|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 10 страница«Іле қазақ автономиялы облысын» захотқа отырғызған бір бөлім мәселені сөйлеп болдым. Енді бұл мәселелерді шешу жөніндегі пікірлеріме келейін: Бірінші, «Іле қазақ автономиялы облысы» Шынжаң районына қарасты болғандықтан оның саяси орталығы әрине әлі де Үрімжі. Оның үстіне Шынжаң қазақтары автономиялы облыста ғана емес, Еренқабырғаны бойлап, бүкіл солтүстік Шинжаиңды тұтас қаптап жатыр. Сондықтан, саяси орталығымыздан қазақша «Шынжаң газеті» де шығу шарт. Осындай шарттық мықты негізі болғандығы үшін өткендегі кертартпа үкіметтерде бұл газетті жаба алмаған! Екінші, «Іле қазақ автономиялы облысы» өзінің атына лайық міндетін өтеп, ұлт мәдениетін шоғырландыру үшін, таралып кеткен ғылым–мәдениет қызметкерлерінің Құлжаға қайтарылуы, «Іле газеті» баспаханасын негіз етіп, баспа қызметінің кеңейтілуі. «Іле халық баспаханасы», «әдебиет-көркемөнер бірлеспесі», «Шынжаң халық радио станциясының Іле облыстық бөлімшесі» құрылуы қажет. «Іле қазақ автономиялы облысы» қазан-ошақсыз, түтінсіз-түңіліксіз қуыс күрке болып қалған мазақтан сонда ғана біраз сейіледі. Бұл мекеме, ұйымдардың бәрі де Жұңго компартиясының үгіт-насихат, тәлім-тәрбие органдары. Құлжаға бұл орындардың құрылуын талап етуіміз, әрине бөліну талабы емес, партия қызметін ала бөтенсіз тегіс те тұтас жүргізудің алдыңғы шарты. Үшінші, ұлттар теңдігінің ең негізгі бір белгісі, ұлттық оқу-ағарту қызметтерінің тең жүргізілуінде. «Шынжаң ұлттар институты» деп бар ұлтқа ортақ аталған, өзіміздің қазіргі ең жоғары оқу орнынан қазақша бір факультетінің, тым болмағанда тіл-әдебиет класының ашылуынан ешкімнің ешнәрсесі күйіп кетпейді... Қайта сол институттың затын атына лайықтастырып, сапасы мен беделін өсіреді. Ал, «Іле қазақ автономиялы облысына» Құлжадан бір жоғары мектеп ашылуы қажет! Бұл, сол облыстың көрінісі ұлттық, мазмұны социялистік оқу–ағартуын дамытудың қазіргі шартына айналып отыр. Сайрарлық сөзім бітті. Әділетті тергеушім, сіздің алдыңызда мендей бір әлсіз жәндіктің өздеріңізбен іс жүзінде сәл теңірек жасауды талап етуінен зор қылмыс болған ба. 57–ші жылы жаздағы «ашылу – сайрауда» партияның стиль түзету науқанына арнап сайрағаным дәл осы. Қуаттырақ есек сайрағанда да қымсынбай тыңдайтын құлағыңыз менің бұл сөзіме келгенде жымқырылып, желкеңізге жабыса қалмай қайтсын. «Иен далада шопан таяғымен шошая бермей, шоғырланып біз де оқиық, көзімізді басқалармен тең ашалық» деп қоймадым ба! «Шоғырлануға», көз ашуға» қузап қайтпек едім соншалық, арам ниетімнің асқынғаны осы емес пе! Өз тіршіліктеріңіз үшін ет-майы ғана қажет болған мендей жәндікке көздің, білім-өнердің қажеті не еді! «Құдай біледі, зау де болса» қылмыстарыңызды көруге талпынғаным-ғой, батылым қалай жетті екен осыншалық кері төңкеріске!
