|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 9 страница«Менің бұл жаңа көршілердің үстінен сайрағандағы мақсатым, оларды ішкерідегі өз жерлеріне қайтарып жібер дегендік емес» –деді соңында Әмәт Омар, – «Оллаһи әрқашан ондай пікір көтермекші емеспін!.. Ей хатшы, тілші жолдастар, естідіңдер ме, ішкеріге қайтарылсын дегенім жоқ, ә, естідіңіздер ме?... Дәптерлеріңізге ондай күнәлі сөз жазып қоймаңыздар! Әрқашан олай шетке қағушы емеспін. Қайта олардың бізді үркітіп қуалау мақсатына салынбауын, біздің аң-санамызға, әдет-ғұрпымызға көңіл бөлуін сұраймын! Партияның оларға ынтымақ жөнінде күшті тәрбие беруі қажет екен! Оған да көнбейтіндей болса, жағдайға қарап өздерін бірыңғай, бөлек аулаларға орналастырса!» Әмәт Омардың сөзі, қазіргі саяси жағдай көтермейтін, жаңа қоныстанушылар жөнінде аса қиын тақырыпта болса да талабын осылай заңдастырып, дұрыстап түсірді. Бұл реткі сайрауға шақырылғандар менімен елубес қана екен. Елу төрті ұйғыр зиялыларынан. Бәрі де партия сыртындағы таңдаулы талант иелері. Тәртіппен, бір-бірден рұқсат алып сайрай берді. Шын жүректеріндегі шынайы көмектік пікірлер кідірісіз-бүкпесіз төгіліп жатты. Жұңго коммунистік партиясына арналған сенімдерін жарқырата түсті сөйтіп. Қойған пікір–талаптарының көбі партия ішіндегі «стиль түзету» науқанына қажетті, дұрыс төңкерістік қызмет методын қалыптастыруға себі тиетін пікірлер. Бірақ, қазетсіз, ұлтшылдық пікірлерде жоқ емес. Әрқайсысынан бірлі-жарымдап, күлкімен безеліп шығып жатты. Қонақ иелері «бұлпылдарын» арнаулы мейман автобустарымен жоғары асқаналарға түсте бір, кеште бір апарып, палау-мәнтіге бөктіріп сайратты. Кешке жақын өзді-өз үйлеріне былқылдақ автобусымен жеткізіп салып, таңертең сол автобуспен әкетіп тұрды. Ашық сайрауға мен екінші күні де ниет байлай алмадым. Жазба пікір жөніндегі бұрынғы көзқарасым сақтала берді. Мына елу төрт «ағаның» пікірінен хабардар болған сайын соным дұрыс екендігіне беки түстім. Өйтетінім, бұлардан қойылып жатқан талапқа менің ойымдағы талап қайшыкез-шәркездеу шығатын түрі бар. Мәселен, бұлар «Шынжаң ұйғыр автономиялы райондық үкіметінің құқығын кеңіте-зорайта түсуді талап етіп жатыр. Ал, мен, партияның біртұтас басшылығын дұрыс сақтауды, сол арқылы Іле облысының қызметін теңдікпен қамдауды талап етпекпін. Сондықтан бұлардың отына су құймай, ең соңында «менің қазір сайрарлық пікірім жоқ, оның себебін басшылыққа жазып тапсырамын» деп шығып жүре бергім келді. Екінші күні түскі тамақтан соң «ашылу – сайрау» науқанының екінші басшысы – үгіт бөлімінің орынбасар бужаңы келіп сөйледі. Қасқабас жұқалтаң ақсұр жүзі тым сұрланыңқы. Тілмашына ханзушадан сөзбе-сөз аудартып, анықтап сөйледі. Нұсқауының мазмұны «сайраушылардың әлі де толық ашылмай, пікірлерін іркіп, ашық сайрамай отырғандықтарын» күле сындау болды: «Мұның бірден-бір себебі пікірлеріңіздің жоқтығынан емес, тек, қорғанудан-қорқудан болып отыр, ха-ха-ха-һа...