|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 2 страница– Ағалар, достар, күлкі үшін әртүрлі сөз болады ғой, артық-ауыс кеткенін кешіріселік! Өзара кешіріспесек, бізді қай жан кешірмек!... Өзімсініп сөйлейміз, еркіндеп бір отырыста бір жасап қалғымыз келеді. Жасасын қалжың-күлкі! Жоғалсын ашу-ыза! Жасасын ұйытқымыз, жас та болса бас болып, жас отауын біз үшін қара шаңыраққа айналдырып отырған Биған аға!... – Ей, енді шұп-шұбар құйрығыңды бұлғаңдата бермей қысыңқырап отырсаң қайтер еді!– еп Есқали күбірлей түйілгенде Құлжан қарқ-қарқ күлді. – Өзім де ескеріп отырмын бауырым, бағанағы бір сөзім ауырырақ тиді саған, бір-екі жас кішілігің бар ғой, кешір! «Жаны күйген тәңірін қарғайды», сенен басқамызда жекеге табынушылық жоқ деп тышатанған соң қайтейін енді, тамырларыңды түгел қазып шықпасыма болмады! Ал, мен өзім осы дүниеде Биғаннан басқа ешкімге де табынған емеспін. Айттым ғой, оным қате емес, талантқа кім табынбайды! Дарынға табынуымыз қате емес, табыну қажет болса, осыған ғана табыналық!... Ішімдікке қосылмай, жәй әңгімемен шәй ішіп отырған Күлән жатырқай қарады Құлжанға. Менің де көзіме иектеген албастыдай көрініп, түйіліп қалып едім, қолым дір қаққандай болды. – Сабыр ет Биғаш!– деп күбірледі Күлән. – Сен тиіссең үйінен қуды дер! – Құлжан-ей!– деп Асылқан да, Рақымқан да, Ынтықбай да оған қой дегендей бас шайқап тоқтата алмады. Өршелене түсті Құлжан: – ...Бірақ қазірше ешкімге де зорлық өтпейді ғой,– дей түрегелді де рюмкасын көтере айланып мен жаққа беттеді. – Әркімнің сенетін өз тәңірі өзінде. Мен өзім толық сенетін Биғаныммен ғана бір рюмка қағыстырайыншы! – Қағыстыр, қағыстыра сал, нең кетеді!– деп төр жағымнан Күлән күбірледі де мен Құлжанның рюмкасын алып, столға қоя сала түрегелдім: – Сен осында арақ ішіп келгенбісің?... Маспысың, жағың сенер емес қой? – Жо-жо-жоқ, ішкенім жаңа ғана! – Олай болса, бері келші! – Жетектей жөнелдім сыртқа қарай. Жаутаң қағып Нұрияшым, жымси күліп Әлия ере шықты. – Жә, партия мүшелері сенің неңді алды?... «Өзіне табынғанды ғана таңдайды» деп бүтіндей қаралайтындай партия басшылары неңді алды?.. Уыңды бүркіп-бүркіп алып, қалжыңым дей салатындай кімді ақымақ көресің сонша! – Пәле, сіз де... сіз де осындай... қалжыңды сіздің де шын көргеніңіз бе? – Қалжыңдайтындай партия сенің құрдасың ба еді, иә, мұншалық ажуалайтын жауың ба еді?... Партияға табынбай осы үйге бас сұғушы болма мұнан соң! Бұл үй партияның үйі, мен – компартияның құлы, мені құтқарған, өсірген коммунистік партия ғана!... Бар, қайт! – Сіз де... Сіз де сондай ма едіңіз! – Құлжан нық-нық басып жүріп кетті де, мен Әлияның көзінше Нұрияшымды құшақтап құшырлана сүйдім. – «Үмматымды» қуып жібердім!– деп қонақтарымды күлдіре кірдім үйге. Рюмка көтере сөйледім. – Жолдастар, біз, жекеге табынуға қарсы тұрсақ та партияға табынуымыз ақаусыз сақталуға тиісті. Себебі, бұл, пролетарияттың, жалпы еңбекшілердің партиясы. Дүниені жаратқан еңбек. Бізді адам қатарына қосып, еңбегімізді жандырған осы партия. Біреуге паразитша жабысып-сүйеніп өсуді ғана мақсат етіп кәукелектейтін екі жүзді ең улы шіріткіш-жағымпаздық бактериясы жоғалсын! Қонақтарым қопарыла түрегеліп, пікірімді құптап-қуаттай көтерді ыдыстарын. Бар жайымды білетін Күлән, көз жасын ыршытып жіберіп күлді. – Жеңешетай, Құлжанға енді ұрғашы көрсете көрмеңіз,– деп ду күлдірді Нұралы. Асылқан ептей қосымшалап, Құлжанға одан да дөрекірек «қастық» сайлады: – Қисынын тауып, өзіндей көк бетке қосқан жөн шығар!... Мұнымыз талап емес, пікір ғой, өзіңіз біліңіз! Біздікі тек әйтеуір екеуі теңдікпен тілдессін деген ғана халыстық қой... – Көк бет еркі-алдына қояр ма бұл қортықты!