Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 4 страница



«Зиялымын ғой, сайрау салығы маған да түспей қоймас» деп осы шақта бір ойладым мен. Бірақ бұл шақта міндетті жұмысым ауыр болып, бас көтере алмай жүргенмін. Келер оқу маусымы басталғанша құрастырып бекіттіріп, баспадан шығартып болуға тиісті жоғары ортаның қазақша 10-кластарының тіл-әдебиет оқулығы мен 9-кластардың математикасы бар. Біреуі жазылып құрастырылып болса да, қузастырылып, баспа заводына кіруі қалып, біреуі әлі де қайыру бермей жатқан болатын. Алдымда енді екі жарым айлық уақыт қана қалған, қарбаластағы шағым еді. Сондықтан не сайрау жөнінде ойланып көрмегенмін. Ол жөнінде ойланғым да келмейтін. Өйтетінім, қазірге дейін өз ішімде партия мен келісе алмайтын титтей де пікірім жоқ. Ортаға қоймасам шешілмейді дейтін талабым да жоқ. Жекелік, иә, ұлттық мүдде жөнінен алаңым да жоқ, интернационализм алдында алалығым да жоқ, сайрамаймын!...

Мен осылай тұқырып алып, математика ережелерін айқындап жазып, есеп-мысалдарын сатыға бөліп түрлендіріп жатқанымда қызметтестерім шапқылап жүрді. Әдебиет-көркемөнер саласындағы достарым, әсіресе жас ақындар жарысты тойға, иә, ұлы дүбірлі асқа баратындай, тіпті жінігулі екен. «Мәдени-ағарту саласының сайрау жиыны ашылатын болыпты. Автономиялы районға қарасты барлық ғылым-мәдениет қызметкерлері оқу-ағарту назаратына жиылып сайрайтын болыпты» десіп гу-гу етеді. Барларын киіп, галустуктарын жұдырықтай түйіп, кеңірдектете байлапты.

– «Үй, мынауың үніңді буады ғой!»– деп біреуіне, «Бақаның қайда?» деп біреуіне қалжыңдай отырдым.

– Бақаныңыз не?

– Барын киген адам бақанын да қолына алады деуші еді ғой!

– Бақан ұстау еркектерге ғана лайық, сіз алып барарсыз!– деп килікті бір хатшы келіншек. – Сіздің сайрағаныңызды көрсек деп асығып жүрміз.

– Мен бақан түгіл басымды апарар ма екем!

– Сіздің сайрамасыңызға көне қоймаспыз!... Пікірдің қисынына қарап та, адамына қарап та қабылданатыны бар емес пе. Біздің мыңымыз сайрасақ та әсері сізден шыққан бір пікірге жетпейді. «Барар ма екем» дегенді қойып, ертерек дайындалғаныңыз жақсы! Сізді шақырмай қоймайды.

– Менің сайрарлық ешқандай пікірім жоқ!– деп қалғанымда жініккендермен бірге келіп отырған Ақия қатты таңырқағандай, Құмарға қарап тілін шығарды. Менің сайрауымнан күтіп жүрген көп үміттері бар сияқты.

– Пікіріңіз «жоқ» емес, тіпті көп, сайрататыныңыз сайрату түгіл саңқылдатар әлі!– деп Құмар күліп жіберді...

Олар шығып кеткен соң қайта ойланып, сол «тіпті көп» пікірдің бірін де таба алмадым. Ойлы, тетелес азаматтың бұл сөзі тегін емес-ау деп мұқият ойласам да дәл партияға қоярлық пікір табылмады. Ал, «Сайратарым» кім?... Нұрияшым ба?... Жоқ, ол менің ісіме араласып, қолқа салып көрген емес. «Сөйлегің келмесе, сөйлемей-ақ қой, жаным!» дей салар. Мұндай желді-даңғазалы мезеттерде «Демалшы!» деп өзі әкеліп қойған «Дарулы ішімдігімен» ғана жадыратып, жатқыза қоймаушы ма еді.