а... пікірімді арылтып, ашық сайрасам, партия жазаға тартып қояр деп қауіптенесіздер, ха-ха-ха-һа...а.. мұндай қауіптенетін сенбестік бар жерде ашық пікір болуы мүмкін емес. Партия сіздердің білім–тәжірибелеріңізді іске қосуға, қандай пікір болса да сөйлеуге шексіз құқық беріп отыр. Егер партияның сіздерді сайратып алып жазалайтын мақсаты болса, Шынжаңның төңкерістік, ғылымдық, техникалық қызметтерін кімге істетпек, осыны ойлай алмайсыздар ма, ха-ха-ха-һа-һа...а... Егер осы сайраудан сіздерге титтей жаза келетін болса, міне, мен жауапкер болайын! Жаза орнына әр қайсысының үшін мен-ақ барайын!»– деп кеудесін үш рет ұрды. – «Күдіксіз сайраңдар! Ал, партия осыншалық уағда беріп отырса да сенбей іркіле берсеңдер... Бұл қандай адамның ісі болмақ?... Қорғанбай, күдіксіз сайраңдар!»– деп шығып жүре берді. Автономиялы район бойынша екінші дәрежелі иеміздің кеудені бұлай соғуы мен соңғы сұраулы сөгісі сайраушылардың көзін жарқыратып жіберді. Сайрамау жөнінен мен де қысылайын дедім. Пікірлерімді жазып тапсырмақ болып отырғандағы мақсатымды, өзіне жеке барып айтып, ұқтырып шыққым келді. Жиын басқарып отырған біреуіне Фу бужаңға сөйлесетін ісім барын айтып шығып, сол залдағы кабинетінің есігін қақтым. – Ә...ә... – Бұл ыңырануының «кір» деген сөз екендігін түсініп кіріп, ханзуша шалалау тілмен сөйледім: – Сайрау жөніндегі бір ахуалымды сізге баяндайын деп келдім! Бас изей күлімсіреп, столының бір жағындағы креслоларды нұсқады да қабырғадағы кнопканы басып, іргелес бөлімдегі тілмашын шақырды. – Партия қызметі жөнінде менің сайрарлық ешқандай пікірім жоқ,– деп бастадым сөзді. – Лиң бужаң қол қойып шақырғандықтан ғана келіп едім. Мына сайраушылардың пікірін тыңдап отырып қалдым. Бұлардың пікірлерінен де мен қостап сайрарлық пікір табылмады. «Іле қазақ автономиялы облысының мәдени-ағарту қызметі жөнінде біраз пікірім бар еді. Ол пікірлер, мына автоном райондық үкіметтің мәдениет, оқу-ағарту назаратының айырым басшыларымен сөйлесумен ғана шешім табатын пікірлер. Сондықтан сайрамай жүргенмін. Егер мұны да сайрау қажет болса, сайрау емес, арыз-шағымға айналып кетеді. Мұны ынтымағымыз үшін жабық сайрау ретінде жазып әкеліп берейін! – Әрқандай пікір болса да ашық сайрау қажет. Сіздің қорқатын бір ахуал барма? Ха-ха-ха-һа-һа...а... – Партия қызметіне қарсы пікірі жоқ адамның бәрін қорыққандықтан сайрамайды деп ойлайсыз ба? – Қорықпаса жабық сайрай ма? – Менің пікірім, партия жағынан толық нұсқау беріліп, орындауға тапсырылған істерді орындамай жатқан айырым басшының үстінде ғана. Мұндай арыз-шағым ашық сайралса туысқан ұлттар арасындағы ынтымаққа жақсы нәтиже бермейді. Сол үшін жабық сайрауды да түгелімен «қорыққандыққа», жатқызуға болмайды! – Қазір, ешқандай жабық шешетін мәселе жоқ. Халық алдында сайралып, халық алдында шешім табады. Қайта халық алдында әшкере айтысуың тіпті жақсы, бұл зор диалектика! – Қоғам дамуына – ынтымаққа зиян келтірмейтін, халық арасына ұлттық ірткі салмайтын оңаша айтыс, социализм үшін ең игілікті айтыс!