–Нұралының бұл күңкілі де естіліп қалды. – Жә, қойыңдар енді!– деп сақылдап күлді Күлән. Әзілді-жарасымды отырыс қалпына келе қалды... Біздің үйден Құлжан қуылған сол отырыстан кейінгі бір күні газеттерге Совет компартиясының бас секретары Хрущевтің бір съезде сөйлеген сөзі шықты. Онда Жұңго компартиясы арнаулы мысал ретінде аталып мадақталыпты: «Социализм жаулары марксизм дағдарысқа тап болды, тоқырады деседі. Егер марксизмнің өміршеңдігі болмаса, дамымаса, Маузыдұң басшылығындағы қытай компартиясының қазіргі жетістіктерін, дүниені дүр сілкіндіріп жатқан жаңалық табыстарын қайда жасырмақ!» деген сөзі менің көзімді жарық еткізді. Бадырая түсті сол абзац. Құлжанның көзін (егер сол көркөкірек дұрыс түсіне алса) тіпті бадырайтып, шығарып жібере жаздаған шығар деген оймен жымидым. Іле-шала көсеміміздің бүкіл әлемнің көзін бадырайтуға кіріскені байқалды. Жаңа демократизмнен социализмге өтудің «сара жолын» белгілепті: «Дүниені дүр сілкіндіретін зор күшпен көп, тез, жақсы және үнемшілдікпен істеп социализм құрайық!» деген бір ғана ұранмен тұлғаланыпты бұл «бас жол». Кедей де мешеу бір елде капитализмнен аттап өтіп, социализмді осындай тез іске асыра қоюдың кепілдігі ретінде «зор секіріп ілгерілеу» мен «Халық коммунасының» жобасын да жариялады. Өнеркәсіпте «зор секіріп ілгерілеу» арқылы капитализмнің ең озбыр мыстаны аталған Англияны «он-ақ жылда басып озамыз» да, ауылшаруашылығындағы «Халық коммуналары» арқылы шаруашылық және тұрмыстық салт-сана жағынан басқа социалистік елдерден де оза заулатып коммунизмнің табалдырығында бір-ақ тынықпақ екенбіз. Олай болатыны, біздің ауылшаруашылық коллективінің атының өзі де «Коммуна» емес пе. Бір-бір район халқын бір-бір ғана тайқазаннан тамақтандырып, кербақпа жекешілдікке кіретін қуыс қалдырмаған соң, көкірегімізге коммунизм идеялогиясынан басқа не орнамақ! Партияның орталық комитеті жағынан «үш қызыл ту» аталған осы «бас жол», «зор секіріп ілгерілеу», «Халық коммунасы» туралы жобаларды үлкенді-кішілі әр-бір орындар талқылап үйренуге кірісті. Талқыға салып пікір сұрау емес, миымызға қайткенде де сіңіріп, санамызға орнату ғана талап етілгендей нысай бар. Көпшілік қызметкерлер қатарында да, өздігімнен де шұқшиып оқып, тауекелге секіруден басқа қисын іздеумен болдым. Қадалған көзімнен кер үтір, нүктелерінің бірде-бірі қағыс қалмады. Бірақ, тергеушім кешіре көр, сол шақта «үш қызыл тудың» миыма кірген-кірмегенін қазірге дейін сезе алғаным жоқ. Санамда тек бір ғана, бір болса да бірегей, тоқ қызыл-зор қызыл ту бар еді. Ол: «Шынайы коммунизмші партия нендей тақырыпта нұсқау шығарса да өзінің бағыныстыларына зиянды оймен шығармайды» деген сенім. Осы ту – қазірге дейін менің бірден-бір үкімшім. Санамның ең биік шоқысында әлі де өз