Сол күні кешке жақын институтты осы жақында Мақпалмен бірге бітірген студент қыздардан үшеуі келді біздің үйге, көздерін сүрте кірді.

Көп жылағандай, көздері ісініп, қызарып алыпты. Жайшылықсып жымия амандасқанмен еріндері икемге көне қоймайтындай дүрдиіңкілеу көрінді. Жас шамалары жетіп асса да мектеп бітірмей тұрмысқа шықпауға бекіген, ыңғай қайсар қыздар екенін естігенмін. Біреуі былтыр күзде ғана Тоқбай ақынмен келісіп, қалыңдық болғанын да білетінмін. Мақпал нұсқаған орындыққа отыра қалып, алдымен сол бастады өксуді.

– Не болды шырағым-ау!– дегенімше қалған екі бойжеткен де ағытты көз жастарын. Ешқайсысы сөйлей алмады.

– Қызметті Хотан аймағынан беріпті,– деп Мақпал күбірлегенде жүрегім зыр ете түсті. Жылауға Мақпалдың өзі де қосылып кете жаздап, қысқаша ұқтырды. – Мына екеуі Қашқарға!...

«Сонау шеттегі Алтай мен Іле тауларынан әрең келіп оқыған қазақ малшыларының бойжеткендері оқытушылық қызмет үшін енді сонау Оңтүстік шетке айдалмақ! Өзінің туған жұртына, надан қалған өз бауырларына қызмет ету түгіл, осы жерге қынжылып зорланып әрең жіберіп оқытқан әке-шешесіне де ес қатпай жоғалмақ!... Ал, мұндай оқыған қыздар соншалық көбейіп, өз аймақтарынан қызмет табылмағандықтан айдалғаны ма айшылық алыс жолға! Өздері танысып-сынасып табысқан жігіттерінен де айрылыспақ па!» деген күйініштен басым қызып, түтігіп отырып қалған сияқтымын. – «Мұны естіген қай қазақ бойжеткен қыздарын Үрімжіден оқуға жібермек!» – Әрең тоқтаттым, ызамды сездірмеуге тырыса сұрадым.

– Ол жақта қазақ жоқ, ыңғай ұйғыр туысқандар ғой, ұйғырша тілге қандай едіңдер?

– Жартылай!– деді біреуі сырт қарай беріп. – Үш жыл қиналып, шала-шарпы әрең сөйлейтін болғанбыз!

– Ол жақтағы жас оқушылар жартылай қазақша сөйлейтін «шала-шарпыларыңды» мүлде түсінбейді ғой, ал, жас оқушыларға лекция өтіп түсіндірудің жөні тіпті басқа!...

– Осы ахуалдарымызды сізге айтып көмек сұрай келіп едік!

– Бұдан басқа да үйлеспейтін көп ахуалдарың бар-ау, шырақтарым!– деп күрсіндім. «Дәл таптыңыз» дескендей, аса қатерлі дертке шалдығып, қатты қысылған ауруша, ажалына ара түсерлік дәрігерге қарағандай жалбарыныш сездіріп, жаутаңдай қарасты қыздар. Мен де жалтақтай түсіп жалғастырдым сөзімді. – Мен оқу-ағарту назаратында болғаныммен оның сендерді қызметке бөлген кадрлар бөліміне байланысы жоқ, бүтіндей басқа міндеттемін ғой! – Басымды қасып қынжыла ойландым. – Сендер... өздеріңнің осындай ахуалдарыңды айырым-айырым жазып, сол бөлімге беріңдер де орынбасар назыр Ахыметқанға барыңдар!... Мұндайда тартынбай, нендей арман-мұңдарың болса да ашық сөйлеу жақсы. Ұлы істе әрқандай ахуалды айтудан ұялу пайдасыз. Ұқтыңдар ма?

– Ұқтық. Бірақ сол ағайлардан үміт үзіп келдік!

– Үміттерің болмаса да көздеріңді үңіле қадап айта беріңдер!

– Сол екеуіне де барып айттық. Белгілеген орындарымызға бармасаңдар қызмет жоқ деп бір-ақ тойтарды!