– дедім мен. – Айтыстың үлкен-кішілігі емес, тиімді-тиімсіздігін, пайдалы-пайдасыздығын таңдауымыз қажет шығар! – А-ха-ха-һа-һа...а... осы сайрау науқанында қойылған әрқандай пікірдің ашық жариялануынан партияға, халыққа титтей зиян келсе, ең үлкен айтқанда Маужуши, ең кішісін айтқанда мына мен жауапкер. Сіздер қорқатын ештеңе жоқ. Сайрай бер деген соң сайрай бермеймісің! Егер қорқу қажет болса, тек, сайрамай қоюдан, өзіңді бүркеп тұйықталып алудан қорқсаңдар болады. А-ха-ха-ха-һа-һа...а... «Пұт пен өліктен басқаның бәрінде кемшілік болады, менде де бар» деп Маужуши қателіктерді түзетуге көмектесуді сұрап отырғанда, ұлы көсемнің тілін алмау қажет болды ма?... Айтысу қажет болғанда айтысыңыз, неғұрлым газетте айтысып, әріптесіңнен неғұрлым газетте ашық жауап сұрай сайраңыз! Ең тура, ең әділ, халыс пікір халықтан шығады. Жеке бастықтар ғана емес, тіпті, партия ұйымдарымен де айтысуға болады, қорықпаңыз!... «Қорықпа-қорықпа» дей беруінен қорлана, ойлана шығып, жиын залына кірдім. «Бұрын моп-момын, сап-салмақты зиялылардың бұл науқан басталғалы орақты ыңғай ауызбен оратын болғаны осылай зорланудан екен-ау!» деп ойлана барып отырдым. Міне, Фубужаңның көкірек дүңкілін естігеннен бастап, бұл сайраушыларда сыбызғыдай үн мен сыпайы тілді тастап гүрілдеуге көшіпті. «Шынжаң ұйғыр автономиясының құқығын кеңіту» дегендерін тастап, тұп-тура Қазақстан, Өзбекстан сияқты Ұйғырстан республикасын құрып беруді талап етіп жатыр. Бұл мықтылар осы пікірді ғылымиластыра сайрады: «біздің бұл талабымыз еш уақытта да Жұңго гұңшандаңының басшылығынан айрылып, бүтіндей дербестік аламыз дегендік емес, қайта компартия басшылығын нығайтып, кемелдендіре түсудің талабы. Бұрынғы бағынысты құл ретіндегі бір отар өлкеге тәуелсіздік сипатты құқық беру арқылы Жұңго гұңшандаңының халқарадағы беделін өсіре түсудің талабы!». «Совет Одағында ұлы Ленин бастап құрып берген одақтас республикалар Совет компартиясының басшылығынан айрылды ма?... Жоқ, қайта ынтымақтаса түсті. Дәрежесі толған ұлттарға республикалық құқық беру арқылы Совет одағының күші ыдырады ма? Жоқ, нығайып, анағұрлым құдірет таба түсті. Мәселен, бүкіл Европаны жұтып күшейген Гитлер фашизмін жойып, қырғыннан–апаттан бүкіл дүние халқын құтқарды. Біздің талап етіп отырғанымыз да дәл сондай социялистік одақтас республика!». «Совет Одағындағы тарихы ең қысқа, бұрын өзін-өзі басқарып, үкіметтік тақ құрып көрмеген ұлттарға да республикалық құқық бергенде, екі мың жылдық тарихы бар, талай-талай қандық тақтары болған ұйғыр халқының дәрежесі мен шарты толмай ма екен!..» Ағаларым республика жөніндегі армандарын осылай ұтылап қуып, бастырмалатып бара жатқанда Фу бужаңның қорқаққа шығарып қайрауына