|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 8 страница
IV
«Мұғалім, жаздық демалыс уақытымыз өтіп барады. Үйіміз алыс, тезірек барып қайтайық!» «Биыл қайтпайсыңдар, сайрауға дайындалыңдар!» «Сайрайтын пікірім жоқ, оқушымыз ғой!» «Пұт пен өліктен басқаның бәрінде қателік болады, оны түзету үшін әрине пікір болады. Оқу жағдайларың жөнінде тіпті көп. Партиямен үкімет орындарынан, қоғамнан, мектептен көрген, білген, естіген мәселелеріңді сайрауға дайындалыңдар, ойлансын деп уақыт беріп отырмыз»... «Мұғалім, бөлінген қызмет орнымызға жүргенше, үйімізге барып келе қоялық!» «Үйді қоя тұрып, сайрауға дайындалыңдар!... Ешқандай мәселені жасырмай сайрап, партияға, мектеп пен қоғамға төңкерістік үлес қоса кетіңдер!» «Мен сайрайтын ешқандай пікірім жоқ. Бөлген жерлеріңізге разылықпен-ақ баратын болдым ғой, не пікірім болмақ! «Пұт пен өліктен басқаның бәрінде мәселе бар, мәселе бар жерде әрине пікір бар. Уақытты қолдан бермей, жақсы ойлан, пікір көп!»... Институттың факультет басшылары екінші жылдықтан жоғары класс студенттерінің рұқсат сұрағандарының бәріне осылай жауап айтыпты. Бірінші жылдықтан басқасын демалысқа сайрау біткенше қайтармаймыз деп жариялапты. Оңтүстікке бөлінген қазақ оқушылар сайрауға қалдырылғандықтарына қуанып, шапалақ соға қарсы алыпты. Соның ертеңіне-ақ сайрай жөнелуге асығып тыңдаушы іздепті олар. Бұрынырақ сайрап, істері бір жайлы болғанша үйлеріне барып келу жөніндегі талаптарын мектеп басшылығына мәлімдеп қойған екен. Автономиялы райондық үкіметтің төрағасы «ЗИМ» машинасын жарқыратып, «Шынжаң ұлттар институтының» дарбазасынан кіріп барғанда пікірімізді тыңдауға осы кісінің өзі шыққан екен десіп, жиыла қалыпты. Бұл мектептің құрметті бастығы осы кісі. Көне мұғалім. Бұрын оқу-ағарту назаратының назыры болып та істеген. «Оқушылар талабын дұрыс түсінерлік, жүзі жылы ғылым адамы» болғандықтан үнімізді осы кісіге бір жеткізсек деп армандап жүргендерінде жарық етіп өзі келген жарылқаушымыз деп қуаныпты. Ол кісі Юанжаң[14] кабинетіне барып кіргенде тәртіппен шұбап барып, сол кабинет алдына тізілмесін бе. «Пікір-талабымызды осында жеке бір тыңдамақ қой, шақырар» деп тосыпты. Бірақ, сырттан ешкімді шақыртпай, төраға мен соңындағылары қайта шығып жүре беріпті. Және еріпті шұбырынды үміткерлер. «Кеңірек бір жиын залына сайратар», «бәсе бұл кабинетке сиямыз ба» – деп күңкілдесе шұбапты. Төраға кіші залдан, орта залдан, үлкен залдан, тіпті клубы бар кварталдардан да өтіп, алаңдағы машинасына беттепті. Өздерімен зауқы жоқ екендігін сонда түсініпті арызшылар. Түсінсе де ере беріпті. «Балалар, мен де бір бұйымтайларың бар ма еді» деп бір сұрар деген үмітпен еріпті. Сұрамақ түгіл соңында мұншалық шұбырынды барын да сезбегендей, машинасының ашыла қалған кейінгі есігінен сүңги беріпті төраға. «Үй-үй, тым болмағанда бір ауыз дәтімізді айта алмай қалғанымыз ба?» «Алдына шығып көрінейікші»– десе ұмтылыпты арызшылар. «ЗИМ» ның