V «Биғабіл Жаппардың сайраудағы сөзі» деген тақырыптағы қысқа хабар ұйғырша «Шынжаң газетіне» сол сайраудан екі күн өткенде шықты. Қойған пікір-талаптарым бырысып-бүрісіп құлақ-құйрықтан, жайнаған көз, құлпырған жүннен жұрдай боп күйген күшікше әрең қыңсылап шықты ошақтан. Мен сөйлеген сипат-дәлел, себеп-салдардан дәнеңе жоқ. Талаптарым, құлама жардан басын жерге қадап, тікесінен тік тасталғандай, тігіл-тігіл атылыпты. Бәрінен ашынарлығы, қысқартып басу орайымен сөзіме жапқан бір жаласы болды: ең басындағы «партия қатарына бұрынырақ өтіп алған жерлік басшы кадрлардың кей бірі... бирократ феодалға айналып барады» деген сөзімді «партияның басшы кадрлары помещикке айналып кетті» деп бұзып басыпты. Саяси жақтан мұндағы ең қажеттісі «кейбір» деген сөз ғой. Ұйғырша «бәзі» деп бадырайтып, айқын-ақ сөйлеп едім ғой! Сондағы тілші болып отырған партком қызметкерлері қалдырмай ұғып жазсын деген оймен асықпай, ұйғыр тілінде баптап-ақ сайрап едім ғой, мұнысы несі?.. Сол газетті ұстай шапқылап газет редакциясына бардым. Хабардың жазба нұсқасын тапқызып алып салғастырсам, қателік, тілші жазбасының өзінде екен. Редакция қол тигізбей, сол қалпында бастырыпты. Одан хабар жазған тілшінің атын тауып, парткомға жүгірдім. Партия мектебінен оқып келіп, үгіт-насихат бөліміне гансы[18] болған, жаңа кадр Нәжмиден жазған екен. Қазақша, ұйғырша тілге бірдей сөйлей алатын, менімен толық таныс жігіт еді. Кеңсесінен табылмады. Сол күннің кешінде үйіне барып таптым. – Үй, мынауың не? – Өзімнің қызыл сиямен жазып алып сөйлеген тезисім мен газетті қатар жайдым алдына. – Мен қашан осылай сөйлеп едім? Қарап шығып, жауап берудің орнына қарқылдап күлді Нәжмиден. – Қысқартып жазуды тапсырғандықтан осылай шықты. – Осынша қысқарт деген кім? – ..... Жауап бермегендіктен өздерінің құпиялығы шығар деген оймен негізгі таласар сөзімді ұстадым. – Ал, қысқарт десін, сонда мына «кейбір» деген сөз, қысқартатын сөз бе!... Мұның қысқартылуы, менің өмірімді «қысқартудың» ісі ғой!... Егер тергей қалса, бұл сөйлем, бүкіл партияны қаралау – жала жабу болып шықпай ма!... Үй, мен қашан «партияның басшы кадрлары помещикке айналып кетті» деппін! Қарашы, мына тезисімнің өзінде де «жерлік басшы кадрлардың кейбірі» деген сөз бадырайып тұрмай ма!... Ал, өз естелігіңе бұл сөз асығыста жазылмай қалған болсын, өзің осы хабардың авторы болғандықтан басқа қызметтестеріңнің, жиын хатшысының дәптерінен де қарап толықтап жазсаң болмас па еді!... Басқа сайраушылардың сөзін хабарға толық жазғандарыңда менің сөзім осынша неге қысқарады!... Менікін ғана қысқарт деді ме саған?.. Әйелінің көзінше қадалғандығымнан ба, өзіне әйелінің де менше қадалып, суық қарап отырғандығынан ба, күлкішімнің жүзі төмендеп, күреңіте жымиып қалды. Әлденеден қатты қысылғандай. – Макұл, мақұл!