Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 5 страница



Дұрыс-дұрыс, Рақаң дұрыс айтты!– десіп даукестерім ду көтерді.

– Автономия енді оқыған бойжеткендерімізден де айырды деңдерші!

– Мына талаптары бойынша автономиялы районнан өрлеп, Ұйғырстан құрылса не оңамыз дегенді де ойлауымыз қажет екен!

– Онда буаз қатындарымызды да әкетер, ол кәпірлерден құтылғанымыз жақсы емес пе!– деп қалған Нұралыны Рақымқан қағып қалды.

– Қалжыңды қой!

– Менің үстімнен дұп-дұрыс сайрап отырсыңдар бұлбұлдарым!– деп жымидым мен. – Тағы қандай пікірлерің бар?... Мен де республика сұрап әперейін бе?

– Ұйғырлар республика құруды сұрағанда біз сұрасақ не болады екен!– деген Құлжанның үнін естіп жалт қарадым. Арт жақта, Мақұлбектің далдасында отыр екен. Асылқан тойтарды бұл пікірін.

– Бізде Қазақстан бар ғой. Республикадан үй қалайтын болмаған соң мұндағы бір миллионға жетпейтін қазаққа осы облысымыз да жетер. Тек, мұнысын берсе, дұрысырақ берсе болғаны!

– Ал енді жоғарыда айтылған пікірлерің жөнінде Қазақтардан сайраған ешкім бар ма?– деп сұрадым.

– Бар,– деді Мақұлбек. – Бірақ, әсерсіз, үзіп-жұлып қана, бөгде ауылдың итінше тие қашып, тым үстірт сайрап жатыр. Оқу-ағартудағы мәселеден әсіресе мына ылауға айдалған оқушылар жөнінен ауыз ашқан әлі ешкім жоқ. Сіз мықтап бір сайрап берсеңіз, соңыңыздан ере лап берер едік!

– Сөйтіңізші Биға, сөйтіңізші!– деп артындағы Құлжан қозғалақтады. – Бұған да бір белгілі басшы керек екен. Басқаларының сөзі әсерсіз болып жатыр!... Япыр-ау, осы ұйғырлар республика сұрауға дейін... Ал олардың осы талабы қабыл болып кетсе, бізді не оңдырады! Ертерек осы облысымызды мықтаңқырап алып, сонда барып алмасақ тіпті болмайды ғой!... Қалай дедім көпшілік, осылай емес пе?...

Құлжан мен Мақұлбекке тыжырына қарап сөйледім.

– Ал енді менен жауап алмақсыздар ғой, сайрау үшін алдымен «көсем» сайлап бастатпақ екенсіңдер! Бастық сайлап ұйымдаспай сайрамақ емессіңдер ғой тегі?... «Сайрау» дегеніміз дәл қазір партия қызметінен кемшілік-қателік іздетіп сындатуға, яғни, айыбын тауып халық алдында әшкерелетуге қаратылып отыр. Ал осыны «көсем сайлап» ұйымдасып, соның соңынан «лап беріп» ере сайрағандарыңда не мағына шығатындығын түсінесіңдер ме?... Көбің түсінесіңдер!... Бірақ, осының не мақсатпен айтылғанын мен түсінбей отырмын!... Әлде менің саяси көсем болудан дәмеленген жерім бар ма еді, не былжырақ бұл?

– Бәсе, Биғаң, бастап сайрасам кері төңкерісші болып кетемін деп қорқады екен ғой, ха-ха-һа-һа...а... – Мақұлбек осыны айтып қарқылдағанда Тоқбай, Құлжан, Құмар, Қапастар да қосыла күлді де, Рақымқан Асылқан мен Ынтықбайға қарап, ойланып қалды. Жұтынып алып күбірледі Есқали:

– «Қателесемін деп қорқудың өзі қателік» деп партия қайталап-қайталап түсіндіріп отырғанда мына кісінің күмәнінің таусылмауын қарашы!

– Математикадан көз алмай отырып, саяси үйренуге қатыспағандығынан артта қалған ғой!– деп Тоқбай қостады оны.