алдына қатар келіп тізіле қалыпты. Машина маторы жұмсақ қана «тррр» депті де, құйрық жағы сыпайы ғана «пырқ–пырқ» депті. Жөн сұраған ешкім жоқ. «Райысқа[15] айтатын арызымыз бар еді!» –деп дауыстапты сөзді Қапас бастап. Түкпірдегі марқасқа жазық қабақты «райыстың» еріні жыбыр ете түсіпті де, шофердың қатарында отырған қызметкері дүңк ете түсіпті: «Не арыз, жазып жолдаңдар!» «Алдымен райыстың өзінен төте сұрап түсінетін іс еді!» «Жазып жібер деді ғой, намайшы[16] көтермексіңдер ме, босат жолды!»– қызметкер зекіріп жол ашыпты да, машина «фуй-фуй, пышт... е-е-и-и..и-си!» деп жөнеле беріпті. Төрағаны аттандыра шыққан жуан қара юанжаң шығыңқы ала көзін жарқ-жұрқ еткізіпті де түксиген күйі өз жөніне жүре беріпті. «Сендерге менің көзімнің осы ағынан басқа жауап жоқ» деген ишара екендігін түсініп болған арызшылар да қолдарын арттарына түксие қайрып жүре беріпті. Ләм деспей тарапты. Сол күні кеште біздің үйге келген Қапастан осы жайларын естіп, бұл жөнінде топталып талап қоюдан сақтануларын ескерттім. – Әрқайсыңның арыз-талаптарың өз алдына жеке-жеке қойылсын. Сайраудың тәртібі де солай болғаны жөн. Пікір бірлестіріп сайрамаңдар! Бастықтарды қорқытпақ болғандай шамдандырып алатын, иә, кінә тағуға сылтау болатын тігіл көріністен сақтана тұрыңдар! Тіпті, топталып мұңдасуда, ыңғайласып бірге жүру де болмасын!... Максизм–ленинизмге адал болыңдар, әрқандай мәселеге сол майданда тұрып жауап беріңдер! Идеалогия жөніндегі соңғы қосымшама Қапас қарқылдап күлді. – Біз кері төңкерістік әрекет жүргізер деп күмәнданып отырсыз ба? – Сендерге өшіккендер сөз-әрекеттеріңнен сондай кілтипан таппай мұқата алмайды. Тіпті қазіргі кері төңкерісшілер де өзінің төңкерісші жауын кері төңкерісші етіп көрсетпей жеңе алмайды!–дегенімде Мақұлбек кіріп келді. – Барлық істің табысы мен жеңісі, әрбір адамның өсу жолы марксизм мен лининизмге табанды болуда ғана! Мақұлбек Қапасқа амандасу ишарасымен ерін жыбырлатып қана томсарды да, Қапас ондай дұрдараздық сездірмей ашық-жарық амандасты. Бәсекелесіне көңілді көрінгісі келгендей жұқалтаң сопақша ақсұр жүзін аша, жанарлы қоңыр көзін күлімсірете қарап еді, ол келгенде. Енді Мақұлбек те жылы татулық шырай көрсетуге тырысты. – Істерің қалай болып жатыр, Қабе? – Салпиып жатыр! – Қапас осылай жауап қатқанда Мақұлбектің томсара амандасқандағы қалың ерінін суреттегенін түсініп, күліп жіберіп едім, іле-шала дұрыс жауапқа айналдырып түзеп әкетті. – Әлі сол қалпы. Сөйтсе де сайрауға дайындалуымызды тапсырды, содан ғана үміттеніп тұрмыз. – Әп, бәле, олай болса жеті әкесін жездей қақтап, түбін тесе сайраңдар! Солай тесілген жерінен түсіп қалмасаңдар, кеткенің кеткен! – Жә өзің қалай сайрадың, соны айтшы?