Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 6 страница



– Құлжанбысың ей, жасырынбақ ойнап жүрмісің?– дей үңіле қарадым. Ол, қақба маңдайындағы электр жарығына ашулы шыраймен түйіле қарады. Өз мінезі бойынша күлетін қалжыңыма бұлай түйілу де күмәнімді қоздыра түсіп еді. Бірақ, жауабы өз қылықтарына тым үйлесімді шықты.

– Е, Биған екенсіз ғой. Үлкен жауыздың алдынан ызаға булығып шығып, тым болмағанда ауласына сие кетейін десем, өзіміздің жауыз шыға келмеді ме!

– Үлкен назыр жаңқалтаңдағы ақшаңды ұрлап алып қалғаннан сау ма?– деп, орта жолда маған танылмай қалу үшін жаңқалтасын ақтарған болып тұрып қалғанын қағытпаладым. – Немесе бұл жерге де сарымақ па едің?

– Бүгінгі ызасы үшін аузына сарсам да сауап еді, амал қанша!– деп күрсінді ол. Өте бергенінде қатарласып жүре сұрадым.

– Не істеді соншалық?

– Кешегі тапсыруыңыз бойынша Оңтүстікке бөлінген қазақ студенттердің қиыншылығын мен де жеке бір айтып сөйлесейін деп кіріп едім, сол сөзімді бастай бергенімде-ақ тиып тастады. «Бұл іске кірісетін хақың жоқ» дейді! «Хақым болмағанымен азаматтық пікірім бар назыр аға, бір минут қана тыңдаңызшы!» деп қайталап өтінсем, тіпті қатайды: «білемін пікіріңді, кешіне Биғабіл бас бір топ тар меллатшы[7] қазақ бірлесіп, біздің үстімізден не тоқығандарың мәлім. Жоғал көзімнен!» деп бір-ақ зекіді. Амал жоқ, шығып жүре бердім. Кешегі әңгімемізді бір оңбаған келіп жеткізіп, шағыстыра қойған сияқты... қазақ оңама!

Ойланып қалдым: «дәл сендей екі жүзді күншіл-жікшілдер оңса, қазақ оңар еді!... Оңтүстікке айдалатын қазақтарға достық емес, қастық сайлап келгенің шығар! Құқықтыларға бізді шағыстырып өшіктіріп қойып, пікірімізді өткізбей тастау үшін жортып жүргендерің ғой!... Құмарлар осы бетімен жоғалса, Ақия-Қапиялар біздікі дейтін шығарсыңдар!... Дәл осы сөзіңде мені оларға ара түсірмеу үшін Әблеметтен қорқытып қоюда жоқ емес-ау!»– деген оймен мырс ете түстім. – «Ал, өзің кешегі сол отырыстағы «тапсырмамды» орындап назырға сөйлесу үшін кірген болсаң, шыққаныңда менен не үшін жасырындың сонша?» деп сұрай жаздап бөгелдім. Бәрі-бір сол «сари кетпек едім» дейтін жауабын қайталайды ғой, су жұқпас сайтанның бұл жауабы да қисынды жауап! Әбілеметтің алдынан ызаланып шыққандай тұнжырай қалуы да қисынды. «Бұл сайтан, оқыған логикасын түгелімен өтірікшілігін сайқалдығына құрал етіп алған, қу сайтан ғой, бұл жүрісінің сыры қалай ашылар?»

– Ақыметқанмен сөйлестің бе?– деп сұрай қойдым тосыннан.

– Жоқ, кірмедім.

– Алдымен соған сөйлесіп, құптатып алатын жөнің бар еді ғой?

– Алдымен үлкенмен сөйлесіп, мақұлдата алсам, ол кісіге сонан соң кіріп қузамақ едім.

– Теріс жағынан «қузап» шағыстыруыңа ол кісі тіпті тез нанады екен!– деп жымия бағдарладым. Жалт қарады жүзіме. – Ол кісіні «жанбағар» деген мен бе едім кеше? Бұл сұрауыма Құлжан жауапсыз тұқыра беріп, жалтақтай сұрады.

