Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 3 страница



– Әсіресе егінші жұртшылығының аяғы жерге тиді ме!– деп Қапас үстемелеп еді.

– Мәселен делік?– деп Мақұлбек тағы да бүлк ете түсті. Бұл сұрауды тағы да Мақұлбектің төлдеткенін Есқали байқамай жұтынып алып, күшене шұбыртты.

– Мәселен дейсіздер ме? Мәселен, жер майын азайту, өсімқорларға соққы беру сынды Шынжиаң тарихында болып көрілмеген науқан жүрілгеніне бірер жыл өтпей-ақ ұлы жер реформасы бастала жөнелді. Егіншілер бұл төңкеріс арқылы помещиктерден жер бөліп ала сала мойынсерікке ұйымдастырылды. Ол мойынсеріктері қалыптасып үлгермей – бастаушы коллектив тәртібіне егіншілерді дағдыланып болмай жатып, кооперацияға ұйымдастырылды. Жай кооперацияға дағдыланып, коллективтік тұрмыс салтын игеріп болғанша жоғары дәрежелі кооперацияға тарта жөнелдік. Бұл үлкен қонысқа да екі-үш жыл байыздатпай, міне, ұлы коммуна ережесін үйретуге кірісіп кеттік. Осы науқандармен құрылған коллектив басқыштарының әрқайсысы коллективизмнің салт-санасын қалыптастыратын үлкен-үлкен мектептер емес пе!... Қараңғылық-надандық жайлап келген егіншілерге осы бес-алты институтты бес-алты-ақ жылда бітіргізу, секіріп ілгерілеу емей атаңның басы ма еді! – деп Есқали Құлжанға қызара бөрте қызынып қарады. Жан-жағына жалтақтап, жыпылықтай танды Құлжан.

– Мен емес, мен емес қой бұл жолы сұрау қойған!

Көпшілік ду күлді де Мақұлбек «қасиетті» атасының басын аяғандай, Әлжанның шағын ғана арқасына жуан басын далдалай сылқылдады. Есқали дәлел қоя төнді Құлжанға.

– Партияның ұлы қызметтерін жоққа шығарып жүрген, сен емей кім еді?

– Астапыраллау, пәлеңді жаба бермесеңші маған, Асекең аға қой деген соң қойғамын ғой! Биғаннан сұрашы, осында келгеннен бері партия жөнінде жаман сөз сөйледім бе екен!

– Жә, осы саяси қалжыңды қойыңдар енді!– деп Асылқан, стаканын тағы көтере сөйлеп қалды да «Саяси сөзді қойыңдар» дегеннен қорқып, осы тақырыпты қайта дәріптей жөнелді өзі. – «Қиялдан тұрмыс озды» деп жазушыларымыз бекерге жазып жүрген жоқ қой! Дүниеде қиялдан озған жүйрік болып па еді. Ал, секіріп ілгерілемеген тұрмыс қиялдан оза алар ма! Тағы да секіріп, бұдан да зор секіріп ілгерілей беруіміз үшін осы бір стаканды көтеріп жіберелік!

Бұл тостқа келгенде көпшілік бірінен-бірі қалмауға тырысып, лезде көтерісіп тастады. Мақұлбектің денесіне қарай, өз талабы бойынша ыдысы да үлкеннен таңдалып, арақ екі еседен артығырақ құйылатын. Өңешіне салқ еткізіп бәрінен бұрын құя сала, қасындағы Құлжанға күрсіне күбірледі.

– Япыр-ай, енді зор секіріп ілгерілеу болғанда не күн көрер екенсің!... Менің ғой, әйтеуір, бұтым ұзын ғой, сенің шатың айрылып кетер ме екен!

– Мен ғой, жеңілмін. Социализмге ұшып барармын. Ал, зілдей ауыр сен бишара орта жолда былш ете түсіп, қасқырға жем боларсың!

– Мол ет тауып қасқырлар қалай қуанар екен!– деп бір бүйіріндегі Тоқбай қарқылдағанда естіп отырған бәріміз күлдік. Бір жағымда отырған Рақымқан Құлжан мен Мақұлбекке зекіп жіберді.

