанар емес...

Содан екі-үш күн өткенде Күләннің осы қортындысы басқалардың аузымен толық расталды. «Оңшылдар», «Жерлік ұлтшылдар» дейтін терминдер газеттен де орын алып, жел теріскейден шыға бастады. Ызғары ревматизмдеріне сезілді ме, мына аты шыққан қыл тұзақтардан денелері шімірікті ме, әйтеуір, адам басты достармен тәжірибелі ағалар сыртқа шығуды, барыс-келісті тоқтата қойды. Кешкі сауық, қонақ шақыруларда тоқтай қалды. Тіпті, қызмет жөніндегі талқы-кеңестер де азайды. Қызметтестер бір-біріне емтихан сұрауларының жатталған жауабын бергендей ресми дауыспен тоқ етер сөйлем ғана қолданатын болды. «Менің атым молламысық, тышқан жесем Құдай атсын» дейтіндей күлкіні келтіретін жалған момақандық, «Тарих тапсыру», «Үшке қарсы», «Беске қарсы» науқандардағыдай жамаулы ескі киім «Мүсәпірлігі» көбінің мойнына қайта міне бастапты.

Мұндай құбылмалылықтан намыстанатыным бойынша тұрмыс еркімді сақтауға тырыстым.

– Не бола қалды үй, ініңе біреу су құйып жібергеннен сау ма?– деп қарсы алатын болдым ондайларды.

Көне достардан маған өйтіп шырай өзгертпей келіп тұрғаны Өлзекары болды. Ол ең соңғы сайрау жиынына қатынасып сайраған екен. Бірақ, мен туралы сайраған сөзі газетке басылмай, тағы қысқартылып қалыпты. Өз талабыма да жауап жоқ. Маған бір тергеу барын ішімнен біліп, ішімнен бел будым да жасап жатқан оқу құралдарымды бітіруге асыға кірістім.

Кешкі демалыс уақытымда келіп, көңіл көтерісіп тұратын сауықшылдарымның да сапасы өзгере бастады. Кекселеулерінен Мақұлбек, Құлжан сияқты «арзанқолдылары» болмаса, инаваттылары мен адал қалжыңшылары тым сирек көрінетін болды. «Зиялы» қатарына еркін қосыла қоймаған, ән мен жырдан, гармон-гиттардан басқа сайрайтын тіл бар деп білмейтін жас ақын-әртістер ғана келіп тұрды.

Биылғы мектеп бітіріп, оңтүстікке бөлінген студенттер сайрап болған соң да үйлеріне қайтарылмай қалған болатын. Талаптарына жауап та жоқ, жауап бер дейтін үміттері де жаурап қалып еді. Жүз-абыройымның осындай бүтінірек шағында бұларды қабілеттеріне лайық қызмет тауып орналастырып қоюдың жөнін іздестірдім. Мекеме – қоғам орындарының құқығы бар, басты қызметкерлерінен өжет қаридарлар табылса болғаны ғой, телефон арқылы-ақ...

«Алло, сенбісің ей, аманбысың?... Мен ап-                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                аман. Ей, сендерге қабілетті, жоғары оқыған жас қызметкер қажет пе?... Олай болса, мен таптым. Ойыңдағыдай істеп кете алатындығына сенім бере аламын. Аты пәлен... пәлен факультетті бітірген, дипломы мықты. Жалғыз-ақ шарт, Оңтүстіктегі мектептерге айдалмай тұрғанында ие болып талас та, жолдама–қалталарын пәлен басқармадан тезірек алып кет!» –Үрімжідегі баспа, ақпарат, мәдениет орындарының қазақ бөлімдеріне осылай телефон бердім де, қалған оқушыларымды да өзді-өз аймақтарының оқу-ағарту басқармаларына осы жолмен таныстырдым: «ало, маған... пәлен жолдас керек!... Мен Биғабіл... ало, сіздің мектептерге жоғары оқыған, қабілетті жас мұғалім қажет емеспе еді?... Олай болса...»

