|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 11 страницаДостар көңілімді көтеруге келеме, көңіл айтуға, иә, көңіл сұрауға келеме, әйтеуір есігім тыншымады. Алғашында ақыл айтарлық, тәжірибелі ағалар бір-бір келіп жай сұрасып шығып еді. Соңынан іні мен қарындастар қаптады. Әсіресе Мақпалшыл қыз-келіншектерден танитыным да, танымайтыным да үйірлесіп алды. Бірнеше күннен бері тоқтап қалған жұмысымды істетпейтін болған соң қарсы үйге шығып, сыртынан құлыптатып қойып істедім. Мұқтажды бүйімтайы барларына бұрынғы әдетіммен кеште келуін Мақпалға тапсыра отырдым. Сайрауымның жұртшылық алдына сабынша бұзылып шыққанына ең қатты қайғырған «Жанашырым» Әлия болды. Бір аптадай кейінгі бір кеште келсе де расымен-ақ көз жасын есіктен кіре төгіп, өксіп-өксіп қалды маған қарап. – Аппай-ау не болды соншалық?– деп таңырқай сұраған Мақпалға жауап бермей егілді. Төрде отырған Ынтықбай мен Күләннің бір-біріне қарап күліскеніне қарамады. Мақпал қолымен көзжасы сүртіліп, шай ішіп уанған соң сұрадым мен. – Не болды, байың ұрды ма? Ұрттаған шайын бүрке күліп жіберген Күләнға жалт қарап, бірге сыңғырлады Әлия. Бұл сұрауға да жауапсыз күліп алып, ауыр күрсінді. – Өй, әлде сол немең өліп қалды ма? – Бұл сұраумен әрине тіпті де жауап ала алмадым. Біраздан соң қарсы үйге тамақ дайындығына шыққан Мақпалдың соңынан кетті. «Нұрияш, Нұрияш!» дей шығып, ондағы ұлым мен Сайраны шөлпілдетіп сүйгені естілді. – Нұрияш, мына кішкенесін де туып жібергенбісің? – Аппай-ау мені тауық деп пе едің? Екеуі сақылдасып алып, сықылықтаса жөнелгенде естіп отырған бізде күлістік. – Жаңа ғана егіліп келіп еді, күлкісінің шаттығын қарашы өзінің!– деп Күлән еселеп күлді де, Ынтықбай маған қарап күбірледі. – Осыны қаншалық опасыз дегеніңмен сені шын сүйеді екен! – Шын сүйетіндігі деймісің, шын сайқал ғой бұл! – Күлән мұңая күрсінді. – Сүріне қалсаң, ең үлкен жауың осындайдан шығар!... Әлия, неліктен екені белгісіз, «Күләннан ұяламын» дейді, біз отырған үйге қайта кірмеді. Қарсы үйден екі рюмка арақ қағып алып, қазаннан тамақтаныпты да велесипетіне міне жөнеліпті. Мақпал соны айта кіріп, дастарқан жасады. Шампанды төртеуіміз оңаша ғана іштік бұл кеште. Әлиядан Мақпал не себепті жылағанын қайталап-қайталап сұрап, әрең айтқызыпты. Бұл жайды Мақпалдың Күләнға күбірлеп отырғанын ортадағы Ынтықбай естіп қойып, елеңдей сұрады. – Екеуің кімнен жасырып күбірлесіп отырсыңдар, біз де естиік. – «Ешкімге айтпай қоя тұр» деп еді!– Мақпал қызарақтай күлді. – Қоя тұратын өсек емес бұл, бізге қазір зәру хабар! – Бұл саққұлақ сөйлеп отырып қалай ести қалды екен!– деп Күлән ымдады Мақпалға. – Айтып бере ғой, досыңның сыры емес қой! – «Оңшылдар мен ұлтшылдарға қарсы әрекет жүргізіледі екен содан Биғанды аяп жыладым» дейді! – Мақпал осыны ғана айтып күлімсіреді де Ынтықбай ойлана қарап сұрау қойды оған. – Сонда Биғабілді оңшыл, иә, ұлтшыл деп жылағаны ма? – Қайдан білейін, әйтеуір «Биғанын» қиын аяйды өзі! – Мақпал маған қарап сық ете түсті де, Күлән ашық күле жауап қатты. – Бұл әңгүдік екеуіңді араздастырудан әлі дәмелі! – Сонда көзжасын көл қып өтіріктен-өтірік жылай ала ма!