– Не, не дейді, ұрысты ма?

– Ұрысқанды былай қойып, шапалақпен тартып жіберді жағыма!

Құлжан күлкіден қысталғандай шиқ-шиқ ете түсіп томсарып, долданғанси қалды.

– Япыр-ай, әкеңнің аузын.. Қай ит екен бұл шағыстырып жүрген?... Осы қазақ оңбайды! –деп кіжінді. – Япыр-ай, ғылым қасиетін білмейтін шошқа екен-ау!... Биға, анау Әбілемет дегенің, тіпті, қабанның дәл өзі екен. Олармен енді оңаша сөйлесіп көндіремін деп алтын басыңызды қор қылмай-ақ қойыңыз! Тілдетіп, ұлтшыл дегізіп, жер болып шығу сізге лайық емес! Көпшілік алдында өздерін масқаралап сайрай берейік онан да! Бүкіл халық алдында сөйтіп өздерін жерлейік!... Ал, Ақыметқанның ол жыртқыштығына не жауап қайтардыңыз?

– Не деймін, мәнсабы ғана емес, жасы да көп үлкен аға ғой, мен де шығып жүре бердім.

– Япыр-ай, тым жасықтық қып қалыпсыз-ау!.. Сіз, біз сияқты емес, салауатыңыз жоғары ғой, қарнына бір-ақ теуіп, шалқасынан түсірмегеніңіз-ай әттегене! Сөзіңізді сөйлеп, сойылыңызды соғатын біз де бар едік қой артыңызда! – Құлжан осылай жыпылықтата сөйлеп келіп, тосыннан үңіле қалды жүзіме! – Е, бәсе, күлкі бар жүзіңізде. Сіз шапалақтатып қарап тұрасыз ба оған!... Не дейді, талабыңызды қабылдады ма?

– Жә, жатағың анау жақта қалды, қайт былжырамай!– дегенімде Құлжан қолтығыма жабыса түсті.

– Жо, жоқ, әнеу дүкеннен... қолымнан дәм татқызып, үйіңізге өзім апарып салып қайтамын. Мына иен көшеде артыңыздан біреу... қастық қып кетер!... Көзімнің қарашығындай қорғағым келеді Биға сізді, жалғыз тіпті де жібермеймін!... Сөйтіп Ақыметқан не сөзбен қайтарды сізді? Ертең біз де кіреміз ғой...

– Сен кіріп болғансың, тағы кіріп, тағы айыр құйрықтылық істемексің бе! Шапалақтың ата-бабасын көрмей тұрып, кө...іңді қыс енді, қайт жөнел!

Құлжан Ақыметқанның алдына менен бұрын кіргендігін де, «айырқұйрықтылықты» да білмейтінсіп, қақас қалдырды да тағы өтінді.

– Жоқ, бізді қайтсе өйтсін, сіздің пікіріңізді қабылдатпай тынбаймыз! Айтыңызшы, не деді Ақыметжан? Ертең бүрсікүндер мен де сайраймын ғой, бізге құрал болсын, айтыңызшы!

– Өй мен саған құрал беріп сайратпақпын ба!... Күндіз-түні күбірлеп, өз бетіңмен-ақ «сайрап» жүрсің ғой, өзіңе жақса сайрай бер соныңды!...

– Кімге күбірлеппін ағатай-ау, айтып жазалаңызшы!.. Сіздің пікірден басқаша сайраған болсам, ант ұрсын!

– Антың қалай, салтың қалай өзіңнің?... Осыныңмен қайтып адам боламын деп жүрсің!... Тек, ашық сайраған пікіріңнен көрмесек, сенің сөзіңе сенетін, күбіріңді адамның күбірі деп тыңдайтын кім қалды!... Айтып қояйын, өзіңнен басқаның бәрін ақымақ санайтын осы қалпыңмен кете берсең ақымақтықтың көріне өзің кіресің! Саған арнаған жанашырлық кеңесім осы ғана, осы сөзімді ұмытпа! Бар қайт, ойлан!