– деп әдейі мен сұрай қойдым өзінен. Мақұлбек кідіріп қалды да, оның жауабын Қапас қайтарды. – Бұл кісі «түбін тесу» міндетін бізге береді де өзі бетіне шыққан майын қалқиды. Сондай «қамқор кісі»! Бұл сөзге Қапас екеуіміз қатар күлдік те Мақұлбек томсарып «салпия» жауап қатты. – Бастығымыз бұғып үнсіз жатқанда біздің сол сайрауымызда жетер! Мен енді шындап тергедім. «Сол сайрауың» қайсы?.. Соны айтшы! – Мақұлбек үнсіз тұқырды. – Бәсе, айтарлық ештеңең жоқ көрінеді ғой! Ал, басқаларға «түбін тес», «ақырып сайра» дейтіндерің не? – Құлжан екеуің мені қашаннан бері «бастық» сайлап алып едіңдер, соны айтшы тым болмаса! – Сол Құлжан сұмырайға мені қосақтамаңызшы Биға!– деп Мақұлбек күліп жіберді. – Сөздеріңмен-ақ қосақталып жатпайсыңдар ма!... Екеуің Құдай қосқандай дию мен сайтан болып құшақтасып жүргендеріңде мен қалай айырмақпын! – Әнеу күні сол сайтаныңызды іске алғысыз қып масқаралап, сізді қайтып иектей алмайтын етіп шығармақ едім. Өзіңіз кешіре салмадыңыз ба! – Мұның рас, сөйтпек едік. Бірақ, сол құбылысың таңданарлық іс болып қалды. Оны сыңарынсыз жалғыз қалай шырылдатарсың! – Үшеуіміз қатар күлдік. – Құдай рас сақтаған екен мені! –деп, сол құбылысына сүйінген Мақұлбек қаттырақ күлді. – Кей сөзімнің сол сайтан тілімен бірдей шыға қалатыны рас, қалай арбалатынымды білмеймін. Енді сонымен қосақталып түкірмеу үшін тырысармын-ақ!... Осы сөзімнен рақайласқандай, түскі тамаққа үшеуіміз бірге отырып едік, үстімізге Юсуп Қасым келіп, төртеу болдық. – Әнеу күннен бері Ясын екеуіміз онымен үш рет сөйлестік. Жауабын кейін айтармын,– деп Юсуп күбірлеп қана қойды. «Кейін айтармын» дегені – оңашалық күткені екенін түсінген Қапас, ести сала жұмыс барын айтып шығып жүре берді де соңынан Мақұлбек те жөнелді. Іле-шала Юсуп Қасым бастады сөзін. Әбілемет маған өшігулі екен. Юсуп пен Ясын алдымен сол мәселені шешіпті: «Биғабіл сізді Шынжаң мәдениетінің тірегі деп барлық отырыстарда мақтап жүреді. Бек жоғары бағалап құрметтейтіндігін, тіпті, өзінің қазақтарымен сөйлескенде де неше рет айтқанын естідік» деп бастапты да, жоқтан солай құрастыра келе «қазақтар арасында сіздің бірден-бір білікті қорғаушыңыз – Биғабіл» деп түйіндепті. – «Оған өшіксеңіз, өзіңізге Шынжаңдағы барлық қазақты өшіктіріп аласыз. Қызмет орны мұндай болғанымен ол, осындағы қазақ оқу-ағартуының ең негізгі өкілі. Қазақ арасында оның сөзі – сөз. Осы екі ұлт арасындағы мықты ұйытқы да осы Биғабіл» деп түсіндіріпті. – Әбілеметтің сенгендігін, әр сөзіміздің арасында «солай ма», «солай ма» дей бергеннен білдік,– деп Юсуп Қасым қарқылдап күлді. – Әбілеметтің жүрегінде марксизм емес, бірінші өзі, екінші ұлты ғана бар. Сөйлесе қалсаң, сол майданына шығып алып сөйлемесең жолың болмайды! «Жолдасың соқыр болса, көзіңді қыс» дейді ғой, оған барғанда біз де осылай сөйлесеміз... Юсуптың бұл сөзін таңырқай қарап тыңдадым. «Үш аймақ үкіметінің алғашқы кезеңінде көпшікші болудан жиреніп, заң қызметіне қолқаласа да шықпай қойған осы тура мінезді досым азғындап, өзі жиренетін сол көпшікшіл-қошаметшілдікке мына жаңа дәуірде ауып кеткеннен сау ма?» деген ашынышты таңданыс еді мұным. Мұндай сөзін қысқартқым келді. – Мақұл, мен