– деп Ынтықбай Әлияны бұл мәселеден ақтайтын рай байқатты. – Амалын асырғысы келіп, аздыруға шындап құмартқанда қай сайқал жылай алмайды дейсің. Және мына Әлияштарың «Биғанның» сайрауы мен осы хабарды естіп қуанғаннан тіпті жақсы жылай алатын шығар! – «Әлияштарың» деуін өзінің! – Коммунизмші партияның мүшесі болған соң сенің де Әлияшың болад та! – Күлән диван арқалығына шалқалай күлгенде Ынтықбай сүзе қарап, оның тоқ омырауын жастана құлады. Төменгі жағында отырған Мақпал ол екеуіне жымия қарап қойып, стол айлана ұмтылды маған қарай. Менің қолтығыма кіре кеп құлады. – Ал, Әлияшың естігенді сен неге естімейсің? – Күлән бір қолымен Ынтықбайдың құлағын созды. – Саңырау ма едің? – Өнебойы толған тесік ол естігеннің бәрін мен қалай естіп үлгермекпін! – Ынтықбайдың жауабына қарқылдап күлдік. – Оның тұла бойы толған «құлақ» екенін қайдан білдің?– деп Күлән оны үстемелей тергеді. Бірақ, жырынды Ынтықбай тез құтылды бұл теңеуден. – Үй, сенбесең Биғабілдан сұрашы өзің, сол айтқан маған! – Ал, Биғаш, тергеу саған келді, рас па мынаның айтқаны? – Құдай біледі ып-рас. Әлияшымыздың бойында ғана емес, төбесінде де, бақайшығында да, табанында да тесік бар, бәрімізге жетеді! Ынтықбай ыдыстарға шарап құя тұжырды сөзін. – Соншалық күле көтерілдік. Ыгнтықбай ыдыстарға шарап құя тұжырды сөзін. – Соншалық мол тесіктерімен тәулігіне аз дегенде қырық хабар қабылдайтын Әлияш естігеннің бәрін мен қайтып естімекпін! Күлән ыдысын алып бір ұрттады да күлімдеп тұратын өткір қара көзін маған қадады. – Жә, Биғаш Әлияштарыңның сырына өзің жетіктеу сияқтысың, осы хабары рас па, өтірік пе, соны айтшы! – Мақпал да осының анық-қанықтығын білгісі келгендей шыңырау тұнық көгілдір көзімен тұна қарады маған. – Күн де сынап біліп жүрген күндесің екен ғой, –деп жымидым Күләнға. – Оның жан дүниесіне сен жетіктеу сияқтысың. Әлия «Нұрияшқа» ғана айтып, басқамызға айтпа дейтіндей қандай сиқыр хабар бұл, өзің бір сөйлеші! – Осы «ашылу – сайрау» науқанын оңшылдармен жерлік ұлтшылдарды ашу үшін жүргізді деуге қандай қисын, қандай дәлел бар? Алдымен соны талқылап көрейік!– деп Күлән Ынтықбайға қарады. Ынтықбай бөгелмей айтты өз ойын. – Меніңше бұлай деуге дәлел де, қисын да жоқ. Басқа ойымен емес партия ішінде стиль түзету үшін сайратып жатқанын осы өткен аптаға дейін нәсихаттап келді ғой. Инабаты мен абыройы ең зор партия жалт бұрылып қылыш жарқылдатады дегенге ақылым да батылым да жетпейді. Жалынып-жалбарынып пікір сұрап алып отамақ па!... «Әлияшым! өтірік айтады!». – Және Жұңго компартиясына ең толық сенетіндер ғана толық ашылып сайрады,– дедім мен. – Сенбейтін қай жау өз қарнын өзі жарып бермек. Сенбейтіндері демін ішіне тартып мақтап қана, жеңіл-желпі қасып-сипап қана өте шықты. Олардың пікірсымақтарына суда жұқпайды. Отаса, партия өзінің ең сенімді қолқанаттарын отайды. Мұның обал болатындығын білмей ме, обалды былай қойғанда да өз образын – өз беделін ойрандайтын, өзін-өзі жұлып, рәсуә ететін партия бола ма!