– Басқаша күбірлеп жүрген болсам, иттің баласы болып кетейін!... Жүріңізші, әнеу дүкеннен бірдеме іше отырып әңгімелесейік!

– Ішпеймін! Бүгінше әңгімеміз осы ғана, хайыр! – Қолымды қатты сілтеп тастап жөнеле бердім.

Көмекші әйел үйіне қайтыпты. Мақпал үйде жалғыз отыр екен. Қанат жазған аққуына ұша жетіп, шешкен пальтом мен шляпамды алды да киім ілгішке ілді. Екеуміздің құшақтаса кетіп, билей жөнелген аяқ дыбысымыздан оянған аппақ ұлды алдыма әкеліп беріп, дастарқан жасады.

– Мені осы Үрімжіге бөліпті. «Басқа ешкімге айтпай қоя тұр» дейді ғылыми меңгерушіміз. «Қашанға дейін айтпайын» деп сұрадым әдейі. «Шетке кететіндер жүріп болғанша!.. Алысқа кететіндері наразы болып жатыр» дейді. «Назараттың кадрлар бөлімі Ақыметқанның қызы мен сені қалаған қызметтеріңе орналастыруға тырысатындығын білдірді» деп күбірледі соңынан. «ешкімге айтпа» деп тағы тапсырды. Бізге бұрынырақ естіртіп, Ақыметқан аға екеуіңді разы–қош етіп қоймақ сияқты!– деп Мақпал күліп жіберді. Мен күрсіне қарадым.

– Біздің хош болуымыз, бауырлардың қос-қостан жылауының төлемі бола алмайды-ау!

– Не дейді, бастықтарға сөйлестің бе?

– Ақыметқанға екі сағат сөйлеп, Әбілеметке пікір айтуға әрең көндірдім.

– Неғып бұлданды сонша?

– Бұлданғандығы емес, қорқатындығынан!

– Неден қорқады?... Онан да өзің төте кіріп сөйлесуің ғой!

– Менің барып төте сөйлесуімнен тіпті қорықты! –деп күліп жібердім.

– Қатты сөйлеп қойған екенсің ғой! – Мақпал күрсініп қалды. – Өзіңе өштестіріп алмашы!... Оңтүстікке бөлінгендердің көбі сенен ғана үміттенеді. Жауабыңды күтіп жүр, осы кеште де бірнешеуі келіп қайтты.

– Олардан бүгін жоғары жаққа арыз көтере шыққандар жоқ па екен?

– Ақия бүгін сайрау жиынына қатынасып, демалыс кезінде Әбілеметке Құмармен байланысын жай ғана айтып шығыпты. Басқасын білмедім.

– Өзі төте айтып па ей?... Жарайды екен-ау қарындасым! – деп қалдым. – Не депті?

– Ұялып толық айта алмапты. Құмардың осы жердегі бір қызметке орналасуына көмектесуін өтінген екен назыр, «онымен не байланысыңыз бар?» деп тігіле сұрағанда жүзім шыдамады дейді, сырт айланып теріс қарап алыпты. «Ол оқушы, сіз ол мектептің оқытушысы, педагогика алдында не қылық бұл!» деп назыр да түйіліп қалған екен. «Ол, институтқа келуден бұрын мұғалім болған дедім» дейді. «Болмайды!» деп шорт кесіпті назыр. «Ол сіздің теңіңіз емес, идеясы бұзық, стиль жағынан шіріктескен арақкеш екен!... Оның басқа мәселелері де бар!» дегенінде жалт қарапты Ақия: «олай емес, ол өзін тоқтатып алған адам. Мен оны көптен толық түсінемін!» дегенінше назыр қолын сілтеп тастап, жүре сөйлеп кетіпті: «оның үстінде бір-екі емес, көп адамның материалы бар» дегенін ғана естіп қалдым дейді Ақия.