– Телефон беріп әке-шешелеріңді де, табысқан жігіттерің болса, оларды да салыңдар!

– Осы айтқаныңыздың бәрін істеп жатырмыз. Бірақ...

– Бірақ олардың арыздарын да тыңдар емес. «Солтүстіктен Оңтүстікке қызметке бөлінген қыздар көп. Қазақтан оны бар. Сендердің біреуіңді қалдырсақ, олардың бәрі бармай қояды» деп қуалады!

– Мына Назыкеннің расхотын өзі шығарып оқытып, төрт жылдан бері күтіп отырған жігіті келген екен,– деп күрсінді Мақпал. – Қалыңдығының осы ұзақ сапарын естіп, Қорғастан келіпті. Айтысып-айтысып, арызын ол да қабылдата алмай, «Күтіп болдым, қайтарғыларың келмесе, айрылысамын!» деп шығыпты.

– Айрылысу сөзіне не депті?

– Оңтүстікке бөлінгендердің ішінде сенің қалыңдығыңнан басқа қалыңдық жоқ па, олар да бармай бұзылмай ма. Махаббаттарың төңкеріс қызметіне кедергі болатын болса, айрылсаң айрылыса бер, депті!

Мақпал мұны айтқанда «Нәзипа» аталған қалыңдық үн сала еңіреп жіберді.

– Енді онымен... айрылыса алмаймын! Уәделескеніме бес жыл болған... Соншалық күткізіп... Одан айрылғаннан өлгенім оңай!

Мақпал екеуіміз қысылғаннан қызара қарасып қалдық.

– Оңтүстікке осынша көп қыз «экспорт» қылғаны несі бұлардың?– деп күбірлесем де бұл сұраудың жауабын өзім білуші едім. Мақпал анықтап жауап берді.

– Маған кесір болған феодализм Оңтүстік Шынжаңда қазір тіпті күшті екен. Аса бір саналы семьяларынан басқа халық, қыздарын сыртқа аттап бастырмайды екен! Сондықтан оқуға әрең жиып отырған жас қыздарына әйел оқытушыны осы жақтан апаруға мұқтаж көрінеді. Оның үстіне сол кішкене қыздарын да ер оқытушыдан оқытуға қарсы болатындары тіпті көп дейді.

Менің қысылысым тіпті күшейді: «Оңтүстіктегі туысқандардың бұл санасы біздің жұрттың сондай ауруын қайта күшейтеді-ау енді! Оңтүстікке айдап жібереді екен деп, мұны естісе, қыздарын Үрімжідегі жоғары мектептерден оқытуға бұлар да қарсы шықпай ма!»– деген оймен шекемді уқалап отырып қалып едім.

– Ағай, осы қиыншылықтарымызды жоғары жаққа сіз бір айтып берсеңіз!– деді Тоқбайдың қалыңдығы. Осында «Шинжиаң газетінде» істейтін өз жігітінен де хал кеткенін сездіре жыламсырап күңкілдеді. – Сізден басқа сенеріміз қалмады!

– Айтамын қалқам, әрине айтамын. Бірақ, мына беталыстарына қарағанда пікірімді қабылдатармын деп мен де сене алмай қалдым!

– «Ашылу-сайрау» әрекеті жүріп жатыр екен. Сіз де сөйлейді деп естідік.

– Сендердің бұл істерің «Сайралып», одан жауап күтіп отыратын іс емес. Сайрарлықтай партиядан өтілген мәселе де емес. Бұл, жеке мәнсаптылардың ісі. Солардың өздерімен сөйлеселік. Бірер жылға бар деген жеріне барып тұрып, кейін арызданып, қызмет орындарыңды алмастырып алуларыңа да болады. Расында да бәрібір төңкерістік қызмет қой. Ал, егер жағдайларың бұған мүлде келіспейтіндей болса, өздеріңді оқуға жіберген аудандарыңа барып мәлімдеп, қызмет жауабын сол жерден күтерсіңдер. Бірақ асықпай ұзағырақ күтесіңдер.