Осылай төтелеп ие болып сөйлесуім, жетімдерімнің көзжасын тиятын, тәп-тәуір шипалы дәрі болды. Құмар мен Қапас, Қапиямен Тоқбайдың қалыңдығы алдымен жол салып, Үрімжіге орналасты да, Ақия той жасап та үлгерді. Захот қыздарым түгелімен ағытылды. Жігіттердің даукесі қаридар шыққандарынан да екі-үшеуі өз аймақтарына қайтты. Маған сол таныстыруымнан өзге іс тудырмай, өздері мен өздері бітісті. Тұқырып алып жұмысымды істей бердім.

Мекеме–қоғам қызметкерлерінің «оңшыл–жерлік ұлтшылдарға қарсы» үйрену науқаны құлақты бір ай үйретіп алған соң, күзде басталды. Мәдениет мекемесіндегі үйренуге қатынасатын болдық деген хабар. Маған да жетіп, іле-шала шақырылып едім. Өз мекемемнің парт-секретарымен сөйлесіп, істеп жатқан жұмысымның бітуіне аз қалғандығын айттым да енді бір айда бітіруге рұқсат алып шықтым.

 

Әділетті тергеушім, осы тарауды оқығанда өкпеңіздің жарымы аузыңыздан шығып та кетті-ау деймін. Әлемді тарсынып, қабынып тұрғанында біздің мына төртеу ара талқымыз көкірегіңізді оқыс сығып жібермеді ме. Артымызды мұншалық қазатындай, қайдан құтырып шыққан кері төңкеріс бұл деп алқынарсыз-ақ. Бірақ та болары болған болмыс қой, кімнің ауру, кімнің сау екендігі соңынан айқындала жатар. Өкпе деген тыныс алып, тірі тұра тұру үшін керек шығар, түгел шығып кетпесін, найзаңыздың сабымен ары қарай баса тұрсаңыз болар ма екен, біздің қылмысымызды ауырлата беріп қайтесіз!

 

                           

 

 

ҮI

 

«Сөзімізбен әрекетіміздегі дұрыс пен бұрысты айырудың шарттары: 1 – бүкіл еліміздегі барлық ұлт халықтарын бөлшектейтін болмай, халықтардың ынтымағына пайдалы болсын. 2 –социалистік өзгеріс жасауға және социолистік құрылысқа... пайдалы болсын. 3 – халық демократия-дектатурасын нығайтуға пайдалы болсын. 4 – демократиялық орталықтандыру түзімін нығайтуға пайдалы болсын. 5 – компартия басшылығын нығайтуға пайдалы болсын. 6 –  социализмнің халықаралық ынтымағына, дүниежүзіндегі бейбітшілікті жақтаушы халықтардың халықаралық ынтымағына пайдалы болсын!»

Октябрьдың орта шеніндегі бір сәскеде мәдениет назаратының жиын залына кіріп келіп осы сөзді естідім. Төр қабырғадағы қара тақтаға ерекше зорайтып сызылған қып-қызыл жүрек алдымен көрінді. Қолқа тамыр, айдарша-қақпақшаларымен бір алыптың көкірегінен жаңа ғана суырып алғандай ап-айқын, тірі бейнеде, тым әсерлі көрінді маған. Келістіріп сызыпты. Бір айдан бергі «жүрек тапсыру» деп аталатын дайындық үйренісінде осы жүректің алдына тұрғызып қойып, төменгі қызметкерлерден ант алып жатқанын естігенмін.

Оң жақ төр бұрышындағы столда отырған семіз қара сұр бастық кере ұстаған қағазының үстінен маған сүзе қарап қана қойды. Сол жақ бұрыштағы столда хатшы болып отырған жігіт тұқыра түсті. Кел-кет деген ешкімі жоқ, жайдақ ұзын орындықтарда төрге қарап тізіле отырған қызметтестердің желкесі мен жауырындары ғана көрінеді. Арттарына қайрылып бірі де қарамады. Тылсым байлағандай қыбырсыз. Қызыл жүрек пен жуан қарасұрдан басқа жаққа мойын бұрмауға қасам ішкендей. Ерін жыбырлатар ешкім болмаған соң арттағы бос орындыққа отыра кеттім.