– Жынды көбелектер, мен жауап беріп болайын, тыңдап алып жазғырыңдар!– дегенімде Асылқан мен Ынтықбай күлді. – Сөзімді Рақымқанға қарап мен де күле жалғастырдым. – «Жалпылай ашылып, жарыса сайрау» деген, бұлай ұйымдасып бір адамның басшылығына бағынып, соның әуенімен сайра деген сөз емес қой. Партия әрбір азаматтың өз басындағы пікірін сұрап отырмай ма! Сөйтіп, жұртшылық пікірін түгел жиып, партия ішінде стиль түзету науқанына негіз құрмақ екендігін айтып отырмай ма!... Демек, бұл реткі «ашылу-сайрау» қимылы – партияның осыдан кейін өз ішінде жүргізілетін стиль түзету науқанының даярлық қызметі. Сайралған пікірлердің шешілуге тиістісін сол стиль түзету барысында шешпек екендігін меңзейді. Қазір қолма-қол, ауызба-ауыз орындалатын ешқандай пікір жоқ... Қазірге «ашылу-сайрау» жөнінде беріп отырған түсінігі осы емес пе! Иә бұдан басқа мазмұны бар ма?

– Осы, осы!– десті бірнешеуі. Қатқыл кеңірдекті даукестерімнен Рақымқан үнсіз қалды да жұмсақ кеңірдектілерден екеуі менің түсінігіме «қосымша» қосты.

Әйтеуір тартынбай... жасқанбай сайрауды баса түсіндірді ғой!– деп Мақұлбек жымиды да, Құлжан айқындай қостады оны.

– Иә, қателесемін деп қорықпау жөнінде көп айтты!

– Сайтандардың қорқақ болатындығын біліп, екеуіңе тіпті көп түсіндірген көрінеді, бізге айта бермей, өздерің көп-көп ескеріңдер сол түсінікті! Менің қорқынышым жоқ, саяси сауаттан да оллаһи артта қалған емеспін! – Көпшілік ду күлді. – Бірақ, не сайраса, қалай сайраса да әркімнің өз еркі. «Ананы сайра-мынаны сайра» деп ешкімнің жол-жорық беретін құқығы жоқ! Рақымқан айтып отырған мәселелер менің есімде де бар. Мен өз еркіммен, өз әдісіммен сайраймын, сендерде өз ерік, өз қалаған әдістеріңмен сайрай беріңдер!

– Енді қашан сайрамақсыз, соны айтыңызшы!– деп Тоқбай кесете сұрады.

– Қазір сайрағаныммен қалыңдығыңды қазір қайтармайтындығын айтпады ма, сонда да дертіңе дәрмен үшін сайрағың келсе өзің сайрай берерсің, бөгетім жоқ. Ал, мен, оқушылар жөніндегі барлық дауымды ертеңге дейін кадрлар бөліміне жеткізіп, айырым сөйлесемін. Мұндағы мәселе, компартия тудырып отырған мәселе емес. Жеке ұлттық мүдделі жеке құқықтылардың тудырып отырған мәселесі. Сондықтан бұл үшін партияны күстаналағандай, газетте партия үстінен шағым айтқандай сайрамай, алдымен сол бирократтардың өздеріне пікір қып айтып, бетпе-бет сөйлесу қажет. Бұл туралы бәрің де азаматтық пікірлеріңді ұсынып, жеткізе айтып шығуларың дұрыс!... Пікірім қабылданбаса мен ғой басқа пікірлеріммен қосып партбюроға жазып кіргізбекпін. «Сайрағаным» осы екенін айтып шығамын. Ал, сендер, қай жолмен сайрасаңдар өз еріктерің!

– Сайрамаймын десеңші онан да! – Рақымқан мойнын сырт бұрып, қайтуға ыңғайланды.