– Оған бола ма, ағай?– деп жалт қарасты қыздар.

– Болмағанда, жерде қалатын білім бар ма, «тесік моншақтың жерде қалмайтынын» түсінгенде алтынның шірімейтіндігін түсінбейсіңдер ме!– дегенімде момын «балдыздарым» бір-біріне қарап жымың қағысты. – Мен де сөйлесіп, тіпті шегіне жете сөйлесіп көрейін. Көнбесе осы екі жолдың біріне жүре тұрыңдар, жыламай барыңдар!... Қайда болсаңдар да тапқан білімдеріңді нығайтып, артылта беруді ұмытпасаңдар болғаны, жеңіс сендердікі!..

Енді ғана жадырап, шай ішіп отырған үш қызды, түксиіп, кей бірі жылай кірген бес ұл қозғады. «Рахметтерін» еріндерімен, жүректегі шын алғыстарын отты көздерімен айтып шыға берді қыздар.

«Ұлдар» дегенім, мұрттары қастарына теңелген, өзіме тетелес студенттер еді. Бұлардың шырайы қыздардан бұзықтау көрінді. Қалпақтарын баса киіп, көздерін картоздарымен далдалап алса да ол әдептеріне мұрындары симай қоңқиып кетіпті. Жаңа ғана жұдырықтасып-тұмсықтасып келгендей, қып-қызыл. Дөрбілжіндегі оқушыларымнан екеуі бар, екеуі ілелік, бірі алтайлық, таныс жігіттер еді.

– Ағаларымыз бар деп арқа тұтып жүрсек, мүлде иесіз екеміз ғой, ағай!– деп өксіп-өксіп қалды Зарықбек атты оқушым.

– Не болды?– қатқыл үнмен сұрап қалдым да,– отырыңдар, отырыңдар! – деп отырғызып алып, қайта сұрап түсіндім. Бұлар да Оңтүстікке бөлінгендіктеріне наразылық арыз айта барып араздасып, айтысып қайтыпты.

Автономиясы құрысын бүйтіп зорекер сарттарға жем қылған!– деп жіберді, алтайлық Жақан. Айтысқан сөздерін баяндай келіп тіпті күйінді. –Жоғары мектеп бітірген оқытушы Оңтүстіктегі сарттарға керек болғанда Солтүстіктегі надан қалған көшпелі қазақтарға керек емес бе, Ақыметқан ағай осы жөніндегі пікірімізді естіп отырып, көмектеседі екен десек, бізге ақырды!

– Жанбағар көпшікші екен!– деп ілелік Шайзада күңк ете түскенде онымен бір жерлес Ақбай сол «көпшікшілдікті» Іле қазақ автономиялы облысына жалпыластыра жайды.

– Тіпті, қазақ атымен мәнсап алған анау облысымыздағы қарындылар түгелімен көп ішкіш екен. Жоғары дәрежелі мейманханада жатқан солардың бір тобына кеше барып айтып едік, олардың үлкендері де осы Ақыметқанша ақырды.

– Не деп ақырды?

– «Қай жерге бөлсе, сол жерге барып істейсің!» деп ақырды «қамқорымыз». Біреуі ғана жөнін түсіндіріп айтты: «біздің облыс, осы автономиялы районға қарасты автономия. Біз де осы жердің нұсқауымен істейміз. Сонда да қызметке бөлген орындарыңмен сөйлеселік!» деп телефон ұстап қалып еді. Оқу-ағарту назаратына бүгін қайта келіп сұрасақ, оның кадрлар бөліміндегі сарт тіпті ақырып қайтарды!

– «Бөлген жерімізге бармасаңдар қызмет мүлде жоқ, қайтыңдар!» деді жалғыз-ақ!

– Облысымыздың талабы да бір тиын болғаны емеспе бұл!

– Бүйтіп сартқа қалған күніміз құрысын, жетім лақ құрлы құнымыз қалмапты!– деп қайталаған Зарықбекке менің де ақыруыма тура келді. Тар ұлтшылдық желі кеулеп барады екен. Басыңқырап қоймаса, асып, алаулы өшпенділік отына айналдыратын сиықтары байқалды.