де Әбілеметпен сол майданында тұрып сөйлесейін! Құйрығына Құлжанша кіріп алып, шықпай қояйын! Бастықтың бір көзі соқыр болса, мен екі көзімді де жұмайын! – Қарқылдап күліп алып сұрадым, – жә, назырдың соңғы сөзі не болды, соны айтшы! – Міне Ясын екеуіміздің қауіптенген жерімізден және шықтың! – Юсуп Қасым да күлді. – Әбілеметтің мінезімен мүлде шығыса алмайтыныңды біліп елші боп жүрмейміз бе!... Өзінше сөйлеспей болмайды онымен! Әулиеміздің саған қаратқан ала көзін осылай түзеттік те, сені өзіне шағыстырып жүрген «шайтаныңның» сырын ашып түсіндірдік. Олардың шағыстырудағы мақсатын дәл өзің айтқан факттермен ұқтырдық. Ол арқылы үстілерінен жалған материал түскен Құмар мен Қапас та ақталды. Сенің айтқан басқа пікірлерің мен факттеріңнің бәрі де өз пікіріміз болып айтылды. Толық айттық. «Өзіміздің мұқтаждықпен әрең өсірген жас мамандарымызды бір қазақ бастық келіп, дәл осының керісінше бөлсе, өзіңіз қайтер едіңіз?» деген сұрауды Ясын Әмәт қайталап қойып отырып алды. Ха-ха-ха-һа-һа-а.. «Хотаннан әрең келіп оқып жетілген үш-төрт қызыңды Хотанға лайық емес деп, Алтайға қусашы?» дейді және. – Оған не жауап айтты? – Жауап бар ма оған, сәл түйіле бір қарап қана қойды. «Туысқан екі ұлттың ынтымағын осындай іс бұзбай ма!» деп Ясынның өзі айтты жауабын. – Жарады!– деп қалдым мен. – Әбілеметтің ең ақырғы жауабы мынау болды. «Кадрлар назаратына қайта сөйлесейік. Биғабілдің қимайтын азаматтарынан екі-үшеуі қалса, қалар. Бірақ оларға бұл қаладан қызмет тауып бере алмаймыз. Бұл жақта жігіті бар қыздарын өз аудандарына жолдап беруді де ойлануға болады. Бірақ, «ашылып – сайрауға» бәрі толық қатынассын, сонан кейін көрелік» деді. Ал, енді айтшы, «соқыр бастықпен бірге көз жұмып» шығысып сөйлесуіміздің зияны барма екен? – Юсуп Қасым осыны қадала сұрап қарады маған. – Айтайын-айтайын!– деп басымды изей жымидым. – Мұның жауабы, ойнап айтсақ та ойландыратын кеңес. Екеуің нұрдай жайнаған төрт көзіңді жаңа салт–жаңа дәуірден, шындықтан жұмып, сонша уақыт алтын бастарыңды оның шойынына құлдық ұрғызғандай қор етіп, мен үшін азғантай әділеттің талабын қойыпсыңдар. Бұл еңбектеріңе борыштымын, рақмет! Бірақ, тартқан зияндарыңа салғастырғанда, жоқ пайда. Өйткені, Әбілемет кеңшілік етпек болған қыздармен екі-үш жігіт, ол кеңшілік етпесе де қалатын азаматтар. Екеуің басу айтып, сындап-міндеп Әбілеметке ғылыми қалып болуларың қажет еді! Оны соншалық қолпаштап, қауқита түскенде, Үрімжіге симай бара жатқан такаппар танауын онан сайын көките түскенде, тірегіміз» етіп дандайсытып, тіс-тырнағын өсіріп, көзін шақшита түскенде бізге не пайда шықты, Әбілеметке не пайдасы тиді? Бұл қалыпта Әбілемет сорлыны не оңдырмақсыңдар! Әлден-ақ шоқындырушы шошқаға айналып бара жатпай ма. «Кім де кім жаман болса, оның замандастары жауапкер» дейді біздің Абай атамыз. Бұл сөйлесулеріңде Ясын, осындай жауапкерлік жөнінен Әбілеметке біраз қызмет істеп, ойландырыпты. Ал, өзің, бір көзді