– Газетте, айқайлап кінәлап-халық алдында құлағын тырналап, шабына түрте сайрау – сайрау болғанда, сыпайы сиымды жазба сайрау – сайрамау болмақ па!... Айқайласақ та, сыбырласақ та бәрі-бір пікір ғой. Қалай жеткізсек те өз еркімізде емес пе! Осы сендер айқайға жерік болып қалғаннан саусыңдар ма?

– Биға, мынауыңыз, «ашылу-сайрау» науқанына қарсы әрекет болып қалар ма екен! –дей шыққан Мақұлбекке қарқылдап күлдім. Баяғыда әкемнің шешемді алыпқашып келе жатқанында «мен жынды емес, ел жынды» дегені есіме түсіп, тіпті күлдім.

– Мен жынды ма, ел жынды ма?...

Ертеңіне бүкіл мәдени-ағарту лениясы бойынша ашылатын сайлау жиынына қатынасуыма шақырған хат келді. «Шақыру хатқа» оқу-ағарту назаратындағы партия ұясының шужиы қол қойыпты.

«Менің қазірше сайрарлық пікірім жоқ. Маусымдық қызмет жоспарым бітпей, қарбаласта отырмын. Онда барып бекер отырып, уақытымды сырап қылғанша қатынаспай-ақ қояйын, рұқсат етіңіздер» деп жауап жазып қайтардым.

 

Көреген тергеушім, партия газеттері «бүкпей сайра», «ашық сайра», «қорықпай сайра» деп қузап жатқанда менің жасырын пікір-жазба сайрауға шақыруым, көпе-көрнеу кері төңкеріс емес пе. Сары қапшықты өшпес-күймес делоңызды бұл қылмысым лық толтырған-ақ шығар. Ал, партия нұсқауын әрқашан артығымен орындап дағдалған белсенді пенделеріңіз, «сақылдап сайра», «айқайла», «ақыр», «біз соңыңнан лап берейік» деген төңкерістік оттарын лапылдатқанда «жынды көбелектер» деп өшіре салмақ болған қылмысым, әрине көзіңізге ашудың қызыл қанын толтырды. Өзім осындай айқай-шудың толқынды мұхитында тербеліп қалқып, бақытпен балқып отырғаныма Бақай, «айқайға жерік болып қалғансыңдар ма» деп жазғырған қылмысым, қаһарлы жұдырығыңызды толтырды. Енді «ел жынды ма, мен жынды ма» деп бүкіл төңкерісшіл жұртшылықты жындыға санаған – ең ұшынған қылмысымды қай жеріңізге сиғызбақсыз! Кезең күтіп, орай іздемей-ақ мылтығыңыздың түтігімен ұшықтай салуға осының өзі жетпеді ме! Пәлен жолдастың сайрағаны, түген жолдастың сайрағаны дейтін тақырыптар газет бетіне қаптап алды. Көбінің әуенінен социализмге пайдалы мән сезілмеді маған. Пысып қалған егіндік аспанындағы қалың қарғаша қаңқылдап, құзғынша құңқылдап, тырнаша тыраулайды. Арасында одан да дөрекі дауыстар бар. Құлағыма бұл даңғаза шу жаға қоймаса да көңіліме сәл жылулы леп беретін бір ғана көрінісі, жайдары жаз аспанының кеңдігі – жадырап бой жазудың, нәбадат еркіндігі мен теңдігінің суреті елес береді. Бұл газетке мені сол сурет қана үңілдіреді. Ал, дауысынан, сол сайраушылардың бір қаншасын жолдас деп атаудың өзі ұяттау, тіпті, кей бірін жолдас деуден күнәһарлық сезгендеймін.

Сайрауға таңертең кетті деп естіген даукестеріме бүгін-ертең өшірет тимейтіндігінен хабар алдым. Соларды мына оқушылар жөнінде партияға тіл қадатып, иә, «ұйғыр», «қазақ» деп оттатып қоймау үшін, қатысты кісілер мен жеке іштесіп сөйлесіп көргім келіп еді. Бірақ, ол құқықтыларым да сол жиынға қатынасыпты. Күндіз кабинеттерінен табылмайтын болды. Кеш бата олар қайтқан соң алдымен Ақыметқанға сөйлесу қамымен үйіне кіріп бардым.