– Жап аузыңды!... «Сарт, сарт» деп бар ұйғырдың аруағын қорлайтындай не қыпты! Сендерді Оңтүстікке айдап отырған бүкіл ұйғыр халқы ма?...Үрімжіден оқыған төрт-бес қазақ оқушысы Оңтүстіктегі қызметке бөлінді деп бүкіл қазақтың «күні қара», «жетім лақ» бола қалғаны ма?» деп зейіл қабақпен зекіп тастадым да «қарынды ағаларының» ақырғанын да ақтап түсіндіре тұрғым келді. – Сендерді ұлтшыл болсын деп оқытқан емеспіз. Жалпы еңбекші халыққа малайша дайын тұрып, ұлт-ру талғамай істейтін, социализмнің коммунист қызметкері болсын деп тәрбиелегенбіз!... Бар деген жеріне барып істеп тұрып, басқа ахуалдарың болса, сонан соң арызданыңдар!... Ал енді мені де біреуге барып, «көпшікшіл екен» десеңдер дей беріңдер, сендерге көрсетер жөнім осы ғана!

«Ұлдар» бір-бріне аңыра қарасты да, әдебиет сыншысы болып бедел тауып қалған, әрі өз арасындағы үлкені – Асылбек атты оқушыма ымдады. Күлімсірей сұрады ол менен.

– Ағай, сіздің де осыдан басқа көмегіңіз жоқ па бізге?

– Жоқ. Менің міндетім қызметке бөлу емес қой, өздерің білесіңдер.

– Расында да артында ешкімі жоқ, панасыз жетімдерше тентірегеніміз бе!– деп қалғанында басқаларының көзінен бір-бір тамшы тамып кетті. Мен енді төмен қарап ақталдым.

– Анау мансапты ағаларыңның қолынан келмегенде оқу құралдарынан басқамен байланысы жоқ менің қолымнан қалай келмек! Халық алдында әркім өзінің міндетті ісімен ғана жауапты ғой!

– Сіздің абыройыңыз бар, жүзіңіз жарық, пікіріңіз жерде қалмайтындығын білеміз. Сайрағаныңызда соған қосып...

– Сендерге келіп отырған бұл бөлісті қазіргі «сайрау» арқылы өзгерте қою мүмкін емес, шырақтарым! Бұл «сайрау», партияның стиль түзету науқанының даярлық қызметі ғана. Демек, сайраушылардың пікірі қолма-қол орындалмайды, қазірше сайраудан үміт күтпеңдер!

– Олай болса, сізге де айта кетелік, «ұлы сөзде ұят жоқ», уәделесіп табысқан махаббаттарымыздан бұлай айырғанына көне алмаймыз!

– Мұндай жөндерің болса, қане, қосақтарыңмен қосып, тізімдеріңді беріңдерші, қалыңдықтарыңның қайда бөлінгенін де жазыңдар! Егер оларда «көне алмаса», айрылспаймыз десе, кадрлар бөліміне мен апарып түсіндірейін!... Бірақ, маған сеніп қалмай, өз талаптарыңды жеке-жеке жеткізе беріңдер!

Бес ұл өздерімен он адамның тізімін жазып ұстатып шыға бергендерінде нағыз даукестерім кіріп келді. Соңдарында екі қырқылжың бар. «Даукес» атайтыным, менімен салалас қызметтердегі әркүні айтысып-атысып дағдалған табақтас-үзеңгілестер де, «қырқылжың» атағаным, бұрын бірнеше жыл бастауыш мектептерде мұғалім бола жүріп дайындалып, институтқа оқуға түскен Құмар мен Қапас еді. Мұнда келіп студент болса да бұрынғы тұрғыластықтарымен дастарқандастықтарынан қала қоймаған. Бұл екеуі қабілет жағынан мына даукестерімнен мықтылау ақын-жазушы болған соң мен де шектей қоймай, қатардағы даукесіме айналдырып алғанмын.

