Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 7 страница



– Тоқтап тұр, достым, тоқтап тұр!– деді Юсуп Қасым. Ыстық шай құйып алдыма қойды да стол тартпасынан қағаз-қалам алды. Ясын Әмәттің дүниеге әрқашан күлкімен ғана қарау керек дейтіндей күлімсіреп тұратын көкшіл сары көзі тігіл тартып, ақсұр сұлу жүзіндегі білінер-білінбес ақшұбары шұқыр-шұқыр бола қалыпты.

– Бір ғана Әбілеметтің бирократтығының нәтижесі!– деп Ясын күбірлегенде Юсуп нақтап көсіп жіберді.

– О, меллатшы болғанда да аш иттей, намыссыз меллатшіге айналып барады!

Мен жанқалтамнан Оңтүстікке бөлінгендердің тізімін алып, екеуінің ортасына жайдым. Олардың өз аудандары мен ендігі барып орналасатын жерлері де жазылған еді. Юсуп Қасым үңіле қарады тізімге.

Осылардың келген өз аудандарында жоғары мектеп түгіл орта мектеп бітірген мұғалім де бірлі-екілі ғана. Облыстық оқу-ағарту басқармасындағы тізімнен бәрін көргенмін!– деп Ясынға күбірледі.

Бұл бөліс жөніндегі барлық дауымды – халыққа, үкіметке, екі ұлт арасындағы ынтымаққа, оқу-ағарту қызметіне, осы жаңа мұғалімдердің өздерінің дұрыс өсу жағдайына, идеясына тигізетін кесірлерін рет-ретімен ықшамдап, қысқа-қысқа сөйлеп бердім. Түгел жазып алған Юсуп Қасым күрсініп алып сөйледі.

– Осы айтқан түсініктерің мен талаптарыңның бәрі дұрыс, бәрі жақсы. Көзі, құлағы бар адамның бәрі құптайды. Бірақ Әбілеметке құптатуың қиын. Сол үшін оның алдына өзің бармауың бәрінен жақсы іс болыпты. Ондай құқықтылар тұмсығын көкиткенде сенің сұқ саусағыңның шошаятыны бар емес пе еді, Құдай сақтапты, һа-һа-һа..а..!

Ясын Әмәт оның керісін айтып күлді.

– Бірақ, осы туралы бізбен ақылдасуға келе жатқаныңда әлгі гүй[10] ұрып жығып кетсе, бәрінен жаманы сол болатын еді!

– Сөйтіп, Әбілемет алдында сұқ саусағым шошаю қатерінен аман қалармын ба?– деп сұрадым.

– Енді аман қаларсың!

– Аман қалғаның осы шығар! – десті екеуі. Бір-біріне қарап бас изесті. Бұл изектесулерінің мақұлдасып, шындап белсену екендігін көздерінің отынан түсіндім.

– Тым болмағанда тұмсығын дәл саған көките алмайтын етіп жұмсата алармыз!

– Танауына бір тигенде-ақ тесіп өте шығатын болат саусақты қазақсың-ғой,– деп Ясын күлді. – Асау бұқаны бұйдалап мініп, еңкілдете жөнелетіндерің де бар емеспе еді!

Юсуп Қасым шкабынан бір бөтелке шығарды да, «қотынының» атын «сәй»– деп шақырды. Үш рюмкаға лақылдатып құя сөйледі сонсоң:

– Бүгін кешкі бір сапарыңда екі қатерден құтылдың...

Сөйтіп, екі бөтелке арақты таусып, орнымыздан бір-ақ көтерілдік. Екі достың уағдасы да бірге көтеріліп, көшеге бізбен бірге шықты. «Тақсы[11] көтере алмайсың, Әбілеметті жұмсартсақ та алдына сен кірмей-ақ қой!» деген қортынды тудырды ол уағда. «Тек бір жағынан Ақыметқан рас шықса болғаны. Біз дәл өз дауыңмен қамалап ұстап көндірелік!»

Екі дос, Құмар мен Қапастың күндестерін, олардың жапқан жаласы барын естіген соң жаңағы таспен келген жауды тұспалдады: «сол өшіккен күндестердің бірінің арағын ішкен жалданба лүкшек болса керек» десті. «Құмар мен Қапасты құтқаруға кіріскен сені тым болмағанда мертіктіре тұруды көздеген. Сондықтан бұлай жалғыз жүрме!» дегенді тапсырып, үйіме жеткізіп салып қайтты.