– Кімдер екен ондай материал беріп жүрген? – Мақпалдың бұл хабарына аңыра қарадым.

– Ақия маған келіп өзінің күмәнданатындарын жылай отырып айтты: бұрын сөз айтып, өзі ұнатпай тойтарған бірнеше жігіт бар екен. Қазір үйлі-баранды болғандары да бар дейді олардың ішінде. «Құмарға сөз бергенімді естіген соң қабақтары түгел бұзылғанын сезгенмін, қастықтарын енді Құмарға сайлапты. Жаланы солар жауып жүр» дейді.

– Олардың біреуі әрине Құлжан шығар?

– Мен де солай ойлап едім, оның атын атамады.

– Көп болған соң онысын ұмытып та қалған ғой!–деп мен күлдім.

– Өзі анық күмәнданатындарының тізімін маған жазып беріп қайтты. «Биғаңа айтудан да қиналады екенмін. Сен жеткізіп қой, Әбілеметке де, Ақыметқан ағаға да анықтап ұқтырып берсін! Құмардың не жазығы бар оларға!» деп жылайды.

– Ең жазықтысы, Ақияның өзі, екі қара көзі болғаны ғой!– деп Мақпалдан тізімді алдым да ең алдына Құлжанның атын жаздым. Мақпал күліп жіберді:

– Айтпақтайын Қапияда «қылмысты» екен. Оның соңында да бір топ жігіт бар дейді. Қапияның өз айтуынша ең қатерлісі біздің Есқали мен Мақұлбек көрінеді.

– Ол екеуі оншалық ұждансыздық істей қоймас!–деп түйілдім.

– Оларға Қапия жала жабама, «әлі өндіршектеп жүр» дейді! Үстінен материал барын Қапастың өзі де естіпті бір бастықтан!

– Қырқылжыңдарыма қырсық болған, қалыңдықтарының өңділіктері деші!... Бәсе, осында қалудан толық үмітті болып жүрген екеуін соншалық неге шеттетті десем, құйрықтарына жабысқан пәле бар екен ғой!... Сол қыздарды олардан бұрын өздеріне қарата алмаған өздеріне өкпелемей ме екен бұл иттер, жігіттерінде не әкелерінің құны бар!... Қыздар соларды ұнатыпты деп-ақ өздерінің достарына қастық сайлағаны ма!... Мына оқыған, қазіргі заман интеллигенттерінің де баяғының надан Қодары мен Бекежаны болғаны ма!... Әй... дәл Есқали мен Мақұлбек олай істей қоймас, егер өйтсе, оңбас!...

– Жә қоя тұр енді, менен бұрын қартайып кетерсің!– деп Мақпал күліп жіберді. Қарасам, шампаннан стакан толтыра құйып әкеліп тұр екен. Жұта салып едім, алдыма құлай кетті өзі келіп. – Бастықтарға Құмар мен Қапастың осындай күндестері барын, олардың жала жабатын мақсаттарын ескерте саларсың, соншалық күйінетін не тұр онда! – Мойныма жабыса түсіп, ызамды ұмыттыра қойды.

– Жауап күтіп жүрген оқушылардың маған енді келмей-ақ қоюларын ертеңіне Мақпалдан айтып жібердім. Күндіз өз алдымдағы жұмысымды істедім де, кешінде Ақыметқанға тағы бардым. Өз бөлмесінде жалғыз арақ ішіп отыр екен.

– Кел Биғаш, кел отыр!– деді. Бүгін оқушылары үшін біраз еңбек сіңіргендей, жүзі жарықтау көрінді. Үмітпен қарадым шырайына. Тағы бір стаканға арақ құйып, менің алдыма қойды. Кешегі іс жайын сұрамақ болғанымды сезіп, бүлкілдете салды ернін:

– Әбілемет жауабын ертеңге қалдырды.

– Олай болса, арақ ішпеген қызусыз шағымда мен де кіріп айтып шығайын!