– Үй жігітім, сен,– деп, өзім күтпеген ашудың шала сөйлемді шабуылымен қарсы алды.

– Иә, мен? – Бір жағындағы былқылдақ креслосына барып отыра қалдым.

– «Жанбағар» деп көпшілік алдында соншалық иянаттайтындай не қылып едім саған?

– Осыны айтқан адамның атын жасырмай айтыңызшы, мен өзім де бар шынымды айтуға келдім сізге.

– Айтқалы келген шындығыңды да естідім!– деп түксие тұқырса да боғағы иегін тіреп тұқыртпай, тысырайта қалды да аз кідірістен соң қайта сұрады. – Рас па сол тілдегенің?

– Сізге арналған мұндай баға көңіліме келсе де сыртқа шығарып ешкімге даттаған емеспін. Мұны айтқан басқалардың аузы.

– Кімдер?... Иә, бір мен ғана емес деші!

– Солай, біреу ғана емес, көп ауыз. Сізге осыны мен деп жеткізіп жаныстырған біреуді ғана айтсаңыз, мен қазірше он-он бесін айтып берейін!

– Демек, менің «жанбағарлығымды», «батшағарлығымды» дәлелдеушілерді үйіңе жиған екенсің ғой!

– Мен емес, жиған өз ісіңіз!

– Неғыппын соншалық, айтшы қане?– деп бастығым ақырып қалды да кеңірдегі зақым болғандай қырына берді. Тамағын жуан саусақтарының барымен сипаласа да шеміршек түтік табылмай, уысына май ғана ілінді.

– Имандай сырымды айтсам, сізді мен басқа біреуге жамандағанды қойып, кір жуытқым келмейді. Өйтетінім, осы мекемеде алдымда тұрған жалғыз ағасыз. Сізді жамандап не таппақпын. «Өз ағасын ағаламаған, кісі ағасын жағалайды». Абыройыңызды мықтап-ақ сақтағым келеді. Сізді аға тұтатын, арқа тірек тұтатын басқа бауырларыңыз да көп. Әсіресе осы Үрімжідегі жасырақ қазақтың көбі өз әке-шеше, аға-әпекелерінен айрылып келген тірі жетімдер. Сіздей орны мықты, қолы ұзын ағаларын әке тұтады екен. Басқа біреуден басынушылық, қорсыну-қомсынушылық көрсе, менің де ием бар, қорғаным-қормалым бар деп, сізге сіздей мықты қорғандарына қарай жүгіреді. Мәселен, осы жылғы оқу бітіріп, Оңтүстікке бөлінген студенттердің бәрін де көрген шығарсыз?

– Көрдім, ал оны қайт демексің маған?

– Көздерінен көшеде ағып жүрген бұлақтарын, арман дағдарысының жап-жас жүздерін жыртқан ділгірлік әжімдерін көрдіңіз бе?

– Жыласа жылай бермей ме олар!... Әлден қызмет таңдаса, кейін не оңдырмақ! «Баланы жастан, қатынды бастан», қай жерге қойсаң сол жерде тұратын жақсы мұғалім етіп шығару үшін қалай тәрбиелеу керек, педагоксың-ғой, осыны да білмейсің бе?

Бұл добалаң томырық томарды ерегестіріп алсам, оқушылардың обалына қаламын ғой, шамына тиіп алмау үшін тағы да жұмсақ жауап қайтаруға тырыстым.

– Жауабымды да арызымды да айтып шығайын, сабырмен ашусыз тыңдауыңызды өтінемін: «баланы жастан, қатынды бастан», «қайда қойсам сонда тұр» деп өз бала-шағаңызды сол қияндағы оқытушылыққа әрине жібермейтін шығарсыз. Ал, бұл балалардың ауылы Үрімжі маңында да емес, Шинжаңның сонау Солтүстік-батыс шетінде. Енді Оңтүстік шетке – сонау құм мұхитының аржағына, такламаканды айланып өтпесе болмайтын, айшылық құм кешетін аса ауыр жолға жіберілмек! Сол жақтан келіп оқу бітірген көдеден көп студенттерден жібертсеңіз, мұндай жазалау – жер аудару мағынасы шықпайды ғой!