Зейнімді тұтқындап алдымен көрінген жүректің астында қыбырсыз тұқырып тұрған адам көзіме енді түсті. Құйын үйіргендей, шаш ұйқы-тұйқы. Қабақ астымен алара бір қарап қана қойды маған.

Жиын бастығының қағаздан оқып отырғаны, «құйын соққан» адамға үшкірген шарапатты дұға сияқты. Жиындағылардың сиынған сопыша жым-жырт мүлгіп отырғаны сол екен. Қайсысы самарқау тыңдаса, иә, оқыста қыбырлап қойса, дұғаның киесі соны ататындай. Бар құлақ, бар көз, бар мұрын, бар түйсік, бар сезім соған беріліпті. Мен отырысыммен қайталап оқылды сол алты сөйлем. Бұл үшінші рет қайталануы екенін артынан естідім.

Зал дуалдары қызылды-жасылды плакаттармен безелген. «Маужуши түмен мың жасасын!» дейтін ұран ерекше сұлу жазылып, зор жүректің екі жағына жасырылыпты. «Оңшыл оппортонизмді түп-тамырымен жоялық!», «Оңшылдармен жерлік ұлтшылдар – социализмнің ең қатерлі жауы», «Оңға емес, солға, солға, солға!», «Өздігінен мойындағандарға кеңшілік, тоңмойындарға қаталдық!», «Қателесу айып емес, қателігін танымау айып!»... Екі жағымдағы қабырғалардан осы ұрандарды оқып отырғанымда алдымдағы қатардан бір наборщик атып түрегеліп ұран шақырды. Зал дүр көтеріліп қостай ұрандатты. Мен де түрегелдім. Қызыл жүрек астында күреске тартылып тұрған «құйын соққан», «Маужуши түмен мың жасасын!» деген ұранды бәрінен асыра көтерді. Мұнысын қашқанның да қуғанның да Құдайға сиынатын салтына балай салып едім. Өзіне қадала түскендей «жоғалсын оңшыл – жерлік ұлтшылдар!» деген ұранға келгенде тіпті өрлете көтергеніне күліп жібере жаздадым...

Сүзе қарайтын томпақтау қоңыр көзі, тығылыңқы мойны, оң иығына қарап қисая, сәл тұқыра жүретін қалың шашты басы, барлық қимылымен қосылып, ылайсаң нөсерде мойнына су құйылудан ғана сақтанып келе жатқандай көрінетін бұл адам, өзбектің көне ақын-драматоргы еді. Шынжаңда соққан бар құйын мен нөсерлі дауылды өз басынан өткізіп, мойнынан су құйылып келе жатқан дағдылы «кері төңкерісші». Бірақ, бұл кісінің «кері төңкерісі» қалжың мысқылынан ғана көрінетін.

«Гомендаңшы» деген қалпақ астындағы түрмеден шыққанына екі-үш жыл ғана өтіп еді. Енді ол қалпағының мүлде керісінше тігілген «жерлік ұлтшыл» атты тағы бір қалпақты кие қоюға асыққандай. Күреске тартылып, көпшілік алдында жығыла беру масқаралығынан бір жолата жоғалып, үйренген түрмесіне кетіп құтылғысы келетіндей рай байқатады.

– Біз, бұл науқанның ең айқын өлшемін тағы қайталап үйреніп шықтық,– деді жиын бастығы ұран тоқтаған соң, «құйын соққанға» түйіле қарады. – Сізде мәселе бар ма екен, жоқ па екен?

– Менде мәселе бар ғана емес, көп. Кері төңкерісшімін дедім ғой. Бұған гомендаңшылдық қалпақпен жеті жыл лаугай[19] болғаным факт. Мұнымен қатар менде жерлік ұлтшылдық та бар екен. Бірақ, бұл қалпақты киетін басым жоқтығынан ғана қысылып тұрмын. Себебі, гоменданшылдық – жерлік ұлттардың да, жерлік ұлтшылдардың да жауы. Ал, жерлік ұлтшылдық–гомендаңның ең қорқынышты жауы. От пен судай қарама-қарсы екі қалпақты бір басыма қалай тұрғыза алар екенмін деп, ішәнсаңыздар түн бойы ұйықтай алмай шықтым. Бірінің үстіне бірін кисем, екеуі де үлкен. Жерге түсіп кетсе, әнзі аударғандай тіпті зор күнәға батамын!