ғана емес, екі көзді де тарс жұма жүгінетін сопыға ұқсап бара жатыр ма екенсің деп қорқып қалдым! – Қалай? – Әлгі мақалыңның сиқы солай!... Бастық соқыр екен деп бар адам көз жұмып алса, жер шары тас қараңғыға айналмайма! Ет қоректі жыртқыштардың ғана дүниесі болып қалмай ма!.. Мені қазақтың машайығына айналдырып алып, сізге ол да шоқынады дегендей, оны тіпті әулиесіткенше тура майданда тұрып, озбырлығын мінеп-шенеп шықсаңдар соңынан ойлануына, орнына түсуіне пайдасы тиер еді ғой! – Онда мына жауаптан да мақұрым қалар едің! – Бұл жауаптан мақұрым қалғанда біз өлерме едік. Дипломды – білімді азаматтар Такламаканға бармай қойғанда қамаларма еді. Жерде қаларма еді!... «Ей достым, 46-шы жылдарда Құлжада Юсуп Қасым атты бір мықты азамат болған. Осы Үрімжіден дипломсыз қашып барып бір бастауыш мектепке мұғалім болған екен. Заң қызметіне шақырса, бармай қойыпты. «Үлкен бирократтармен шығыса алмаймын. Жағымпаздық істеп адамгершілігіммен заңды бұза алмаймын!» деп, азғантай ақысымен сол кішкене ғана оқытушылығын істей беріпті. Сол өлді ме, бар ма?.. Білемісің? Қарқылдап күлді Юсуп Қасым. – Оны қайдан білгенсің? – Сондағы түрмеден шыққан бір қылмысты жетімге үйінде өзі айтып беріп еді ғой! Сол Юсуп қазір бар ма, жоқ па? – Сенше қалай? – Өліп қалған сияқты. Сол шақтағы аю бирократтарға жағынғысы келмейтін сол жолбарыс азамат, қазір компартия қорғауында отырып, қазіргі сілеусін бирократқа жағынамын деп, көзін мысық болып жұмғанша өліп қалғаны мың жақсы емес пе! Ішек сілесі қата күлген Юсуп мені құшақтай алды. – Енді қазақша бір тілдемесем болмадың. Дәл өлгеніңді ... екенсің! – Үй мен оның өліміне құран оқиын деп отырсам, Әбілеметтің саясының астынан тұрып келіп, менің өлгенімді боқтағаның қалай! – Һа-һа-һа-а... қате, мен саған мысық болып қалғанымды көрсетейін! Екеуіміз алыса түстік. Ол көтеріп ала үйірді. Сәті түсіп аяғын қағып қалғанымда шалқалап барып кереуетке құлады да қайта көтере түрегелді. Шалып алдым. Алыса жүрдік, айтыса жүрдік. Мақпал кіріп келіп, аңыра қарап тұрып қалған екен. Жайды ұққан соң сақылдап күле жөнелген оған шұғыл бұйырдым: – Нұрияш арақ, арақ құй тезірек, итаяқ жалатпасаң, мына Әбілеметтің күшігі жұмыс істетпейді!... Мақпал дастарқандағы суыған шайларды төгіп, термостан ыстық шай құйды да алдымен шай ішуге шақырды. – Бір сөзден қырық жеңілдім! – отыра қалып, алқына күлді Юсуп. – Желкеден бір алсаң қоя бермейтін ит болыпсың! – Қалжыңын тоқтатып, өзіне-өзі сөйлегендей күбірледі сонсоң. – Расында мен сол кездегі рухани дүниемді ұмытып барады екенмін, қазір расында да олай емеспін! – Ойланып, біраз кідіріп алып жалғастырды сөзін. – Адам да жасаған сайын дария ағызған тас сияқты мұжыла беретін ұқсайды! – Жоқ достым, сен, тас болсаң да тым бос тас сияқтысың. Ағын соққысынан қатты тастың қылауы кетсе де қыры кете қоймайды. Жағымпаздықтан, қошаметшіліктен соншалық аулақ, пәк әділеттің Юсубы едің ғой! ... Бірақ... мен осы