– Саяси жолға қаратқан осы сайқы мазақтарыңды қоясыңдар ма, жоқ па! Ішіп отырғанда саясат сөйлейтін ағайындар енді тоқтатыңдар!

– Саяси жолды кім ысқақтапты!– деп Мақұлбек күңк ете түсті де, Тоқбай күле анықтады.

– Қалай секірер екенбіз деп мына сайтан мен дию уайымдап отыр!

– Дию мен сайтанға секіру мен жылп етіп өте шығу қиын болып па!– деп Құмар қағытқанда Құлжан өзінің «Саяси шоқпарын» көтеріп кеп алды.

– Саяси жолымызды әңгімелеуден – үйренуден тиюдың өзі қандай тенденция?

– Тұрмысымызды саясаттан айыруға бола ма!– деп оны Мақұлбек сүйемелдей қойды.

Рақымқан ашуға міне зекірді екеуіне.

– Саяси талқыны ыңғай арақ ішіп алып жүргізу мазақ емей немене!

«Саясатшылар» енді бірдеме десе, қызыл шеке төбелестің шарты толып қалған сияқты. Саяси әңгімені тиюдан қорқып қалған қонақ иесі маған ым қағып шыға берді. Сен бір ебін тапшы деген екенін түсіндім.

– Қане жолдастар, ән салалық, алдымыздағы зор секіріп ілгерілеу үлгісімен қосылып шырқаталықшы, қане!

Мақпал мен Ақия бастай жөнелді. Көпшілік бірден қосыла шырқатқанда егесушілер бір-біріне сөздерін естірте алмай, елең қағып отырып қалды. Әлгі Рақымқан да әнге қосыла кетті де Құлжанның көзі Ақия мен Құмарға өрттей төнді.

– Албасты басты сені! – Мақұлбек көзінің қырымен қарап күбірледі Құлжанға. Ақияның әні де басыңнан секіре жөнелмеді ме!... Аңқиған аузыңа әнші қыз саңғи өтер, байқа!

– Басқалар секіргенде саясат секірмей қала ма, көрерміз әлі!– деп Құлжан күңкілдей тістенді Ақияға. Естіп қойды ма екен дегендей маған жалт қарағанында басымды шайқап қалдым. Әнге ол да қосылған болды. «Осы сөзің расқа шығар-ау!» – деп ойландым әндете отырып. – «Зор секіріп ілгерілеу таптық күрес саясатының секіруінен от алмай ма!... Бірақ, аман болсам, Ақия мен Құмарды жұлмалата қоймаспын саған!..»

Сауық кеші ән мен биге ауысқан соң Құмар мен Ақия Құлжанның сайқал сөзінен құтылса да құтырған көзінен құтыла алмады. Бірге әндетіп, бірге билеген сайын Құлжанның езуі қисайды да отырды. Сауық тарағанда сол көз бен сол езу, екеуінің артынан қисая ерді....

Бас жол мен зор секіріп ілгерілеу жөніндегі үйрену қимылы басшылық жағынан қайта қузалмай аяқсыз тоқтай қалды да біздің саясатшылар арасындағы мұндай тартыс та демін ішіне тарта қойды. Газетке ойламаған жерден бүтіндей басқа бір науқанның, ғажаптанарлығы сол, «Зор ұлтшылдыққа қарсы» науқанның мақалалары шыға келіп еді. Бәрі де сол ұлттан шыққан авторлардың, партияның нанымды басшы кадрларының мақалалары.