– дей келіп, Фубужаңның кеуде қағып тұрып берген сертін толығымен сөйлеп бердім. – Жиып айтқанда Ынтекеңнің «Әлияшы» жеткізген хабар, менің Күләшімнің алғашқы берген бағасына лайық, сайқалдық қана өсек! – деп күлдіре тоқтаттым сөзімді. Мен қарағанда Күләштің кірпігі жиы қағылып, төмен қарап кетті. Маған жамбастап, қабырғама жабыса тыңдап Мақпалымның арқасын сылай беріппін. Күлән оған сұрау қойды. – Ал, Нұрияш, сенің қандай пікірің бар? – Мен де осы айтылғандардан басқа пікір жоқ. Партия бұрынғы жүргізген науқандарының ешқайсысында да өз мақсатын, саяси нысанасын жасырмаған ғой. Мұндай амал қолданып, көпе-көрнеу алдап, күн ашықта тұйыққа тірелетін жолға бастамайтын шығар! – Мен де осылай ойлайтынмын,– деді Күлән сәл кідіріп. – Осы «ашылу–сайрау» науқаны басталғаннан бергі көрген-білгеніміз ұп-ұқсас екен. Енді осы науқанның алдындағы ауқымды талдап көрсек қалай?... Әсіресе осы жақыннан бері неғып науқаннан – науқан болып кетті, бірін көңілдегідей тиянақтандыра алдық па? Күләннің бұл сұрауынан көзім жарқ ете түсті менің. Өз сенімімдегі бір әсерлік кінәрат бадырайып айқындала кетті. – Жалғыз ұлына кір жуытқысы келмейтін ата-ана сияқты өзінің аяулысына жаңсақ баға беріп қалу – бар адамға жалпыласқан кемшілік қой, жақсылығын асырып, жаманшылығын жасыруға дайын тұрады,– дедім. – «Қарға баласын аппағым дейді», «кірпі баласын жұмсағым дейді» деген мақалдар соның қортындысы. Бұл, өзі, адамзатқа өте ертеде, меншіктенушілік пайда болғаннан бері жабысқан өзімшілдік дерт. Жершарын жейтіндер көбейіп, тапшылық төнген сайын күшейетін бұл дерт, адамзат қоғамының ажалы, ең зор қатері. Осы дертті шектеп, осы ажалға ара түсетін бірден-бір күш – жалғыз, яғни, коммунистік партияның басшылығы ғана деп сенемін. Мендегі бұл сенім аса күшті. Бұл, әрине ең ардақты сенім ғой. Сол ардақты сеніміме келгенде мен де әйеншек екенмін. Компартия басшылығынан мін тапқым келмейді. Мендегі өзімшілдік дерт осы болса керек. Сайрауға тиісті пікірлерім бола тұра сайрағым келмей, «партиядан өтілген мәселе емес, жеке сойқандардан өтілген мәселе» деп партия басшылығына әшкере сайрап кір келтірмей, жазып ұсынуды ғана ойлап жүріппін. Ал, шындығында партия басшылығында ондай жекелер жоқ деуге бола ма!... Коммунистік партиядан кемшілік-қателік іздегім келмей, ондай айыбы көзіме түссе де көргім келмей көз жұмып келіппін. Бұл кемшілігіме екінші жағынан қарағанда «Өзімшілдік дерт» деуге де болмас, ата-ананың ұятты жерлеріне қараудан беті күйетін баланың қанындағы әдебі – ар-намысы шығар. Ал, қарамай қою арқылы ата-анада ондай ұятты мүшелер жоқ деуге бола ма! Бізде ата-ана болып отырмыз ғой, ондай мүшелер бізде жоқ па!... – Болса қане, көрсетші!– деді Ынтықбай. Ду күлдік. Күлән қатты күлсе де тез тиылып, демеп жіберді мені. – Үлкен бір ойын түсіндіруге алып отырған мысалы ғой, қалжыңға айналдырмашы!.. Осы мезетте сырттан тықыр естілді. Ұшып тұрып терезе ашып қараған Мақпал, таңырқай қайтты. – Әлияштарыңыз сіздерді қимай жүр ме, мас болды ма, қайтып келіп есікте тұр екен. Велосипетімен қайта ағыза жөнелді!