сынның бәрін сол бір қате мақалың үшін ғана айтып отырмын. Сонда да «соқыр бастықпен бірге көз жұмып шығысудың зияны бар ма екен!» деп қадалып сұрағандығыңнан ғана сөйледім. Басқадай жарамсыз ісіңді көргенім жоқ!... Кел, сол Юсуптың амандығы үшін қағысып жіберелік! – Мұндай сынды майдалап, жұмсарту қажетсіз, –деді Юсуп біраздан соң. – Бұл нағыз шипалы сын болды. Сен, маған бұрынғы психикалық табиғатымның, пәк таза хұлқымның жасандылыққа өзгеріп бара жатқандығын ғана емес, қазіргі ең ірі бір мәселені де айқындап көрсеттің. Өтірік күлкіні үйретіп жатқан мына орта да тіпті төңкерістік ынтымақтың қағидасын да ұмытып бара жатқанымды енді аңғардым. Әбілеметке келгенде «ынтымақ-сын-ынтымақ» жөнін ескермей қауқалап танауының безін өсіре беріппіз ғой! – Міне, міне!... Һа-һа-һа-а... бәсе, Юсуп азғындамаса, осылай болуға тиісті!.. Осыдан бірнеше күн. өткенде маған үшінші рет шақыру қағаз келді. Автономиялы райондық парткомның өзіндегі «ашылу – сайрау» жиынына шақырыпты. Қол қойып шақырған, партбюро үгіт-насихат бөлімінің бужаңы – Лиң Боминнің дәл өзі. Шынжаң ұйғыр автономиялы районындағы мәдениет, оқу-ағарту, баспасөз, радио, медицина қызметі салаларының ең құқықты иегер жауаптысы. Бұл бастықтың шақыру қағазына жауап жазып қайтару, мен үшін мүмкін емес. Бармай қалсам, бүкіл компартиядан, марксизм–ленинизмнен безгендікпен бірдей күнәһәрлік болар еді. Тұп-тура әскери тәртіппен жүгіру шарт еді. Көше автобусына секіріп шыға жөнелдім. Сағат он болыпты. Бұрын Шың Шысай мен гомендан ордасының аса қатал тінтіп тексеруші темір дарбазасына сол шақыру қағаздың өзін билет ретінде көрсетіп қана өте шықтым. «Үгіт бөлімінің жиын залына кіресіз» деп дауыстады біреуі. Бұйра қара шаш, тоқ шодыр маңдайлы жалаң басы, ақаусыз ақсұр жүзі, от шашқан тік қаракөз, судыраған ақ жібек костюм-сым, сықырлаған қоңыр туфли... мұндай ыстық күнде галстук байламайтынмын, кіршіксіз ақ жағаны екі иыққа жая тастаған қалпымда кіріп бардым. Жүз шақты ғана адам сиятын кішкене залдың жарымына жуығы бос екен. Жиылғандар бөлген қошқардай, жуан-жуан кексе қызметкерлер. Үгіт бөліміне қарасты мекеме-ұйымдардан іріктеліп шақырылғандай. Жасамалы ақын-жазушылар, редакторлар, білікті ғылым қызметкерлері, көркемөнердің мықты қайраткерлері көрінді. Сайрау жиыны емес, салтанатты зияпатқа келгендей, алдыларындағы столдар толы қант-конфет, темекі, прәндік, бұрқыраған күрең шай... Кіріп барғанымда таныс қасқа бастар күлісе қарсы алып, араларынан орын ашты. «Өжет азаматтан бірі келді» деп қуанған түрлері бар. Ал, мен, немді сайрармын деген қаммен сыныңқырап кіріп едім. Сайрау басталып кеткен екен. Мен орналасқан соң сөз қайта жалғасты. Әмәт Омар атты атақты комедия актеры сайрап отырыпты. Жуан бас бурыл самай, ақ шалған қырықпа мұртты қара. Бұл актердың жай сөзінің өзі өлген адамды күлдіргендей, салауатты мығым денесімен санаспай құйындататын нағыз күлкінің адамы еді. Алдында не сайрағанын