Іңірде болған осы оқиғаны үйге жақын сақшы пунктіне ертеңіне таңертең ерте барып мәлімдедім. Оң қолының бір-екі саусағы дауалға соғылып жараланған, ұзын бойлы сида жігіт табылса, адам өлтіру қастығына салынған бір шайканың мәселесі анықталатындығын, тергеуіне өзім шақыртылуымды айтып, өтініш жазып беріп қайттым.

Көңілім енді орныққандай, қамсыз отырдым жұмысыма. Ұйғырша «Шынжаң газетінің» бүгінгі саны келгенде басымды бір-ақ көтеріппін. (Үрімжіден шығатын қазақ тіліндегі «Шынжаң газеті» автономиялы район құрылғаннан бері «малшылар газеті» болып тарап, бас газет қатарынан қалған. Қазіргі «ашылу-сайрау» материалдары бұл газетке басылмайтын). Менің даукестерім бүгін сайрапты. Бір жақсысы менің алдымда «сайрағандағы» ұйғыр автономиясына қаратқан уыттары жоқ. Рақымқан мен Ынтықбай сондағы өз пікірлерінен бірнеше мәселенің басын құрап сөйлеген екен. Бірақ, қалғандары Мақұлбектің суреттегеніндей «бөгде ауылдың итінше үзіп-жұла қашып», тым үстірт сайрап өткізіпті. Ал, Мақұлбектің өзі, пікірін солай үзіп-жұлып та сөйлемей, лықа тойған итше маңқиып, ыңғай мақтау ғана айтыпты. Қазір «сайрау» түсінігінде мұндай жалаң мақтауға салынудың, басқаларға өзінің айтқанындай, «сайрамау» деген сөз екендігін белгілі жайшылықта партияны қасыған болып тырнап, сүйген болып тістеп алатын сұмның бұл маңқиюына таңырқап қана қойып едім. Сайраушылардың арасынан Құлжанның мүлде табылмай қалуы, көзімді жарқ еткізді: (оның) Мақұлбекше мақтаудан да қалуы, алдыңғы күндердегі маған істеген қылмысын енді көпе–көрнеу жасыруы болып көрінді. «Жасырын жерде не «сайрап» жүргеніңді ашық сайраған пікіріңнен анықтаймын» демеп пе едім. Мүлде сайрамай қойсам немді анықтайсың деп бекінген ғой! Сондағы «назырлардың алдына енді кірмей-ақ жұрт алдында масқаралап, жерге айналдырайық!» деп менің қайрағаны қайда? Сол іңірдегі «ертеңдер бізде сайраймыз ғой» деп үш рет жылтыңдап, бүгінінен мүлде шықпай қойған мазағы мені тіпті ызаландырды. «Соққыға жықпақ – өлтіртпек болуға дейінгі бар қастықты істеп жүрген осы сайқал!» деп тұнды көзім. Көрінген жерде желкесінен бүре түскім келді. Бірақ, қайта ойланып, қайта кеңідім: «Ақияны айыруға құштарлығы, құмарға өштігі болғанымен жылап жүрген басқа бауырларына өштігі бар ма еді. Тым болмаса менің солар үшін жүгіріп жүргенімді ескермей ме! Маған дәл мынадай қастық істеуге дәті жете қоймас!» деп сабырға шақырдым өзімді.

Соның ертеңіндегі, тіпті, одан кейінгі күндердегі сайрағандардың арасынан да Құлжанды іздеп таба алмадым. Сөзі түгіл маған өзі де көрінбей кетті. Құлжанның өзінде қалаймақан шалқып бықсыған кегім қоздана түсті. Жолсоқтыға ұшырап қашқан лүкшек жалданба табылмаған сайын қозданды.

Басқа жігіттердің де кектеніп жүргенін естідім.

«Құлжан енді кездессе керіп қойып, шұбар бетіне кезекпен түкірейік» деп келісіпті. Бір ғажабы, керіп ұстап тұруға, оның ең жақыны сыбайласы Мақұлбектің сыбануы болып естілді.

«Биғабілді назырларға шағыстырған», «бізді басшылыққа қарсы топ құрды деп мәлімдеп, пікірімізді қабылдатпай қойған», «Құмар мен Қапастың үстінен жалған материал түсіріп көзіктірген», «оларды қорғайды деп Биғабілдің соңына қаншер лүкшек салған, бәрі сол Құлжанның ісі!» деп Мақұлбек жуан саусағымен санап отырып сыбаныпты.