– деді сәлден соң, орамалын алып, тершіген маңдайын, мойынын сүрте отырып, сыздықтата, ойлана жалғастырды сөзін. – Мақұл! Тым болмағанда мына... «кейбір» деген сөзіңізге... өз атымнан... газетке «түзету» жазайын!... Басшылыққа көрсету үшін керек болар, мына тезисіңіз мен де қалсын! – Менің қызыл сиямен жазылған тезисімді алып, өзінің қатты мұқабалы жиын естелік дәптерінің арасына салды. – Осы тезисті сол жиын залының өзінде жазғансыз ғой, солай ма? – Иә, сайрағым келмей отырып-отырып, сөйлер алдында ғана жазғанмын!... – Осы жайыңызды қосып, ертеңдер... сөзіңізге түсінік жазып, Фубужаңға да... түзету бергізуін сұрап... өтініш жазып жіберіңіз!... Менің газетке түзету жазуыма оңайлық туылсын! – Өзің тасырқаған атша кібіртіктеп қалдың ғой, өз жазған хабарыңа түзету жазу да қиын ба сонша? – Бір ғана сөз үшін сізде хауіптенбеңіз, Фубужаңның сондағы сайраушыларға берген уағдасын естідіңіз ғой! Нажмиденнің бұл сөзі көкейіме қонса да бұл түзетуге бейғам қарамаудың қажеттігін қайталап айтып доғардым пікірімді. – Менің қауіптенетінім, жазалануда емес, партия қаратқан көзқарас жақтан халыққа жарамсыз әсер тудыруда. Компартияға әлгіндей сөзбен бір нұқсан келтірсек, қарапайым жұртшылық не деп түсінбек?... Халық жүрегіне партияны қаралап сіңірген болмаймынба!... Сондықтан, Фубужаң серт берді деп ауызға келгенді көкудің титтей де пайдасы жоқ. Мына хабарыңды неғұрлым тез түзетпесең болмайды! – Мақұл, мақұл, мақұл! Сол шақтағы партия кадрларының үлгісі бойынша қарапайым ғана дастарқан жасалып, Құбақан шай құйылды. Әйеліне ым қағып, екі памидор туратты да, асалалынан екі рюмкаға арақ құйып әкеліп, бірін маған ұстата сала шық еткізді. Аузына қағып салып, бұл күнәмді біреу көріп қойды ма дегендей терезеге жалт қарады. Босаған екі рюмканы қосақтап апарып, қайта құлыптап келіп отырды. Бұрын көмекейіне бөтелке мен лақылдатып құйып, иегіне түкіре салатын ноқтасыз – тежеусіз бұл мырза арақханада да отыра алмай, сол ішкіштігін көшеде бөтелкесімен сарапқа сала қиралаңдаушы еді. Әрине ауыз жаппай былжырап, әркімді тілдей қираңдайтын. Сом денесіне көктайғақ бешпет сымды кептей киіп алған бүгінгі күні ондай хулигандықтан иіс сездірер емес, сып-сыпайы. Өз үйінде де перделі терезеден ұрлап ішіп отырғанына күліп жібере жаздадым. Партия тәрбиесін «тез қабылдап», «албастыдан адамға айналған» жаңа кадрдың көбі осылай еді. Мұндайлар жалпы екі түрлі ысқылмен көрінді. Бір түрі, адамдар ара байланысқа жоқ, әлеуметтік мәселеден жұмған аузын ашпайды. Жауап берудің орнына күледі. Етінен ет жұлып алсаң да ашуланбай, ыңқ етіп қана жымияды. Қарсы пікір білдірерлік жерде де ыржия, иә, бас изей салады. Бірақ сол жымиысынан да, күлкісінен де жылу табыла қоймайды. Ал, ендігі бір түрі, туа сала шешесі саясатпен ауыздандырғандай үгітші. Саяси теориясыз сөйлемейтін, сүйген