Құлжандардың аузынан енді сол ғажап мақалалардың үзінділері түспейтін болды. Қай жаққа болмасын әйтеуір домалай беру ғана қажет қой, бұл тақырыпта тіпті сыпсыңдады. Әр үйге барып арақ ішетін бет жүздігіне, қыдыратын жорға-жүйрік көлігіне айналды бұл сөздер: «Еліміздегі шағын санды ұлт халықтары ханзулардан тарих бойына езіліп-жәбірленіп келді», «Бұрынғы үкіметтер ханзуларды қайрап салып, жаныштатуды бірінен-бірі мұраға айналдырып қалдырып отырды», «Шағын санды ұлт халықтарындағы ханзуларға қарсы өшпенділік тарих бойы сол рақымсыз жанышталудан қалған зардап», «Жерлік ұлттар қожайын ұлт пен оның үкіметінің қоса қабат езгісі, қомсыну-қорлауы, зұлмат қараңғылықта ұстау саясаттары салдарынан артта қалған», «Сол дәуірлерден қалған ұлы ханзу зор ұлтшылдығы салт-дәстүр ретінде әлі сақталып келе жатыр. Оны пролетарлық интернационализм рухымен түп тамырына дейін жұлып тастамасақ, ұлттардың теңдік-ынтымағы дегеніміз құрғақ сөз болып қала береді», «Барлық ханзу кадрларына ұмтылмас сабақ ету үшін зор ханзушылдыққа қарсы әрекет жүргізу, шағын санды ұлт зиялыларының пікірін тыңдау, Шинжиаңдағы барлық қызметіміздің кілті...»

Жерлік ұлт зиялыларының көпшілігін «Ағынан жарылды, жаса партия» дегізіп дуылдатқан осы мақалалар газеттерден кеңінен орын ала келе «Зор ханзу ұлтшылдығына қарсы науқан» басталғандығы жарияланды. Бұл науқанға жерлік ұлт азаматтары қатынастырылмаса да көпшілігі көңілденіп, кеңінен тыныстады. Шын мәніндегі еркіндік-теңдікке енді жеткендей жеңілдей қалды.

Жергілікті ұлт халықтарының жүрегін ғасырлар бойы сірестіріп қатып жатқан мұзды ерітетіндей ақиқат тілінің бұл мақалалары Маужушидың өз қолы болмаса, партия газетінен негізгі орынды қалай алған? – Бұл, әлгі аяқсыз қалған негізгі науқаны жөнінен қараған маған үлкен жұмбақ еді. «Бұл да зор секіріп ілгерілеу, марксизм-ленинизмнің секіріп ілгерілеуі» десті көпшілік.

«Жекеге табынуға қарсы тұру» жөніндегі жұртшылық талқысы мен өзінің социализм құру жөніндегі «Сара жолы» бір аз күңгірттендіріп қойған көсем абыройы көкке қайта ұшты. Шинжиаң зиялылары «Ұлы көсем», «Күн көсем», «Данышпан көсем» дейтін аттарымен, «жасасынға» он мың қабат орап, қызыл-жасылмен әлемдеп-үкілеп тұрып ұшырды.

 

Әділетті тергеушім, ұлы көсемімізді бұлай ұшыруға бұл жолы мен таңырқай қойған жоқпын. Өйтетінім, өлгенге жан салатындай осы бір кезеңде емес, тіпті, сонау малшыларды сойқан науқанда да, «Тарих тапсыру», «Үшке, беске қарсы әрекет» сынды қасапшылық науқандарда да көсемді жазбай-жаңылмай көкке көтеріп дағдалған өзім болған соң, алтынша жарқырай қалған бұл кезеңде қалай таңырқай қояйын...

"Әй кеттім-ау тағы да, сіздің алдыңызда төңкерісші едім" дегендей, осы «Ақталмақ-әнзі[4] аудармақ болуымның»[5] өзі зор қылмыс емес пе!

 

ІІ

 

«Зор ханзу ұлтшылдығына қарсы» науқан басталғанын естісек те оның қалай өрістегенінен, не бітіріп аяқтағаннан мүлде хабарсыз едік. Пәлен зор ұлтшыл деп күреске тартылған, иә, газетте сындалған бірде-бірін естімегенбіз. Ештеңеге сене қоймайтын Асылқан күдігін айта жетті бір күні:

– «Көктем күні ерте жайнап, ерте ысып, ағайындарымызды тым желпіндіріп барады. «От амалы» болып, отап кетер ме екен!– деді.