салтанатымен желбіреп тұр. Бұл үкімшім сол шақта бір ескертуін минут сайын қайталап айтып тұрғандай сезілген: «Миыңа сіңбесе де ұғып ал, коммунистік партия – зәулығалам жаңсақ нұсқап жаңыла қалса да өз қателігін өзі түзетіп алатын партия. Өзін-өзі ашық сындап түзететін партия шын ниетті коммунизмшілдіктің мүкіссіз таразысы да осы қасиеті»,– деп тұрғанын анық ұғып отырғаны әлі де есімде. Ендігі жүрер жолымыз – істер қызметіміз жөніндегі зор кезеңдік мәні бар бұл үйренісіміз талқысыз-талассыз жоба мақалаларды қайталап-қайталап сыдыртып оқумен ғана өте берді, сөйтіп. «Не түсіндің, қате ме, дұрыс па, сізше қалай, қандай пікірің бар? Бұған қызметіңді қалай байланыстырмақсың?» деп сұраған да ешкім болмады. «Үш қызыл туды» көкейге қондырып, санаға көтеретін қуаттаушы пікір емес, қудалап қыжыртатын қитұрқы пікірлер шыға бастады: «көсеміміздің мақтанпаздыққа қаншалық жат екенін», «жекеге табынуға қаншалық қарсы екенін» осынысының өзі-ақ көрсетер-ау әлі, Хрущевті мадақ лебізімен аспанға бір-ақ ыршымады ма! – деген дұспандық күлкі естілді. Мұның кімнен шыққанын біле алмай жүргенімде «өзі жүйрік, өзі жорға, өзі шаршамайтын, дем алмайтын, су ішіп, шөп жемейтін көлік болсын деген бұйрық таратылыпты, мұндай ат қайда бар!... Машина болса да бензин ішпей ме!»– дейтін шенеме сөз шығыпты. «Бас жолға» қаратылған сын екені белгілі болса да, мұның да қайдан шыққанын білмедік. (Партия орталығында бұл жобаға қарсы пікірлер туылып, ондай пікірдегілерге «Оңшыл оппортунизм» деген қалпақ жасалып жатқанын ол шақта естімегенбіз). Тек, «Тап жауларының былжырағы шығар» дей салды достарым. Бірақ, «Тап жауларының былжырағына» қарсы қолданатын соққылы жауаптарын бұл сынға ешқайсысы қолдана алмады. Өйтетіні, мұнда социализмді сүйетін идея, халыққа жаны ашитын жүрек, аз да болса маркстік ғылыми қисын, логика бары байқалады. Бұған мен де тиісе алмай, «мұндай қарсы пікірлерді қазірше таратушы болмайық. Партияның өзі бірдеме дер!» деп қана қойдым. Бір күні кешкі қонаққа шақырған Асылқанның үйіне Құлжан өз әдетінше бізден бұрын жетіп, шақырылмаса да төрлетіп отыра қалыпты. Мен кіргенде далбыр қағып тұра жүгіріп шляпам мен пальтомды ілді. Сүйемелдеп апарып төрге отырғызды да қолтығыма кіре түсті. Жолбасшымызбен «Бас жолға» қарсы әлгі қағытпа сындарды маған жаңа хабар ретінде әңгімелеп, «шағына» тілдеді: – ... Қанша тәрбиелесек те қорс етерін қоймаған бұл доңыз жау бас жолымызды былай қойып, Маужуши мен партияны әлдеқалай бір мақтаншақ-ұшқалақ, ақымақ етіп масқаралағанына қалай шыдармыз!... Дәл осы өсектеріне қарсы бір үлкен мақала жазуға дайындалып жатырмын!– дегенінде бізбен бірге келіп отырған Ақия оған бір түрлі жиренішпен қарап, мырс ете түсті. Құлжан оған нығыздана, асқақтай қарап қойып жалғастырды сөзін. – Езуші таптарды түп-тұқиянымен құрытпай бұл иттер партияның балағынан алуын қоймайды екен!... Ойлаңызшы Биға, партия Жұңго халқын бастап, социализм мен коммунизмге тез жеткізетін осындай айқын жол жасай алғанда соған лайық көлік жасай алмай ма!.. Феодализмнің құдайлары жаратты делінетін жүйрік тұлпарлардан капитализмнің өнермендері жаратқан аэропландары қаншалық жүйрік болса, одан әлде қайда жүйрік жер серігін социялистік