қызына хат жазса да жүрек сөзі жоқ, басын саяси үгітпен қайырып, аяғын пәлсапамен тұсайтын, буынсыз тілмарлыққа, суық шешендікке салынып шықты. Алғашында көк тайғақпен киініп шыққандықтан мұндайларды жұртшылық «көкшолақ» атай бастаған болатын. Ал, Нажмиден, «көкшолақ» емес, қызметтес екі топтың алғашқы түріне тән болып көрініп қалған гансы. Үнсіз қарасып отырып, шыныдағы шайды әрең тауыстым да әлгі қажетімді қайталап, ұмытпастай мықтап ескертіп шықтым. Үйге қайтып бара сала Фубужаңға да өтініш хат жаздым. Сөйлеген тезисімді Нәжмиден гансыден алып көруін, газетке басылған хабар да «кейбір» деген сөзімнің қалдырылуы үлкен жала болатындығын, неғұрлым тез түзету беріп толықтамаса шарпулы, жаман ықпал тудыратындығын анықтап жазып өтініп, ертеңіне таңертең парткомға баратын бір аударушыдан жөнелттім. Үйге қайтып келе жатқанымда қақпа алдынан Асылқан көрінді. Қолында газет бар екен. Менің сайрау хабарым басылған кешегі газетті өзіме көрсету үшін әкеліп тұрғанын аңғардым. – Әй Биғаш-ай тым жалаңаштанып шығыпсың-ау, тымау тиер ме екен!– деп қалжыңдай қарсы алды. Қабағы қаяулы, қамды көрінуінен, қалжыңсыз шын екендігін түсіне жауап қаттым. – Жақсы-ақ киініп шығып ем, «күн – жаз, пысынайсың» деп ыштаныма дейін сыпырып алса не шара! – Кім, сонша жалаңаштап жүрген? – Ой әлгі өзіміздің Нәжмиден жазыпты!– деп қолтығынан үйге жетектей сөйледім. Кеше кеште соған барып сөйлескенімді, оның тапсыруы бойынша хабарға түзету бергізуі жөнінде үгіт бөлімінің Фубужаңына да өтініш жазып, қазір жолдап қайтқанымды сөйлеп бердім. – Нәжмиден сонша неліктен қысқартқан себебін айтты ма? – «Қысқартып жазуды тапсыра берген соң осылай шықты» деді де қойды. Кім қысқартқызғанын айтпайды. Өз құпиялықтары екенін сездім де әнеу басқы сөзден қалдырылған «кейбір» деген сөзді қосып газетке түзету беруін өтіндім. Сөйлеген тезисімнің қолжазбасын сұрап алып қалды. – Ол сөзді қалдырған Нәжмиденнің өзі емес, газетке түзету бергізбейді, қарада тұр!– деп Асылқан күбірледі. – Сонда партия нахақ күйдірмек пе?... Өз қолымен от көсеп, мені күйдіруге Нәжмиден шыдар ма? Өзі жазған хабардың қателігіне өзі жауапкер болатындықтан, өзі түзету жазуға құқықты емес пе! – Сен қателессең де осы адалдығыңнан қателесесің-ау, Биғаш! Асылқан қарқылдап күлгенде бір жағымда шай құйып отырған Мақпал да күлді. – Адалдығымнан қателессем, арманым болмас. Құдай тағала жүрегіме сайтан ұялатпаса екен! –дегенімде жарға деген сүйіктілігім арта түскендей, кең шанақты қамқор көз жаудырай қадалды маған. Көйлегімнің сыртына жабысқан мамықты адалаған болып, арқамнан сылайды. – Нәжмиден сияқтылар өзінің ондай азаматтық құқығына дәл қазір таласа қояр деймісің,– деп күрсінді Асылқан. – Партияға қабылданған күні–ақ онысынан өздігінен айрылып болған шығар. Ондайдың барлық қамы – бұрынғы көп