«Сайрайық-сайрайық деп бәрімізді сайратып бастықтарға өшіктіріп болып, өзінің бұға қалуын көрмеймісің!»– депті Есқали. «Қалыңдық Ақияға әлден сөз айта бастапты»– деп Құмар мен Тоқбай... Тіпті бәрі де Құлжанның әр не сайқалдығын айта қосылыпты да, солай бір жазалап, арадан мүлде аластау жазасын қолданбақ болыпты.

«Мақұлбектің бұлай сыбануы да сайқалдық, бұл тіпті дербес сыр» деп түйдім. Ақияға Құлжанның сөз айтуын, Ақияның өзінен Мақпал сұрап, анықтап қайтты.

Алдыңғы күні Ақия жақында тұрмыстанған бір сабақтасының кешкілік сауығына барыпты. (Құмар бір ұлықпен сөйлеспек болып қалып қойған екен.) Ондай жерге әрқашан шақырылмай-ақ өзі баратын Құлжан да жетіпті. Ақия қайда отырса сонда барып иектеп, тансыға шақырып, тұрғыза алмай, оңашаға шақырып, мойын бұрғыза алмай, сөйтіп, сауықты салдуармен өткізіпті де, ұрдалып бұрынырақ қайтқан Ақияны тағы қуып жетіпті.

«Кішкене кезімізден сабақтаспыз ғой, тату болайықшы!», «алыс-берісіміз болмаса да жақын болайықшы!», «мен осы астананың тұрақты қызметкері – ақынмын ғой, сен де тұрақты мұғалімісің, Құдай қосқан жақыныңмын ғой!» деп мыжый берген соң Ақия сөзді бір-ақ кесіпті: «мен саған ешқашан «жақын» бола алмаймын. Өзің ештеңені ұқпайтын есекпісің, өз «жақыным» барына қарамай, неге иектей бердің осынша, жоғал көзімнен!» деп серпе тастап жөнелген екен. Құлжан домалап тағы қуып жетіп, ұстай алыпты.

«Сол сергелдеңмен бірге қаңғып кетпекпісің?»

«Кетемін, о дүниеге кетседе бірге барамын!»

«Бұл жердегі білім жұртшылығы ондай иен құмға сені қор етіп жібере алмайды! Тіпті де қимаймын сені ондай қаңғыға!»– деп өңештеген Құлжанның жағына шапалақпен жалғыз-ақ шарт еткізіп жүре беріпті Ақия. Соңынан қайта қуа алмай есеңгіреп Құлжан қалыпты.

Мақпал барып келіп, дәл осылай әңгімелеп берді. Ақия Мақпалға осы жеңісін айтып күлудің орнына жылап жіберіпті: «әлден-ақ басынды. Құмар бір жылдан соң қайтып келетін болса да бірге кетемін. Бірге кетпесем, ол қайтқанша мұның өсегі өлтіреді» деп жылапты.

– Құмар да, Қапас та кетпейді «Құлжанның астанасынан»– деп күлдім мен. – Алаң болмасын, ол екеуіне бұл маңнан қызмет бермесе, мен тауып беремін, өз қасыма орналастырамын!...

Құлжанның күмәнді-күмәнсіз қылмыстары осылай құралып болған шақта анықталмаған күмәндісі де көп ауыз жағынан күмәнсіз фактке айналып, «түкіріп аластау» шарты толған шақта Күлән қыз тауып босана қалды. Бәріміз соның шілдеқанасына жиналдық. «Әлгі қаскүнемнің келмей қойғаны–ай!» деп тықыршып Мақұлбек жүрді тыңдасам, Құлжанды жігіттердің осы тойда масқаралап аластамақ болуларының мәні бар екен: «ағайын, дос, қызметтестер түгел жиналған осы тойда түкірікпен ұшықтау – өте лайық жаза болар еді оған!», «жаңа ұрпағымыз адал жүректі, халық азаматы болып өсуі үшін оны бұлай аластауымыз, ұмытылмас естелік болар еді!», «арамыздан ондай арсыз, ондай қаражүрек шықпауы үшін жақсы сабақ болар еді!», «осы тойда лағынат таңбасын бетінен бет қоймай басып қусақ, жұрт-әлемге қарап, оған ұқсайтындар... қысар еді!» деп тұрғыластары түгел жалаңдады.

Ынтықбай ғана қарсы пікір айтып, баспақ болды бұларды.

– Менің шілдемде көрген шырағымның тойында бұлай жінігуді қоя тұрсаңдар қайтер еді!... Той қызуына енжар көңілсіздік пайда қылар ма екен!