«Барлық гүл тегіс ашылсын, барлық тіл жарыса сайрасын» деген тақырыпта көлемді мақала жарияланыпты. Алдымен үлкен газеттердің бас мақаласы ретінде жарияланып, соңынан қостаушы мақалалар шыға берді. Бұл, саяси көзқарас жағынан тіпті шексіз кеңшіліктің жарнамасы еді: «Ашылсын» мағынасында «Қызыл гүл ғана емес, ақ гүл, сары гүл, көк гүл, қара, қошқыл, қоңыр гүл... бәрі де гүл, талғамаймыз, бірдей баптап, түгел ашыңдар!» деген мағына бар да, «Сайрасын» мағынасында, әрине, тіл де, үн мағынасы да бар ғой. «Бұлбұл ғана емес, қарға да, үкі, байғыз да, қораз, әңгі де... бәрін де талғамаймыз, түгел сайрасын» деген сөз екені айқын.

– Бұл мақұлықтар сайрай берсін-ау,– дедім мен. – Екі аяқты саяси мақұлықтардың социализмге тіс-тырнағымен жау помещиктер мен кертартпа буржуазия сынды жалпы кері төңкерісшілердің сайрауына да мұқтажбыз ба!... Олар ғасырлар бойы сайрап, құлақ түбімізді қажап-мұжып болмап па еді, олардың не сайрайтындығы мәлім еді ғой!... Таптық күреске бұл да жат нұсқау!– деп жібергенімде Асылқан аузымды баса қойды.

– Партия саясатына қарсы сөз болып шықпасын, Биға!...

– Мен қазір оңаша үйде, «От амалы болып отап кетер ме екен» деп жүрген саған ғана сөйлеп отырмын, түйені үстінде отырып, боқ-боқ демесеңші! – Бұл сөзіме Асылқан қарқылдап күлді.

– Сөйтсе де үйіңнің қабырғаларын жаңғырықтырып барасың!

– Есек пен доңызға да сайрау құқығы тиіп отырғанда, менің бұл сайрауым қате болмақ па!...

Бұл жауаппен Асылқанды жеңсем де кешкілік ойын-күлкіге жиналғандарға «Таптық күреске жат нұсқау» деген пікірімді жарияламауға бекіндім.

– Дүние тарихында мұндай шексіз демократия жүргізген үкімет болып па еді?– деп Ынтықбайдан сұрады бір-екеуі.

– Басқасын білмеймін, социализм лагеріндегі ешқай елде болған емес! – дей салды ол.

– Коммунизм әрекетінің бастамашысы, социализмнің орталығы ғой, бәлкім Совет одағында жүргізілген шығар?– деп Тоқбай маған қарады.

– Жоқ, естімеппін!

– Тап мәселесін тектемейтін капиталистік елдердің бірінде жүргізіліп көрілген шығар?– деп Құлжан әрқайсымызға бір қарады.

– Былжырамашы! – Рақымқан шорт тойтарыс айтты оған. – Социалистік елдерде жүргізілмеген мұндай кең халықшылдық, капиталистік елде болмақ па!

– Е....е... бейшара! – Есқали Құлжанға көзін мысқылмен сығырайта қарады. – Социалистік елдерден көрілмеген жақсылықты капитализмнен дәметеді екенсің ғой!

Құлжанның көзі бағжаң ете түсті маған қарап. Үйінен тағы қуып шығар ма екен дегендей қауыппен қарап қойып, тана жөнелді сөзінен.

– Астағыпыр Алла-ау, қашан дәметіппін капитализмнен?

– Дәл жаңағың!... «Мұндай демократия таптық мәселені тектемейтін капиталистік елдерде болған шығар» дегенің... кімнің...

– Өй-өй, Құдай тағала-ау, мұндай пәле аспаннан түспек пе маған! Капиталистік ел тапты тектемесе, таптық эксплуатация жүргізе ме екен! Пролетарияттың мендей жаңа ғана көзі ашылған баласы капитализмнен үміт күтпек пе!