– Қызметке тағайындауымызды «жазалау – жер аудару» демекшімісің!...

– Демекші ғана емес, деп отырмын! – күліп жібердім. – Себебін тыңдаңызшы! Жаңа мен өз ауылдарынан соншалық шалғай жерге бөлінгендіктерін ғана айттым ғой. Бұл шалғайлық, біріншіден, бірқанша жыл қиыншылықпен әрең өсіріп, әрең оқытқан әке-шешесінің күткен жақсылығынан – үмітінен айыру. Екіншіден бірнеше жыл сынасып, өмірлік болып табысқан махаббаттарынан айыру емес пе, бұл жазалау болмай не болмақ! Әсіресе бойжеткен қыздардың бүкіл өміріне, тіпті тағдырына байланысты жазалау болып қалмай ма!... Кей қыздар мен жігіттердің «айрылыссақ тіршіліктің қажеті жоқ» дегендерін де естіп келіп отырмын. Олар үшін бұдан ауыр жаза бар ма?... Жаңағы сөгісіңізде сіз менің «педагогтігімді» де дүрелеп тастадыңыз. Оңтүстікке осы бөлінген оқушыларыңыз ұйғырша тілге түгелімен шала сауат. Ол жақтың тұрмыс-салты жақтарынан мүлде сауатсыз. Ал ондағы жас оқушыларға лекциясын қалай түсіндіре алмақ! Қалай баурап жақсы тәрбиеші бола алмақ! Ол жағынан жетік ұйғыр сабақтастарын Солтүстікке алып қалып, осы сауатсыздарды жіберу, педагогикаңызға сия ма!... Бұлар ол жаққа тәуірлеу оқытушы болу үшін кемінде екі-үш жыл тұруы қажет. Соншалық ұзақ тұруға қайсысы шыдар деп ойлайсыз? Бір жылдан соң-ақ «әкетайым», «апатайым», «туған жайлауым», «сүйіктім» деп тұра қашпай ма бері қарай!... Олардың бұл сергелдеңі сіздердің қызметке сарпалдаң сырапшылдық болмай ма!

Интернационализмші педагогім, сөйлеп болған шығарсың,– деді Ахыметқан аз ойланып алып. – Осы ұлтшылдығыңды енді әкеліп маған жұқтырмай-ақ қойсаң қайтеді!

– Менің осы сөзімнің ұлтшылдығы қай жерінде тұрыпты?

– Жаңағы айтқаныңдай «басқа біреуден басынушылық – қорлау көріп жүрген кім?... Сол боқмұрындарыңды жатсынбай өз жеріне шақырып, құшақтарына тартып жүрген достарды «басқа біреу» десең, ұлтшылдық емей не болмақ!

«Мақұлық!» деп жібере жаздап, сол мақұлықтығын көзіне көрсете сөйлеуге оқталып барып өзімді әрең тежедім. Бәсең ғана түсіндіруім жөн еді.

– Өз «боқмұрындарын» білім тәжірибе жағынан тез өсіретін орталық мектептерге алып қалып, өз оқығандары беттемейтін сонау шеттегі түкпірлеріне сіздің «боқмұрындарды» айдауы, бойжеткен қыздарыңызды көшеде еңіретуі, «құшақтарына тартуы» болмақ па!... Сол алыс шетке жіберуге сол маңнан келіп оқыған өз "боқмұрындары" жетпей отыр ма?

– Аудандарына жетпей отыр!– деп зекіді бастығым. Тосылатын жеріне жеткен соң мен, үнімді тіпті бәсеңдете сұрадым.