намыстанып, мен отырдым: «бұл ағалар жеке ауыл болуды талап етіп, жінігіп отырғанда менің күркешемде қазан да жоқ екендігін айтудан қорықпақпын ба! Отау болған семьяда қазан болмайма, қазансыз отау бола ма!... Атамыз отауға бөлгенде қорқау жеңгеміздің қазанымызды алып қалып, бермей отырғанын айтудан қорықпақпын ба!... Тек, ағайындар ара алакөздік туылмасын, тозақы жеңгемді шарқылдатпайын деген ғана ақыл тартыншақтығы ғой менікі. Ынтымақ, берекеміз үшін ағаның өз құлағына ғана күбірлеп, жең ұшымен ала салмақ болуым, қорыққандық болмақ па!... Жоқ, мынау Бужаң бидің «қандай дауың болса да қорықпай сайра – дүниеге жар салып, айқайлап даулас» деуі туысқандар ынтымағын сақтаудың, берекелестірудің сөзі емес!» «Жә, осы үлкен отаудағылардың мына талабы да сиымды талап қой, кіші ауыл аталып бөлініп шығар-ақ. Сонда менің мына қорқау жеңгем ауыл бәйбішесі болып талтаңдайды. Ондай дәрежеге жеткенде бұл қорқау маған, бала-шаға қанып тамақтанарлық тәуір қазан, бүтін шөміш бере ме!... Өзі пайданудан қалған қайдағы ескі-құсқы, әлгі тесік мескейі мен кетік ожауын, «мә қайыршы, сен-ақ разы болшы» деп, жарылқағандай лақтырар да отырар! Үлкен ауылдан бөлінуді талап етіп жатқан осы кезеңінде өздеріндегі қазан-шөмішімді мен де сұрай қояйын! Мұны саңырауша сайрап – әлемге жар салып талап етуімнің себебін енді ашық түсіндіруіме орай туылды ғой!... Әй, күншілдік-ай, пейілін Құдай тарлытқан қу жеңгелерім-ай!» деп күрсінгенімде көзіме «жеңге», орнына қошқардай Әбілеметтер елестеп, қатты күліп жіберіппін. – Біздің қойып отырған талабымызға күліп отырсызба?– деп, қасымда отырған ағалардың бірі жалт қарады. – Орынсыз пікірме? – Жоқ, орындалуын жоғары жақ білер, орынды пікір ғой. Мен, өз сайрайтын пікірлерімді ойлап, жақсы бұлбұл бола алмайтындығыма күліп отырмын... Үшінші күні түстен кейін менен басқа сайраушылардың сөзі аяқтай бере жиын басқарушы маған қарап, дайындал дегендей иек қақты да елу төрттің қалған біріне сөз берді. Сайрауға сонда ғана бекідім де, сөзіме тезис жасау қамымен жанқалталарымды ақтардым. Қызыл сиялы редакциялық қаламым ғана табылды, қағаз жоқ. Тұсымдағы терезе алдында жатқан көне брашураның екінші жағындағы ақ тысын жыртып алып келіп отырдым. Жарты бет қана тезис, менің атым шақырыларда ғана бітті. «Осы тайдан жығылмай көзім ашылмайтындығы» айқындалған соң сөйлей жөнелдім. «Жолдастар, достар!.. шындығында менің сайрарлық пікірім жоқ еді. Бұл жайымды тыңдай келе түсінесіздер. Сонда да айқындап айта өтейін, бұл сөйлер сөзім, қояр талаптарым түгел дерлік жеке адамдарға, айырым ұлттық басшыларға ғана қойылатын талаптар. Олай болатыны, бұл мәселелер жөніндегі міндетін партия өтеп, әлдеқашан нұсқау беріп болған. Сондықтан партия қызметінен өтілген кемшілік емес, қол салып істейтін айырым мекеме басшыларының кемшілігі. Ал, олардың бұл кемшіліктерін толықтап, мәселені тез шешу үшін, әлемге