– Жо-жо-жо-жоқ, сен кірмей-ақ қой, өз ара айтысымызда жетерлік болды!

– Темірді қызған кезінде соғу керек қой!

– Болмайды, болмайды, ол теміріңе сызат түсіп шатынап кетті. Шойын ғой ол, сен кірсең быт-шыты шығады!

– Не айттыңыз?

– Кешегі маған айтқаның түгел-ақ айтылды. «Енді қартайғанда жұрт алдында жанбағар атана алмаймын. Облыс атынан келіп, қуыршақ бола алмаймын. Дашуесіңдеріміз[8] Оңтүстік аудандарың түгіл өз аймақтарымызға жетпей жатыр, жібере алмаймын!» дедім... Сенің кеше кештегі ызамен келіп, мені түйрегенің де айтылып кетті. «Биғабіл сізге де келмек еді. Төтесінен жіберетін еркін тілді жігіт болған соң мен айтайын деп қайтарып жібердім» дедім.

– Төтесінен өзіңіз жіберіп, маған өшіктіріп қойғаннан саусыз ба? – Өзім күле тастаған бұл сұрауға Ақыметқан қосыла күліп алып мойындады:

– Ашу үстінде бәрі-ақ шығып кетті!... Әбілемет кадрлар назаратымен сөйлесіп, олар қалдыр десе қалдыратын болып келісті әйтеуір!

– Мұндай дәлелді істе ашуланып, қатал тіл істетудің қажеті жоқ. Өзіңіз де назыр болған соң кадрлар бөліміндегі тізімді апарып, алдыларына жайып қана көрсетсеңіз болғаны ғой! Әбілеметке мен сол тізімді ғана сөйлетпек едім.

– Жоқ, сен барма шырағым, ол тіпті ұлтшыл неме, шабынан түртіп, Үрімжінің үстінен секіртерсің! – Екеуіміз тағы да қатар күлдік. – Саған расында да өшіктіріп алған сияқтымын... Бұл жайды өзім жөндеймін!

– Бұл бөлісті кадрлар назараты емес, өзі істеп отыр. Егер кадрлар назаратына жүгінісуге тура келсе, тізімдегі факттерді алып, өзіңізде барғаныңыз жөн!... Маған өшіккен болса, Әбілеметке басқа дұрыс ұйғырларымды да салайын!

– Е, мұның жөн! Өзің болып, өзіңше сақылдай алатын, әділетті сартың болса тіпті жақсы!

Құмар мен Қапастың үстінен жалалы материал түсірді делінген күмәнді жігіттердің ісін Ақыметқанға анықтап түсіндірдім сонсоң. Тізімін бердім де Әбілеметке жеткізе ұқтырып тапсыруын өтіндім.

– Егер шағым материалдардың ақ-нахақтығын айырмай, сене берсе, зор мәселе туылады. Құмар жөнінде Ақияға көрсеткен зілі түгелімен нахақ, дөрекі бирократтық! Қапастың үстінде де осындай жалған жала бар. Нахақтан обалды іс қылмасын!... Партия ішінде жүргізілмек болып отырған стиль түзету науқанында өзінің май өкшесіне біз болып қадалатын мұндай жауапкерсіздіктен әсіресе Әбілемет жолдастың қатты сақтанғаны дұрыс. Оның үстінен де сайрауға дайындалып жүргендердің көп екенін естідім!– дедім соңында.

Ақыметқанның, мұсасына бір мінсе мықтап мініп, төтелеп шапқылайтын мінезі белгілі болды ғой. Үлкеніне тез жеткізсін деп әдейі осылай тік сөйлеп тапсырдым да арақ ішпей «кешірім» алып шықтым.

Алдыңғы жылғы кісі өлімінде өз жүгірісіммен өлшеген сырт көшеге айналып өттім. Юсуп Қасымның үйі сол көшенің бас жағына түскен. Әбілеметке сол дәумен қармақты сөзге мықты Ясынәмәтті салмақ болдым. Ол екеуі менімен тұрғылас қызметте болғанымен назырға өтімділігі менен жоғары еді. Өйтетіні, ұлттас «туысы» ғой...