– Жалтаруға келгенде түлкіден де тез екенсің-ау, ит-шошқа! – Есқали осы сөзімен маңайындағылардан куәгерлік көмек күткендей жалтақ-жалтақ қарап, жұтына түскенде ду күлдік. Жетіп басқан түлкісінен айрылып қалған қызыл тазы сияқты көрінді көзіме. Ит қолтығының астынан жылп беріп шығып, шытырман бұта арасына кіріп кеткен түлкіше, Құлжан енді жылтың қаға сөйледі.

– Шырағым, мені бұлай шала берме сен! Мұндай кең жол ашып, теңдік беріп отырған Маужушидың садақасы-құрбаны болуға дайын отырмын. Қазір не сөйлеп, не жазсам да еркімде. Мұндай кеңшілікті бұрын құлағымыз естіп, көзіміз көрмеген. Енді капитализмде нем бар менің!

– Әкеңнің зираты бар шығар!– деп Нұралы күлдірді. – Тым болмаса соның басына құран оқуға баратындай сөз ғой жаңағың!...

– Мені алпауыттың баласы дейсіңдер, былайша айтқанда, жаудың ұрпағымын ғой,– деген сөзімен Мақұлбек жалт қаратты көпшілікті. – Сондай жаудан туа тұра Маужушидың мына кеңшілігіне мен де Құлжанша құрбандыққа шалынғым келіп жүр. "Қандай гүл ексең де, не сөйлесең де еркіңде" деп, сол дәулетті ата-бабам бермеген ерікті Маужуши беріп отыр. Мұндай кеңшілік бұрын қай үкіметте болған, капитализмнен де, социализмнен де іздеп таба алмай, қысқасы, Маужушидың қамқорлығына тең таба алмай шалдығып отырғанымыз ғой!... Биға, тәңіріден де мұндай кеңшілік көрген адам бар ма?

– Сенің ата-бабаң көрген шығар,– дедім мен бөгелмей. Маужушиды Құдайдан да асыра мадақтап, табындыру сөзін Мақұлбектің әдейі, сөз төлдету үшін шығарып отырғанын сезіп, шектеңкіреп қойғым келді. – Мәселен өзіңнің ата-бабаңа соншалық дәулет пен зор күшті «Құдай бермей» кім берді деп едің?... «Құқықтан пайдаланып, халықты қанаудан тапқан» деп қашан мойындап едің? Енді Маужушиды Құдайдан да алысыраққа жібермек болғандай мына ұшыртпаң не!

– Жаңылдым, жаңылдым!– деп қарқ-қарқ күлді Мақұлбек. – Ата-бабам жөніндегі танымым, бұрынғы түсінігім еді ғой, сөйтсе де жекеге табынудың аса қағынған сөзін қайталап қалыппын!

Мақұлбектің осылай жете мойындайтынын ұнатушы едім. Пікір қабылдағыш болып көріне берген соң идеялық жақтан тез өздесіп кетер деген оймен институт бітірісімен осындағы қызметке таныстырып орналастырған мен болатынмын. Бұл мойындасына өзімен бірге күліп қоя салдым. Біраз уақыт өткен соң ол, дастарқан үстінде қойды бір сұрауын.

– Осы «Ашылу-сайрау» жөніндегі өз түсінігіңіз қалай, соны естиікші енді?!

Бірнешеуі қарай қалып, сөйлеп беруімді қосыла өтінгендей болды. Асылқанға айтқан түсінігімді бүркемелеп қана қысқаша жауап бере салдым.

– Мен, алдымызда құрмақшы болып отырған социализмге зияны тимейтін гүлдер ғана ашылып, социализмге зиянсыз тілдер ғана сайраса екен деп тілеймін.

– Жат тап адамдары сайрамай-ақ қойсын дейсіз бе?– деп Құлжан жабыса кетті.

– Мұнда Маужушидың алға қойып отырғаны – демократия ғой. Жат тап адамдары мөңіресе де, үрсе де, ұлыса да өз еріктері. Жә, осы талқыны, арақ іштік қой, қоя тұралық енді! Әндерің, әзіл-күлкілерің қайда, енді соған көшелік!...