Совет Одағы ұшырағанын сол кертартпа топ соқырлары көрмеді ме!... Ал, солардың бәрін таңдандырып отырған ұлы Маужуши басшылығындағы біздің коммунизмші партиямыз олардың бәрінен жүйрік көлік жарата алатындығына көзі жетпей ме!... Жетеді, бірақ көргісі келмейді. Тек жаулығымен көре алмастығымен ғана шығарып отыр бұл өсектерді! Халықтың партияға сенген ыстық ықыласын суыту үшін шығарып отыр! Олардың осыншалық қара жүректерін, өсіп кеткен арам бездерімен қосып жұлып тастамай партияға қарсы мұндай өсек тоқтамайды!... Әнеу күні ғана компартияның «балағынан алғандығы» үшін үйімнен қуылған Құлжанның өкпесі бұл жолы мені ыразы ету үшін ғана қабынып отырғанын сезіп, жымия түстім. «Партияға табынғандығымды осындай екпінмен жеткізбесем, бұл сұм сене қоймас» деген долбармен кереңге сөйлегендей, соқырдың көзіне түрткендей, тайыншаның мұрнын жұдырықпен тескендей жасаған мына «лекциясына» қарқылдап күлдім соңында. Сұлу мұрнын тыжыра тыңдаған Ақия, Құмарға бұған не дерсің дегендей бір қарап алып, Құлжанды кекесінді үнмен мысқылдады: – «Тап жауларының» сенбейтіні «шөп жемейтін, су ішпейтін ат» екен. Мұны жасау жөніндегі ғылымыңды да көрсетсеңші!– деп сыңқ ете түскен күлкісін тия жалғастырды сөзін. – Қазіргі жаратылып жатқан жүйріктердің бір ішкенде қанша тонна май ішіп, қаншалық уран жейтіндігін білетін шығарсың, ғылыми сынға ғылымиырақ жауап қайтарсаңшы, ерікті ауызбен бөрікті бас жұта беремін демей! – Ақияның соңғы сөзі тыңдаушыларын сүйіндіре түскендей жымыңдатты. Көп адам айта алмайтын болған тым алғыр ерліктің сөзі еді бұл. – І...і...і... сұлуым, артың ашылып-ақ қалды-ау осы сөзіңнен!– деп қарқ-қарқ күлді Құлжан. Өзін менсінбей Құмарды сүйіп, қалыңдық болып кеткен бұрынғы сабақтасы Ақияны мықтап мұқатқандай, қасақана рахаттана күлді. – Жаудың жаулық өсегін «ғылыми» дедің бе ақырында!... Тап жауларына қаншалық ғылыми жауап қажет еді? Тартысқа жиы қатынасып ашылып қалған мұғалім бойжеткен Құлжанның бұл жабайы қыжыртпасынан қысыла қояр емес, өзін бүре түсті: – Өзің адам болсаң, жаудың бұл сынын жабайы көріп, жабайы жыртқышша қарсы атылмас едің! – дей салды. Көпшіліктің бұл жауапты да қуаттаған күлкісінен Құлжанның бетіндегі шұбары бөртіп-бөртіп шыға келгендей көрінді. Ашумен булыға тастады зілін: – Кімнің жоғын жоқтап, сойылын соғып отырғаның белгілі болды ғой, көрерміз әлі! – Көптен-ақ көрісіп жүрген жайың мәлім Құлжансың ғой, көріссек көрісерміз. – Жауың жабайы, тағы аң болса да сол жабайылықты тек адамша ақыл-сана мәдениетімен ауласаң ғана толық жеңе аласың, Ақияның пікірі сол ғана ғой!– деп Күлән анықтады да, менің Нұрияшым мұның кері қатынасы арқылы тіпті айқындады: – Жау тап адамдарын түгел жабайы аңға санап, істі сол «аңның» өздерінше жүргізсек, жер шарында арсыл мен күрсіл, ақыру мен бақыру ғана қалмай ма! Үй толы адам дуылдай құптады бұл сөзді, «жөн-ақ-ау!» десіп күлді. Сөзі құпталса да жүзі қызара қалды Мақпалдың. Әйелдер столының төрінде отырған Күлән оған бас изей күлімсіреді де бір жағында отырған Ақия құшақтай күлді. Құлжан маған бір қарап алып, қосыла күлген болды да төмен қарап шұлғыды: – Құрметті жеңгелерім де кірісіп кетті ғой, қойдым енді қойдым, жеңілдім! – Сенің жеңілісің бұл