Көпшілік арасында тұншыққан күлкі бық-шиқ, қыңқ-сыңқ ете келіп тұтаса кетті де лап етіп қарқылдап-сақылдап ала жөнелді. Жиын бастығы ақырып кеп қалғанда күлкі тасқыны шорт тоқтап, күлген «белсенділер» тұс-тұстан күн күркірегендей ақыра-зекіре жөнелді бір-біріне. Енді бәрі де күлкіге қарсы төңкерісшіге айнала қалды.

– Жолдастар!– деп ыршып тұрды жиын бастығы. – «Таптық жау өзінің жеңілісіне әрқашан мойынсал болмайды. Біздің төңкерістік отымызды өшіруге әрқашан дайын тұрады» – Маужушидың осы данышпандық сөзі естеріңде бар ма?

Мақұлбек, Құлжан бастатқан бірнешеу жарыса зекірді залға:

– Аш көздеріңді, қайда отырсыңдар, білесіңдерме!

– Бұл жерде бұзғыншылықтың базары жоқ!

– Ат төбеліндей оңшыл–ұлтшылдардың күлкісін тия аламыз!

– Кім бастады күлкіні, тұрсын орнынан!

Озық белсенділікке таласқандардың көздері қанталап, оңшыл – ұлтшыл саналғандарға қыдырыстана қарап шықты. Маған да бірнеше көздің жарқылы түскендей болды. Күлкісі қаттырақ шыққан жастар күнәларын жуу үшін болса керек, сөйлеуге жарыса-жамырай көтерді қолдарын: жиын бастығынан рұқсат алғандары да, ала алмағандары да түрегеліп, «Құйын соққанның» алдына тепсіне жетті.

– Ей бұзық, пролетарият дектатурасына не деп зәр шаштың?

– Ей ұлтшыл, екі қалпақ емес, бес қалпақ та кигізе аламыз біз саған!

– Ей азғын, сенің басың біреу ғана ма еді! Сенде...

– Аш көзіңді, сенің гомендаңың жерлік ұлтшылдардың жауы ма еді!... Не деп...

Артында тұрған бірі бұл айқайшылының бүйірінен түртіп тоқтатып, өзі ақырды жауапкерге:

– Ей кәрі түлкі, аузыңды басса, кө...нен сөйлейтін кері төңкерісші, бүгін, қалпақ киетін басым жоқ дейсің иә сен! Кигің келмесе...

– Жолдастар, сергек болайық!– деп Құлжан бәрінен асыра шаңқылдады – бұл жау, Маужушиға, гұңшандаңға, социализмге қарсы жеті басты жалмауыздың дәл өзі. Бұл жауабымен төңкеріске сол жеті басымен жеті түрлі у шашты! Бірінші, «Маужушидың жасаған қалпағы басымыздан асып кетті» дейді. Екінші, «бұл қалпағыңды енді құйрығыма кием бе» деп масқаралайды. Үшінші, «кигізген қалпақтарың үйлесімсіз жалған қалпақ, өзінен-өзі түсіп қалады» деп оңшыл–ұлтшылдарға қарсы төңкерісімізді жоққа шығарып, тұншықтыра салмақ болады!... Сабыр етіңіздер сөйлеп болайын!...

– Ей ұлтшыл, сонда сен, гомендаңшыл болған адам жерлік ұлтшыл болмайды демекшімісің? – Мақұлбек Құлжанды қағып тастап, алдына өте сапылдады «құйын соққанға». – Тағынан, мылтығынан айрылған гомендаңшылар ендігі жерде жерлік ұлтшыл қияпатына кіріп алып, ұлттар арасына бұзғыншылық іріткі сала алмай ма! Гомендаңды сондай қарабеттікпен ақтап шықпақпысың!...

– Жолдастар сабыр етіңіздер! –деген жиын бастығының сөзін естісімен айқайшылары тына қалды. – Алдымен осы сұрауларыңа жауап берсін, отырыңыздар! Отырыңыздар!... Ей кері төңкерісші, көрдің бе көпшіліктің қаһар-ғазабын, бұл ғаярлығыңмен ешкімді алдай алмайсың! Осы сөзіңмен гомендаңды ақтамақпысың, өзіңді ақтамақпысың? Сөйле!