Жым-жырт ымырт үйрілген шақ. Жарық көшеден шырақсыз тар көшеге өтіп, одан артқы шала жарық көшені өрледім. Өзім «Юсуп Қасымның қара қысаңы» деп атаған тұйық үңгірге кіре бергенімде артымда қалған көшемен жүгіріп өтіп бара жатқандай бір-екі адамның аяқ дыбысы естілді. Қаперсіз жүре беріппін. Кіретін қақпама жақындай бергенімде шүперек шақай табанның сырт ете түскен дыбысы дәл арқамнан естілді. Жалт қарадым да жалт беріп бір жағыма ыршып кеттім. Жеңіл сұр киімді ұзын бойлы сида біреудің сермеген жұдырығы өз екпінімен дуалға сақ ете түсті. Қолында тасы бар екен. Өзі де ұшып түсті. Ышқынып қалуынан саусағы жаншылғанын сездім. «Сен кім?»– деп үңіліп қарағанымша ырши жөнелді. Қолынан түсіп кеткен тасын алып, тұра қудым.

– Тоқта!...

Қара үзіп танытпай кетті. Қайтып оралғанымда қақпасынан Юсуп Қасым мен «қотыны» шығып қарап тұр екен. Құлжанның кеше іңірдегі «артыңыздан біреу қастық қып кетер» дегені есіме түсті. Онда мына бейбіт мезгілде маған кім қастық қылмақ, сақтағышын!» деген ысқақты жымиыспен қарап қана қойып едім. Енді «әулие ме!» деп таңырқап ескердім.

Юсуп Қасым, «тоқта» деп зекіген дауысымды таныса да қақпадан шыққанынша мүйіс айналып, жау қуып кеткенімді ұқпай, аңырап тұрып қалыпты. Қайтып кеп, болған ахуалды айтқанымда тіпті аңырды.

– Бұл маңнан ондай лүкшек тазаланып болып еді ғой! Соңыңнан аңдып жүрген бір қастықшы бар екен да!– деп күрсініп, қолтықтай жөнелді үйіне қарай. Төр үйіне кірген соң сырт киімімді сыпырып, әйеліне ұстата сұрады. – Мұны кім деп ойлайсың?

– Мұншалық дұспаным барын мүлде сезбейтінмін!

– Басқаның әйелдеріне көп қалжыңдаушы едің, біреуінікіне хиянат қып қойған шығарсың?

– Жоқ, Құдай біледі ғой, сенің мына шырайлығыңнан басқасының сауырын сипаған емеспін!

Төрт баланың апасы болған жуан «қарақаш» саңғырлай күлді бұл қалжыңыма.

– Міне осының бар емес пе, өзің чоң қатерден әрең қалып тұрғандағы қалжыңың мынау!– деп күлді Юсуп, жаңағы мәселеге шынымен осындай ауыз қылмысымды себеп қып көрсетпек болды. – Осындай тәсауырыңмен күмәндандырып, өшіктіріп алған біреуің бар ғой!

– Ешкімді де күмәндандырған жерім жоқ!

Екеуімізде ойланып қалдық. Әйелі дастарқан жасап, шай құйды. Юсуп ауласына шыға дауыстап, қабырғалас қорадағы Ясын Әмәтті шақырды. Үйінен шығарып алып, аласа дауал үстінен сөйлескен сөзін ұға алмай қалып едім, Ясын Әмәт кіріп келді. Амандаса сала жанқалтасынан бір бөтелке арақ шығарып, кереует далдасына қоя салғанда түсінікті болды. Ештеңе ішпейтіндігімді білдірдім.

– Мен бүгін қонақ болуға келгенім жоқ. Ханым сіз де шедеуіңізбен сәйіңізді[9] орнына қойып қой, бір асығыс жұмыспен келдім. Тамаққа қарамаймын!