– Өз тойымыз ғой ынта, көңілсіздіктің көлеңкесін де жуытпаймыз бұл тойға!

– Ауладағы әнеу бұрышқа апарып тұрғызамыз да жиылған жұртқа соның өзін той ойынның бірі етіп, жария істейміз!

– Ағайын-достар, мұның ауруы ұрпақтарымызға жұқпасын деп бір-бірден әшкерелеп сөйлеп-сөйлеп ұшықтаймыз да, «кет бәлекет!» дей саламыз!

– Соның үнін шығармай, тыпырлатпай «ұшықтап» болып, жым-жырт жөнелтуге өзім-ақ міндетті болайын!– деп Мақұлбек жалынды ең соңында.

Бұл қызметтес, көршілес, туыстас бауырларын тіліне көндіре алмаған Ынтықбай маған қарады.

– Кейінірек бір сәті түспей ме, осы тойда қоя тұралық!– дедім мен.

Көп қу, шымылдық ішінде жатқан Күләнға қабылдатып болған екен:

– Ынта, Биғаш!– деп шақырды Күлән ақырын ғана. – Осылардың тілегені-ақ болсыншы, көп тілегі ғой, жас ұрпақтарымыздың соған титтей де ұқсастығы болмауы үшін деп ұшықтаса, ұшықтап-ақ шығарсын!

Жігіттер шапалақ соғып, Күләнді жамырай алқағанда Ынтықбай екеуміз де күліп жібердік.

Құлжан келмесе, Тоқбай барып ертіп келмек болды да.

– Келмей Құлжан отыра ма!– деп Нұралы күңгірледі.

– Егер келмесе, атының өзгергені, қарап тұрыңдар, қазыр-ақ келеді!– деген сенімдерін айтысты бірнешеуі.

Шай дастарқанында балаға ат қою талабы көтерілді. Әркім әр есімді ұсына бастағанда тағы да естілді Күләннің үні:

– Көптен ойлайтыным, осы баламның атын Биғаш пен Нұрияшыма қойғызу болатын! – Сөзінің соңы дірілдеп, жыламсырай естілді. Көпшілік тына қалды. Мақпалды шын жүрегімен Нұрияға балап, сол марқұм досын ескеріп елжірегені екенін екеуіміз қатар түсіндік. Мақпал да елжірей қарады, шаралы көзін жаспен жаудырата, көлдей тұндыра қарады маған. Ақбөрте жүзі албырап, алма беті сол Нұрияның бетінше уылжи түсті. Атын сен қой дегендей, бас изей күлімсіреді. Мен сәл ойланып жарияладым.

– Егер бізге берсеңіздер, бұл баламыздың аты Сайра болсын!

– «Сайра!», «Сайра!» десіп көпшілік ду көтерді. Ынтықбай қарқылдап күле құптады.

– Жақсы ат қойдың Биға!...

– Өзің де ойлап келіпсің ғой Биғашым, аса жақсы ат!– деп Күлән ең соңында айтты разылығын. – Балаларымыз өміршең, бақытты болар!

– Қазіргі талап осы болған соң партиямыздың талабымен туада ортақ болсын деген тілекпен қойғаным ғой!

– Жарайды! Жарайды!... Жаңа!... Шыт жаңа ат!...

Майлы қуырдақ, алуан түрлі жемістер жайылып, арақ құйыла бастаған екен.

– Ассалаумағалейкум!– деп Құлжан кіріп келді. Шляпасын қолына алып, жалтырап таралған шашы, бақайына төгілген су жаңа сұр пальто, қызылшар галстук, шығыңқы қарын, алшаң, кеуде де... Аға ғалымша маңғаздана, тым үстем үнмен берді сәлемін.

– Бәсе, айтпадым ба, мұның аты өзгере ме!... Бәсе! –Бәсе! –Бәсе! десіп дүр ете түсті тойшылар. Есқали көтеріңкі дауыспен сөйлей жөнелді.

– Көпшілік бері қараңыздар! Мына қаскүнем арақ желігі деп тағы да жала жауып жүрмесін, тост көтермей тұрып, жаңа тойымыздың жаңа дәстүрлі бір ойынын алдымен көрсетіп алалық!

– Түгел далаға шығалық! – деп Тоқбай мен Нұралы көтерілгенде алақ-жұлақ қараған Құлжанды Мақұлбек бүре түсті, дедектетіп ала жөнелді сыртқа. Құлжан шыр қақты.