Өңшең тұтықбалы сұрақтарды тұқыра тыңдап тұрған «құйын соққан», басын көтеріп, баяу ғана жауап қатты:

– Мен гомендаңды да, өзімді де ақтамақ емеспін, гомендаң ғой, әлбатта гомендаңшыл, зор ханзушыл. Мен ғой, одан да бетер гомендаңшыл. Демек, пұтқа табынуға мұрсам жетпей, бала–шағамнан қорқып қана жүрген ханзумын. Бір қалжыңым үшін ғана ханзуларға қарсы жерлік ұлтшыл болып шықпаспын деп ойлап едім...

– Тоқтат былжырағыңды!... Қара енді бұл кәрі түлкінің!.. Жаны тұмсығының үшіне келгенде ханзу болып ала қоюын!... Ей сен ханзу халқына қарсы не деп у шашып едің, соныңды ғана сөйлеші!

– Мақұл, мақұл, сонымды ғана сөйлемесем... басқа нем бар менің... ие, онда алдымен у шашқан мен емес, Мәммет Тоқты болатын: «ханзулардың жемейтін нәрсесі жоқ екен» деп, ұлы ханзу халқына ол жала жапты. Мен дереу қарсы шығып ақтаған болдым: «ханзулардың жемейтін нәрсесі бар, аспанда аэропланды жемейді, теңізде парахотты жемейді» дегенмін.

– Ал, осының қандай «ақтау»?

– Ақтау емес, кері төңкеріс екен. Енді түсініп тұрмын. Бірақ, өз уағында осыдан басқа факт таба алмай қалғанмын. Шынында адамның жемейтін нәрсесі көп қой. Асығыста сол үлкендерінен басқасы есіме түспей қалған.

– Сөйле, есіңе түскенін!– деп ақырып қалды біреуі. Бұл сұрауға жауап беруден пәленің үлкені өрбитінін білетін «құйын соққан» түсінбей қалғансып, қасақана тұрпайы сөзбен айқындай сұрады.

– Ханзулардың жемейтін нәрселерін бе?

Мұны сұраған сұрақшыға да, жауапкерге де тыжырына қараған жиын бастығы тергеудің бетін бұл тақырыптан бұруға асықты.

– Таста бұл «жейтін-жемейтініңді» басқа мәселелеріңе жауап бер!

«Құйын соққан» жауапсыз қайта тұқыра қалғанда жиын бастығы әркімге адырая қарап иек қақты. Жанқалталарындағы қағаздарын алып, «қылмыс факттері» деп аталатын ұрандарын жаудыра жөнелді бес-алты белсенді: «әшадди[20] фантуркист», «әшадди оңшы», «әшәдди жерлік ұлтшыл», «гомендаң мен шет ел жиянгерлігінің асыранды иті», «шпион»...

Осы жойқын сұрау «факттерін» ұран сипатымен құзбасынан тас домалатқандай тұс-тұстан сырғытып-сырғытып жіберді сөйлеушілер. Сай табанындағы аюша сасқан жауапкер жан-жағына жалт-жұлт қарап тыңдады да аңырып тұрып қалды.