мәлімдеме жариялағандай алқымды көптіріп сайрамай-ақ, өздерімен жеке сөйлесу ғана кифая болатын еді. Демек, менің сайрамақ ниетім жоқ болатын. Бұл жайымды басшылыққа кеше айтып шықтым. Ол кісі, «қазір ешқандай жабық шешетін мәселе жоқ. Халық алдында сайра!» деді. Өзара сөйлесіп шешпек болуымды сайраудан қорыққандыққа ұйғарып күлді. Сөйтіп, қандай сөз болса да саңырауша саңғырлап, қандай пікір болса да айғырша арқырап сайраудың парыз екенін ұқтырды. Құлақтарыңызға лайықсыз дау жайсыздау тисе кешірерсіздер, ал, мен де сайрадым!» деп кірістім сөзге. «Бақан жаққан бастабар» дегендей көпшілік ду күлді де сөз бастағанымда тына қалып тыңдады.
* * * «Сайраған» сөзімнің нақтылы көшірмесі мынау: Біздің бұл сайраған пікірлеріміз, партия ішінде стиль түзету науқанына қажет дайындық екен. Сол қажет үшін алдымен мынаны әшкерелей өтейін: партия қатарына бұрынырақ өтіп алған біздің жерлік басшы кадрлардың, кейбірі өзінен жоғарыларға мойын омыртқасыз, ет мойынды басымен ал, өзінен төменгілерге буынсыз қақ сүйекті аяғымен жауап беретін бирократ феодалға айналып барады. Партияның стиль түзеу науқанында алдымен осындайлардың осы стильін түзетуге мықтап көңіл бөлу қажет! Құлдық жағымпаздық пен төрелік такаппарлық бір дене болып қатар жасайтын бір құрсақ, екі басты егіз жау. Заманалар бойына жалғасып, дүниені шірітіп дәнігіп-құнығып келе жатқан ең негізгі ең жансебіл, ең жылпың жау – осы екі басты жау болатын. Мұны алашұбар айырқұйрығынан мықтап ұстап соққыламаса осы жаңа заманымызды да жалмап шіріте салады. Ұлы Маркстың ең жек көретін бұл жауы ғылыми коммунизмші партияның белсенді қолқанаты бола алмақ емес! Менің сайрамақшы пікірлерім де осы екі басты жау шірітіп бара жатқан жеке басшылардың қызметінен туылып отыр. Мәселен делік: Ұлттық территориялық автономия әрбір ұлттың ұлттық мәдениеті мен ұлттық оқу-ағартуын шоғырландырып, даму қадамын тездету үшін берілген. «Шынжаң ұйғыр автономиялы районына» қарасты «Іле қазақ автономиялы облысы» құрылғалы үш жылдан асып барады. (бұл облыс, басқа аймақ-аудандардан бес жыл бұрын – 1945-ші жылы азат болған атақты үш аймақ. Яғни төңкерістік – демократиялық үкімет бес жыл бұрын қызмет істеп, жеміс өсіріп, біраз жетілдірген, бұрынғы төңкерістік үш аймақ еді). Автономия алған осы үш жыл ішінде сол облыстың мәдениеті мен оқу-ағартуы қандай күйге түсті? Соны көрсек, жаңағы айтылған екі басты жаудың автономия қызметіне қаншалық кесір, қаншалық зиян салғанын көріп алуға болады: Бірінші, Үрімжіде ескі заманның кейінгі үш дәуірін басынан өткізіп, бостандыққа жалғасқан «Шынжаң газеті» атты бас газеттің қазақшасы да бар еді. «Іле қазақ автономиялы облысы» құрылған соң сол газет «малшылар» деп аталды да, сапасы төмендеп, мал шаруашылық хабарларының ғана газетіне айналды. Оның үстіне облыстағы бұрынғы аймақтық газеттердің аттары мен заттары бұрынғы қиқымбақай қалпында