жіберіп дағдалған құйрығын қысып, салтағын жасыру ғана болса керек. Сонысын көзбен сөзге түсірмеу үшін не десе де дайын құралға айналған жігіт қой. Бәлкім, осындай ырықсыздығымен жағып, таңдалып келген шығар. – Сонда, парткомның үгіт бөлімі оған осыны әдейі істетіп отыр деймісің? – Саған сеніп қана ескертіп отырғаным ғой, оны атап сұрап қайтесің! – Сенсең айта бер естіген-білгеніңді! – Сен өзіңнің не зат екеніңді түсінемісің?... Біздің дақ түспеген ең мықты азу тісіміз емеспісің!... Сені біраз егеп мұқалту, жұмсартып, жуасыту қажет болған шығар! – Менің өткір азу тіс болып, партияға зиян келтірген жерім барма еді? – Ол жағынан айтсаң жеңетініңе сөз барма. Бірақ, қазір бар адамнан өгіздей жуастық, бағынышты ғана ынтымақ қажет етеді. Ал, сен, пікірді ғылыми фактпен шындықтың бой бермес биігінен зымыратып бірақ тастайсың. Сөзің ешкім сайламай–ақ үкімге айналып кетеді. Сондықтан сайрауыңнан ашопкы шығарып, біраз сынға-күреске тартсақ, жүген-құрық тимеген асау басың ноқтаға көнетіндей болса дейтін шығар. Сондай бір іс бола қалса, әйтеуір жуас мүләйім ғана жауап беруге тырысарсың!... Осыны ескертіп қою үшін ғана келіп едім. Жә, қайтайын! Асылқан түрегеле бергенде етегінен ұстай алдым. – Қызырым сәл сабыр ет, отыр!... Мына сөзің тіпті де тегін емес, енді бір жайыңды айта кет!... Мұндай сөзге жуықтығы жоқ, үркек жүрегің, бүгін Құлжаннан да қомақтылау көрінді ғой, бұл ерлік бүгін қайдан бітті саған, соны айта кетші! – Мен ғана емес, сенің сайрау сөзіңнің газетке мұншалық өрескелдікпен қысқарып шыққанын көрген достарыңның бәрі де ашынды. Сенің мұншалық дөрекі сайрамайтындығың, білетін адамның бәріне түсінікті. Сайрау жиынында бірге болғандар да сөзіңе аса мойындап шыққандықтарын айтады. Сол ашынышпен келіп, жұрт аңысын сездіргенім ғой. Құлжанша сайқалдықпен, иә, кері төңкеріс үгітімен келді деймісің. Алдымызда «от амалының» үскірігі барын әркім айтып жүр. Сайрағандардың сөзіне жазған түзетулерді газет баспайды екен. Соны суық амалдың белгісі деседі. – Жоқ, ол, өсек сөз!– дедім мен. – Осы «ашылып сайрау» әрекеті партия ішінде стиль түзету үшін пікір топтау мақсатымен ғана жүргізілетіндігін газетпен де, радиомен де әлемге әйгілеп болмады ма! Ал, мен сайрар алдында Фубужаң кіріп, өз аузымен осыны тағы айтты. «Артық-ауыс сөйлегендіктерің үшін сендерге жаза келсе, мен кепіл!» деп кеудесін үш рет ұрды. «Бұлбұлдарын» бұлай алдап сайратып алып жұлмаласа, бар іс бұзылатындығын, халық алдындағы сенім-абыройынан жұрдай болатындығын компартия білмейді деймісің!... Өлзе атты бурыл бас қарт ағартушы мұңғыл мені жазғыра кірді осы мезетте: – Ой ынжық-ау, сайра-сайра дегенде осылай сайра деп пе едік саған!