– деді. Дереу мен шығып барып қақпаны бекітіп қайтып жалғастырдым сөзімді. – Мен қазір адамзаттың ең жойымпаз ажалы болған өзімшілдікті де, ең асыл қасиеті болған ар-намысты да партия басшылығынан мәселе іздемей, көрмей келгендігімнің себебі ретінде айтып отырмын. Ойыма түскен тағы бір жайт, Маужушидың «пұт пен өліктен басқаның бәрінде де кемшілік бар» дегені, қай мақсатпен болса да жай айта салған сөз емес. Күләштің жаңағы сұрауы – осы сөздің де, біздің талқылап отырған мәселеміздің де шындығын табудың шабыты болды. Біз бүгін оңаша, өзіміз ғана отырмыз ғой, білгенімізді ортаға салып көрелікші! – Ол сұрауың қалай еді ей?– деп жалт қараған «Ынтасына» Күлән күліп жіберді де, Мақпал қайталап айтып берді. – Әсіресе осы жақыннан бері неғып науқаннан–науқан болып кетті? Бірін көңілдегідей тиянақтандыра алдық па?»– деген. – Нүктесіне де қалдырмай ұстап отырғанын қарашы!– деп Күлән Мақпалға сүйіне қарады. – Нұрияшым менің! Күләннің жасқа тола қалған қара көзі дәл қарсымнан жалт ете түскенде құйып жібергендей, менің көзім де жасаурай, бұлдырай қалды. Келмеске ізсіз кеткен аяулымыздың дәл өзіндей, орнын ортасыз толдырған Мақпалға тең иігеніміз еді бұл. Күлән екеуіміздің жанымызды бөлек деп кім айта алар!... – Иә, бұл тізбекті науқандар жақыннан бері ғана емес, «Жекеге табынуға қарсы» талқымен басталған ғой,– деді Ынтықбай. Күләннің сұраулары осыдан туындап бізді өкшелеп қуалай жауды. – Ал, сол талқы біздің қоғамға қандай із қалдырды? Турасын шорт-шорт айтыңдаршы! – Меніңше болғанда ол талқы, «Жекеге табынушылық біздің елде жоқ» және «Біздің елде де бар» деген екі көзқарас пайда қылды,– деп Ынтықбай маған қарады. Мен айқындадым. – Хрущевтің Сталинды табындырушы деп бүтіндей жоймақ болуына біздің көсеміміз қарсы болғандықтан «бізде табындырушы жоқ» дейтін жағымпаздықтың жандайшап көзқарасы бұл науқанды жүргізбей тоқтатып тастады. Ал, шындықты іс жүзінен іздеуші саналылар жағы «Бар» деген пікірді мықтап ұстады. Тіпті Шаңхайдың Хупың атты дарынды ақыны табындырушы көсемнің дәл өзіне қарсы ашық пікір көтеріп, жазамен өлтірілді. «Хупыңға қарсы науқан» соны жеп қана тоқтап қалды. Екі түрлі көзқарас әлі де сол қалпы тіресіп тұр. – Ал, бұдан соң қай науқанға көштік, қоғамға ол қандай жеміс берді? Мұны да ашық айталық!– Бұл сұрауды Күлән күбірлеп қана қойды да, Ынтықбай күбірлеп қана жауап берді. – Мұнан соң Маужуши өз бетімен социализм мен коммунизмнің «Ең төте жолын» жасап жариялады. Соны үйрену науқаны басталды. Бұдан менің өзім алған жеке түсінігім мынау: Совет одағында жүргізілген жекеге табынуға қарсы науқанмен келісе алмай қалғандығымыздан социализм құру ісін дербес өз алдымызға белгіледік. «Өз күшімізге ғана сүйенуге» бекіндік. Бұған тәуекел етуімізге Хрущевтен «марксизмді дамыту жолында Қытай жақсы үлгі көрсетті» деген мақтау алуымыз да себеп болды ғой деймін,– деп Ынтықбай күліп жіберді. – Артықша бөртіп тым асыра сілтеп жібердік пе екен, әйтеуір сол үйрену науқанымыз да аяқсыз үзіліп қалды. Сол «Сара жол» да, «Зор секіріп ілгерлеу» де қайтадан ауызға алынбай тоқтап қалып тұр. – Сол өздігінен тоқтап қалды ма, иә, «оңшыл оппортонизм» секіртпей, етегінен алып тұр ма? –дегенімде, – Ә, міне!