сөзден ғана емес,– дедім мен, түсіндіре түскім келіп жалғастырдым сөзді. – Алғаш, «езуші таптарды тұқым-тұқиянымен құрту керек» дегеніңде-ақ жеңілгенсің де «Тап жауларына қаншалық ғылыми жауап керек» дегеніңде омақасқансың!... Төңкеріспен қотиындық үйлеспейді. Қотиындық бір мезет қанды соғыста істетілмесе, басқа істе бұзғыншылық-бүлдірушілік рөл атқарады. Төңкеріс қызметінде сана жағынан тәрбиелейтін ғылыми қызмет маңдай алды орында тұруы қажет. Ал, сенің ғылыми жауапты керексізге шығаруың, маркстік ғылыми социализмге мүлде жат, аса жабайы сөз. – Мен сіздің пікіріңізге бұрыннан құлмын дегемін ғой Биға! – деп қолтығымның астынан ғана күбірлеген Құлжан, жеңілу жөніндегі екінші сөйлемін көтеріле, көпшілікке жариялай сөйледі. – Мен жеңілдім дегенде де әнеу сүзеген қатыннан... Астапыралла, сүзеген бойжеткеннен жеңілгенім емес, өзім қадірлейтін жеңгелерімнен жеңілгенімді ғана мойындаймын. Әйтпесе ғой... Жаңылғансып «қатын» деген қастық сөзін қоса кеткеніне Ақия күреңіте қалды да, сүйгенін бұлай қорлағанына Құмар кектене қарады. Күлгендей жымиыса да күйгендей тыжырынды. Тоқпай мен Есқали қатар зекірді Құлжанға: – Ей, жап дәретхана аузыңды. – Кеше ғана аяғын құшып, табанын жалап жалынып жүр едің ғой, сайқал қортық! – «Қолы жетпеген қорлаушы» болмай ма, Құлжанның жайын әлі білмейтін, өздерің шартықсыңдар ғой деймін!– деп Нұралы ду күлдірді де Мақұлбек Құлжанды құтқару үшін кінәні Ақияға да артуға тырысты: – Ақияштың өзі де алдыңғы бір сөзінде қатал тиісіп қойды ғой, әйтпесе «самародный сары алтын» деп тамсанатын Құлжан, «қатын» дей салар ма, қойыңдар енді, бір жолға кешіріңдер! – Аузымнан оқыс шығып кетті!– деп күмілжіді Құлжан. – Жаңылғанын «астапыралла» деп түзеткен күнәһәрді Құдай кешіреді дейді, кешіріңіздер! – Ақияштың ол сөзі Құлжанның анайы танымына дәл тауып қайтарылған, ғылыми жауап болатын. – деді Қапас атты ұзын бойлы сида жігіт. – Құлжанның көкірегіндегі өзін тау деп көрсеткісі келетін тинамдай тас сол сөзден ғана домалап түскен болатын. Бірінші рет содан жеңілген. Жеңілгендігін Құлжан мойындаған ба! «Кімнің сойылын соғып отырсың» деп Ақияшқа саяси жұдырық түйген соң ғана кірісті жеңгелері. Ал, Құлжан ғой жұдырығын әлі түйіп отыр. «Қадірлі жеңгелерім кірісті ғой, әйтпесе...» дейді. «Әйтпесе» қайтпек екен, Ақияның сол сөзін қалай жеңбек екен, қане сонысын айтсыншы енді! Қасқыр болып тартып, аю болып жұлар ма едің? Көрсетші өнеріңді! – Жеңілдім дедім ғой, жеңілдім, жаңылдым Қабеке! Сол сөзден-ақ жеңілгенмін, қойдым енді! Бұл жалынышына көпшілік бір күліп алып, ол туралы сөз түгіл әзіл-қалжың әңгімені де саябырлатып еді. Қонақтар кешіргендей көрінгенімен көңілсіздік пайда болғанын қонақ иесі Асылқан байқап, тағы да көсемси бастаған Құлжанға қарағыштап қойып отырды. Өзінің ешқандай адам көңілін сындырғысы келмейтін көнімпаз мінезімен шыдайын деседе жайы болмай отырғанын байқадым. Құлжан қақ төрде нықырайып, мен жауапсыз-қақас қалдырған саяси сұрауларын бір жағындағы Ынтықбайға қоя шықылықтаған сайын Асылқанның кең жауырыны бүлік ете түсетінін, аяқ жақтағы Нұралы қуда байқап отырыпты: – Асеке, жауырыңызға сауысқан қонғаннан сау ма?