Қабақтарының түсіңкіліктерінен қырқылжың-дардың да Оңтүстікке бөлінгендіктері байқалды. Жадау шырайларына қарай беріп едім, – Ақия мен Қапиядан айрылдық!– деді Қапас. Күлімсіреп сыпайы айтса да күйігі сықап, аузынан бұрқ ете түсті.

– Не ғып?

– Құмар, Керия ауданына, мен Шақлыққа тағайындалыппын!

Құмардың үлкен көзі жарқ етіп бір қарады да, қызыл жүзі күреңітіп, төмендей берді. Лирик ақынның бағанағы «сайратарың сайратар» дегені, махаббаттарына қарсы төңкеріс жариялаған осы жағдайлары екен.

– Сен екеуіңнің ызалануларың тым зиянды!– деп күлдім мен. – Қартаю шарттарың өздігінен толып отырғанда сақал-мұрттарыңды ағартып алып, қалыңдық алдында ұятты боларсыңдар!

– Масқаралануға жаралған соң ұятынан тартынатын неміз қалды!– деп жымиды Құмар. – Өз ауданымыздағы мұғалімдіктен жоғары мектепке келіп оқып, одан да төмен құла дүздегі құлазыған ауданға лайық болып шыққанымыз – біткеніміз ғой. Көйлек киеміз деп қуанып келіп, борбайымыздан ыштанды да сыпыртып алған кішкене бала болмадық па!

Түгел қарқылдап күлдік бұл теңеуге.

– Қайдан бала болған екенбіз деп төсектеріңе шаптырып қоймаңдар!– деп үстемелей, күлдім де сабырға шықырдым. – Сен екеуіңді ойласып көрер. Сақалдарыңа сай орын табылып қалар, асықпаңдар!

– Асықпаңдар-асықпаңдар деп отырып Ақыметқан екеуің бар тәуір оқығандарымызды айдатып болмақсыңдар ма!– деп Рақымқан дүрсе қоя бергенде мен оның осы сөзінен бір қуанышты хабар тапқандай жалт қарадым.

– «Ақыметқан да асықпаңдар» деді ме?

Ынтықбай күліп жіберді.

– Ол кісі айдалғандардың бас жібін айдаушыларына мықтап ұстатып, қамшылап қумаса, асықпаңдар дей ме екен!

– Бәсе, оның асықпа деп те айтпайтындығына, міне, Ынтықбай куә!– дедім мен енді сол Ақыметқанға барып, бүгін «асықпаңдар» дегізіп қарыздар етіп қайтыңдар да ертең барып асықтырыңдар бұл іс туралы айтысуға сол кісінің ғана құқығы жүреді!

– Сенің қазірдарлық қатысың жоқ па!– деп Рақымқан қайта төнді маған. – Сен де осы қазанның басындасың ғой. Көшеде жылап жүрген қарындастарың мен інілеріңнің ахуалын көрмедің бе?

– Көруді қойып, бірге жыласып та алдық... «Қазан басында» болғаныммен менің міндетім – суын құйып, тұзын салып, дәмдеп пысыру ғана екені өздеріңе мәлім ғой! Пысқан соңғы шөміш ұстаушыларға бізден Ақыметқанның ғана қатысы бар. Балаларға менің ағалық қарыздарлығым сендермен ұқсас. Сол шөміш ұстаушыларды сырттан барып ашық айыптауға сендер қарыздарсыңдар да, қастарынан күңкілдеуге мен қарыздармын! Жалғыз мені қайрап салып, арақ ішіп сайрандап жүре бергендеріңмен ештеңе бітпейді. Келіңдер түгел кіріселік!

Биған дұрыс айтты!– деп менің пікірімді Асылқан құптады. – Дәл осы бөліс жөнінде қатысты орындарға бәріміздің де барып айтқанымыз дұрыс. Жоғарырақ оқығандарға ауыл-аудандарымыз түгіл аймақтарымыз мұқтаждық тартып жатқанда сол аймақтардан келіп оқыған азаматтарымызды Оңтүстіктің шөл даласына бөлуі – тым астамдық!