– деп қалды Күлән. – Ең ашық жауап іздейтініміз осы сұрау!... Тоқтай тұршы! – Ал «тоқтай тұрайын», асықпай шеш! Ынтықбайдың бұл соқпа қалжыңына шиқ ете күліп жіберген Мақпал шыға жөнелді де, мен қарқылдап күлдім. – Ең қажетті сөзге келгенде қалжақтай қалатының-ай сенің!– деп шытынап қалған Күләннің өзі де күліп жіберіп жалғастырды сөзін. – «Сара жол» туралы соңғы бір сөзінде Маужушидың «оңшыл оппортонизмші» деп атағаны, оның алдындағы жекеге табыну жөніндегі талқыда қарсы жақтан көрінген кісілер шығар? – Әрине солар!– деді Ынтықбай,– табынбаушылар болмаса табынушылар Маужушидың өз қолымен жасалған «сара жолға» қарсы пікір айта ала ма! – Олай болса, Орталық Комитетте «жекеге табынуға қарсы тұру» науқанына қарсылықпен «сара жолға» қарсылық Маужуши басшылығына қарсы бір топты құрастырды. Маужуши оларға «оңшыл оппортонизм» деген қалпақ кигізді. «Сара жол» мен «зор секіріп ілгерілеуді» Маужушидың өзі қалдырғаны жоқ, сол «оңшылдар» секіртпей, алқымынан тіреп тұр. Биғанның әлгі сұрауының өзі жауап болып шықты!– деп түйіндеген Күлән науқандар жөніндегі үшінші сұрауына көшті. – Ал енді одан кейінгі жүргізген науқан туралы сөйлесейік! – Онан кейінгісі, «зор ханзушылдыққа қарсы тұру» науқаны,– деді Ынтықбай. – Мұнысын нағыз интернационализмші шынайы коммунистік идеяның әрекеті дер едік. Бірақ, ол, төңкеріс жолымен жүргізілмей, күбірмен, ымырамен тынды. Демек, бұл, басы таудай, аяғы қылдай, аты бар заты жоқ, немкетедінің науқаны болып қалды. Менің бұдан алған түсінігім тіпті бұзық. Жасырмай сөйлеп берейін, неғұрлым түзетіңдер! Мұны былай түсіндім: Орталық Комитетте өзіне қарсы топ пайда болғандықтан Маужуши өз сабын нығайтып, оларды жеңу үшін идеялогиялық жақтан да секіріп ілгерілеген болып, зорайып көрінбек болды. Нағыз интернационализмші болып көрінгісі келді. «Зор ханзушылдыққа қарсы» науқанды сол үшін бастады. Бірақ, мұны төңкерістік батыл әрекет етіп жүргізсе, өз тіректерінен айрылып қалатын болған соң зор ұлтшылдарымен қайта ымыраласты. Науқанның атын сақтап, затын тастай салды. Дұрыс па осы жорамалым? Күлән маған қарап сұрау қоя құптады. – Бұл науқанның жымия қалуына қарағанда осы дұрыс жорамал-ау деймін? – Бұл, дұрыс жорамал ғана емес, айқын көргендік. Қате емес, дұп-дұрыс түсінік болды!– деп құптадым. – Құтырған әшкере зор ұлтшыл гомендаңның үлкен ұлтқа да, кіші ұлттарға да Гитлерше шашып кеткен уын жойып, уытын қайтару – коммунистік партияның интернационалдық ең алдыңғы борышы болатын. Маужуши мұны тек, шынайы коммунистердің өзіне қарсы тобы құрылған соң ғана оларды жеңер ақынның әдісімен сөйлеп қана өте шықты. Төңкерістік науқан ретінде жүргізгені жоқ. Сол сөйлеген сөйлесінің өзінде де мақсатты қателік бар. Ханзулар кіші ұлттарды тарих бойына езіп келген» деген сөзі бар. Бұл сөзі кейінгі «ашылу–сайрау» науқанында кіші ұлттар интеллигенциясын есіртіп көкітуге есе қосты. Мұндағы бір мақсаты «ашылу–сайрау» науқанының мақсатын талқылағанымыз да көрінеді!– дей сала түрегеліп шарап құйдым. – Олай болса, осы «ашылу–сайрау» науқанын қайта талқылап алып бір-ақ ішелік!