– орнымыздан қарсы ала түрегелгенімізде жырылып шыға жөнелмек болған Асылқанды қолынан ұстай төрлетіп келіп отыра жалғастырды сөзін. – Бір егінші кедей жайлауға шыққан байдың жылқысына екі атын қосқан екен. Әрине соқаға жегіліп арықтаған соң бас арқасы босап, жайлауда біраз күйленсін деп қосады ғой. Бірақ күйленгені сол, жайлау сарыжұрт бола бірі жоғалыпты да, бірі күзде жауыр болып жаурап, көтеремнен кібіртіктеп әрең қайтыпты. Қатты құсаланған иесі байға ештеңе дей алмай, сорлы атын оның көзінше байлап қойып, сабапты келіп: Екеу едің бірің қайда, әкеңнің аузын!... Жаздай алған шірің қайда, әкеңнің аузын!.. Таудың шөбі жақпады ма, әкеңнің аузын!... Сені қазақ бақпады ма, әкеңнің аузын! –деп тұрып шықпыртыпты. Сенің парткомда сайрап, газетте жарияланған пікіріңді де осылай сабайын деп келдім, Биғабіл! Мақпал бастап қатты күлдік бұл сөзге. – Дұрыс, менің бұл «атымды» тіпті қаттырақ сабау керек!– деп күлдім мен. – Бұл иттің малы соқадан арықтаған мал емес, қысы-жазы өз жайлауымда семіріп, бәйгеге қосуға бабымен жаратылған ат болатын. Ол егіншінің атынша жауыр болып қана, тұралап қана қайтса керегі не. Тіп-тік құлақтан да, жібектей жал мен құйрықтан да, құралайдай жайнаған көз, құндыздай құлпырған жүннен де жұрдай боп, тұп-тура от жаққан ошақтың көмейінде үйітілген күшікше әрең қыңсылап шықты! Мұндай сорланғанды сойылдың үлкенімен соғу жөн шығар!... Өлзеде Дөрбілжіндік, жерлес. Мен алғаш «диуаналар мектебіне» түскенімнен түс таныс. Аудандық «мұңғыл мектебін» ашқан. «Аудандық мұңғыл мәдени–ағарту ұйымының Елсадық тұрғылас ұйымдастырушысы еді. Шың Шысайдың мылтық жию «құрылтайына да» Елсадықпен бірге барып қамалып, ол өлтірілгенде «дәрілік мүйізі» жетіле қоймағандықтан тірі қалып, үш жыл түрмеленіп қана қайтқан болатын. Онан соң Шәуешектегі педагогикалық мектептің мұңғыл класына бас мұғалімдік міндет өтеп жүріп, күле жеткен гоменданның мылтығы шошайысымен Қобыққа – мұңғыл даласына сіңіп жоғалған. Партизандық соғысқа қатынасқан. Үш аймақ гоменданнан азат болып, «төңкерістік Шығыс Түркістан үкіметі» құрылысымен сол аудандық үкіметтің оқу-ағарту бөлім бастықтығына тағайындалды да өз кәсібіне қайта шықты. Өлке толық азат болысымен Үрімжіге оқу-ағарту баспасына шақырылып келіпті. Мен Үрімжіге қызметке келген соң аға болып танысты да, кешікпей құрдасқа айналып кеттік. Өйтетініміз, ол, кемпірі мен балаларын Қобыққа қалдырып келіп, салт жатақта тұр екен. Қызметтес бойдақтардың құрдас болуы қиын емес қой. Мақпал келіп «келінді» болған соң ғана ағалығы есіне түсті. Келіндері сәлем етіп бүгілгенін көргенде, иә, ағалығы ұстап ұрысқанда болмаса, әлде де құрдас сияқтымыз. Сайраған пікірлерімді, оны қандай сөзбен сайрағанымды анықтап естіген соң Өлзе ұрсуды қойып, толық құптады. Өзі әлі сайрамаған екен. Менің сөзімнің осы қысқартылуы жөнінде алдымен сайрайтындығын айтып, аяғын ызамен нық тастай жөнелді. – Сен осы партияда бол-болма бәрібір, марксизм–ленинизмнің Шынжаңда өскен, толыққанды өркені емеспісің, ес білгеннен-ақ компартияның көзі, тілі боылып келмеппе едің!