– Ендігі факттеріңді айтпай қоя тұрыңдар жолдастар, шайнап берген тамақ ас болмайды, өзі сөйлесін! – Жиын бастығы маңғазсып жымия түрегелді орнынан. – Ә...ә, қалай екен? –деді жауапкерге аспанси қарап. – Қанша бұққаныңмен мына оянған көпшіліктен жасырынып құтылып кете алмайсың, «аспанда тор, жерде қақпан!», өзің сөйлеп, мәселеңді өздігінен тапсырып құтыл онан да! «Мойындағанға кеңшілік, тоңмойындарға қаталдық» – Партия саясаты осы, әне жазулы тұрмай ма!... егер өзің әшкерелемесең, мына көпшілік ішек-қарныңды суырып алып, алдыңа жая салады. Көргілікті сонсоң көресің!... Сөйле қане, көпшілік уақытын алып, ғазаптандыра бер ме!... Өзің үшін айтып тұрмын, бұл әрекет, бұрынғы әрекеттерге ұқсамайды. Мәселелерін ада–күде тапсырып, жүректері тоқ қызылға айналған мына төңкерісшілердің қаһарын көрдің бе? Өз араларына енді бірер қаражүрек қалдырып, қайтадан індет жұқтырып алмақ емес ада-күде тазартпай қоймайды! Факт құралдары толық. Жанашырлығым осы ғана саған. Партияның мақсаты «ауруды емдеп, адамды құтқару», егер ауруыңды жасырсаң, өзің қосыла жоғаласың, айтпады деме!... Сен өзің бұрынғы дертті қоғамнан келген «ентелегентсің» ғой, ол қоғамнан саған не жұқпады, пролетариятқа жат идеяда болмадым деп кімді сендіре алмақсың! Өз мәнпағатың үшін істеген ісіңнің, өзіңнің жеке абыройың үшін біреуді жеңермендікке сөйлеген сөздеріңнің, қазіргі өлшемде бәрі қылмыс. Сенің тіліңнің жыланның тілі екендігін мына қырағы жұртшылық білмей қадалып тұр ма саған! Шашқан уыңның барлығын жиып, партияға тапсырып құтыл, ада-күде тапсыртпай қоймаймыз! Зорлықпен тапсырғаннан өздігіңнен тапсырғаның жақсы! Кешігіп тапсырғаннан ерте тапсырған жақсы! Шала тапсырғаннан толық тапсырған жақсы. Қазір сен, өлу мен тірілудің арасында өте қатерлі ахуалда тұрсың. Тез тап жөніңді! Тым болмаса бала-шағаңды ая!

«Құйын соққан» селк ете түсті осы сөзге келгенде.

– Өткендегі жала мен жаза қапашылығынан сол сорлы балаларым үшін ғана тірі қалып едім, –дегенінде ыршып-ыршып кетті көзжасы. – Тағы төнді деші!... Өзім де... өзім де бір... сөзге сөз келгенде ішіме сақтай алмай қалатын итпін!... Қалжыңнан ұтылғым келмей, қазбалап жіберетін мінезім...

Күрілдей жөнелді көп тергеуші, ұмтыла-тепсіне жетті тағы да.

– Қалжың ғана ма сол шашқан уың!

– Қалжың ба сол ей?

– Қалжыңға айналдырып құтылмақпысың, сөйле «қалжыңдаудағы» мақсатыңды!

– Көмекейіңнен суырып алмай қоймаймыз!

– Ей, атап айтшы, қалжың ба соларың!

– Қалжың емес, бәрі шын, бәрі, бәрі кері төңкерістің сөзі!– деп бұға түсті «құйын соққан».

– Сөйле, бәрін сөйлетеміз!

– Өзім де түгел сөйлемей құтылмаспын. Бірақ, өздеріңіз айтқандай «аузымды басса құйрығым сөйлейтін» жаумын ғой. Дәл қазір бәрін есіме түсіре алмаймын. Жазып тапсырайын. Кең ойланып, сол қалжыңдардағы идеямды толық ашып, толық жазып тапсырайын!...

Жиын, «құйын соққанның» осы уағдасын неше рет қайталатып, ант алып тарады. Мұның үстіндегі бұл күрес басталғанына үш күн болған екен. Мойнынан су құйылғандай ғана емес, пішілген бұқаша бөксесі де шөмейіп, талтаңдап қайтты. «Он жылдан бері қай жерде не деп қалжыңдағанымды қайдан білейін, шопанның таяғына сүйкенгендей сөзім болса,[21] өзіме айтыңдар ағайындар!»– деп күбірлей шықты қақпадан.

Мен де ойлана қайттым. Көңілі ашық адам қалжыңсыз жүре ме. Бірақ, компартия мен ханзу халқының үстінен мұндай улы қалжыңға араласпаған-ақ шығармын. Құдай тағала тек, қалжыңдасатын құрбы қызметтестерім мен олардың шүйке бастарына нысап берсін!



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.