білмеймін, өзінің бір ханзу көршісінің қылығын әңгімелеп отыр екен. Әр сөйлемде бір қарқылдатып, ду күлкімен бөлінді де отырды. Бір күні өзі қызметінен қайтқанда сол көршісі үйінен «үш бұрыш» аталатын ұятсыз шолақ штанымен шыға келіп, алдынан жалбарақтай тосыпты. Еркіне қоймай қолтықтап тарта жөнеліпті үйіне. Төр үйіндегі аласа столға бұршақ пен турамыш көказық қойылып, арақ құюлы тұр екен. Басқа ешкім жоқ. Өз қарсысындағы кішкене орындыққа отырғызып, стакан қағыстырыпты. Стол үстінде бөтен-бастақ ештеңе жоқ, таза көрінген соң, мұсылмандығы бар Әмәт тартынбай сілтеген екен. Ащы су құйған көк азықтан қарбытып Әмәт Омар асағанда қонақ иесінің сақпысы стол астына жүгіріпті. Шошқаның кәдімгі екі тесікті қорсылдақ танауы сақпыға қысылып жарқ ете түскенде бағжаң ете түсіпті Әмәттің көзі. Әлгі танау көтеріле беріп, сақпыдан сытылып жерге түсіп кетіпті. Сақпы қайта қысып алып, жалаңаш санға екі сүйкей сала арандай ауызға тығып кеп жібергенде Әмәт Омар ішкен-жегенін аузындағысымен қоса атқыта жөнеліпті сыртқа. «Арамдардың ең арамы» түкірік-қақырықты жерге түсіп, одан қытай санына сүртіліп, тіпті «тазаланды». Сөйтіп менің аузыммен бірге арақ ішіп отырған ауызға кіріп бара сала дәл менің өз асқазанымда қорсылдағандай сезілді. Содан ауырып бір апта нәр татпай жаттым!»– деп күрсіне кідірді Әмәт Омар. «Құдай қосқан сол көршім екі алақанын беттестіре шұлғып, «Дүй бүшүйге»[17] келді бір күні»– деп тағы бір әңгімесін сайрай жөнелді. – «Қалай тілдесем де шұлғып, күле берген соң кешіріп едім. «Сіз ауру, мен сау, сіз үлкен, мен кіші. Сіз сыпырмайды, мен сыпырады» деп менің таңертеңдер аула сыпырып жүрген сыпытқыны үйіне кіргізіп әкетті. Сөйтіп, үйіндегі барлық пәле-қаза менің үйімнің бұрышына келіп үйіле берді. Шошқаның сүйегі мен түгі, әйелінің бірдемелері, тіпті, түндегі дәрет сұйықтықтарын да гаршокпен әкеліп төге беріпті. Әйелім екеуіміз үйіміздің сол бұрышына да бара алмайтын болдық. Мен қызметке кеткенде үйеді екен. Бұл жерге төкпеуін неше рет өтініп, күл-қоқсық төгетін жерді неше рет көрсеттім. Неше рет шұлғып, неше рет күліп, неше рет «дүй бүшүйін» айтты, санай алмай да қалыппын. Бір күні қызметтен қайтқанымда әйелім жылады: көшенің тазалық тексерушісі келіп, сол нәжісті бірнеше рет елегенмен көтертіп тазалатыпты. Көршімен ұрысып қалады деп мені аяп, айтпай жүрген екен. «Тағы да үйіп қойды. Тазалықшылар келгенде өзі кетіп қалады. Әйелі аурумын деп жатып алады, тағы да маған тазалатады» деп жылайды. Құса жүріп мен көтердім. «Кішпейіл» көршім күле шұлғып жүріп, барлық арамын маған көтертетін болды сөйтіп. Мекемесінен оны менің есігімнен оқшауырақ бір үйге түсіруді өтініп арыз айтып едім. Бірқанша жылдан бері отырған үйімнен өзімді көшіріп тынды. Барып түскен үйімнің қарсысында ондай көршіден екеуі бар екен. Енді көшсем төртеуіне, одан көшсем сегізіне көрші болатын ұқсаймын. Сөйтіп көше-көше өз туған жерімнен де кетіп құтылатын түрім бар!»
|
|||
|