қалды. Қазіргі Шынжаң қазақтары кілең малшы ғана ма? Бұрынғы тіршілік күрестері мен төңкеріс талаптары бойынша жыл сайын кеңейіп келген егіншілік кәсібі қайда? Оны былай қойғанда, бостандықтан бергі науқандар қазақ халқына жүрілмей қалып па еді? Малшылықтан басқа кәсіптері тап жауы ретінде жойылыппа еді? Егіншілік кооперациялар құрылмай, қазақтар кетпен, иә балға немесе қағаз ұстамай, шопан таяғына сүйеніп қана қалып па еді? Қазақтың бұрынғы көшпелі ауылдарының әр бірін бес үй деп есептегенде де ауыл шаруашылығы коллективтескеннен бері мал соңында қалғаны сол әрбір бес үйдің бір үйлік саны ғана. Бұл, қала-қыстақтардағы отырықты қазақтарды есепке алмағанның өзінде де кілең мал шаруашылық райондарындағы жан санының жиырма пайызы ғана малшы қалпында қалды деген сөз. Ал, басқа кәсіптердегі мүлде көпшілік санды ұстайтын сексен пайызының көзінде «малшылар» газетін жаба салғаны қалай? Қазіргі статистикаға қарамай, бүкіл бір ұлттың маңдайына «малшылар» таңбасын баса салғаны кімнің қылығы? Екінші, Шынжаңда ұлттық территориялық автономиялар құрылған соң қазақ ұлтының мәдениетін орталықтандырып тұтастырғаны сол, бөлшектеп ыдыратып барады. Газетінің сиқын жоғарыда айттық. Баспа қызметінің басқа салалары да, көркемөнері де, радио қызметі де солай, ыңғай «малшыға» айналып қалды. Солтүстік Шынжаңның күншығыс шетіндегі Баркөл, Морилардан бастап, күнбатыс шетіндегі Шәуешек, Қорғасқа дейін әр ауданда бір шөкім «мәдениет кружоктары» ғана бар. Бұлардың кернайларынан малдың доклаты, малшылардың «батырлығы» ғана естіледі. Осыдан басқа тіршіліктің, кәсіптің, осыдан басқа мәдениеттің қажеті жоқ па бұл халыққа?... Иендегі әр төбенің басында бір-бірден шошайып мал бағып беруге ғана жаралған ба?... Жұңго коммунистік партиясы жариялап отырған теңдікке мұнымен қалай жетпек? Мұндағы барлық қылмысты «Іле қазақ автономиялы облысының» қызметін артсақ және обал. Себебі, ол отау – төрт дуалы соғылып, үсті жабылғанымен ішінде қазан-ошағы жоқ «отау». Үрімжі гомендаңынан азат болысымен сол үш аймақтың ілікке жарар қызметкерлері түгел осында өлке орталығына шақырып алынған. Бұдан бірқаншасы басқа аймақтарға таратылды. Автономиялы облыс болып құрылғанда оған бір бастықтың соқа басы сайланып барғанымен білім-мәдениет қызметкерлері сол ауыстырылған жерлерінде қалды. Отауыңды жөндеп ал деп қайтарып берілмеді. Сөйтіп, облыстың мәдениет қызметі бұрынғысынан әлдеқайда зор шегініске ұшырады. Мысалға сахна көркемөнерін алып көрелік: Сонау Шың Шысай дәуірінде-ақ сол үш аймақтың қала-қалашықтарының бәрінде де ұлттық мәдени–ағарту ұйымдар құрған театр бар болатын. Атақты, ең ірі драмаларды да сахнаға шығара беретін. Ал, содан жиырма жыл өткен қазіргі бостандық дәуірінде, автономиялы облыс болып құрылғандағы сахнасы не күйде?... Драма–театр деген мүлде жоқ. Бір жігіт домбыра шертіп, екі қыз билеп шығатын сорлы көшпелі ауылдық халге