– деді Күлән. – Пікіріміз шәшіліп кетпесін!... Ал, осы «ашылу–сайрау» науқанының мақсаты не болды? – Жоғарыдағы ахуалдарға қарағанда бұл науқанды «партия ішінде стиль түзеу» үшін жүргізген емес,– деп жалғастырдым сөзімді. – Сол сылтаумен қалпағын оң жақ шекесіне қондыра қойып, өз ісіне қарсы пікірді және өзіне төнген қатерді мүлде жою үшін жүргізіпті. Мақсаты сондай қос қабатты: бірінші мақсаты, сызат түскен өз образын, осының алдында өткен науқансымағындағыдай тағы безіп бүтіндеп, өз шебін күшейту. Сөйтіп, қарсы топтың шабуылынан қорғану. Екінші мақсаты, қорғана отырып «жауын» ыдыратып, олардың барлық жақтаушыларын бір-бірден жұлып тастаудың шартын толтыру. Сайратып ашып, барлық саналылардың пікірлерін қузап ақтартуының мақсаты осы екен. Енді мұның растығын әрекет барысынан анықтап көріп шығалық. «Барлық гүл тегіс ашылсын, барлық тіл жарыса сайрасын» деген атақты ұранмен асқан демократ болып көрініп, өз маңдайына ұрылған «Дара табынушы» деген таңбаны сонымен жапты. Сөйтіп обыразын бүтіндеді. Мәселен, «Зор ханзушылдыққа қарсы тұру» деген әлгі науқансымағындағы «ханзулар шағын санды ұлттарды тарих бойына езіп келген» деген сөзі мен осы науқандағы «Пұт пен өліктен басқаның бәрінде кемшілік бар, партияда да бар, менде де бар» деген сөздерді бір жақтан өзін шексіз демократияның періштесіндей көрсетіп, алғысқа бөлетті. Ал, екінші жағынан қарсы топтың пікіріне де шексіз еркіндік бергендей көрініп, еркінсітіп сайратып, екінші мақсатын орындаудың да дайындығын жасап болды. «Жаулары» ақтарыла ашылып сайрап, жалаңаштанып болды. Енді қасап пышағына ілінуден басқасы қалған жоқ. Егер бұларды жоймаса, Маукең халықты өзіне мұнан соң табындыра алмайды. Өз өктемдігімен жасаған әсіре солшыл жолымен секіріп, негізгі мұратына да жете алмайды. Тіпті ушыққанда өзі осы тәңірі тылсымындай биігінен құлап түсуі де мүмкін. Сол үшін тездетіп олардың өздерін құлату, Маукең үшін өте зәру іс болып қалды. Ал, оппортонизмші дегендерінің де арқа тірегі мықты. Қалқаны мен дулыға-сауыты қалың, даңқы мен абыройы жоғары кісілер болса керек. Мәселе көтерген көтерілістеріне қарағанда, бүтін көзі бар халық пен ғылым-сана қауымы түгел қолдайтын «жау» екен. Сондықтан оларды құлатуда оңай емес. Тірек-қорғанымен, сауыт-сайманымен, тамыр, пұтақ-пұтақшасымен түгел қопармаса құламайды. Бұл қиын мақсат үшін «өзінің стилін түзеу» сылтауымен қозғаған осы «ашылу–сайрау» науқаны – «толық ашып, толық сайратуын» іші кепкен сиырша тышқақтата қуып жүріп, еркіне қоймай сайратуды, қанша көкісе де тоймай сайратуды, «ханзулар шағын санды ұлттарды тарих бойына езіп келген деп есірте сайратуы, «пұт пен өліктен басқаның бәрінде қателік бар, партияда да бар, менде де бар» деп еліктіре сайратуы... Бәрі де өзінің құрып қойған қыл тұзағына қарай айдауы емес пе. Бұл, Асылқан айтқан «от амалының» отамасы болмай не болмақ!... Осы науқанның аты мен затында, «қорықпай сайраңдар» деп берген антында, қолданған сөздерінің шартында титтей таптық негіз болды ма?... Қиыннан қиыстырып, әдейлеп осылай күшеп, мың мәшәхатпен сайратуының арты, мұндай ахуалда, таптық