– Қаншалық асығыс болсаң да мына қатерден аман қалғаныңды құттықтамай жібермейміз, өзіміз жеткіземіз үйіңе! – Юсуп Қасым жаңағы өткен тосын оқиғаны Ясынға сөйлеп берді. Оның шырайы да өзгеріп, аңыра қарады маған.

– Саған мұншалық өшігетін кім бар? Қазақтарда мұндай іс көп кезікпейтін. Ал, Үрімжідегі ыңғай оқыған қазақтарда тіпті болмаған оқиға!... ақшасы бар деп қызыққан ханзу, ұйғыр ұрыларының бірі болар!

– Ондай ұрылармен лүкшектер бұл маңнан тазаланып болған ғой, қалғандары болса да қорқып тиылып қалып еді!

– Ондайлардан торға түспей жүргендері болғанда да дәл мына қақпаның алдына келгенімде тонаушылығын таспен ғана орындай алуы мүмкін бе!... Жә, енді мұны сыртқа жарияламай қоя тұралық. Ұзын бойлы сидалау жігіт. Оң қолының бір, иә, екі-үш саусағы жараланды. Жауымның негізгі белгісі осы. Байқап, іздестіре жүрелік! Бұл мәселе қазірше осымен тұра тұрсын, енді мұнда келгендегі жұмысымды айтайын: осы екеуіңе бастықтарымыздың үстінен шағым айтуға келдім.

– Шағым? – таңырқай қарады Юсуп.

– Рас, шағым. Мұқият тыңдап, әділет үшін күресер деп, екеуіңнің аң-саналарыңа сеніп келдім. Әбілеметке өзім төте, бетпе-бет сөйлесейін десем, мінезіміз белгілі. Мені ол кісіге шағыстырып қойғандар барын естідім. Арамыздағы мұндай жеке ұғыспаушылықтарды кейінірек айтысып, дұрыс түсінісіп алармыз. Дәл қазір сен екеуің арқылы не ғұрлым тез шешуге мұқтаж болған мәселе – Оңтүстікке бөлінген қазақ студенттерінің мәселесі болып қалды. Мұны тез шешуге мұқтаж мәселе дейтін себебім: бұл, ұлттық бөлінушілік пайда қылып, арамызға жік түсіретін, ұлтшылдық ұрығын кетпендеп-күректеп шашатын шарпулы мәселе екендігі көрілді. Қазірдің өзінде-ақ жай қазақ емес, оқыған, саналы қазақтардың да қандарын қатты қыздырып барады. Қызметке бөлу ісімен ешқандай байланысым жоқ маған келіп даурығып, стол шапалақтап, жұмысымды істетпейтін болды. Олардың өйтетіні: қазақтың жоғарырақ білім алған, ұят-намысшыл бойжеткендерінің көшеде еңіреп жылап жүруі, ғылым азаматы қатарына енді қосылып, таранып-сыланған жігіттерінің көздері маймұл умасынша қызаруы, көрген-естіген қазақтардың әрқандайын ызаландырғандай. Бұлардың бәрі Іле облысының оқушылары, Іле, Тарбағатай, Алтай тауларының түкпірлерінен келген малшы балалары. Енді Хотан, Жаркент, Қашқар түкпірлеріне бөлініпті. Арыз айтып барса, «төңкерістік қызметке бөгет болатын махаббаттарың керек емес!» деп зекіп шығарыпты. Олай болғанда, әке-шеше, аға-бауыр, туған жұртына болған махаббаты мен оларға қызмет істеу арман-тілегі де «керек емес», кері төңкерістік идея болғаны ғой!... Осылай жәбірленудің көз жастары «Шынжаң ұйғыр автономиялы районның» астанасы болған Үрімжі көшесінде төгіліп жатса, бізге тиетін кесірі қандай болатындығын сен екеуің толық түсінесіңдер!...



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.