– Ойбай ағатайлар-ау, бұларың не!... Өй-өй Мақұлбек, сенікі не?... Қайырма қолымды, қайырма!... Өй-өй, ағатайлар-ау, жазығым не еді!... Өй Нұралы, тоқтатшы мыналарды!... Өй дүлей!... Биғанға... Биғанға, айтып алайын.. айтатын...

– Сен сайтанның періштедей нәресте келген үйде нең бар, шық былай!...

– Демін шығартпа, шалығы тимесін, вирус тарамасын!...

– Қамшы, сарала қамшы әкеліңдер, сарала қамшы.[12]

– Сайтан сайқалды тікен мен итмұрынмен айдаңдар!

– Өй ағатайлар, Биғанды іздеп келдім, Биғанды! Бір ауыз сөйлесіп қана кетемін, айтып қана!... Айтып қана!... Қағазым бар, Биған, Биған!... Ынта аға, Ынта аға!

– Не сөз екен, тыңдашы Биғаш!– деген Күләннің үні естілді. Ынтықбай түрегеле қолқалады.

– Шығып жеке тыңдашы Биғаш, не сөз екен!

Мен шыққанда шұбар сайтан ауланың бір бұрышында қарқылдап күле қоршаған көп адамның алдында кергіде «ұшықталып» тұр екен. Мақұлбекке босат дегендей ым қақтым. Құлжан, қолы босасымен сөйлей ұмтылды маған қарай. Себебі айтылып та, айтылмай да сатырлап қауып кеткен түкірік астынан бетін сүрткіштеп, пальтосының етегін сөзімен бірге далбырлата жетті.

– Биған, Биған, нахақпын, нахақпын! Өздеріңіздің алдыларыңызда еркелеп, қалай болса солай шататын мына қу аузым болмаса, мыналар айтып тұрған қастықтан Құдай біледі, Құдай біледі, ант ұрсын, күнәсізбін, нахақпын, нахақпын! Енді көрсетпесем болмады! – Жанқалтасынан шиыршықтап оралған бір дәптерді суырып алып, маған ұсына жалғастырды сөзін. – Міне, міне осылай сайраған қайсысы бар осылардың? Бірнеше күн дайындап, ханзушаға аудартып, бүгін ғана тапсырып беріп қайттым парткомға. Оқып көріңізші!

– Мұныңа менің не қатысым бар?– дегенімше Рақымқан жұлып әкетті дәптерді. Есік маңдайшасына орнатылған абажорлы шырақтың жарығына апарып оқуға кірісті. Мен де барып үңіле қалдым. Бір бетін оқи сала артына қайрылып «босата тұрыңдар!» деді Рақымқан...

«Құлжанның сайраған пікірлері» деген тақырып қойылған екен. Рақымқаннан басталып айтылып жүрген дұрыс пікір-талаптар, ұсыныстар рет-ретімен нөмірлеп тізіліпті. Партияға қаратылған ала пікір – артық талап жоқ, шайпау тіл де, шарпулы жала да жоқ, мәселе өткізген орынның, жеке басшысының нақпа-нақ өзі аталып жазылыпты. Оқу бітіріп Оңтүстікке лайықсыз бөлінген мына студенттердің де хал-жайы, зар күйі, өз аудан-аймақтарының мұндай оқығандарға мұқтаждығы да пәктікпен көрсетілген екен. Мәселені Әбілемет назырдың бирократтығы мен ұлтшылдығына анықтап тұрып артыпты. Аяғына өз аты–жөнін, орнын, қызметін жазып, қол қойыпты. Дұп-дұрыс, дәл менің ойлап жүргенімдей жазба сайрау!

– Кімге бердің?– деп сұрадым өзінен.

– Лиң Бужаңның[13] тұп-тура өз қолына!...

«Әбілеметтің үстінен жүргізген бұл шағымына қарағанда, бізді оған жамандап шақпаған. Жала жаппаған, Оңтүстікке бөлінгендерге қабырғасы қайысып, жанашырлық талап қоюына қарағанда, олардың ешқайсысына өштігі жоқ... Осы жайттарына қарағанда маған да қастық сайлаған бұл сайтан емес сияқты!» деген ойға келдім.

– Кейін анықталар, осыны тойда шырылдатпай қоя тұрсақ қалай?– деп Ынтықбай мен Рақымқанға күбірледім де, дәптерін соларға қалдырып қақпаға қарай жүре бердім.