принциппен сірестіріп, тергей жөнелу болмай не болмақ!... «Оңшыл оппортонизмнің» өнген топырағы мен тамыры деп енді миы бүтінірек сауаттыларды түгелімен «оңшыл», «жерлік ұлтшыл», «кері төңкерісші» деген қалпақтармен бастырып мыжымай қояр ма екен? – Қазірше атын атамай қоя тұрайын деп едім, төбесінен дәл түсіп отырсың,– деп күліп жіберді Ынтықбай. – «Оңшыл оппортонизм» дегендерінің бастаушысы – Қорғаныс министрі және бас қолбасшы Пыңдехуай екен. Бұл өзі мемлекет азаттығының батыры, орталық комитеттегі нағыз пролетариат өкілі саналатын үшеудің бірі болатын. – «Бәсе!, бәсе!»– дестік Күлән екеуіміз бір-бірімізге қарап: – Ал, Күләш, сұрауларыңа білгенімізше жауап беріп болдық,– дедім мен – бізді сен де табындырғың келмесе, өзің де бір ашылып, қортынды пікіріңді айтшы! Келте күлісіп, соза күрсіністік. – Қиын екен!– деді Күлән. – Қане, бір ішіп алайықшы! –қағыстырып жіберіп, ойлана сөйледі. – Менің мөлшерімнен де қиын екен!... Сендердің жауаптарыңнан айқындалып болды!... Енді сенше бір сөйлеп көргім келді Биғаш. Мәселе, жекеге табынуға қарсы талқылардың Маукеңнің шынайы марксизмшілдік бетпердесін жыртуынан басталды: марксизмшілдік атағынан айрылса тағынан да, сол арқылы дүниеге салмақ шатағынан да айрылып қалатындығын өзі жақсы біледі. Күшке салып ол пердесін дереу жамап алмақ болды. Марксизмнің асқан әсіре «адал перзенті» болып көріну жолына өршелене секірді. «Социализмге өтудің сара жолын» жасай қойды. Мұнысы тым қарадүрсін ұран болса да осымен мол Жұңгоның бар қаракүшін төгіп жіберіп, Совет одағынан да, Англия–Америкалардан да озып, теңдессіз құдіретті империя құрудың, сөйтіп дүниенің төбесінде ойнақтаудың кілтін таптым деп жасады. «Сара жол» – осы түпкілікті мұратына жетудегі өлермен тәуекелдің жемісі. Бірақ, ғылымға жат мұндай тәуекелшіл қаракүшпен «социализм құрамын» дегеніне білімді әріптестері қарсы шықты. Ал, Маукең, бүкіл Жұңго халқы қарсы шықса да бұл ниетінен қайтпақ емес. Өзі тақта тұрса, жағымпаз қолшоқпарлары көбейе беретіндігіне сенеді. Қайтсе де іске асырмақ. Ашық қарсыларды «Оңшыл оппортонизмге» жатқызып шектей қойды да, бір мезет зорлық күшке басуды тоқтата тұрып, мұндайларды, өзі зиян тартпай, өнімді түрде түгел жоюдың амал-айласын іздеді. «Зор ханзушылыққа қарсы» науқансымағы да, «ашылу–сайрау» науқаны да, ондағы екі басты – екі құйрықты сөздері де... тіпті, үш басты – үш құйрықты сөздері де бар, бәрі де сол айлакерлік фокс. Өз ниетіне кедергі болатын саналылар қауымын шексіз демократияның ыстық желімен жалаңаштап алып, іле-шала террорлықтың аязымен үсітіп жоюдың фоксы. Қазір ыстығымен пысынатып жалаңаштап болды. Енді аязын айдап, үскүртіп жіберу ғана қалып тұр. Мұнысын «оңшылдармен жерлік ұлтшылдарға қарсы тұралық» деп ұрандай түрегеліп үскүртпек. Биғаш, сенің жаңағы «қыл тұзақ» дегенің осы шығар?... Мен аяздың үскүрігіне теңегім келді. Үскүрткенде де тіпті зымыстан сұрапыл жүргізуі мүмкін. Өйтетіні, халықты соның ызғарымен қорқытып–қалшылдатып секіртпесе, мына «сара жолымен» адам жүруі мүмкін емес қой!... Жиып айтқанда, Әлияштарыңның күбірі рас болды!
|
|||
|