– деп монтаны үнмен күңгүр ете түсті. – Одан да қиынырақ! – Күрсіне жымиған Асылқан, шердие теңселіп ауыз үйге шығып кетті. «Кемпіріне» шағым айтқалы шыққанын сезіп күлістік. Кешікпей Асылқан арақ бөтелкелерін көтере кірді де Қаныш «кемпір», тасылып жатқан қуырдақ тәрелкелерін столдарға бөліп орналастыру үшін кірді. Әйелдер жақтың дастарқанын жайғастыра сала біздің алдымызға келіп, ортамыздағы Құлжанға дүрсе қоя берді. Арықша ғана ақсұр Қаныш, шығыңқы үлкен көзін бізге күлімсірете келіп тасырайтты оған: – Ей, шақырып келтірген сыйлы қонағым сенбе едің, бері шық былай!... Ынтықбай, жайланып жоғарырақ отыршы! Көпшілік алдында өзін қара жерге қағып жіберген мына күрзіні Құлжан аэропланға айналдырып міне ұшқандай көтеріле күлді. – Япыр-ау, рас!... Ха-ха-һа-һа... Байқамай араларына жалпиып отырып алыппын ғой! – Байқамай емес, «жақсы ат өршіл, жаман адам төршіл», қай үйде де кәсібің осы! Қаныш өз ісімен жүріп кетті де Құлжан біздің қарсымыздағы төменгі орындыққа шалқалай шіреніп алып құрды кісілігін: – Осы жеңешем, үйреністі көнекөз болғандығынан ба екен, басқа жеңгелерімнің бәрінен жақын көрінеді көзіме. Қайындарына өзімсініп осылай зейіл тиісетіні қандай жарасымды!... Үрімжінің осы жоғарғы жарымы бір ғана коммуна болып коллективтескенде көремін әлі бұл кісіден, ха-ха-ха-һа-һа...а... қолыма түскен қалам ақымды коммунанікі деп қағып алып, қылар-ау әлі қылапатты!... Жә осы «зор секіріп ілгерілеу» ісі бұрын істеліп көрілмеген науқан ғой, Биға, қандай формамен жүргізілер екен? Құлжанның сөзін де, бұл сұрауын да тыңдамағансып, Ынтықбаймен сөйлесіп отыр едім. Есқали қысқаша жауаппен тойтара салмақ болды оны: – Секіріп ілгерілеуші тың науқан деп кім айтты саған, азаттықтың екінші жылынан бастап-ақ жүргізіліп келе жатпай ма! – Мәселен?– бір қолын мықынына тірей сұрады Құлжан бұл сұрауын. Мықырдың саяси шалмасына тағы да оқыс ілініп қалғанын енді сезген Есқали опық жегендей, тұқырып алып қуырдаққа бас қойып еді, бұл сұрауды бүлк еткізіп Мақұлбек қайталады: – Мәселен.. қай-қай әрекеттерде? – Мәселен, жаңа демократизм өтпелі дәуір аталғанымен үш үлкен жауды жоя отырып, орнына мығым халық шаруашылығын құратын, мешеуліктен құтылып, әл-ауқатты көтеретін, машақаты көп те ең қажетті дәуір ғой. Осы тарихи зор міндетті жартылай феодал, жартылай отар болып келген елімізде бес-алты жылда ғана орындап шығу, оңай секіру ме! – Осыны секіріп ілгерілеу деп кім айтты саған? – Құлжан тергеу сұрауын Есқалиға тағы да қойып қалғанда қонақтарына Асылқан ішімдіктің бастама сөзін сөйлеуге дайындалып, рюмкасын көтере түрегеліп еді. – Құлжан сен... қоясың ба, жоқ па?– деп жіберді. – Бұл отырысымыз саяси кеңестің жиыны емес. Егер ... қысып отыра алмайтын болсаң, шығып кет! Өзіне бұл тектес ең зор зобалаңның тағы да төне қалғанын білген Құлжан қыса қойды да Асылқан қонақас сөзін сөйлеп болған соң, пияла ыдыстар шықылдасып, сықылдасып сүзісе жөнелді. Қонақ құрсақтарына құтырық суы құйылысымен Құлжанның әлгі сұрауы басқа бір ауыздан қайталанып шыға келді. – Расында да осы дәуірде секіріп ілгерілеу болды ма? – Секіріп ілгерілеу болмағанда өгіз аяң ба еді!– деп Тоқбай күле жауап қатты. – Осы бес-алты ғана жылда істелген істі, басқан жолымызды ойлап көрші өзің, ғасырлық жол емес пе!
|
|||
|