– Мына игілікті отырыста мынадай ауыр қалжыңдарыңды қойыңдар жігіттер!– деп бастап Рақымқан мен Асылқан тоқтатты бұл «ойынды». Құлжанды Мақұлбектердің қоршауынан Ынтықбай айырып тазалатып, үйге кіргізіп әкетті. Қақпа сыртынан қайтып үйге кіргенімде торсықша домалай түрегелген Құлжан маған тағы да жанасалай келіп отырды. Мысықша ептеп қана тазара қоятын әдетімен тағы жуып-шаймалай кірісті сөзге.

– Жолдастар мына ойындарың құрбылық әзіл-қалжыңға жарасса да, түкіргендерің жараспайды екен, киімім лезде-ақ былғанып болыпты!– деп күлген болды.

Сайтанымыздың мына жайдарлығына ду көтере күлістік. Әйелдер жағы қашан той тарағанша тоқтата алмады сол күлкілерін. Ән қосып отырып та, тансыда құшақтаса жүріп те сықылықтаса, сақылдаса берді. Оларға ілесе Құлжан да кеңкілдеп күле отырды да іше келе тіпті қатарласа қарқылдады.

Осының ертеңіне «келесі ашылып – сайрау жиыны Шынжаң газеті мекемесінде ашылды» деген хабар тарап еді. Екінші күні маған шақырушы тағы келді. «Партия қызметі жөнінде сайрарлық ешқандай пікірім жоқ» деп бастап, оған да сол жауабымды жаздым. «Айырым істермен жеке адамдарға қойылуға тиісті пікірлер бүкіл әлемге жариялап сайрамай–ақ, қашан да айырым сөйлесу арқылы, иә, үкіметке шағым–арыз жазу арқылы ғана орындалып келе жатпай ма. Қайталап шақырғандықтарыңыздан қайталап айтайын, мен де сайрауға лайық пікір жоқ!»– шақыра бермеулері үшін осы ескертуімді де қосып жөнелттім.

Әділетті тергеушім, сіздің құлағыңызға жақпайтындығына қарамай, Құлжаныңызды «шайтан» атай бердім, шамдана көрмеңіз, әділет алдында шайтанды шайтан атауымыз айып емес. Тек, жала жаппай, анық шайтанды нақтап танып атауымыз шарт болса керек. Бұл жөніндегі таласымды тапсырып жатқан қылмыстарымның дәл осы «жалпылық ашылып сайрау» кезеңінде айтпай қайда айтпақпын. Шайтанның шайтандығын ескере тұрып-ақ логикаға құрмет етіп, сиымды-нанымды қиысын таба қойған жерінде нана салатын, аңқаулығынан емес ақ көңілдігінен шындықтың сілекейі тамған жерде-ақ кешіре салатын мендей адамды «жын-шайтан» атағаныңызда нақ шайтанды шайтан атауым, күнәһәрлық – әнзі аударғандық болмас.

«Шайтан дегеніміз – құбылмалы, аса сайқал, алдампаз, аздырғыш, құйрығымен құйын соқтырып, шаң-тозаңмен тұмандатып, иә, көз байлап ойнайды. Шайтан жүре алмайтын жер жоқ. Адамзат қайда болса, сонда дайын қапысын, жаза басуын күтіп тімтініп жүреді. Ондай орайы табылмағанда қолтыққа, ет пен терінің арасына, тіпті, жүрек қуысына кіріп алады. Өкпеден түртіп досты – досқа, жарды – жарға өшіктіреді. Бірін-біріне салады... Бірінің көзін біріне ойғызады. Мұрат–арманы, барлық құмары – құныққаны осы ғана» – тарихтан бері аңыз болған «шайтан» атаулының өзгермей келе жатқан бірден-бір дұрыс образы осы емес пе. Бүкіл тұлғасына ұзақ тарих ұрған сондай факттық таңбасы тұрғанда мұны өз мүддеңіз бойынша өз қолыңызбен өзгертіп қайта жасау мүмкінбе, бекер әуіре болмаңыз құдіреттім! Кімнің кім екені, өзінің ашық та жасырын, ілгерінді-кейінді барлық қылықтарын жиғанда ғана көрінеді. Марксизмнің «шындықты іс жүзінен ізде» дегені – қолтығыңнан жылтыңдаған жауыңның тұмсығына ғана қара дегені емес, тұла бойына үңіл дегені шығар. Әлде «шайтан тану» ғылымына келгенде өзіңіз үшін бұл қағида керексіз бе?



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.