Өз үйімдегі сауық кешін осылай жай ғана ойын-күлкі, ән-биге түсіріп, әдеттегі жолымен жүргізсем де соның ертеңінен бастап басқа үйлердегі отырыс әңгімелері әдеттен асып, асқақтай түсті. Өйтетіні, қоғамдағы «Ашылу-сайрау», былайша айтқанда үкімет қызметіндегі кемшілік-қателіктерді қазбалау әрекеті күшейіп бара жатты.

Сайраушылардың сөздерін әр күнгі газеттен үздіксіз көріп отырдым. Алғашқы сайраған пікірлерін кейінгі күні өздері де менсінбей қалатындай, қайталап сайрап, қатайтып күшейте, үдете түсті. Әрбір мекеме-ұйым, кәсіпорындарындағы қызмет кемшілігін күректей тілдерімен кеулеп ұлғайтып, одан тіпті үңірейте түсті. Сөйтіп, үшінші рет қайталап сайрағандардың тілі мен үні тіпті ашылып, тістері де сақылдағандай сезілді маған.

Кейбіреулерінің сол үш реткі сөзінің де газетке талғаусыз басылғанын қызықсынып едім. Газет редакторлары да, сайраушылар да қызыл бұрышқа жерік болғандай, ащы сөзсіз ауыздарының дәмі келмейтіндей болған құбылыс тіпті аң-таң қалдырды. Бәрі құтырған ба, деп те күліппін. Бақсам, бұл да партия саясатына мүлтіксіз бағынудай адал ниеттің ісі екен: бірінен-бірі шабыттанып, тілдеу жағынан болса да алғашқы сайрағаннан кейінгісін асыруға тырысушылық бар екен. «Жалпы жарыса үн қатсын» деген нұсқаудағы «Жарысу» осылай болмай қалай болмақ. Жарысқа түскен жүйріктер бірінен-бірі озамын деп жарыспай, "Қаламын – шаң жұтамын" деп жарыса ма?! Сөйтіп, шаңдатып-бұрқақтата жарысты «сайраушылар».

Бірақ, басшылық бұған да қанағаттанбады. Бұл басқышта сайраушылардың, көбі қызметтегі қателіктер, бирократтық пен алақол, алақұйрықтылықтар жөнінде қаншалық сілкілеп-шаңдатса да ол мәселелердегі кінәні партия мен үкіметке маңдатпай, жоғарғы жаққа жолатпай, әр-бір мекеме-ұйым орындарының өзді-өздеріне ғана артып еді. «Ашылу-сайрау» науқаны жөніндегі үгіт-насиқат газеттер мен радиода үстемелеп қайта көтерілді: «Ашылу-сайрау әрекетіміз өзінің негізгі мақсатына жетуден, міндетін орындаудан әлі алыс жатыр» деп күрсіне шықты бас мақалалар. – «Біріншіден, жұртшылық толық үн қоспай, әрекет етек жаймай жатыр. Екіншіден, сайрауға қатынасушыларымыздың өз идеялары толық азат болмады. Пікірлерін ашық айтудан, қателіктерді толық көрсетуден тартынады. Өзіміз қателесеміз – жазаланып кетеміз деп қорқады. Осының өзі бәрінен де зор қателік!». «Дүниеде қателеспейтін екі-ақ нәрсе бар. Бірі – пұт (бұрқан), бірі – өлік. Бұл екеуінен басқаның бәрі қателеседі»[6]. «Қателеспейтін тірі адам тіпті жоқ. Партиямыздың қызметінде де қателік-кемшілік көп өтті. Осы реткі ашылу-сайрау науқанының түп мақсаты партия қызметіндегі сол қателік-кемшіліктерді аяусыз ашып түзету ғана. Партия ішінде қызмет стилін түзету әрекеті жүргізілмек. Қызметіміздегі қателік-кемшілік қаншалық толық әшкереленсе, стиль түзету науқанымыздың да соншалық толық жақсы жүргізілетіндігі сөзсіз. Бұл үшін әсіресе зиялылар қауымын түгел ат салысуға, батыл да ашық пікір ұсынып, партияға көмектесуге шақырамыз!». «Гоминдан дәуіріндегі жаныштаулар мен қабат-қабат езгілер салдарынан шағын санды ұлт зиялылары тартыншақ, қорқақ, тұйық болып қалған. Партиямыз өте-мөте солардың пікіріне, толық ашылып, көкейіндегісін түгел ақтара сайрауына мұқтаж. Кім коммунистік партия жағында болса, өз партиясының қателігін түзету үшін әрине алдымен сол көмектеседі. Пікірін ағынан жарыла ашық ұсынып, үлес қосады». «Партия стилін түзетуге ат салысу, ашылу-сайрау – әрқандай азаматтың бас міндеті». «Өлген адам мен Бұрқан ғана қателеспейді. Жанды, тірі адамның әрекет-қимыл үстінде сүрінбейтін, қателік-кемшілік өткізбейтін бірі де жоқ. Табыстар мен жетістіктер жолында зиян-зақымет, тіпті құрбандықтар да болып тұрады. Ал, табысы зор, тіршілігі мол әрекетшіл партияның сол табыстар жолындағы қателігі аз болмақ па!... Кел, партия қызметіне көмектесіңіздер!». «Партия стилін түзетпей, ешқандай ісіміз түзелмек емес. Партиямыздың өлік те, бұрқан да емес, төңкерісшіл, тірі партия екендігіне сенетін азаматтар оның қателік-кемістіктерін де тартынбай көрсете алады, толық ашылады, ойындағысын бүкпей ашық сайрайды. Барлық гүл тегіс ашылсын, барлық тіл жарыса сайрасын!...»