қайта түсіп қалды. Себебі, сахна көркемөнері әдебиетшілер мен әртістердің мығым бірлігімен ғана дамитын көркемөнер. Облыстың төселген әдебиетшілері мен басбілігі актерлері ыдырап шашылып кеткендіктен жастарын баулып өсіретін ұлттық техникалық жетекші күштен айрылған. Сөйтіп, «Іле қазақ автономиялы облысының» сахна көркемөнері дамығаны сол, бұрынғы қалпына да келе алмай қалып отыр. Ұлттық мәдениет қызметі шоғырланбаған автономия – қазан-ошақ, ыдыс-аяқ үлесі тимеген «отау» – үлкен ауыл шетіндегі мал күзетшісінің күркесі ғана ғой. Оны, отаулық тіршілігің жоқ па, түтінің қайда деп кінәлауға болмайды! Үшінші, төңкерістік үш аймақтың бұрынғы зиялылары тарағаннан бастап оқу-ағарту қызметі де зор нұқсанға ұшырады. Қазан-ошақсыз «автономиялы облыс» әрине бұған да шарасыз қалып отыр. Өзінің ұлттық тіліне жетік мұғалім өте азайып кетті. Ондай оқытушы жетістіретін жоғарырақ мектебі жоқ. Үрімжідегі ұйғырша жоғары мектеп пен техникумдардан оқып қайтқандардың ең естиярлары да жартылай ұйғырша сөйлеп қайтады. Сөйтіп ондағы қазақ оқушыларына ештеңесін түсіндіре алмай, бастарының мыңғы-дыңғысын шығарады. Әсіресе өзінің ана тілі мен әдебиетін тақыр жерге отырғызады. Бұл жайт, «Іле қазақ автономиялы облысына» тірі масқаралық емес пе!... Үрімжідегі «Шынжаң ұлттар институты» деп аталған көлемді институттан қазақша бір кластың да ашылмауына күлейік пе, жылайық па?... Шынжаң бойынша екінші орындағы басты ұлт емеспе бұл ұлт!... Тетелес ұлтқа қарата мұндай қорқаулықты қандай «тақсыр» шығарып отыр?.. Сұрай қалсаңыз, «өздерінде автоном облысы бар» дейді. «Автоном облысынан» сұрасаңыз, «автоном районның оқу-ағарту назараты жоғары мектеп құруымызға рұқсат етпей отыр» дейді! «Шынжаң ұлттар институтындағы» бұл қорқаулық жақыннан бері тіпті үдей түсті. Іле облысынан келіп оқыған қазақ оқушылар ұйғырша оқығаны үшін камалатқа жеткендерін (тіпті қыздарын да) Оңтүстік Шынжаң мектептеріне бөлетінді шығарды. Сөйтіп енді Оңтүстіктегі ұйғыр оқушыларын жартылай қазақша балдырлатып қинауға кірісті. Биыл бітірген қазақ студенттерінің бір қаншасын Хотан мен Қашқар аймағына бөлген екен. Әр мекемеге арызданып жылап олар жүр. Өздерінің ата-анасы мен туған жұртының қарызын өтеу армандарына, табысқан махаббаттарынан айрылатын болғандықтарын айтып жылайды. Әсіресе, жоғары оқыған бойжеткендердің көшеде еңіреуі қиын екен! Оқу-ағарту назаратына барып жылаған екі-үшеуіне «төңкерістік қызметке бөгет болатын махаббаттарың керек емес, айрылыссаң айрылыса бер!» деп шығарыпты! Қараңыздаршы, жоғарырақ білімді мұғалімі қалмаған, жетігірек оқыған кадр жағынан мұқтаждығы артып отырған өз облысына, өз туған жерлеріне қайтып барып қызмет істеу, төңкерістік қызмет емес пе екен? Мұнысы Іле автономиялы облысын не деп бағалағаны?.. Коммунистік жаңа дәуір интеллигенциясын жетістіретін бір ғылыми меңгермеге жабысып алған қандай кесір бұл?
|
|||
|