– Осы бөлінген «боқмұрындарыңыз» өз аудандарына жетіп отыр ма?... Егер бұл жаққа жетіп, ол жаққа ғана жетпей отырса, менің бұл талабым астамдық ұлтшылдық болсын, фактіге жүгінелік, қане, осындай жоғары мектеп бітірген «боқмұрындар» қазір әр аймақта қаншадан екен, біздің аймақтардағыдан қаншалық кем екен, мына кадрлар бөліміндегі тізімнен көзіме түртіп көрсетіп беріңізші! – Бастығым жауапсыз тұқырды да мен бастырмалата өтіндім. – Егер бөлініс тең болса, мен жеке ұлттық мүдденің иті болып үрген болсам, бұл қылмыстан мені сол тізімді көзіме ұрып көрсету арқылы ғана құтқара аласыз! Бұл сынды ұлтшылдық ауруы осы бөлістеріңізді естіген көп бауырласыңызды бұзды. Мен бүгін соларға өкіл болып келіп отырмын. Бұл ұлтшылдықтан мені құтқарсаңыз, көп адамды құтқарып, зор сауап табасыз – шынайы ағалық қамқорлық еткен боласыз. Қане, мәрхамат етіп, сол тізімге апарыңызшы мені!

– Үй шырағым, үй, осы іске сенің араласатын тіпті де жөнің жоқ!– деп тағы кідіріп, ойлана түсіп сөйледі. – Тізімді көруге барсаң, мына түріңде ол екеуімен тіпті шармаяқтасасың! – Ақыметқанның «ол екеуі» дегені, назараттың үлкен назыры мен оның кадрлар бөлімінің бастығы екенін түсіндім. – Көзіме ұр деп отырып, көздеріне ұрып, арамызға бітпес жік түсіретін сияқтысың, сен кіріспе бұл іске!... Мен олармен ертең өзім жеке сөйлесейін, осы пікіріңнің бәрін айтайын!

– Е, жөнін енді таптыңыз, мені ұлтшыл деп жазғырғанша нағыз ұлтшылды тауып жазғырсаңызшы!... Кеше бір топ интеллигент мені де «жанбағар» деп сізге қосақтай жазғырған соң келіп отырмын. Енді бүгін сіз ұлтшыл деп жазғырсаңыз, обал ғой маған.

– Олар кімдер?

– Олар өздерінің айтуынша «алдымен өз ұлтының қызметкерлері, онан соң интернационализмші!»– деп әдейі жалпылай таныстырған болдым да олардың сөзі етіп бастығымды өз пікіріммен қарқылдап күле ұшықтадым. – Олар да мені «интернационализмші» деп кекетті. «Өз ұлтына қызмет істеп жарыта алмаған адам, интернационализмші болып басқа ешкімді де жарыта алмайды» деп сындады!

– Аттары кімдер деп сұрап отырмын?

– Олардың ең алдыңғы белсендісі, сізге «тілдеді, иянаттады» деп мені шағыстырған «белсендіңіз». Ал, олардан басқа да жазғырып жүргендер көп, қайсының аузын баса алармыз!

– Не деп жазғырады сонда?

– Атқа жеңіл көріп мені көп тартқылап, көп айтысты: «егер қазақ халқы, қазақ оқушылары болмаса, бұл жердегі бұл қызметке сендерді кім керек етер еді, соны неге ойламайсыңдар!» деп шұқшиды. «Сен де осы қазанның басындасың. Бастықтарыңа айтып, облыстан келген оқушылардың обалына қаратуға міндеттісің!»– деп саусақтарын шошайтады. «Олардың көз жастарына алдымен сендер қарамай, жанбағарлыққа салынған соң басқалар қомсынуға, тіпті, иесіз малдай қорлауға дейін жетіп отыр. Мәселен, бойжеткен қыздарың мен мұртты жігіттеріңнің жағдайларына қарамай айдап, «махаббаттарың керек емес, айрылыссаң айрылса бер» дегені, малша бөлу болмай немене!»– деп столымды шапалақтайды. Ендігі бір пікірлері тіпті ауыр, сізге айтпай-ақ қояйын!– деп әдейі тоқтата қойдым сөзді.

– Айт, бәрін айт! – түксие түсті бастығым.