Бас мақалалар пікірді осылай сұрап, сайрауға осылай қузап күшеді. Сайраушылар қайта сілкініп, тұмсықтарын көтере, өкпелеріне жел тартып, тамақтарын қырнай сайрады енді. Көбі партия басшылығындағы қызмет нұқсандарын шынымен дәл таба сайраса, кей бірі партияға әйтеуір кемшілік тауып беру ғана қажет дегендей кетпендеп шаба сайрады. Айдалада жырылған тоғамның ысырап болған суын су басқарушыларға жұқтырмай, партия төбесінен көп шақырымдап төгіп, түмен тонналап артқандар болды. Мастықтан жолға тастап кеткен аяқ киімі үшін «Партия жалаңаяқ қалдырды» деген сияқты тым жалалы пікірлер де «сайралып» жатты. Мұндай пікірлердің де ықыласпен қарсы алынып, газеттерден орын алып жатқандықтары жұртшылықты қатты шабыттандырғандай, бір қаншасы алтын сандықтарына сақтап келген ардақты пікірлерін де суырып шығара бастады. Қатеріне қарамай шыға сала шырқатты: «Автономия сияқты алдамшы құқықтарың керек емес, партия бізге айырым Республика құрып берсін!», «Азаттық алғанымыз рас болса, сонысын нақ берсін, бізге дербестік берсін!», «Ұйғырыстан республикасын құрып алуымызға рұқсат етсін!» деген әуендерін қорға айналдырып, қосыла шырқатты. Көпшілігі бұл талаптың нендей талап, қандай мәндегі пікір екендігін білмей-ақ сайрап жатыр. Өйтетіні мұндайлар әйтеуір партияға пікір ұсынуға қарыздар екендігін ғана білген. «Сайрап беруге» ғана мұқтаж жандар еді. Нені сайрайтындықтарын білмей, «жыр» құрастыра алмай жүргендерінде Құдайдың өзі ақындық дарытқандай. Газетке шыққан ең үнді, ұйқас-ырғақты, қостаушылары көбірек, нағыз тартымды жыр осы болып көрінді. «Ақыр сайрайтын болған соң менің де келістіріп сайрауым қажет қой» деп, мұндайлар тіпті кеңірдектей жөнелмесін бе... Пікірлер көбік атып, ашуы жеткен сыраша лақылдап жатты.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.