– деп барып, табалдырықта бір қайрылып тұра қалды. – Сені бүйтіп қасақана қателестірмек болған кім екенін тексеріп тауып, өз алдымызға бетпе-бет күреске түсіріп беруін талап етемін! Мен есік алдында тұрып қалдым да «қайнағасын» қақпаға дейін шығарып салуға шыққан Мақпал тоқтау айта ілесті: – Мұның бұл сөзін бұрмалап қателестіргенде не табар дейсіз, аға, өзіңіз де сабыр сақтаңыз! – Биғабілдан мәселе емес, олардың іздейтіні, найзадай тіл!– деп өрекпіді Өлзе. – Оны осы сылтаумен ортаға шығарып ерегестіріп, тілдетіп қателестірмек! – Япыр-ай көкбасым-ай өстіп жүріп от басып кетерме екенсің!– деп Асылқан күңіреніп, күлдіре шықты қақпадан. «Осы кәрінің осы сөзінде бір негіз бар-ау!»– ойлана күлдім. – «Менің тілімді өткір көріп, найзаға теңегені ғана жаңсақ. Шындықты сөйлеу найза ма!... Найза боп көрінсе, қылмыс боқшаларына ғана, сайтан жүректілерге ғана найза боп көрінер, «ұры көті қуыс қой», түйреп өтер деп сол екеуі ғана тітіренсе, ғажап емес. Ал, ондайлар жақтырмайды екен деп азамат атымды жойып, өз түсінігімді сөйлемей, өгіз боп пысылдамақпын ба, иә, түлкі боп жылтыңдамақпын ба! Менің пікірімнен еңбекшілер жұртшылығы мен компартияға найза түгіл түйретпек тікен тиген жері бар ма еді?... Жоқ!... Еңбекшілер партиясының табанына қадалған тікен өзімнің маңдайыма қадалсын! Пікір шыншылдығына жат көзбен қарайтындар – түптеп келгенде адал еңбек пен әділет атаулының жауы. «Әділеттің алтын таразысы» дейтіндеріміздің ешқайсысы шындықтан басқа материалдан жасалған емес!» Асылқанның «қарада тұр» дегеніндей, менің сайрау хабарым жөнінде газетке түзету шықпады. Нажмиденді қысқаныммен дым шығар емес, қыссам, «әне-міне» деп қысылады да, сол хабарды жазған саусақтарын өзі де қысып, сырт-сырт, күрт-күрт еткізеді. Түңілдім де сайраған тезисімді сұрадым. – Тезисіңізді Фубужаңға жазған өтінішіңіз барысымен бергенмін. Ол, «Бұл материалы өтінішімен бірге тұрсын. Бірер сөз қате кетті деп алаң болмасын, басқа сайраушылардың да түзету талап еткендері көп. Біреуіне түзету берсек, бәріне беруге тура келеді. Бәріне түзету беріле берсе, қаншалық сырапшылдық болатындығын ескеру қажет!» дейді. Сондықтан түзету жазуды да, сіздің тезисті де қайталап сұрап бере алмадым». – Нәжмиденнің менің сұрағымнан ең қатты терлегендігі және ең соңғы жауабы осы болды. – Бүйткен тілшілік құқығыңның да, кадрлық сапаңның да құйрығына ұрдым!– дегенімде ол қарқылдап күлді, мен жымия күлдім. – Егер осы сайраудан бір қармақ шығатын болса, төңкерістік сөзді кері төңкерістік сөзге айналдырған саған бұғалық тастаймын, есіңде болсын!– деп кесетуіме ол тіпті қарқылдап күле қайтты да, күлкісін бұл қорқытумен де тия алмайтындығымды мен біле қайттым.
|
|||
|