– «Ұлтшыл болып кетемін деп қорқып, өзіне артқан міндетін орындағысы келмесе, ұлт атынан мәнсап алып, өзінің қарабасының қамын ғана күйіттесе, айырым алакөз зорекердің жанды қуыршағына айналып, не деседе қол қойып, шұлғи берсе, зорекердің қамшысына айналып өз бауырларын оның бөлген жағына шықбыртып айдап шығара берсе... (бастығымның көзі маған қарап бадырая түсті. Өзім құрастырып отырғанымды сездірмеу үшін «осы төртеуі ғана ғой деймін» деп өзіме-өзім бір күбірлеп алдым). – Арқа тірек боларлық ағайларымыздың жанбағарлығы осылай дами берсе, сеніп міндет артқан халқымыз не болмақ, біз не оңбақпыз!» деп кіжініседі. Бірі емес, бәрінің аузынан осы шықты. Өзімді де қосақтап жауапқа тартқан соң, «мен білмеймін, оқу құрал құрастырушы ғанамын, осы пікірлеріңнің бәрін жеткізейін!»– деп уағда беріп құтылдым.

– Олардың өздері неге келмейді, менің сыртымнан дүрілдегенше анау билерге неге қоймайды бұл талаптарын? – Бастығымның ашулануынан ба, намыстануынан ба, бұрқырап шыққан маңдай терін сүртті. Бір қуатты қол алқымдап жатқандай тұншығыстан тығылып, күрең бөртеге айналыпты. Күліп жібере жаздадым да түйіліп алып жауап қаттым.

– «Біз басқа қызметтегі адамдармыз» дейді олар, «билеріңмен сөйлесесіңдер ме, сойылдасасыңдар ма, бұл мәселені теңдікпен дұрыс шешу, сендердің төл міндеттерің, халқымыз сендерді осы қызмет үшін қойған, жан бағу, қуыршақ болу үшін қойған емес, орындай алмасаңдар дәл былай сайраймыз, сарттарыңда ісіміз жоқ, сендерді ғана танимыз!» дейді. Мен оларға: «мұны жұртшылық алдында сайрамай қоя тұрыңдар, бастықтарымыз өзара сөйлесіп, қайта ойласып көрер, жауабын мен сұрап берейін!» деп қайтардым. Өзім де қатты намыстандым бұл сөздеріне. Алдыңызға ертең және келемін. Сол тізімге жүгініп отырып сөйлеспей болмайды, басқа лажымыз жоқ! Есептеспей есе-теңдік жоқ екен!...

Осы сөзбен ақыл көмегім де, қайрауым да жеткен шығар деген қанағат пайда болды. Айтарымды айтып болған соң «демалыс уақытын жеп қойғаныма» кешірім сұрап қайттым.

Тат басқан можа қанжарды шарыққа салғандай Ақыметқанды мына қажаған қажасыма миығымнан күле шығып едім. Төр жақтағы Әбілемет назырдың үйінен қараңдап біреу шығып келеді екен. Іңір қараңғылығынан тани алмай тұра қалдым. Ол да сол жеткен жеріне тұра қалды да, ұзыншақ ауланың қарсы жақ бүйіріне қарай бұрыла жөнелді. Ол бет алған қарсыда үй де, дәретхана да, тіпті, еркек итше сари салатын далда да жоқ болатын. Сұр пальтосы мен шляпасына, бой тұрқының ол киімге үйлесімсіздеу көрінуіне қарағанда Құлжан сияқты. Ол жаққа не жағдаймен бұрылғанын байқағым келіп еді. Арт жағымдағы Ақыметқан үйінің есігі сықырлады. Тұра алмай дарбазаға беттеп жүре бердім. Артымнан Ақыметқан шыққан соң Құлжан да қарсы дауал түбіне жетпей бұрылып, соңымнан жылжыды. Дарбаза алдына келіп тосып тұра қалдым. Жеткен жеріне ол да тұра қалды. Тоқтамайтын жерде тұрып қалғандығына ыңғайсызданғандай, өз жанқалтасын тінткілей берді.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.