– Биға, сіз бұл жөнінде шөміш ұстаушыларыңызға «күңкілдеп» қана қоймақсыз ба?– деп Есқали көзін жұма күлімсіреді маған қарап.

– Енді қайтейін?... Күңкүлдемегенде қол астындағы бір бөлімде отырып ақырайын ба!

– Есқали мен Мақұлбек, Тоқбайлар жарыса сөйлеп кетті.

– Буынсыз жерге мынадай пышақ ұрған бұйрықшыларға негізді-беделді ағартушы ақырмаса кім ақыра алады?

– Ақырмай-ақ осындай теңсіздіктер жөнінде баптап бір сайрап берсеңіз дейміз!

– Бірқаншасы тіпті, республика талап етіп қайта-қайта сайрап жатқанда сіздің, оқып жеткен өз оқушыларыңыздың дұрыс орналасуы үшін де әлі бір рет сайрамағаныңыз ба!...

– Тағы қандай пікірлерің бар?– дей күлімсіреп даукестеріме жағалата қарадым. – Өздерің менің үстімнен сайрауға әдейілеп жиналып келген сияқтысыңдар ғой, ал, сайрап болыңдар, жауабын артынан көрелік!

– Оқу-ағарту саласындағы есеміздің осылай кетіп жатуына Ақыметқан емес, зиянын түсінетін Ынтықбай екеуің жауапкерсіңдер!– деп Рақымқан стол тықылдата кесетті.

– Ақыметқан ол, кінәлауға болмайтын сәбиме еді?– деген қарсы сұрауыма Нұралы жауап қайтарды.

– Ол кісі бастық қой, маңғазси жүріп және бағуға ғана жауапкер шығар. Сайраса да сол жөнімен сайрар, ол өнерін көрерсіңдер әлі!

– Қалжыңды қойыңдаршы! – Шытынауық Рақымқан күлкіні шорт тиып, өршелене жалғастырды пікірін. Әсіресе Биғабіл, сен, оқу-ағарту ғана емес, бүкіл мәдени-ағарту саласындағы өкілдік рөліңмен сайрауға борыштысың!... «Сайрарлық ешқандай пікірім жоқ» деп жүргеніңді естіп, есіңе түсірейік деп келіп отырмыз. «Іле қазақ автономиялы облысы» құрылғалы тартып келе жатқан зиянымыз аз ба, ойлап көрші, өзің осы облыс құрылғандағы жиынның өкілісің ғой!... Сондықтан ол туралы алдымен сайрап, бізге жол ашып беруге борыштысың!

– Сарттардың автономиясы автономия да біздің автономиямыз апиын болғаны ма?– деп күбірледі біреуі. Кім екенін айыра алмай қалдым да жалпылай сұрадым.

– «Апиын болды» деуге қандай дәлелдерің бар, ашық сайрасаңдаршы!

Менің, немқұрайды қарағандай күле сұрағаныма Рақымқан тағы өңештеді.

– Ұйысқан тұтас күшке айналдырып, ұлттық мәдени-ағарту жағынан дамуларыңды тездетеді деп берген автономиясы быт-шытымызды шығарып паршалап, бұрынғы дәрменімізден де айырып тастаса апиын болмай не болғаны! Мәселен, театр мен әртістер облысқа көшті де сахына шығармалары жағынан олар сүйенетін ақын-жазушылар мұнда қалды. Қазақша баспа қызметі де, радио қызметі де, тіпті газет те осылай бөлшектеніп жатпай ма! – Бастауыш пен орта мектептеріміз ол жақта (қазақша), техникум мен жоғары мектептер мұнда – Үрімжіде (ұйғырша), жақсы оқып жоғарырақ мектепке өрлеген оқушыларымыз Үрімжіге келіп ұйғырша оқығандығы үшін Такламаканға қуылса, не болғанымыз?... Мұндай автономияның бізге не пайдасы болды!



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.